Әлем
Мемлекет басшысының қатысуымен Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиумның ашылуы өтті 21.05.2026
19 мамыр күні, Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумның ашылу рәсімі өтті.19-20 мамыр аралығында ЮНЕСКО қамқорлығымен өтіп жатқан ауқымды халықаралық форум Жошы ұлысының тарихи мұрасын және оның Орталық Еуразия кеңістігіндегі өркениеттік үдерістердің қалыптасуындағы рөлін жан-жақты зерделеу мақсатында отандық және шетелдік жетекші ғалымдарды, сарапшылар мен халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдерін бір алаңға біріктірді.Симпозиумның мақсаты – Қазақстан Республикасын Алтын Орда мұрасын зерттейтін жетекші халықаралық орталық ретінде таныту, сондай-ақ Жошы ұлысының саяси, экономикалық, мәдени және рухани мұрасын кешенді пәнаралық талдау арқылы Орталық Еуразия өркениеттерін зерттеу саласындағы елдің ғылыми әлеуетін көрсету және оның Еуразиядағы қазіргі интеграциялық үдерістер үшін маңызын айқындау.Симпозиум аясында Алтын Орданың дала өркениетінің моделі ретіндегі мұрасына арналған тақырыптық көрме де ұйымдастырылды. Экспозицияға археологиялық, жазба және мәдени жәдігерлер қойылған.Көрменің құрылымы бірнеше негізгі тақырыптық бөлімдерді қамтиды: мемлекет және билік, дала сәні мен киім үлгілері, әскери іс, дала және қала өркениеттерінің өзара ықпалдастығы, мәдениет, ғылым және өнер. Ерекше назар 70 археологиялық және сәулет ескерткішін қамтитын интерактивті картаға аударылған. Оның ішінде 17 нысанға кеңейтілген сипаттама, әуеден түсірілген фотосуреттер мен 3D-визуализация ұсынылған.Көрменің негізгі жәдігерлерінің бірі – дәуір билеушілері мен тарихи тұлғалары туралы генеалогиялық мәліметтерді қамтитын «Хандар шежіресі» қолжазбасы. Сонымен қатар Каталон атласы, хандардың генеалогиясы, теңгелер, жазба деректер және тұрмыстық бұйымдар қойылған. Жазба мұралар қатарында 3 жарлық, 4 дипломатиялық хат және 21 қолжазба бар. Олар түпнұсқа, факсимильді көшірме және электронды нұсқаларда ұсынылған.Экспозиция Қазақстан аумағындағы маңызды археологиялық ескерткіштердің материалдары негізінде жасақталған. Олардың қатарында көне Сарайшық, Сығанақ, Баршынкент қалалары және тарихи маңызы зор өзге де нысандар бар. Көрменің мақсаты – Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау және оны зерттеуге деген ғылыми қызығушылықты арттыру.Пленарлық отырысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жүргізді. Ашылу рәсіміне ЮНЕСКО хатшылығының өкілдері, ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің дипломатиялық миссияларының өкілдері, сондай-ақ Ресей, Қытай, Түркия, Иран, Моңғолия, Украина, Мажарстан, Болгария, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция және басқа да мемлекеттердің өкілдері қатысты.Форумға әлемнің 20-дан астам елінен келген 120 шетелдік зерттеушіні қоса алғанда 300-ден астам ғалым мен сарапшы қатысты. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Саясат Нұрбек Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиумның тарихи ғылымды дамыту мен тарихи өткенді жаңаша пайымдауда стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.«Бүгін біз тек өткенді ғана емес, сонымен қатар мемлекеттілік, бірегейлік және Қазақстанның Еуразия тарихындағы орнын түсінудің негіздерін талқылап отырмыз. Тарихты қазіргі заман тұрғысынан қайта зерделеу жағдайында Алтын Орда Ұлы даланың саяси және мәдени дәстүрінің қалыптасуындағы маңызды кезең ретінде айрықша мәнге ие», - деді министр.Оның айтуынша, Алтын Орда Шығыс пен Батыс арасындағы өзара ықпалдастықты, идеялар, технологиялар мен мәдени тәжірибелер алмасуын қамтамасыз еткен еуразиялық интеграцияның бірегей үлгісі болды. Ал оның тарихы көшпелі және отырықшы өркениеттер синтезінің көрінісі саналады.«Қазақстан үшін Алтын Орданы зерттеу тек академиялық міндет емес. Бұл – тарихи сабақтастық мәселесі. Қазақстан өзін Жошы ұлысының мұрагерлерінің бірі ретінде санайды. Дәл осы кеңістікте кейін Қазақ хандығында жалғасын тапқан мемлекеттілік пен этногенездің негіздері қалыптасты», - деді Саясат Нұрбек.Симпозиумда сондай-ақ ЮНЕСКО-ның мәдениет жөніндегі Бас директоры орынбасарының міндетін атқарушы, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының директоры Элунду Лазар, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, Татарстан Республикасының мәдениет министрі Ирада Аюпова, «La France s’engage» қорының президенті Одрэ Азуле, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Содносамбуу Дэмбэрэл, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының президенті Шавкат Аюпов, сондай-ақ Татарстан Республикасы Ғылым академиясы Ш. Маржани атындағы Тарих институтының М.А. Усманов атындағы Алтын Орда және татар хандықтарын зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалиев құттықтау сөз сөйледі.Симпозиум барысында Алтын Орданың этносаяси тарихы, оның мұрасының қазіргі заманғы маңызы, болашақ зерттеу бағыттары, материалдық және рухани мәдени мұра, жазба және ауызша дереккөздер, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениеттік ықпалдастық мәселелеріне ерекше назар аударылады.Форум аясында Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын пәнаралық зерттеуге, археологиялық жаңалықтарға, тарихи жады мен бірегейлікті қалыптастыру мәселелеріне арналған мамандандырылған ғылыми секциялар өтеді.Халықаралық форумның маңызды қорытындыларының бірі – халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, зерттеу бастамаларын біріктіруге және түрлі елдердің ғылыми орталықтары мен сарапшылық қауымдастықтары арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған Алтын Орда мұрасы жөніндегі Астана декларациясының қабылдануы болды.Симпозиумның мәдени бағдарламасы Ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасының байлығын және Еуразия кеңістігіндегі рухани дәстүрлер сабақтастығын танытатын «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасын қамтиды.Қазақстанда халықаралық симпозиумның өтуі елдің Орталық Азия тарихы мен мұрасын зерттейтін жетекші орталықтардың бірі ретіндегі халықаралық беделін одан әрі нығайтуға, ғылыми диалогты кеңейтуге және еуразиялық өркениеттің қалыптасуында маңызды рөл атқарған тарихи үдерістерді объективті зерделеуге ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tbilisi/press/news/details/1225619?lang=ru
Вильнюсте ІІІ халықаралық балалар тоғызқұмалақ турнирі өтті 21.05.2026
Вильнюс, 2026 жылғы 19–20 мамыр – Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Елшілігінің, Литва және Латвия тоғызқұмалақ федерацияларының, сондай-ақ Вильнюстегі «Сантарос» гимназиясының қолдауымен Литва астанасында ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген дәстүрлі қазақтың зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақтан шеберлік сабағы мен ІІІ халықаралық балалар турнирі өтті.19 мамыр күні «Сантарос» гимназиясында латвиялық оқушылар шеберлік сабағын өткізіп, оның барысында литвалық оқушылар ойынның негізгі қағидаларымен және ерекшеліктерімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Негізгі турнир 20 мамыр күні Қазақстан Республикасының Литвадағы Елшілігінде өтті.Турнир 2024 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және қазақ халқының ұлттық зияткерлік мұрасын насихаттауға, мәдениетаралық диалогты дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Балтық елдері арасындағы білім беру және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған.Жарысқа Литва мен Латвиядан 30 астам оқушы қатысып, жоғары дайындық деңгейін, стратегиялық ойлау қабілетін және қазақ мәдениетіне деген қызығушылығын көрсетті.Турнир жеңімпаздары мен қатысушылары Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясының дипломдарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.Еуропалық кеңістікте тоғызқұмалаққа деген қызығушылықтың жыл сайын артуы Қазақстан, Литва және Латвия арасындағы мәдени-гуманитарлық және жастар ынтымақтастығының айрықша белгісіне айналуда.Елшілік Латвия тоғызқұмалақ федерациясының президенті Л. Азимоваға, Литва тоғызқұмалақ федерациясының президенті А. Жандариске, сондай-ақ «Сантарос» гимназиясының әкімшілігіне турнирді ұйымдастыруға және қазақтың зияткерлік ойынын Балтық елдерінде насихаттауға қосқан тұрақты үлесі үшін алғысын білдіреді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vilnius/press/news/details/1224801?lang=ru
Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: Нұрлыбек Нәлібаев Алматы облысындағы өндірістік, көлік-логистикалық, энергетикалық және инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты 21.05.2026
Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі бірқатар өндірістік, көлік-логистикалық, энергетикалық және инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Оған облыс басшылығы, сондай-ақ нысандарға жауапты салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.Нұрлыбек Нәлібаев алдымен PepsiCo Central Asia зауытында, «Алтын таға» ӨК» ЖШС‑нің өндіріс орнында, «Қайрат» индустриалды аймағында, «Almaty Insulation» ЖШС-да болды.PepsiCo Central Asia-ның Орталық Азиядағы жеңіл тағамдар (снектер) шығаратын ең ірі зауытының жобасы екі кезең бойынша жүзеге асырылуда. 2024 жылы құрылысы басталған нысанның алғашқы кезеңі биыл пайдалануға беріліп, 14-16 мың тонна өнім шығарады деп күтілуде. Ал 2-ші кезең – толық қуатында 2026-2030 жылдары іске қосылады. Сол кездерде жылына 70 мың тоннаға жуық дайын өнім шығару үшін 210 мың тонна жергілікті картоп өңделетін болады. Агробағдарламаға Алматы, Жетісу, Павлодар, Ақмола және Қарағанды облыстарының шаруашылықтары тартылған. Инвестицияның жалпы көлемі – $370 млн. Жоба аясында 900 тұрақты жұмыс орны, ал қосалқы салаларда 1 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ.ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасарына ұзындығы 1,6 шақырым болатын қосалқы жолдың құрылысы, «Gate-City» автоматтандырылған газ тарату стансасының техникалық жағдайы, «Көкпа 110 кВ» стансасының резервтік желісін қалпына келтіруге қатысты мәлімет берілді.«PepsiCo Central Asia экономиканы әртараптандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағыты бойынша маңызды орын алады. Оны уақтылы іске қосу үшін тиісті қолдау көрсетуге әзірміз»,- деді Нұрлыбек Нәлібаев.«Алтын Таға» өндірістік компаниясы» ЖШС темірбетон, металл бұйымдары, сэндвич-панелдер тағы да басқа құрылыс және өнеркәсіп материалдарын шығарады, сондай-ақ машинақұрастыру бағытын да дамытуда. Жалпы инвестиция көлемі 34 млрд теңге болса, оның бүгінде 13,5 млрд-ды игерілген. Жоба аясында 13 өндірістік нысанның құрылысы көзделген, оның ішінде жалпы ауданы 20 мың шаршы метр болатын 6 нысан пайдалануға берілді. Жобаларды аяқтау 2027-ші жылға белгіленіп отыр.Сапар барысында инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, машина жасау өнімдерін лицензиялау және сертификаттау, өнімді Отандық өндіріс тауарлары тізбесіне енгізу, қайта қаржыландыру мәселелері де айтылды.Бүгінгі таңда Алматы облысында жалпы ауданы 8 904,77 гектар болатын 21 индустриялық аймақ құрылған, олардың жиынтық инвестициялық портфелі – шамамен 1 трлн теңге. Қолданыстағы индустриялық аймақтарда 41 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Негізгі инвестициялық портфель «Қазбек бек», «Қайрат», «Шелек» және «Береке» индустриялық аймақтарында шоғырланған. Солардың бірі – «Қайрат» индустриялық аймағына барған Нұрлыбек Нәлібаевқа өнеркәсіптік аумақтардың дамуы туралы мәлімет берілді. «Алматы облысының индустриялық аймақтарын басқару компаниясы» ЖШС бас директоры Ербол Шоқаевтың хабарлауынша, электр және газбен қамтамасыз ету мәселелері әлі де толық шешімін таппай отыр. Одан бөлек электрмен уақытша қамту, теміржол инфрақұрылымын, жер телімдерін пайдалану, газ тапшылығы сияқты мәселелер бар.«Мемлекет басшысы Алматы облысындағы 5 өңірлік индустриялық аймақтың инфрақұрылымын қаржыландыру, оның ішінде ұлттық даму институттары арқылы қаражат бөлу мәселесін пысықтауды тапсырған болатын. Бұл жұмыс Үкіметтің тікелей бақылауында. Өңір әкімдігі Энергетика министрлігімен бірге елді мекендер мен индустриялық аймақтарды газдандырудың жаңартылған схемасын әзірлеп, қосымша электр қуатымен қамтамасыз ету жолдарын қарауға тиіс»,- деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Қайрат» индустриялық аймағына да барып, құрылыс материалдарын шығаратын «Аlmaty Insulation» ЖШС-нің өндірістік алаңын аралап көрді. Компания өнімдері ішкі нарықпен қатар, экспортқа да шығарылады. Мұнда салынған инвестициялардың жалпы көлемі – 59,8 млрд теңге, сонымен қатар 240 тұрақты жұмыс орны құрылған. Жылдық өндіріс қуаты: 1,26 млн текше метр дайын өнім, оның ішінде тас мақта – 1 млн, экструзиялық полистирол – 0,26 млн текше метр. Кез келген құрылысқа арналған жылу оқшаулағыш материалдарын шығаратын кәсіпорын 2024 жылы энергия үнемдейтін жылу оқшаулағыш материалдар өндіру жобасын сәтті жүзеге асырды.Бірінші вице-премьер құрылыс компаниялары отандық тауар өндірушілерден өнімдерді басымдықпен сатып алуы қажет екенін атап өтті.Мемлекет басшысының Алматы облысының жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында Нұрлыбек Нәлібаев «Алматы-Талғар», «Алматы-Бішкек» автожолының учаскесін кеңейту, «Кеген» автомобиль өткізу пунктін жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен және Үлкен Алматы айналма жолының мүмкіндіктерімен танысты.«Алматы-Талғар» автомобиль жолының 13-21 шақырым учаскесін кеңейту бойынша жұмыс жобасы аясында жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны — 17,2 млрд теңге. Оның аясында жолды 4 жолаққа дейін кеңейту, бүкіл учаске бойына жарықтандыру жүйесін орнату, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салу, сондай-ақ жаяу өткелдерде заманауи бағдаршамдар орнату көзделген. Жобаны жүзеге асыру күре жолдың өткізу қабілетін арттыруға, көлік кептелістерін азайтуға, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.«Кеген» автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жобасы бүкіл еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. Жобаны жүзеге асыру шекара маңындағы аумақтың транзиттік және логистикалық әлеуетін арттыруға, туризмді, сыртқы сауданы және көршілес мемлекеттермен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін береді.«Алматы–Бішкек» автомобиль жолының 19-27 шақырым учаскесін кеңейту жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген және биыл 9 сәуірде мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Жоба аясында күре жол 4-тен 8 жолаққа дейін кеңейтіліп, екі көлік айрығы, тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі, көшені жарықтандыру құрылғылары және жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салынады. Нәтижесінде көлік дәлізінің өткізу қабілетін арттыру, көлік жүктемесін азайту, қала маңындағы елді мекендердің Алматымен көлік байланысын жақсарту, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру қамтамасыз етіледі.Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына барды. ҮАААЖ мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында елімізде жүзеге асырылған ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі әрі елдің көлік-логистикалық әлеуетінде елеулі орын алады. Жобаның толық іске қосылуы Алматы қаласындағы көлік жүктемесін едәуір төмендетуге, транзиттік ағындарды мегаполис аумағынан шығаруға, халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыруға, сондай-ақ жүк тасымалы уақытын қысқартуға ықпал етеді.ҮАААЖ Алматы облысының Қарасай, Талғар және Іле аудандарының аумағы арқылы өтеді. Көлік құралдарының орташа тәуліктік қозғалыс қарқындылығы шамамен – 85 000 автокөлік. Автомобиль жолының жалпы ұзындығы – 66 шақырым, оның ішінде 6 жолақты бөлігі – 51,5 шақырым, 4 жолақты бөлігі – 14,5 шақырым.ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Алматы облысында жылу инфрақұрылымы, газбен қамту, Қонаев және Алатау қалаларын дамыту жобаларымен де танысты. Қонаев қаласындағы «Жылу орталығы» коммуналдық кәсіпорнында оған ЖЭО-ның өндірістік қуаты, жылу желілерінің жай-күйі және Қонаев қаласын тұрақты жылумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Сонымен қатар Алматы облысы әкімінің орынбасары Әсет Масабаев өңірдің алдағы жылыту маусымына дайындығы, Алматы агломерациясындағы елді мекендерді газбен қамту, жүзеге асырылған жобалар мен газ инфрақұрылымын кеңейту жоспарлары туралы айтты.Алматы агломерациясы құрамына Қарасай, Іле, Талғар, Жамбыл, Еңбекшіқазақ аудандары, сондай-ақ Қонаев және Алатау қалаларын қоса алғанда 188 елді мекен кіреді. 2022–2025 жылдары 22 елді мекен газбен қамтамасыз етілді. 2026 жылы тағы 9 елді мекенді газбен қамту жоспарланып отыр.Сондай-ақ Қонаев қаласының жылу инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қаладағы орталық қазандық облыс орталығын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Қазандықтың жобалық қуаты сағатына 192 Гкал болса, қолданыстағы қуаты – 178 Гкал. Қаладағы жылу желілерінің ұзындығы 61 шақырымды құрайды, тозу деңгейі – шамамен 45%.Сонымен қатар кәсіпорын қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту, жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін арнайы техника сатып алу және жылу желілерін күрделі жөндеу мәселелері қаралды.Бұл орайда, Үкімет алдағы жылу беру маусымына дайындық барысын, сондай-ақ халықты жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етуді ерекше бақылауда ұстап отырғаны баса айтылды.Қонаев және Алатау қалаларын дамытудың перспективалық жобалары таныстырылды.Қонаев қаласын 2027 жылға дейін дамытудың кешенді жоспары аясында инженерлік, коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған 187 іс-шара жүзеге асырылуда. Қалада «Арна» қосалқы стансасы, жаңа кәріздік тазарту және инженерлік желілердің құрылысы жүргізілуде. Кейінгі жылдары қала экономикасына 397,6 млрд теңге инвестиция тартылды.Алатау қаласы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан стратегиялық жоба ретінде айқындалған. Қала заманауи Smart City қағидаттары және инновациялық технологиялар негізінде дамып келеді. 2024 жылы Алатау қаласының 2050 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. Бүгінде арнайы экономикалық аймақта жалпы құны 242 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен өңір әкімдігіне инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы жүзеге асыру, халықты тұрақты коммуналдық қызметтермен қамту және қысқы маусымға сапалы дайындықты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді. primeminister.kz Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1224804?lang=ru
Қазақстандағы конституциялық реформалар Италия Парламенті Сенатында талқыланды 21.05.2026
Рим, 2026 жылғы 20 мамыр – Елші Ерболат Сембаевтың Италия Парламенті Сенатының депутаты, «Алға, Италия» партиясының мүшесі Антонио Тревизимен кездесуі өтті. Оның барысында Қазақстан мен Италия қатынастарының қазіргі жай-күйі, сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық және парламентаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Елші Е.Сембаев Сенатор А.Тревизиді Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалармен таныстырып, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жөнінде өткен референдумның нәтижелері туралы айтып берді. Сонымен бірге, осы жылғы маусым айының басында Италия Парламентінде жоспарланған Қазақстандағы конституциялық реформаларға арналған ауқымды іс-шараның жай-күйі талқыланды.Келіссөздер барысында Елші А.Тревизиді Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар, инвестициялық ахуалды жақсарту шаралары және инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде хабардар етті. Өнеркәсіптік ынтымақтастық, өндірісті оқшаулау, жабдық жеткізу және екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы байланыстарды кеңейту мәселелеріне де ерекше назар аударылды.Өз кезегінде Италия Парламенті Сенатының депутаты А.Тревизи Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға оң баға беріп, екіжақты қатынастарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-roma/press/news/details/1224840?lang=ru
Брюссельдегі кездесуде аса маңызды шикізат материалдары саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайындық расталды 21.05.2026
Брюссель, 2026 жылғы 20 мамыр – ЕО-ның Шикізат материалдары жөніндегі саммиті аясында бүгін Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақ жанындағы Елшісі Роман Василенко Еуропалық Комиссияның Ішкі нарық, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және шағын және орта бизнес жөніндегі Бас директорының орынбасары Валер Мутарльемен кездесу өткізді.Тараптар 2022 жылғы тиісті меморандум аясында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы аса маңызды шикізат материалдары, өнеркәсіптік кооперация және орнықты жеткізу тізбектері салаларындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету перспективаларын талқылады. В. Мутарлье Еуропалық Одақ үшін минералдық ресурстар саласында зор әлеуетке ие Қазақстанмен сенімді, әрі сындарлы әріптес ретінде ынтымақтастықты дамыту маңызды екенін атап өтті. Тараптар өзара құрмет пен сенімге негізделген Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы өзара тиімді іскерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ортақ мүдделілігін растады.Тараптар бірлескен бастамаларды практикалық тұрғыдан жедел іске асырудың, өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдірудің, сондай-ақ жеке сектордың қатысуы мен инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта түрлі деңгейлерде өтетін бірлескен іс-шараларға дайындық мәселелері талқыланды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өнеркәсіптік әріптестікті кеңейтуге, жоғары қосылған құны бар жобаларды дамытуға және «Global Gateway» бастамасы аясындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жұмыс байланыстары мен бірлескен күш-жігерді жалғастыруға уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1224847?lang=ru
Қазақстан мен БАӘ авиация мен инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда 21.05.2026
Абу Даби, 2026 жылғы 20 мамыр – Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Рауан Жұмабек «Emirates Group» компаниясының төрағасы және бас атқарушы директоры, Дубай азаматтық авиация басқармасының президенті, «Dubai Holding» және «Dubai Airports» төрағасы шейх Ахмед бен Саид Әл Мактуммен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен БАӘ арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы және оны одан әрі дамыту әлеуетін, атап айтқанда авиация, көлік, логистика, туризм, инвестиция және инфрақұрылымды дамыту салаларындағы өзара іс-қимылды талқылады. Екіжақты қарым-қатынастар стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейіне жетіп, белсенді саяси диалог пен биік деңгейдегі тұрақты байланыстардың нәтижесінде қарқынды дамуда екені айтылды. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында бірлескен жұмысты жалғастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Қазақ дипломаты шейх Ахмед бен Саидтың Дубайды әлемдегі ірі авиациялық, көлік және іскерлік хабтардың біріне айналдырудағы елеулі үлесіне тоқталды. Бұл тұрғыда, оның басшылығым «Emirates Group» жаһандық авиация саласындағы жетекші компаниялардың біріне, ал Дубай халықаралық әуежайы әлемдегі ең ірі авиациялық торап мәртебесіне айналғанына мән берді.Сонымен қатар, тараптар қазақстандық және әмірлік компаниялар арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту мен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты.Кездесудің соңында тараптар конструктивті диалогты жалғастыруға және Қазақстан мен БАӘ арасындағы өзара тиімді әріптестікті дамытуға өзара мүдделі екендерін растады.Анықтама: Emirates Group – әлемдегі ең ірі авиациялық топтардың бірі және штаб-пәтері Дубай қаласында орналасқан БАӘ-нің негізгі әуе тасымалдаушысы. Топ құрамына «Emirates Airline» әуе компаниясы кіреді. Компания 140-тан астам бағыт бойынша рейстер орындайды және Дубайдың жаһандық авиациялық әрі логистикалық хаб ретінде дамуына маңызды үлес қосады. Дубай халықаралық әуежайы (DXB) 2025 жылдың қорытындысы бойынша халықаралық жолаушылар тасымалы көлемі жөнінен әлемдегі ең жүктемесі жоғары әуежай мәртебесін сақтап, рекордтық 95,2 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Dubai Holding – Дубай әмірлігіндегі ең ірі инвестициялық және әртараптандырылған мемлекеттік холдингтердің бірі болып табылады. Оның құрамына жылжымайтын мүлік, туризм, қонақүй бизнесі, телекоммуникациялар, қаржы, технологиялар, логистика және басқа да салалардағы компаниялар мен жобалардың кең портфелі кіреді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-abudhabi/press/news/details/1224851?lang=ru
Ұлы даладан «Kazakh-boo»-ға дейін: Брюссельде Еуропаның Қазақстанға деген қызығушылығы талқыланды 21.05.2026
Брюссель, 2026 жылғы 20 мамыр — Еуропа астанасының қақ ортасында тігілген қазақтың дәстүрлі киіз үйі бір кешке заманауи Қазақстан туралы сыр шертілетін ерекше мәдени алаңға айналды. Мұнда «Стереотипсіз Жібек жолы: Қазақстанға саяхаттың шынайы әсерлері» атты Shanyraq Dialogues пікірталас алаңының екінші кездесуі өтті.Бельгиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі ұйымдастырған іс-шараға Еуропалық одақ институттарының өкілдері, еуропалық БАҚ, туристік индустрия мамандары, блогерлер, мәдениет қайраткерлері және Қазақстан достары қатысты.Кездесуді ашқан Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко бүгінде Қазақстанның Еуропа мен Азияны жалғайтын маңызды көпір ғана емес, сонымен қатар жаңа әсер іздейтін саяхатшылар үшін тартымды бағытқа айналып келе жатқанын атап өтті.«Еуропа Қазақстанды бүгінде тек заманауи мемлекет әрі Шығыс пен Батысты жалғайтын маңызды көпір ретінде ғана емес, Еуразия тарихында айрықша рөл атқарған Алтын Орда өркениетінің мұрагері ретінде де танып келеді. Кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен халықаралық симпозиумдағы сөзінде осы тарихи сабақтастыққа ерекше тоқталды».Кештің модераторы — Travel Tomorrow басылымының негізін қалаушы әрі бас редакторы, сондай-ақ The Press Club Brussels Europe ұйымының президенті Антонио Бускардини болды.Оның айтуынша, жаппай туризм дәуірінен кейін адамдар табиғилық пен шынайы әсер сыйлайтын бағыттарды көбірек іздей бастаған. Қазақстан Еуропаның цифрлық кеңістігінде саяхат видеолары, ұлттық тағамдар, музыка және көшпелі мәдениет эстетикасы арқылы жиі көрініс тауып жүр. Әсіресе еуропалық жастар арасында бұл қызығушылықты әзілмен «Kazakh-boo» деп атап кеткендер де бар.Кештің негізгі спикерлері қатарында Қазақстанды өз көзімен көріп, ел туралы медиа жобалар жасаған саяхатшылар мен журналистер болды.Porschist журналының бас редакторы Свен Гуайо Қазақстанның әртүрлі өңірлеріне жасаған сапарлары жайында айтып, елге арналған арнайы журналын таныстырды. Оның баяндамасы дала, тау бағыттары мен заманауи қалалар бейнеленген видеокадрлармен сүйемелденді.Көпшіліктің ерекше қызығушылығын бельгиялық саяхатшы Клод Бруирдің Қазақстанды велосипедпен кесіп өткені туралы әңгімесі тудырды. Ол елдің ауқымына, адамдардың ашықтығына және Қазақстанда адами қарым-қатынастың оңай орнайтынына таңғалғанын айтты.«Мені ең қатты әсерлендіргені — адамдардың қонақжайлығы. Жолда бейтаныс жандар жиі шайға шақырып, көмектесіп немесе жай ғана әңгімелескісі келіп тұрды. Еуропада мұндайды сирек кездестіресің», — деді ол.Қазақстанда түсірілген әйгілі Pékin Express тележобасының түсірілім барысы туралы продюсер Инга Чумакова да қызықты естеліктерімен бөлісті. Франкофондық аудиторияға кеңінен танымал бұл жобаның түсірілім тобы үшін Қазақстанның заманауи қалалары, табиғи көріністері мен адамдардың жылылығы үлкен жаңалық болған.Пікірталас барысында қатысушылар Астанада өткен Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиумды да атап өтіп, Ұлы дала тарихына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айтты. Бұл тарих Қазақстанның мәдени болмысы мен тарихи жадының ажырамас бөлігі ретінде бағаланды.Кездесуге қатысушылар мұндай бастамалар Қазақстан туралы Еуропадағы түсінікті кеңейтіп, елді заманауи туристік, мәдени және зияткерлік бағыт ретінде танытуға ықпал ететінін ерекше атап өтті.Shanyraq Dialogues — Қазақстан мен Еуропа арасындағы өзара түсіністік пен серіктестікті нығайтуға арналған пікірталас алаңы. Мұнда саяси, экономикалық, мәдени және қоғамдық бағыттардағы өзекті үрдістер мен ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланып, тараптар арасында ашық әрі мазмұнды диалог қалыптасуына жағдай жасалады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1224852?lang=ru
Қазақстанның Қытайға агроөнім экспорты 82,4%-ға артты 21.05.2026
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Қытай Халық Республикасының Азық-түлік және стратегиялық резервтер жөніндегі мемлекеттік басқармасының (NAFRA) басшысы Лю Хуаньсиньмен кездесті.Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын кеңейту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мәселелерін талқылады.Ермек Кенжеханұлы Қытай Қазақстанның аграрлық саладағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.Өткен жылы екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 36,8%-ға өсіп, 1,97 млрд АҚШ долларын құрады. Ал биылғы жылдың қаңтар–наурыз айларында бұл көрсеткіш 61,7%-ға артып, 697 млн долларға жетті.Былтыр Қытайға экспортталған агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің көлемі 35,3%-ға өсіп, 1,43 млрд АҚШ доллары болды. Негізінен мал азығы, өсімдік майлары, зығыр және күнбағыс тұқымдары, рапс майы экспортталды. Ағымдағы жылдың алғашқы үш айында экспорт көлемі 82,4%-ға артып, 550 млн долларды құрап отыр.Қазіргі уақытта екі ел арасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің 34 түрін экспорттауға қатысты хаттамаларға қол қойылған. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімдерінің 21 түрі және мал шаруашылығы өнімдерінің 13 түрі бар. Қытайға өнім тасымалдауға рұқсат етілген тізілімге 3601 кәсіпорын енгізілген.Өз кезегінде Лю Хуаньсинь екі ел арасындағы аграрлық ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін айтып, Қытай тарапы сапалы өнімдерді тұрақты жеткізуге қызығушылығы зор екенін жеткізді.«Қазақстан Қытай үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізудің тұрақты тізбектерін дамытуда маңызды серіктес саналады. Біз астық саудасы, логистика және қайта өңдеу салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сауданы кеңейтуге және бірлескен жобаларды қолдауға дайынбыз», — деді NAFRA басшысы.Кездесу барысында астық пен майлы дақылдарды ұзақ мерзімді келісімшарттар арқылы жеткізу мүмкіндіктеріне, логистикалық хабтар мен «құрғақ порттарды» құруға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу технологияларымен алмасуға ерекше назар аударылды.Келіссөздер кезінде астық саудасындағы цифрлық құралдарды дамытуға айрықша назар аударылды. Қазақстан тарапы Қытайдың астық саудасына арналған цифрлық платформаны енгізу тәжірибесін зерделеуге ынталылық танытты.Кездесу соңында бірлескен қазақ-қытай астық сауда платформасын құру туралы келісімге қол жеткізілді. Жоба «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Қытай мен Орталық Азия елдерінің іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.Бұл алаң Қытай тарапының қолданыстағы Ұлттық интернет-астық сауда платформасы негізінде құрылып, екі елдің бизнес өкілдеріне бәсекелі сауда-саттық пен тікелей келіссөздер арқылы мәмілелер жасауға мүмкіндік береді.Негізгі өнім түрі соя мен басқа да майлы және май өндіруге арналған дақылдарға бағытталады.Сонымен қатар, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен NAFRA арасында өзара түсіністік туралы меморандумға, сондай-ақ «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамы мен NAFRA жанындағы Астық саудасын үйлестіру орталығы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1224873?lang=ru
ТЖШ есептеудің жаңа әдістемесі болашақ жинақтаушы зейнетақының лайықты мөлшерін қамтамасыз етуге бағытталған 21.05.2026
ТЖШ есептеудің жаңа әдістемесі болашақ жинақтаушы зейнетақының лайықты мөлшерін қамтамасыз етуге бағытталған Қоғамның белсенді қызығушылығына және көптеген сауалдардың туындауына байланысты ең төменгі жеткіліктілік шектерін (ТЖШ) есептеу әдістемесіндегі жоспарланған өзгерістерді түсіндіреміз.ТЖШ есептеу әдістемесін қайта қараудың мақсаты - болашақ жинақтаушы зейнетақының жеткіліктілігін қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі сомасына қойылатын талаптарды арттыру, зейнет жасындағы зейнетақы төлемдері есебінен салымшының кірісті алмастыру коэффициентін (КАК) кезең-кезеңімен (ең төменгі халықаралық стандарттарды ескере отырып) өсіру. Өзгеріс жасауға не себеп болды? Қолданыстағы Әдістемеге сәйкес ТЖШ мөлшері жыл сайын бекітілген әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді, ең төменгі жалақы мөлшері мен инвестициялық кірістілік негізінде болашақ зейнетақы жарналарының болжамды көрсеткіштерін ескере отырып жүргізілген есептеулер нәтижесінде белгіленеді.Бұл ретте қолданыстағы Әдістеменің бірқатар осал тұстары бар:• ұзақ мерзімді макроэкономикалық болжамдарға тәуелділік, осының әсерінен жыл сайын ТЖШ мөлшері құбылмалы болады;• салымшының болашақ зейнетақы жарналарын нақты төлеуіне кепілдіктердің болмауы;• болашақ зейнетақы төлемдері мөлшерінің аздығы.Қолданыстағы әдістеме бойынша, азамат зейнетақы жинақтарының ТЖШ-дан асатын бөлігін пайдаланған жағдайда міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) аударуды одан әрі қарай жалғастырады деп болжанған. Мұндай жағдайда болашақта шамамен қазіргі күнкөріс минимумы (КМ) деңгейін, яғни 50 мың теңгеге жуық төлем алуы мүмкін. Алайда іс жүзінде жарналар тұрақты аударылмауы немесе мүлде тоқтауы мүмкін. Соның себебінен бүгінгі ТЖШ болашақ зейнетақы көлемінің жеткіліктілігін қамтамасыз ете алмайды деген қауіп бар. Жарналар уақытылы аударылып, іс жүзіндегі ТЖШ мөлшерін қамтамасыз еткеннің өзінде 50 мың теңге көлеміндегі жинақтаушы зейнетақы бүгінгі медианды жалақының[1] 15%-на да жетпейді. Жаңа Әдістеме нені көздейді? Ұсынылған ТЖШ-ны анықтаудың жаңа әдістемесі азаматтарға зейнетақы төлемдерінің неғұрлым жоғары және болжамды деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа тәсілге сәйкес ТЖШ-дан жоғары жинақтарды алғаннан кейін болашақ жинақтаушы зейнетақы мөлшері медианды жалақының кемінде 40% деңгейіне жуықтайды (Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2025 жылғы IV тоқсанда оның мөлшері 339 912 теңгені құрады).Сонымен қатар, ұсынылған Әдістемеде жеткіліктілік шектері болашақ жарналарға және көптеген макроэкономикалық көрсеткіштердің жыл сайынғы болжамды өзгерістеріне байланысты болмайды. ТЖШ шамалары ұлттық статистиканы ескере отырып, БҰҰ үнемі жаңартып отыратын Қазақстан халқының демографиялық кестелерін қоса алғанда, ұзақ мерзімді факторлар негізінде айқындалатын болады. Тиісінше азаматтар болашақ зейнетақы мөлшерін болжай алады және ЭЫДҰ елдерінің нысаналы көрсеткіштеріне кезең-кезеңімен жақындайды.ТЖШ мөлшері қазіргідей салымшының жасына байланысты болады: азамат зейнеткерлік жасқа неғұрлым жақын болса, болашақ зейнетақыны қамтамасыз ету үшін ТЖШ деңгейі соғұрлым жоғары болуы керек.ТЖШ анықтау үшін болашақ зейнетақы төлемінің ағымдағы құнын есептеудің классикалық формуласы пайдаланылатын болады. Басқаша айтқанда, жаңа формула бойынша жинақтардың ең аз сомасы, яғни мақсатты мөлшерде зейнетақы алуды қамтамасыз ету үшін салымшының жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) болуы тиіс ТЖШ шамасы айқындалады. Сонымен қатар, болашақ төлемдерді есептеу инфляция мен инвестициялық кірістің әсерін ескереді, яғни болашақ төлемдердің мөлшері инфляцияны ескере отырып нақты мәнде өседі. Осылайша, ТЖШ-ны айқындаудың жаңа әдістемесі зейнетақы төлемдері есебінен салымшының кірісін алмастыру коэффициентінің жеткіліктілігін қамтамасыз ету мақсатында болашақ жинақтаушы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі сомасына қойылатын талаптарды арттырады. Бұдан басқа, мұндай әдістеме ТЖШ анықтау жүйесін зейнетақымен қамсыздандырудың халықаралық стандарттарына жақындатуға және зейнеткерлікке шыққан кезде зейнетақы жинақтарының жеткіліксіздігі қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Халықаралық стандарттар мен тәжірибе Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) 102 Конвенциясына сәйкес зейнетақымен қамсыздандырудың ең төменгі деңгейі кемінде 40% КАК болып табылады. Еуропалық Одақ елдерінде ең төменгі зейнетақы мөлшері орта есеппен ең төменгі жалақы мөлшерінің шамамен 60%-ын құрайды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) елдерінде ең төменгі жалақы мөлшері медианды жалақының шамамен 50% құрайды.Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, бірқатар елдерде зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі дағдарысқа қарсы шара ретінде экономикалық күйзелістерге және халықты қолдау қажеттілігіне байланысты ерекше жағдайларда, оның ішінде COVID-19 пандемиясы кезеңінде қатаң шектеулі мөлшерде қолданылған.Сонымен қатар, зейнетақы жинақтары, ең алдымен, егде жастағы азаматтардың табысын қамтамасыз етуге арналғанын атап өтеміз. Сондықтан зейнеткерлікке шыққанға дейін зейнетақы қаражатын үнемі пайдалану жинақтау көлемінің күрт төмендеуіне және сәйкесінше болашақ зейнетақы төлемдері мөлшерінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Ұзақ мерзімді перспективада бұл егде жастағы зейнетақы табысының жеткіліксіздігі қаупін арттырады.Осылайша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін баламалы мақсаттарға пайдалану мүмкіндігі сақталуда, алайда алу үшін қолжетімді қаражат көлемін айқындау тәсілдері азаматтарды болашақта зейнетақы төлемдерінің жеткілікті және тұрақты деңгейде қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып жетілдіріледі. Қазақстанда жаңа әдістеме бойынша ТЖШ есебі нақты жағдайларға жақындап, озық елдердің зейнетақымен қамсыздандыру тәжірибесімен сәйкестендіруге бағытталатын болады. Азаматтың зейнеткерлікке шыққан кезде жинақ көлемі жеткіліксіз болу қаупі азаяды. Жаңартылған әдістеме жинақтаудың бір бөлігі алынған жағдайда болашақ жинақтаушы зейнетақы нысаналы көрсеткіштерден төмен болмайтындай және зейнеткерлік жастағы азаматтарға тұрақты зейнетақы табысын қамтамасыз ететіндей етіп ЖЗШ-да сақтау үшін қажетті зейнетақы жинақтарының ең төменгі деңгейін айқындауға мүмкіндік береді. БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында). [1] Медианды жалақы – бұл барлық жалақыны екі тең бөлікке бөлетін көрсеткіш, қызметкерлердің 50%-ы осы мөлшерден аз, 50%-ы көп алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-mendykarin-audany-akimat/press/news/details/1231244?lang=ru
ШЫМКЕНТТЕ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА 20.05.2026
📍Шымкент қаласы аумағында интернет-алаяқтық пен киберқылмыстардың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және “Заң мен Тәртіп” қағидаты аясында профилактикалық іс-шараларды күшейту мақсатында, 2026 жылғы 18-23 мамыр аралығында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.🌳 Аталған іс-шара аясында профилактикалық кездесу Шымкент қаласындағы Дендропарк аумағында ұйымдастырылып, тұрғындарға интернет-алаяқтық, киберқылмыстар, дропперлік және жалған инвестициялық жобалардың қауіптері түсіндірілді.👮♂️ Азаматтарға:• күмәнді сілтемелерге өтпеу;• SMS-кодтарды бөгде тұлғаларға бермеу;• банк картасы деректерін жарияламау;• “оңай табыс” ұсынатын интернет хабарландыруларға сенбеу қажеттігі ескертілді.📢 Құрметті қала тұрғындары!Интернет кеңістігінде сақ болыңыздар, жеке деректеріңізді қорғап, алаяқтардың арбауына түспеңіздер!
«ЗАҢДЫ БІЛУ — ЗАМАН ТАЛАБЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ 19.05.2026
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған тағылымды кездесу өтті.Кездесуге:🔹 Шымкент қаласы Еңбекші ауданының бөлім аға прокурорыАлма Нұрмағанбетқызы Сатқанбаева🔹 Шымкент қаласы Полиция департаменті Абай АПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімінің Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майорыГульвира Төлепбергенқызы Бектемисова🔹 «Jaidarman TOP 2025» жоғары лигасының чемпионы, «Ақбұлақ» жайдарман командасының мүшесіДосан Бейбітшілұлы Әбу қатысады.Кездесу барысында заң мен тәртіп, құқықтық мәдениет, жастар тәрбиесі және қоғамдағы жауапкершілік тақырыптары кеңінен қозғалады.
ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН ӨШІРУ 19.05.2026
Әуе электр желілерінде (ВЛ) жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты электр энергиясы уақытша өшіріледі.«Федоров» КТПӨшіру мерзімі:2026 жылғы 18–22 мамырУақыты: 10:00–18:00Жеке сектор:Дощанов көшесі: 83–180, 180а, 99/1–99/11, 101а, 176/1–176/10Бородин көшесі: 24–45Шаяхметов көшесі: 24–37, 35/1–35/14Журавлева көшесі: 98–138, 123/1–123/12Летунов көшесі: 11–36РП-9Өшіру мерзімі:2026 жылғы 18–22 мамырУақыты: 09:00–18:00Нысандар:ескі шіркеу — Алтынсарин көшесі, 212дүкендер:«Партнер»«На крючке»«Промтовары»техникалық қызмет көрсету станциясы — Шипин көшесі, 56Жеке сектор:Алтынсарин көшесі: 182–228Шипин көшесі: 50–61, 61аҚасымқанов көшесі: 144–199, 152аРабочая көшесі: 61–74, 61аПролетарская көшесі: 74–84Уақытша сөндірілетін бағдаршам:Назарбаев даңғылы — Алтынсарин көшесі қиылысыТұрғындардан алдын ала қажетті шараларды қабылдап, уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұраймыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kalasy-akimat/press/news/details/1223373?lang=kk
Мектеп жанындағы жазғы тілдік лагерьдің ұйымдастырылуы туралы баспасөз хабарламасы 19.05.2026
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығының жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 1 маусымынан облыстың 340 жалпы білім беру ұйымдарында 4255 оқушыға арналған мектеп жанындағы тілдік лагерьлердің жұмысы басталады.Мақсаты – оқушылардың тілдік дағдыларын (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) дамыту, үш тілде сөздік қорын молайту, ойын еркін жеткізу қабілеттерін қалыптастыру.2155 оқушыны қамтыған 121 мектепте балаларды қазақ тілдік ортаға, 1740 баланы қамтыған 140 мектепте орыс тілді ортаға, 18 лицей мен гимназияларда 300 баланы ағылшын тілді ортаға бейімдейді.Өтетін уақыты: 2026 жылдың 01-12 маусымҚатысушылар: 2–5 сынып оқушыларыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-bilim/press/news/details/1223374?lang=kk
Мемлекет басшысы Алтын Орда мәселесін зерделеу бойынша іргелі бастамаларды қолға алуды ұсынды 19.05.2026
«Мен жақында Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық құруды ұсындым. Сонымен қатар Алтын Орда мәселесін зерделеп жүрген шетел мамандарын жұмылдырып, баспа саласына қатысты іргелі бастамаларды қолға алу қажет. Креативті индустрия және медиа бағытындағы түрлі жобалар, ең алдымен, академиялық зерттеулерге арқа сүйеуі керек. Жаһандану, жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде көшпенділік, яғни, номадизм тұжырымдамасы туралы жаңаша көзқарас қалыптастыру – өте маңызды. Бүгінде бұл ұғымның сипатын «цифрлық көшпенділердің» жасампаз рухы мен сарқылмас күш-қуатынан айқын көруге болады. Әділдік, ашықтық және мәдениеттер диалогі – Дала өркениетіне арқау болған құндылықтар. Осы мемлекеттілік дәстүрін жан-жақты зерттеу бүкіл Орталық Еуразияның ұзақ мерзімді дамуына ықпал етері сөзсіз. Қазір бұл аймақ жаңа сипаттағы қайта өрлеу, яғни, ренессанс кезеңіне қадам басты деп айтуға болады».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан Алтын Орда тарихын әлемдік жылнаманың күрделі, сан салалы кезеңі ретінде қарастырады» 19.05.2026
«Өйткені бұған атүсті қарауға болмайды. Олай болған жағдайда әлемдік тарихтағы осындай бірегей құбылысқа қатысты ұстаным өзгереді. Ал ол мемлекеттер мен халықтар арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіруі мүмкін. Өкінішке қарай, әлемдік маңызы бар ірі тарихи оқиғаларды бұрмалаған мысалдар қазір де кездеседі. Геосаяси ахуал құбылып тұрған бүгінгідей заманда соғыстардың қасіретті хронологиясына байланып қалмай, адамзат тарихындағы жасампаз кезеңдер мен диалог алаңдарының нәтижелі сәттеріне мән берген жөн. Әлбетте, бұл оңай міндет емес. Себебі тарлан тарихтың бағзы дәуірлерден бастап қазіргі дейінгі шежіресінде соғыстар мен қарулы қақтығыстар өте көп кездеседі. Мұндай көріністің қалыптасуы да түсінікті: бейбіт күндегі күйбең тіршілікті сипаттағаннан гөрі қан майдандағы бітіспес ұрыстарды жазған әлдеқайда жеңіл. Айтпақшы, Лев Толстойдың атақты «Соғыс және бейбітшілік» романы – бейбітшілікті емес, соғысты егжей-тегжейлі суреттеген шығарма. Әлемдік қоғамдастық тарихи жолайрықта тұр. Өркениетті таңдау алдындағы сындарлы сәтте ортақ тарихымызды халықтарды біріктіретін фактор ретінде ұсыну үшін беделді, кәсіби ғалымдардың күшін бір арнаға тоғыстырған дұрыс».
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің маңызды жобаларына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына алғыс айтты 19.05.2026
«Бұл – ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе. Біз халықаралық ғылым қауымдастығымен бірлесе отырып, осы тақырыпты жүйелі әрі жан-жақты зерделеу жұмысын жалғастыруымыз керек. Бірнеше күнге созылатын іс-шараның негізгі мақсаты да – осы. Бұл тұста Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына ризашылығымды айтқым келеді. Бұл форумға қатысып отырған ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азуле ханымға алғысымды айтамын. Сіз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы әріптестікті нығайтуға мол үлес қостыңыз. Симпозиумның осындай беделді жаһандық ұйым аясында өтуі Алтын Орда мұрасының әлемдік ауқымдағы мән-мағынасы зор екенін көрсетеді. Бүгінгі жиынға ЮНЕСКО-ның жоғары деңгейдегі өкілі, Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Элунду Ассомо Лазар мырза бастаған делегация қатысып отыр. Жалпы, еліміз ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген маңызды жобаны жүзеге асырды. Нақты айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы тас петроглифтері, сондай-ақ бірнеше көне қала бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. Сонымен қатар ұлтымыздың материалдық емес мәдени мұраларын дәріптеу бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді. Мәселен, былтыр ғана «Хандар шежіресі» деп аталатын бірегей қолжазба әлемдік деңгейде мойындалды. Бұл – ел билеген тұлғалар туралы мәліметтерді топтастырған, соның ішінде Алтын Орда кезеңін қамтыған құнды құжат. Сондықтан біз байланысымызды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бұл – өзара тиімді, маңызды шаруа».
Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумның ашылу салтанатында сөз сөйледі. 19.05.2026
Іс-шараға әлемнің 20-дан астам елінен келген тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысуда.Президент өз сөзінде Алтын Орда тарихының адамзат өркениетіндегі ерекше орнына тоқталды. Оның айтуынша, Алтын Орда Еуразияның ұлан-ғайыр аумағында билік құрған қуатты империя ретінде Батыс пен Шығысты байланыстырып, түрлі мемлекеттер мен өркениеттердің дамуына зор ықпал еткен.Мемлекет басшысы бұл тақырыптың әлі де өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.«Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеулерге арқау болғаны анық. Дегенмен бұл тақырып әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ, меніңше, ешқашан жоғалтпайды», – деді Президент.Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға арнайы келген шетелдік ғалымдар мен халықаралық ұйым өкілдеріне алғыс білдіріп, олардың баяндамалары мазмұнды әрі маңызды болғанын айтты.
Кувейт корольдік әулетінің өкілдері Қазақстанның агроөнеркәсіп және жылжымайтын мүлік салаларына инвестиция салуға қызығушылық танытуда 19.05.2026
Әл-Кувейт, 2026 жылғы 18 мамыр – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Шейха Ухуд Салем Әл-Али Әc-Сабахпен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Кувейт арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.Кездесу барысында тараптар ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды. Қазақстанның әлемдегі ірі астық экспорттаушы мемлекеттердің бірі екені, ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемнің 80-нен астам еліне экспорттайтыны атап өтілді. Сонымен қатар, Қазақстанның май өнімдері нарығындағы позициясын нығайтып, алғаш рет күнбағыс майын экспорттаушы әлемнің үздік 10 елінің қатарына енгені айтылды.Азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан Елшісі еліміздің тек Кувейт Мемлекетінің ғана емес, бүкіл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қоса алатынын, соның ішінде экологиялық таза әрі сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу мүмкіндігі бар екенін атап өтті.Осы тұрғыда тараптар «Al Deira» компаниясының өкілдерімен бірлесіп, Қазақстанның ет өнімдерін, соның ішінде сиыр және қой етін Кувейт нарығына жеткізу перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады. Кувейт тарапы қазақстандық жетекші ет өндірушілерімен және жеткізушілерімен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді.Кездесу қорытындысы бойынша 2026 жылдың жазында кувейттік тарап өкілдерінің Қазақстанға сапарын ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді. Сапар аясында ынтымақтастық мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеу, салалық кәсіпорындармен кездесулер өткізу және қазақстандық ет өнімдерін импорттау перспективаларын талқылау жоспарлануда.Тараптар сондай-ақ жылжымайтын мүлік және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, «Al Ahd Al Mushtarak» компаниясының Қазақстандағы инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде «Alatau City» жедел даму қаласы жобасын іске асыруға қатысу мүмкіндіктері қарастырылды. Қазақстан тарапы жобаның әлеуеті, арнайы құқықтық мәртебесі және шетелдік инвесторлар үшін қарастырылған мүмкіндіктер туралы ақпарат ұсынды.Кездесу соңында тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және Қазақстан мен Кувейт іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға өзара қызығушылықтарын растады.«Al Deira» компаниясы Кувейт Мемлекетінің азық-түлік дистрибуциясы саласында қызмет атқарып, сауда желілеріне, мейрамханаларға, қонақүйлерге және HoReCa секторындағы өзге де жерлерге өнім жеткізеді. Компания Кувейттің азық-түлік дистрибуциясы нарығындағы елеулі ойыншылардың бірі болып табылады және қазіргі уақытта Қазақстан Республикасынан ет өнімдерінің импортын кеңейту мүмкіндіктерін қарастыруда. 2001 жылы құрылған «Al Ahd Al Mushtarak» компаниясы Кувейт Мемлекетінде құрылыс, жылжымайтын мүлік, нысандарды басқару және интерьер дизайны салаларында қызмет атқарады. Компаниялар Шейха Охуд Салем Әл-Али Әс-Сабахтың отбасылық бизнес құрылымына кіреді. Шейха Охуд Әл-Салем Әл-Али Әс-Сабах – Кувейттің қоғам қайраткері әрі кәсіпкері, жылжымайтын мүлік, активтерді басқару, жастарды дамыту және кәсіпкерлікті қолдау салаларындағы бірқатар компаниялар мен бастамалардың негізін қалаушы. Оның жетекшілігімен жылжымайтын мүлік саласындағы жобалар, сондай-ақ жас таланттарды қолдау мен креативті индустрияларды дамытуға бағытталған бастамалар жүзеге асырылуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuveyt/press/news/details/1223339?lang=kk
Бақылау-касса машиналарын қолдану 19.05.2026
Салық кодексінің 110-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында барлық ақшалай есеп айырысулар міндетті түрде мемлекеттік тізімге ресми сайт kgd.gov.kz енгізілген БКМ деректерді тіркеу және беру функциясы бар үлгелерімен қолдана отырып жүргізіледі.Чек беру бақылау-касса машиналарын қолдану кезіндегі негізгі талаптардың бірі болып табылады. Салықтөлеуші тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру кезінде төленген сомаға чек беруге міндетті. Қазіргі уақытта онлайн-кассаларға әртүрлі баламалар бар: бағдарламалық кассалар, интеграцияланған кассалар. Чектегі деректерді жаңғырту мен өзектендірудің туындаған мәселелері бойынша бақылау-кассалық машиналарға техникалық қызмет көрсету орталықтарына немесе онлайн-БКМ пайдалану орны бойынша Фискалдық деректер операторларының байланыс орталықтарына жүгіну қажет.Қажет болған жағдайда бақылау-касса машинасының чегі бақылау-касса машинасын дайындаушы зауыттың техникалық құжатында көзделген қосымша деректерді қамтуы, оның ішінде сатып алушының (клиенттің), тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының талабы бойынша чекте сатып алушының (клиенттің), алушының сәйкестендіру нөмірі болуға тиіс.Бұзушылық анықталған кезде - сауда операцияларды, жұмыстарды орындау, қолма-қол ақша арқылы және банк карточкасы арқылы жүргізілетін ақшалай есеп айырысуларды жүзеге асыру кезінде БКМ қолданбау, сондай-ақ ақаулы немесе есепте тұрмаған БКМ үшін бірінші рет ескерту жауапкершілігіне әкеп соғады, ал бір жыл ішінде қайталап бұзылған жағдайда: Бизнестің субъектілігіне қарай және жеке нотариустарға, сот орындаушыларына 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке (бұдан әрі-АЕК) дейін, 2026 жылы 129 750 теңгеден 216 250 теңгеге дейін айыппұл салуға әкеп соғады.Сол сияқты, бақылау-касса машинасының чегін немесе тауар чегін бермеген не тауар немесе қызмет үшін төленгеннен көп немесе аз сомаға бақылау-касса машинасының чегін немесе тауар чегін берген кезде ескерту жасауға әкеп соғады, ал бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда 20-дан 40 АЕК-ке дейін, 2026 жылы 86 500-ден 173 000 теңгеге дейін айыппұл салуға әкеп соғады.Әрбір тұтынушы, егер тауарды сатып алу немесе қызметтерді алу кезінде БКМ чегін беруден бас тартса, орналасқан жері бойынша Мемлекеттік кіріс органдарына жүгінуге құқылы.Осылайша, қазіргі уақытта онлайн бақылау-кассалық машиналардың әртүрлі балама нұсқалары бар. Сапалы интернет байланысы бар өңірлер саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты барлық салық төлеушілерді бақылау-кассалық тәртіпті сақтау бөлігінде салық заңнамасының талаптарын сақтауға, сондай-ақ арнайы салық режимдерін қолдану шарттарын сақтау бойынша барлық күш-жігерді жұмсауға шақырамыз! Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1223341?lang=kk
Қазақстандық спортшылар Мәскеудегі қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогы кезеңінде медаль жеңіп алды 19.05.2026
Мәскеу қаласының Халықаралық самбо орталығында Мәскеу спорт департаменті мен Халықаралық қоян-қолтық федерациясының ұйымдастыруымен "Достық кубогы" жекпе-жектен Әлем кубогының кезеңі өтті. Бесінші рет өткізіліп отырған турнир әлемнің 16 елінен 250-ден астам спортшыны жинады. Қатысушылар "Дуэль", "Өзін-өзі қорғау" және "Өзін-өзі қорғау 1+1" пәндері бойынша 30 марапат жиынтығын сынға салды. Халықаралық турнирде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының "BURKIT TEAM" командасының жауынгерлері де жоғары нәтиже көрсетті. 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Әйгерім Төреханова сенімді түрде алтын медаль жеңіп алып, Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанды. Өз кезегінде 67 келіге дейінгі санатта Әсембай Манарбек тұғырдың екінші сатысына көтеріліп, жарыстың күміс жүлдегері атанды. Әлем кубогы кезеңінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы турнирдің ең мықты командаларының қатарына кіріп, 30 медаль, оның ішінде 17 алтын жеңіп алды. Қазақстандық спортшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді. Халықаралық турнир аяқталғаннан кейін, елге оралған отандық спортшыларды Қазақстанда жанкүйерлері, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының өкілдері, “Burkit Team” командасы, сондай-ақ туыстары мен жақындары салтанатты түрде қарсы алды. Әуежайда спортшыларды ерекше қошеметпен, тамаша ән-жырмен құттықтап, әлемдік аренада лайықты өнер көрсеткені үшін алғыстарын білдірді. Қазақстандық спортшылардың беделді халықаралық турнирде табысты өнер көрсетуі отандық қоян-қолтық, жекпе-жек мектебінің жоғары дайындығының дәлелі болды және ұлттық құраманың жалпы нәтижесіне елеулі үлес қосты. #BURKIT_TEAM ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1223342?lang=kk