Әлем
БАНКРОТТЫҚ КЕЗІНДЕ ҚАНДАЙ БОРЫШТАР ЕСПЕПТЕН ШЫҒАРЫЛМАЙДЫ? 17.08.2026
«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банкроттық немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері аяқталғаннан кейін де тоқтатылуға (есептен шығарылуға) жатпайтын міндеттемелер тізілімі бар.Мұндай борыштарға мыналар жатады:Алименттер: Алименттерді алуға құқығы бар тұлғаларға оларды төлеу жөніндегі міндеттемелер.Өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиян: Адамның өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеу.Қылмыстық құқық бұзушылықтар: Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау салдарынан туындаған залалды өтеу.Бюджетке төленетін төлемдер: Сот шешімі бойынша өндіріп алынатын бюджетке түсетін түсімдер.Ұлттық Банк желісі бойынша талаптар: «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» ҚР Заңына сәйкес туындайтын талаптар.Басқарушының сыйақысы: Рәсімді жүргізген қаржылық басқарушының төленбеген (толық немесе ішінара) сыйақысы.Бұдан бөлек, міндеттемелерді тоқтату үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша кепілгерлер, кепіл болушылар немесе кепіл салушылар ретінде әрекет ететін борышкерлерге қолданылмайды.Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі сәтті аяқталғаннан кейін де борышкердің жоғарыда аталған талаптарды (алименттер, өмірге келтірілген зиян және т.б.) орындау міндеті толық көлемде сақталатынын атап өту маңызды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1275023?lang=ru
14 тамызда Риддер қаласына инспекциялық сапармен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Кинугул Бичуиновпен бірге келді. Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиевпен бірлесіп сайлау учаскелері тексерілді. Сапар барысында Қазақстан Республикасы құрылтай депутаттарының алдағы сайлауына учаскелік сайлау учаскелерін дайындау, сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру жағдайы, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Инспекциялық сапар алдағы сайлауға дайындықтың маңызды бөлігіне айналды және жергілікті жерде Риддер қаласының сайлау учаскелерінің дайындық деңгейін бағалауға, өзекті мәселелерді талқылауға және одан әрі жұмыс бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді. 17.08.2026
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-ridder/press/news/details/1274940?lang=ru
Кеген ауылының орталығы базар маңына асфальт жабындысы төселіп және заңсыз тұрған сауда нүктесі алынды. Жаңартылған жол жабыны аумақтың көркін жақсартып қана қоймай, көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз әрі қолайлы қатынауына мүмкіндік береді. Жол инфрақұрылымын ретке келтіру – елді мекеннің санитарлық және эстетикалық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі. 17.08.2026
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kegen-kegen/press/news/details/1274888?lang=ru
Қорғаныс министрінің орынбасары елдің оңтүстігіндегі әскери инфрақұрылымның жай-күйін тексерді 17.08.2026
Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің басшылығымен жұмыс тобы Арыс, Шымкент, Тараз және Луговой гарнизондарындағы әскери нысандардың жай-күйін, әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін және әскери қызметшілердің қызмет өткеру жағдайын тексерді.Кешенді бағалау полигондар мен әскери қалашықтарды ұстау және дамыту, казарма қорының жай-күйі, сондай-ақ жеке құрамның тұрмыстық жағдайы, тамақтану сапасы, медициналық және киім-кешекпен қамтамасыз етілуі сияқты кең ауқымды мәселелерді қамтыды.Шымкент гарнизонында күрделі жөндеуді немесе бұзуды қажет ететін апатты ғимараттардың техникалық жағдайы бағаланды. Әр нысан бойынша нақты шаралар айқындалып, оларды орындау мерзімдері белгіленді.Тараз гарнизонында Қорғаныс министрінің орынбасары күрделі жөндеуден кейін ашылған монша-кір жуу кешенінің ашылу рәсіміне қатысты. Бұдан кейін полигондар, әскери инфрақұрылым нысандары мен казармаларды аралап, атты әскер бөлімшелеріндегі қызметтік жылқыларды ұстау және күтіп-баптау жұмыстарын тексерді.91678 әскери бөлімінің аумағында ол парк шаруашылығының, мәдени-демалыс орталығы мен спорт залының жай-күйімен танысты. Оқу-жаттығу базасын дамытуға және әскери қызметшілерді даярлауға қажетті жағдай жасауға жіті аударылды.Сонымен қатар генерал-майор А. Жұмакеев жаңа модульдік ғимараттардың құрылысы мен әскери нысандардағы күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді. Гарнизон басшылығымен казарма қорын одан әрі кеңейту перспективалары талқыланды.«Қаратау» полигонындағы құрылыс жұмыстарымен танысу барысында Қорғаныс министрінің орынбасары оның инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Полигонды жаңғырту әскери қызметшілердің жауынгерлік, тактикалық және арнайы даярлығы бойынша практикалық сабақтар өткізуге қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл оқу мүмкіндіктерін кеңейтіп, «Айша бибі» полигонына түсетін жүктемені азайтады.Арыс гарнизонында Қорғаныс министрінің орынбасары бүркемелеу торлары мен габиондар өндіретін цехтардың жұмысымен танысты. Гарнизон басшылығы тұрғын үй қорының жай-күйіне, сондай-ақ қызметтік кабинеттер, оқу сыныптары, қоймалар мен зертханаларға арналған алаңдарды кеңейту қажеттігіне қатысты мәселелерді көтерді.Луговой гарнизонында генерал-майор Алмаз Жұмакеев қазандықтың жұмысын қамтамасыз етіп, оның тиісті жағдайда ұсталуына жауапты аудандық пайдалану бөлімінің мамандарының жұмысын жоғары бағалады. Ол қызметкерлерге адал еңбегі мен жабдықтарды үлгілі жағдайда ұстағаны үшін жеке алғысын білдірді. Соның арқасында қазандық жүйесі 26 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді.Әскери бөлімдерге барған кезде жұмыс тобы материалдық құралдар, киім-кешек мүлкі және жанар-жағармай материалдарының есебін жүргізуге жауапты қызмет мамандарына да әдістемелік көмек көрсетті. Бөлінген қаражатты ұтымды пайдалану, сондай-ақ қажет болған жағдайда оларды басым бағыттарға қайта бөлу қажеттігіне назар аударылды.Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары әскери нысандарды салу және күрделі жөндеу жөніндегі Жол картасында көзделген іс-шараларды уақтылы іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұдан бөлек әскери қызметшілердің материалдық-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға, тамақтануды ұйымдастыруға және медициналық қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1274791?lang=ru
«Заң мен тәртіп»: Алматы полициясының қызметіндегі басым бағыттар айқындалды 17.08.2026
Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков Алматы қаласы Полиция департаментінің жеке құрамымен кездесті.Министрдің орынбасары мегаполистегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы полиция жұмысының барысымен танысты.Сондай-ақ қаладағы жедел ахуал, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Полиция қызметінің тиімділігін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықпен өзара байланысты нығайту бағыттарына да назар аударылды.Аңсаған Балтабеков құқық қорғау органдары қызметінің өзегінде «Заң мен тәртіп» қағидасы тұруы қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, басшылық құрамға бағынысты қызметкерлердің жұмысына жүйелі бақылау жүргізіп, қызметтік тәртіпті нығайту қажеттігі жеткізілді.Кездесу кезінде Алматы тұрғындарының қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді шешуде жеделдік пен нақты нәтижеге басымдық беру, сонымен қатар полицияға деген қоғамдық сенімді одан әрі арттырудың маңызына тоқталды.Сапар қорытындысында «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, Ұлттық ұланмен бірлескен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру жөнінде ұсыныстар айтылды. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1274795?lang=ru
Қазақстандықтар сұранысқа ие IT мамандықтарын меңгере алады: Astana Hub Tech Orda бағдарламасына өтінім қабылдауды бастады 17.08.2026
Қазақстандықтар сұранысқа ие IT мамандықтарын меңгере алады: Astana Hub Tech Orda бағдарламасына өтінім қабылдауды бастады Astana Hub Tech Orda бағдарламасының бесінші, мерейтойлық маусымына өтінім қабылдау басталғанын хабарлайды. Қазақстанның 18 бен 45 жас аралығындағы азаматтары еліміздің барлық өңіріндегі аккредиттелген IT-мектептерде оқуға арналған ваучер алып, ең сұранысқа ие цифрлық мамандықтардың бірін меңгере алады.Бағдарлама аясында қатысушылар офлайн форматтағы оқу үшін 500 000 теңгеге дейін, ал онлайн немесе гибридті форматтағы оқу үшін 400 000 теңгеге дейін номиналды ваучер ала алады.Tech Orda — Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылатын Astana Hub бағдарламасы. Ол білікті IT-мамандарды даярлауға және еліміздегі жеке IT-білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.«Технологиялар саласындағы адами капиталды дамыту — Қазақстанның цифрлық трансформациясының негізгі басымдықтарының бірі. Tech Orda бағдарламасы қазақстандықтарға еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге, ал бизнеске білікті кадрларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай бағдарламаларға сұраныстың жоғары екенін көріп отырмыз және адамдардың IT саласында мансап құруына әрі елдің инновациялық экономикасын дамытуға ықпал ететін бастамаларды қолдауды жалғастырамыз», — деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.Оқу цифрлық индустрияның ең сұранысқа ие бағыттары бойынша қолжетімді: жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу, деректерді талдау, Cloud & DevOps, GameDev, өнім менеджменті, UI/UX-дизайн және басқа да мамандықтар.Бағдарлама іске асырылған 2021–2026 жылдар аралығында 12,5 мыңнан астам қазақстандық білім алды. Мониторинг нәтижелері бойынша экономикалық белсенді түлектердің 90%-ы жұмысқа орналасқан, ал олардың орташа жалақысы 725 мың теңгені құрайды, бұл елдегі орташа айлық жалақыдан шамамен 43%-ға жоғары. Сондай-ақ 3,2 мыңнан астам адам Tech Orda бағдарламасының арқасында мамандығын өзгертіп, IT саласында мансабын бастады.Бағдарлама түлектерін 1 287 компания жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында Kaspi.kz, Halyk Bank, Freedom Finance, Kolesa Group, Kcell, EPAM Kazakhstan, Yandex, Wolt, 2GIS, Deloitte, KPMG, EY және Accenture сияқты жетекші компаниялар бар. Бағдарламаға қатысатын IT-мектептердің 30%-дан астамы өңірлік мектептер, бұл еліміздің барлық өңірінде сапалы IT-білімге қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді.Өтінім қабылдау 2026 жылғы 7 қыркүйекке дейін ашық. Қатысу шарттары, аккредиттелген мектептердің тізімі және тіркелу туралы толық ақпарат Astana Hub платформасында қолжетімді: https://astanahub.com/ru/techorda/course/. Қосымша ақпаратты таңдаған IT-мектептен немесе 1818 нөмірі арқылы алуға болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1274796?lang=ru
Қазақстан мен Таиланд демократиялық және сайлау институттары саласындағы диалогты нығайтуда 17.08.2026
Бангкок, 2026 жылғы 14 тамыз – Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшісі Марғұлан Баймұханның Таиландтың Сайлау комиссиясының мүшесі Ситтичоти Интарависетпен кездесуі өтті.Кездесу барысында Елші Таиланд тарапын Қазақстандағы конституциялық және саяси жаңғыртудың негізгі бағыттарымен, оның ішінде заң шығару процесін оңтайландыруға және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға бағытталған қос палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтайға көшу реформасымен таныстырды.Ерекше назар 2026 жылғы 23 тамызға жоспарланған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына аударылды. Жаңа Конституцияға сәйкес Құрылтай 145 депутаттан тұрады, олар бес жыл мерзімге бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдер негізінде сайланады. Сайлауға жеті саяси партия қатысады.Елші сондай-ақ Қазақстанның сайлау жүйесінің ерекшеліктерін таныстырды. Ел халқының саны шамамен 20,6 млн адамды, ал тіркелген сайлаушылар саны 12,6 млн адамды құрайды. Сайлаушылар тізімдерін өзектендіруге және азаматтарға сайлаушылар тізіміндегі өз деректерін тексеруге мүмкіндік беретін «Сайлау» ақпараттық жүйесін қолдануға ерекше назар аударылды.Сонымен қатар, Елші Қазақстанның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен таныстырды. Тәуелсіздік жылдары ел экономикасына шамамен 470 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өсіп, ЖІӨ 305 млрд АҚШ долларына жетті, жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың АҚШ долларынан асты, ал жұмыссыздық деңгейі 4,6% болды.Қазақстан-Таиланд байланыстарының дамуына да ерекше назар аударылды. 2025 жылы екіжақты тауар айналымы 255,1 млн АҚШ долларын құрап, шамамен 8%-ға өсті. 2025 жылы Таиландқа шамамен 200 мың Қазақстан азаматы барды. Екі ел арасындағы әуе қатынасы аптасына 23 тұрақты тікелей рейсті, ал чартерлік рейстерді қоса алғанда 35 рейске дейін қамтиды.Өз кезегінде, Ситтичоти Интарависет Қазақстан тарапын Таиландтың сайлау жүйесінің ерекшеліктерімен таныстырып, екі елдің сайлау комиссиялары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды одан әрі дамыту перспективалары жөніндегі өз пікірін білдірді.Тараптар сайлау процесін ұйымдастыру, сайлау институттарын жетілдіру, саяси жаңғырту және мемлекеттік басқару салаларында кәсіби диалогты жалғастыруға, практикалық тәжірибе алмасуға және ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік танытты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-thailand/press/news/details/1274767?lang=ru
Қазақстан мен Бельгия дипломатиялық қатынастарының 34 жылдығына орай Брюссельде велошеру өтті 16.08.2026
Брюссель, 2026 жылғы 16 тамыз — Қазақстандағы Спорт күнінде еліміздің Брюссельдегі Елшілігі Қазақстан мен Бельгия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толуына орай велошеру ұйымдастырды.Қатысушылар Бельгияның ең танымал көрікті орындарының бірі әрі болашаққа ұмтылыстың символы саналатын Атомиумнан жолға шығып, дипломаттармен, Бельгияда тұратын отандастарымыз бен студенттермен, сондай-ақ бельгиялық серіктестер мен Қазақстанның достарымен бірге белгіленген маршрут бойынша жүріп өтті.Велошерудің құрметті қатысушысы — белгілі қазақстандық велошабандоз, «Astana» велокомандасының бұрынғы мүшесі, Олимпиада ойындарының қатысушысы Андрей Кашечкин болды.Іс-шараны ашқан Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко 34 жыл ішінде Қазақстан мен Бельгия өзара құрмет пен сенімге негізделген берік әріптестік орнатқанын атап өтті. Оның айтуынша, велоспорт екіжақты қатынастардың сипатын символдық тұрғыдан айқын бейнелейді: алға жылжу үшін тепе-теңдік, серпін және өзара қолдау қажет.Велошеру достық әрі бейресми жағдайда өтіп, Спорт күнін және екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған күнін бірге атап өтуге жақсы мүмкіндік болды.Екіжақты қатынастардың жаңа маңызды кезеңі осы күзде күтілуде: Бельгиялықтар Королі Филипптің Қазақстанға мемлекеттік сапары жоспарланып отыр. Бұл сапар екі ел арасындағы достық пен әріптестікті одан әрі нығайтудағы маңызды оқиға болмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1274756?lang=ru
Қазақстан мен Алжир энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде 16.08.2026
Алжир, 2026 жылғы 13 тамыз – Қазақстан Республикасының Алжирдегі Елшісі Әнуарбек Ахметов Sonelgaz тобының Президенті - Бас директоры Абдеррахман Сахримен келіссөздер жүргізді.Кездесу барысында энергетика саласындағы Қазақстан мен Алжир арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективалары, сондай-ақ екі елдің бейінді компанияларының қатысуымен бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.Электр энергетикасы, газ инфрақұрылымы, энергетикалық технологиялар, өндірістік қуаттарды жаңғырту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін дамыту салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарына ерекше назар аударылды.Елші Ә.Ахметов Қазақстан мен Алжирдің энергетика секторындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі әлеуетін атап өтіп, тиісті салаларда қажетті құзыреттері мен технологиялары бар қазақ компаниялардың мүмкіндіктерін таныстырды.Өз кезегінде, А.Сахри екі елдің компаниялары арасында тікелей байланыстар орнатуға, тәжірибе алмасуға және өзара мүдделілік тудыратын нақты жобаларды қарастыруға тараптардың өзара қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екендерін растады және бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында екі елдің бейінді құрылымдары арасындағы байланыстарды жалғастыруға уағдаласты. Sonelgaz - Алжирдің ең ірі мемлекеттік энергетикалық тобы, ол елді электр энергиясы мен табиғи газбен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Sonelgaz құрамына электр энергиясын өндіру, электр энергиясы мен газды тасымалдау және тарату, жаңартылатын энергетика, инженерлік қызметтер, сондай-ақ электр және газ жабдықтарын өндіру бағыттарында маманданған компаниялар кіреді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-algeria/press/news/details/1274759?lang=ru
eGov Mobile қосымшасы мен Gov.kz порталында Құрылтай сайлауына байланысты сайлау учаскесін тексеру сервисі іске қосылды 16.08.2026
eGov Mobile мобильді қосымшасы мен Gov.kz порталында азаматтарға алдағы 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауында сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін жаңа сервис іске қосылды.Жаңа сервис азаматтарға дауыс беру процесі туралы қажетті ақпаратты алдын ала алуға және сайлауға қатысуды барынша ыңғайлы етуге бағытталған. Енді сайлауға қатысты негізгі ақпарат eGov Mobile қосымшасында бір жерге жинақталған.eGov Mobile қосымшасында сервисті пайдалану үшін:eGov Mobile қосымшасына авторизациядан өту;басты беттегі «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінің төменгі жағында орналасқан «Құрылтай-2026» белгішесін таңдау;өзіңіздің сайлау учаскеңіз туралы ақпаратты тексеру қажет.«Сайлауға дайындық аясында eGov Mobile қосымшасында жаңа сервисті іске қосып отырмыз. Алғаш рет Құрылтай сайлауына қатысты негізгі ақпарат бір бөлімге жинақталды. Енді азаматтарға қажетті мәліметті әртүрлі ақпарат көздерінен іздеудің қажеті жоқ. Сервистің негізгі мақсаты – азаматтардың сайлауға қатысуын барынша жеңілдету және сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету. Сонымен қатар азаматтар үшін gov.kz/sailau, sailau.gov.kz және sailau2026.gov.kz ақпараттық ресурстары қолжетімді. Аталған платформаларда азаматтар ЖСН арқылы өздерінің сайлау учаскесін анықтай алады», – деп ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин атап өтті.eGov Mobile қосымшасындағы сервис азаматтарға дауыс беруге қатысу үшін қажетті негізгі ақпараттың барлығын ұсынады. Атап айтқанда:1. сайлау учаскесінің нөмірі мен нақты мекенжайы;2. тіркелген сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беру үшін есептен шығару куәлігін алу тәртібі туралы бейненұсқаулық;3. дауыс беру күніне дейін қалған күн санын көрсететін кері санақ таймері;4. сайлау және оның маңызы туралы жалпы ақпарат;5. сайлауға қатысты өзекті жаңалықтар мен іс-шаралар;6. сайлау процесін реттейтін нормативтік құқықтық актілер туралы пайдалы ақпарат;7. ЖСН арқылы сайлау учаскесін іздеу мүмкіндігі. Бұл сервис басты беттегі «Танымал қызметтер» бөлімінде де қолжетімді;8. азаматтардың жиі қоятын сұрақтарына жауап беретін «Сұрақ-жауап» бөлімі.Жаңа сервистің іске қосылуы сайлау процесінің ашықтығын арттыруға, азаматтардың маңызды ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтуге және сайлауға қатысу үшін қолайлы цифрлық құралдар ұсынуға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1274754?lang=ru
Қазақстан мен «Miahona» су инфрақұрылымы саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады 16.08.2026
Рияд, 2026 жылғы 13 тамыз – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков «Miahona» компаниясының Бас атқарушы директоры Ауад Әл-Отайбимен кездесу өткізді.Сұхбат барысында тараптар су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ компанияның Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.М.Меңілбеков Қазақстанның жетекші саудиялық компаниялармен өзара іс-қимылды кеңейтуге, сондай-ақ олардың сараптамасы мен инвестицияларын инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға тартуға мүдделі екенін атап өтті.Өз кезегінде, компания Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытып, су инфрақұрылымы саласында бірлескен жобаларды іске асыру әлеуетін атап өтті.Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын пысықтауға келісті.«Miahona» – сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын дамытуға, инвестициялауға және пайдалануға маманданған саудтық компания. «Miahona» су өндіру және тарату, сондай-ақ ағынды суларды жинау және тазарту салаларында жобаларды іске асырады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-riyadh/press/news/details/1274733?lang=ru
«Шәмші әлемі» әсем әнге бөленді 16.08.2026
15 тамыз – Қазақстанның халық әртісі, көрнекті композитор, «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Осы айтулы датаға орай Шымкент қаласындағы «Шәмші әлемі» гүлзарында «Бақыт құшағында» атты гала-концерт өтті.Мерекелік іс-шарада қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері алдымен «Шәмші әлемі» гүлзарында орналасқан Шәмші Қалдаяқов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.Шәмші Қалдаяқовтың мол мұрасын ұлықтаған кеш Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Одан кейін ән саңлағының қазақ музыкасының алтын қорынан орын алған “Теріскей”, “Құшақ жайған қандай адам”, “Қайықта”, «Арыс жағасында», «Ана туралы жыр», “ Әнім сен едің”, “Қайдасың?”, “Отырардағы той”, “Шынарым”, “Ақмаңдайлым», «Бақыт құшағында», «Сыр сұлуы», «Дүңген қызы»,«Сыған серенадасы» сынды туындылары шырқалды.Шәмші Қалдаяқов – ұлттық музыка өнерінде өзіндік өрнегін қалыптастырған бірегей тұлға. Оның әуендерінен қазақ даласының кең тынысы, халықтың қуанышы мен мұңы, сағынышы мен махаббаты, туған жерге деген перзенттік сезімі айқын аңғарылады. Сондықтан да композитор туындылары уақыт өткен сайын көмескіленбей, қайта әр буынның жүрегіне жол тауып келеді.Гала-концерт барысында өнерпаздар Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің және қалалық Опера және балет театры симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен композитордың көпшілікке кеңінен танымал шығармаларын жанды дауыста орындады. Әсем әнге бөленген «Шәмші әлемі» көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.Сахнада шырқалған әр шығарма қала тұрғындары мен қонақтарын Шәмші Қалдаяқов өмір сүрген дәуірге жетелеп, қазақ ән өнерінің қайталанбас әлеміне бойлатты. Бірі туған жерге деген сағынышты жеткізсе, бірі махаббат сырын ақтарды, енді бірі анаға деген перзенттік сезімді асқақтатты. Осылайша, кеште орындалған әндер композитор мұрасының уақыт өткен сайын жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халықпен бірге жасай беретінін тағы бір мәрте айғақтады.
Көкке көз тіккен күн: Байсеркеде авиациялық мереке өтіп жатыр 16.08.2026
Алматы облысының Іле ауданына қарасты Байсерке ауылында «Байсерке аспаны – 2026» авиациялық мерекесі басталды. Ашық аспан астындағы шара авиация әуесқойларын, сала мамандарын, өңір тұрғындары мен қонақтарын бір алаңға жинады.Авиациялық мереке аясында өткен баспасөз мәжілісінде Қазақстандағы шағын авиацияны дамыту, жастарды техникалық мамандықтарға тарту, авиациялық мәдениетті қалыптастыру және Алматы облысының туристік әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.Жиынға «СП «Бәйтерек» АҚ басқарма төрағасы, Қазақстанның Халық қаһарманы, ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетов, «Отан» аэроклубы қоғамдық бірлестігінің басшысы Юрий Ельцов, «Тянь-Шань» авиациялық ұшу орталығының бас директоры Владимир Анцупов және Қазақстандық шағын авиация қауымдастығының президенті Өмірбек Кеңесбаев қатысты.Баспасөз мәжілісінде мамандар авиацияны тек кәсіби саламен шектеп қарауға болмайтынын атап өтті. Олардың пікірінше, авиация – жастардың техника мен инженерияға қызығушылығын арттырып, болашақ мамандығын таңдауға ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі.Осы орайда көпшілікке арналған авиациялық шаралардың рөліне ерекше назар аударылды. Мұндай алаңдар тұрғындарға авиацияның мүмкіндіктерін жақыннан танып қана қоймай, осы салада еңбек ететін мамандармен тікелей жүздесуге мүмкіндік береді.Сала өкілдері әсіресе балалар мен жасөспірімдердің ұшқыш, инженер, техник секілді мамандықтарға қызығушылығын арттыру маңызды екенін айтты. Авиациялық техниканы өз көзімен көру, кәсіби мамандармен сөйлесу және әуе кемелерінің жұмысымен танысу жастардың болашақ кәсіби бағдарын айқындауына ықпал етуі мүмкін.Сонымен қатар, жиында шағын авиацияны дамыту мәселесі көтерілді. Мамандар бұл бағытты ілгерілету үшін инфрақұрылыммен қатар қоғамда авиациялық мәдениетті қалыптастыру, әуе кеңістігінің мүмкіндіктері туралы ақпаратты кеңінен тарату және бұқаралық іс-шараларды жүйелі өткізу маңызды екенін атап өтті.Баспасөз мәжілісінен кейін «Байсерке аспаны – 2026» мерекесінің негізгі бағдарламасы басталды. Байсерке аспанында әуе кемелері қалықтап, алаңда авиациялық техника көпшілік назарына ұсынылды. Түрлі көрсетілімдер мен танымдық бағдарламалар мерекенің негізгі бөлігіне айналды.Шараға келген қонақтар әуе техникасын жақыннан тамашалап, авиация саласының тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алды. Мамандар келушілерге әуе кемелерінің ерекшеліктері мен авиациялық мамандықтар туралы ақпарат берді.Мерекеге балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығы да жоғары болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның негізгі міндеттерінің бірі – жас буынның аспан әлеміне деген қызығушылығын нақты білім мен кәсіби бағдарға ұластыру.«Байсерке аспаны – 2026» авиацияны насихаттаумен қатар, Алматы облысының туристік мүмкіндіктерін таныстыруды да көздейді. Ұйымдастырушылар авиация мен туризмді байланыстыру арқылы өңірге деген қызығушылықты арттыруға болатынын атап өтті.Алматы облысының табиғи ерекшеліктері мен ашық кеңістігі авиациялық туризм бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, Байсеркедегі мереке әуе техникасының көрсетілімі ғана емес, өңірдің туристік тартымдылығын жаңа қырынан танытатын алаң ретінде де қарастырылып отыр.Шара барысында кәсіби мамандардың тәжірибесі, авиациялық техниканың көрсетілімі мен көпшілікке арналған бағдарламалар өзара үйлесім тапты. Келушілер үшін бұл авиация әлемін жақыннан танып, жаңа әсер алуға мүмкіндік берсе, жастар үшін болашақ мамандығы туралы ойлануға себеп болатын танымдық шараға айналды.«Байсерке аспаны – 2026» мерекесінің басты идеясы да осы – авиацияны көпшілікке жақындатып, оның мүмкіндіктерін көрсету. Өйткені бүгін аспандағы ұшаққа қызыға қараған баланың ертең ұшқыш, авиация инженері немесе техник болуы әбден мүмкін.Осылайша, Байсеркеде өтіп жатқан авиациялық мереке әуе кемелерінің әсерлі көрсетілімімен ғана шектелмей, шағын авиацияны дамыту, жастарды техникалық мамандықтарға бағыттау және Алматы облысының туристік әлеуетін танытуға арналған мазмұнды алаңға айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1274728?lang=ru
«Шәмші әлемі» әсем әнге бөленді 16.08.2026
Бүгін – Қазақстанның халық әртісі, көрнекті композитор, «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Осы айтулы датаға орай Шымкент қаласындағы «Шәмші әлемі» гүлзарында «Бақыт құшағында» атты гала-концерт өтті.Мерекелік іс-шарада қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері алдымен «Шәмші әлемі» гүлзарында орналасқан Шәмші Қалдаяқов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.Шәмші Қалдаяқовтың мол мұрасын ұлықтаған кеш Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Одан кейін ән саңлағының қазақ музыкасының алтын қорынан орын алған “Теріскей”, “Құшақ жайған қандай адам”, “Қайықта”, «Арыс жағасында», «Ана туралы жыр», “ Әнім сен едің”, “Қайдасың?”, “Отырардағы той”, “Шынарым”, “Ақмаңдайлым», «Бақыт құшағында», «Сыр сұлуы», «Дүңген қызы»,«Сыған серенадасы» сынды туындылары шырқалды.Шәмші Қалдаяқов – ұлттық музыка өнерінде өзіндік өрнегін қалыптастырған бірегей тұлға. Оның әуендерінен қазақ даласының кең тынысы, халықтың қуанышы мен мұңы, сағынышы мен махаббаты, туған жерге деген перзенттік сезімі айқын аңғарылады. Сондықтан да композитор туындылары уақыт өткен сайын көмескіленбей, қайта әр буынның жүрегіне жол тауып келеді.Гала-концерт барысында өнерпаздар Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің және қалалық Опера және балет театры симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен композитордың көпшілікке кеңінен танымал шығармаларын жанды дауыста орындады. Әсем әнге бөленген «Шәмші әлемі» көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.Сахнада шырқалған әр шығарма қала тұрғындары мен қонақтарын Шәмші Қалдаяқов өмір сүрген дәуірге жетелеп, қазақ ән өнерінің қайталанбас әлеміне бойлатты. Бірі туған жерге деген сағынышты жеткізсе, бірі махаббат сырын ақтарды, енді бірі анаға деген перзенттік сезімді асқақтатты. Осылайша, кеште орындалған әндер композитор мұрасының уақыт өткен сайын жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халықпен бірге жасай беретінін тағы бір мәрте айғақтады.
ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫ – ЕЛ БОЛАШАҒЫН АЙҚЫНДАЙТЫН МАҢЫЗДЫ ТАҢДАУ 16.08.2026
Құрылтай сайлауы – қоғам өміріндегі маңызды саяси үдерістердің бірі. Сайлау арқылы әр азамат өз пікірін білдіріп, мемлекетіміздің алдағы даму бағытына өз үлесін қоса алады. Халықтың таңдауы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, маңызды шешімдердің қабылдануына және қоғамның болашағына тікелей ықпал етеді.Дауыс беру – азаматтың заңмен бекітілген құқығы ғана емес, ел алдындағы жауапкершілігінің де бір көрінісі. Сондықтан сайлаушы өз таңдауын жасамас бұрын кандидаттардың ұстанымдарына, бағдарламаларына, тәжірибесі мен атқарған жұмыстарына назар аударғаны дұрыс. Ақпаратты саралап, саналы түрде таңдау жасау – жауапты азаматтық ұстанымның белгісі.Құрылтай құрамына сайланған өкілдер халықтың талап-тілегін жеткізіп, мемлекет үшін маңызды мәселелерді талқылауға атсалысады. Олардың шешімдері білім мен ғылым, денсаулық сақтау, экономика, қоршаған ортаны қорғау, жастардың мүмкіндіктері секілді түрлі бағыттарға әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты ел сенімін ақтай алатын білікті, адал және жауапкершілігі мол азаматтарға дауыс беру маңызды.Сайлау мәдениеті тек дауыс беру рәсімімен шектелмейді. Оның заң талаптарына сай, ашық әрі әділ ұйымдастырылуы да үлкен мәнге ие. Азаматтардың белсенділігі мен сайлау тәртібін құрметтеуі қоғамдағы демократиялық мәдениетті қалыптастырып, мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтады.Бұл үдерісте жастардың да орны ерекше. Жастар – елдің келешегін қалыптастыратын негізгі күштердің бірі. Олардың қоғамдық өмірге араласуы жаңа бастамалардың пайда болуына, тың идеялардың жүзеге асуына және қоғамның дамуына серпін береді. Сондықтан әрбір жас өз азаматтық көзқарасын білдіріп, ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерден тыс қалмағаны жөн.Қорыта айтқанда, Құрылтай сайлауы – елдің болашағына әсер ететін жауапты таңдау мүмкіндігі. Әрбір берілген дауыс қоғамның ертеңіне өзіндік ықпалын тигізеді. Сондықтан сайлауға немқұрайлы қарамай, ақпаратқа сүйеніп, жауапкершілікпен таңдау жасау – барша азаматқа ортақ міндет. Азаматтық белсенділік пен өзара жауапкершілік арқылы ғана тұрақты, әділетті және өркендеген мемлекеттің негізін нығайта аламыз.
Қорғаныс министрі Shaiqas-2026 инженерлік чемпионатының жеңімпаздарын құттықтады 15.08.2026
Ақмола облысының Щучинск қаласындағы «Амандық» полигонында Shaiqas-2026 алғашқы ұлттық инженерлік чемпионаты қорытындыланды.Ауқымды шараға 17 команда қатысты. Олардың қатарында студенттер, инженерлік мектептердің, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және күштік құрылымдар бөлімшелерінің өкілдері бар.Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов чемпионатты ұйымдастыруға атсалысқан Ақмола облысының басшылығына, Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Defence Tech Center инновациялық хабына, отандық Barys Dynamics және Saiman компанияларына, сондай-ақ Әскери колледждің басшылығына алғысын білдірді.Сонымен қатар министр төрешілер алқасына қатысушыларды бағалаудағы объективтілігі мен кәсібилігі үшін ризашылығын жеткізді. Байқау барысында бірегей технологиялық шешімдерге ерекше назар аударылды. Алайда басты бағалау түрі қатысушылардың техниканы, бағдарламалық қамтамасыз етуді және команданың іс-әрекетін біртұтас жүйеге біріктіре білу қабілеті болды.Министрдің айтуынша, чемпионаттың практикалық маңызы – тапсырмалары Қазақстан Қарулы күштерінің нақты қызмет бағыттарын қамтығанында. Атап айтқанда, әуеден барлау жүргізу, жерүсті роботтандырылған кешендерді пайдалану, киберқауіпсіздік, тактикалық және инженерлік даярлық бағыттары бойынша сынақтар ұйымдастырылды.– Бүгінде ұрыстың нәтижесін сол алаңды кімнің бірінші көретіні, қарсыластың барлауынан өз әрекетін жасыра алатыны, байланысты сақтап, әскерлердің маневрін қамтамасыз етуі айқындайды. Сондықтан заманауи армия жауынгердің әскери даярлығымен ғана емес, оның ұрыс алаңындағы басымдығын қамтамасыз ететін технологиялық шешімдерімен де мықты, – деді Қорғаныс министрі инженерлік бағыттың стратегиялық маңызын атап өтіп.Shaiqas-2026 чемпионатының қорытындысы бойынша бірінші орын мен чемпион атағын «Қазақстан инжиниринг» компаниясының R&D орталығының командасы жеңіп алды. Күміс жүлдені ҚР ҚК «Қайсар» командасы (Qaisar VS RK) иеленсе, қола жүлде Saiman командасына бұйырды. Чемпионат жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бірінші орын иегеріне – 10 млн теңге, екінші орынға – 5 млн теңге, үшінші орынға – 3 млн теңге табысталды.«Үздік жерүсті жүйелері» номинациясында Sunqar Engineering Team командасы, «Үздік әуе жүйелері» номинациясында Visvo командасы, ал «Үздік киберқауіпсіздік» номинациясында «Бүркіт» командасы жеңімпаз атанды. Әр номинацияның жеңімпаздары 600 мың теңгеден ақшалай сыйлық алды. Қорғаныс министрі чемпионатқа қатысқан барлық командаларға олардың жарысқа қатысқанын растайтын сертификаттарды табыс етті.Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, үздік әзірлемелер прототип деңгейінде қалып қоймайды. Олар өнеркәсіптік серіктестермен бірлесіп сынақтан өткізіліп, қажетті сүйемелдеумен қамтамасыз етіледі. Одан әрі әзірлемелерді сериялық өндіріске шығару және Қазақстан Қарулы күштерінің мүддесіне енгізу жоспарланып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1274699?lang=ru
Алматы облысының өнімдері жаңа сауда орнында 20-30% төмен бағада сатылады 15.08.2026
Алматы қаласында Райымбек ауданының ауылшаруашылық өнімдерін сатуға арналған сауда орны ашылды. Мұнда тұтынушылар таза әрі табиғи өнімді ешқандай делдалсыз тиімді бағада сатып алады. Яғни аудан шаруалары мен қала тұрғындары арасындағы тікелей байланыс орнады. Бұл ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетуге оң ықпалын тигізбек. Сауда орны Рысқұлов пен Шемякин көшелерінің қиылысында орналасқан, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Кәсіпкерлер үшін өз еңбегінің нәтижесін тиімді бағада өткізу және оны тікелей тұтынушыға жеткізу мәселесі маңызды. Осыған байланысты облыс әкімдігінің қолдауымен және Райымбек ауданы мен Алматы қаласы әкімдігі арасында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде шаруалар мен малшылар осындай таптырмас мүмкіндікке қол жеткізіп отыр. Олар алғашқы күннің өзінде 3,5 тонна ет, 1 тоннадан астам сүт өнімін, одан бөлек табиғи бал, ысталған балық, жұмыртқа мен көкөністер және басқа да тауарларын таныстырып, халыққа ұсынды.Сауда орнының ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, жәрмеңкені аралап көрді.«Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, сақтау мен сату оңай жұмыс емес. Оған қажырлы еңбек пен төзімділік қажет. Көп жағдайда бұл саламен айналысатын азаматтардың базарға шығып, тауарын ұсынуға мүмкіндігі бола бермейді. Соның кесірінен кейде делдалдарға жем болып жатады. Бұл сауда орны оларға үлкен қолдау болғалы тұр. Ең бастысы өнім сапасына ерекше көңіл бөлу керек», – деді аймақ басшысы.Жәрмеңкеге қатысқан жандардың бірі Қақпақ ауылының тұрғыны – Ұлжан Ауғанбайқызы. Ол сүттен дайындаған 7 түрлі өнімін алып келіпті.«Бұған дейін өзіміз дайындаған құрт-май, айран-қымызымыз бен ірімшігімізді ауылға келген қонақтарға ғана сата алатынбыз. Енді өнімдеріміздің барлығын арнайы базарға әкеліп, өткізуге мүмкіндік туды. Бұл өте құптарлық іс әрі біздің жұмысымызды одан әрі дамытуға септігін тигізеді», – дейді ол.Қазіргі таңда шатырлардан құралған жәрмеңке жұмысы жанданып тұр. Алдағы уақытта жабық сауда павильонының құрылысы басталмақ. Яғни қыс мезгілінде де базардың қайнаған тіршілігі тоқтамайды. Сатылатын өнімдердің сапасы мен бағасын бақылайтын арнайы мамандар да бар. Мұндағы баға орташа көрсеткіштен 20-30 пайызға төмен.Бүгінде Райымбек ауданында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Аймақта 3400 кәсіпкер тіркелген. Оның 1200-і өсімдік шаруашылығымен, 1100-ге жуығы ет өндірумен айналысады, ал қалғаны ауыл шаруашылығының түрлі бағыты бойынша жұмыс істейді. Жылына 16 мың тонна ет, 18 мың тонна сүт, 500 мың данаға жуық жұмыртқа мен 55 мың тонна картоп өндіріледі. Жаңадан ашылған сауда орнының арқасында бұл көрсеткіштің бірнеше есе өсетіні сөзсіз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1274698?lang=ru
“Lotus Fest-2026”: 94 адам Run марафонына қатысты 15.08.2026
“Lotus Fest-2026” фестивалі аясында Run марафоны өтті. Жарысқа 94 адам қатысып, 3 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.Қатысушылар арасында ең үлкені - 82 жастағы қария. Жарысқа әр жастағы тұрғындардың қатысуы бұқаралық спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті.Финалға бірінші боп жеткен қатысушы Диар Куспанов марафоннан алған әсерімен бөлісті.- Мен марафонды бірінші боп аяқтадым. Сәл қиын болды, бірақ әсері өте керемет. Марафонды жүгіріп өткен әрқайсысы ерекше әсер алды деп ойлаймын. Алғашқы Run марафоны құтты болсын,- деді ол.Қатысушылар үшін бұл тек спорттық сайыс емес, табиғат аясында уақыт өткізіп, жақсы көңіл-күй сыйлаған ерекше шара болды. Марафон соңында барлық қатысушы өз межесін бағындырып, фестивальдің мерекелік атмосферасын жалғастырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1274689?lang=ru
Атырауда Lotus Fest – 2026 фестивалі басталды 15.08.2026
Атырау облысының Құрманғазы ауданында табиғаттың ерекше көркі – лотос гүлінің гүлдеу кезеңіне арналған Lotus Fest – 2026 фестивалі өз жұмысын бастады.Екі күнге жоспарланған фестивальге аудан тұрғындарымен қатар, еліміздің әр өңірінен келген қонақтар мен шетелдік туристер қатысуда. Фестиваль алаңына алғашқы сағаттардың өзінде 2 мыңға жуық адам жиналды.Мерекелік шара аясында қонақтарға мәдени-көпшілік бағдарламалар, ұлттық спорт жарыстары, қолөнер жәрмеңкесі, ұлттық тағамдар, балаларға арналған ойын-сауықтар мен концерттік бағдарлама ұсынылады. Фестивальдің арнайы қонағы ретінде танымал қазақстандық әнші Қуандық Рахым өнер көрсететін болады.Фестивальдің басты ерекшелігі – қонақтардың Қиғаш өзені бойымен қайықпен серуендеп, табиғи жағдайда гүлдеген әсем лотос алқабын тамашалау мүмкіндігі.Lotus Fest – 2026 Атырау облысының туристік әлеуетін танытып, Құрманғазы ауданының бірегей табиғи мұрасын насихаттауға және экотуризмді дамытуға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1274687?lang=ru
Қиғаш өзенінің бойындағы «Lotus Fest» фестивалі басталды 15.08.2026
15–16 тамыз күндері Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Теңіз ауылдық округінде ерекше табиғат аясында өтетін «Lotus Fest» фестивалі өз жұмысые бастады.Фестиваль қонақтарын туристік сайыстар, «Lоtus Run» марафоны, балалар ойын алаңы, эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерттік бағдарлама,фотозоналар,сауда саттық павилиондары, қолөнер жәрмеңкесі, фуд корттар күтеді.Ең бастысы – Қиғаш өзенімен қайықпен серуендеп, табиғаттың сирек кездесетін ғажайыбы – әсем лотос гүлдерін тамашалау мүмкіндігіне ие болады. «Lotus Fest» – табиғат, мәдениет және ұмытылмас әсерлер тоғысқан ерекше фестиваль болады деп күтілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1274679?lang=ru