Enbekshi QazaQ

Саясат

«Ақ бидай» ойындарында Алматы облысының спортшылары күміс жүлдегер атанды 14.10.2025
Қонаевта республикалық «Ақ бидай» спорттық ойындарының үздіктері марапатталды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев спортшылардың табандылығын атап өтіп, 17 спортшы мен спорт ұйымдарының өкілдері Алғыс хаттарға ие болды.Алматы облысында өткен республикалық «Ақ бидай» спорттық ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Өңір спортшылары мен сала мамандарына марапаттарды облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев табыстады.Елдің түкпір-түкпірінен келген екі мыңға жуық спортшы футбол, волейбол, дзюдо, жеңіл атлетика секілді классикалық спорт түрлерімен қатар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ сынды ұлттық ойындардан сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша Түркістан облысы бірінші орынға ие болса, Алматы облысының құрама командасы күміс жүлдені жеңіп алды. Ал үшінші орын Батыс Қазақстан облысына бұйырды.Облыс әкімі 17 спортшы мен спорт ұйымдарының өкілін алғыс хатпен марапаттап, олардың қажырлы еңбегін жоғары бағалады. Жүлдегерлер қатарында ұлттық спорт шеберлері мен спорт мектептерінің жетекшілері бар.Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Таңатаровтың айтуынша:«Сол жерде атсалысқан федерациялар мен ұйымдастырушылар бар, спортшыларды облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттадық. Жалпы 17 адам марапатталды. Федерация президенттері де бар. Қалған спортшыларымыз басқарманың алғыс хатымен тағы да марапатталады. Алматы облысы жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Келесі төртжылдықта Солтүстік Қазақстанда өтетін додада бірінші орын аламыз деген сенімдеміз».Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1081777?lang=kk
Алматы облысында газдандыру ауқымы кеңеюде: 1,2 миллионнан астам тұрғын көгілдір отынмен қамтылған 14.10.2025
Алматы облысында газдандыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бүгінде өңірдің 1,2 миллионнан астам тұрғыны көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Соңғы жылдары ондаған елді мекендер орталықтандырылған газ желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болды.2024 жылы 17 нысанның құрылысы аяқталды, оның ішінде Жамбыл ауданын тұрақты түрде газбен қамтамасыз ететін «Қазыбек бек» автоматтандырылған газ тарату станциясы бар. Облыс аумағындағы газ желілерінің жалпы ұзындығы 4,8 мың шақырымнан асты, ал тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді.Биылғы жылы газдандыру жобаларына шамамен 11 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаражат Конаев қаласының бес шағын ауданын және 13 елді мекенді газбен қамтуға бағытталды. Қазіргі таңда Алатау қаласындағы «Даулет» шағын ауданында, Жамбыл ауданының Танбалытас ауылында, Балқаш ауданының Ақжар ауылында және Бақанас жаңа шағын ауданында құрылыс жұмыстары басталды.«Талғар ауданының Еламан және Кіші Байсерке ауылдарының тұрғындары газға қосылды. Қабылдау актілері рәсімделіп, іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілді. Отбасылар көптен күткен жылуға қол жеткізді. Бұл — өңір халқының барлығына көгілдір отынды қолжетімді ету жолындағы маңызды қадам», — деді Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1081927?lang=kk
Жамбыл ауданында Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы кең көлемде аталып өтті 14.10.2025
Жамбыл ауданында қазақтың ұлы композиторы, күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті. Мерейтой ел руханияты мен өнерін ұлықтаған үлкен мереке болды.Мерекелік іс-шара Жамбыл Жабаев ескерткішіне гүл қоюдан басталып, қонақтар ақынның кесенесіне зиярат етті. Одан кейін Нұрғиса Тілендиевтің мәңгілік мекеніне барып, тағзым жасалды. Айта кетейік, композитордың аманаты бойынша ол Жамбыл Жабаевтың жанына жерленген.Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейінде директор Салтанат Тезекбаева қонақтарға экскурсия өткізіп, ұлы жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндады.Негізгі мерекелік жиын «Көкбастау» ипподромында ұйымдастырылды. Мұнда бес мыңнан астам адам жиналды. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев атап өткендей, ЮНЕСКО Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын 2025 жылғы маңызды мерейтойлар тізіміне енгізді.– Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы қазақ руханиятының алтын қазығына айналды. Оның күйлері мен әндері — халықтың жаны мен тарихының үні, – деді аймақ басшысы. – Кеше ғана Іле ауданында оның аты берілген мәдениет үйі ашылып, ескерткіш орнатылды. Ұлы тұлғаның есімі еліміздің барлық өңірлерінде ұлықталуы тиіс.Шарада қоғам және мәдениет қайраткерлері Нұрлан Оразалин мен Серік Үмбетов те сөз сөйлеп, композитордың адамдық болмысы мен өнердегі орнын ерекше атап өтті. Серік Үмбетов Нұрғиса ағаның соңғы аманатын орындап, оны Жамбылдың қасына жерлеу тарихын еске алды.Мерейтой аясында өткен концертте қазақ фольклоры мен эстрадасының танымал әртістері өнер көрсетті. Орталық сахнада «Отырар сазы» оркестрі орындаған күйлер көрермендерді даланың әуезді үніне бөледі.Кеш соңында қонақтар дәстүрлі тағамдар ұсынылған киіз үйлерге шақырылды. Ал мерекенің спорттық бөлігі бәйгемен жалғасты. «Көкбастау» ипподромында өткен аламан жарыста түрлі өңірлерден келген шабандоздар бақ сынады. Нәтижесінде «Аламан бәйге» бойынша Жетісу облысынан келген Марат Ақперлиновтың «Жұмыртұяқ» атты тұлпары бірінші келді.Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерейтой — ел мәдениетіне, рухани сабақтастыққа деген құрмет пен мақтаныштың айғағы. Бұл күн қазақ музыкасының мәңгі жасайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080838?lang=kk
Қонаев қаласының рәміздерін жасауға байқау жарияланды 14.10.2025
Облыс орталығында қаланың ресми рәміздерін әзірлеуге арналған байқау басталды. Өтінімдер 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін қабылданады.Байқау шарттарына сәйкес, рәміз жобасын әзірлеуде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын, сондай-ақ діни, рулық және тайпалық белгілерді қолдануға тыйым салынады.Жобалар қоғамдық келісім мен бірлікті бейнелеуі, геральдикалық нормаларға, ұлттық дәстүрлерге, өңірдің тарихи, мәдени, табиғи және әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктеріне сай болуы тиіс. Байқауға ұсынылған жұмыстар бұрын еш жерде жарияланбаған болуы қажет.Эскиздер бейне, көлемді модель немесе айқын бедері бар макет түрінде ұсынылуы тиіс. Барлық атаулар мен жазбалар міндетті түрде қазақ тілінде берілуі қажет. Авторлық құқықты бұзу мен плагиатқа жол берілмейді.Байқауға Қазақстан азаматтары жеке немесе шығармашылық топпен қатыса алады. Ұлттық ою-өрнек пен этнографиялық элементтерді қолдануға рұқсат етіледі. Өтінімдер қазақ немесе орыс тілінде, жоба сипаттамасымен бірге қабылданады.Құжаттар қағаз және электронды нұсқада Қонаев қаласының ішкі саясат бөліміне тапсырылуы тиіс (электронды мекенжай: ovp_qonaev@mail.ru).Қосымша ақпарат алу үшін мына телефонға хабарласуға болады: 8 705 543 54 77 (Төребеков Жеңіс Еркімбекұлы).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080401?lang=kk
Талғар ауданында жасөспірімдер қылмысының алдын алу жолдары талқыланды 14.10.2025
Талғар ауданында өткен жиынға жүздеген ата-ана, мұғалімдер, билік пен полиция өкілдері, қоғам белсенділері қатысты. Кездесудің басты себебі – жасөспірімдер қылмысының және қоғамға жат қылықтардың көбеюі болды.Жиналыстың модераторы, аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев ата-аналарға ең өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беруді мақсат еткенін атап өтті. Атап айтқанда, буллинг пен суицидтің алдын алу, зорлық-зомбылық пен қараусыздықты болдырмау мәселелері қозғалды.Шара театрландырылған «Менің әлемім» қойылымымен басталды. Көріністе өмірден алынған қарапайым оқиғалар арқылы отбасы ішіндегі жағдайдың бала болашағына тікелей әсер ететіні көрсетілді.Аудан әкімі Танат Айдарбеков сөзінде: «Тұлғаның қалыптасуы отбасынан басталады. Ешбір мектеп те, мемлекет те ата-ананың қамқорлығын алмастыра алмайды. Балаларға дұрыс бағыт беру үшін отбасы, мұғалімдер мен қоғамның бірлескен еңбегі қажет», – деп атап өтті.Құқық қорғау органдарының өкілдері алаңдатарлық статистиканы ұсынды. Биыл жасөспірімдер 18 қылмыс жасаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сонымен қатар, 600-ден астам бала түнде көшеде немесе ойын-сауық орындарында ұсталған.Мамандардың пікірінше, қылмыстың көбеюіне ата-аналардың назарсыздығы себеп. Мектеп пен құқық қорғау органдары шара қолданғанымен, отбасының қолдауынсыз нәтиже толық болмайды.Мұғалімдер, билік өкілдері, ақсақалдар мен ата-аналардың айтқандары бір арнаға тоғысты: дені сау әрі жауапты ұрпақты тәрбиелеу үшін бәріміздің күш біріктіруіміз қажет.Жиын соңында қатысушылар мұндай кездесулер жүйелі түрде өтуі тиіс деген пікірге келді. Өйткені балалардың болашағы ең алдымен отбасының жауапкершілігіне байланысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080429?lang=kk
4 500 жұмыс орны және 70 млрд теңге инвестиция: Алматы облысында ең ірі логистикалық парк ашылды 14.10.2025
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Қазақстанның транзиттік-логистикалық әлеуетін дамыту, заманауи агрохабтар мен логистикалық орталықтар құрудың стратегиялық маңыздылығын атап өткен болатын. Бүгін Алматы облысында осы міндеттердің нақты іске асуына айқын үлгі болған маңызды оқиға орын алды – Focus Logistics (BAZIS компаниялар тобы) компаниясының «Focus Aksengir» логистикалық паркі ашылды.Жобаға жалпы инвестиция көлемі 70 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 2024 жылы 13 млрд теңге игерілді. Бірінші кезекте Ozon компаниясы үшін 40 775 шаршы метрді қамтитын заманауи фулфилмент-орталық салынды. Бұл бағытта оффтейк-келісім жасалған.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа парк өңірдің экономикалық өсуіне серпін беретініне назар аударды: «Алматы облысы өзінің географиялық орналасуына байланысты еуразиялық көлік жүйесінің негізгі торабына айналуда. Бұл парк жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етіп, өңірдің инвестициялық имиджін нығайтады».Бүгінгі күні жалпы аумағы 64 545 шаршы метр қоймалар пайдалануға берілді. Ал 2025 жылдың IV тоқсанында тағы 26 000 шаршы метр қойма іске қосылады. Болашақта А+ санатындағы 300 000 шаршы метрге дейін қойма орындарын және қуаттылығы 100 мың TEU болатын контейнер терминалын салу жоспарланған.Жоба тікелей жұмыспен қамтуға және салық түсімдеріне әсер етеді. Тек Ozon компаниясымен серіктестіктің өзі 4 500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал өңір бюджетіне жыл сайынғы қосымша түсім 5 млрд теңгеден асады.«Бұл нысанды біз жай ғана қойма кешені емес, сауда, инвестиция және бизнестің жаңа мүмкіндіктері шоғырланатын орталық ретінде қарастырамыз. Мұнда мемлекет те, инвесторлар да, жергілікті кәсіпкерлер де ұтады», – деді «Focus Logistics» ЖШС Бас директоры Диас Ғалиев.Логистикалық парк БАКАД, Аксенгир теміржол стансасы және Қытай, Ресей мен Орталық Азия елдеріне шығатын халықаралық көлік дәліздерімен интеграцияланған.Сонымен қатар, BAZIS компаниясы 50 000 шаршы метр аумақтағы көтерме-тарату азық-түлік орталығын салуды, сондай-ақ 300 гектардан астам индустриялық аймақты жолдармен, инженерлік коммуникациялармен, жатақханалармен және жеке сұрыптау стансасымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080445?lang=kk
Ысқақовтар әулеті: ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан ұстаздық дәстүр 14.10.2025
Жамбыл ауданында Ысқақовтар әулеті ерекше орынға ие. Оларды көпшілік нағыз ұстаздар әулеті деп атайды. Себебі бірнеше буын өкілдері өмірін өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім беруге арнаған. Кәсібіне адалдығы мен мектеп білімін дамытудағы зор еңбегі үшін халық арасында Ысқақовтарды «ұстаздар әулеті» деп құрметтейді.Ысқақовтар әулетінің педагогикалық дәстүрі өткен ғасырдың орта шенінде бастау алды. Нұржан Жораханұлы Ысқақовтың атасы Сейдахмет ауылдағы алғашқы мектептің негізін қалаушылардың бірі болса, әкесі Жорахан Ысқақов ұзақ жылдар бойы бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп, бүкіл ғұмырын балалар тәрбиесіне арнады.Бұл дәстүрді лайықты жалғастырған Нұржан Жораханұлы 1959 жылдың 3 ақпанында дүниеге келген. Алматы қаласындағы №9 интернатты аяқтап, Мәскеу қаласында әскер қатарында борышын өтегеннен кейін, Қазақ дене шынықтыру институтына түсіп, оны 1983 жылы үздік бітірді. Еңбек жолын туған ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беруден бастады.1985–2002 жылдар аралығында ол мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, осы кезеңде білім ошағы елеулі табыстарға қол жеткізді. Кейіннен қайтадан ұстаздыққа оралып, 2023 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін дене шынықтыру пәнінен дәріс берді.Нұржан Жораханұлы өмірлік серігі Бибігүл Аспандиярқызымен Қазақ дене шынықтыру институтында танысып, 1983 жылы шаңырақ көтерді. Ерлі-зайыптылар төрт баланы тәрбиелеп өсірді.Бүгінде олардың үш баласы ата-анасының жолын жалғап, педагогикалық дәстүрді өрбітіп отыр. Үлкен ұлы Думан Алматы қаласында тарих пәнінен сабақ береді, қызы Айгүл Арайымқызы Назарбаев Зияткерлік мектебінде педагог-психолог болып еңбек етеді. Кенже ұлы Елдар Қазақ спорт және туризм академиясын тәмамдап, Сұраншы батыр ауылындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ортаншы ұлы Дастан энергетика саласында қызмет атқарып жүр, дегенмен отбасының еңбекқорлық пен қоғамға адал қызмет ету дәстүрін жалғастыруда.Ұзақ жылғы еңбегі үшін Нұржан Жораханұлы мемлекеттік марапаттарға ие болып, әріптестерінің құрметіне, шәкірттерінің алғысына бөленді. Зейнет демалысына шықса да, ауылдың қоғамдық өміріне белсене қатысып, жастарға бағыт-бағдар беріп келеді.Ысқақовтар әулеті – Жамбыл ауданының мақтанышы. Бұл әулеттің өнегелі тарихы ұстаздық мамандыққа адалдықтың және білім саласындағы ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080151?lang=kk
Ағылшын тілін рэп арқылы үйреткен ұстаз 14.10.2025
Қазіргі цифрландыру дәуірінде және ақпарат ағыны мол заманда мұғалімдер оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін тың әдістерді қолдануы қажет.Осындай жаңашыл ұстаздардың бірі – әлеуметтік желілерде «Мистер Омирбек» атымен танымал ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Өмірбек Жанқуатов. Жас педагог TikTok желісінде жариялаған бейнероликтері арқылы кеңінен танымал болды. Ол бейнематериалдарда мектеп оқушыларын ағылшын тілін музыкалық композициялар арқылы үйретеді.34 жастағы Өмірбек Жанқуатов бұған дейін Алматы облысы Байсерке ауылындағы №28 мектеп-гимназиясында еңбек еткен. Қазіргі таңда ол Іле ауданы Қосөзен ауылындағы мектепте сабақ береді. Оның оқыту тәсілі шығармашылыққа негізделген: сабақ барысында оқушылар ағылшын сөздері мен сөз тіркестерін рэп ырғақтарына қосып жаттайды. Мұндай әдіс білім алу процесін қызықты әрі жеңіл етеді.Өмірбек Жанқуатовтың кәсіби жетістіктері өңірлік деңгейде де жоғары бағаланды. Ол «Қазақстанның үздік мұғалімі» байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды. Жақын арада ұстаз жаңа авторлық бағдарламасын ұсынбақ, оны оқушылар асыға күтуде.Ұстаздық – үздіксіз ізденісті, кәсіби дамуды талап ететін абыройлы мамандық. Өмірбек Жанқуатовтың тәжірибесі шығармашылық пен кәсібилікті ұштастыру арқылы заманауи білім берудің жаңа мүмкіндіктерін ашуға болатынын дәлелдеп отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080154?lang=kk
Алматы облысында робототехниканы дамытқан жаңашыл ұстаз 14.10.2025
Алматы облысының мектептерінде заманауи білім беру әдістері сәтті жүзеге асырылуда. Соның жарқын үлгісінің бірі – педагог Даулешьяр Бақытәлінің еңбегі. Ол арнайы жабдықтары жоқ мектепте өз күшімен робототехника кабинетін ашып, оқушыларды ғылымға баулыды.Ұстаздың бастамасымен «Өнертапқыштар әлемі» клубы құрылды. Клубтың алғашқы ірі жобаларының бірі – ерекше қажеттіліктері бар оқушыға қол протезін жасау болды. Кейіннен бірнеше қол және аяқ протездерінің үлгілері дайындалды.Білім беру саласындағы белсенді еңбегі үшін Даулешьяр Бақытәлі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен марапатқа ие болды.Оқушылардың шығармашылық ізденістері нәтижесінде көптеген бірегей жобалар дүниеге келді. Атап айтқанда: «Автоматты қоқыс жинағыш», «Еден жууға арналған робот», «Робо-күнбағыс», «Көрмейтіндерге арналған көзілдірік», «Бөтелке қайта өңдеу құрылғысы», «Жеткізу дроны», «Робо-дәрігер», «Қазақы стильдегі автокөлік макеті» және басқа да жобалар жасалды.Сонымен қатар, педагог мектептен тыс үйірмелерге арналған арнайы бағдарлама әзірлеп, мұғалімдер мен оқушыларға арналған физика пәні бойынша мобильді қосымша ойлап тапты. Балалармен бірлесіп жасалған жобалар әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, тек өңірде ғана емес, бүкіл ел көлемінде оң пікірге ие болды.Мұндай бастамалар оқушылардың әлеуетін ашуға, олардың ғылыми ізденістерге құштарлығын арттыруға және өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оқушылардың ата-аналары да педагогтың еңбегін жоғары бағалап, оның білімді қызықты әрі түсінікті түрде жеткізе білетінін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080159?lang=kk
Алматы облысының әкімі Мұғалімдер күнімен құттықтады 14.10.2025
Қазан айының алғашқы жексенбісінде елімізде Мұғалімдер күні аталып өтеді. Осыған орай Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен құттықтап, олардың қоғамдағы айрықша рөліне тоқталды."Ұстаз – елдің ертеңін тәрбиелейтін, болашаққа жол сілтейтін ұлы тұлға. Әр баланың жүрегіне білім мен тәрбие нұрын себетін Сіздердің еңбектеріңіз – баға жетпес байлық. Бүгінде еліміздің әрбір жетістігінде, ғылым мен техникада, әрбір іскер азаматтың тағдырында ұстаздың ізі жатыр", – деді аймақ басшысы.Әкім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстаз мәртебесін арттыру жөніндегі бастамаларын атап өтті. Президент: «Егер біз өркениетті ел болғымыз келсе, ең алдымен ұстазға жағдай жасауымыз керек», – деген болатын. Бұл сөздер білім беру саласына жан-жақты қолдау көрсетудің маңызын айқындайды.Бүгінде Алматы облысында 443 мемлекеттік мектепте 359 мыңнан астам бала білім алуда. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушылар саны 7164-ке артқан. Бұл – облыстағы демографиялық өсім мен білім беру жүйесінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, Алматы облысы Түркістаннан кейінгі оқушы саны көп өңірлердің қатарында. Мәселен, Түркістан облысында 466 мыңнан астам оқушы болса, Алматы қаласында – 310 мың, Астанада – 252 мың, Жамбыл облысында – 224 мың бала білім алып жатыр.Алматы облысының әкімі ұстаздар қауымына жас ұрпақ тәрбиесіне қосып жатқан өлшеусіз үлесі үшін алғысын білдірді.«Ұстаз еңбегі – ұлт болашағына салынған ең үлкен инвестиция», – деді ол.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080048?lang=kk
Алматы облысында ұстаз еңбегі мен шәкірт жетістігі білім сапасын арттыруда 14.10.2025
Алматы облысында білім саласын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуеті артып, ұстаздардың кәсіби деңгейі жаңа белеске көтерілуде.«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының арнайы жобасы аясында Кеген ауданындағы Сәдуақас Серкебаев атындағы мектеп-гимназиясы мен Еңбекшіқазақ ауданындағы Жүнісбай Қаипов атындағы орта мектептерінде инфрақұрылым жаңғыртылып, оқушыларға қолайлы жағдай жасалды. Бұл – білім сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі.Облыста 35 мыңнан астам педагог жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келеді. Олардың ішінде 219-ы – «педагог-шебер», 6615-і – «педагог-зерттеуші», 7227-і – «педагог-сарапшы», 11 200-і – «педагог-модератор» санатына ие. Бұл ұстаздардың кәсіби деңгейін айқындайтын маңызды көрсеткіш.Соңғы үш жылда республикалық деңгейде 11 облыс ұстазы «Үздік педагог» атағын иеленді. Мәселен, былтыр Іле ауданынан Қуанған Тәуекел, Еңбекшіқазақ ауданынан Дамира Амарова, Талғар ауданынан Айнұр Джабаева және колледж өндірістік шебері Иманжан Мұқаш үздіктер қатарынан табылып, жалпы құны 3,7 млн теңгелік сертификатқа ие болды. Биыл да 10 педагог республикалық кезеңге жолдама алды.Алматы облысының ұстаздары түрлі республикалық байқауларда да үздік нәтиже көрсетуде. «Педагогикалық идеялар фестивалінде» Әл-Фараби атындағы лицейдің мұғалімі Әбеу Нұргелді І дәрежелі диплом алса, Еңбекшіқазақ ауданынан Меруерт Тлекеева ІІІ дәрежелі диплом иеленді. Ал Ю.Гагарин атындағы №8 лицейдің ұстазы Бағдат Тұрысбекова да жүлдегер атанды.«Алтын тұғыр» математикалық сауаттылық олимпиадасына қатысқан бастауыш сынып мұғалімдерінің 90 пайызы жүлделі орын алып, облыс командасы «Үздік команда» атанды. Сонымен бірге Қарасай ауданынан Қосан Сәния Ержанқызы республикалық «Үздік жыл психологі» байқауында ІІ орынға ие болды.Ұстаз еңбегінің айқын көрінісі – шәкірт табысы. Соңғы үш жылда облыс оқушылары халықаралық деңгейде білім сайыстарында топ жарып жүр. 2022–2023 оқу жылында 11 оқушы, 2023–2024 оқу жылында 22 оқушы, ал 2024–2025 оқу жылында 28 оқушы түрлі халықаралық олимпиадалар мен зияткерлік жарыстарда жеңімпаз атанды.Бұл – ұстаздар еңбегінің жемісі әрі облыс білім беру жүйесінің биік белеске көтерілгенінің айғағы. Жас ұрпақтың осындай жетістіктері болашаққа деген сенімді нығайтып, елдің еңсесін көтереді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1080117?lang=kk
Алматы облысында сыртқы нарықтарға шығуды кеңейтуге мүмкіндік беретін заманауи қойма пайдалануға берілді 14.10.2025
Іле ауданында заманауи қойма кешені іске қосылды. Бұл нысан тек жергілікті экономиканың дамуына ғана емес, бүкіл Алматы облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға да ықпал етпек.Damu Logistics аумағында, Байсерке ауылында салынған нысанның салтанатты ашылуына аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов қатысты.— Халықаралық стандарттарға сәйкес салынған «А» санатындағы жаңа кешеннің жалпы аумағы 13 мың шаршы метрді құрайды. Оның жұмысы жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістік қуаттылықты ұлғайтуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді, — деді аудан әкімі.Қойма автокөлік қосалқы бөлшектерін Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне жеткізумен айналысатын East Motors компаниясына тиесілі. Жаңа нысанның іске қосылуы компанияға Еуропа, Ресей және Таяу Шығыс елдеріне экспорт көлемін арттыруға жол ашады.— Мұндай инфрақұрылымдық нысандардың пайда болуы Іле ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпін беріп, кәсіпкерлік әлеуеттің тұрақты өсіп келе жатқанын айқын көрсетеді, — деп атап өтті Қайыржан Жақсымбетов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1079577?lang=kk
«ASTAUfest-2025» 14.10.2025
Алматы облысы студенттері «ASTAUfest-2025» халықаралық гастрономиялық фестивалінде Гран-при иеленді VI Халықаралық гастрономиялық «ASTAUfest-2025» фестивалінде отандық студенттер жоғары жетістікке жетті.Алматы экономикалық колледжі мен Алматы облысының қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің студенттері «Бас аспаз», «Mastic Show» және «Slow Food» номинациялары бойынша Гран-при мен жүлделі орындарға ие болды. Жарыс нәтижесінде қазақстандық жастардың кәсіби шеберлігі халықаралық деңгейде мойындалып, ұлттық гастрономиялық өнерді дамытуға қосқан үлесі атап өтілді.Фестивальге әлемнің түрлі елдерінен келген қатысушылар бақ сынап, кулинария саласындағы жаңа үрдістер мен инновациялар ұсынылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1079593?lang=kk
Қонаевтың келбеті жаңаруда: тұрғын үй және жол құрылысы 14.10.2025
Қонаев қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Олардың басым бөлігі жеке компаниялардың қаржысына салынуда.Қала әкімі Асхат Бердіханов кезекті рет нысандарды аралап, құрылыс барысымен танысты. Алғашқы нысан – «Самұрық» тұрғын үй кешені. Жоба 11,6 гектар аумақта жүзеге асырылуда. Құрылыс 2029 жылға дейін жалғасады, тартылған инвестиция көлемі – 65 млрд теңге. Қазіргі таңда жобаның бірінші кезеңі орындалуда, оның аясында 160 мың шаршы метрден астам тұрғын үй бой көтереді.Келесі нысан – 10-шы шағынауданда орналасқан «NNS City» тұрғын үй кешені. Тапсырыс беруші – «Али-Нұр транс» ЖШС. Мұнда 21 көпқабатты үй салу көзделген. Қазіргі уақытта төрт үйдің құрылысы аяқталған, алдағы уақытта аула аумағын абаттандыру жұмыстары басталып, одан соң нысандар қолданысқа берілмек.«Инженерлік желілерді уақытылы тарту қажет. Тұрғындар арасында сапаға қатысты шағым болмауы тиіс. Әкімдікпен бірлесе, әрбір қадамды келісіп жұмыс жасаңыздар. Үй салу – жақсы іс, алайда оның сапалы болуы одан да маңызды», – деді Асхат Бердіханов.Бұдан кейін әкім 8–10 шағынаудандардағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан жолдарды қарап шықты. Бұл жерде көше жарығын орнату мәселесі талқыланды. Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиевтің айтуынша, жоба 2026 жылға өтпелі болады. Әкім көше жарығы тұрғындарға барынша ыңғайлы болуы қажеттігін атап өтті. Бүгінде бірқатар жұмыстар аяқталған: тротуар бордюрлары, аялдамалар орнатылып, жолдың кейбір бөлігіне асфальт төселген. Барлық жұмыс қаланың Бас жоспарына сәйкес жүргізілуде.Айта кетейік, биыл Шеңгелді ауылдық округіндегі елдімекендерде жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ «Көшпенділер қалашығына» жаңа жол салынуда, ал «Қарлығаш» ықшамауданында күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда.Жалпы, жыл басынан бері 18 843 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 9,7 млрд теңгені құрады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1079603?lang=kk
Бүгінгі студент – ертеңгі реформатор: Астанада Президент Жолдауы талқыланды 14.10.2025
Елордада Қазақстан халқына арналған Президент Жолдауын талқылау жалғасып жатыр. Осындай кездесулердің бірінде Maqsut Narikbayev University жанындағы Конституциялық және саяси зерттеулер институтының директоры Әлия Оразбаева студенттерге бағдарламалық құжатта белгіленген негізгі міндеттер жөнінде әңгімелеп берді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.Мемлекет басшысының Жолдауын талқылауға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Maqsut Narikbayev University проректоры, PhD докторы Арман Пірзадаев, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының уақытша міндетін атқарушы Даниэль Сержанов, профессор-оқытушылар құрамы, сарапшылар және университет студенттері қатысты.«Президенттің 8 қыркүйекте жариялаған Жолдауы тек стратегиялық бағытты айқындап қана қоймайды, ол Конституциялық және құқықтық кеңістіктегі терең өзгерістерді бекітеді», — деп атап өтті Әлия Оразбаева.Ол конституциялық реформамен, билік жүйесін қайта құрумен және құқықтық жүйені дамыту мәселелерімен тікелей байланысты негізгі басымдықтарға тоқталды.Бірінші басымдық – Парламенттің жаңа форматы. Президент Мәжіліс пен Сенаттан тұратын екі палаталы жүйеден бір палаталы Парламентке көшу мүмкіндігін талқылауды тапсырды. Қазіргі екі деңгейлі құрылым заң жобаларын қабылдау барысында белгілі бір «буфер» қалыптастырады: қоғамға да, сарапшыларға да нақты қай тұста кідіріс туындағанын немесе кімнің жауапты екенін түсіну қиын.Ал бір палаталы модельде мұндай «екі деңгейлі сүзгі» болмайды. Барлық заң жобасы бір палатаның ішінде талқыланып, қабылданады, сондықтан үдеріс қоғам үшін барынша ашық әрі түсінікті болады», – деп түсіндірді институт директоры.Мысал ретінде ол Швеция, Дания, Эстония секілді бір палаталы парламенті бар мемлекеттердің тәжірибесін келтірді.Екінші басымдық – өңірлердің қаржылық дербестігі. Бұл бюджетаралық қатынастарды децентрализациялауды күшейтуді және өкілеттіктерді жергілікті өкілді әрі атқарушы органдарға көбірек беруді білдіреді.«Мұндағы нақты нәтиже неде? Азаматтар өз салықтарының жергілікті жерде қалай жұмсалып жатқанын көре алады және Конституцияда бекітілген құқықтары аясында есеп беруді талап ете алады. Бұл тек биліктің тиімділігін арттырып қана қоймай, қоғамның құқықтық қорғалуын да күшейтеді», – деді ол.Спикер үшінші басымдық ретінде студенттердің назарын Жер кодексі мен цифрлық кадастрға аударды.«Президент: «Жер ресурстары ашық бөлінуі тиіс. Барлық конкурс электронды форматта өтеді», – деп атап көрсетті. Мұндай бастаманың құқықтық маңызы – жариялылық пен тең қолжетімділік қағидатын тікелей заң жүзінде бекіту.Процестерді цифрлық кадастр арқылы автоматтандыру лауазымды тұлғалардың еркін шешім қабылдау мүмкіндігін жояды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады», – деді Әлия Оразбаева.Төртінші басымдық ретінде ол жаңа Салық кодексін атады. Жаңа кодекс қарапайым әрі түсінікті болуы тиіс. Салық нормаларын жеңілдету кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік қысымды азайтып, олардың міндеттемелерін болжамды әрі ашық етеді.Сонымен қатар, жаңа кодекс жергілікті бюджеттерге жеткілікті кіріс көзін қамтамасыз етіп, өңірлер өз функцияларын толыққанды орындай алатындай болуы қажет.«Бесінші басымдық. Президент: «Саланы орнықты, ашық әрі қауіпсіз дамыту үшін берік заңнамалық негізді жаңа Құрылыс кодексі қалыптастыруы тиіс», – деді. Бұл дегеніміз, жаңа Құрылыс кодексі цифрлық жобалауды енгізеді деген сөз. Құрылысты бақылаудың ашық жүйесі жасалады. Ең алдымен, құрылыс сапасы артады, мерзімдері қысқарады. Барлық үдеріс әр кезеңде қатаң қадағаланып отырады.Мектептер, жолдар, ауруханалар – бәрі цифрлық бақылаумен салынады», – деп атап өтті зерттеу институтының басшысы.Сонымен бірге ол Президенттің банк заңнамасы мен цифрлық активтерге қатысты қойған міндеттерін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, «Банктер және банк қызметі туралы» заң нақты секторды несиелеуді қолдау мақсатында өзгереді. Цифрлық активтер мен цифрлық теңге туралы заң қабылданады. «Егер Қазақстан Президент айтқандай цифрлық теңгені кеңінен қолданысқа енгізіп, Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құрса, мемлекет бюджет қаражатын мақсатты бағытта пайдалану құралына ие болады (мысалы, стипендия, жәрдемақы, әлеуметтік жеңілдіктер). Бұл ашықтықты күшейтіп, азаматтардың мемлекеттік бағдарламаларға сенімін арттырады және ең маңыздысы – цифрлық экономикаға инвестиция тартуға жол ашады», – деп түсіндірді спикер.Ол сондай-ақ Президент айқындаған «Заң және тәртіп» қағидаты мемлекеттіліктің мызғымас тірегі екенін атап өтті.Жолдаудағы тағы бір маңызды бағыт ретінде спикер цифрландыру мен жасанды интеллектті атады.«Президент жаңа технологиялар қоғам игілігіне қызмет етуі тиіс екенін ерекше айтты. Оның артықшылықтары көп: мысалы, мемлекеттік қызметтерді жеделдету, құжаттар мен өтініштерді жасанды интеллект арқылы жылдам өңдеу; алгоритмдер адами факторды жояды; ІІ әлеуметтік-экономикалық үдерістерді болжап отырады. Сонымен қатар, заманауи технологиялар елді бизнес үшін тартымды етеді.Цифрландыру және жасанды интеллектіні реттеу бағытымыз үздік әлемдік тәжірибелерге толық сәйкес келеді», — деді Әлия Оразбаева.Сөз соңында ол студенттердің болашақта осы реформаларды жүзеге асыратын мамандар екенін ерекше атап өтті.«Президент Жолдауы – Конституцияны, бюджет және салық нормаларын, жер қатынастарын өзгертетін, жаңа цифрлық стандарттар енгізетін реформалардың жол картасы. Бірақ реформа – бір реттік шара емес, ол үздіксіз үдеріс. Жаңа заңдар қоғамдағы нақты сұранысқа қарай жасалады. Олардың табысты болуы мемлекет, қоғам және жаңа буын мамандарының жауапкершілігіне байланысты. Біздің студенттеріміз – ертеңгі мамандар, болашақ реформаларды жүзеге асыратындар», – деп қорытындылады ол.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1079206?lang=kk
TEDx Халықаралық форумы «Белсенді ұзақ өмір сүру 14.10.2025
2025 жылғы 30 қыркүйек – 1 қазан күндері Алматы қаласы мен Алматы облысында «Белсенді ұзақ өмір сүру: тәжірибе және даму келешегі» атты TEDx халықаралық форумы ұйымдастырылды. Іс-шара Қарттар күніне орайластырылып, елімізде 1 қазанда басталған айлық аясындағы маңызды оқиғалардың бірі болды. Форумды Алматы қаласы мен Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары ұйымдастырды.Форумға Қазақстаннан, Франциядан, Испаниядан, Ресейден, Словакиядан, Болгариядан, Әзербайжаннан, Қырғызстаннан және Өзбекстаннан келген сарапшылар, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, әлеуметтік қызметтердің, ғылыми және медициналық қауымдастықтың өкілдері қатысты. Форумның негізгі мақсаты – халықаралық тәжірибе мен ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, белсенді ұзақ өмір сүру саясатын тиімді дамыту жолдарын айқындау.Форумның ерекшелігі – Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмысы ардагерлер кеңесімен, аналар кеңесімен және отбасы қолдау орталықтарымен үйлестіріліп, кешенді тәсіл қалыптастыруында. Мұндай формат Қазақстанда алғаш рет жергілікті атқарушы органдардың бастамасымен жүзеге асырылды.Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қатысушыларының ғылыми, шығармашылық және қолданбалы еңбектерінің көрмесі өтті. Бағдарлама аясында Алматы қаласы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Б.Ж. Жаубасовтың модераторлығымен пленарлық отырыс өтті. Оған қалалық мәслихат хатшысы М.Б. Отыншиев, депутаттар, «Аманат» партиясының әйелдер қанатының өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік сарапшылар онлайн және офлайн форматта қатысты.Қолөнер бұйымдары көрмесі, «Күміс университет» және «Агрокраудсорсинг» жобаларының тұсаукесері ұйымдастырылды. Сонымен қатар, салауатты өмір салты, әлеуметтік тәжірибелер мен ұрпақаралық ынтымақтастық тақырыптарында пікірталас алаңдары мен нетворкинг-сессиялар өткізілді.Форум қатысушылары Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне және «Алтын адам» музейіне барып, сондай-ақ Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына арнайы экскурсия жасады. Мұнда қолданбалы өнер көрмелері, шеберлік сабақтары және флешмобтар ұйымдастырылды.Форумның екінші күні Алматы облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.М. Ахметованың модераторлығымен пленарлық отырыс жалғасты. Жиында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің директоры А.А. Аймағамбетов, гериатр-профессор А. Ешманова, Ұлттық кооперативтер қауымдастығының президенті К. Шайха, сондай-ақ халықаралық және отандық сарапшылар, соның ішінде онлайн режимде Г. Колосова баяндама жасады. Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген мамандар Алматы қаласы мен облысының Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмысын жоғары бағалап, тәжірибесін өз елдерінде енгізудің маңыздылығын атап өтті.Форумның қорытындысында белсенді ұзақ өмір сүру саясатын дамытуға қатысты негізгі ұсынымдар қамтылған резолюция қабылданды. Сондай-ақ алғыс хаттар табысталып, естелік фотосессия ұйымдастырылды.TEDx «Белсенді ұзақ өмір сүру» халықаралық форумы қариялардың өмір сапасын жақсартуға және белсенді ұзақ өмір сүру мәдениетін дамытуға бағытталған тәжірибе алмасудың маңызды алаңы болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1078991?lang=kk
Инновациялық станоктар, роботтандырылған кешендер және «жасыл» технологиялар: Минскідегі «ИННОПРОМ» көрмесінде Қазақстан ұсынған жаңалықтар 14.10.2025
Минскіде өтіп жатқан «ИННОПРОМ.Беларусь» халықаралық өнеркәсіп көрмесінде қазақстандық компаниялар өндірісті цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу бағытындағы жетістіктерін таныстырды.Ұлттық павильон алаңында өндірістік үдерістердің қауіпсіздігін арттыруға және автоматтандыруға арналған шешімдер көрсетілді. Экспонаттар қатарында – роботтандырылған жүйелер мен «ақылды» құрылғылар бар. Бұл жобалар Мемлекет басшысының барлық салаларға жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі тапсырмалары аясында іске асырылуда.Оның нақты үлгісі – ауылшаруашылық техникасы мен қосалқы бөлшектер шығаратын «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы». Компания сандық бағдарламамен басқарылатын станоктарға көшті: инженерлер 3D-модель жасайды, ал «ақылды» жабдық металлдан дәлдікпен бөлшек дайындайды. Мұндай тәсіл бұрын шетелден сатып алынған күрделі компоненттерді отандық өндірісте шығаруға мүмкіндік беріп, локализация деңгейін 86%-ға жеткізді.Жаңа техника жаһандық сервистік желілерге қосылған, бұл қашықтан диагностика мен баптауды қамтамасыз етеді.«Біз өндірісте роботтандырылған кешендерді енгізіп, жасанды интеллектіні күнделікті жұмысқа қолданып келеміз. Бұл сапаны, жылдамдықты және тиімділікті арттырады. Президент еңбек өнімділігін екі есеге арттыру міндетін қойды, мұны техникалық қуатты жаңартусыз орындау мүмкін емес. Мемлекет машина-трактор паркін жаңартуға қомақты қаражат бөліп отыр. Ал біздің міндетіміз – нарықтағы сұранысты толық қанағаттандыру», – деді корпорация директоры Олег Балыбин.Көрмеде сондай-ақ Орталық Азиядағы жалғыз толық жиынтық рельс бекітпелерін шығаратын роботтандырылған өндіріс ұсынылды. Бұл жобаны «Бент» өнеркәсіптік компаниялар тобы іске асырған. Жаңа өндіріс Қазақстанның теміржол саласын стратегиялық маңызы бар бөлшектермен толық қамтамасыз етіп, бұрынғы импорттық тәуелділікті жойды. Қосалқы бөлшектер Қазақстанда ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейде қолданысқа енген, ал қазір Түрікменстан мен Иранмен келіссөздер жүріп жатыр.«Біз рельс бекітпесінің барлық бес элементін өндіреміз. Бұл үшін роботтандырылған желіні іске қостық. Өндіріс ашылған соң үш айдың ішінде толық қуатқа шықтық», – деді компания директоры Дінмұхаммед Құзиев.Энергия үнемдеу бағытында қазақстандық «Electrologic» контроллері ерекше назар аудартты. Ол металлургия және энергетика саласындағы әлемдік алты үздік «жасыл» жобаның қатарына енді. NU базасында әзірленген бұл шешім 600 өтінімнің ішінен таңдалып, 5,8 млн еуро көлемінде грант алуға үмітті.Бастапқыда технология электрдоғалы пештерді басқаруға қолданылды. Сербия мен Қытайдағы зауыттарда оны енгізу балқыту уақытын екі есеге дейін қысқартып, энергия мен материал шығынын азайтты әрі өнімділікті арттырды. Кейін жүйе электр желілеріндегі шығындарды азайтуға бейімделді. Енді контроллер өнеркәсіп пен коммуналдық секторда да қолданылып, «жасыл» экономикаға көшу құралына айналды.«Біздің регуляторлар металлургияда балқыту уақытын қысқартады: Сербияда – 45 минуттан 26 минутқа, Қытайда – 120 минуттан 65 минутқа дейін. Бұл электр қуаты мен шығынды азайтып, өнімнің өзіндік құнын төмендетеді», – деді жобаның жетекшісі Жанат Жүсіпов.Көрмеде білім беру саласындағы қазақстандық жоба да көрсетілді. Artisan Education компаниясы робототехника мен бағдарламалауды оқытуға арналған бірыңғай білім беру платформасын әзірледі. NU базасында жасалған бұл шешім ауыл мектептеріндегі білікті маман тапшылығы мен материалдық-техникалық қиындықтарды азайтуға бағытталған. LMS-платформа кез келген оқушыға бірдей деңгейде білім алуға мүмкіндік береді: мұғалім кеңесші рөлін атқарады, ал оқушылар интерактивті курстарды меңгеріп, ІІ көмекшінің қолдауымен кодтағы қателерін түзете алады.«Біздің басты мақсатымыз – оқушылар тек теория мен практиканы үйреніп қана қоймай, өз жобасын жасап, оны қорғауға дейін жеткізу. Платформа мектептермен қатар колледждерде де қолданылады. Болашақта университеттерге енгізіп, жас инженерлерді үздіксіз сүйемелдеуді жоспарлап отырмыз», – деді жоба жетекшісі Абай Қакимбек.Сонымен қатар, көрмеде қазақстандық стартап теміржол вагондарын жасанды интеллект арқылы басқаруға арналған цифрлық платформасын таныстырды. Бұл шешім логистиканың тиімділігін арттырып, шығындарды азайтады. Платформа оператор компаниялардың барлық бизнес-үдерістерін біріктіріп, есепті автоматтандырады және деректерді талдайды. Қазір жүйе Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Ресейде қолданыста, 100 мыңнан астам вагон осы бағдарламамен басқарылады.«Біз клиенттерге бос жүрісті 10%-ға қысқартуға көмектестік. Бұл айтарлықтай көрсеткіш. Жасанды интеллект деректерді талдап, вагондарды өтінімдерге өзі бөледі. Соның арқасында әр вагоннан айына қосымша 20 доллар табыс алуға мүмкіндік бар», – деді компания өкілі Ануар Сарсимбинов.Осылайша, «ИННОПРОМ.Беларусь» көрмесінде ұсынылған қазақстандық жобалар елдің цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, «жасыл» технологияларды дамыту және жаңа буын инженерлерін даярлау бағытында нақты қадам жасап отырғанын көрсетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1078490?lang=kk
Инвестициядан – жұмыс орындарына 14.10.2025
Алматы облысы ағымдағы жылдың сегіз айын экономиканың негізгі бағыттарының басым бөлігінде тұрақты оң серпінмен аяқтады.Негізгі жетекші рөл өнеркәсіпке тиесілі: өнім көлемі 1,6 трлн теңгеден асып, өткен жылмен салыстырғанда 8,2%-ға өсті. Бұл өңірдің ірі индустриалды орталық ретіндегі мәртебесін растап, дамудың жүйелі сипатқа ие екенін көрсетеді. Кәсіпорындар өндірісті тұрақты ұлғайтып, жаңа қуаттарды іске қосуда, индустриалды аймақтар қарқынды игерілуде.Ауыл шаруашылығы да өсім көрсетуде. Жалпы өнім көлемі 385,4 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 102%-ға жетті. Өсу қарқыны бірқалыпты болғанымен, аграрлық сектор өңір үшін маңызды сала болып қалып, ауылдық аумақтардың тұрақтылығын қамтамасыз етуде.Құрылыста айтарлықтай серпіліс байқалды. Орындаған жұмыстардың көлемі 219 млрд теңгеден асып, өсім 22,3%-ды құрады. 820 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артық. Бұл тұрғын үй қорын жаңартуға қосылған қомақты үлес әрі демографиялық өсім мен урбанизацияға дер кезінде берілген жауап.Инвестициялар саласында да айтарлықтай нәтижелер бар. Қаңтар–тамыз айларында 620 млрд теңгеге жуық негізгі капиталға инвестиция тартылып, өсім 17%-ды көрсетті. Бұл инвесторлардың сенімін және өңірдің, соның ішінде нақты сектордың дамуына деген қызығушылығын айқындайды.Сауда да жоғары өсімге қол жеткізді — нақты көлем индексі 120%. Бұған логистикалық инфрақұрылымның кеңеюі және әсіресе Ресей мен Қытаймен сыртқы экономикалық байланыстардың жандана түсуі ықпал етті. Көлік қызметтері көлемі 9%-ға өсіп, 328 млрд теңгеге жетті, ал байланыс қызметтері 11,8%-ға артты. Бұл цифрлық технологияларға деген сұраныстың арта түскенін көрсетеді.Сонымен қатар инфляцияға бақылау сақталуда. Тұтыну бағаларының индексі 108,4%-ды құрап, орташа республикалық деңгейден (108,8%) сәл төмен болды. Ең жоғары өсім ақылы қызметтерде байқалды (+11%), алайда азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының бірқалыпты көтерілуі жалпы жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік берді.Қаржылық тәртіп жоғары деңгейде қалуда. Мемлекеттік бюджет кірістері 743,4 млрд теңге жоспарында 99,1%-ға орындалып, 736,6 млрд теңгені құрады. Жергілікті бюджет кірістері жоспардан асыра орындалды (103%), шығыстар 587 млрд теңгеге жетіп, 94%-дан астамы игерілді.Ерекше назарға еңбек нарығы лайық. Сегіз айда 44,3 мың жаңа жұмыс орны ашылды, оның 32 мыңнан астамы — тұрақты. Экономикалық өсім өңір тұрғындарының әл-ауқатына тікелей әсер етіп, тұрақты табыс пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде.Сегіз айдың қорытындылары көрсеткендей: Алматы облысы теңгерімді әрі қарқынды дамып келеді. Өнеркәсіп пен құрылыс өсімнің негізін қаласа, ауыл шаруашылығы тұрақтылықты қамтамасыз етуде, сауда мен қызмет көрсету саласы жедел қарқын алуда, ал инвестициялар өңірдің бизнес үшін тартымдылығын растап отыр. Ең бастысы — жаңа экономикалық жетістіктер жұмыс орындарына және халықтың лайықты өмір сүру деңгейіне айналуда. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1077860?lang=kk
Қонаевта жасанды интеллект технологияларына арналған ауқымды AI WEEK апталығы өтеді 14.10.2025
Қонаев қаласында, Alatau Hub-та 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында жасанды интеллект технологияларына арналған AI WEEK апталығы ұйымдастырылады. Іс-шара өңірдегі IT-мамандарды, кәсіпкерлерді, студенттерді және жаңа технологияларға қызығатын қауымды бір арнаға тоғыстырып, практикалық білім мен тәжірибе алмасуға жағдай жасайды.Апталықтың басты мақсаты - жасанды интеллект құралдарын жергілікті бизнеске, білім беру және креативті индустрияларға барынша жақындату, олардың цифрлық трансформациясын жеделдету, аймақтық технологиялық экожүйені нығайту.  AI Week бағдарламасы әр түрлі форматтағы, практикалық құндылығы жоғары іс-шаралардан тұрады:AI Workshop - жасанды интеллект фаундерлердің күнделікті жұмысын қалай жеңілдететінін көрсететін, нақты кейстерге негізделген тәжірибелік кездесу;AI Bootcamp - генеративті жасанды интеллектінің қыр-сырын ашатын үш күндік қарқынды оқу форматы. Қатысушылар ЖИ негіздерін меңгеріп, нейрондық желілерді өз жұмыстарында (мәтін жазу, сурет жасау, процестерді автоматтандыру) тиімді қолдануды үйренеді;AI Pizza Pitch - еркін форматтағы стартап идеялардың таныстырылымы, пайдалы пікірлер мен жаңа байланыстарға жол ашатын кездесу;AI Speaker Talk - жетекші сарапшылардың қатысуымен өтетін ашық әңгіме алаңы. Мұнда қатысушылар жасанды интеллекттің бүгінгі трендтерімен танысып, нақты кейстерді талқылап, тікелей сұрақ қоя алады.AI Week- бұл өңірлік технологиялық экожүйені дамытуға бағытталған маңызды стратегиялық қадам.Іс-шара жасанды интеллектке қызығатын жастар мен кәсіпкерлер үшін бірегей мүмкіндік береді. Олар тек терең білім алып қана қоймай, саланың үздік мамандарымен тікелей байланыс орнатып, инновациялық қауымдастықтың белсенді бөлігі болуға мүмкіндік алады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1077317?lang=kk
Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы New York Film Academy филиалы ашылды 14.10.2025
Қаскелең қаласында халықаралық мәдени-білім беру ынтымақтастығы саласында маңызды оқиға өтті – Орталық Азиядағы әлемге әйгілі америкалық кино мектебінің алғашқы филиалы – New York Film Academy Kazakhstan салтанатты түрде ашылды. Жаңа кампус Energo University мен Dala Edge креативті паркі базасында құрылды.Іс-шараға New York Film Academy президенті және бас атқарушы директоры Майкл Янг, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, АҚШ-тың ресми өкілдері, сондай-ақ кино және медиа индустриясының қайраткерлері қатысты.Ашылу рәсімінің атмосферасы кинематографиялық стильде ұйымдастырылды: қонақтарды ерекше «дубль түсіру» қойылымы қарсы алды. Салтанат барысында студенттер өнер көрсетіп, АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишель Еркин жаңа оқу орнының мәдени және шығармашылық мәнін атап өтті. Қонақтарға кампустың инфрақұрылымы – кітапхана, дәріс залдары, дыбыс жазу және монтаждау студиялары, сондай-ақ Dala Edge креативті паркі көрсетілді.Студенттер мен қатысушылар үшін халықаралық мамандардың шеберлік сабақтары өткізілді: NYFA режиссері әрі оқытушысы Роб Пьетри, актер және импровизация шебері Марк Мочаби, AR және ойын технологиялары саласының маманы Кевин Кейтон, продюсер әрі режиссер Майкл Хсюэ, клипмейкер және кинорежиссер Ладо Кватания, қазақстандық кинопродюсер Қуаныш Бейсек, Голливуд сценарисі Гүлжан Токтогұл, режиссер және Unreal Engine маманы Болат Ақназаров, визуалды эффектілер бойынша сарапшы Денис Вежновец, сценаристер Санат Шапашов пен Сергей Литовченко, сондай-ақ NYFA актері әрі оқытушысы Тодд Бруно дәріс оқыды.Күн соңында «CIS MEDIA MARKET TOMORROW: CHALLENGES, FOCUS, COMMUNITY» атты панельдік талқылау өтіп, онда аймақтық медианарықтың даму болашағы сөз болды.NYFA президенті Майкл Янг өз сөзінде былай деді:«Біз New York Film Academy-дің Қазақстанда ашылғанына мақтан етеміз. Бұл жай ғана білім беру жобасы емес, аймақ таланттарын біріктіріп, оларды әлемдік кино индустриясына алып шығатын алаң».Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде атап өтті: «Жаңа білім ордасы – Мемлекет басшысының елімізде жетекші әлемдік университеттердің филиалдарын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отырған жоба. Бұл – білім беру мен креативті индустрияның дамуына қуатты серпін беретін, шығармашыл жастарға жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды қадам. Алматы облысы табиғат сұлулығымен ғана емес, бай мәдени мұрасымен де ерекшеленеді.Бұл – жастарға шабыт пен идея беретін сарқылмас қайнар көз. Академияның ашылуы өңірді мәдени әрі технологиялық орталыққа айналдырып, Қазақстаннан ғана емес, шетелден де дарынды студенттерді тартуға ықпал етеді. Бүгінде облыста 2 миллионнан астам тұрғын бар, олардың 30 пайыздан астамын жастар құрайды. Бұл – жаңа білім беру жобалары мен шығармашылық алаңдарға жоғары сұраныс бар екенін көрсетеді.New York Film Academy Kazakhstan кино, медиа және креативті индустрия саласында білікті мамандарды даярлайтын ірі білім ордасына айналып, аймақ пен елдің өркендеуіне зор ықпал етеді деп сенемін.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1076340?lang=kk