Enbekshi QazaQ

Саясат

Талғардағы дәстүрлі «Бақ күні»: әйгілі апорт қайта жанданады 14.10.2025
Алдағы үш жыл ішінде Алматы облысында 110 гектар жерге алма ағашы отырғызылып, әйгілі апорт сорты қайта жаңғыртылмақ. Бұл бастама Мемлекет басшысының апорт алмасын жандандыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асуда. Аталған жоспар Талғар ауданында өткен дәстүрлі «Бақ күні» шарасында жария етілді.Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен өткен форумда бағбандар мен ғалымдар жеміс ағаштарын көбейту, жаңа сұрыптарды енгізу, сондай-ақ заманауи агротехнологияларды пайдалану бағытында пікір алмасты. Шара ғылым, мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді диалог алаңына айналды.Тыныбай Шынтасов, шаруа қожалығының жетекшісі:«Қазақстандағы селекцияның жағдайы, инновацияның жағдайы сәл де болса өзгеріс бар. Оған шүкіршілік айтамыз. Бірақ мына подвой деген дүниеде біз өңкей ескі подвойларды пайдаланып жатырмыз».Форумның басты тақырыбы – әйгілі апортты жандандыру. Осы мақсатта облыста 110 гектар жерге алма көшеттері отырғызылмақ. Ғалымдар сапалы әрі мол өнім алуға ниетті.Теміржан Айтбаев, Қазақстан жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:«Біздің институтымыз Президент басқармасының қолдауымен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының қолдауымен осы биылдан бастап апортты жандандыру үлкен жобасын жүзеге асырып жатыр».Қазіргі таңда Алматы облысы елімізде жеміс-жидек пен көкөніс өндірісі бойынша екінші орында. Өңір ішкі нарықтың 16 пайызын қамтамасыз етеді.Бақытнұр Бақытұлы, облыс әкімінің орынбасары:«Алматы облысы бойынша 12 мың гектардан астам жер осы бақ бағытында жұмыс атқарылып жатыр. Жаңа технологияларды қосу аясында 1 гектардан 15 тоннадан 45 тоннаға дейін өнімділікті көтеруге мүмкіндік қарастырылып жатыр».Конференция соңында елдегі селекциялық геноқорды дамытуға қатысты нақты ұсыныстар қамтылған қарар қабылданды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1071713?lang=kk
Атырау облысында «World Clean Up Day» аясында 150 тонна қоқыс шығарылды 14.10.2025
Атырау облысында «World Clean Up Day» дүниежүзілік тазалық күніне орай кең ауқымды экологиялық сенбілік өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.Акцияға аймақтың атқарушы органдары, кәсіпорындар, еріктілер, жастар ұйымдары, экобелсенділер мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылып, аудан және ауылдық округтерді қоса алғанда барлығы 10 мыңнан аса адам қатысты.Тазалық жұмыстары «Самал» ықшамауданынан «Сарыөзекке» дейінгі аумақты және «Атырау» ықшамауданы жанындағы айналма көпір маңын қамтыды. Сондай-ақ әр аудан экоакцияға қатысып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 150 тоннадай қоқыс жиналып, арнайы полигондарға шығарылды.«World Clean Up Day» — жыл сайын бүкіл әлем бойынша 180-нен астам елде өтетін халықаралық экологиялық қозғалыс. Акцияға 18 миллионнан астам ерікті қатысып, табиғи аумақтарды қоқыстан тазартады. Елде дәстүрлі сенбілік қыркүйек айының үшінші сенбісінде ұйымдастырылады.Іс-шараны Атырау облысы әкімдігі мен Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1071807?lang=kk
Астанада Алматы облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді 🌾 14.10.2025
📅 27–28 қыркүйек📍 «Қарқалы» ипподромыАлматы облысының тауар өндірушілері елорда тұрғындары мен қонақтарына 178 тонна өнімді ұсынады. Жәрмеңкеде ет пен сүттен бастап көкөніс пен жеміс-жидекке дейінгі түрлі өнімдер қолжетімді болады.🥩 Ет және құс еті — 13,3 т🥛 Сүт өнімдері — 1,6 т🥔 Картоп — 21,6 т🧅 Пияз — 25 т🥬 Көкөністер — 24,4 т🍎 Жеміс-жидек пен алма — 23 т🛒 Басқа да өнімдер — 47,7 тБарлық тауарлар елордалық базарлардағы орташа бағадан 15% төмен бағамен сатылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1071547?lang=kk
ҚР жаңа Салық кодексі ҚР резиденттері үшін БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерінен жеке табыс салығын ұстауды жояды БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар 14.10.2025
1. Қазіргі уақытта Қазақстанда зейнетақының қай бөлігіне салық салынады, ал қайсысына салық салынбайды?Қазақстанда мемлекеттік бюджеттен берілетін зейнетақы төлемдеріне салық салынбайды, ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін төлемдерге салық салынады. Қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері төлем көзінен 10% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы (ЖТС) салынатын кіріске жатады.  Яғни, зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шоттарына салық салынғанға дейін аударылады. Ал ЖТС төлемдер жасалған кезде ұсталады. ЖТС міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен жиынтық түрде ұсталады. Бұл ретте түзету және салық шегерімдерінің сомалары ескеріледі.  Алайда, бұл норма тек 2025 жылдың соңына дейін күшінде болады. Естеріңізге сала кетейік, жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді және оған сәйкес БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінен ЖТС ұсталмайды.2. ҚР жаңа Салық кодексіне зейнетақы төлемдеріне салынатын жеке табыс салығына (ЖТС) қатысты қандай өзгерістер енгізілді? ҚР жаңа Салық кодексіне сәйкес, алушы Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмайтын жағдайларды қоспағанда, 01.01.2026ж. бастап жеке табыс салығы (ЖТС) зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен, сондай-ақ тұрғын үйге және/немесе емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінен (БЗТ) ұсталмайды. Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үйге/емделуге БЗТ алып, одан ЖТС төлеу міндеттемесін кесте бойынша зейнетақы төлемдерін алғанға дейін кейінге қалдырғандар, ол міндеттемеден босатылады.3. 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ұсталған ЖТС қайтарыла ма? Жаңа Салық кодексінің ережелерінде бұрын ұсталған ЖТС-ты қайтару көзделмеген. Қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес тұрғын үйге/емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану кезінде ЖТС ұстау көзделген. Бұл ретте алушының таңдауына ЖТС ұстап қалудың екі жолы ұсынылады: БЗТ алған кезде бірден немесе зейнеткерлікке шыққанға дейін кейінге қалдыру. 01.01.2026 ж. бастап жаңа Салық кодексінің енгізілуіне байланысты салымшы ЖТС-ты бұған дейін төлеп қойған болса, ол қайтарылмайды. Ал кейінге қалдырылған ЖТС бойынша міндеттемелердің күші жойылады.   Айта кетейік, 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінен және біржолғы зейнетақы төлемдерінен ЖТС есептеу, ұстап қалу және төлеу қолданыстағы режимде жүзеге асырылатын болады.4. Егер алушы зейнеткерлік жасқа жеткен және ЖТС төлеп отырған жағдайда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ЖТС ұстап қалу жалғастырыла ма?           Жаңа Салық кодексінің ережелері 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне БЖЗҚ-дан жүзеге асырылатын зейнетақы төлемдерін қоспағанда, БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері, біржолғы зейнетақы төлемдері түріндегі кірістерді жеке табыс салығынан босатуды көздейді.5. Ерікті зейнетақы жарналары бойынша салық шегерімдері туралы норма қалай өзгереді?Өзгерістер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз пайдасына жасалған ерікті зейнетақы жарналары бойынша салық шегерімдерін жоюды қамтиды. Алайда, БЖЗҚ-дан берілетін төлемдердің басқа түрлері сияқты ЕЗЖ есебінен жасалатын төлемдер де ЖТС-тан босатылады. Бұл ретте салық агентінің БЖЗҚ-ға қызметкердің пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары жеке тұлғаның табысы болып саналмайтындықтан, оған ЖТС салынбайды, ал жұмыс беруші үшін мұндай шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерілуге жатады деген норма сақталады. Яғни, бұл жағдайда қызметкер де, жұмыс беруші де салық жеңілдіктерін алады.БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).   Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1074903?lang=kk
Алматы–Қонаев трассасындағы полигон өрті: ауа сапасы бақылауда 13.10.2025
Алматы–Қонаев автожолының 35-шақырымындағы тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан өртке байланысты жақын маңдағы елді мекендерде ауа сапасына санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізілді.15–16 қыркүйек күндері 288 сынама алынып, олардың бір бөлігінде шекті мәннен асып кеткен көрсеткіштер анықталды. Осыған орай тұрғындарға, әсіресе балалар мен қарттарға және тыныс алу жолдарының созылмалы ауруы бар адамдарға алдын алу шараларын сақтау жөнінде нұсқаулық берілді.17 қыркүйекте сол нүктелерде жүргізілген қайта тексерулер нормаларға сай нәтижелер көрсетті. Қазіргі таңда ауа сапасы желдің бағытына байланысты тұрақты түрде қадағалануда.Маңыздысы, 15–17 қыркүйек аралығында улану жағдайлары тіркелмеген және медициналық мекемелерге шағымданғандар болмаған. Зардап шеккендер жоқ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1069907?lang=kk
Алматы облысында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінім қабылдау басталды 16.09.2025
Алматы облысында жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінімдер қабылдау басталды. Биыл бұл бастама аясында 10 жас 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай қолдауға ие болады.​Жастардың тың идеялары мен креативті бастамаларын жүзеге асыруға жол ашатын мүмкіндік - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы жариялаған бастамасы аясында қолға алынған. Грант еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тағайындалып, жыл сайын дарынды да белсенді жастарға жаңа серпін беруді көздейді.​«Гранттың мақсаты – өңіріміздегі шығармашыл әрі белсенді жастарды қолдау, олардың ел дамуына қосатын үлесін арттыру. Бұл – бір реттік қолдау емес, жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға бағытталған жүйелі қадам», — деді Алматы облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мади Ахметов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.​Алматы облысында аталмыш грантқа үміткер болуға ниетті 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтар өз жобаларын ұсына алады. Қатысушының өңір тұрғыны болуы – басты талаптардың бірі.​Жоба бес бағытты қамтиды. Ғылым саласында – зерттеулер мен тың идеяларға негізделген ғылыми жобалар қолдау табады. Мәдениет бағыты бойынша ұлттық мұраны дәріптеуге бағытталған бастамаларға басымдық берілмек. Сонымен қатар ақпараттық технологиялар саласында жаңашыл IT шешімдер мен стартаптар, бизнес бағыты бойынша кәсіпкерлік идеялар, ал медиа саласында жастарға арналған пайдалы әрі мазмұнды контент жобалары қарастырылады.​Конкурс екі кезеңнен тұрады. Алдымен, қатысушылардың құжаттары қабылданып, талаптарға сәйкестігі тексеріледі. Одан кейін, жобалар арнайы конкурстық комиссияның қарауына ұсынылып, жеңімпаздар іріктеледі.​Бұл грант жастардың өз әлеуетін жүзеге асыруына тың серпін. Гранттың мәні тек қаржылай қолдауда емес. Бұл – жастарға сенім білдірудің, оларды ел дамуына қатыстырудың нақты жолы. Мемлекеттің болашағы – жаңа буынның белсенділігі мен жаңашылдығына тікелей байланысты, – деді спикер.​Өтінімдер 17 қыркүйектен басталып, 2025 жылдың 10 қазанына дейін қабылданады. Құжаттар almobl.t.urpaktary@gmail.com электронды поштасына немесе аудандық және қалалық Жастар ресурстық орталықтары арқылы тапсырылады. Қосымша ақпаратты +7 (707) 950-35-13 нөмірі арқылы білуге болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1068897?lang=kk
Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда 16.09.2025
Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Әсіресе атап өтерлігі – жақын маңдағы елді мекендер мен тұрғындарға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.Өртті сөндіруге Алматы облысы мен Алматы қаласының ТЖД-нің шамамен 150 қызметкері және 70-тен астам техникасы, сондай-ақ Ұзынағаш ауылындағы 28237 әскери бөлімі, «Қазселденқорғау» мекемесі, Алматы қаласы ТЖМ Құтқару қызметі, полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған.Қосымша күш ретінде ТЖМ тарапынан өртке қарсы сорғы станциялары, апаттық-құтқару көліктері, бульдозерлер, тралдар және басқа да арнайы техникалар жіберілуде.Өрт ошағының бір бөлігі тереңде орналасқан: жану тек беткі қабатта ғана емес, қалдықтардың ішінде, шамамен 10 метрге дейінгі тереңдікте жүріп жатыр, сондықтан түтіндеп жану әлі де сақталуда. Полигонның ішіндегі жоғары температура ұзақ уақыт бықсып жануға себеп болып отыр. Қалдықтардың ұзақ ыдырауы барысында бөлінетін метан да үздіксіз ішкі жануды күшейтеді.Сонымен қатар, полигон беті тұрақсыз болғандықтан, опырылу қаупі бар, осыған байланысты ауыр техниканың қозғалу мүмкіндігі шектеулі.Жағдай Алматы облысының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылауында. Жақын маңға өрттің тарау қаупі жоқ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1068854?lang=kk
Алматы облысында егін жинау науқаны аяқталуға жақындады 16.09.2025
Алматы облысында егін жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 103 мың гектардан астам дәнді дақыл орылып, бұл жалпы алқаптың 65 пайызын құрайды. Қамбаға 191,7 мың тоннадан астам астық түсті.Негізгі үлесті бидай мен арпа алады. Атап айтқанда, 34,5 мың гектар алқаптан 55 мың тонна бидай жиналды. Орташа өнімділік гектарына 16 центнерді құрады. Ал арпа 62,5 мың гектардан бастырылып, 107,8 мың тонна өнім алынды. Орташа түсім гектарына 17,2 центнер болды.Сонымен қатар жүгері жинау жалғасуда. Қазіргі таңда 3 мың гектар (6 пайыз) алқаптан 22 мың тоннадан астам өнім алынды. Бұл дақылдың орташа өнімділігі гектарына 74 центнерден асты.Картоп пен көкөніс те мол өнім беруде. Бүгінге дейін 116,6 мың тонна картоп, сондай-ақ 347,1 мың тонна көкөніс пен бақша дақылдары жиналды. Орташа өнімділік тиісінше гектарына 204 және 263 центнерді құрады.Ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, ауа райының құбылмалығына қарамастан, науқан жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Мәселен, Балқаш ауданында мал азығын дайындау жұмыстары жүйелі жолға қойылған. «Өтес-Ақдала» шаруашылығында 400 гектардан астам жоңышқа алқабы бар. Екінші орым толық аяқталды, алдағы уақытта үшінші орымға кірісу көзделуде.Шаруашылық жетекшісі Марат Дүйсенов өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Ол қажет болған жағдайда өзі трактор немесе комбайн тізгіндейді. Заманауи техника – неміс комбайны, престеу жабдықтары және тракторлар уақытылы жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұдан бөлек, шаруашылықта 386 гектарға күріш егілген. Биылғы ыстық жаз егіннің өсуіне қолайлы болды.Мамандардың айтуынша, алдағы апталарда облыстағы барлық егіс алқаптары толық жиналып, жұмыстар толық аяқталатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1068831?lang=kk
Алматы облысының Жалағаш ауылында жаңа Мәдениет үйі ашылды 15.09.2025
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Кеген ауданына барып, Жалағаш ауылында жаңа Мәдениет үйінің ашылу салтанатына қатысты.Салтанатты шарада аймақ басшысы жаңа нысанның ауыл тұрғындарының рухани және мәдени өміріндегі маңызын атап өтті:«Жаңа Мәдениет үйі – өнер мен руханияттың ордасы, жастардың дарынын ашып, шығармашылыққа шабыт беретін мекен болады деп сенеміз. Бүгінде облыста 294 мәдени нысан жұмыс істейді. Биыл олардың 24-інде құрылыс, күрделі және ағымдағы жөндеу, сондай-ақ жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде 9 ғимарат салынды, 5 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалды, 6 нысан жөнделіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар 4 кітапхана жаңғыртылды», – деді Марат Сұлтанғазиев.Жаңа Мәдениет үйі ауылдағы ескі ғимараттың орнына тұрғызылды. Бұрынғы нысан 1959 жылы пайдалануға берілген болатын, онда небәрі 4 қызметкер еңбек етті. Қазіргі заманауи талаптарға сай салынған жаңа ғимарат бірқатар мәселені шешті. Енді Мәдениет үйінде 250 адамға дейін шара өткізуге мүмкіндік бар. Мұнда 8 қызметкер жұмыс істейді, оның төртеуі – мәдениет саласының мамандары. Сондай-ақ үйірмелер саны 10-ға дейін артты, бұл ауыл жастарының өнер мен шығармашылықпен айналысуына кең мүмкіндік береді.«Жаңа Мәдениет үйі ауыл тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандырып, жастарды мәдениетке тартып, ауыл өмірін жаңғыртуға жол ашады. Қымбатты жерлестер, бұл жаңа мәдени орталық ауылымызға жаңа серпін мен мүмкіндік береді. Мәдениет – мемлекеттің басты құндылықтарының бірі. Өнер мен мәдениетке арнал­ған осы орталық ауылымыздың дамуына зор үлес қосып, сіздерге қуаныш пен рухани азық сыйласын. Қасиетті шаңырағымыз құтты болсын!» – деді облыс әкімі.Салтанат соңында аймақ басшысы Мәдениет үйінің кілтін табыстады. Жалағаш ауылының құрметті ақсақалы Нұраш Бейсенбайұлы да сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын тарихи оқиғамен құттықтап, аудан және ауыл әкімдеріне алғысын білдірді:«Бүгінгі қуаныш құтты болсын! Шаңырағы биік, босағасы берік, есігі ашық болсын. Ауылымыз бірлікте болсын. Халқы өскен ел бір-бірін батыр дейді. Біз де елімізді басқарған азаматтарымызды қолдауымыз керек. Осы ауылдан Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Димаш Құдайберген сынды алыптар шықсын», – деді ол.Жалағаш ауылындағы Мәдениет үйінің ашылуы – өңірдің мәдени инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі. Биыл Алматы облысында ауыл тұрғындарының шығармашылық әлеуетін арттыруға арналған бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1068178?lang=kk
Alatau City-де K Park мәдени-іскерлік орталығының іргетасы қаланды 15.09.2025
Жаңа Alatau City қаласында K Park мәдени-іскерлік орталығының алғашқы іргетасы қаланды. Жоба Қазақстандағы корейлердің қоныстанғанына 90 жыл толуына орай қолға алынып, достық пен алғыс, мәдени ынтымақтастықтың символына айналмақ.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бұл оқиғаның маңыздылығын атап өтті:«Бүгін біз архитектура мен табиғатты, естелік пен құрметті тоғыстыратын кеңістіктің негізін қаладық. Бұл орталық жаңа мегаполистің дамуының бір бөлігі болып, жайлы қала ортасы мен ашықтықты үйлестірмек. K Park тұрғындар мен қонақтар үшін тартымды орынға айналып, қоғамдағы үйлесім мен өзара құрметті нығайтады», — деді ол.K Park жеке инвестиция есебінен Golden District аймағында бой көтереді. 10 гектар аумақты қамтитын кешенде демалыс аймақтары, этномәдени кеңістіктер, кітапхана, мұражай, балалар алаңдары, жазғы кинотеатр, қысқы мұз айдыны және спорттық жолдар қарастырылған. Негізгі нысан – Монумент алғыс, ол қазақ халқының тарихи кезеңдерде қоныс аударушыларға көрсеткен қолдауының белгісіне айналмақ.Сонымен қатар, тарихи реконструкция аймағында дәстүрлі корей үйі – ханок қайта тұрғызылып, «Коре сарам» интерактивті алаңы арқылы қонақтар корей қауымының тарихы мен мәдениетімен таныса алады.Мамандардың болжамынша, парк жылына 3,5 миллионға дейін келушіні қабылдай алады. Инфрақұрылымында автотұрақ, фудкорттар, электромобильдерге арналған қуаттау бекеттері мен намаз оқитын орындар қарастырылады. Ал архитектуралық шешімдердің дәстүрге сай болуын Оңтүстік Кореядан келген зерттеу тобы қадағалайды.Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов та жобаның мәнін ерекше атап өтті:«Бүгін біз адамдардың, мәдениеттердің және ұрпақтардың бірлігін бейнелейтін іргетас қаладық. Бұл парк тарихи тамыр мен өзара құрметтің маңызын еске салып тұрады», — деді ол.K Park-тың ашылуы 2027 жылдың күзіне жоспарланып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1067811?lang=kk
Кеген орман шаруашылығының жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді 15.09.2025
Алматы облысында Кеген орман шаруашылығының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, сала қызметкерлері мен аудан тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтады.Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экология саласында қойған міндеттері орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуды көздейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі бағыттардың бірі.«Бүгінгі шара – тек ғимараттың ашылуы ғана емес, қоршаған ортаны қорғау жолындағы нақты қадам. Бұл еліміздің орман шаруашылығын жаңа деңгейге шығарады. Кеген орман шаруашылығының тарихы бай. 1946 жылдан бері ұжым ормандарды қорғау, сақтау және көбейту ісінде аянбай еңбек етіп келеді. Жаңа әкімшілік ғимарат – мемлекеттің қолдауының айқын мысалы. Заманауи ғимарат мамандарға кәсіби міндеттерін жоғары деңгейде орындауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл табиғатты қорғау саласындағы жаңа бастамаларға жол ашады», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.Кеген орман шаруашылығы 1946 жылы құрылған. Бүгінде оның қызметкерлері ормандарды қорғау, қалпына келтіру және көбейту жұмыстарымен айналысады. Ұжымда 109 адам еңбек етеді. Жаңа екі қабатты ғимараттың аумағы – 440,1 шаршы метр, жобаның құны – 414,4 млн теңге.Орман шаруашылығы қызметкерлері атынан алғысын Қарқара орманшылығының орманшысы Ренат Алпысбаев білдірді. Ол орманшылар жасыл желектердің көлемін арттыруға бар күш-жігерін жұмсайтынын атап өтті.Сала ардагері Кенжебек Досайбеков те әріптестерін құттықтап:«Бүгін ескі ғимараттың орнында сәулеті жарасқан еңселі ғимарат бой көтерді. Осы шаңырақта көптеген ізгі бастамалар туындайтынына, орман өсіру мен орман қорғау саласында жаңа идеялар жүзеге асатынына сенімдімін. Еңбектеріңіз жемісті болып, жаңа ғимараттарыңыз құтты болсын», – деді.Облыстық басқарманың мәліметінше, бүгінде өңірде орман шаруашылықтарының қарамағында шамамен 89 мың гектар жер бар, оның 27 мың гектарын орман алқабы құрайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1067791?lang=kk
«Sergek» зияткерлік жүйесі өңірде іске қосылды 15.09.2025
Облыста қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды «Sergek» зияткерлік жүйесін енгізу жобасы басталды.Бүгінгі таңда жүйе толықтай іске қосылған: барлық камералар тәулік бойы жұмыс істейді, бұл өңір аумағындағы жағдайды үнемі бақылауға мүмкіндік береді.Жоба аясында:• 325 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылды,• автомобиль жолдарын, аула аумақтарын және қоғамдық кеңістіктерді қамтитын 9 000-нан астам бейнебақылау камерасы орнатылды,• бұрын бейнебақылау болмаған 32 шалғай елді мекенге жүйе енгізілді.Жүйені енгізуден күтілетін нәтижелер:🔹 қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейін 40%-ға дейін төмендету,🔹 жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітім санын 50%-дан астам қысқарту.«Sergek» — заманауи бейнебақылау технологияларын және жасанды интеллектіні біріктіретін жүйе. Ол нақты уақыт режимінде жағдайды бақылауға және кез келген оқиғаға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, бұл өңірдегі қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1067656?lang=kk
«Ақ бидай – 2025» ауыл спорты ойындары салтанатты түрде ашылды 15.09.2025
Алматы облысында ауыл спортының ең ірі додаларының бірі – «Ақ бидай – 2025» республикалық ойындары басталды.Салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар, бапкерлер және спорт сүйер қауым жиналды. Биылғы ойындар он күнге созылып, ауылдық жерлерден шыққан дарынды спортшыларға өз мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашады.Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ақ бидай» турнирінің басты мақсаты – ауыл жастары арасынан үздіктерді іріктеп, олардың кәсіби спортқа жол табуына ықпал ету. Жарыс бағдарламасына 20 спорт түрі енгізілген.Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым да қатысушыларға сәттілік тілеп, ауыл спортының ел болашағы үшін маңызын атап өтті.«Баршаңызды республикалық VIII «Ақ бидай – 2025» ауыл спорт ойындарының ашылуымен құттықтаймын! «Ақ бидай» – ауыл спортының дамуына серпін беретін, салауатты өмір салтын қалыптастыруға жол ашатын ерекше мүмкіндік. Биылғы жарысқа еліміздің барлық өңірінен 18 жастан асқан үш мыңға жуық ауыл спортшысы қатысып отыр. Бұл дода тек спорттық шеберлікті шыңдап қана қоймай, ынтымақ пен достықты нығайтуға қызмет етеді», – деді ол.Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамытуға қатысты тапсырмаларын атап өтіп, Алматы облысында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Өңірде 25 мыңнан астам спортшы 67 спорт түрімен айналысады. Тек биылдың өзінде жергілікті спортшылар халықаралық және республикалық жарыстарда 1336 медаль жеңіп алған.Айта кетейік, «Ақ бидай – 2025» ойындары өңірлер арасындағы спорттық ынтымақтастықты нығайтып, ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануына ықпал етпек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1067387?lang=kk
Өңірде жылыту маусымына дайындық жұмыстары қазан айына дейін толық аяқталады 12.09.2025
Алматы облысында 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталуда. Өңірде қазандықтар мен жылу желілеріне жөндеу жүргізіліп, жаңа қазандықтар салынуда, көмір мен сұйық отын жеткізіліп жатыр.Орталықтандырылған жылумен қамту Іле, Талғар, Балқаш, Еңбекшіқазақ және Қарасай аудандарында, сондай-ақ Қонаев пен Алатау қалаларында жұмыс істейді. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 176 шақырым. Облыста 18 қазандық пен жалпы жылу қуаттылығы 457,5 Гкал болатын 66 блок-модульді қазандық бар.2065 көпқабатты тұрғын үйдің 1371-і (66,4%) жылумен қамтылған. Әлеуметтік салада 51 нысан (4,7%) орталықтандырылған жылумен жабдықталған. Қалған нысандар автономды қазандықтар мен баламалы отын түрлерін пайдаланады: газ – 29,7%, сұйық отын – 36,8%, қатты отын – 23,8%.Дайындық жұмыстары мамыр айында басталған. Халық пен әлеуметтік нысандарға отын жеткізу көлемдері бекітілген. Халықтың көмірге қажеттілігі – 696 мың тонна, ал әлеуметтік нысандарға 13,4 миллион литр сұйық және 4,6 мың тонна қатты отын қарастырылған. Бүгінде жеткізу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде.Жылу және электр желілері жаңартылып жатыр. Суық түскенге дейін 2,7 шақырым жылу желісін ауыстыру жоспарланған, оның 83%-ы қазірдің өзінде жаңартылды. Барлығы 18 орталықтандырылған және 81 блок-модульді қазандық дайындалады, оның ішінде 15-і жаңа. Еңбекшіқазақ ауданында 3, Талғар ауданында 12 блок-модульді қазандық салынды.Сонымен қатар, 30 қазандық жөндеуден өтті, оның ішінде 5-і күрделі, 25-і ағымдағы жөндеуден өтті.Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту басым бағыттардың бірі болып қала береді. 148 қосалқы станса мен 1 626 шақырым электр желісін қайта жаңарту жоспарланған. Оның ішінде 391 шақырымы бюджет есебінен (Алатау, Іле және Талғар аудандарында), ал 1 235 шақырымы энергия кәсіпорындарының қаражаты есебінен, соның ішінде «АЖК» АҚ тарапынан қаржыландырылады. Бұл жобаларды іске асыру желілердің тозу деңгейін 72%-дан 66%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.Дайындық пен іске қосу-реттеу жұмыстары биылғы жылдың қазан айына дейін толық аяқталмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1066374?lang=kk
Райымбек ауданында мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі 11.09.2025
Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Қызылшекара ауылындағы К. Байшығанұлы атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалады. 1979 жылы салынған бұл білім ошағы осы уақытқа дейін бірде-бір рет толық жаңартудан өтпеген.Мектептің жобалық қуаттылығы – 640 орын. Жалпы аумағы – 3254 шаршы метр, жер телімі 5,2 гектарды құрайды. Білім ордасында 38 мұғалім қызмет етеді, қазіргі таңда 227 оқушы білім алуда. Сондай-ақ мектеп жанында шағын орталық жұмыс істейді.Аудан әкімінің орынбасары Жанарбек Жантөреұлының айтуынша, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткен. Жобаның жалпы құны 1 млрд 600 млн теңгені құрайды.— «Мектеп 1979 жылы салынған, содан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Биыл оқушылар саны 25 балаға артты. Бұл – жергілікті тұрғындармен қатар қоныс аударған азаматтар мен шекара қызметінің әскери қызметкерлерінің балалары есебінен көбейіп отыр. Сондықтан күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуі аса қажет», — деді аудан әкімінің орынбасары.Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев жергілікті атқарушы органдарға мектеп ғимаратын тиімді пайдалану мәселесін қарастыруды тапсырды.— «Күрделі жөндеу жұмыстары білім беру сапасын арттыруға және оқу процесінің жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Дегенмен ғимараттың көлемі өте үлкен. Жобалық қуаты 640 орынға есептелгенімен, қазіргі оқушылар саны әлдеқайда аз. Сондықтан бос тұрған бөлмелерді халық игілігіне жарайтындай етіп бейімдеп, тиімді пайдалану қажет», — деп атап өтті өңір басшысы. Жоспарланған жөндеу жұмыстары Қызылшекара ауылының әлеуметтік дамуына және білім беру саласының сапасын көтеруге елеулі үлес қоспақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1066361?lang=kk
Нарынқол шекара отрядының әскери қызметшілері жаңа баспанаға ие болды 11.09.2025
Райымбек ауданында шекара қызметі қызметкерлеріне арналған жаңа тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Салтанатты түрде пәтер кілттері Нарынқол шекара отрядында табысталды.Тұрғын үйлердің құрылысы 2024 жылдың қараша айында басталып, биыл толық аяқталды. Әрбір пәтердің ауданы – 70 шаршы метр, заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Жобаның жалпы құны 124,3 млн теңгені құрады, қаржыландыру облыс әкімдігінің қаражаты есебінен қамтамасыз етілді.Шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Ол әскери қызметкерлерді жаңа баспанамен құттықтап, бұл мемлекет тарапынан ел тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғап жүрген азаматтарға көрсетілген қамқорлықтың айқын көрінісі екенін атап өтті.— "Бүгін біз тек пәтер кілттерін емес, сонымен қатар мемлекеттің және халықтың ризашылығы мен сенімін тапсырып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, шекарашылар – мемлекеттіліктің берік тірегі. Бұл үйлер – сіздердің адал еңбектеріңіздің және мінсіз қызметтеріңіздің жемісі. Жаңа жағдайлар отбастарыңыздың берік негізіне айналып, табысты болашаққа жол ашады деп сенемін", — деді облыс әкімі.Нарынқол шекара отрядының бастығы, подполковник Айдос Айтахуновтың айтуынша, жаңа үйлердің салынуы шекара қызметінің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған кең ауқымды жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Бұл жұмыстарды Алматы облысы мен Райымбек ауданы әкімдіктері бірлесіп жүзеге асыруда.— "Бұған дейін мұнда тұрғын үйлер болғанымен, жаңа үйлер заманауи стандарттарға толық сай салынды. Бүгін алты отбасы жаңа пәтермен қамтамасыз етілді, кілттерді оларға облыс әкімі мен шекара қызметінің басшылығы жеке табыстады. Жобаны іске асыруға атсалысқан барша азаматтарға алғыс білдіреміз", — деді Айдос Айтахунов.Жаңа тұрғын үйлер әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, олардың қызметтік міндеттерін сапалы орындауына да қосымша мүмкіндік береді.Айта кетейік, Нарынқол шекара отрядының жауапкершілік аймағы Қырғыз Республикасымен шектесетін 61 шақырымды және Қытай Халық Республикасымен шектесетін 50 шақырымды қамтиды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1066177?lang=kk
Облыстық маңызы бар «Нарынқол – Сүмбе» жолы мерзімінен бұрын жөнделеді 11.09.2025
Алматы облысында облыстық маңызы бар «Нарынқол – Сүмбе» автожолының жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталуда. Жұмысшылар қар түспей тұрып үлгеруге тырысуда.Жөндеу жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында басталып, жоспар бойынша 2025 жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс еді. Мердігер компанияның мәліметінше, жолшылар жұмысты белгіленген мерзімнен ерте бітіреді.L-VESA құрылыс компаниясы директорының орынбасары Алексей Фоминнің айтуынша, бүгінде жөндеу жұмыстарының басым бөлігі аяқталған:«Біз «Нарынқол – Сүмбе» жолына орташа жөндеу жүргізіп жатырмыз. Жөндеуден өтетін учаскенің жалпы ұзындығы – 38 шақырым. Қазіргі уақытта 11 шақырымы ғана қалды. Жаңа жабынның қалыңдығы – 6 сантиметр. Жұмысты осы айда аяқтауды жоспарлап отырмыз. Нысанда 18 жұмысшы және грейдер, самосвалдар мен ескі асфальтты қырып, жаңасын төсеуге арналған 8 арнайы техника жұмылдырылған».Жобаның жалпы құны 1,9 млрд теңгені құрайды. Жөндеу жұмыстарының сапасы мен барысына «КазАрт-Құрылысы» ЖШС техникалық қадағалау жүргізуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1066154?lang=kk
Ауыл шаруашылығының дамуы 11.09.2025
Алматы облысында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінде өңірде 29,0 мың ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі жұмыс істейді. Оның ішінде:1490 – заңды тұлға,845 – жеке кәсіпкер,26 696 – шаруа қожалығы.Ағымдағы жылы саланы қолдауға 27,7 млрд теңге субсидия бөлінді.Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 283,8 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі – 103,3%, оның ішінде:өсімдік шаруашылығы – 47,9 млрд теңге (НКИ – 107,8%),мал шаруашылығы – 235,7 млрд теңге (НКИ – 102,4%).Облыс жалпы республикалық ауыл шаруашылығы өндірісінде 11,8% үлеспен 2-орында тұр.2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жер көлемі 434,1 мың гектарды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,2 мың гектарға артық. Оның ішінде:дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 171,7 мың га,жүгері – 50,8 мың га,күріш – 6,0 мың га,майлы дақылдар – 32,2 мың га,картоп – 10,4 мың га,көкөніс – 15,8 мың га,бақша дақылдары – 2,3 мың га,мал азықтық дақылдар – 201,4 мың га.Тыңайтқыш және тұқым шаруашылығы2024–2028 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес облысқа 60,8 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Бүгінде 45,3 мың тоннасы алынды (74,5%).Сондай-ақ, облыста 20 тұқым өсіруші және 9 тұқым өткізуші жұмыс істейді. 2025 жылғы өнімге 63,0 мың тонна тұқым қоры дайындалған.2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын 186,6 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. 2025 жылы 50 мың гектарға енгізу межеленген. Қазірдің өзінде 22 318 гектарда (оның ішінде тамшылатып суару – 11 123 га, жаңбырлатып суару – 11 195 га) жаңа технологиялар қолданылуда.Ірі қара мал саны 617,8 мың басқа жетіп, 41,7%-ға артты. Қой мен ешкі – 2,7 млн бас, жылқы – 247,6 мың бас, құс – 9,5 млн басқа жетті.Өндірілген өнім көлемі:ет – 143,0 мың тонна,сүт – 162,8 мың тонна,тауық жұмыртқасы – 276,9 млн дана.Облыс республикада ет өндірісі бойынша – 1 орында (14,0%), құс еті өндірісі бойынша да – көшбасшы (30,0%).2025–2027 жылдарға арналған Жол картасы шеңберінде құны 317,2 млрд теңге болатын 36 жоба іске асырылуда, нәтижесінде 734 тұрақты жұмыс орны ашылады. Биылғы жылы 33,5 млрд теңгеге 17 жоба жүзеге асырылады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1065870?lang=kk
Алматы облысы цифрлық трансформация қарқынын күшейтуде 10.09.2025
Алматы облысы елдегі цифрлық трансформацияға қарқын беріп отырған жетекші өңірлердің бірі саналады. Бұл бағыт өңірде қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатқан нақты жобалар арқылы дәлелденуде.Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары» атты Жолдауын талқылауға арналған кеңейтілген отырыста өңірде жүріп жатқан өзгерістер мен алдағы жоспарлар жан-жақты қаралды. Жиынға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев төрағалық етті.Өңірде Алатау қаласының инновациялық инфрақұрылымы салынуда, жерді спутниктік бақылау енгізілуде, жасанды интеллект құрылыс алаңдарында және су ресурстарын басқару жүйесінде қолданыла бастады. Сонымен қатар, өнеркәсіп, логистика, туризм және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары дамуда. Бұл Президент Жолдауында көрсетілген цифрландыру мен инновацияға деген басымдықпен толық үйлеседі.Негізгі басымдық – инвестиция тарту. Бірнеше айдың ішінде өңірге жарты триллион теңгеден астам қаражат тартылды. Жыл қорытындысымен бұл көрсеткіш 1 триллион теңгеге жуықтайды деп күтілуде. Әкім Марат Сұлтанғазиев атап өткендей, инвесторлар үшін ең бастысы – ашық ережелер, жедел шешім қабылдау және кооперация алаңдарының болуы. Бұл міндеттерді Alatau АЭА мен «Қонаев» ӘКК жүзеге асырады.Алатау қаласы инновациялар орталығы әрі бүкіл облыс үшін «цифрлық полигон» ретінде қарастырылуда. Мұнда бас жоспар бекітілді, шағынаудандар қалыптасты. Болашақта қалаға ерекше мәртебе беріліп, өзгеше юрисдикция қарастырылмақ. Алатауда сынақтан өткен шешімдер ертең бүкіл өңірде, тіпті ел көлемінде енгізілуі мүмкін: «ақылды» ТКШ-дан бастап басқарудың цифрлық платформаларына дейін.Өңірдің экономикалық іргетасы энергетика мен инфрақұрылымды дамыту арқылы нығаюда. Күн және жел электр станцияларын салу бойынша ірі меморандумдарға қол қойылды. Бұл Мемлекет басшысы қойған энергетикалық қауіпсіздік міндеттеріне толық сәйкес келеді.Көлік-логистика саласында Алматы торабының жүктемесін азайтуға басымдық берілген. «Жетіген – Қазыбек бек» теміржол желісі салынып жатыр, заманауи көлік-логистикалық хаб пен жаңа логистикалық парктер құрылуда. Автожолдарға қатысты нақты межеге қол жеткізу жоспарланған – кемінде 95 пайызы жақсы немесе қанағаттанарлық жағдайда болуы тиіс.Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев атап өткендей, агросекторда негізгі басымдық – дәлме-дәл егіншілік пен суды тиімді пайдалану. Тозған желілер үлкен шығынға әкелуде. Осыған байланысты өңірде арналарды қайта жаңғырту, заманауи суару технологияларын енгізу және пайдаланылмай жатқан жерлерді қайта айналымға қайтару шаралары жүзеге асырылуда.– Мемлекет басшысы атап өткендей, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері инвестиция мен жұмыспен қамтудың орталығына айналуы тиіс. 2026 жылдың ортасына дейін қайтарылған барлық жерлер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілуі қажет, – деді Рустам Исатаев.Бұл міндеттерді шешуде дрондар, спутниктер мен жасанды интеллект күнделікті бақылаудың тиімді құралына айналып келеді.Өңір әлеуметтік салада да цифрлық дәуірге қадам басуда. «Болашақ мектептері» салынып, жасанды интеллектке басымдық берілген білім беру жүйесі қалыптасуда. Жаңа медициналық мекемелер ашылып, әлеуметтік көмек нақты мұқтаж жандарға бағытталуда. Тұрғын үй құрылысы қолжетімділікке бағдарланса, коммуналдық қызметтер «ақылды» жүйеге біріктірілуде – таза сумен қамтудан бастап газдандыруға дейін.Президент атап өткендей, туризм – экономиканың маңызды драйвері. Алматы облысында осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде, әсіресе тау кластерін дамытуға ерекше көңіл бөлінген.– Қазіргі таңда тау кластерін инженерлік инфрақұрылыммен және көлік қолжетімділігімен қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. «Ой-Қарағай» курортына газ құбыры тартылуда, сыртқы электрмен жабдықтау жобалары әзірленуде, туристік базаларға жол салу жоспарланған. Мұның барлығы туристер ағынын жылына 850 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді «Ақ Бұлақ» шипажайының директоры Сұңқар Искаков.Қазірдің өзінде туристер саны артып келеді, жаңа курорттар салынып, инфрақұрылым жүргізілуде. Туризм жаңа жұмыс орындарын құрып, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты табыс көзіне айналып отыр.Осылайша, Алматы облысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген стратегиялық міндеттердің аясында жасанды интеллект дәуіріне батыл қадам жасауда. Цифрлық Алатау, жасыл энергетика, заманауи жолдар, жаңа мектептер мен медициналық нысандар, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы мен ТКШ-дағы «ақылды» технологиялар – өңірдің алдағы жылдардағы басты бағыты болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1065604?lang=kk
Алматы облысында жасанды интеллектті сынақтан өткізу – цифрландырудың жаңа қадамы 10.09.2025
Алматы облысында өңірлік Alatau Hub базасында жасанды интеллект жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл бастама Алматы облысының Цифрлық технологиялар басқармасы мен Alatau Hub бірлесіп жүзеге асыруда. Экожүйені дамытуға және цифрлық шешімдерді құруға хабтың резиденттері де қатысуда.Жасанды интеллект жүйесі (шартты атауы - Qonaev AI) сынақтық режимде жұмыс істеуде. Қазіргі кезеңде модельдер мен алгоритмдер Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасының деректері негізінде пилотты режимде жұмыс жасауда. Жоба дамуына қарай басқа басқармалар мен аудандық және қалалық әкімдіктердің ақпараттық базаларын интеграциялау арқылы функционалды біртіндеп кеңейту жоспарлануда.Барлық деректерді өңдеу және сақтау үдерістері Alatau Hub базасында орналасқан жергілікті инфрақұрылымда жүзеге асырылады. Бұл жүйенің сенімділігін, бақылануын және ақпараттық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта серверлік қуаттарды ұлғайту және қосымша дереккөздерді біріктіру, сондай-ақ ақпаратты қорғаудың барлық талаптарын сақтау қарастырылған.Жобаның жеке даму бағыты - жасанды интеллект технологияларын қолдану болып табылады. Бұл жобалық есептеулерді жеделдетуге, ресурстарды тиімді пайдалануға, сапаны бақылауға және инновациялық шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді. Бірыңғай деректер базасын құру өңірдің инфрақұрылымдық дамуының тиімділігін арттыруға маңызды қадам болмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1065223?lang=kk