Enbekshi QazaQ

Экономика

Павлодар облысында индустриалды парк салу жоспарлануда 30.06.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанқұлов және «Xinfa Group» Басқарма төрағасының орынбасары Чжао Тинъюньмен кездесу өтті.Кездесу барысында тараптар Павлодар облысында индустриалды парк салу жобасын іске асыру мәселесін талқылады. Жоспарланып отырған инвестиция көлемі 15 млрд АҚШ долл. құрайды, ал құрылатын жұмыс орындарының саны 10 мыңға жетеді.Келіссөздер барысында Ғ.Оспанқұлов мемлекеттік қолдау шаралары, салық жеңілдіктері және еліміздің инвестициялық ахуалының артықшылықтары туралы ақпарат берді.Xinfa Group өкілдері индустриалды парк бокситтерді өңдеуге, алюминий, электролиттік мыс, сода күлі, көміртекті материалдар, фторхимиялық өнімдер және экологиялық таза құрылыс материалдарын өндіруге маманданатын болады. Сондай-ақ электр станциялары (ГРЭС), көмір химиясына және энергетикалық инфрақұрылым салаларындағы жобаларды дамыту мүмкіндігі қарастырылуда.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара қызығушылықтарын растады және Павлодар облысында индустриалды парк салу жөніндегі инвестициялық жобаның жоғары әлеуетін атап өтті.«Xinfa» компаниялар тобы – электр энергиясын өндіру, жылумен қамту, алюминий тотығын өндіру, электролиттік алюминий, алюминийді терең өңдеу, поливинилхлорид, каустикалық сода және экологиялық таза құрылыс материалдарын өндіру, сондай-ақ заманауи ауыл шаруашылығы сияқты салаларды қамтитын заманауи, ірі өнеркәсіптік холдинг.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1232426?lang=ru
Мемлекет басшысы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясына барды 30.06.2026
Алматы облысы, Талғар ауданыПрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі бірегей спорт жобасы – «Атлетико де Мадрид Қазақстан» халықаралық деңгейдегі футбол академиясының қызметімен танысты.Мемлекет басшысы академияның 180 балаға арналған жатақханасын аралап көрді. Қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген 116 бала жаттығады. Академия ойыншыларын испандық бапкерлер іріктеп, оған Қазақстанның барлық өңірінен 4 мыңнан аса бала қатысты. Орталықта жас футболшылардың толыққанды оқу үдерісіне, жаттығулары мен жеке даярлығына барлық жағдай жасалған. Қасым-Жомарт Тоқаевқа академияны дамыту және спорттық инфрақұрылымды кеңейту жоспары көрсетілді. Осы орайда жасанды көгалы бар екі ашық футбол алаңын, 500 орындық жабық манеж және әкімшілік-тұрмыстық кешеннің жаңа ғимаратын салу көзделген.Президентке академия орнын таңдауда балаларды шыңдай түсетін табиғат факторлары ескерілгені айтылды. Алматы облысының Талғар ауданындағы таудың таза ауасы мен жағымды климат бала ағзасының тез қалпына келуіне септігін тигізеді.  Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жабындысы FIFA талаптарына сай келетін футбол алаңын көрді, сондай-ақ допты игеру техникасы мен испан әдістемесі бойынша командалық іс-қимыл дағдыларын пысықтауға кіріскен жас футболшылардың жаттығуын тамашалады.Мемлекет басшысы академия өрендерімен жылы рәуіште әңгімелесті. Кездесуден естелік ретінде футбол добына қолтаңба қалдырды.Іс-шараға Испанияның Қазақстандағы елшісі Луис Франсиско Мартинес Монтес, «Атлетико Мадрид» футбол клубы директорлар кеңесінің мүшесі Давид Вилья, аталған клубтың академия істері және халықаралық даму жөніндегі директорының орынбасары Мария Тереса Кириви қатысты. www.akorda.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1233033?lang=ru
Облыс экономикасының барлық базалық салаларында оң нәтиже бар 30.06.2026
Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және жыл соңына дейінгі міндеттері тақырыбына арналған облыс әкімдігінің отырысы өтті.2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша облыс экономикасының барлық базалық салаларында оң нәтижелерге қол жеткізілді.«Жүк және жолаушылар тасымалының көлемі 11,1%-ға, сауда көлемі 8,5%-ға, құрылыс жұмыстары 4,8%-ға, өнеркәсіп өндірісі 2,5%-ға, ауыл шаруашылығы 2,4%-ға, инвестициялар көлемі 1,2%-ға өсті. Оның ішінде жеке инвестициялар 10,6%-ға артты. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі өткен жылдың деңгейінде сақталды», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.Өңдеу өнеркәсібі секторындағы зауыттар мен фабрикалар тұрақты жұмыс істеуде. Аталған саладағы өндіріс көлемі 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9%-ға ұлғайды.Көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу аясында облыс бойынша 173 млрд теңге бөлінеді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,4 есе жоғары.Облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары «Кең Дала 2» бағдарламасы бойынша 86,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 1,5 есе артты.Азық-түлік корпорациясының форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 16 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылғы деңгейден 3 есе көп.«Аграрлық сала өкілдері өткен аптада жауған мол жауын-шашынға ерекше қуанышты. Денисов ауданындағы «Фрунзенское» ЖШС аумағында 60 мм, Федоров ауданындағы «Гранд» ЖШС-де 44 мм, Ұзынкөл ауданындағы «Олжа Ряжское» ЖШС-де 20 мм, ал Қамысты ауданындағы «ПКФ «Қайрат» ЖШС-де 15 мм жауын-шашын түсті. Түскен ылғал қоры алдағы бірнеше аптаға жеткілікті болады деп күтілуде», – деді аймақ басшысы.Ветеринариялық қызметтердің жұмысы күшейтілді. Биыл бұл мақсатқа мемлекеттен 5,6 млрд теңге бөлінді. Оның есебінен 122 ветеринариялық пункт пен 78 мал қорымы салынады.Сонымен қатар, биыл облыстың 16 қаласы мен ауданында 1034 пәтер сатып алынып, әлеуметтік жағынан осал санаттағы кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Бұл мақсатқа 18 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.Өткен жылы 10,4 млрд теңгеге 548 пәтер берілген болатын. Көрсеткіш шамамен екі есеге өсті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1233039?lang=ru
СҮТ ТУРЫ: Қостанай облысындағы 13 сүт-тауарлы фермасы жобасының 4-еуі Алтынсарин ауданында жүзеге асырылып жатыр 30.06.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Алтынсарин ауданына жұмыс сапарымен барып, агроөнеркәсіп кешеніндегі ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.Жұмыс сапары барысында облыс әкімі сүт-тауарлы мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалардың іске асырылуымен, көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысып, ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті.«Мемлекет Басшысы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз өз өндірісіміздің көлемін ұлғайтуымыз қажет», – деді облыс әкімі.Осы мақсатта өткен жылы қуаттылығы 46 мың тонна болатын 7 заманауи сүт-тауар фермасы пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта жалпы қуаттылығы 34 мың тонна болатын тағы осындай 6 ферма салынып жатыр, оның 5-і биыл іске қосылады.Жобаларға салынған инвестицияның жалпы көлемі 49,3 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде 220-дан астам жаңа жұмыс орны ашылды, ал алдағы уақытта тағы 210 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.Айта кету керек, облыста жүзеге асырылып жатқан 13 сүт-тауар фермасының 4-еуі дәл осы Алтынсарин ауданында.Бүгінгі таңда «Тапаев Т.Б.» және «Ахметов Т.Б.» шаруа қожалықтарының фермалары пайдалануға берілді. Ал «Қуанышбаев К.М.» шаруа қожалығы мен «Дукас» ЖШС сүт-тауарлы фермалары салынып жатыр.Сапардың алғашқы нысаны – Обаған ауылындағы «Дукас 2020» ЖШС-нің салынып жатқан сүт-тауар фермасы. Жобаның жалпы құны 3 млрд 270 млн теңгені құрайды. Оның ішінде 300 млн теңге кәсіпорынның меншікті қаражаты болса, 2 млрд 970 млн теңге «Тобыл» ӘКК» АҚ-ның қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылған. Жоба бойынша симментал тұқымды 400 бас ірі қара мал ұсталады. Ферма пайдалануға берілгеннен кейін жылына 3 200 тонна сүт өндіріліп, 25 жаңа жұмыс орны ашылады.Келесі нысан – Большой Чураков ауылының сыртындағы «Ахметов Т.Б.» шаруа қожалығының сүт-тауарлы фермасы. Жобаның жалпы құны 3,6 млрд теңгеден асады. Оның ішінде 386 млн теңге – меншікті қаражат, 3 млрд теңге – «Тобыл» ӘКК» АҚ-ның қарыз қаражаты және 232,8 млн теңге – екінші деңгейлі банктер арқылы тартылған қаржы. Жоба аясында 400 бас сауын табынына арналған ферма құрылып, голштин-фриз тұқымды ірі қара мал сатып алу көзделген. Жыл сайын 2 500 тонна сүт өндіру жоспарланып отыр. Кәсіпорында 26 жаңа жұмыс орны ашылады.Тағы бір ірі жоба – Новоалексеев ауылындағы «Қуанышбаев Қ.М.» шаруа қожалығы жүзеге асырып жатқан сүт-тауарлы фермасының құрылысы. Жобаның жалпы құны 3,1 млрд теңгеден асады. Оның ішінде 311 млн теңге – шаруашылықтың меншікті қаражаты, ал 2,8 млрд теңге – «Тобыл» ӘКК» АҚ-ның қарыз қаражаты. Ферма 400 бас симментал тұқымды ірі қара малға есептелген. Жобалық қуаттылығы жылына 2 800 тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 26 жаңа жұмыс орны ашылады. Шаруа қожалығының басшысы Гүлнар Қуанышбаеваның айтуынша, құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың басында аяқтау жоспарланған.«Аймағымызда 13 сүт-тауар фермасы толық жобалық қуатына шыққан кезде ұйымдасқан шаруашылықтардағы сүт өндірісі екі есеге жуық артып, 85 мың тоннадан 165 мың тоннаға дейін жетеді. Сонымен қатар сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 75%-дан 86%-ға дейін өседі», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.Ал Алтынсарин ауданында барлық 4 сүт-тауар фермасы толық іске қосылғаннан кейін және жобалық қуатқа шыққан соң, аудандағы сүт өндірісі жылына 6,7 мың тоннадан 19,3 мың тоннаға дейін ұлғайып, 2,9 есеге артады. Мұның барлығы ауыл шаруашылығы саласының дамуына тың серпін беріп, халықты азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етуге және облыс экономикасын нығайтуға мүмкіндік береді.Жұмыс сапары барысында өңір басшысы «Олжа Беляевка» ЖШС-нің егіс алқаптарын аралап, көктемгі дала жұмыстарының жүргізілу барысымен танысты. Алтынсарин ауданының әкімі Арнұр Сартов өсімдік шаруашылығындағы қазіргі жағдай, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етілуі және егіс науқанының өту барысы жөнінде баяндады.Сондай-ақ, облыс әкіміне «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы да ақпарат берілді.Сапар қорытындысы бойынша аймақ басшысы сүт-тауарлы мал шаруашылығын дамыту өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Атап айтқанда, заманауи сүт-тауар фермаларын іске қосу сапалы өнім көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және облыстың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1233796?lang=ru
Қазақстан мен Кипр: Кипр Президентінің Астанаға алғашқы ресми сапары аясында екіжақты ынтымақтастық нығайтылуда 30.06.2026
Астана, 2026 жылғы 3 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Кипр Республикасы Президенті Никос Христодулидистің Қазақстанға алғашқы ресми сапары аясында Кипрдің Сыртқы істер министрі Константинос Комбоспен келіссөздер өткізді.Тараптар аталған сапардың тарихи маңызын атап өтіп, оның Қазақстан мен Кипр арасындағы қатынастардың дамуындағы жаңа кезеңді бастап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға деген өзара мүдделілікті растайтынын жеткізді.Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, іскерлік байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ цифрландыру, туризм және білім беру салаларындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды.Сонымен қатар сыртқы саяси ведомстволардың басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, халықаралық құқық қағидаттары мен БҰҰ Жарғысына бейілділіктерін растады.Сұхбаттастар Астана – Ларнака және Алматы – Ларнака бағыттары бойынша алғашқы тікелей әуе рейстерінің іске қосылуын құптады. Бұл қадам туристік, іскерлік және гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге маңызды серпін береді.Келіссөздер қорытындысында министрлер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кипр Президенті Никос Христодулидис арасындағы кездесулер нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастардың одан әрі дамуына қосымша серпін беретініне сенім білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1233833?lang=ru
Астанада Кипр Республикасының Елшілігін ашу салтанаты өтті 30.06.2026
Астана, 2026 жылғы 3 маусым – Кипр Республикасы Президенті Никос Христодулидистің Қазақстан Республикасына алғашқы ресми сапары аясында Астанада Кипр Республикасы Елшілігінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл оқиға Қазақстан мен Кипр арасындағы екіжақты қатынастардың дамуындағы маңызды белес болды.Қазақстандағы Кипр Елшілігі – Никосияның Орталық Азиядағы алғашқы дипломатиялық өкілдігі. Бұл қадам Қазақстанның өңірдегі Кипрдің маңызды серіктесі ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді әрі сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Кипрдің Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, Елшіліктің ашылуы Орталық Азия мен Жерорта теңізі өңірі арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға ықпал ететінін айтты.Өз кезегінде Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Константинос Комбос Кипрдің өңірдегі алғашқы дипломатиялық өкілдігінің ашылуының маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дәйекті түрде дамитынына сенім білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1233850?lang=ru
Алматы облысында дәрігерлер босандыру кезінде алты ісікті алып тастап, әйелдің жатырын сақтап қалды 30.06.2026
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында жатырдың көптік миомасы диагнозы қойылған 35 жастағы әйелге күрделі операция сәтті жасалды. Жоспарлы кесарь тілігі кезінде дәрігерлер нәрестені аман-есен босандырып, бір мезетте жатырдағы алты миома түйінін алып тастады. Күрделі хирургиялық араласу барысында дәрігерлер жатырды сақтап қалды.Облыс тұрғынында жатыр миомасы жүктіліктің ерте кезеңінде анықталған. Соған қарамастан дәрігерлердің тұрақты бақылауының арқасында әйел жүктілікті 37 аптаға дейін сәтті көтеріп шыққан.Жүктілік мерзімі толық жеткеннен кейін мамандар жоспарлы түрде операциялық жолмен босандыру туралы шешім қабылдады. Алдымен дені сау сәби дүниеге келіп, одан кейін миомэктомия жасалды.Операция барысында көлемі 4-тен 10 сантиметрге дейін жететін алты миома түйіні алынды. Оған үш акушер-гинеколог қатысты.Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Гүлжаһан Жұмадуллаеваның айтуынша, жатыр миомасы әйелдің ана атану мүмкіндігін шектемейді, алайда мұндай жағдайда мамандардың тұрақты бақылауы қажет.«Әрбір жағдай жеке қарастырылады. Сондықтан әйелдер гинекологтың тұрақты бақылауында болып, уақытылы тексерулерден өтіп, жүктілікті жоспарлау мәселесін дәрігермен алдын ала талқылағаны жөн. Ерте диагностика мен дұрыс таңдалған емдеу тактикасы репродуктивтік денсаулықты сақтап, ана атануға мүмкіндік береді», – деді Гүлжаһан Жұмадуллаева.Медициналық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілді. Дәрігерлердің айтуынша, заманауи емдеу әдістері мен мамандардың үйлесімді жұмысы күрделі клиникалық жағдайларда да оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1233911?lang=ru
Қостанайда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері талқыланды 30.06.2026
Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасында өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған кездесу өтті. Іс-шараға Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, кәсіпкерлік саласының өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.Кездесудің негізгі мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, бизнесті кеңейту мүмкіндіктерін қарастыру және кәсіпкер әйелдердің тәжірибе алмасуына жағдай жасау болды.Жиын барысында мемлекеттік қолдау құралдары, кәсіпкерлік жобаларды іске асырудың тиімді тетіктері, бизнесті ауқымдандыру жолдары және өңірлер арасындағы серіктестікті нығайту мәселелері талқыланды. Қатысушылар кәсіпкерлік қызметті дамытуда тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталып, жаңа серіктестік байланыстар орнату мүмкіндіктерін қарастырды.Іс-шара аясында әйелдер кәсіпкерлігін дамытудағы табысты тәжірибелер таныстырылып, шағын бизнесті тұрақты әрі бәсекеге қабілетті кәсіпорын деңгейіне жеткізуге бағытталған қолдау шаралары сөз болды. Сонымен қатар кәсіпкерлердің білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылын күшейту, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау және кадрлық әлеуетті арттыру мәселелері көтерілді.Кездесуге қатысушылар қазіргі қоғамдағы әйелдердің экономикалық белсенділігінің артып келе жатқанын атап өтіп, олардың кәсіпкерлік, басқарушылық және қоғамдық қызметтегі рөлінің маңыздылығын талқылады.Жиын қорытындысында өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту, кәсіпкер әйелдерді қолдауға бағытталған бастамаларды жүзеге асыру және жаңа бірлескен жобаларды қолға алу жөнінде ұсыныстар айтылды. Мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және өңірдегі кәсіпкерлік ортаның дамуына оң ықпал ететіні атап өтілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1233942?lang=ru
Алматы облысында Мемлекеттік рәміздер ұлықталды 30.06.2026
Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Алматы облысында патриоттық рух пен сүйіспеншілік сезімін оятатын мазмұнды шаралар легі толастаған жоқ. Солардың бірі Қонаев қаласындағы орталық алаңда өтті. Шара барысында арнайы тікұшақ Көк Туымызды көк аспанда қалықтатып, жиналған қауымның рухын оятты. Әнұранымыз әуелете шырқалып, Елтаңбаның тәуелсіздігіміздің символы ретіндегі мән-маңызы насихатталды. Мемлекеттік қызметкерлер ант қабылдап, облыстың даму жолында аянбай еңбек еткен жандар марапатталды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Салтанатты жиында Мемлекеттік Тудың әуеде қалықтаған әсерлі сәті ерекше есте қалды. Қонаев аспанында желбіреген Көк байрағымыз тәуелсіз елдің асқақ болмысын, береке-бірлігі мен жарқын болашаққа деген сенімін айқын көрсетті. Жиналған қауымның бойында мақтаныш сезімін оятып, Мемлекеттік рәміздерге деген құрметін одан әрі арттыра түсті.Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.«1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ресми түрде бекітіліп, шежіреміздің жаңа парағы ашылды. Шәкен Ниязбековтің айбынды Көк Туы мен Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтың бірегей Елтаңбасы, кейіннен Шәмші Қалдаяқовтың әуезді әнімен толыққан Әнұранымыз ұлттық болмысымыз бен азаттық рухымыздың мәңгілік символына айналды.Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары, мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді», – деп рәміздердің маңыздылығына ерекше тоқталған болатын.Биылғы мерекенің біз үшін маңызы тіптен ерекше, себебі еліміз жалпыхалықтық референдумда қабылдаған Жаңа Конституцияның қағидаттарына сүйене отырып, дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Жаңарған Ата Заңымыз – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы мемлекетіміздің егемендігі мен тұтастығының басты кепілі. Осыған орай, «Рәміздер рухы – Конституция күші» жалпыұлттық патриоттық акциясы аясында қоғамда ұлттық рух бекемделіп, Ата Заң мен рәміздерге деген құрмет мәдениеті жаңа деңгейге көтерілуде.Мемлекеттік рәміздерімізде бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін құдыретті күш бар. Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын нышандарымыздың мәртебесі арта берсін», – деді аймақ басшысы.Сондай-ақ өңір дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматты Мемлекеттік наградамен марапаттады. Солардың бірі – 40 жылға жуық уақыт бойы білім саласында еңбек еткен, Қарасай ауданы Шалқар орта мектебінің директоры Бану Аманова. «Бүгінгі Мемлекеттік рәміздер күнінде «Құрмет» орденімен марапатталу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл менің ғана емес, білім саласына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан барлық әріптестерімнің, барлық ұстаздардың еңбегі деп бағалаймын. Осы қажырлы еңбегімізді елеп-ескеріп жатқан Президентімізге, облыс әкімдігіне, облыстық білім басқармасына алғысым шексіз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын. Көк Туымыз, Әнұранымыз бен Елтаңбамыз Отанымызбен бірге мәңгі жасасын. Еліміздің даңқы асқақтай берсін», – деді марапат иесі.Шара барысында мемлекеттік қызметтің түрлі бағытында еңбек жолын бастаған мамандар елге адал қызмет етіп, Конституция заңдарын берік сақтауға салтанатты түрде ант берді. Осылайша, егемендік айшығы болған Мемлекеттік рәміздер күні Алматы облысында мәні терең, көңілге рухани серпіліс сыйлайтын мазмұнды шаралармен жоғары деңгейде аталып өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1234335?lang=ru
Алматы облысында жаздағы ең ірі әуе фестивалі өтеді 30.06.2026
6 - 7 маусым күндері Алматы облысының Қаскелең қаласында халықаралық Qazaqstan International Balloon Festival әуе шарлары фестивалі өтеді. Фестиваль барысында 30-дан астам әуе шары бір мезетте көкке көтеріліп, аэростаттармен ұшу мүмкіндігі туады. Ұзындығы 15 метрге дейін жететін алып әуе батпырауықтарының шоуы, фудкорттар, кемпинг пен бүкіл отбасыға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалары қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.Іс-шараның ең әсерлі сәті әуе шарларының бір мезетте аспанға көтерілуі болмақ. Қонақтар аэростатпен ұшып, Іле Алатауының бөктері мен Қаскелеңнің көркем табиғатын құс көзінен тамашалай алады. Кешкі бағдарлама да мазмұнды болмақ. 6 маусым күні сахна төрінде DJ King Macarella өнер көрсетсе, 7 маусымда аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің концерті мен танымал қазақстандық әнші Мирас Жүгінісовтің ән кеші өтеді.Балаларға арналған аймақта шеберлік сабақтары, батуттар және анимациялық бағдарламалар өткізіледі.Ұйымдастырушылар ғашық жандарға да ерекше мүмкіндік қарастырып отыр. Әуе шарымен ұшу кезінде сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасауға болады.Билет құны 5 мың теңгеден басталады. 5 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Қонақтарға қолайлы болу үшін Алматы қаласынан трансфер, автотұрақ және шатырлы лагерь ұйымдастырылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1234417?lang=ru
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың ҚР Мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтауы 30.06.2026
Құрметті қостанайлықтар!Ардақты жерлестер!Сіздерді 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын!Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – Тәуелсіздіктің тұғыры, ұлттық рухымыздың символы. Қазақта «Туы бірдің – түбі бір, жолы бірдің – жүгі бір» деген сөз бар. Еліміздегі түрлі этнос өкілдері көк байрақтың астында тұтасып, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бізді көк паспортымыз, реформалардың жасампаз қуатына деген ортақ мақсат пен мызғымас сенім біріктіреді.Осы бағыттағы маңызды тарихи қадамдардың бірі – 15 наурыздағы жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған жаңа Конституция.  Ата Заң – мемлекет тұрақтылығының кепілі, ел бірлігінің берік негізі. Конституцияда айқындалған басты құндылықтар – адам құқығы, заң мен тәртіп, әлеуметтік әділдік және жауапты азаматтық қағидаттары бүгінде мемлекеттік саясаттың өзегіне айналды.Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біздің мүддеміз де, жолымыз да, мұратымыз да – ортақ. Бұл – Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру. Конституция арқылы заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етіп, береке-бірлігімізді сақтап, нығайта берсек, кез келген биікті бағындырамыз, – деп атап өтті. Қостанай облысында да ауқымды өзгерістерді кезең-кезеңімен қолға алып жатырмыз, бұны даму қарқынынан анық байқауға болады.Мемлекет басшысы ел экономикасының жыл сайынғы өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық міндетті белгіледі. Соңғы екі жыл бойы біз бұл тапсырманы дәйекті түрде орындап, тұрақты оң динамика көрсетіп келеміз.Мәселен, 2024 жылы экономика өсімі белгіленген 6 пайыздық көрсеткіштен асып, 8,3 пайызды құрады. Ал 2025 жылы жоспарланған 6,5 пайыздық көрсеткіш кезінде өсім 8,2 пайыз деңгейіне жетті. Биылғы міндет – экономикалық өсімді 6 пайыздан төмен түсірмей, оң динамиканы сақтау.Қазіргі уақытта Қостанай облысы Қазақстанның машина жасау орталығы болып табылады. Біз еліміздің машина жасау саласы өндірісінің жалпы көлемінің 25 пайызын өндіреміз. Алдағы уақытта бұл үлес одан әрі арта түседі.Жаңа өндірістер құрылуда. Егер 2022 жылы өңірде 4 ірі машина жасау зауыты жұмыс істеген болса, олар: «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «МТЗ-Қазақстан машина жасау зауыты» ЖШС және «Қостанай трактор зауыты» ЖШС.Соңғы үш жылда тағы бес заманауи өндіріс пайда болды. Олар: Kia автомобиль зауыты, жүк техникасына арналған жетекші көпірлер өндіретін зауыт, жүк автомобильдеріне арналған блоктар мен блок бастиектерін өндіретін зауыт, теміржол көлігіне арналған серіппелер шығаратын зауыт және жеңіл автомобильдерге арналған автокомпоненттер өндіретін зауыт іске қосылуға дайындалуда.3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.Агроөнеркәсіптік кешенде 7 ірі сүт-тауар фермасы салынды, биыл тағы 5 ферманы ашу жоспарланып отыр.Сонымен қатар, «S-Agro Borovskoe» ЖШС-нің құрғақ бие сүтін өндіретін зауыты, «Аруана-2010» ЖШС-нің заманауи диірмен кешені, «KAIZEN» ЖШС-нің дәнді-бұршақты дақылдарды өңдеу фабрикасы, сондай-ақ «МИЛХ» ЖШС компаниясының қуаттылығы 10 мың тонна болатын ірімшік өндіру зауыты іске қосылды.«Кондитерлік астана» фабрикасының құрылысын аяқтап жатырмыз. Осы жобаның арқасында облыс еліміздегі кондитерлік өнімдердің ірі өндірушісіне айналады.Көлік логистикасын дамыту мақсатында облыс орталығында халықаралық «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің құрылысы жүргізілуде.Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан стратегиялық маңызы бар «Орталық – Батыс» автожол дәлізінің құрылысы басталып кетті.  Сондай-ақ, биыл Арқалық қаласынан Ұлытау облысының шекарасына дейінгі жол толық жөнделеді.Облыстың оңтүстік өңірлерін дамыту мақсатында Арқалық қаласында әуежайдың құрылысы аяқталуға жақын. Нысан алдағы бір жарым ай ішінде пайдалануға беріледі. Осылайша, Арқалықтан тікелей Қостанайға, Астанаға және Алматыға ұшақтар ұшады.Әлеуметтік сала өңір дамуының басым бағыты болып қала береді, ауылдық аумақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.Соңғы үш жылда 305 ауылдық елді мекенде 1072 көше жөнделді, 185 ауылға кіреберіс жолдар қалпына келтірілді және 76 шақырым тротуар төселді. 98 ауылдағы 293 көше учаскесіне алғаш рет асфальт жабыны салынды.Тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. 2025 жылы облыста 517,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 5,4 мыңнан астам отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.Соңғы жылдары өңірімізде жаңа мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау және спорт нысандары ашылып, ауылдық жерлерде инфрақұрылым жаңартылып жатыр.Тек 2023 жылдан бері облыста 100-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында 6,8 мың оқушы орнына арналған 10 мектеп және 2,3 мыңнан астам балаға арналған 15 балабақша бар.Қостанай қаласындағы Нариманов базары ауданында, сондай-ақ Тобыл қаласының «Астана» шағын ауданында әрқайсысы 1200 оқушы орнына арналған екі мектеп салынады. Әрқайсысының болжамды құны – 8,4 миллиард теңге.Соңғы үш жылда фельдшерлік-акушерлік пункттерді, дәрігерлік амбулаторияларды және медициналық пункттерді қоса алғанда, денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы 39 нысан салынды. Таяу күндері Қостанай ауданында үлкен емхана ашылады.Бұдан бөлек, 8 мәдениет нысаны және 39 спорт нысаны салынды. Олардың қатарында 18 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 11 хоккей корты, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жабық иппотерапия манежі және Арқалық қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған интернат бар.Қазіргі уақытта Үстел теннисі орталығы, жаңа аквапарк, Қостанай қаласының жағалауындағы көпфункционалды стадион салынып жатыр. Сондай-ақ «Астана» шағын ауданында 3 мың орындық жаңа Спорт сарайының құрылысы басталады. Арқалық қаласында «Самұрық-Қазына» қоры заманауи көпфункционалды спорт кешенінің жобасын жүзеге асыруда.«Қазақстан халқына» қоры Қостанай қаласында мүгедектігі бар адамдарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын қаржыландырады деген келісімге қол жеткізілді. Бұл мәселе ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған болатын.Өз кезегінде, еліміздің Мемлекеттік Туын мен Әнұранын халықаралық ареналарда абыроймен асқақтатып жүрген спортшыларымыз – барша қостанайлықтардың мақтанышы.Биыл да өңір спортшылары жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бокстан Азия чемпионы - Надежда Рябец, XXV жазғы Сурдолимпиада ойындарында теннистен командалық сайыста қола жүлдеге ие болған Бижан Төлебаев, Қанат Конкубаев, Данияр Искендиров пен Абылай Бүркітбай – қайсарлық пен табандылықтың айқын үлгісі.Пара пауэрлифтингтен әлем чемпионы атанған Фархат Мутунов, грек-рим күресінен U-23 әлем чемпионатының күміс жүлдегері Иусуф Мациев – өңір мақтаныштары.Қостанай өңірі – елге қызмет еткен ұлы тұлғалардың қасиетті мекені. Бұл – Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Бейімбет Майлин сынды Алаш руханиятының алыптарын дүниеге әкелген киелі топырақ.Олардың ағартушылық идеялары, ұлтқа адал қызмет ету жолындағы өнегелі өмірі бүгінгі ұрпаққа рухани бағдар болып келеді.Бүгінде сол даңқты жолды жалғастырып жүрген дарынды жастарымыз аз емес. Білім саласында халықаралық және республикалық олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларымыз өңір мерейін асқақтатып, көк байрағымызды желбіретіп жүр.Физика пәнінен Азия олимпиадасының қола жүлдегері Әбдіқадір Таир, химиядан халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері Наргиз Абжанова, тіл білімі бойынша Азия-Тынық мұхиты олимпиадасының жеңімпазы Әлібек Қадралинов – Тәуелсіз Қазақстан жастарының жарқын келбеті.Мәдениет саласында да қостанайлық өнерпаздар ұлттық өнерді дәріптеп, халықаралық деңгейде табысты өнер көрсетіп келеді. «Алтын домбыра» иегері Айбек Қалиев пен «Алтын шаңырақ» республикалық айтысының Гран-при иегері Ирина Новицкая – ұлттық өнердің абыройын асқақтатқан дарындар.Қадірлі қауым!Бүгін біздің ортамызда даңқты қолбасшы, «Халық Қаһарманы» Бауыржан Момышұлының көзін көрген ел анасы, белгілі этнограф-жазушы Зейнеп Ахметова апамыздың отырғаны – біз үшін үлкен мәртебе.Бауыржан Момышұлы – ерлік пен елдіктің, тәртіп пен отансүйгіштіктің символына айналған тарихи тұлға. Оның өнегелі өмірі мен рухани мұрасы – жас ұрпақ тәрбиесіндегі мол қазына.Ал Зейнеп апамыз ұлттық тәрбие мен рухани байлықты дәріптеп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосып келеді. Осындай ардақты тұлғаның бүгінгі форумға қатысуы – баршамыз үшін тарихи сәт.Сонымен қатар, бүгін арамызда Олимпиада ойындарының жүлдегері Василий Левиттің анасы — Татьяна Борисовна да отыр. Еліміздің мақтанышына айналған осындай лайықты ұл-қыздарды тәрбиелеп, өсірген барлық ата-аналарға шынайы алғысымызды білдіреміз.Қадірлі ағайын!Көк Туымыз әрдайым бейбіт аспан астында желбірей берсін! Елтаңбамыз ел бірлігінің символы болып қала берсін! Әнұранымыз әр азаматтың жүрегінен орын алсын!Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге тұрақтылық пен өркендеу тілеймін!Мереке құтты болсын!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1234927?lang=ru
ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан - Қытай ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды 30.06.2026
Астана, 2026 жылғы 4 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің  орынбасары Әлібек Бақаев Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлиньмен кездесу өткізді.Келіссөздер барысында тараптар қазақ-қытай ынтымақтастығының түрлі салалардағы өзекті мәселелерін талқылап, оны одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасты.Қазақстанға мамырдың соңы – маусымның басында жүзеге асырылған ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Чжао Лэцзидің, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Саяси-құқықтық комиссиясының хатшысы Чэнь Вэньциннің, ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохунның, сондай-ақ ҚХР-дың Гонконг Арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Лидің сапарларының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарға ерекше назар аударылды.Сонымен қатар, сұхбаттасушылар 2026 жылы жоспарланған алдағы биік және жоғары деңгейдегі іс-шаралардың кестесін жеке талқылады.Кездесудің соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша Қазақстан Сыртқы істер министрілігі мен Қытай Елшілігі арасында тұрақты байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1235172?lang=ru
«Qamqor sos»: Қазақстандағы алғашқы цифрлық жедел медициналық көмек пункті Алматы облысында іске қосылды 30.06.2026
Қазақстанда баламасы жоқ алғашқы «qamqor SOS» цифрлық модульдік жедел медициналық көмек пункті Қонаев қаласында іске қосылды. Нысан халық көп шоғырланатын Қапшағай жағажайы аумағында орналасқан және тұрғындар мен туристерге шұғыл жағдайда алғашқы медициналық көмекті жедел алуға мүмкіндік береді. Сырқаттанған немесе зардап шеккен азамат модульдік пунктке келіп, арнайы SOS батырмасы арқылы жедел медициналық жәрдем станциясының диспетчерімен бірден байланыса алады. Медицина қызметкері қашықтан модульді ашып, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқаулық береді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Көлемі 2×2,5 метр болатын модуль тәулік бойы жұмыс істейді және төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге арналған. Оның ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті дәрі-дәрмектер мен заманауи жабдықтар орналастырылған. Атап айтқанда, дефибриллятор, жараларды алғашқы хирургиялық өңдеуге арналған стерильді бикс, жедел коронарлық синдром кезінде қолданылатын медициналық жинақ, брезент көрпе және тот баспайтын болаттан жасалған кушетка бар.Пункт үздіксіз интернетпен, 360 градус сыртқы бейнебақылау камерасымен, SOS дабыл жүйесімен, қашықтан басқарылатын телемедицина кешенімен, ақпараттық дисплеймен және ішкі бейнекамералармен жабдықталған. Диспетчер бейне және аудиобайланыс арқылы науқастың жағдайын бағалап, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқаулар береді. Сондай-ақ пункттегі медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектерді пайдалану тәртібін түсіндіреді.Модульдің сыртқы қаптамасы жоғары беріктігімен ерекшеленетін HPL-панельдер мен тот баспайтын болаттан жасалған. Бұл оның әртүрлі климаттық жағдайларға төзімділігін және ұзақ мерзім қызмет етуін қамтамасыз етеді. Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, жоба өңірдегі шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.«Бір модульдік пункт тәулігіне шамамен 50 адамға дейін алғашқы медициналық көмек пен кеңес беру қызметін көрсете алады. Қажет болған жағдайда бұл көрсеткіш жоғары болуы мүмкін. Біз тұрғындарға шұғыл медициналық көмекті қолжетімді етіп қана қоймай, цифрлық технологияларды енгізу арқылы қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеріп отырмыз. Айта кетерлігі – мұндай форматтағы модульдік жедел медициналық көмек пункттері Қазақстанда алғаш рет іске қосылып отыр», – деді Ержан Сүлейменов.Жоба аясында жыл соңына дейін Алматы облысының туристік және рекреациялық аймақтарында барлығы 11 цифрлық модульдік жедел медициналық көмек пунктін орнату жоспарланған. Олар Қонаев қаласы мен Қапшағай жағалауында, «Түрген» тау шаңғысы курортында, «Oi-Qaragai Lesnaya Skazka» Mountain Resort-та, «Ақбұлақ» халықаралық туристік орталығында, «Хан Тәңірі» халықаралық альпинистік лагерінде, «Арасан» шипажай-курорттық аймағында, сондай-ақ «Шарын», «Іле-Алатауы», «Көлсай көлдері» және «Алтын-Емел» ұлттық парктері мен «Таңбалы» мемлекеттік қорық-мұражайы аумағында орналастырылады. Әрбір пункт белгілі бір туристік нысанға бекітіліп, сол аумақтағы тұрғындар мен келушілерге тұрақты қызмет көрсетеді.«Туристік орындарда демалып жүрген азамат оқыстан ауыр жарақат алса, немесе қан қысымы көтерілу, күн өту, үсік шалу сияқты жағдайларға тап болса, осындай медициналық модульге кіріп, медициналық қызметкердің көмегіне онлайн жүгіне алады. Жоба төтенше жағдай туралы жедел хабар беруге, медицина мамандарымен дереу байланыс орнатуға және жедел жәрдем келгенге дейін қажетті көмекті ұйымдастыруға да мүмкіндік береді», – деді Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов.Жобаны Алматы облысының әкімдігі, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы және Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы бірлесіп жүзеге асыруда. Жоба халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, туристік аймақтардағы төтенше жағдайларда әрекет ету уақытын қысқартуға және өңірдің денсаулық сақтау саласына заманауи цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1235369?lang=ru
Көлік министрі Қонаевтағы теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстарымен танысты 30.06.2026
Алматы облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен бірге Қонаев қаласындағы теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстарын көрді.Вокзал аумағындағы құрылыстың қарқынды жүріп, бүгінде аяқталуға таяған. Ғимараттың негізгі келбеті қалыптасып, ішкі әрлеу мен инженерлік жүйелерді іске қосу жұмыстары атқарылуда. Құрылыс алаңында мердігер ұйымдардың мамандары белгіленген мерзімге үлгеру үшін жұмысты жүйелі жалғастыруда.Нысан басында өткен көшпелі кеңесте облыс әкімдігі, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ және жауапты мекемелердің өкілдері жобаның орындалу барысы жөнінде есеп берді.Мамандардың айтуынша, бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарының 93 пайызы аяқталған. Қазіргі таңда сыртқы электр және газ желілерін қосу, сондай-ақ ғимаратты жиһазбен және заманауи кеңсе техникасымен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.Вокзал ғимаратының қабырғалары толық тұрғызылып, шатыр жабылған. Су құбыры, кәріз, жылыту және желдету жүйелері орнатылған. Жолаушылар платформасының құрылысы да толық аяқталған.Жалпы аумағы 503,8 шаршы метр болатын нысанды биылғы маусым айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.Жиын барысында облыстағы өзге де теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары сараланды. Қазыбек бек (Ұзынағаш) және Шамалған вокзалдарының дайындығы 99 пайызға, Жетісу вокзалындағы жұмыстардың орындалуы 92 пайызға жеткен.Көлік министрі құрылыс қарқынын оң бағалап, жауапты мекемелерге барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтап, нысандарды уақытылы пайдалануға беруді тапсырды. Оның айтуынша, жаңғыртылған вокзалдар жолаушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз болуы тиіс.Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде 124 теміржол вокзалын жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама аясында вокзалдар заманауи инженерлік жүйелермен жабдықталып, күту залдары жаңартылып, сервистік қызмет көрсету сапасы жақсартылуда. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қатынауына қажетті жағдайлар қарастырылған.Мұндай жобалар еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.Қонаевтағы вокзалдың жаңаруы да – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1235437?lang=ru
Қазақстанда санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын зауыт салынуда 30.06.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Roca Group компаниясының өкілдерімен кездесті.Компаниялар тобы санитарлық-техникалық өнімдерді өндірумен айналысады. Компания ванна, санитарлық керамика, душ науалары, крандар, аксессуарлар және жиһазды қоса алғанда, жуынатын бөлме өнімдерінің толық спектрін шығарады.Жоба сантехникалық бұйымдар мен жуынатын бөлме аксессуарларын шығаратын және құрастыратын елдегі алғашқы зауыт болмақ.Қызылорда қаласындағы зауыттың іргетасы жақында қаланды. Жоспарланған инвестиция көлемі 44,1 млрд теңгені құрайды, өндірістік қуаты 500 000 бірлікке жетеді. Шамамен 300 тұрақты жұмыс орны құрылады.Кездесу барысында тараптар жобаның ағымдағы жағдайы мен одан әрі жүзеге асыру жоспарларын талқылады.Ғабидулла Оспанқұлов салық жеңілдіктерін қоса алғанда, мемлекеттік қолдау шаралары және Қазақстанның инвестициялық ахуалының артықшылықтары туралы айтты.Келіссөздерден кейін қатысушылар диалогты жалғастыруға және ынтымақтастықты дамытуға деген міндеттемелерін растады.Бұған дейін Қазақстан Республикасы Үкіметі, Roca Group және Қызылорда облысының әкімдігі Қазақстанда жобаны жүзеге асыру үшін инвестициялық келісімге қол қойылған болатын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1235535?lang=ru
Норвегиялық Хельсинки комитеті Қазақстанның жаңа Конституциясын оң бағалады 30.06.2026
2026 жылғы 4 маусым, Астана – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова Норвегиялық Хельсинки комитетінің Бас хатшысы Берит Нисинг Линдеманмен кездесу өткізді.Келіссөз барысында А. Надиркулова адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған конституциялық реформалардың іске асырылу барысы туралы ақпарат берді. Конституцияда еңбек ету мен бейбіт жиналыстар өткізу құқықтарына қатысты тұжырымдардың нақтыланғаны, сот арқылы қорғалу және тұрғын үйге қолсұғылмау кепілдіктері күшейтілгені, сондай-ақ алғаш рет дербес деректерді қорғау нормалары бекітілгені атап өтілді.Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесін реформалау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Қазақстан 2026–2030 жылдарға арналған Қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасы әзірлеуде екені туралы хабардар етті.Өз кезегінде Норвегиялық Хельсинки комитетінің Бас хатшысы Б.Линдеман комитеттің Алматыдағы Өңірлік өкілдігінің қызметіне көрсетіліп отырған қолдау үшін алғыс білдіріп, Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесін реформалау, азаптаулардың алдын алу, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдердің құқықтарын қорғау салаларындағы елеулі жетістіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ, ол Қазақстандағы азаматтық қоғамның белсенді рөлін ерекше атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар құқық үстемдігін нығайту, адам құқықтарын қорғау және Қазақстандағы реформаларды қолдау мәселелері бойынша ынтымақтастық пен сындарлы диалогты одан әрі дамытуға мүдделілік танытты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1235861?lang=ru
Шекарасыз ғылыми серіктестік: Астанадағы атом дипломатиясының күндері 30.06.2026
Қазақстан Республикасы Ядролық физика институтының Астана филиалының 20 жылдығына және Біріккен ядролық зерттеулер институтының (БЯЗИ) 70 жылдығына орайластырылған БЯЗИ Күндері аясында Астанада бірқатар халықаралық іс-шаралар мен екіжақты кездесулер өтті.Осы күндері Қазақстанға келген БЯЗИ делегациясын ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қабылдады, сондай-ақ ҚР Атом энергиясы агенттігі мен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінде кездесулер өттіАталған Күндердің басты іс-шарасы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларына арналған пленарлық отырыс болды. Іс-шарада сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев елімізді жаңғыртудың негізгі драйвері ретінде отандық ғылымды дамыту ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке назарында екенін атап өтті. Е.Ашықбаев әлем бойынша бейбіт ядролық энергетикаға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және өзара сенім, бақылау тетіктері мен халықаралық ынтымақтастық жаһандық тұрақтылықтың негізіне айналатынын атап өтті.Пленарлық отырыста БЯЗИ, Қазақстанның Ядролық физика институты, Беларусь Ұлттық ғылым академиясы және Беларусь мемлекеттік институтының өкілдері іргелі ғылымды дамыту перспективалары бойынша баяндамалар жасады.Отырыс аясында Е.Ашықбаев БЯЗИ-дің Бас директоры Григорий Трубников бастаған делегациямен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен стратегиялық перспективаларын талқылап, бірлескен жобаларды іске асыруға және ядролық зерттеулер саласындағы кадрлық әлеуетті нығайтуға деген өзара қызығушылықты растады.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1235905?lang=ru
Алматы облысында ауыл шаруашылығы форумы өтті 30.06.2026
Алматы облысының Райымбек ауданында алғаш рет ауыл шаруашылығы форумы өтті. Шара ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылды. Онда тыңайтқыштар, дрондар және өсімдік шаруашылығына арналған заманауи технологиялар көрмесі ұсынылды. Жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстырып, шаруашылықтар ғылыми зерттеу институттарымен меморандумға қол қойды. Форумға шаруа қожалықтарының өкілдері, сала мамандары, ғалымдар мен аудан тұрғындары қатысты. Іс-шара ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыруға, кәсіпкерлер мен ғалымдар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. Райымбек ауданының тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Табиғат жағдайы, жердің құнарлылығы бұл бағытты дамытуға толық мүмкіндік береді. Форумда түрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер өз жұмыстарын таныстырды. Олар ет, сүт, бал, балық өнімдерін өңдеп, халыққа ұсынып отыр. Солардың бірі – «Әшірақын Диас» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі. Кәсіпорын 2025 жылдан бері жұмыс істейді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 27 млн теңге несие алып, осы қаражатқа қора-жай салып, 3000 бас тауық сатып алған. Қазіргі таңда Райымбек, Кеген аудандарын экологиялық таза тауық етімен, сапасы жоғары жұмыртқамен қамтамасыз етуде. Ал «Райымбек омарташылары» өндірістік кооперативі табиғи, қантсыз бал өнімін өндірумен айналысады. Қазіргі таңда онда 100-ден астам омарта бар. Балдан бөлек емдік қасиеті бар 15 түрлі өнім алынады. Болашақта омарта санын 500-ге дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Кооператив басшысының айтуынша, бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, пайдалы әрі таза өнім көлемін арттыруға септігін тигізеді.Форум барысында ауыл шаруашылығы зерттеу институттары бұл саладағы топырақ деградациясы, мал ауруы және өзге де қауіп-қатерлердің алдын алуға бағытталған жобалары жайлы баяндады. Шаруалар институттармен келісімге келіп, бірігіп жұмыс істеуге уағдаласты. Сондай-ақ кәсіпкерлерге лизингке ауыл шаруашылығы техникалары берілді.Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаевтың айтуынша, бүгінде бұл саланы дамытуға бағытталған тың бастамалар қолға алынған. Атап айтқанда, «Altyn DAN» ЖШС Орта Азиядағы танымал «PepsiCo Central Asia» компаниясы және «Magnum» сауда желісімен ірі жобаларды іске асыруда.  Бүгінгі таңда ауданда 2500 гектардан астам жерде су үнемдеу қондырғылары пайдаланылуда. Биыл тағы 1800 гектар аумаққа заманауи технологиялар орнатылмақ.Ирригация саласында 6 су қоймасы, 8 магистральдық канал мен 13 ішкі шаруашылық каналын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл ауданның ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға,  экспорт әлеуетін арттыруға және су ресурстарын ұтымды пайдалануға жол ашады.Қазіргі таңда ауданда 66 мың ірі қара, 267 мың қой мен ешкі, 42 мың бас жылқы бар. 2316 шаруа қожалығы тіркеліп, жұмыс атқаруда.«Райымбек ауданында ірі қара малын асылдандыру және мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда ірі қара мал тұқымын асылдандырумен 12 шаруа қожалық, ал асыл тұқымды ұсақ мүйізді мал өсірумен 6 шаруа қожалық айналысуда. Онда «Ангус», «Герефорд», «Қазақтың ақ бас сиыры», «Қалмақ» тұқымды ірі қара, сондай-ақ «Архар меринос» және «Иль-де-Франс» тұқымды қойлары өсірілуде. Осы бағыттағы жұмысты жүйелеу мақсатында биыл аудан әкімдігі мен Қазақ ұлттық аграрлық университеті арасында мал тұқымын асылдандыру жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бұл келісімнің нәтижесінде университет ғалымдары шаруашылықтарда мал тұқымын жақсарту ісіне ғылыми жетекшілік жасап, әдістемелік қолдау көрсететін болады», – деді Дастан Сұлтанмұратұлы. Сондай-ақ шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасына да тоқталып өтті. Айтуынша, соңғы жылдары ауданда 200-ге жуық трактор, 100-ден аса агрегат алынып, жаңарту көрсеткіші 60%-дан асқан. Алдағы уақытта мал бордақылау алаңдарын құру, егін және мал шаруашылығын жаңғырту жұмыстарын жандандыру жоспарланған.Форум ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етті. Сондай-ақ шаруалардың тәжірибе алмасуына, жаңа жобалармен танысуына жағдай жасады. Сондықтан бұл форум алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1236313?lang=ru
Алматы облысында алғаш рет кендір дақылы егілді 30.06.2026
Алматы облысының Райымбек ауданында өңірде алғаш рет кендір (лен) дақылын өсіру ісі қолға алынды. Жобаны жергілікті шаруалар Қытай инвесторларымен бірлесіп іске асыруда. Былтыр жер жырту жұмыстары жүргізілсе, биылғы көктемде 250 гектар аумаққа аталған дақылдың тұқымы егілді. Егер жақсы өнім берсе, жер аумағын 3000 гектарға дейін кеңейтіп, терең өңдейтін зауыт салу жоспарлануда, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев егістік алқабына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. «Кендір көбіне еліміздің солтүстік өңірлерінде егіледі. Ал Алматы облысында бірінші рет тәжірибеден өтуде. Бұл – өте жақсы бастама. Себебі тұқым ауданның табиғи ерекшелігіне бейім екенін байқап отырмыз. Күзде жақсы өнім алынады деген ойдамыз. Оның үстіне алқапта заманауи технологиялар жұмыс істеп тұр. Бұл тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта ауқымы бірнеше есе көбеюі мүмкін. Жобаға жалпы құны 4 млрд теңге инвестиция салынады. Ал әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетін болады», – деді аймақ басшысы.Мамандардың айтуынша, кендір – экологиялық таза, қайта өңдеуге бейім, адам денсаулығына пайдалы табиғи өнім. Оның тұқымынан май, косметикалық өнімдер мен мал азығы алынады. Ал сабағынан киім-кешек, тоқыма бұйымдары, қап және орау материалдары дайындалады. Егер жоба толық іске қосылса, бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде алқапта 10 адам еңбек етуде. Сондай-ақ бастама урбанизацияны азайтып, халықтың туған жерінде тұрақтап қалуына септігін тигізеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1236620?lang=ru
Қостанай облысы әкімінің аппаратында өтініштерді қарау кезіндегі әкімшілік рәсімдер мәселелері бойынша жалпыға бірдей құқықтық оқыту өткізілді 29.06.2026
2026 жылдың 28 мамырында «Қостанай облысы әкімінің аппараты» ММ-де Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдер мен процессуалдық кодексіне енгізілген соңғы өзгерістерді ескере отырып, өтініштерді қарау кезіндегі әкімшілік рәсімдерді жүргізу тәртібін түсіндіру жөніндегі құқықтық білім беру жұмысы аясында оқу өткізілді.Іс-шара спикері – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті департаментінің бөлім басшысы Дәулет Тұрарұлы Жидебаев.Оқу барысында қатысушыларға өтініштерді тіркеу, есепке алу және қарау, келіп түсетін құжаттардың түрін анықтау, құзыреттілікті тексеру, дубликаттармен жұмыс жасау, сондай-ақ «Электрондық өтініштер» АТЖ-де тиісті әрекеттерді көрсету ерекшеліктері туралы мәселелер түсіндірілді.Жеке қабылдауға түсетін өтініштерді ескеру, ЛП-1 нысанының қолданылуы, жаңа әріптік индекс «ЖҚ», сондай-ақ өтініштер бойынша есеп беру тәртібімен байланысты өзгерістерге ерекше назар аударылды.Жалпыға бірдей құқықтық оқудың қорытындысы бойынша қатысушыларға азаматтардың және заңды тұлғалардың өтініштерімен күнделікті жұмыс істеуде өзгерістерді дұрыс қолдану бойынша практикалық ұсынымдар берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1230389?lang=ru