Enbekshi QazaQ

Экономика

Алматы облысында шегірткеге қарсы күрес шаралары жоспарлы түрде жүргізілуде 02.06.2025
2025 жылғы 14 мамырдан бастап Алматы облысы аумағында шегіртке зиянкестері ошақтарын анықтап, жоюға бағытталған ауқымды кешенді кампания жүргізілуде.Бүгінгі күнге дейін ауыл шаруашылығы қызметкерлері 330 мың гектардан астам алқапты мониторингтен өткізді. 27 мың гектардан астам жер химиялық өңдеуден өтті. Жұмыстарға авиациялық техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары (дрондар), сондай-ақ жерүсті бүріккіштер тартылған.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Шеңгелді ауылдық округінің егіс алқаптарында көшпелі жиын өткізіп, мердігер ұйымдардың өкілдерімен, салалық ведомстволар мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен кездесті. Сапар аясында өңір басшысы ахуалмен танысып, тартылған техниканы көріп, нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, химиялық қорғаныс құралдарымен үздіксіз қамтамасыз ету және зиянкестердің жаңа ошақтарына жедел ден қою бойынша міндеттер жүктелді.— Зиянкестерге қарсы күрес – бұл тек агротехникалық шара емес, сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығының тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Біз үйлесімді, кәсіби әрі уақтылы әрекет етуіміз қажет, — деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.«Біздің басты міндетіміз – шегіртке зиянкестері ошақтарын дер кезінде оқшаулап, жою. Жұмыстар ауыл шаруашылығы өндірушілерімен тығыз өзара іс-қимылда, авиацияны, дрондарды және жерүсті техниканы пайдалана отырып жүргізілуде. Бірлескен күш-жігермен біз фитосанитарлық тәуекелдерді барынша азайтып, егіс алқаптарын қорғаймыз», — деп түсіндірді Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы облысы бойынша инспекция басшысы Дархан Қарибаевич Әбілғазиев.Кампания облыстың барлық аудандарын қамтып отыр. Өңдеу жұмыстары ауада – жеңіл авиация көмегімен және жерүсті арнайы техниканы пайдалану арқылы жүргізілуде. Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ғалым Тоқпеисовтің айтуынша, жұмыстар бекітілген кестеге сай жүріп жатыр, жағдай бақылауда. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінен егістікке немесе жайылымдарға келтірілген зиян туралы шағым түспеген.— Облыс аумағында шегірткенің үш түрі анықталды. 113 мың гектар алқап өңдеуге жатады, оның 63 мың гектары республикалық бюджет есебінен, қалғаны – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылуда. Бүгінде жоспарланған көлемнің шамамен 25%-ы қамтылды. Кампанияға 200-ден астам маман мен 46 техника тартылған, — деп мәлімдеді Ғалым Тоқпеисов.Зиянкестердің таралуын болдырмау мақсатында мониторинг және өңдеу жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Авиациялық жұмыстарды осы салада 25 жылдан астам тәжірибесі бар «Aviasila» ЖШС жүзеге асыруда. Қолданылып жатқан препараттар шегірткені тиімді түрде жояды, ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтірмейді.— Биыл ерте жылыну салдарынан шегіртке пайда болу мерзімі өзгерді, бұл жұмыс кестесін қайта қарауды талап етті. Алдымен зиянкестердің тығыз шоғырланған аймақтары өңделіп жатыр. Өңірде жеңіл және аса жеңіл авиацияның төрт борты тартылған. Жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес қатаң жүргізілуде, — деп баяндады «Aviasila» ЖШС директоры Игорь Сухоруков.Зиянкестермен күресте заманауи технологиялардың рөлі зор. «Фитосанитария» РМК АОФ директоры Несіпбай Чингизбаевтың айтуынша, «EA J100» үлгісіндегі дрондар қиын жететін жерлерді тиімді өңдеуге мүмкіндік береді. Бір дрон 10 минут ішінде 3 гектарға дейін, бір жұмыс ауысымында 70 гектардан астам жерді өңдей алады.— Бұл дрондар биыл сатып алынды. Олардың басты артықшылығы – авиация мен жерүсті техника жетпейтін аумақтарды өңдеу мүмкіндігі. Жақын арада олар Кеген және Райымбек аудандарында қолданылатын болады. Әр дрон 50 литрлік бакпен және екі аккумулятормен жабдықталған. Әр аппаратқа үш адамнан тұратын команда бекітілген, — деп нақтылады Несіпбай Чингизбаев.Кампания аясындағы алдын алу және жою шаралары жоспарлы түрде жалғасып, белгіленген мерзімде аяқталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1008823?lang=kk
Алматы облысында мемлекеттік қызметшілер арасында дәстүрлі Спартакиада өтті 30.05.2025
Алматы облысында мемлекеттік қызметшілер мен күш құрылымдарының өкілдері арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында дәстүрлі XVII Спартакиада ұйымдастырылды. Ауқымды спорттық дода 28–29 мамыр күндері Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» және «Нұр-Аман» спорт кешендерінде өтті.Жарысқа облыстың 9 ауданы мен Қонаев қаласынан, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау құрылымдарынан құралған 16 команда қатысты. Қатысушылар саны 700-ге жуықтады.Биылғы Спартакиада тоғызқұмалақ, қазақ күресі, шахмат, үстел теннисі, жүзу, 3x3 баскетбол, арқан тарту, волейбол және мини-футбол сынды тоғыз спорт түрін қамтыды. Жарыстар екі санат бойынша ұйымдастырылып, аудан әкімдіктері мен күш құрылымдары қызметкерлері жеке-жеке сынға түсті.ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрсұлтан Сейдалиев айтуынша, мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметкерлердің табандылығы мен мақсаткерлігін, ұжымшылдық пен жауапкершілік сезімін арттыруға ықпал етеді.– Мемлекеттік қызметші – кәсіби маман болумен қатар, қоғамға үлгі болатын тұлға. Сондықтан оның келбеті салауатты өмір салтымен ұштасуы тиіс. Спартакиада – тек спорттық жарыс қана емес, бұл – әріптестер арасындағы ынтымақтастық пен командалық рухты нығайтатын маңызды алаң, – деді ол.Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек те Спартакиаданың қоғамдағы салауатты өмір салтын насихаттаудағы маңызын атап өтті.– Спорт бүгінде ұлттық идеяға айналды. Мемлекеттік қызметшілер арасындағы Спартакиада – бұқаралық спортты дамыту жолындағы нақты қадам. Мұндай жарыстар дене дайындығымен қатар, ой ұшқырлығын, тәртіп пен ұйымшылдықты талап етеді. Сонымен қатар, бейресми жағдайда әріптестермен жақынырақ танысуға да мүмкіндік береді, – деді ол.Жарыс нәтижесінде үздік атанғандар арасында қазақ күресінен Дамир Карим, шахматтан Жанарбек Жұмабеков, жүзуден Әсем Алмағанбет, сондай-ақ мини-футболдан облыс әкімдігі командасы мен тоғызқұмалақ және 3x3 баскетболдан Кеген ауданының командалары ерекше көзге түсті.Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен, кубоктармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.Жеңіс тұғырынан көрінген үздіктер енді 10–18 маусым күндері Өскемен қаласында өтетін республикалық Спартакиадада облыс намысын қорғайтын болады. Бұл — мемлекеттік қызметшінің спортқа деген ынтасын арттырып қана қоймай, салауатты қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1008659?lang=kk
Қазақстан СІМ басшысы йоруба халқының рухани көшбасшысы – Ифе Королімен кездесу өткізді 30.05.2025
Астана, 2025 жылғы 30 мамыр – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстанға сапармен және Астана халықаралық форумына қатысу үшін келген Нигерияның ең беделді дәстүрлі көшбасшыларының бірі және йоруба халқының рухани жетекшісі – Ифе Королі Адейейе Энитан Огунвусимен кездесу өткізді.Кездесу барысында сұбаттастар Қазақстан мен Нигерия арасындағы саяси диалогты нығайтудың маңыздылығына өзара қызығушылық білдірді. Осы тұрғыда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нигерия Президенті Бола Ахмед Тинубудың 2025 жылғы қаңтарда Абу-Дабиде өткен «Орнықты даму апталығы» саммиті аясындағы кездесуі аталып өтті.«Қазақстан мен Нигерияның саяси, сауда-экономикалық және мәдени салалардағы өзара тиімді ынтымақтастығы үшін елеулі әлеуеті бар. Бүгінгі кездесу жақсы дәстүрдің бастамасы және Қазақстан мен африкалық халықтар мен мемлекеттер, соның ішінде ерекше орын алатын Нигерия арасындағы қатынастардың жаңа кезеңінің символы», – деп мәлімдеді ҚР СІМ басшысы.Сонымен қатар тараптар ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, цифрлық технологиялар мен энергетика салаларындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.Осы мақсатта Қазақстан-Нигерия іскерлік кеңесі, құрметті консулдар институты, халықтар мен екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы байланыстар сияқты өзара іс-қимыл механизмдерін пайдалану қажеттігі аталып өтті.Келіссөздер қорытындысы бойынша серіктестік қатынастарды нығайтудың маңыздылығын ескеріп, қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайындық расталды.Қазіргі Нигерия аумағында орналасқан Ифе Корольдігі өзінің бай тарихы мен мәдени мұрасымен танымал. Африкадағы ең көне корольдіктердің бірі ретінде Ифе йоруба халқының ата-бабаларынан келе жатқан мекені және африкалық өркениеттің маңызды орталықтарының бірі.Король Адейейе Огунвуси Астана халықаралық форумы аясында алғаш рет ұйымдастырылған «Қазақстан – Африка: ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашу» атты арнайы сессияға спикер ретінде қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1008657?lang=kk
Қазақстан Елшісі Үндістан Президентіне сенім грамоталарын табыстады 30.05.2025
Нью-Дели, 2025 жылғы 29 мамыр – «Раштрапати Бхаван» президенттік сарайында өткен ресми рәсімде Қазақстанның Үндістандағы Елшісі Азамат Есқараев Үндістан Президенті Драупади Мурмуға сенім грамоталарын табыс етті.Қазақ дипломаты ресми рәсімнен кейін өткен екіжақты кездесуде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атынан Үндістан Президентіне және достас үнді халқына жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізді. Қазақстан мен Үндістан арасындағы дәстүрлі достық қатынастар, өзара түсіністіктің жоғары деңгейі және стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға деген ортақ ниет аталып өтті.А. Есқараев екі ел арасындағы саяси диалогты тереңдету, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін барлық күш-жігерін жұмсауға дайындығын білдірді.Өз кезегінде Президент Д. Мурму жаңа Елшіні жылы қарсы алып, оның дипломатиялық миссиясына сәттілік тіледі және Қазақстан мен Үндістан арасындағы екіжақты байланыстардың одан әрі нығаятынына сенім білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1008484?lang=kk
Қостанай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасының іске асырылуы талқыланды 29.05.2025
Қостанай облысы әкімдігінде өңір әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жөнінде жұмыс кеңесі өтті.Аталған бағдарлама Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, экологиялық мәдениетті көтеруге және қолайлы қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған.2024 жылдың аралық нәтижелеріКеңесте сөйлеген сөзінде Құмар Ақсақалов 2024 жылы Қостанай облысында ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті:327 сквер мен аулалық аумақ абаттандырылды;354 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі жойылды;133 мыңнан астам ағаш отырғызылды;13,5 мың жаңа көше шамы орнатылып, көшелерді жарықтандыру деңгейі 80%-дан 90%-ға дейін артты;71 көпқабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді;362 апатты және қараусыз қалған ғимарат сүрілді.2025 жылға арналған бюджет және басымдықтарАталған жұмыстар биыл да жалғасуда.2025 жылы елді мекендерді абаттандыруға 12,7 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артық.Бөлінген қаражаттың құрылымы:44%-дан астамы – көгалдандыру, саябақтар мен скверлерді дамытуға;30%-дан астамы – көпқабатты үйлердің шатыры, балконы және қасбеттерін жөндеуге бағытталған.Өңір басшысы қала келбетінің бірыңғай стилін сақтау қажеттігін атап өтті:«Ғимараттардың қасбеттерінде ашық, айқайлап тұратын түстерден бас тартып, сабырлы реңктерге – сұр-қызғылт кірпішті және беж түстерге басымдық беру қажет. Тұрғын үйлерге жақын бос аумақтарда шағын скверлер мен жасыл аймақтар жасақталуы тиіс», — деді Құмар Ақсақалов.Азаматтарды тарту және кері байланысКеңес барысында халықтың бағдарламаға қатысуы мен хабардар болу деңгейіне де ерекше назар аударылды.Талдау нәтижесі бойынша, облыстың бес ауданында Telegram желісіндегі «Таза Қазақстан» чат-боты арқылы бірде-бір өтініш түспегені анықталған. Бұл — халықтың мүмкіндіктен бейхабар екенін көрсетеді.«Азаматтардан өтініш түспеуі — бәрі жақсы дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл — халықпен жұмыс әлсіз жүргізіліп жатқанын білдіретін үлкен мәселе. Бағдарламаның тиімділігін анықтайтын басты көрсеткіш — тұрғындардың қатысуы мен белсенділігі», — деп атап өтті өңір басшысы.Жүйелі жұмыс — табыстың кепіліҚұмар Ақсақалов «Таза Қазақстан» — бұл бір реттік акция емес, жүйелі, кешенді және ұзақ мерзімді жұмыс екенін атап өтті. Ол барлық деңгейдегі әкімдерден бағдарламаның әрбір бағытын жеке бақылауда ұстауды және халықпен ашық диалог жүргізуді тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1007444?lang=kk
Алматы облысы Қытаймен әріптестікті нығайтуда 29.05.2025
Алматы облысы Қытай Халық Республикасымен стратегиялық әріптестікті нығайтып келеді. 2025 жылғы 21–26 мамыр аралығында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің басшылығымен өңір делегациясы Пекин, Шанхай, Ханчжоу және Цзинань қалаларында болды. Сапар бағдарламасына халықаралық көрмеге қатысу, бизнес-форум өткізу, мәдени шаралар ұйымдастыру және Қытайдың мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдерімен екіжақты кездесулер кіреді.Пекинде өткен халықаралық көрмеде Алматы облысының 12 компаниясы 150-ден астам өнім түрін – азық-түліктен бастап биологиялық белсенді қоспалар мен сусындарға дейін – ұсынды. Қазақстандық өнімдер жоғары сапасы мен табиғи құрамының арқасында қытайлық дистрибьюторлардың қызығушылығын тудырды. Бұл көрме өңір брендтерін Қытай нарығына шығару мен тікелей экспорттық байланыстар орнатудың тиімді алаңына айналды.Пекинде Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған халықаралық мәдени кеш өтті. Шарада «Сазген», «Құлансаз» халық музыка ансамбльдері, Алматы облысының танымал орындаушылары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Композитордың шығармашылығы әлем сахнасында қазақстандық мәдениеттің бай мұрасы ретінде таныстырылды.Сапар аясында инвестициялық және өндірістік ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Облыс әкімі қытайлық бизнес пен мемлекеттік құрылымдар өкілдерімен бірқатар келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, Пекин қалалық ХҚКК төрағасының орынбасары Ван Хонгпен кездесіп, ауыл шаруашылығы, логистика, жасыл энергетика және жоғары технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды. «Бір белдеу — бір жол» бастамасы аясында Алматы облысының транзиттік және өндірістік торап ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды.2025 жылғы 22 мамырда облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Шанхай қаласының мэрі Гун Чжэнмен ресми кездесу өткізді. Келіссөздер барысында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толуына орай екіжақты ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланды. Әкім Алматы облысының қазақ-қытай серіктестігін дамытудағы стратегиялық рөлін атап өтіп, Шанхаймен тұрақты даму мен цифрлық трансформация үлгісі ретінде ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді.Маңызды кездесулердің бірі – логистикалық алпауыт YTO Express компаниясының басшылығымен өткен келіссөздер болды. Кездесу барысында облыс аумағы арқылы өтетін көлік бағыттарын дамыту мәселелері қаралды. Сонымен қатар делегация күн энергетикасы саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – Astronergy компаниясының өндірістік қуаттарымен танысып, Қазақстанда өндірісті локализациялау және жаңартылатын энергия көздері бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігін талқылады.Келіссөздер нәтижесінде Zhuhai Shixi Technology, Wanjia Hotel Group, AT Partner, Jinxiang Investment Group және басқа да қытайлық компаниялармен меморандумдарға қол қойылды.Келісілген жобалар қатарында — Көлсай көлінде аспалы жол салу, сондай-ақ туризм, тамақ өнеркәсібі, жаңартылатын энергия көздері мен ақпараттық технологиялар салаларындағы бірлескен бастамалар бар.2025 жылғы 23 мамырда Цзинань қаласында өткен ірі бизнес-форумға 300-ден астам қатысушы мен 124 компания жиналды. Форумда экспорт-импорт қатынастары, технологияларды дамыту, құрылыс материалдарын өндіру, көлік инфрақұрылымы және энергетика мәселелері талқыланды. Іс-шараға жылдық айналымы 1 миллиард юаньнан асатын оннан астам корпорация қатысты. Форум Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланысты кеңейтуге маңызды алаң болды.Сапардың қорытындысында делегация Шаньдун провинциясының губернаторы Чжоу Найсянмен кездесті. Кездесуде екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қозғалды. Қазіргі таңда Алматы облысында қытайлық капиталдың қатысуымен 143 кәсіпорын жұмыс істейді. Қытаймен тауар айналымы 2023 жылы 1,082 млрд долларды, 2024 жылы 1,023 млрд долларды құрады. Шаньдун провинциясы сауда, инвестиция және мәдениет салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруда өңірдің басты серіктестерінің бірі ретінде қарастырылады.Сапар қорытындысы бойынша Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытаймен өзара іс-қимыл жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті:«Алматы облысы жасыл энергетика мен туризмнен бастап логистика және агроөнеркәсіп кешеніне дейінгі барлық негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге дайын. Қол қойылған келісімдер мен жасалған уағдаластықтар қытайлық әріптестер тарапынан жоғары сенім деңгейін көрсетеді. Біз бірлескен жұмысқа ашықпыз және нақты нәтижеге бағытталғанбыз».Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1007063?lang=kk
Қонаев қаласында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті 29.05.2025
Қаладағы Б. Соқпақбаев атындағы саябақта өткен мерекелік іс-шараға мәдениет және өнер саласының өкілдері, шығармашылық зиялы қауым, сондай-ақ облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары қатысты.Жиынға қатысушыларға құттықтау сөзін Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев арнады. Ол өз сөзінде мәдениеттің қоғам дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтіп, әрбір мәдени көрініс — халықтың тарихы, тілі мен рухани мұрасының айнасы екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол мәдениет саласы қызметкерлеріне өңірдің мәдени құндылықтарын сақтап, дамыту жолындағы жанқиярлық еңбектері үшін алғысын білдірді.Бүгінде Алматы облысында 293 мәдениет мекемесі жұмыс істейді, онда екі мыңнан астам маман қызмет етеді. 2025 жылы өңірде 2154 мәдени іс-шара ұйымдастырылып, жастардың қатысу деңгейі 77 пайызды құрады.Салтанатты бөлім барысында мәдениет саласындағы үздік қызметкерлерге мемлекеттік және салалық марапаттар табыс етілді. Оларға алғыс хаттар, құрмет грамоталары, «Мәдениет саласының үздігі», «Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі» төсбелгілері, сондай-ақ «Еңбек ардагері» және «Еңбек даңқы» медальдары тапсырылды.Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған республикалық шаралар аясында мемлекеттік деңгейде де ерекше марапаттар табысталды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында Алматы облысының өкілдері жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Жамбыл Жабаев атындағы әдеби-мемориалдық музейдің директоры Салтанат Жамбылова — «Парасат» орденімен, ал «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің негізін қалаушы, мәдениет саласының ардагері Газиза Әбдиева — «Құрмет» орденімен марапатталды.Кәсіби байқау қорытындысы бойынша өңірдегі үздік мәдениет мекемелері анықталды. Жеңімпаздар қатарында:«Үздік кітапхана» номинациясы — Талғар аудандық кітапханасы;«Үздік музей» — Қарасай ауданындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы;«Үздік театр ұжымы» — «Қарадала» театры;«Үздік мәдениет үйі» — Еңбекшіқазақ аудандық Мәдениет үйі.Әрбір жеңімпаз мекемеге 500 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат табыс етілді.Жеке номинациялар бойынша да сала мамандары марапатталды. «Үздік мәдениет үйі қызметкері» аталымында Қонаев қалалық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі – Айнұр Бекбосынова үздік деп танылды. Ол өз сұхбатында ата-анасының мәдениетке арнаған өмір жолын жалғастырып келе жатқанын айтып, әріптестеріне алғыс білдіріп, барша әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.Салтанатты жиынның шарықтау шегі — жаңа JAC S3 Pro автокөлігінің кілтін табыстау болды. Бұл марапат облыстағы ең үздік мәдениет мекемесі ретінде танылған «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне берілді. Қарасай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлжан Дүйсенова бұл марапат ұжымның 2015 жылдан бері елімізде ғана емес, шетелде де өңір өнерін танытып келе жатқан он жылдық еңбегінің жемісі екенін атап өтті. Жақында ансамбль Қытайда болып, көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған концертке қатысып қайтқан.Іс-шара қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен жарқын концерттік бағдарламамен аяқталды. Көрермендерге ұсынылған жанды орындаулар, халық және заманауи әндер шынайы мерекелік көңіл-күй сыйлап, шараның көркем қорытындысы болды.Мәдениет және өнер қызметкерлері күні — ұлттық мұраны ұрпаққа жеткізетін, қоғамға рухани азық беретін сала мамандарының еңбегі әрдайым жоғары бағалануға лайық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1007123?lang=kk
Қазақстан Елшісі Польша Президентіне сенім грамоталарын тапсырды 29.05.2025
Варшава, 2025 жылғы 28 мамыр – Варшаваның Белведер сарайында Қазақстанның Польшадағы Елшісі Нұрлан Жалғасбаев Польша Президенті Анджей Дудаға сенім грамоталарын тапсырды.Салтанатты рәсімнен кейін Польша мемлекетінің басшысымен сұхбат барысында қазақ дипломаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі басымдықтары, елде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер туралы хабардар етті.Қазақстан мен Польша арасындағы қатынастардың жағдайын талқылай отыра тараптар саяси диалогтың жоғары деңгейін ерекше атап өтіп, екі елдің экономикасы мен мәдени-гуманитарлық байланыстарының қарқынды дамуына өзара берік көзқарас білдірді.Польша президентінің пікірінше, Қазақстан Польшаның Орталық Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі.Кездесу қорытындысында А. Дуда Қазақстан халқына және еліміздің басшылығына ізгі тілектерін жеткізіп, қазақ дипломатын ресми қызметке кірісуімен құттықтады және барлық салаларда қазақ-поляк қатынастарының одан әрі нығаюына табыс тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1006677?lang=kk
Қазақстан мен Сан-Марино екіжақты ынтымақтастықты нығайтуда 29.05.2025
Астана, 2025 жылғы 28 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Сан-Мариноның Қазақстандағы Елшісі (қоса атқарушы) Джон Маццамен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Географиялық қашықтыққа қарамастан, Қазақстан мен Сан-Марино халықаралық ұйымдар аясындағы өзара қолдауға негізделген конструктивті және достық қатынастарды сақтап отырғаны аталып өтті.Дипломаттар саяси диалогты дамыту мен экономикалық саладағы, әсіресе туризм бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда 2025 жылғы 5 қаңтарда күшіне енген Визалық талаптарды өзара жою туралы келісімді жүзеге асырудың өзара байланыстарды және мәдени-гуманитарлық алмасуларды жандандырудағы рөліне ерекше назар аударылды.Күн тәртібіндегі жекелеген мәселе ретінде халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастық қарастырылды. Сан-Марино тарапына Қазақстанның бастамаларын, атап айтқанда, 2025 жылғы 4 наурызда БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен құрылған Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру жөніндегі бастамасын қолдағаны үшін алғыс айтылды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға және конструктивті диалогты жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1006683?lang=kk
8 млрд. теңге инвестиция, Қытайға экспорт: Қонаевта жаңа зауыт салынуда 29.05.2025
Қонаев қаласындағы «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС істен шыққан элеваторды жаңғыртуда. Мұндағы ескі станоктар түгелдей ауыстырылып, үш түрлі зауыт салынып жатыр. Оның бірі сұйық май шығаратын болса, келесілері жемдік ұн мен ұн өндіретін зауыт.Дайын өнім Қазақстанның нарығында саудаланып қана қоймай, Қытайға экспортталады. Тартылған инвестицияның көлемі 8 млрд. теңгені құрап отыр.«Бүгінде теміржол ауыстырылып, контейнер терминалы, қоймалар, зауыттар салынып жатыр. Құрылысқа 200-ге жуық адам тартылған. Сондай-ақ 2 гектар жер қосымша сатып алынды. Жобасы жасалуда. Зауыт биыл қолданысқа беріледі. Жылына 1 000 000 тонна өнім экспортқа шығарылады деп жоспарлап отырмыз», - деді ЖШС бас директорының орынбасары Ринат Тоқпанов.Зауыт керекті материалдармен өзін-өзі қамти алады. 2-3-қабаттарда қап шығаратын станоктар қойылған. Қазір бұл жерде 250 адам еңбек етіп жатса, қосымша 300 жұмыс орны құрылады.Айта кетейік, Қонаев қаласының инвестициялық пулына 39 жоба енгізілген. Инвестицияның жалпы көлемі 2,4 трлн.теңгені құрайды. Нәтижесінде 17 000 тұрақты жұмыс орны пайда болады. Қазір шаһарда 12 түрлі өндіріс ошағы қызмет етеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1006735?lang=kk
БҰҰ Халықаралық бітімгерлер күнін атап өтуде 29.05.2025
Астана, 2025 жылғы 29 мамыр – 1948 жылы дәл осы күні Біріккен Ұлттар Ұйымы алғашқы бітімгершілік операциясын Таяу Шығыста бастады.77 жыл ішінде БҰҰ 71 бітімгершілік операциясын өткізді. Оларға 150 елден 2 миллионнан астам бітімгер қатысты. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның 12 миссиясында 121 елден 80 000-нан астам бітімгерлер қызмет атқаруда.Қазақстанның БҰҰ-мен бітімгершілік жолындағы өзара іс-қимылы 2014 жылы Қазақстан қарулы күштерінің алғашқы әскери қызметкерін Батыс Сахарадағы БҰҰ миссиясына әскери бақылаушы ретінде жіберілген күннен басталды.Бүгінгі таңда 158 қазақстандық бітімгер БҰҰ-ның 6 миссиясында қызмет етеді. 2024 жылғы 15 наурызда Голлан биіктеріне құрамында 139 бітімгер бар ұлттық контингентті жолдау Қазақстан үшін үлкен жетістік болды.Қазақстандық бітімгершілік күштерді БҰҰ бітімгершілік миссияларына жіберудің мақсаты – жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы әлемдік қауымдастықтың күш-жігеріне ықпалдасу және Қазақстанның халықаралық беделінің артуына ат салысу.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1006830?lang=kk
Қазақстан Сыртқы істер министрі «CITIC Group» басшылығымен кездесу өткізді 29.05.2025
Астана, 2025 жылғы 28 мамыр – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қытайлық «CITIC Group» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Си Гохуамен кездесу өткізді.Тараптар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кешегі кездесуде аталған экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективаларын талқылады.Жоғары технологиялық сектор, логистикалық инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағдарлана отырып, инвестициялық өзара іс-қимылға және Қазақстанда жаңа бірлескен жобаларды іске қосуға ерекше назар аударылды.«CITIC Group» – Қазақстанда алғашқылардың бірі болып жұмысын бастаған ірі қытайлық инвесторлардың қатарында. Компания «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Caspi Bitum» бірлескен кәсіпорны және «Altyn Bank» АҚ сынды жобаларды жүзеге асырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1006650?lang=kk
Қостанай облысында инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша облыстық кеңес өтті 29.05.2025
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инвестиция тарту жұмыстарын жандандыру және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында Қостанай облысында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша облыстық кеңес өтті.Президент бірнеше рет атап өткендей, қазіргі таңда әлемдік деңгейде капитал үшін күрес күшейіп отыр. Мұндай жағдайда дер кезінде шешім қабылдап, жедел әрекет ету – басты талап. Осыған байланысты өңір үшін индустриялық, инфрақұрылымдық және аграрлық бастамаларды іске асыру маңызды басымдық болып табылады.Кеңес жұмысына облыстық басқармалар басшылары, аудан және қала әкімдері, сондай-ақ инвестициялық жобалардың бастамашылары мен өкілдері қатысты.Өнеркәсіптік сектордағы негізгі жобаларКеңес барысында өңір экономикасы үшін елеулі нәтиже беретін бірқатар жүйелі жобалар қаралды. Олар өңдеу өнеркәсібінің өсіміне, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және ілеспе салалардың дамуына ықпал етеді.Атап айтқанда:KIA автокөлік зауыты (105 млрд ₸, қуаты – жылына 70 мың автокөлік, 1 500 жұмыс орны);KamLitKZ жетекші көпір тетіктерін шығару зауыты (82,5 млрд ₸, 550 жұмыс орны);ERG және ССГПО жүзеге асыратын ыстық брикеттелген темір өндірісі жобасы (532 млрд ₸, жылына 2 млн тонна, 1 000 жұмыс орны);Solidcore Resources компаниясының жаңартылатын энергия көздері жобалары — күн және газпоршеньді электр станциялары, сондай-ақ газ тарату станциясы;«Кондитерлік астана» фабрикасы, астықты терең өңдеу зауыты, автокомпоненттер өндірісі мен «Qostanay» құрғақ порты сияқты логистикалық жобалар.Әрбір жоба бойынша инвестор өкілдері тыңдалып, инфрақұрылымдық және рәсімдік мәселелерді шешу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Олардың қатарында – жер телімдерін бөлу, инженерлік желілерге қосылу, сараптама қорытындыларын алу мәселелері бар.АӨК саласындағы инвестицияларКеңестің жеке блогында Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін тарату аясында аудандар ұсынған АӨК саласындағы 34 жоба қаралды. Жалпы жоспарланған инвестиция көлемі — 110,6 млрд ₸.Оның ішінде:«Тобыл» ӘКК арқылы — 82,3 млрд ₸,жеке қаражат — 15,5 млрд ₸,басқа көздерден — 12,8 млрд ₸.Бүгінде 42,4 млрд ₸ болатын 15 жоба жобалық-сметалық құжаттамамен қамтамасыз етілген. Қаржыландыру тетіктері пысықталып жатыр.Аудан әкімдері жобалардың дайындық деңгейі мен қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндама жасады. Жобалардың техникалық қана емес, экономикалық негіздемесі де нақты болуы тиіс — шикізат көзі, өткізу нарығы және бизнес-модель анық болуы керек.Аудан және қала әкімдеріне қойылған талаптарОблыс әкімі барлық инвестициялық жобалардың жеке бақылауында екенін атап өтті. Аудан әкімдеріне формализмге жол бермей, шынайы мазмұны бар бастамалармен айналысу тапсырылды.«Әкімдерге тапсырма: әдемі есеп емес, нақты жұмыс көрсетіңіздер. Жұмыс орындары, салық түсімдері мен халық табысы артатын жобалар қажет», – деді Құмар Ақсақалов.Облыс әкімінің айтуынша, бірқатар аудандар ұзақ уақыт бойы бірде-бір жаңа жоба ұсынбаған. Бұл – бүгінгі жағдайда, әсіресе жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге сұраныс артып тұрған кезде, жол беруге болмайтын жағдай.Сондай-ақ, әкімдіктердің сайттарында инвестициялық әлеует бойынша ақпаратты жаңарту, «Тобыл» ӘКК, Kazakh Invest және салалық басқармалармен тығыз байланыс орнату қажеттігі атап өтілді.ҚорытындыКеңес қорытындысы бойынша әрбір бағыт бойынша жұмысты жандандыру, жобаларды іске асыруға толық дайындау және алдағы айларда нақты нәтиже көрсету тапсырылды.«Даму – ұран емес. Бұл – барлық деңгейдегі жүйелі, күнделікті әрі талапшыл жұмыстың нәтижесі», – деп қорытындылады облыс әкімі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1006498?lang=kk
Алматыда «Өзгерістер көшбасшысы – жастар» форумы өтті 29.05.2025
Алматы, 2025 жылғы 26 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі – Алматы қаласындағы ҚР СІМ Өкілдік басшысы Жәнібек Әбдрашов «Өзгерістер көшбасшысы – жастар: ықпал үшін диалог» форумына қатысып, сөз сөйледі.Іс-шара БҰҰ Бас хатшысының Жастар ісі жөніндегі көмекшісі Фелипе Паульердің Алматы қаласына іс-сапары аясында ұйымдастырылды.Ж.Әбдрашов Қазақстанның БҰҰ-ның жаһандық жастар күн тәртібіне бейілділігін растап, цифрландыру, білім беру және психикалық денсаулық салаларында БҰҰ Жастар істері басқармасымен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.Қазақ дипломаты сондай-ақ Алматы қаласында жаңадан құрылған Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығының өңірлік жастар ынтымақтастығы үшін маңызды платформа ретіндегі әлеуетіне назар аударды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1005712?lang=kk
Қазақстан СІМ-де Қатар Елшісімен кездесу өтті 29.05.2025
Астана, 2025 жылғы 27 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Қазақстан Республикасындағы Қатар Мемлекетінің Елшісі Абдулла Хусейн Мухаммад Джабермен кездесу өткізді.Сұхбат барысында дипломаттар Қазақстан-Қатар қарым-қатынастарының оң динамикасын, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестіктің дамуын атап өтті. Тараптар сондай-ақ БҰҰ аясындағы әлеуметтік даму мәселелеріне баса назар аударып өзара іс-қимылды талқылады.Кездесу соңында сұхбаттастар Қазақстан мен Қатар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1005719?lang=kk
Қазақстан мен Финляндия көпжоспарлы ынтымақтастықты дамытуды қолдайды 29.05.2025
Астана, 2025 жылғы 27 мамыр – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Финляндия Республикасы Парламентінің депутаты, Қазақстанмен парламенттік «достық тобының» жетекшісі Вилле Скиннаримен кездесу өткізді.Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, биік және жоғары деңгейдегі байланыстарды сақтау, парламенттік дипломатияны дамыту және сауда-экономикалық серіктестікті нығайту мәселелері қозғалды.Осы тұрғыда Қазақстан мен Финляндия арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның рөлі ерекше аталып өтті. Осы комиссия – Қазақстан мен Суоми арасындағы ресми өкілдер мен іскер топтар арасындағы диалог пен өзара іс-қимылдың тиімді институционалдық алаңдарының бірі.Сұхбаттастар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Бұл тұрғыда Финляндияның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы биылғы төрағалығы, сондай-ақ Хельсинки қорытынды актісінің 50 жылдығы мен 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммитінің Астана декларациясына 15 жыл толуына орайластырылған іс-шаралар назардан тыс қалмады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1005450?lang=kk
Талғар ауданында «Заң және тәртіп» сабағы енгізіледі 29.05.2025
Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» бастамасын іске асыру аясында Алматы облысының Талғар ауданындағы бірқатар мектептер мен колледждерде құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған арнайы оқу сабағы енгізіледі.Жобаны жүзеге асыру мәселелері Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаевтың өңірге жұмыс сапары барысында өткен кеңесте талқыланды.Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», – деген болатын.Құқықтық сана мен тәртіпке құрметті қалыптастыру бала кезден басталуы тиіс. Бұл жоба осы маңызды міндетті жүзеге асыруды көздейді.Кеңес жұмысына құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстық білім басқармасының басшылығы мен педагогтар қауымдастығы қатысты. Оның қорытындысы бойынша жобаны Талғар ауданындағы 3 колледж бен 10 мектепте пилоттық негізде енгізу туралы шешім қабылданды. Сабақтар жаңа оқу жылынан бастап 7–10-сыныпта оқитын 7 500-ден астам оқушыны қамтитын болады.Жобаны Оқу-ағарту министрлігі мен Бас прокуратура бірлесіп әзірледі. Оның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында заң үстемдігіне, азаматтық жауапкершілікке және Отанға адал қызмет етуге деген саналы көзқарас қалыптастыру.Сабақ барысында құқықбұзушылықтардың алдын алу, буллингке қарсы күрес, өзара құрмет пен ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ гуманистік құндылықтарды дәріптеу мәселелеріне ерекше назар аударылады.Курсты жүргізетін негізгі тұлғалар – құқық қорғау органдарында ұзақ жылдар бойы мінсіз қызмет атқарған, мол тәжірибесі бар ардагер мамандар. Бас прокуратура қоғам мен мемлекетке адал қызмет етудің үлгісін көрсете алатын 26 білікті маманнан құралған арнайы оқытушылар тобын дайындады.«Адал әрі жауапты азамат тәрбиелеу – мемлекеттік саясаттың стратегиялық міндеті. Заң – кез келген мемлекеттің берік іргетасы. Заңға құрмет болған жерде әділет, қауіпсіздік және даму болады. Сондықтан жас ұрпаққа құқық пен тәртіпке деген саналы көзқарас қалыптастыру – бәріміздің ортақ парызымыз. Жаңа оқу курсы дәл осы құндылықтарды насихаттауға бағытталған», деді  Арман Қырықбаев.Пилоттық кезең өз тиімділігін дәлелдесе, жоба еліміздің басқа өңірлерінде де кеңінен жүзеге асырылады.Кеңес соңында Арман Қырықбаев жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріп, жобаның барлық кезеңде сапалы әрі нәтижелі орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1005279?lang=kk
Қазақстан СІМ басшысы ШЫҰ Бас хатшысымен кездесу өткізді 29.05.2025
Астана, 2025 жылғы 26 мамыр – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевпен кездесу өткізді.Сұхбат барысында М.Нұртілеу Н.Ермекбаевты ШЫҰ Бас хатшысы лауазымына кірісуімен құттықтап, Ұйым аясындағы көпсалалы ынтымақтастықты қолдау жөніндегі Қазақстанның тұрақты және белсенді ұстанымын тағы растады.Тараптар Шанхай ұйымының ағымдағы қызметі, сондай-ақ Қытайда өтетін мемлекет басшыларының саммитіне дайындықты қоса алғанда, биыл жоспарланған биік және жоғары деңгейдегі іс-шараларға дайындық мәселелері бойынша пікір алмасты.2024 жылғы 4 шілдеде Астанада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ШЫҰ қызметін жетілдіру және Ұйымның тиімділігін арттыру жөніндегі нақты шаралар талқыланды.Өз кезегінде Бас хатшы Ұйымның қызметіндегі Қазақстанның белсенді рөлін атап өтіп, алдағы кезеңдегі жұмыстың басым бағыттары туралы хабардар етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1004774?lang=kk
Қостанай облысында орман қорын қорғау және қалпына келтіру мәселелері талқыланды 29.05.2025
Қостанай облысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің көшпелі отырысы өтті. Іс-шараға Комитет төрағасы Еділ Терекбайұлы Жаңбыршин, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев, Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камалов, сондай-ақ ғылыми мекемелердің, табиғат қорғау ұйымдарының және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Басқосудағы басты тақырып – өңірдегі орман қорын қорғау, сақтау және қалпына келтіру жүйесін дамыту, сондай-ақ осы саладағы заңнаманы жетілдіру мәселелері болды. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өз сөзінде 2022 жылы Әулиекөл ауданында орын алған, шамамен 40 мың гектарды қамтыған ірі орман өрті баршамыз үшін үлкен сабақ болғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірде орман шаруашылығын күшейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда:•орман шаруашылығы қызметкерлерінің саны 1,5 есеге артып, 1230 адамға жетті (орман орналастыру нормаларына сай);•саланың жылдық қаржыландырылуы 1,5 млрд теңгеден 7 млрд теңгеге дейін өсті;•соңғы екі жылда материалдық-техникалық базаны нығайтуға 4,4 млрд теңге бөлінді (бұл республика бойынша жаңартуға кеткен шығынның 43%-ын құрайды);•орман шаруашылығы мекемелері 27 өрт сөндіру көлігімен, 59 трактормен және 39 патрульдік автокөлікпен толықтырылды;•2025 жылы тағы 26 өрт сөндіру көлігі, 28 трактор және 36 шағын өрт сөндіру кешенін 3,5 млрд теңгеге сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, орман өрт сөндіру станцияларының жұмыс кестесі жыл бойы жұмыс істеу тәртібіне ауыстырылды, төтенше жағдайлар қызметтерімен өзара іс-қимыл жолға қойылды. Қазіргі таңда көшет өсіру, өртенген алқаптарды тазарту және жаңа орман дақылдарын отырғызу жұмыстары жалғасуда. Отырыста бірқатар заңнамалық ұсыныстар да айтылды. Атап айтқанда:•орман қорымен шектесетін ауыл шаруашылығы жерлерінде 20 метрлік қорғаныс жолағын міндетті түрде енгізу үшін Орман және Жер кодекстеріне өзгерістер енгізу;•егістік алқаптарда сабан мен өсімдік қалдықтарын жағуға тыйым салу арқылы орман және дала өрттерінің алдын алу;•шалғай ауылдардағы орманшылықтарда жаңа ғимарат салмай-ақ, жеке тұрғын үйлерді орман өрт сөндіру станцияларына бейімдеу мүмкіндігін қарастыру;•2022 жылғы өрттен кейін айтарлықтай өзгеріске ұшыраған орман қорына байланысты Семио́зер және Басаман орман шаруашылықтарының орман орналастыру материалдарын өзектендіру. Құмар Ақсақалов аталған мәселелерді шешу үшін орталық мемлекеттік органдардың белсенді қатысуы қажет екенін атап өтті. Көшпелі отырыс барысында орман саласын тұрақты дамыту және өрт қауіпсіздігін арттыру бағытында нақты ұсыныстар әзірленді. «Біз диалог пен бірлескен жұмысқа ашықпыз. Орман – бұл тек табиғи ресурс емес, бұл – келер ұрпаққа қалатын ортақ мұрамыз», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1004296?lang=kk
Венада Қазақстанның қарулы қақтығыс аймақтарындағы азаматтарды оңалту және реинтеграциялау тәжірибесі таныстырылды 29.05.2025
Вена, 2025 жылғы 21 мамыр – Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі БҰҰ Комиссиясының (CCPCJ) 34-ші сессиясы аясында қарулы қақтығыс аймақтарынан азаматтарды қайтару, сондай-ақ оларды оңалту және қоғамға реинтеграциялау мәселелеріне арналған іс-шара ұйымдастырылды.Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның қолдауымен БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (UNODC) ұйымдастырған іс-шара Орталық Азия елдерінің азаматтарды қайтару бойынша гуманитарлық операцияларды жүргізудегі, сондай-ақ оралмандарды қолдау мен сүйемелдеудің тиімді бағдарламаларын әзірлеудегі практикалық тәжірибесін көрсетуге мүмкіндік берді.Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Станислав Василенко қатысушыларға арнаған алғысөзінде көпжақты ынтымақтастық пен осы саладағы тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.Қазақстандық «AQNIET» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының өкілі Ернар Маусымбеков оралмандармен жұмыс жасаудың нақты шараларына тоқталып, оралмандар арасында жүргізілген тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерімен де жан-жақты бөлісті.«Жусан» гуманитарлық операциясы кезеңдерінің бірі аясында туған жеріне оралған қазақстандық оралмандардың бірінің жеке тұрғыда қатысып, сөз сөйлеуі іс-шараға ерекшелік берді. Ол қақтығыс аймағында болу, Қазақстанға оралу процесі мен оралмандарды оңалту және әлеуметтік интеграциялау жолында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауы айшықталған өзінің жеке оқиғасымен бөлісті.Іс-шара тақырыбы мен мазмұны қатысушылардың айрықша қызығушылығын тудырып, тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі мұндай бастамалардың маңыздылығы жоғары екендігі айрықша аталып өтті.Сонымен қатар Қазақстанның тәжірибесі ЕҚЫҰ-ның Трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі үйлестірушісі Елена Купчинамен, сондай-ақ Аустрия Сыртқы істер министрлігінде ұйымдастырылған дипломатиялық және құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесулер барысында да талқыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1004312?lang=kk