Enbekshi QazaQ

Экономика

Облыс әкімі: Ауыл дамуы – ортақ әрі маңызды іс 08.06.2025
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Әулиекөл ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Новонежин, Озерное және Аманқарағай ауылдарын аралады. Сапар барысында әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы, абаттандыру және «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға бизнесті тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Туған жер алдындағы жауапкершілік Ауыл тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесуде Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысының сөзіне тоқталды: «Үлкен жетістіктерге жеткен әрбір азамат туған жерінің өркендеуіне өз үлесін қосуы тиіс. Нағыз патриотизм — осы». — Бүгінде көктемгі егіс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл — техника, ресурстар мен мамандардың босап, күш-жігерді ауылдарды абаттандыруға бағыттайтын уақыт, — деді облыс әкімі. Ол әрбір кәсіпкердің өзі өмір сүріп, еңбек етіп жатқан өңірінің дамуына жауапты екенін ерекше атап өтті. Әулиекөл ауданындағы спорт кешені Әулиекөл ауданының Новонежин ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылуы өтті.Бұл заманауи нысан облыстағы спорттық инфрақұрылымды дамыту жолындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналды. Кешен бір ауысымда 48 адамды қабылдай алады. Мұнда футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, қазақша күрес, тоғызқұмалақ және шахматпен айналысуға жағдай жасалған. — Соңғы екі жылда облыста 17 спорт нысаны салынды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Ең бастысы — жастар мен балаларды бұқаралық спортқа тарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, — деді Құмар Ақсақалов. Аманқарағайдағы жаңа балабақша Жұмыс сапары аясында ашылған маңызды әлеуметтік нысандардың бірі — Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылындағы «Айналайын» балабақшасы.145 орынға арналған бұл мекемеде 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға арналған 6 топ қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Балабақшада балалардың сапалы білім алуы мен жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастырылған. «Жастар» сквері: бизнестің ауылға үлесі Әулиекөл ауданына қарасты Озерное ауылында облыс әкімі орман шаруашылығы мекемесінің жұмысымен танысып, Новонежин ауылында салынып жатқан «Жастар» скверінің құрылыс алаңын аралады.Бұл бастама — мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің нақты көрінісі. Жоба жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қолдауымен, «Тaза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. — Ауылдарды абаттандыру — тек мемлекеттің ғана емес, әрбір жанашыр азаматтың міндеті. Кәсіпкерлердің туған ауылдарына қамқорлық танытып, игі бастамаларға ұйытқы болуы — нағыз туған жерге деген жанашырлықтың белгісі, — деді Құмар Ақсақалов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1012895?lang=kk
Қазақстан мен Еуропалық комиссия маңызды шикізат пен орнықты даму жобаларын жүзеге асыруды талқылады 08.06.2025
Астана, 2025 жылғы 5 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Еуропалық комиссияның Ішкі нарық, өнеркәсіп, кәсіпкерлік және шағын және орта бизнес жөніндегі бас директоратындағы (DG GROW) Мобильділік және энергияны көп қажет ететін салалар жөніндегі директоры Жоаким Нунес де Алмейдамен кездесу өткізді.Кездесуде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық минералдар, орнықты жеткізу тізбектері және технологиялық ынтымақтастық салаларындағы серіктестікті тереңдету перспективалары талқыланды. Қазақстан ЕО үшін басым болып танылған стратегиялық минералдық ресурстарды бірлесіп барлау және өңдеу, сондай-ақ жоғары қосылған құны бар өнімді экспорттау бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін растады.Инвестицияларды геологиялық барлауға тарту тетіктеріне ерекше назар аударылды. Мемлекеттік қолдау шаралары, соның ішінде салықтық және кедендік жеңілдіктер, инвестицияларды қорғау кепілдіктері және инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.Ә.Қуантыров Еуроодақпен стратегиялық шикізат саласындағы ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы экономикалық күн тәртібінің маңызды элементі екенін атап өтті: «Қазақстан өзін еуропалық өндірістер үшін сенімді серіктес ретінде таныта білді. Біз инвесторлар үшін барынша ашық әрі болжамды жағдай ұсынамыз, оған заңнамалық тұрақтылық, салық жеңілдіктері және рәсімдердің жеңілдетілуі кіреді. Бүгінгі диалог Еуропалық комиссия өкілдерімен геологиялық барлаудан бастап орнықты жеткізу тізбектері мен ғылыми алмасуға дейінгі бағыттар бойынша ұзақ мерзімді және прагматикалық ынтымақтастыққа екі тараптың да мүдделі екенін тағы бір мәрте көрсетті».Қазақстанмен серіктестіктің маңыздылығын атап өткен Жоаким Нунес де Алмейда екіжақты өзара іс-қимылдың стратегиялық сипатына тоқталды: «Біз Қазақстанмен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және оны Еуропалық одақ үшін жеткізу тізбектерінің орнықтылығын қамтамасыз етудегі негізгі серіктес ретінде қарастырамыз. Өңіріңіз осы ресурстарға қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған стратегиямызда маңызды рөл атқарады. Ортақ күш-жігеріміз тұрақты, өзара тиімді және ұзақ мерзімді ынтымақтастық алаңын құруға мүмкіндік беретініне сенімдімін».Сұхбаттастар сондай-ақ «Global Gateway» бастамасы аясындағы ықпалдастық мүмкіндіктерін және Қазақстанның орнықты даму жобаларына, соның ішінде Еуропаның «жасыл өтпелі кезеңі» аясындағы жобаларға қатысуын талқылады.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобаларды қолдау, технологиялар алмасу және академиялық әріптестік бағытында ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1012924?lang=kk
Астанада Қазақстан мен Грекия арасындағы кезекті сімаралық консультациялар өтті 08.06.2025
Астана, 2025 жылғы 4 маусым – Қазақстан Республикасы мен Грек Республикасы сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялардың екінші раунды өтті. Қазақ делегациясын СІМ Еуропа департаментінің директоры Данияр Сейдәлиев, грек делегациясын СІМ А5 департаментінің директоры Димитриос Михалопулос басқарды.Тараптар Астана мен Афина арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен болашағын талқылап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға өзара қызығушылықтарын растады.Парламентаралық ынтымақтастық пен екіжақты шарттық-құқықтық базаны кеңейту мәселелері жеке аталды. Екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды дамытудағы диаспоралардың оң рөлі аталып өтті.Сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестік мәселелері бойынша пікір алмасу өтті. Энергетика, көлік, логистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қаржы, ауыл шаруашылығы және климаттың өзгеруі сияқты перспективалы салалардағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.Дипломаттар Еуропа одағы, БҰҰ және ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қоса алғанда, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша көзқарасымен бөлісті.Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Грекия арасындағы сындарлы серіктестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған бірлескен күш-жігерді жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.Сапар барысында грек делегациясын ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко да жылы қарсы алып, қазақ тарапының екіжақты күн тәртібінің барлық бағыттары бойынша белсенді диалог жүргізуге дайындығын растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1012591?lang=kk
Қазақстан СІМ басшысы Үндістанға ресми сапармен барды 08.06.2025
Нью-Дели, 2025 жылғы 5 маусым – Үнді тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Үндістан Республикасына ресми сапармен барды.Сапар аясында Үндістанның Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкармен кездесу өтті. Тараптар қазақ-үнді стратегиялық серіктестігінің жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және екі елдің іскерлік топтары үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.ҚР СІМ басшысы екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы шамамен 1 млрд АҚШ долларын құрағанын, ал соңғы 20 жылда Үндістаннан Қазақстанға тартылған инвестициялар көлемі 450 млн АҚШ долларынан асқанын атап өтті.Осыған байланысты М.Нұртілеу экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және өзара сауда көлемін одан әрі ұлғайту мақсатында іскерлік байланыстарды жандандыруды ұсынды, сондай-ақ Үндістанның жетекші компанияларын өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика салаларындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.Екі елдің бизнес қауымдастықтарының іскерлік байланыстарды дамытуға қатысуының маңыздылығы аталып өтті. Бүгінде Қазақстан аумағында фармацевтика, пайдалы қазбалар өндіру және азық-түлік өнімдерін өндіру салаларында 600-ден астам үнді компаниясы жұмыс істейді.«Үндістан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы сенімді саяси және сауда-экономикалық серіктесі, біздің байланыстарымыз сындарлы арнада тұрақты дамуда», – деді М.Нұртілеу.Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары сондай-ақ өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарды теңестіріп», БҰҰ, АӨСШК және ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады.Қазақ тарапы «Орталық Азия + Үндістан» диалогын өңірлік ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылауға арналған маңызды платформа ретінде одан әрі ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.Сонымен қатар Қазақстан СІМ басшысы Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын қолдағаны және оның тең авторы болғаны үшін үнді тарапына алғыс білдірді.Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Үндістан сыртқы саяси ведомстволары арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойылды, онда өзара іс-қимылдың болашағы бар бағыттары айқындалған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1012708?lang=kk
Алматы облысында Құрбан айт кезінде құрбандық шалу үшін 25 арнайы орын белгіленді — әкімдік тұрғындарды заң талаптарын сақтауға шақырады 08.06.2025
Алматы облысында 2025 жылғы 6-8 маусым аралығында қасиетті Құрбан айт мерекесі атап өтіледі. Осыған орай өңірде құрбандық шалу рәсімін ұйымдастыру үшін 25 арнайы орын белгіленді.Әкімдіктің мәліметінше, бұл орындар ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай инфрақұрылыммен жабдықталған. Онда жануарларды тексеру, құрбандық шалу және қалдықтарды залалсыздандыру процестері белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.Құрбандық шалу тек арнайы бекітілген орындарда өткізілуі тиіс. Бұл – адам мен жануарлар денсаулығын сақтау және жұқпалы аурулардың алдын алу үшін маңызды. Қоғамдық тәртіп пен санитарлық талаптарды сақтау – барша азаматтың ортақ міндеті.Әкімдік өкілдері рұқсат етілмеген жерлерде құрбандық шалу және заңсыз мал саудасымен айналысуға қатаң тыйым салынатынын ескертеді. Мұндай заңбұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады.Алматы облысының әкімдігі тұрғындарды Құрбан айт мерекесін санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, арнайы белгіленген орындарда өткізуге шақырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1012216?lang=kk
Алматы облысының оқушысы 320 миллион теңгеге жуық шетелдік грант жеңіп алды 08.06.2025
Алматы облысындағы №39 гимназияның 11-сынып оқушысы Сақийдулла Алмат АҚШ-тың жеті беделді университетінен шақырту алып, алтауы ұсынған ірі көлемдегі гранттарға ие болды. Жалпы сомасы – шамамен 320 миллион теңге. Сонымен қатар, Малайзиядағы Xiamen University Malaysia оқу ордасы да оны толық грантпен қабылдаған.Болашақ студент білімге деген ынтасы мен қажырлы еңбегінің арқасында University of Miami, Elmhurst, Caldwell, Augustana, UNO, FIU және басқа да оқу орындарынан оқуға ұсыныс алды.IELTS нәтижесі – 7.0, ал SAT – 1420 балл (математикадан 780/800). Қазір ол Назарбаев Университетінен де ресми жауап күтуде.Сақийдулла Алмат – «Алтын белгі» үміткері. Оның жетістігі – жастардың әлеуетіне сенімді арттыратын жарқын мысал.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1012224?lang=kk
Алматы облысында Мемлекеттік Ту бір мезетте көкке көтерілді 08.06.2025
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Алматы облысында «Тұғырлы Туым» атты ауқымды патриоттық акция өтті. Бұл күні өңірдің барлық аудан-қалаларында бір мезетте Мемлекеттік Ту көкке көтеріліп, елдік пен бірліктің белгісі ретінде ұлықталды.Мерекелік шараның басты бөлімі Іле ауданының Өтеген батыр кенті мен Қонаев қаласының 5-жағажайында ұйымдастырылды. Таңғы сағат 9:00-де Өтеген батыр ауылында Мемлекеттік Ту тұғыры маңына жиналған көпшілік Әнұранды бірге шырқап, көк байрақтың көкке көтерілу сәтіне куә болды.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жиналған жұртшылықты құттықтап, Мемлекеттік рәміздердің ел болашағын тәрбиелеудегі маңызын атап өтті:«Ту көтеру – тек салтанатты рәсім ғана емес, бұл – ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің, ұлттық рухты жаңғыртудың нақты көрінісі. Мемлекеттік рәміздер – әр азаматтың жүрегіндегі отансүйгіштік сезімін оятатын киелі нышан», – деді өңір басшысы.Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекеттік рәміздеріміз – күллі халқымызға қастерлі нышандар» деген сөзіне тоқталып, тәуелсіздіктің құндылығына ерекше мән берді.Шара аясында концерттік бағдарлама ұсынылып, патриоттық әндер шырқалды.Қонаев жағажайында — шеру мен су шоуыМерекенің екінші кезеңі Қонаев қаласындағы 5-жағажайда жалғасты. Қала көшелерімен өткен «Тұлпар» ретро көліктер шеруі мерекеге көрік беріп, жағажай алаңына тізіліп қойылды. Қала әкімінің құттықтауынан соң, концерттік бағдарлама ұсынылды.Көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген сәт — кәсіби флайбордшы Олеся Колесниченконың су үстіндегі көрінісі болды. Ол катерлер мен желкенді қайықтардың арасында әуеге көтеріліп, акробатикалық өнер көрсетті.Рәміз – ұлттың рухы«Тұғырлы Туым» акциясы — халықтың патриоттық рухын көтеріп, мемлекеттік нышандарға деген құрметті арттыруға бағытталған тағылымды бастама. Бұл күн — жас ұрпаққа елдік пен бірлік туралы ой салып, ел рәміздерінің қадірін терең ұғынуға мүмкіндік берді.“Бір мезетте көкке көтерілген Ту – еліміздің тұтастығы мен халқымыздың жүрегіндегі ортақ мақтаныштың белгісі”, – дейді ұйымдастырушылар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1012314?lang=kk
Қостанайда Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті 08.06.2025
4 маусым күні Қостанай облысы әкімдігі ғимаратының алдындағы алаңда Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға облыстық басқарма өкілдері, жастар, әскери қызметшілер, белсенді азаматтар, оқушылар мен студенттер қатысты. Салтанатты шара Мемлекеттік Тудың көтеріліп, Әнұранның шырқалуымен басталды. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздердің елдік пен бірлікті нығайтудағы маңызын атап өтті. «Мемлекеттік рәміздер – бұл тек Тәуелсіздіктің белгілері ғана емес. Бұл – халқымыздың рухын көтеретін, барша қазақстандықты біріктіретін қасиетті құндылықтар. Әнұран, Ту мен Елтаңба арқылы әлем Қазақстанның бейбітшіл, қуатты әрі ашық мемлекет екенін таниды», – деді өңір басшысы. Өз сөзінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай облысының ел дамуына қосып отырған үлесіне де тоқталды. Биыл өңірде ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылуда, тұрғын үй және инфрақұрылым құрылысы белсенді жүргізілуде, экономиканың негізгі салаларында өсім байқалады. Салтанатты жиында патриоттық бастамалар мен ағартушылық жобаларға белсене қатысқан үздік оқушылар, студенттер мен әскери қызметшілер алғыс хаттармен марапатталды. Шара барысында шығармашылық ұжымдар Отанға арналған әндерді орындап, жастар флешмоб ұйымдастырды. Мерекелік шара еліміздің Мемлекеттік Әнұранының тағы бір мәрте орындалуымен және Мемлекеттік Туға құрмет көрсетумен қорытындыланды. Қатысушылар Қазақстанның Тәуелсіздігін, бірлігі мен болашағын көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа аманат етуге дайын екендерін білдірді. Мемлекеттік рәміздер күні – әрбір азаматқа туған еліне деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті еске салатын тағылымды мейрам.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1011863?lang=kk
Қостанай ауданында заманауи Балалар шығармашылығы үйі ашылды 08.06.2025
Қостанай ауданының Тобыл қаласында 1300 балаға арналған жаңа Балалар шығармашылығы үйі өз есігін ашты. Салтанатты шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.Өз сөзінде өңір басшысы еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белгілеген басты міндеттердің бірі – адами капиталды дамыту және жастардың әлеуетін толық ашуға жағдай жасау екенін атап өтті. Мемлекет балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық, ғылыми, спорттық және қоғамдық бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін орта қалыптастыруды жүйелі түрде жалғастырып келеді.«Балалар әлемі» қосымша білім беру орталығының құрылысына мемлекеттік бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінді. Жаңа нысан заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, қауіпсіздік пен қолжетімділік талаптарына толықтай сай келеді.Бұл ғимаратта Балалар шығармашылығы үйі мен Балалар музыка мектебі бір шаңырақ астында орналасқан. Шығармашылық үйінің аясында 50-ге жуық үйірме жұмыс істейді. Олардың қатарында түрлі тілдегі пікірсайыс клубтары, актерлік шеберлік, экология, өлкетану, хореография және ұлттық спорт түрлеріне (тоғызқұмалақ, асық ату, дәстүрлі ойындар) арналған үйірмелер бар. Сонымен қатар, робототехника, лего-құрастыру, фото және бейнестудиялар, STEAM-зертханасы мен гидропоника кабинеті жұмыс істейтін заманауи технопарк ашылды.Музыка мектебінде 250-ден астам оқушы 12 бағыт бойынша білім алуда. Өткен оқу жылының өзінде мектептің материалдық-техникалық базасы 107 миллион теңгеге жаңартылды: жаңа музыкалық аспаптар мен заманауи цифрлық құрал-жабдықтар сатып алынды. Оқушылар арасында ұлттық рухты оятатын киелі аспап — домбыра ерекше сұранысқа ие (86 бала). Сонымен қатар, қобыз бен жетігенге қызығушылық танытқан балалардың қатары жыл сайын артып келеді.Соңғы үш жыл ішінде аталмыш мекеме шәкірттері 200-ден астам өңірлік, облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Соңғы жетістіктердің бірі — Дильназ Әлембаеваның «Бала шабыты» халықаралық байқауында иеленген Гран-приі және Батыр Қаржаспаевтың Латиф Хамиди атындағы халықаралық байқауда бірінші дәрежелі лауреат атануы.— Өткен жылдың қарашасында «IQostanay» SMART орталығының ашылуында мен мұндай заманауи орталықтар әр аудан мен қалада болуы тиіс екенін айтқан едім. Бүгінде бұл сөз нақты іспен дәлелденіп отыр. Осындай білім ордаларында болашақтың жұлдыздары тәрбиеленетініне сенімдімін, — деп атап өтті Құмар Ақсақалов.Жыл соңына дейін Жангелдин ауданында 100 орындық жаңа Шығармашылық үйінің ашылуы жоспарланған.Өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау – Қостанай облысының басты басымдықтарының бірі болып қала береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1011875?lang=kk
Экология – Қостанай облысының стратегиялық басымдығы 04.06.2025
5 маусым – Эколог күні қарсаңында Қазақстан, әлем елдерімен бірге, қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше назар аударады. Бүгінгі таңда орнықты даму мемлекеттік және өңірлік саясаттың өзегіне айналып отыр. Осы тұрғыда Қостанай облысында экология стратегиялық маңызы бар бағыт ретінде белгіленді. Бұл – уақыт талабы мен келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен туындаған қажеттілік, тек сәнге айналған ұран емес.Қостанай облысының экологиялық күн тәртібіҚостанай облысы – ірі аграрлық-индустриялық өңір. Ауыл шаруашылығы, кен өндіру және көлік салаларының дамуы табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану мен қорғауды талап етеді. Соңғы жылдары өңірде экологиялық ахуалды жақсарту бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр:* Қостанай, Рудный, Жітіқара және Лисаков қалаларында атмосфераға шығарындыларды бақылауға арналған автоматтандырылған мониторинг жүйелері енгізілуде;* Елді мекендерді көгалдандыру және орман алқаптарын қалпына келтіру бағдарламалары іске асуда;* Өндіріс орындарының экологиялық жауапкершілігін арттыру жұмыстары жүргізілуде;* Қалдықтарды сұрыптап жинау мен қайта өңдеу бастамаларына қолдау көрсетілуде.Эколог күніне орай жыл сайын өңірде қоршаған ортаны қорғауға қоғамды тартуға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.Өткізілген шаралар:* 29 мамыр 2025 жыл — Қостанай облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысымен «Neco» экологиялық клубы «Табиғат шекарасыз — орман, су, тазалық» атты экосағат өткізді. Іс-шарада табиғи ресурстарға саналы көзқарас, ормандарды өрттен сақтау, суды үнемдеу және тұрмыстық қалдықтардан қорғану мәселелері талқыланды.* 31 мамыр 2025 жыл — «Мөлдір Бұлақ» және «Таза Қала» атты экологиялық акциялар өтті. Оған мемлекеттік органдар, студенттер, волонтерлер, экоактивистер және жергілікті тұрғындар қатысып, жалпы саны 8200 адам болды. 850 тоннаға жуық қоқыс жиналып, шығарылды.* 2 маусым 2025 жыл— экоактивистер мен еріктілермен бірлесіп «10 экоәдет — дұрыс өмір салты» атты онкүндік онлайн-челлендж басталды. Әлеуметтік желілер арқылы қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндеу жарияланды.* 3 маусым 2025 жыл — Қостанай қаласындағы «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» атты сурет байқауы өткізілді. Жеңімпаздар мен қатысушыларға естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.Алдағы жоспарланған шаралар:* 5 маусым 2025 жыл — республикалық «Қоғамдық эко-бақылау» акциясы басталады. Оның аясында мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері бірлесіп туристік, тарихи-мәдени нысандарда және көгалдандыру, заңсыз қоқыс үйінділері, суару жүйелері сияқты мәселелер бойынша экомониторинг жүргізеді.* Осы күні экомарафон басталады. Ол 10 маусымға дейін жалғасады. Марафон аясында су айдындарын, мемлекеттік орман қорын, аулалар мен қоғамдық орындарды тазарту жұмыстары ұйымдастырылады.* 5 маусым — «Экологиялық үгіт-насихат шараларын өткізу» жобасы аясында тұрғындарға арналған эковикторина, сондай-ақ сала үздіктерін ведомстволық марапаттармен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапаттау рәсімі өтеді. Сонымен қатар, өңірдің ауыл-аймақтарында «Туған жер — таза жер!» атты экологиялық акция өтеді.* 9 маусым — «Neco» экоклубының бастамасымен мемлекеттік қызметкерлерге арналған «Жасыл кеңсе қағидаттарын енгізу» атты интерактивті оқыту өтеді.Ортақ іс – ортақ болашақЭкология — бұл тек экологтар мен табиғатты қорғау мекемелерінің міндеті емес. Бұл — бүкіл қоғамға қойылған сын. Әрбір Қостанай тұрғыны табиғатты қорғау ісінде өз үлесін сезінуі тиіс: тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптаудан бастап, ағаш отырғызуға дейін.Тек біріге әрекет еткенде ғана біз Қостанай облысының таза ауасын, құнарлы топырағын және мол су қорын сақтап қала аламыз. Эколог күні — бұл кәсіби мейрам ғана емес, сонымен қатар әрқайсымызға ой салар күн: артта қандай із қалдырамыз?Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1011171?lang=kk
Қазақстан мен Швеция сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің жолдарын талқылады 03.06.2025
Астана, 2025 жылғы 3 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Астанаға ірі іскерлік делегацияны басқарып келген Швеция Корольдігі Сыртқы істер министрлігінің Сауда саясаты жөніндегі бас директоры Камилла Мелландермен кездесу өткізді.Тараптар Қазақстан мен Швеция арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстар мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.Министрдің орынбасары швед делегациясына соңғы жылдары Қазақстанда жүргізілген институционалдық реформалар мен әртараптандырылған әрі болашаққа бағытталған экономиканы құруға бағдарланған шаралар туралы айтты.Осы тұрғыда Р.Василенко өнеркәсіп, «жасыл» технологиялар, орнықты даму, цифрландыру және инновациялар сияқты салаларда жетекші швед компанияларымен ынтымақтастықты жандандыруға мүдделілік білдіріп, Қазақстан мен Швеция арасындағы өзара сауда көлемін арттыру үшін күш-жігерін екі еселеуге шақырды.Өз кезегінде К.Мелландер екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін жоғары әлеует бар екенін атап өтіп, тұрақты сауда, цифрлық трансформация, көлік және логистика, сирек жер металдарын барлау және өндіру салаларында іскерлік байланыстарды нығайту мен тәжірибе алмасуға жәрдемдесуге швед тарапының дайын екенін білдірді.Тараптар Қазақстан мен Швецияда бизнес жүргізуге арналған жағдайларды жақсарту бойынша диалогты жалғастыру ниетін растады.Кездесу өзара түсіністік пен ашықтық рухында өтіп, қазақ-швед сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын нығайту жолындағы кезекті қадам болды.Анықтама: 2024 жылы Қазақстан мен Швеция арасындағы тауар айналымы 327,4 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 27,7 млн, импорт – 299,7 млн). 2024 жылы Швецияның Қазақстанға тікелей инвестицияларының жалпы ағыны 47,8 млн долларға жетті, ал 2005 жылдан бері 675 миллион доллардан асты. Қазақстанда швед капиталының қатысуымен «Ericsson», «Scania», «Volvo» және басқа да компанияларды қоса алғанда 60-тан астам кәсіпорын тіркелген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1011084?lang=kk
Астанада Қазақстан мен Буркина-Фасо арасындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды 03.06.2025
Астана, 2025 жылғы 3 маусым – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жұмыс сапарымен Астанаға келген Буркина-Фасоның Сыртқы істер, халықаралық ынтымақтастық және шетелдегі буркиналықтар министрі Карамоке Траоремен кездесу өткізді.Бұл сапар Буркина-Фасо сыртқы саяси ведомствосы басшысының екіжақты қатынастар тарихында Қазақстанға алғашқы ресми сапары және серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге тың мүмкіндіктер ашады.Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық саладағы кең ауқымды мәселелерді талқылады. Әсіресе, логистика, пайдалы қазбаларды өндіру, цифрландыру және қорғаныс өнеркәсібі сияқты болашаққа бағытталған салалардағы ынтымақтастықты арттыруға басымдық берілді.«Африка бағыты – Қазақстан сыртқы саясатының маңызды бөлігі. Астана құрлық елдерімен өзара тиімді және тең құқықты серіктестікті нығайтуға ұмтылады», – деді М.Нұртілеу.Сонымен қатар Қазақстан СІМ басшысы Буркина-Фасоның Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын құру бастамасын қолдағаны үшін алғыс айтты.Министрлер шарттық-құқықтық базаны тереңдетуге және әртүрлі деңгейдегі сапарларды жандандыруға өзара мүдделілігін растады, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.Келіссөздердің қорытындысы бойынша екі елдің сыртқы істер министрліктері арасында Саяси және дипломатиялық консультациялар жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл құжат ведомствоаралық диалогты институциялау бағытындағы маңызды қадам болды.Буркина-Фасо сыртқы саяси ведомствосы басшысының сапары қазақ-африкалық қарым-қатынастардың қарқынды даму кезеңіне сәйкес келуде. Соңғы жылдары Астанада Того, Конго Республикасы, Гвинея-Бисау мен Руанданың көшбасшылары, сондай-ақ Сьерра-Леоне, Бенин және Руанданың сыртқы істер министрлері ресми сапармен болды.Қазақстан Африка құрлығындағы өз дипломатиялық өкілдіктерін жүйелі түрде кеңейтіп, тең құқық пен өзара құрмет негізінде бірлескен экономикалық жобаларды ілгерітуде.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1011047?lang=kk
Қауіпсіз жаз: Қостанай облысында өрт қауіпті маусым мен шомылу кезеңіне дайындық мәселелері талқыланды 03.06.2025
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік отырысында өңірдің өрт қаупі жоғары кезеңге және шомылу маусымына дайындығы қаралды. Басты назарда – азаматтардың, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау және табиғи ресурстарды сақтау мәселелері болды. Өрт қауіпті кезең: алаңдатарлық деректер мен нақты шаралар Жаздың аптап ыстығымен өңірде өрт оқиғалары күрт көбейді. Жыл басынан бері 222 өрт оқиғасы тіркеліп, олардың қатарында Жітіқара, Сарыкөл және Әулиекөл аудандарындағы 3 орман өрті, сондай-ақ Б.Майлин ауданындағы 1 дала өрті бар. «Өрт өздігінен шықпайды – 90% жағдайда бұл адам немқұрайлылығының салдары. Әр адам өз әрекетінің салдарын түсінуі керек. Бір тасталған темекі тұқылы табиғат пен адамдар үшін апатқа айналуы мүмкін», – деді Құмар Ақсақалов. Жыл басынан бері 132 әкімшілік хаттама толтырылып, оның 16-сы – өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу бойынша. Салынған айыппұлдардың 95%-ы өндірілді, ал келтірілген шығын бойынша талап-арыздардың 35%-ы өтелді. Кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту жұмысы жалғасады. Материалдық-техникалық базаны нығайту Соңғы екі жылда орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай күшейтілді. Биыл техника сатып алуға 3,5 млрд теңге бөлінді. 26 өрт сөндіру көлігі, 28 трактор және 36 шағын орман-өрт сөндіру кешені сатып алынбақ. Бұл техникамен жабдықтау деңгейін 76%-дан 90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Автожолдардың бойындағы қорғаныш орман алқаптарына да ерекше көңіл бөлінуде. Облыста олардың ұзындығы 1000 км-ден асады. Оларды ұстау мен өрт қауіпсіздігі шараларын жол иелері қамтамасыз етуі тиіс. Сабан мен сабақты өртеудің қаупі Облыс әкімі егіс алқаптарында сабан мен сабақты өртеу әлі де жалғасып жатқанына алаңдаушылық білдірді: «Бұл тек өрт қаупі емес, бұл – топыраққа қарсы жасалған қылмыс. Гумус жанады, құнарлы жоғарғы қабат жойылады. Мұндай палдарды заңмен тыйым салу мәселесін қарау керек», – деді Құмар Ақсақалов. Шомылу маусымы: судағы қауіпсіздік Облыс аумағында шомылуға 26 ресми орын белгіленген (оның ішінде 8 коммуналдық және 18 жеке жағажай). Алайда шомылушылар 230-дан астам бейберекет жерде шомылады. Бұл судағы оқыс оқиғалардың негізгі себебі. «Қайғылы оқиғалардың 95%-ы жабдықталмаған жағажайларда орын алады. Биылдың өзінде алғашқы оқыс жағдайлар тіркелді. Ата-аналар балаларды бақылаусыз қалдырмауы керек», – деді облыс әкімі. Су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін шомылу маусымы басталғалы бері 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал былтыр маусым қорытындысымен 45 адамға жалпы сомасы 646 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Құтқару қызметтеріне қолдау Төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында былтыр 1 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, құтқарушылардың материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Батпақта жүретін көліктер, квадроциклдер, құтқару қайықтары сатып алынды. Сонымен қатар Қостанай қаласындағы Тобыл өзені жағалауындағы құтқару станциясы күрделі жөндеуден өтті. 2024 жылы ТЖД бөлімшелері 1500-ден астам адамды құтқарды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46%-ға көп. Нақты тапсырмалар Облыс әкімі келесі міндеттерді жүктеді:•Қала және аудан әкімдіктеріне – өртке қарсы іс-шараларды бақылауды күшейту;•Қорғаныш жыртуларды (опашка) ұйымдастыруды жеке бақылауға алу;•Қосымша қауіпсіз шомылу орындарын қамтамасыз ету;•Су айдындары маңында рейдтер мен патрульдер санын арттыру;•Құтқарушыларды оқытып, жағажай түбін тексеру;•Халықпен түсіндіру жұмыстарын күшейту. «Өрт – бұл жай ғана от емес. Бұл адамдарға, табиғатқа және экономикаға келген зиян. Біз барлық қауіп-қатерді азайтуға міндеттіміз. Бұл судағы демалысқа да қатысты. Қауіпсіз жаз – бәріміздің ортақ міндетіміз», – деп қорытындылады Құмар Ақсақалов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1010636?lang=kk
Көлік және логистика — Қостанай облысының экономикалық дамуының қозғалтқышы 02.06.2025
«Авиация және көлік логистикасын дамыту — елдің аумақтық байланыстылығын қамтамасыз ету мен тең мүмкіндіктерге қол жеткізудің негізі», — деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдағы сөзінде.Бүгін Қостанайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды талқылау аясында транзиттік-логистикалық сала мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Басқару, бизнес және қоғам өкілдері өңірдің көлік инфрақұрылымының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын жан-жақты талқылады.Облыс автомобиль жолдарының ұзындығы бойынша елде бірінші орын алады. 2025 жылы автожол желісін дамытуға 104,7 млрд теңге бөлініп, бұл өткен жылға қарағанда 42%-ға көп. Жоспарға 1 200 км жол және 103 елді мекендегі 382 көшені жөндеу кіреді. Арнайы назар ауылдық елді мекендерге апаратын жолдарға аударылып отыр: үш жыл бұрын 20 учаске жөнделсе, биыл — 80.«Екінші жыл қатарынан Қостанай облысына облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге еліміздің барлық өңірлері арасында ең көп қаржы бөлініп отыр», — деді жолаушылар тасымалы мен автомобиль жолдары басқармасының басшысы Алмас Есенжолов.Республикалық маңызы бар жолдардың — Сарыкөл – Солтүстік Қазақстан облысының шекарасы, Ұзынкөл – Троебратное, Бестөбе – Ақтөбе облысының шекарасы, Арқалық – Ұлытау облысының шекарасы сынды учаскелердің жөнделуі белсенді жүргізілуде. Соңғы учаскенің жөнделуін аяқтағаннан кейін күнделікті көлік ағыны 150-ден 2 500 машинаға дейін артады деп күтілуде.Астанадан Арқалық, Торғай, Ырғыз арқылы Транскаспий бағытындағы жаңа тасжол жобасының маңызы зор. Бұл жол елдің орталық және батыс өңірлері арасындағы қашықтықты 560 км қысқартып, Қазақстанның халықаралық логистикадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.Осы жобалардың әсері айқын. Біріншіден — жүктер мен жолаушылардың жылдам әрі ыңғайлы тасымалдануына қолайлы жағдай жасау. Бұл өз кезегінде жол бойындағы барлық өңірлерде экономикалық белсенділікті арттырып, бизнестің дамуына, сауда мен қызмет көрсету саласының өсуіне септігін тигізеді.Сонымен қатар, магистралдың Транскаспий халықаралық тасымалдау бағытына шығуы Қазақстанның халықаралық логистикалық тізбектердегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл жаһандық экономикалық ахуалдың өзгеруі жағдайында сауда қатынастары мен бағыттарға тез бейімделу үшін өте маңызды.Бизнес өкілдері жол бойындағы сервис пен мультимодальды логистиканың дамуын ерекше атап өтті.«Облысымыз жалпы транзиттік ағынның орталығына айналады. Географиялық орналасуы Қостанайды Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы негізгі транзиттік түйіндердің біріне айналдырады. Осы жобалар костанайлық өндірушілердің өнімдерінің, әсіресе агроөнеркәсіп, машина жасау және қайта өңдеу саласындағы өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етіп отыр», — деді кәсіпкер Валерий Сусаренко.Кәсіпкерлер халықаралық тасымалдау саласындағы оң өзгерістерді де атап өтті. Рұқсатнамалар алу процедурасын жеңілдету рәсімдерді аптамен емес, бір күнде аяқтауға мүмкіндік беріп, бұл әсіресе АӨК пен машина жасау кәсіпорындарының сыртқы нарықтарға шығуын айтарлықтай жеңілдетті. Тасымалдау құнының 30%-ға төмендеуі костанайлық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттырды.Логистикалық процестерді цифрландыру жалғасуда — Рұқсаттар ақпараттық базасы (РАБ) аясында интеграциялық шешімдер енгізіліп, транзитті жеделдетіп, операциялардың ашықтығын арттырады деп күтілуде.Дөңгелек үстел қатысушылары транспорт саласын тұрақты дамытудың негізгі факторы — мемлекет пен бизнестің ынтымақтастығы екеніне бірдей келісті.«Мемлекет басшысының Астана, Арқалық, Торғай, Ырғызды жалғайтын жаңа автомобиль магистралын салу туралы тапсырмасы — еліміздің логистикасын дамытуда маңызды қадам болады. Машина жасау, қара металлургия және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салалары қатарында бұл сала Қостанай өңірінің экономикасын дамытуда төртінші — стратегиялық маңызы бар бағытқа айналады», — дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1009878?lang=kk
Қазақстан Сыртқы істер министрі «Azizi Group» басшылығымен кездесу өткізді 02.06.2025
Астана, 2025 жылғы 2 маусым – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу әмірлік «Azizi Group» компаниясының төрағасы Мирваис Азизимен кездесу өткізді.Тараптар Қазақстандағы бірлескен инвестициялық жобаларды, әсіресе құрылыс және жылжымайтын мүлік саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру перспективаларын талқылады.Сұхбат барысында министр шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және туризмді дамыту бойынша Қазақстанда қабылданып жатқан шаралар туралы айтып, елдің түрлі өңірлерінде қонақ үйлер мен туристік нысандар салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.Бұдан бөлек Ауғанстандағы ынтымақтастықтың перспективалары, оның ішінде сауда мен логистиканы кеңейту мақсатында «Azizi Group» компаниясының банктерін («AZIZI Bank» және «Islamic Bank of Afghanistan») пайдалану мүмкіндігін талқылады.«Azizi Group» – жылжымайтын мүлік, өнеркәсіп, қонақ үй бизнесі, инвестиция, капиталды басқару, қайырымдылық және қаржы (Ауғанстанда) салаларында жұмыс істейтін Дубайдағы жетекші девелоперлік компаниялардың бірі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1009566?lang=kk
Қоғамдық келісім мен бірлікке – 30 жыл Алматы облысы ҚХА мерейтойын ауқымды жобалармен атап өтуде 02.06.2025
Алматы облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай қоғамдық келісімді нығайтуға, этносаралық диалогты дамытуға және бірлік құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған ауқымды іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда.Мерейтойлық жылдың басты оқиғасы – 2025 жылғы 30 мамырда Қонаев қаласында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық ХХХ сессиясы болды.Жыл басынан бері өңірде 16 мыңнан астам адамды қамтыған 100-ден аса тақырыптық іс-шара өткізілді. Оларға 34 этномәдени бірлестіктің (оның ішінде 18-і – облыстық деңгейде), Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, «Ассамблея жастары» жастар қанаты, медиаторлар және азаматтық қоғам белсенділері қатысты.Мерейтойлық жылы этносаралық келісім инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қонаев қаласында аумағы 1 200 шаршы метр болатын Достық үйі мен жалпы аумағы 30 040 шаршы метрлік көпфункционалды Конгресс-холл салынады. Құрылыс-монтаж жұмыстары биылғы жылдың қазан айында басталады. Ұйғыр ауданында 50 сотық жер телімі бөлініп, 35 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге өтінім берілді.Ел Президенті Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында берген тапсырмаларына сәйкес, өңірде этностар тығыз қоныстанған Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарында ҚХА бөлімшелерін құру жұмысы басталды.Қоғамдық диалогты нығайтуда Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесінің рөлі ерекше. Облыста 146 Аналар кеңесі және 141 Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Олар бес айда 20 мыңға жуық адамды қамтыған 190-нан астам іс-шара өткізді. Медиация кеңесі 4 мыңнан астам адам қатысқан 36 кездесу ұйымдастырды. ҚХА жастар қанаты 6 мыңнан астам жасты қамтыған 49 бастаманы жүзеге асырды.Жыл соңына дейін өңірде ұлтаралық келісім, толеранттылық пен диалог идеяларын насихаттауға бағытталған тағы 8 ірі этномәдени жоба өткізу жоспарланған.«Біздің өңірде келісім, толеранттылық және ашық диалог – өмір салтына айналған. Бұл – бізді біріктіретін, қуатты ететін құндылықтар. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігіміздің және көптүрлілікке деген құрметтің символы. Мерейтойлық жылы біз тек мәдени бастамаларға ғана емес, инфрақұрылымды дамытуға да баса назар аударып отырмыз. Қонаев қаласындағы Достық үйі мен Конгресс-холл – бұл әр дауыстың ескеріліп, әр этностың мәдениеті мен дәстүрі қолдау табатын ортақ болашағымызға жасалған инвестиция», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1008732?lang=kk
Астана халықаралық форумы аясында Қазақстан мен Нигерия арасындағы дөңгелек үстел өтті 02.06.2025
Астана, 2025 жылғы 30 мамыр – Астана халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Нигерияның йоруба халқының басшысы – Ифе Королі Адейейе Энитан Огунвуси, сондай-ақ Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары Самат Нұртаза мен Максим Рожиннің қатысуымен Қазақстан-Нигерия дөңгелек үстелі ұйымдастырылды.Іс-шараға қазақстандық агроөнеркәсіптік кешен мен IT-компаниялардың өкілдері, сондай-ақ Нигерияның қаржы және технология салаларындағы бизнес-қауымдастықтары қатысты.Дөңгелек үстел барысында тараптар Қазақстан мен Нигерия арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Ерекше назар қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде ет пен ет өнімдерін жеткізу мәселелеріне, сондай-ақ цифрландыру және ақылды қалалар саласындағы ынтымақтастыққа аударылды. Қазақ тарапы органикалық және халал өнім өндіру әлеуетін, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен африкалық нарықтарға экспорттау мүмкіндіктерімен таныстырды. Сонымен қатар бірлескен инвестициялар, логистика және Нигерия инфрақұрылымын жаңғырту аясында қазақстандық цифрлық шешімдерді қолдану тақырыптары көтерілді.Нигерия тарапын ерекше қызықтырған жоба – «Сергек» ақылды жүйесі болды. Бұл жүйе қауіпсіздік, жол қозғалысын бақылау және қалалық ортаға талдау жүргізу үшін пайдаланылады. Нигерия тарапы компанияны нақты пилоттық жобаларды пысықтау үшін елге шақырып, қалалардың жылдам өсуі мен заманауи басқару технологияларына деген сұраныс аясында бұл шешімнің жоғары әлеуетін атап өтті.«Біз Нигериямен ынтымақтастықты Африкадағы ең келешегі зор бағыттардың бірі ретінде қарастырамыз. Екі елдің де жеке секторы қарқынды дамып келеді, әрі экономикаларымыз бірін-бірі толықтырады. Қазақстан агроөнеркәсіп, экспорттық логистика, цифрландыру және урбанистика салаларында нақты шешімдерді ұсына алады. Бүгінгі талқылаулар нақты жобалар мен ұзақ мерзімді серіктестікке негіз болады деп сенеміз», – деп кездесуді қорытындылады Ә.Қуантыров.Кездесу форум аясындағы Қазақстан мен Африка арасында нығайып келе жатқан диалогтың жалғасы болды. Бұл диалог технологиялық серіктестік пен орнықты дамуға негізделген нақты ынтымақтастыққа екі тараптың да мүдделі екенін дәлелдеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1008768?lang=kk
Қазақстан цифрлық трансформация және ЖИ саласындағы жаһандық рөлді күшейтуде 02.06.2025
Астана, 2025 жылғы 30 мамыр – Астана халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Бас хатшысының цифрлық және перспективалық технологиялар жөніндегі арнайы өкілі Амандип Сингх Гиллмен кездесті.Тараптар жасанды интеллектті енгізу, суперкомпьютерді құру, цифрлық инфрақұрылымның дамуын, электрондық үкімет (eGov) саласындағы табыстарды, сондай-ақ «Astana Hub» халықаралық технопаркін ашу мәселелерін және Алматыда Орнықты даму үшін цифрлық шешімдер орталығын құру бастамасын қоса алғанда, Қазақстанның технологиялық жетістіктерін талқылады.А.Рахметуллин Қазақстанның БҰҰ-ның цифрлық күн тәртібін, соның ішінде Жаһандық цифрлық шартты және жасанды интеллектті қауіпсіз және әдепті пайдалану жөніндегі бастамаларды қолдайтынын растады.Өз кезегінде А.Гилл инклюзивті, жауапты және орнықты цифрлық трансформацияны ілгерілету мақсатында ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1008770?lang=kk
Қазақстан мен БҰҰ превентивті дипломатия саласындағы ынтымақтастықты күшейтуде 02.06.2025
Астана, 2025 жылғы 30 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Астана халықаралық форумының жұмысына қатысу үшін келген Орталық Азия үшін БҰҰ-ның Превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының (ОАПДӨО) басшысы Каха Имнадземен кездесу өткізді.Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен ОАПДӨО арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын, өңірлік қауіпсіздік, орнықты даму мәселелерін, сондай-ақ бірлескен іс-шараларға дайындықты талқылады.Қазақстанда ағымдағы жылдың күзіне жоспарланған Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері орынбасарларының алдағы кездесуіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өңірлік қауіпсіздік, тұрақты даму, су ресурстары және климаттың өзгеруі мәселелерін қамтитын күн тәртібін қалыптастыру талқыланды.А.Рахметуллин Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін алдағы іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, өңірдегі превентивті дипломатияны ілгерілету мен күш-жігерді үйлестірудегі белсенді рөлі үшін Өңірлік орталыққа алғысын білдірді.Тараптар аталған кездесуге дайындық шеңберінде тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты, сондай-ақ Қазақстан мен ОАПДӨО арасындағы одан әрі ынтымақтастықтың дамуына үлкен мән берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1008773?lang=kk
Әр үйге — таза су: Қостанай облысында Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай орындалып жатыр 02.06.2025
Қостанай облысында жыл соңына дейін халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін толық шешу жоспарланып отыр. Қазақстан Президентінің тапсырмаларын орындау аясында ауылдық және қалалық елді мекендерді сумен жабдықтау жүйелеріне қосу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.Бүгінгі таңда сумен қамтылғандар:Қалалық халықтың — 99%-ы,Ауылдық халықтың — 91,3%-ы.2025 жылдың соңына дейін қалған 33 ауыл мен 2 қала — Арқалық пен Тобыл — сумен қамтылады. Нәтижесінде өңірде 100 пайыздық қамту қамтамасыз етіледі.📍 Жоспарланған шаралар:20 ауылда (13 мың адам) орталықтандырылған сумен жабдықтау (ОСЖ) енгізіледі,13 ауылда (3 мың адам) су тарату пункттері (СТП) орнатылады,7 елді мекенде су тасымалдау ұйымдастырылады.«Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету — бұл тек инфрақұрылым мәселесі емес, өмір сапасының негізгі көрсеткіші. Мемлекет басшысы тапсырғандай, қалған ауылдар мен қалаларда жұмыс толық аяқталады», — деп атап өтті облыстық энергетика және ТКШ басқармасында.🚧 Биыл облыста 66 жоба жүзеге асырылуда:45 — ауылдық елді мекендерде,21 — қалаларда.Жобаларды іске асыруға 22 млрд теңге бөлінді, оның ішінде:6,9 млрд — Ұлттық қордан,5,3 млрд — тұрақтандыру қорынан,7,6 млрд — жергілікті бюджеттен,2,1 млрд — республикалық бюджеттен.Маусым айында қосымша 9 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаражат 14 жобаға бағытталады (оның ішінде 13-і ауылдық, 1-і — Тобыл қаласында). Тиісті өтінімдер ҚР Индустрия және құрылыс министрлігіне жолданды.🟢 Күтілетін нәтиже:Георгиевка, Михайловка, Восток, Константиновка, Лесное, Свердловка, Первомайское және басқа ауылдарда ауызсу пайда болады.10 ауылда ескірген сумен жабдықтау жүйелері жаңартылады.Алыс елді мекендерде тасымал суды пайдалану мәселесі шешіледі.Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. 2025 жылдың соңына дейін Қостанай облысының халқы толық көлемде сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1008780?lang=kk