Қуқық
Қаржы министрлігі отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуді күшейтуді қолға алды 27.06.2025
Қаржы министрлігі қазақстандық тауар өндірушілеріне көрсетілетін қолдауды күшейту үшін мемлекеттік сатып алу саласындағы құқықтық базаны жетілдіріп келеді. Мәселен, 2025 жылдың 24 маусымындағы №321 бұйрыққа сәйкес Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына түзетулер енгізілді. Негізгі өзгерістер Қазақстанның тауар өндірушілеріне:- келісімшарт бойынша тауарларды жеткізу мерзімдерін 15 күнтізбелік күннер 60 дейін ұлғайтуға мүмкіндік беріп, бұл тиісті міндеттемелерді орындау мерзімін сақтауға жол ашады;- тауарларды жеткізгені үшін төлем мерзімдерін 30 күнтізбелік күннен 10 жұмыс күніне дейін азайту қарастырылған. Аталған амал өндірушілердің қаржылық жүктемелерін азайтуға септеседі;- аванс төлем мөлшерін 30% 50% дейін ұлғайту көзделген.Тұтастай алғанда, осы өзгерістер жергілікті өндірістің өсімін ынталандыруға және отандық бизнесті дамытуға бағытталған.Бұйрық жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң ресми түрде қолданысқа енгізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1025261?lang=kk
ҚР Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов жұмыс сапарымен Алматы облысына келді 26.06.2025
2025 жылғы 26 маусымда Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов жұмыс сапарымен Алматы облысына келді. Сапар аясында ол Қонаев қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді.Кездесу барысында вице-министр өңірдің отын-энергетика кешенінің қазіргі жағдайы туралы айтып, жылумен қамту, газдандыру және электрмен жабдықтау мәселелері бойынша тұрғындардың сауалдарына жауап берді.Қала тұрғындары газдандыру деңгейі, ЖЭС-3 жөндеу жұмыстарының барысы және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Бұл сұрақтарға нақты әрі жан-жақты жауаптар берілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласына арналған дизель отынын жеткізу және сұйытылған мұнай газына қолжетімділік мәселелері де талқыланды.Әлібек Жамауов өңірдің жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы әлеуетіне де тоқталып, бұл бағыттағы барлық жобалардың Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.Сапар аясында азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды.Вице-министрдің бұл сапары өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1025250?lang=kk
26 маусымда БҰҰ Дүниежүзілік есірткіге қарсы күрес күнін атап өтеді 26.06.2025
Есірткінің кең таралуы әлемдегі барлық елдердің алдында тұрған ең маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Есірткі – адамдардың өмірін бұзады, ұйымдасқан қылмыс пен террористік ұйымдар үшін пайда көзі, планетаның көптеген өңірлеріндегі тұрақсыздықты күшейтеді. БҰҰ мәліметтері бойынша ағымдағы жылы 300 миллионнан астам адам есірткіге тәуелді. Синтетикалық есірткі өндірісінің өсуі ерекше қауіп төндіреді.Қазақстан БҰҰ-ның осы жаһандық проблемамен күрестегі жетекші рөлін қолдайды. Еліміз есірткіге қарсы күрес саласындағы БҰҰ-ның барлық үш конвенциясына қосылды. Биыл Қазақстан 2026-2029 жылдарға арналған БҰҰ Есірткі құралдары жөніндегі комиссиясының мүшесі болып бесінші рет сайланды және жаһандық есірткіге қарсы стратегиясын іске асыруға елеулі үлес қосуда.Қазақстандық өкілдер ТМД, ҰҚШҰ және ШЫҰ қамқорлығымен есірткіге қарсы операцияларға белсене қатысып, Еуропа, Азия және АҚШ құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасайды. Алматыда орналасқан Есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия үйлестіру орталығы ақпарат алмасуды жүзеге асырады және Орталық Азия мен одан тыс жерлерде есірткі трафигінің жолын кесу бойынша бірлескен операциялар жүргізеді.Ұлттық деңгейде 2023-2025 жылдарға арналған Нашақорлыққа және есірткі саудасына қарсы күрес бойынша кешенді жоспар іске асырылуда. Оның басым бағыттары қылмыстық әрекеттің жолын кесу ғана емес, сонымен бірге жастармен профилактикалық жұмыс істеу, психологиялық және медициналық көмек көрсету, қоғамның барлық топтарын нашақорлықпен күреске тарту.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1025208?lang=kk
Дзюдодан CISM әлем чемпионатында армия спортшылары екі қола медаль жеңіп алды 26.06.2025
Германияның Варендорф қаласында әскери қызметшілер арасында дзюдодан CISM әлем чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күні армия спортшылары ҚР Қарулы күштерінің қызметкері Шерзод Давлатов пен қатардағы жауынгер Нұрқанат Серікбаев екі қола медаль жеңіп алды.60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Шерзод Давлатов Бахрейн спортшысы Руслан Полторацкийден жеңіліп қалды. Жұбаныш жекпе-жегінде Алжир мен Франциядан келген спортшылардан басым түсіп, үшінші орын үшін болған кездесуде Кувейт өкілін жеңді.Қатардағы жауынгер Нұрқанат Серікбаев 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Тунис спортшысын жеңгенімен, алжирлік спортшыға есе жіберді. Алайда швейцариялық және неміс дзюдошыларын жеңіп, қол медаль үшін болған жекпе-жекте итальяндық спортшыдан басым түсті.Дзюдодан CISM әлем чемпионатына 35 елден 200 спортшы қатысып жатқанын айта кету керек. Жарыс 30 маусымға дейін жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1024928?lang=kk
Қазақстан Қорғаныс министрі ШЫҰ кеңесіне қатысты 26.06.2025
Қытайдың Циндао қаласында қабылдаушы тараптың төрағалығымен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер Қорғаныс министрлерінің кеңесі өтті.Отырыста қорғаныс ведомстволарының басшылары жаһандық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасып, қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.Сонымен бірге Қазақстан Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың Ресей, Қытай, Үндістан, Пәкістан қорғаныс ведомстволарының басшыларымен және ШЫҰ Бас хатшысымен екіжақты кездесулері өтті.Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдері қорғаныс ведомстволары басшыларының келесі кездесуі 2026 жылы Қырғызстанда өтеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1024944?lang=kk
Астанада еліміздің инвестициялық ахуалын жақсарту бойынша семинар ұйымдастырылды 26.06.2025
Астана, 2025 жылғы 26 маусым – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ҚР Бас прокуратурасымен бірлесіп «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының алаңында «Ашық есік күні» семинарын ұйымдастырды. Іс-шараға өңірлер әкімдерінің орынбасарлары, облыс прокурорларының орынбасарлары, мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдері, сондай-ақ онлайн форматта қосылған 1000-нан астам бизнес өкілі қатысты.Кездесудің мақсаты инвестициялық ахуалды жақсарту, ірі инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің тиімділігін арттыру, Ұлттық цифрлық инвестициялық платформасының (ҰЦИП) мүмкіндіктерін көрсету және инвесторлар тап болатын жүйелі мәселелерді талқылау болды.Семинарды ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанкулов ашты. «Инвесторларды сүйемелдеудің заманауи цифрлық инфрақұрылымын құру – жобаларды жедел іске асырудың кілті. ҰЦИП бюрократиялық рәсімдерді қысқартып, ашықтықты арттырады және бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара әрекеттестікті жеңілдетеді. Бұл – инвесторлар үшін қолайлы және болжамды орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам», – деді ол.ҚР Бас прокуратурасы атынан Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Мәди Айхимбеков сөз сөйледі. Ол прокуратура органдарының инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытындағы қызметі туралы айтып, соңғы жылдары қадағалау органдарының қатысуымен 1000-нан астам проблемалық мәселе шешілгенін атап өтті. Ерекше назар тізімге енгізілген инвесторларға қатысты бақылау іс-шараларын келісу механизміне аударылды.«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек ведомствоаралық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті: «СІМ, «Kazakh Invest» және Бас прокуратураның бірлескен күш-жігері бизнесті жүргізуге қолайлы және қауіпсіз құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Процестерді цифрландыру мен институционалдық қолдаудың артуы мемлекеттің инвесторлармен конструктивті диалогқа дайын екенін көрсетеді».Семинар барысында қатысушыларға ҰЦИП платформасының жұмысы көрсетіліп, Бірыңғай реестрдегі нақты кейстер мен қабылданған нормативтік өзгерістер таныстырылды.«Сұрақ-жауап» сессиясында инвесторлар практикалық сипаттағы көптеген сұрақтар қойып, мемлекеттік органдар тарапынан нақты жауаптар алды. Жобаларды жүзеге асыру барысында туындаған жүйелі қиындықтарға байланысты бірқатар мәселелер Бас прокуратура қызметкерлерінің бақылауына алынды.Бизнес өкілдері іс-шараның практикалық құндылығын атап өтіп, мемлекеттік органдармен тікелей диалогтың маңызын және жобаларды іске асыру бойынша өзекті мәселелерге жедел түсініктеме алуға мүмкіндік бар екенін айтты. Олардың айтуынша, мұндай форматтар қолданыстағы кедергілерді ғана анықтап қоймай, сонымен қатар іскерлік ортаны жақсартуға және инвесторлар мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтуға ықпал ететін бірлескен шешімдерді табуға мүмкіндік береді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1024909?lang=kk
Қостанай облысында құрылыс қарқыны артып келеді 26.06.2025
2025 жылдың алғашқы бес айында Қостанай облысының құрылыс саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр. Облыс әкімі Кумар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында мәлім етілгендей, құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 70 пайызға артып, 75,5 млрд теңгені құрады.Аймақ үшін басым бағыттардың бірі – тұрғын үй құрылысы. Жыл басынан бері 179,5 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді, бұл – 1 810 пәтер. Қостанай қаласы, Рудный және Қостанай аудандарында орналасқан жаңа «Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандары белсенді түрде дамып келеді. Жалпы алғанда, бұл аудандарда 150-ден астам тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымы бар нысандар салу жоспарланған.Отырыста облыс әкімі өмір сүру ортасының сапасына ерекше назар аударды:«Үй салған кезде аумақты абаттандыруға ерекше мән беру керек. Балалар және спорт алаңдары тек сапалы материалдардан жасалып, барлық құрылымдар берік орнатылуы тиіс. Мен құрылыс алаңдарын жеке өзім аралап жүрмін, аудан әкімдеріне бұл жұмысты қатаң бақылауға алуды тапсырдым. Қоғамдық бақылау – ең тиімді тәсіл», – деді Кумар Ақсақалов.Сондай-ақ өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жалғасуда. Қазірдің өзінде жаңа мектептер, емханалар, балабақшалар мен спорт нысандары іске қосылған. Жыл соңына дейін ауылдық жерлерде тағы 15 әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі.Инженерлік инфрақұрылымға 8,7 млрд теңге бөлініп, Құнай, Береке, Астана және Бәйтерек шағын аудандарында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар құрылыс материалдарын шығару ісі жанданып келеді: бес ай ішінде өндіріс көлемі 18,5 млрд теңгеге жеткен.Кеңесте ТОО «My Eco House» директоры Нұржан Батталов жеке бастама ретінде энергия үнемдейтін СИП-панельдерден үй салу жобасын таныстырды.«180 шаршы метрлік бір үйді небәрі 10 күнде құрастырып шығуға болады. Арнайы техника қолданбаймыз, іргетасы жеңіл, ал материалдар жылу сақтайды. Сарыкөл мен Әулиекөл аудандарында біз тек үйлерді салып қойған жоқпыз – жергілікті шаруашылықтардың қызметкерлері өздері біздің жинақтарымыздан үйлерін тұрғызды», – деді ол.Бұдан бөлек, облыста «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй алу үшін электронды кезек жүйесі енгізіліп жатыр. Мамыр айының соңындағы мәліметке сәйкес, бұл базаға ел бойынша 149 мыңнан астам өтінім тіркелген. Жүйе арқылы баспанаға мұқтаж жандарға жалдамалы тұрғын үйден бастап, жеңілдетілген ипотекаға дейін түрлі мемлекеттік қолдау ұсынылады.Кумар Ақсақаловтың айтуынша, өңірдегі барлық бастама мен жұмыс азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған: баспана – бұл жай ғана қабырға емес, адамның лайықты өмір сүруінің негізі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1024796?lang=kk
Азаматтардың қаржылық қауіпсіздігі: цифрлық дәуір сын-қатерлері және оған қарсы іс-қимыл шаралары 26.06.2025
Соңғы уақытта Қазақстанда қаржы пирамидаларына, заңсыз онлайн-казиноларға және «оңай әрі жылдам табыс» түрінде ұсынылатын күмәнді қаржылық құрылымдарға тартылған азаматтардың саны артып келеді. Бұл жағдайдың басты себептері – халықтың қаржылық және цифрлық сауаттылығының төмендігі мен экономикалық қысымның күшеюі. Мұндай қаржылық қақпанға түсу тек материалдық шығындарға ғана емес, кейбір жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке де алып келуі мүмкін.Қазіргі алаяқтық схемалар көбіне инвестициялық платформалар, экологиялық цифрлық жобалар немесе жоғары технологиялы стартаптар түрінде бүркемеленіп ұсынылады. Бұл құрылымдардың өміршеңдігі жаңа қатысушылардың үнемі тартылуына тәуелді, ал қаржы ағыны азайған сәтте жүйе бірден құлдырайды.Осы өзекті мәселелер «AFM online 2025: XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» атты форумда талқыланды. Іс-шара Қонаев қаласының Мәдениет үйінде өтті. Форумды мемлекеттік органдардың, бюджеттік мекемелердің, қоғамдық белсенділер мен құқық қорғау органдарының, сондай-ақ медиа саласының өкілдері ұйымдастырды. Форумға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, мәслихат депутаттары, денсаулық сақтау, білім, экономика салалары мен Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері қатысты.Өз сөзінде облыс әкімі азаматтардың күмәнді схемаларға тартылуына олардың жылдам байып кетуге деген ұмтылысы себеп екенін атап өтті. Бұл үрдіске микрокредит беру көлемінің өсуі мен халықтың қарыздық жүктемесінің артуы да әсер етуде.—" Адамдар бұрынғы несиесін жабу үшін жаңасын алады, онлайн-казиноларға қатысады немесе қаржы пирамидаларына енеді. Алайда мұндай әрекеттердің арты ауыр құқықтық салдарға әкеп соғуы мүмкін", — деді Марат Сұлтанғазиев.Сонымен қатар, ол жергілікті атқарушы органдар жаңа жұмыс орындарын құру және шетелдік, отандық инвесторларды тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Алайда жастар мен әлеуметтік осал топтар арасында қаржылық сауаттылықты арттырмайынша, бұл мәселені түбегейлі шешу мүмкін емес.Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Данияр Ақжанов цифрлық трансформация жағдайында алаяқтар заманауи технологияларды заңсыз схемаларды жүзеге асыру құралына айналдырып отырғанын жеткізді.— "Біз қаржылық сауатсыздықтың салдарымен күн сайын бетпе-бет келеміз: заңсыз инвестициялық жобалардан бастап несие беру саласындағы заңбұзушылықтарға дейін. Бүгінде басты ресурс – білім. Мемлекет басшысы атап өткендей, экономика мен қаржы негіздерін меңгеру, цифрлық дағдыларға ие болу – өмірлік қажеттілікке айналды", — деді ол.Форумда қатысушылар ерекше назарды «дроппер» деп аталатын тұлғаларға — яғни өздерінің жеке деректерін немесе банк карталарын қылмыскерлерге пайдалануға берген азаматтарға аударды. Көп жағдайда олар өз рөлін толық түсінбей, оңай табысқа қызығып келісім береді. Алайда бұл әрекеттер қылмыстық іске қатысы бар деп бағаланып, Қазақстанда ондап саналатын жастар нақты сот үкімдерімен бас бостандығынан айырылды.Форумға 200-ге жуық қатысушы жиналды. Шара барысында криптовалюталық пирамидалар, әлеуметтік желілердегі фейк ұсыныстар, жасанды интеллект арқылы жасалған жалған сайттар мен бейне-аудио материалдар сияқты цифрлық алаяқтықтың өзекті түрлері қарастырылды.Қазақстанда мұндай заңсыз схемалармен күрес бірнеше деңгейде жүргізілуде. 2024 жылдың өзінде қаржы пирамидаларын құру деректері бойынша 82 қылмыстық іс қозғалып, келтірілген залал көлемі 5,4 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар, халық арасында ақпараттық-түсіндіру және оқыту шаралары да жүзеге асырылуда. Қаржы министрлігінің дерегі бойынша өткен жылдың күзінде еліміздің қалалары мен ауылдарында 5 мыңнан астам азамат арнайы оқудан өтті.Fingramota Online секілді онлайн платформалар азаматтарға пирамидаларды тану тәсілдері мен әрекет ету алгоритмдері туралы сенімді ақпарат ұсынады.Форумға қатысушылар қоғамда қаржылық қауіпсіздік дағдыларын, сыни ойлауды және ақпараттық гигиенаны қалыптастырудың маңызын атап өтті. Қаржылық қауіпсіздік – бұл тек пайыздық мөлшерлемелер мен экономикалық терминдерді білу ғана емес. Бұл – ақпаратты тексере білу, тәуекелдерді бағамдау және қажет кезде көмекке жүгіну қабілеті. Осы тәсіл ғана ниеті жаман адамдардың арбауына түсіп қалудан қорғай алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1024716?lang=kk
Ақтөбеде Қорғаныс министрі «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерімен кездесті 26.06.2025
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған «Айбын» XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны ашылған күні қорғаныс ведомствосының басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жасарбаздықтармен кездесті. Қорғаныс министрі ел тарихы мен оның рухани мұрасына ұқыпты қарау қажеттігін, сондай-ақ қазақ батырларының ерлік дәстүрлерін сақтаудың маңыздылығын атап өтті.Авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов балаларға белсенді өмірлік ұстанымы, әскери-қолданбалы пәндерді табысты меңгергені және жеңімпаз болуға ұмтылғаны үшін алғыс білдірді. – Қазақстан Республикасы – біздің Отанымыз. Оны көздің қарашығындай сақтау – әр азаматтың міндеті. Сендер нағыз патриотсыңдар. Бүгінгі жиынға қатысу үшін мұқият іріктеуден өттіңдер. Дүбірлі додада жоғары нәтиже мен жеңіс тілеймін, – деді ол.Жылы шырайлы жүздесуде Қорғаныс министрі «Жас сарбаз» қозғалысы тәрбиеленушілерінің сұрақтарына жауап беріп, оларға сәттілік тіледі.Ақтөбеде Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының базасында Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командаларының жарыстары өтіп жатқанын естеріңізге саламыз. Қытайлық делегация жиынға бақылаушы ретінде қатысуда.Жиынның ашылу күні қонақтар мен қатысушыларға тартымды мәдени-танымдық бағдарлама дайындалды. Шара аясында қазақстандық «Жас сарбаз» балалар үрмелі аспаптар оркестрінің тұсаукесері өтті.Мерекелік концерттен соң әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған көрмеге қатысты. Қатысушы мемлекеттердің атынан «Айбын – достық мекені» атты мобильді интерактивті көрме ұйымдастырылды. Оған келушілер Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің қатысуымен елімізде тұратын этностардың түрлі мәдениеттерімен және салт-дәстүрлерімен танысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1024678?lang=kk
Қазақстан СІМ-де Ұлыбритания Елшісімен оның дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай кездесу өтті 25.06.2025
Астана, 2025 жылғы 25 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Кэти Личті оның дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады.Министрдің орынбасары К.Личке Астанада өткен төрт жылдық қызметі барысында екіжақты ынтымақтастықтың дамыуына қосқан елеулі үлесі мен табысты өзара іс-қимылы үшін алғыс білдіріп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хат пен «Барыс» төсбелгісін табыстады.Осы кезең аралығындағы маңызды жетістіктер ретінде белсенді саяси диалогты қолдау, қазақ-британ Стратегиялық диалогы мен Үкіметаралық комиссияның отырыстарын өткізу, сондай-ақ экономикалық және білім беру байланыстарын кеңейту, оның ішінде Қазақстанда британдық жоғары оқу орындары мен мектептердің филиалдарын ашу аталып өтті.Шарттық-құқықтық базаны нығайту тұрғысында 2024 жылы екі ел арасында Стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюы маңызды қадам ретінде көрсетілді.Өз кезегінде Ұлыбритания Елшісі қазақ тарапына жан-жақты қолдауы мен қонақжайлығы үшін алғысын білдіріп, екі мемлекет арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастардың табысты дами беретініне сенім білдірді.Кездесу соңында Р.Василенко әріптесіне алдағы кәсіби қызметіне табыс тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1024399?lang=kk
Агроөнеркәсіп және өнеркәсіп салаларында ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда 25.06.2025
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринның төрағалығымен кеңес өтті. Күн тәртібінде агроөнеркәсіптік кешен мен өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобалар талқыланды. Кеңеске облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.Биыл аймақтың ауыл шаруашылығы саласына 86 млрд. 400 млн. теңге инвестиция тарту межесі бекітілген. Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін өндіруде негізгі капиталға салынған инвестиция 4 млрд. 731 млн. теңге болып, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 26 пайызға артты. Инвестиция тартуды тұрақты қамтамасыз ету үшін аймақтың агроөнеркәсіп кешенінде 2025-2027 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың жол картасы бекітілді. Жол картасында 30 инвестициялық жоба қамтылған. Бұл жобалар жүзеге асқанда 295 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Биыл 13 млрд. 400 млн. теңгенің 14 инвестициялық жобасы жоспарлануда. Өнеркәсіп саласында биылғы 5 айда 426 млрд. 950 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 0,4 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде 155 млрд. 300 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 18,2 пайызға артты. Экономиканы әртараптандыруда 2025-2028 жылдары қолға алынатын 89 инвестициялық жобаның 27-сі биыл іске асырылуда.Ірі жобалардың бірі – қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы. Өңірдің кірпіш өнімдеріне қажеттілігінің 90 пайызын қамтамасыз ететін, құны 5 млрд. теңге болатын заманауи кірпіш зауыты іске қосылды. Азық-түлік өнеркәсібінде нан-тоқаш, кондитерлік, макарон өнімдерін өндіру кешені, түйе сүтінен жылына 392 тонна құрғақ ұнтақ өндіру зауыты мен әрқайсысы 2 мың шаршы метр екі шағын өнеркәсіптік аймақ биыл жұмысын бастайды.Түйе сүтінен алынатын құрғақ ұнтақ өнімдер қытайлық компаниямен жасалған оффтейк келісімі аясында толығымен Қытайға экспортталатын болады.Биыл жалпы құны 24,2 млрд теңге, қуаттылығы 90 мегаватт үш күн-электр станциясы іске қосылады. Бұдан бөлек, жыл ішінде жалпы сомасы 553,6 млрд теңгеге бағаланған 14 ірі жобаның құрылысы басталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1024265?lang=kk
Қазақстан мен Тәжікстан сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі 25.06.2025
Астана, 2025 жылғы 25 маусым – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу тәжік «Ориёнбонк» ААҚ басқарма төрағасы Хасан Асадуллозодамен кездесу өткізді.Сұхбат барысында Министр Қазақстанның Тәжікстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.Тараптар қаржы институттарының өзара сауданы ұлғайту, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды рөліне назар аударды. Атап айтқанда, өткен жылы екі ел астаналары арасында тікелей әуе қатынасының басталуы іскерлік байланыстардың кеңеюіне оң ықпал еткені айтылды.Кездесу қорытындысы бойынша мүдделі салаларда өзара іс-қимылды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1024228?lang=kk
Алматы облысында 1,3 трлн теңгеге 35 ірі жоба жүзеге аспақ – өнеркәсіп пен логистика жаңа кезеңге өтті 25.06.2025
2025 жылы Алматы облысында өнеркәсіп, логистика және агроөнеркәсіп кешені салаларында жалпы сомасы 1,3 трлн теңгені құрайтын 35 ірі инвестициялық жоба іске асырылмақ. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.Аталған жобалардың қатарында Pepsico зауытының құрылысы, LC Waikiki көтерме-бөлу орталығы, Qazaq Global Food қайта өңдеу зауыты, сондай-ақ Kusto Logistics, MP Solution, Oasis Logistics, Еуразиялық логистикалық парк сынды индустриялық және логистикалық хабтардың дамуы бар. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық іргетасын нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған.2024 жылы облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,9 трлн теңгені құрап, 23 жаңа өндірістік нысан пайдалануға берілді. Олардың ішінде өңірдегі ең ірі өндіріс орындарының бірі – KT&G темекі фабрикасы да бар. Сонымен қатар, қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту мен кеңейту нәтижесінде 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.Қытай мен Қырғызстанмен шекаралас аумақта орналасуының арқасында Алматы облысы өңірлік транзит пен логистиканың маңызды орталығына айналуда. Бүгінгі таңда облыс аумағында жалпы ауданы 1786 гектарды құрайтын 4 индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр, тағы 2 аймақтың құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, «Alatau» арнайы экономикалық аймағында инвесторларға жеңілдіктер ұсынылуда.Жалпы, облыста жалпы құны 6,2 трлн теңгені құрайтын 215 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде Қытай капиталының қатысуымен іске асырылатын 1,9 трлн теңгелік 34 жоба бар. Бұл жобалар өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, жасыл энергетика және су шаруашылығы салаларын қамтиды.Соңғы екі жылда облыс әкімі басшылығымен Қытайдың 14 өңіріне 5 жұмыс сапары ұйымдастырылып, 70-тен астам кәсіпкер, 100-ден астам екіжақты кездесу, 30-дан астам меморандумға қол қойылды.Инвестициялық жобалардың белсенді жүзеге асырылуы, инфрақұрылымның дамуы және бизнеске жасалып жатқан қолдау шаралары Алматы облысын елдегі жетекші индустриялық және логистикалық орталықтардың біріне айналдырып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1024053?lang=kk
Алматы облысының жаңа аймақтық рәмізінің жобасы ұсынылды — қоғамдық талқылауға шақырамыз! 25.06.2025
Құрметті облыс тұрғындары! Алматы облысының тарихи-мәдени мұрасын, табиғи ерекшеліктері мен өңірлік бірегейлігін бейнелейтін жаңа өңірлік нышан (символика) жобасы әзірленді. Аталған нышан жобасы – облыстың имиджін қалыптастыруға, ішкі бірлікті нығайтуға, сондай-ақ өңіріміздің болмысын көрнекі түрде көрсетуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Осыған орай, Алматы облысының жаңа өңірлік нышан жобасын қоғамдық талқылауға ұсынып отырмыз. Баршаңызды өңіріміздің болашағына бейжай қарамай, өз пікіріңізді білдіруге шақырамыз.Талқылау мерзімі: 15 күнтізбелік күн. 2025 жылдың 25 маусымнан бастап 10 шілдеге дейін Ұсыныс/пікірлерді жолдау мекенжайы: daurenbaev.m@almobl.gov.kz почтаға.Жоба үлгісімен танысып сауалнама өте аласыз аласыз.Сіздің ұсыныстарыңыз біз үшін маңызды. Бірге талқылай отырып, ортақ құндылықтарға негізделген мағыналы облыстың нышанын қалыптастырайық!Ұйымдастыру комитеті: Алматы облысының әкімдігі САУАЛНАМА Алматы облысының жаңа өңірлік нышан жобасын жүктеу Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1024094?lang=kk
Талғар ауданында «Келешек мектептері» жобасы аясында жаңа мектеп ашылды 25.06.2025
Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылында 900 орындық жаңа мектептің салтанатты ашылуы өтті. Бұл нысан – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген білім беру мекемелерінің бірі.Салтанатты шараға Алматы облысының әкімінің орынбасары Болат Күренбеков қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.- «Президентіміздің: “Біз Қазақстандағы барлық балалардың бақытты болашағын қамтамасыз етуіміз керек” деген сөзі – бүгінгі шараның мәнін айқындайды. Аталған жоба шеңберінде өңірде 26 мектептің құрылысы жоспарланып, оның 9-ы өткен жылы пайдалануға берілді. Бұған қосымша, жеке инвестициялар есебінен 4, ал жергілікті бюджет есебінен тағы бір мектеп пен жапсаржай іске қосылды. Осы арқылы үш ауысымды мектептердің саны 52-ден 30-ға дейін қысқарды. Биыл тағы 17 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде», – деді Болат Күренбеков.Жаңалық ауылында ашылған 900 орындық мектеп жаңа стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда оқу кабинеттері, инклюзивті білім беру орталығы, кітапхана, шеберхана, робототехника мен STEM бағытындағы сыныптар, спорт залы, асхана және мәжіліс залы бар. Жаңа нысан үш ауысымды оқыту мәселесін шешеді.Мектептің құрылысын «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы жүзеге асырып, бас мердігер ретінде «AK Construction» компаниясы жұмыс жүргізді. Облыс әкімі аталған компанияларға алғысын білдіріп, білім беру саласындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.- «Бала – ел болашағы. Сапалы білім – табысты ұлттың негізі. Бүгінгі ашылып отырған жаңа мектеп – ұрпақ игілігі үшін жасалып жатқан нақты қадам», – деді облыс әкімінің орынбасары.Салтанатты рәсім аясында лента қию, дарынды оқушылардың көрмесі және жаңа ғимаратпен танысу іс-шаралары өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1023635?lang=kk
Шарыннан Тәж-Махалға дейін: екі елдің туризмін тоғыстырған бизнес-форум 25.06.2025
Алматы облысы әлемдік туризм картасындағы орнын айқындай түсті. Мұнда Үндістан мен Қазақстан арасындағы ірі туристік бизнес-форум өтті. Бұл шара екі елдің туризм саласын байланыстыратын ғана емес, тікелей әуе қатынастарын дамытуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және мәдени алмасуды күшейтуге арналған маңызды алаң болды.Форумды Алматы облысының Туризм басқармасы мен Үндістан Елшілігі бірлесе ұйымдастырды. Оған Қазақстан, Үндістан, АҚШ, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген 200-ден астам делегат қатысты. Қатысушылар қатарында туризм, қонақ үй, көлік және әуе тасымалдау салаларының өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар бар.«Алматы облысы – табиғаты таңғажайып, инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқан өңір. Көлсай, Қайыңды, Шарын шатқалы, Түрген сарқырамасы, Қаскелең шатқалдары бүгінде Қазақстаннан тыс жерлерде де кеңінен танылып келеді. Соңғы бір жылдың ішінде Үндістаннан келген туристердің саны екі есе артты», – деді Алматы облысының Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.Форум аясында іскерлік сессиялар, B2B кездесулер, туристік бағыттардың таныстырылымы, логистика және тікелей әуе рейстерін кеңейту мәселелері талқыланды. Алғашында 100 қонақ күтілгенімен, шараға 200-ден астам адам, оның ішінде 70-тен астам шетелдік компания өкілдері қатысты. Бұл бастамаға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.Форумда көлік қатынасына ерекше назар аударылды. Бүгінде Үндістан мен Қазақстан арасында аптасына 15 тікелей рейс қатынайды, олардың басым бөлігі Алматы бағытына тиесілі. Air Astana, SCAT және Алматы халықаралық әуежайының өкілдері алдағы уақытта жаңа бағыттар ашуға дайын екендерін жеткізді.«Қазақстан – біз үшін жаңа, бірақ болашағы зор бағыт. Үнді туристері бұл елге ерекше қызығушылық танытып отыр. Мұнда ғажайып табиғат, қауіпсіздік және қонақжай халық бар. Біз Алматы облысымен ынтымақтастықты кеңейтіп, жаңа бағдарламаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз», – деді үндіcтандық Travel компаниясының өкілі Аканша Чотхари.Форум аясында мәдени бағдарламалар да ұйымдастырылды. Қонақтар ұлттық киімдерді, қолөнер бұйымдарын, кәдесыйларды тамашалап, түрлі тағамдардан дәм татты. Әсіресе, күрд диаспорасының музыкалық және би бағдарламасы ерекше әсер қалдырды.«Біз Қазақстанның көпқырлы екенін көрсеткіміз келеді. Біз өзімізді сөзбен емес, өнеріміз, мәдениетіміз және ұлттық құндылықтарымыз арқылы танытамыз», – деді Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Гамзе Гейдаров.Форумға ірі туроператорлармен бірге жас кәсіпкерлер де қатысты. Quick Travel компаниясының негізін қалаушы Хаким Ма үнділік серіктестермен келіссөздер бастағанын және бірлескен турларды әзірлеуге дайын екенін мәлімдеді.«Үнді студенттерінің көбеюі, тікелей рейстердің артуы және қолайлы логистика туристік байланысты нығайтудың тұрақты негізін қалыптастырады. Алматы қазір Қазақстан ғана емес, Орталық Азияға апаратын қақпаға айналып отыр», – деді кәсіпкер.2024 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысы шетелдік туристерді қабылдау бойынша елімізде үздік үштікке енді. 2023 жылмен салыстырғанда шетелдік туристер ағыны 60%-ға артты. Үндістан-Қазақстан туристік форумы сияқты бастамалар өңірге деген қызығушылықтың уақытша емес, ұзақ мерзімді екенін көрсетіп отыр.Бұл форум Алматы облысына халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын тағы бір дәлелдеп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1023639?lang=kk
Қарағандылық балуандар Вьетнамдағы Азия чемпионатында екі қола жүлдеге ие болды 25.06.2025
Вьетнамда, Бариа-Вунгтау провинциясында жасы 17-ден 23-ке дейінгі спортшылар арасында күрестен Азия чемпионаты өтті. 24 елдің мыңнан астам жас балуаны сайысқа түсті. Қазақстан құрамасының құрамында Қарағанды облысынан екі спортшы қатысып, үйлеріне медальдармен оралды.- Вьетнам алғаш рет континенттік біріншілікті қабылдады. Турнир Азиядағы күрес қозғалысын дамыту үшін үлкен маңызға ие, сондай-ақ тәжірибе алмасуға, шеберлікті арттыруға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Азия күрес федерациясының президенті Мохамад Авамлех.23 жастан аспаған балуандар арасындағы жарыста қарағандылық Ангелина Первухина 55 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды. Ол Қарағанды облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттығады.Қола жүлдеге Ә.Молдағұлова атындағы облыстық олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінің тәрбиеленушісі Асхаб Хаджиев ие болды. Ол 79 кг салмақ дәрежесінде еркін күресте үшінші орынды иеленді.Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты бойыншаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1023673?lang=kk
Қазақстан 50-in-5 жаһандық бастамасына қосылды 25.06.2025
Қазақстан «50-in-5» жаһандық бастамасына қосылды. Бұл бастама елдердің күшін біріктіре отырып, цифрлық қоғамдық инфрақұрылымның (DPI) негізгі элементтерін жедел енгізуді мақсат етеді. Бұл технологиялар заманауи, ыңғайлы, проактивті мемлекеттік қызметтерді дамытуға негіз болып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және цифрлық экономиканы ілгерілетуге ықпал етеді.Цифрлық қоғамдық инфрақұрылым – бұл цифрлық төлемдер, сәйкестендіру және деректер алмасу жүйелерінің қауіпсіз әрі өзара әрекеттесе алатын жиынтығы. Цифрлық дәуірде бұл жүйелер экономика мен әлеуметтік өмірге толыққанды қатысудың басты алғышартына айналды. DPI барлық мемлекеттердің орнықты әрі инновациялық экономика құрып, азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуі үшін қажет.«50-in-5» бастамасының негізгі мақсаты – 2028 жылға дейін 50 ел кем дегенде бір DPI элементін енгізуі. Бұл тәжірибе алмасу және ашық цифрлық өнімдерді қолдана отырып, бірлескен шешімдер әзірлеу шығындарды азайтып, трансформацияны жеделдетуге мүмкіндік беретініне негізделген.«Қазақстандағы цифрлық трансформацияның басты өзегі – адам. Біз үшін технология – жай ғана технология емес, ол азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған құрал. Осы мақсатта біз әр қадамымызды халық игілігі үшін жасай отырып, ашық, түсінікті және тиімді цифрлық мемлекет құрып жатырмыз. Цифрлық шешімдер қашықтықты қысқартады, осы арқылы адамдар қайда тұрса да, біз оларға жақынырақ бола аламыз. «50-in-5» бастамасына қосылу – адамға бағытталған цифрлық трансформациямызды үдетіп, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін маңызды қадам», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.Қазақстанда цифрлық қоғамдық инфрақұрылымның негізгі элементтері табысты енгізіліп, бүкіл ел аумағында кеңейтілуде. Цифрлық сәйкестендіру жүйесінің (Digital ID) негізгі бөлігі – eGov Mobile мобильді қосымшасы. Бұл – ресми электрондық үкіметтің супермобильді қосымшасы, ол қауіпсіз авторизация, қашықтан жеке басын растау және мемлекеттік қызметтердің кең ауқымына қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.Бүгінде eGov Mobile қосымшасын 10,9 миллионнан астам қазақстандық пайдаланады, оның ішінде ай сайынғы белсенді аудитория 5,3 миллион адамды құрайды, ал тәулігіне орта есеппен 354 мың пайдаланушы қосымшаға кіреді. «Қызметтер» бөлімінде 200 түрлі сервис қолжетімді, ал eGov Mobile арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 82 миллионнан асты.Пайдаланушылардың ерекше қызығушылығын «Цифрлық құжаттар» бөлімі тудырады. Онда жеке куәліктен бастап жүргізуші куәлігіне дейін 38 түрлі электрондық құжат қолжетімді. Бұл функция іске қосылғаннан бері құжаттарды 25,7 миллионнан астам рет қолданған.Қазақстандағы мемлекеттік жүйелер арасында деректер алмасу үшін Smart Data Ukimet ақпараттық-талдамалық платформасы жұмыс істейді. Оған 124 мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі біріктірілген. Бұл интеграция азаматтардың өмірлік жағдайларына автоматты түрде жауап ретінде проактивті мемлекеттік қызметтерді әзірлеуге мүмкіндік береді.Бүгінгі таңда әлеуметтік бағыттағы 45 проактивті мемлекеттік қызмет әзірленген. Олар азаматтарға, әсіресе өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға бағытталған атаулы көмек көрсетуге арналған. Осындай қызметтер 4,3 миллионнан астам рет көрсетілді. Smart Data Ukimet, Электрондық үкімет шлюзі және Smart Bridge бірігіп, ұлттық деректер алмасу жүйесінің негізін құрайды.«50-in-5» – бұл цифрлық қоғамдық инфрақұрылымды енгізу арқылы цифрлық күн тәртібін жеделдетуге бағытталған елдер бастамасы. Бұл бастама Билл және Мелинда Гейтс қоры, Цифрлық қоғамдық инфрақұрылым орталығы, Co-Develop ұйымы, Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсы және БҰҰ Даму бағдарламасымен (ПРООН) бірлесіп жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, бастамаға GovStack, Америкааралық даму банкі, ЮНИСЕФ және БҰҰ-Әйелдер ұйымы қолдау көрсетеді.«50-in-5» бастамасы аясында елдер цифрлық көшбасшылармен тәжірибе алмасып, халықаралық үздік тәжірибелерді зерделеп, техникалық және әдістемелік қолдау ала алады. Қазақстан үшін бұл бастамаға қатысу – ұлттық цифрлық әлеуетті нығайтып, әрбір азаматтың мүддесіне жұмыс істейтін орнықты цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды қадам.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/1023778?lang=kk
Қостанай облысында құрылыс саласы тұрақты өсім көрсетуде 25.06.2025
24 маусымда облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен құрылыс саласының дамуы бойынша кеңейтілген аппараттық жиын өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде тұрғын үй құрылысын арттыру, қала мен ауыл ортасын жақсарту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықты баспанамен қамтуды кеңейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.Құрылыс жұмыстарының көлемі екі жылда 70%-ға арттыЖиын барысында Қостанай облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дидар Тлеубаев баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы екі жылда құрылыс жұмыстарының көлемі 70%-ға ұлғайып, 2022 жылы 187 млрд теңге болса, 2024 жылы 315 млрд теңгеге жеткен. Республика бойынша Қостанай облысының үлесі 3,8%-дан 4,6%-ға дейін артты.2025 жылға арналған жоспар — 406,8 млрд теңге. Оның 75,5 млрд теңгесі ағымдағы жылдың 5 айында орындалды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 157,8%-ды құрайды.Алайда кейбір аудандарда көрсеткіштер төмен. Әсіресе, Әулиекөл ауданында нақты көлем индексі — 10,4%. Меңдіқара ауданында да өсім бәсең. Бұл бағыттағы жұмыстар әкімдердің жеке бақылауына алынды.Тұрғын үй құрылысы: оң қарқын сақталудаБасқарма басшысының айтуынша, 2025 жылы 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған. Бес айда 179,5 мың шаршы метр тапсырылып, 1 810 пәтер (оның ішінде 1 625 — коммерциялық, 185 — жеке тұрғын үй) иелеріне берілген.Ең көп құрылыс Қостанай, Рудный қалаларында және Қостанай ауданында жүргізілуде. Бұл аудандар жалпы көлемнің 92,4%-ын құрайды.— Жылдық жоспарды орындау үшін 47 көпқабатты тұрғын үй (376 мың ш.м.) және 124 жеке тұрғын үй салу қажет, — деді Дидар Тлеубаев.«Астана» және «Бәйтерек» ықшам аудандары: болашақ осында басталадыҚостанай агломерациясы қарқынды дамуда. Басқарма мәліметінше, «Астана» және «Бәйтерек» ықшам аудандарында 10 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталған, тағы 13 үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы 150-ден астам көпқабатты үй салу көзделуде. Жанында мектептер, балабақшалар, аурухана, спорт кешені, саябақ пен дүкендер орналасатын болады.Облыс әкімі құрылыс сапасына баса мән беруді тапсырды:— Үй салумен қатар, аула мен алаңдарды абаттандыру сапасына ерекше көңіл бөлінуі керек. Балалар және спорт алаңдары тек сапалы материалдардан жасалып, берік орнатылуы тиіс. Мен өзім құрылыс нысандарын аралаған сайын осыған назар аударамын. Аудан әкімдері де мұны қатаң бақылауға алуы қажет. Қоғамдық бақылау — ең тиімді құрал, — деді Құмар Ақсақалов.Әлеуметтік нысандар: ауыл мен жастарға басымдықТұрғын үй — жай ғана баспана емес, өмір сүру сапасының негізі екенін атап өткен облыс әкімі:— Үй — адамның тірегі. Қалада да, ауылда да құрылыс жалғасуы тиіс. Мемлекет халықтың баспаналы болуы үшін барлық жағдайды жасайды. Бұл — біздің тікелей міндетіміз, — деді Құмар Ақсақалов.Оның айтуынша, биыл Қостанай қаласында 2 жайлы мектеп, Жангелдин ауданында бір мектеп, Қостанай ауданында емхана, Сарыкөл және Әулиекөл аудандарында сауықтыру кешендері, Мендықара және Қамысты аудандарында жабық хоккей корттары салынды.Қостанай мен Әулиекөл аудандарында балабақшалар, Тобыл қаласында балалар орталығы, облыс орталығында №1 спорт мектебі ашылды.Жыл соңына дейін ауылдық жерлерде тағы 15 әлеуметтік нысан іске қосылады. Сонымен қатар, Рудный қаласы мен Құсмұрын кентінде екі жаңа мектеп пайдалануға беріледі.Инженерлік желілер мен құрылыс материалдарыКунай, Береке, Астана және Бәйтерек ықшам аудандарына инженерлік желілер тарту үшін 8,7 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, құрылыс материалдарын өндіру де маңызды мәселе.Облыста 72 құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын жұмыс істейді. Алайда, кейбір өнімдер әлі де өзге өңірлерден тасымалданады.— Биыл тағы 5 зауытты іске қосу жоспарланған. Оның ішінде темірбетон бұйымдары, газоблоктар, ерітінді түйіндері және ағаш өңдеу бар. Құрылыс материалдарының өндіріс көлемі 5 айда 18,5 млрд теңгені құрады. Бұл былтырғыдан 9,8%-ға жоғары, — деді Тлеубаев.Құрылыс қалдықтарын өңдеу: өзекті мәселеҚұмар Ақсақалов құрылыс қалдықтары мәселесіне тоқталды:— Құрылыс артқан сайын, қалдық та көбейеді. Бұл мәселе бақылауда болуы керек. Рудный қаласында бір мекеме жұмыс істеп тұр, бірақ өңірге жеткіліксіз. Аудан әкімдері осы бағыттағы бизнесті дамытуы қажет.Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды тіркеудің жаңа форматы«Отбасы банк» АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Әсел Аскарова банк қызметінің жаңарған форматы туралы баяндады. Енді банк — тұрғын үй саясатының ұлттық даму институты ретінде орталықтандырылған тіркеу жүргізеді.— Енді біз азаматтарды санаттарға бөлмейміз. Егер соңғы 5 жылда баспанасы болмаса немесе апатты үйде тұрса, кезекке тұра алады. 24 мамырдан бастап orken.otbasybank.kz порталы арқылы 149 000-нан астам өтінім қабылданды, — деді ол.Жүйе 18 мемлекеттік дерекқормен біріктірілген. Отбасының цифрлық портреті жасалып, табысына, мәртебесіне қарай қолдау шаралары ұсынылады: жалдау төлеміне субсидия, арендалық баспана немесе жеңілдетілген ипотека.Тиімді технологиялар: жеке кәсіпкерлік тәжірибесі«My Eco House» ЖШС директоры Нұржан Батталов СИП-панельдерден үй салу жобасымен таныстырды.— Үйдің қаңқасын 10 күнде құрастырамыз. Арнайы техника қажет емес. Құрылыс жеңіл, іргетасы таяз, ал қыста жылуды жақсы сақтайды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына үйлер салып бердік, кейін өздері біздің материалмен үй тұрғыза бастады, — деді Батталов.Қайта жаңғырту — тиімді шешімЖаңа құрылысқа қоса, өңірде ескі үйлерді жөндеу жұмыстары да жүргізілуде. Биыл 8 ауданда 12 үйге күрделі жөндеу жүргізілуде. Былтыр мұндай жұмыс 10 нысанда атқарылды.— Бұл тәжірибені жалғастыру керек. Егер ғимараттың техникалық жағдайы мүмкіндік берсе — жөндеп, сақтаған жөн. Бірақ сараптама әділ және сапалы жүргізілуі тиіс, — деп түйіндеді облыс әкімі.Аймақтағы құрылыс саласы жаңа серпін алды: баспана, инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар — бәрі халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1023453?lang=kk
«Қымызмұрындық-2025» 25.06.2025
Алматы облысы Кеген ауданының көрікті Кәркара жайлауында ұлттық дәстүрлерді жаңғыртатын ірі мәдени іс-шара – «Қымызмұрындық-2025» этнофестивалі өтті. Оның аясында республикалық «Жолан жүйрігі» ат жарыстары ұйымдастырылды. Елдің әр өңірінен және жақын шетелдерден келген тоғыз мыңға жуық қонақты қарсы алған бұл шара қазақ халқының салт-дәстүрлерінің қайта түлеуінің жарқын көрінісіне айналды.«Қымызмұрындық» фестивалі – жаз жайлауына көшкен соң алғашқы қымыз сапыру рәсіміне негізделген көне дәстүр. Бұл ғұрып молшылықтың, табиғатқа деген құрметтің және қонақжайлықтың белгісі ретінде қарастырылған. Фестиваль барысында бұл дәстүрлер толық сақталып, кимешек киген әжелер шашу шашып, бауырсақ пен бал қымыз ұсынып, келушілерді төрге шығарып қарсы алды. Қонақтарға ұсынылған емдік сусыннан шамамен 100 бөшке дайындалған.Фестиваль салтанатты театрландырылған қойылыммен ашылып, 50 шабандоздан құралған салт атты шерумен жалғасты. Шеруді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Омар Қиқым бастап, дәстүрлі бата берді.Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Абдрахим шараға қатысушыларға арнаған сөзінде: — «Қымызмұрындық» – халқымыздың рухани коды. Қымыз – жай ғана сусын емес, ол ғасырлар бойғы өмір салты мен философияны бейнелейді. Бұл мереке адамдарды біріктіріп, көршілік пен достықты нығайтады. Шара аясында Жолан Омарұлына арналған бәйге мен ұлттық спорт сайыстары өткізіледі, – деп атап өтті.Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Құрмет грамоталары Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков пен «ASK Capital» ЖШС өкілі Сырым Күлбаевқа табысталды.Фестивальдің құрметті қонақтары қатарында Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысы Түп ауданының әкімі Канибек Абиев, ҚР Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Күлкенов, қоғам қайраткері Тоққожа Естенов және Республикалық аналар кеңесінің төрайымы Назипа Ыдырысқызы болды.Жолан Омарұлының әкесі Ыбырайақын аға ұйымдастырушылар мен Кеген жұртшылығына алғысын білдіріп, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен аудан әкімі Нұрбахыт Теңізбаевқа ризашылығын жеткізді.Фестиваль аясында Кеген ауданының ауылдары киіз үйлер тігіп, этноауылдар құрды. «Ауыз тию» салттық рәсімі өткізілді. Ауданның ақсақалы Жетен ата бата беріп, келіні Айнарa бие сауу процесін көрсетті.Қонақтар киіз басу, кілем тоқу, ұн тарту, көрпе тігу және қымыз дайындау бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Жалаулы ауылының тұрғыны Толқын Қалдыбайқызы 150 литр қымыз әкеліп:— Біздің қолда 12 бие бар. Қымыз – шипалы, табиғи сусын. Оны газды сусындармен салыстыруға келмейді, – деді.Ауыл шаруашылығы техникалары мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. «Беларусь Агро Техника» компаниясы өз тракторларын тиімді лизинг шартымен ұсынды. Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Абдрахим жаңа техникалардың кілттерін жергілікті шаруаларға табыс етті. Олардың бірі – «Ерген» шаруашылығының төрағасы Рақымжан Абдрахманов: — Мұндай күнде техника алу – үлкен қуаныш. Бұл фестиваль – жастарға үлгі болатын, дәстүрлерге қайта оралудың жарқын мысалы, – деді.Мерекелік көңіл-күйді Рамазан Стамғазиев, Алтынбек Қоразбаев, Бейбіт Мусаев, Нұрболат Абдуллин, Бейбіт Қорған секілді белгілі әншілер мен «Алатау серілері», «Абырой» ансамбльдері және Сүйінбай атындағы филармонияның әртістері жандандыра түсті.Кеген ауданының әкімі Нұрбахыт Теңізбаев фестивальдің ұлттық мұра, дәстүрлі спорт, ауыл еңбегі мен ішкі туризмді дәріптеудегі мәдени маңыздылығын атап өтті.Фестиваль аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті: қыз қуу, бөрене көтеру, қазақ күресі, теңге ілу, жамбы ату, «Толағай» палуандар сайысы, 15 келі қымыз ішуден жарыс және «Топжарған» шоу бағдарламасы.Жетісу өңірінің тұрғыны Айдын Нұғыманов 120 келілік қошқарды көтеріп, осымен 35-рет жеңімпаз атанды.Фестивальдің басты көрінісі – республикалық «Жолан жүйрігі» бәйгесі болды. Жарыстар 9 км (құнан бәйге), 18 км (топ бәйге) және 31 км (аламан бәйге) қашықтықтарында өтті. Бас жүлдеге екі автокөлік пен 5 миллион теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттар тігілді.Аламан бәйгеде Жамбыл облысынан Айдар Нұрмұхамбетовтың «Айбалта» атты тұлпары мәре сызығын бірінші кесіп, Changan автокөлігін жеңіп алды.Топ бәйгеде Алматы облысынан Магауия Қазбековтың «Калкаман» атты аты бірінші келіп, ол да Changan автокөлігіне ие болды.Құнан бәйгеде Қырғыз Республикасынан Сталбек Жаманқұловтың «Роки» атты тұлпары жеңімпаз атанып, 2 миллион теңгелік сертификатпен марапатталды.«Қымызмұрындық-2025» фестивалі ұлттық мұраны құрметтеу мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін тағылымды іс-шара ретінде ел есінде қалды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1023224?lang=kk