Қуқық
Шиелі теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін іске қосылды 12.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректор Наурызбай Байқадамов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қайта жаңғыртылған Шиелі теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Аймақ басшысы аудан тұрғындарын құттықтап, жаңа ғимарат жолаушыларға сапалы қызмет көрсететін бірегей нысанға айналатынын атап өтті. «Бүгін Өздеріңізбен бірге аймағымыз үшін маңызды жобалардың бірі - Шиелі теміржол вокзалының қайта жаңғыртудан кейінгі салтанатты ашылу рәсімінде бас қосып отырмыз.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының еліміздегі теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту тапсырмасы аясында былтыр сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бастамасымен жаңғыртудан өтетін вокзалдар тізіміне барлық аудан орталықтарындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы ғимараттар, Жаңақорған ауданы Талап бекетінің платформасы енгізілген болатын. Барлық вокзалдағы жаңғырту жұмыстарына 10 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Аумағы 9 474 шаршы метр болатын Шиелі теміржол вокзалына 836 млн.теңгеден астам қаржы қаралған. Тәулігіне 200 жолаушыны қабылдайтын вокзал заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда да ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталып, төбе жабындысы мен есік-терезелері ауыстырылды. Электр желілері, жылу жүйесі жаңаланды және перрон аумағы абаттандырылды. Бүгін Жаңақорған теміржол вокзалын да іске қостық, Ертең Қазалы вокзалын ел игілігіне табыстаймыз. Жаңа нысандар баршаңызға құтты болсын!», - деді Мұрат Нәлқожаұлы. Шарада Жәнібек Тайжанов пен Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбетов сөз сөйлеп, сала қызметкерлері, мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1249246?lang=ru
Қайта жаңғыртылған Жаңақорған теміржол вокзалы ашылды 12.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректор Наурызбай Байқадамов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қайта жаңғыртудан өткен Жаңақорған теміржол вокзалының ашылу рәсіміне қатысты. Еске салсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі 124 вокзал жаңғыртылып жатыр. Былтыр сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жаңғыртудан өтетін вокзалдар тізіміне барлық аудан орталықтарындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы ғимараттарды, Жаңақорған ауданындағы Талап бекетінің платформасын енгізген болатын.Барлық вокзалдағы жаңғырту жұмыстарына 10 млрд. теңгеге жуық қаржыны бөлінді. Рәсімде Мұрат Нәлқожаұлы теміржол вокзалдары жолаушыларға қолайлы және қауіпсіз, өңірдің заманауи келбетін айшықтайтын нысандарға айналатынын атап өтті. «Облыс аумағы - тоғыз жолдың торабында орналасқан, өңірлер мен елдерді байланыстыратын маңызды көлік дәлізі.Бүгінде аймағымыздан халықаралық және өңіраралық теміржол бағыттарымен мыңдаған жолаушы, шетелдік туристер қатынайды. Сондықтан теміржол вокзалдарын заман талабына сай жаңғырту тұрғындар үшін де, қонақтар үшін де ерекше маңызға ие.Бүгін біз Жаңақорған кентінде 1 млрд.теңгеден астам қаржыға қайта жаңғыртылған, аумағы 8 838 шаршы метр болатын теміржол вокзалын ел игілігіне табыстағалы тұрмыз. Вокзал күніне 121 жолаушыны өткізуге қауқарлы. Ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталды, төбе жабындысы мен есік-терезесі ауыстырылды. Электр желілері монтаждалып, жылу жүйесі жүргізілді, перрон абатандырылды. Нысан заманауи талаптарға сай, жоғары сапалы жабдықтармен жарақталған. Бұдан бөлек, бүгін Шиелі, ертең Қазалы теміржол вокзалдарын табыстаймыз. Облыс аумағынан өтетін әрбір қонақ пен турист мұндағы қызмет сапасы мен жайлылыққа оң бағасын береді деп сенеміз», - деді Мұрат Нәлқожаұлы. Жиында Жәнібек Тайжанов пен еңбек ардагері Сәулебек Қалыбаев сөз сөйлеп, теміржол саласы қызметкерлері мен мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Бүгінде облыс аумағынан 15 жолаушы пойызы өтеді, облыс орталығынан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей, Түркістан қалаларына 6 жолаушылар пойызы жүреді.Өңірде 80 шақырымнан астам теміржол күрделі жөнделуде. Ел аумағындағы теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту туралы Президент тапсырмасына сәйкес 2024 жылы Қызылорда теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, абаттандырылды. Бұдан бөлек, аймақтағы 7 вокзал, Тереңөзек және Жалағаштағы 2 қызмет көрсету пункті күрделі жөнделіп жатыр. Талап бекетінде 322 млн.теңгеге 1 188 шаршы метрлік жолаушылар платформасын жаңғырту жұмыстары аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1249233?lang=ru
Апта қорытындысы: Ақмола облысында «Айбын-2026» халықаралық жастар жиыны мәресіне жетті 12.07.2026
Ақмола облысының Щучинск қаласында Қазақстан мен шет мемлекеттерден келген 52 команданың құрамындағы мыңға жуық жастың басын қосқан XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиыны өз мәресіне жетті.Бір апта бойы Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледждің «Амандық» оқу полигонында жас патриоттар әскери-қолданбалы дайындық, күш-жігер, төзімділік және командалық үйлесімділік бойынша сынға түсті. Бағдарлама аясында әскери-тактикалық ойындар, зияткерлік сайыстар, спорттық жарыстар және шығармашылық байқаулар ұйымдастырылды.Жиынның жабылу салтанаты мен жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Қорғаныс министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың және ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатысты.Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков қатысушыларды жарыстың сәтті аяқталуымен құттықтап, «Айбын» жиынының жыл сайын ауқымы кеңейіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және Отан қорғаушылардың жаңа буынын тәрбиелеуге ықпал ететін маңызды алаңға айналғанын атап өтті.XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиынының бас жүлдесі – Гран-приді Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледждің командасы жеңіп алды.Халықаралық санатта Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Өзбекстан командасы иеленсе, үшінші орынды Әзербайжан, Қырғызстан және Ресей құрамалары өзара бөлісті.Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери-патриоттық клубтары арасында «Оңтүстік арландары» әскери-патриоттық клубы үздік атанды.Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар командалары арасында Жетісу облысының «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубы жеңімпаз болды.Әскери колледждер мен облыстық мамандандырылған әскери мектеп-интернаттар арасында Шымкент қаласындағы Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледждің командасы бірінші орынды жеңіп алды.Ауқымды іс-шараның жарқын қорытындысы ретінде «Амандық» полигонының аспанын безендірген дрондар шоуы көрсетіліп, дәстүрлі «Айбын жалыны» алауы жағылды. Оның маңында қатысушылар жарыстың әсерлі сәттерімен бөлісіп, жаңа достар тауып, бір апталық жиынның қорытындысын шығарды.XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиыны жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің, көшбасшылық қасиеттерді дамытудың, достық байланыстар мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1249181?lang=ru
Астанада Қазақстанның тұңғыш Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысына құрмет көрсетілді 12.07.2026
Астанадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері отставкадағы контр-адмирал Ратмир Комратовтың 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.Концерт залының фойесінде оның өмір жолы мен көпжылдық әскери қызметін баяндайтын тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ қонақтарға контр-адмирал туралы деректі фильм көрсетілді.Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, Қарулы күштер Бас штабының, Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшылығының басшылығы, әскери қызметшілер, ардагерлер, әскери кафедра курсанттары, сондай-ақ мерейтой иесінің туған-туыстары мен жақындары қатысты.Қорғаныс министрінің атынан Бас штаб бастығының орынбасары генерал-майор Асқар Жоламанов Ратмир Комратовқа құттықтау хат табыстап, контр-адмиралдың Әскери-теңіз күштерін құруға және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков оның теңіз инфрақұрылымын дамытуға және әскери кеме жасаудың қалыптасуына қосқан өлшеусіз еңбегіне тоқталды.– Ратмир Әлімханұлының есімі Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің тарихында мәңгілікке жазылды. Оның кәсібилігі, көрегендігі және әскери борышқа адалдығы арқасында Қарулы күштердің бұл түрінің берік негізі қаланды. Бүгінде оның ісін жаңа буын әскери теңізшілері лайықты түрде жалғастырып келеді, – деді 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков.Өз кезегінде мерейтой иесі көпжылдық қызметке берілген жоғары баға мен көрсетілген құрметке алғысын білдірді.– Офицер үшін ең үлкен марапат – ел қауіпсіздігі жолындағы қызметінің және Отан қорғаушыларын тәрбиелеуге қосқан үлесінің жемісін көру. Қол жеткізген жетістіктерім – бірге қызмет еткен көптеген әріптестерімнің ортақ еңбегінің нәтижесі. Осы жолда жанымда болған барша жандарға шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді Ратмир Комратов.Салтанатты іс-шара Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың орталық ансамблінің мерекелік концертімен және қатысушылардың естелік суретке түсуімен аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1249182?lang=ru
Алматы облысында өткен «Қымызмұрындық – 2026» фестиваліне 35 мыңға жуық қонақ келді 12.07.2026
Алматы облысында халықтың ұлттық рухын оятып, дархан даланы думанға бөлеген «Қымызмұрындық – 2026» фестивалі өз мәресіне жетті. Биыл бұл мерекеге еліміздің түкпір-түкпірі мен алыс-жақын шет елдерден 35 мыңға жуық қонақ келді. Фестивальде ұлттық спорт түрлерінен түрлі сайыстар өтіп, мереке қорытындысында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар марапатталды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Мереке барысында Мыңжылқының төсін дүбірлеткен мың жылқының көрінісі жиналған көпшіліктің назарын өзіне ерекше аударды. Жер тарпыған жылқылар дүбірін естігенде, елең етпеген ел қалмады. Дүйім жұрттың жігер, намысын жанып өткен бәйгенің де орны ерекше болды. Биыл бұл жарыста екі жүзге жуық таңдаулы шабандоз бақ сынады. Жарыс бағдарламасы үш кезеңнен тұрды. Ең жас қатысушылар тоғыз шақырымдық құнан бәйгеде сынға түсті. Тәжірибелі жүйріктер жиырма шақырымға созылған топ бәйгеде бақ сынады. Сондай-ақ 32 шақырымдық аламан бәйгеде шабандоздар нағыз шеберлік пен төзімділіктің үлгісін көрсетті.Жүлде қоры да қомақты болды. Аламан бәйгенің жеңімпазы Jetour X70 FL Prestige автокөлігінің иегері атанды. Екінші орынға – 2,5 миллион теңге, үшінші орынға 1 миллион теңге берілді.«Түйе палуан» жарысы да жанкүйерлер назарындағы басты бәсекелердің біріне айналды. Білекті балуандар күш сынасқан сайыстың жеңімпаздары да жүлделі сыйлықтардан қалыс қалған жоқ.«Қошқар көтеру» жарысын да көпшілік қызыға тамашалады. Сырттай қарағанда қарапайым көрінгенімен, бұл сайыс зор күш-қуатты, төзімділікті, қолдың қарымын және дұрыс әдіс-тәсілді талап етеді. Дәстүр бойынша қошқарды ең көп көтерген спортшы оны өз жүлдесі ретінде алды.«Алыптар сайысында» қатысушылар найза лақтыру, темір шыбық ию, ауыр тасты көтеріп жүру, 100 келі бөренемен жаттығу жасау және 500 келі арбаны сүйреу секілді қиын акробатикалық тәсілдерді көрсетті. Сайыс жеңімпазы 1,5 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленсе, өзге жүлдегерлерге де қомақты ақшалай сыйақылар табысталды.Негізгі жарыстардан бөлек фестивальде қол күресі, арқан тарту, тоғызқұмалақ, шахмат, қой қырқу және көшпелі өмірдің ажырамас бөлігіне айналған өзге де ұлттық сайыстар өткізілді.Қарқара жайлауында ұйымдастырылған бұл мереке ұлттық спорттың мерейін үстем етіп, қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптеген маңызды мәдени шара ретінде есте қалды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1249126?lang=ru
Тазалық пен тәртіп: Қарқара жайлауында «Таза Қазақстан» акциясы ұйымдастырылды 12.07.2026
Алматы облысында өткен «Қымызмұрындық – 2026» этнофестивалі мәресіне жетіп, шарадан кейін «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Қарқара жайлауында тазарту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы күндері де бұл жұмыстар жалғасатын болады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Коммуналдық қызмет мамандары мен еріктілер қоқыстарды жедел жинап, алаңды ретке келтіруде. Соның нәтижесінде аумақтың тазалығы сақталып, қоршаған ортаны қорғау талаптары қамтамасыз етілді. Тұрмыстық қалдықтар мен пластик бөтелкелер арнайы техникамен шығарылып жатыр.Бұл ауқымды мәдени жобаларды табиғатқа жанашырлықпен қарап, экологиялық жауапкершілікті сақтаумен ұштастыруға болатынын көрсетті. Осылайша, «Қымызмұрындық – 2026» фестивалі көпшілікке жарқын әсер мен ұмытылмас естеліктер ғана сыйлап қойған жоқ. Сонымен қатар ұлттық мұраны құрметтеу табиғатқа қамқорлықтан басталатынын айқын көрсетті. «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығына көпшіліктің тағы бір мәрте көзін жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1249128?lang=ru
«Қымызмұрындық – 2026»: Қарқарада ұлттық рухты ұлықтаған ұлы думан өтті 12.07.2026
Алматы облысында «Қымызмұрындық – 2026» мәдени-көпшілік және спорттық шарасы өтті. Салтанатты шарада ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді. Ал Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев дүбірлі думанның маңызына тоқталып, қонақтарға ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ меймандар «Қымызмұрындық» аясында ұйымдастырылған көрмені аралап көріп, ұлттық ойыннан сынға түскен спортшылардың өнерін тамашалады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық сәлемін жеткізе отырып, Президентіміздің ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ата дәстүрімізді дәріптеуге арналған осындай тағылымды іс-шараларға ерекше мән беретінін айтты. Сонымен қатар Кеген ауданында өтіп жатқан «Қымызмұрындық» мерекесі ұрпақтар сабақтастығын нығайта түсетініне сенім білдірді.«Қазақ даласындағы әр салт-дәстүрдің өзіндік тәрбиелік мән-маңызы, ұлттың ерекшелігін айқындап тұратын өзіндік биік бағасы бар. Аманат болып жеткен осы құндылықтарды сақтап, оларды заман талабына сай жаңғыртып, насихаттау – Президентіміз айтқандай – баршамызға ортақ міндет.Бүгінде біз бабалар аманатына адал бола отырып, ұлттық мұрамызды заман талабына сай дамытып келеміз. Қымыз өндірісінде жаңа технологиялар енгізіліп, өнімді сақтау, өңдеу және нарыққа шығару мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Бұл – дәстүр мен жаңашылдықтың өзара сабақтастығының нақты көрінісі. Хантәңірінің көрікті етегі, Қарқараның тамашасы мен Мыңжылқының сұлу келбеті кімді де болса тамсандырмай қоймайтыны анық. Қымызмұрындық сияқты тағылымы мол мерекелер халқымыздың рухын асқақтатып, елдік сананы нығайтып, Қазақстанның мәдени келбетін әлемге таныта береді деп сенемін», – деді Мәлік Нұржанұлы.Аймақ басшысы өз сөзінде халықтың қолдауымен қолға алынған игі бастамалардың ғұмыры қашанда ұзақ болатынын айтты.«Кеген ауданының ғана емес, тұтас Алматы облысының рухани-мəдени келбетін айшықтайтын, өңірдің туристік тартымдылығына оң əсер ететін Қымызмұрындық фестивалі биыл республикалық маңызы бар мəдени іс-шаралар күнтізбесіне енді.Қарқара – қазақ тарихындағы қастерлі мекендердің бірі. Осындай қасиетті өлкеде Қымызмұрындықтың дəстүрге айналуы да заңдылық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық тарихты жаңаша зерделеуге ерекше мəн беріп келеді. Жақында өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі» атты халықаралық симпозиумда Президентіміз: «Біз – мемлекет ісінде «Мəңгілік Ел» идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз», – деп атап өтті.Расында, заң мен тəртіпке негізделген басқару мəдениеті, əділдік пен жауапкершілік қағидалары бүгінгі Тəуелсіз Қазақстанның құндылықтарымен сабақтасып, жаңа Конституциямызда өзінің заманауи жалғасын тауып отыр», – деді аймақ басшысы. Сондай-ақ Алматы облысы бүгінде табиғи байлығы мен тарихи мұрасын ұштастыра отырып, туризмді дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқанын жеткізді. Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылы өңірімізге 2,5 миллионнан астам турист келген. Бұл Алматы облысының табиғи əлеуеті мен тарихи-мəдени мұрасына деген қызығушылықтың тұрақты артып келе жатқанын көрсетеді. Көлсай мен Қайыңды көлдері, Шарын шатқалы, Хантəңірі баурайы, Қарқара жайлауы – Алматы облысының ғана емес, Қазақстанның халықаралық деңгейде танылған туристік орындарына айналған.«Біздің мақсат – туристер санын көбейту ғана емес, олардың туған жеріміздің табиғатын, тарихын жəне мəдениетін терең танып қайтуына жағдай жасау. Сондықтан біз экотуризмді дамытуға ерекше басымдық беріп келеміз. Табиғатты сақтау мен туризмді дамыту – бір-бірімен ұштасқан егіз ұғым. Бұл бағыт Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасымен толық үндеседі», – деді Марат Елеусізұлы.Айта кетейік, «Қымызмұрындық» мерекесі Қарқара жайлауында биыл 5-рет өтті және қазақтың көреген абызы Əлмерек Жаншықұлының 368 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осыған орай абыз баба рухына Құран бағышталып, ас берілді. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен республикалық жарыстар ұйымдастырылып, спортшылардың шымырлығы мен төзімділігі сынға түсті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1249118?lang=ru
Қазақстанның Сыртқы істер министрі БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады 12.07.2026
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев медиа қауымдастығы өкілдеріне жоғары кәсібилігі мен еліміздің сыртқы саяси бағытын ақпараттық сүйемелдеуге қосқан елеулі үлесі үшін шынайы алғысын білдірді.Министр бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі арқылы халықаралық қоғамдастықта Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан, бейбітсүйгіш әрі беделді мемлекет ретіндегі оң бейнесі қалыптасып келе жатқанын атап өтті.«Журналистика – үлкен жауапкершілік. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамды ақпараттандыруда, қоғамдық пікірді қалыптастыруда, халықаралық бастамаларды, Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарын, сондай-ақ шетелдегі отандастарымызға қатысты мәселелерді жария етуде маңызды рөл атқарады», – деді Е.Көшербаев.Іс-шараның құрметті қонағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов болды.Салтанатты іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызметін ақпараттық сүйемелдеуге және еліміздің сыртқы саясатын насихаттауға елеулі үлес қосқан қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатар өкілдері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Алғыс хаттарымен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1249107?lang=ru
Қазақстандық бітімгерлер Сирияның Хан-Арнаба қаласының тұрғындарына медициналық көмек көрсетті 12.07.2026
Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлінген аймақты бақылау жөніндегі күштері (UNDOF) құрамында қызмет атқарып жүрген қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ миссиясының далалық госпиталінің медицина қызметкерлерімен және Сирия Араб Республикасының денсаулық сақтау саласының мамандарымен бірлесіп гуманитарлық медициналық акция өткізді.Акция аясында дәрігерлер Эль-Кунейтра провинциясындағы Хан-Арнаба қаласының тұрғындарын амбулаториялық қабылдаудан өткізді. Медициналық тексеру нәтижесінде тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, одан әрі ем қабылдау бойынша ұсынымдар берілді. Әсіресе балаларға, егде жастағы адамдарға және тұрақты медициналық бақылау мен сүйемелдеуді қажет ететін азаматтарға ерекше көңіл бөлінді.Қазақстандық бітімгерлердің, БҰҰ миссиясының далалық госпиталі медицина қызметкерлерінің және сириялық мамандардың бірлескен жұмысының нәтижесінде тұрғындар уақытылы әрі білікті медициналық көмек алды. Хан-Арнаба қаласының тұрғындары қазақстандық бітімгерлер мен медицина қызметкерлеріне кәсібилігі, қамқорлығы және жанашырлығы үшін алғыс білдірді.Мұндай гуманитарлық іс-шаралар бітімгерлер мен жергілікті халық арасындағы өзара байланысты нығайтып, БҰҰ миссиясының қызметіне деген сенімді арттыруға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1249091?lang=ru
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Әзербайжан Республикасының Елшісін қабылдады 12.07.2026
Астана, 2026 жылғы 26 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Агалар Атамоглановты орай қабылдады.Сыртқы саяси ведомствоның басшысы әзербайжандық дипломатқа екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған нәтижелі қызметі үшін алғысын білдірді. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін атап өткен Ермек Көшербаев өзара тиімді байланыстарды одан әрі дамытудың маңыздылығына тоқталды.«Сіздің дипломатиялық қызметіңіз кезеңінде Әзербайжан Республикасын лайықты түрде танытып, елдеріміз арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қостыңыз. Сіз қазақ-әзербайжан қатынастарының сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілуінің тікелей қатысушысы болдыңыз», – деді Министр.Өз кезегінде Елші А.Атамогланов дипломатиялық миссиясы барысында көрсетілген жан-жақты қолдау үшін Қазақстан тарапына алғысын білдірді.Кездесу соңында Ермек Көшербаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Елші А.Атамоглановқа Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы тату көршілік қатынастар мен жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытуға, қосқан үлесі үшін II-ші дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1249041?lang=ru
Көмір химиясы мен АӨК-тегі жаңа жобаларға инвестиция: Серік Жұманғарин Қытайдың ірі корпорацияларымен келіссөз жүргізді 12.07.2026
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қытайдың жетекші өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік холдингтерінің топ-менеджментімен бірқатар маңызды кездесу өткізді. Қазақстан экономикасына ауқымды инвестиция тартуға арналған келіссөздер Үрімші қаласындағы «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ өкілдігінің алаңында өтті.Кездесудің негізгі бір түйіні – Қытайдың көмір өндіру, көмір химиясы және жаңа материалдар өндіру саласындағы ірі өнеркәсіптік холдингінің бірі China Рingmei Shenma Holding Group Co., Ltd. басшылығымен жасалған келіссөздер. Қытайлық компания Қазақстанда инвестиция көлемі $1,5 млрд-қа дейінгі заманауи көмір-химия кешенін салу бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруда. Жоба қосылған құны жоғары өнім шығарып, көмірді терең өңдеудің толық циклін құруды көздейді. Кездесуде China Рingmei Shenma Holding Group өкілдері Қазақстанда толық циклді заманауи интеграцияланған көмір-химия кешенін құру ниеті бар екенін мәлімдеді. Олар біздің республиканы Орталық Азиядағы негізгі топтың инвестициялық алаңы ретінде қарастыруда. Серік Жұманғарин бұл бастаманы қолдап, Қытай тарапын Қазақстанға шақырды.«Біз көмір химиясы саласындағы жобаларды қызу қолдаймыз. Жобаны сүйемелдеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингімен және Қазақстанның даму банкімен бірлесіп, қаржыландыру тетігін пысықтауға дайынбыз. Абай облысы да ынтымақтастық үшін ашық және жобаны жүзеге асыру үшін алаң ұсынуға дайын», — деп атап өтті Қазақстан вице-премьері.Келіссөздердің нәтижесінде China Рingmei Shenma Holding Group және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Қазақстанның көмір ресурстарын игеру және көмір химия өнеркәсібін дамыту саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.Тағы бір стратегиялық әріптес – биотехнология, мал шаруашылығы, ветеринарлық вакцина өндірісі, жем-шөп және ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеу саласында құзыреті мол Қытайдың Xinjiang Zhongxinjian Animal Husbandry Co. Ltd. өнеркәсіптік тобы. Тараптар ветеринарлық препарат өндірудің заманауи технологиясын Қазақстанға беру, ветеринария, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы саласында кешенді шешім енгізу мүмкіндігін талқылады. Қазіргі заманғы агротехнологияға, суару жүйелеріне және жоғары ақуызды жүгеріні өсіруге ерекше назар аударылды.Сондай-ақ, қытайлық компания «Қорғас» АЭА аумағында жүзеге асырылатын мал азығы жүгерісін өсіріп, жылына 1 млн тонна жүгеріні терең өңдейтін өнеркәсіптік парк салу жобасын ұсынды. Қытайлық әріптестер «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-мен ынтымақтастықтың арқасында нарықты егжей-тегжейлі зерттей алғанын атап өтті.Келіссөздер барысында Серік Жұманғарин компанияға Абай облысын агроөнеркәсіптік кешен және ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асырудың базалық алаңы ретінде қарастыруды ұсынды.Қазақстан вице-премьері Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы соңғы ветеринарлық шектеуді алып тастағаннан кейін Қазақстан мал шаруашылығы өнімін әлемдік нарыққа экспорттауға қосымша мүмкіндік алғанын атап өтті. Осыған байланысты қазақстандық тарап ҚХР стандарттары бойынша жұмыс істейтін мамандандырылған зертхана құруды, экспорт үшін нормативтік базаны жетілдіруді және шекара маңындағы логистикалық инфрақұрылымды дамытуды көздейтін кешенді ынтымақтастық моделін ұсынды.«Бүгінде Қазақстан тірі малды экспорттауға емес, терең өңделген дайын өнімді жеткізуге мүдделі. Сапаны бақылау мен заманауи логистика инфрақұрылымын құру қытай нарығына қайта өңделген өнім экспортын едәуір арттыруға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.Кездесу соңында тараптар жобаларды егжей-тегжейлі пысықтауды жалғастырып, ынтымақтастықтың жол карталарын дайындауға және инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруға көшу үшін мамандардың өзара сапарын ұйымдастыруға келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1248988?lang=ru
Кәсіби мерекеде өңірлік БАҚ қызметкерлері баспаналы болды 12.07.2026
Бүгін «Өнер орталығында» 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған «Қанатты қалам – 2026» салтанатты шарасы өтті.Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен сала ардагерлері қатысты.Аймақ басшысы журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдегі бастамалар мен жаңашылдықтарды халыққа шынайы жеткізудегі еңбектерін жоғары бағалады.«Бүгін – мерзімді басылымдар мен телеарналарда, ақпараттық агенттіктер мен сайттарда қызмет істейтін шығармашылық өкілдерінің, журналист жасаған сюжет пен жазған мақаланың жарыққа шығуына еңбек сіңіретін мамандардың мерейлі күні.Мереке қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін Ақорда төрінде қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады.«Qyzylorda» телеарнасының ардагері Қарабала Жағыппар Аманжолұлы «Парасат» орденімен наградталды. Бұл – Сыр журналистикасына берілген жоғары баға.Мемлекет басшысы: «Журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды» деп ерекше атап өтті. Ұлттық журналистика тарихында Сыр өңірінің айрықша орны бар. Ғасырлық белесіне жақындаған басылымдар мен тәуелсіздік жылдарында шыққан газеттер – аймақтың сыр-шежіре сандығы. Облыстың тарихы, әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мәдени-рухани жаңғыруының айқын дереккөзі.Биыл аймағымыздың жетекші арнасы – «Qyzylorda» телеарнасы 35 жылдық мерейтойын атап өтті. Телеарна өңіріміздегі оқиғалар мен ақпараттарды жылдам таратып, ел өміріндегі саяси маңызды жаңалықтардың жаршысы болып келеді.Отыз жылға жуық көрермен көзайымына айналған «Қоғам ТВ» телеарнасының да ақпараттық саясаттағы орны ерекше. Аймақ телевизиясының бүгінгі биігі – өткен мен бүгінді жалғаған ардагерлер еңбегінің жемісі. Ақпарат айдынында өз қолтаңбасын қалдырған майталман мамандардың табандылығы мен қажырлы еңбегі тележурналистика тарихында лайықты ізін қалдырды.Бүгінде тағылымды жолдан өтіп, ұстаздарының өнегесін жалғаған мамандар елімізге белгілі ірі медиахолдингтерде, телеарналарда еңбек етіп, Сыр журналистикасы мектебінің мерейін үстем етуде.Тәуелсіздік шежіресін, Сыр өңірінің жылнамасын, қалыптастырудағы қажырлы еңбектеріңіз үшін Сіздерге алғысымды білдіремін!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Кеше Ақорда төрінде өткен рәсімде Мемлекет басшысы журналистерді қолдауға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән берілетінін айтқан еді. Кейінгі үш жылда Астана қаласында ғана 200 журналист баспаналы болса, енді бұл бастаманың ауқымы кеңейді. Президент тапсырмасымен биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін ақпарат саласының 66 қызметкеріне пәтер кілті берілді.Біздің аймақта «Сыр медиа» серіктестігі директорының орынбасары Әзиз Батырбековке және «Qyzylorda» телеарнасының телеоператоры Рамазан Жүсіпбекке пәтер кілттері табысталды.Салтанатты рәсімде ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосқан қалам иелері «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерімен, Құрмет грамотасымен, Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағымен, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасарының, Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрінің, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамотасымен және түрлі номинациялармен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1248896?lang=ru
Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 12.07.2026
Сарыарқаның сайын даласындағы көркем тауларға көз салсаңыз, табиғаттың қайталанбас сұлулығы мен тылсым әлемі алдыңыздан ашылады. Сол әсемдіктің жүрегінде табиғат байлығын сақтап тұрған ерекше мекен бар. Ол – Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі.Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 1998 жылы құрылған. Содан бері парк Қарқаралы өңірінің бірегей табиғи кешендерін, өсімдіктері мен жануарлар дүниесін қорғап, оларды келешек ұрпаққа аман жеткізу жолында қызмет етіп келеді. Бұл – халқымыздың табиғатқа деген жанашырлығының айқын көрінісі.Парк аумағы 112 120 гектар жерді алып жатыр. Оның құрамына Тау, Қарқаралы, Кент және Бақты орманшылықтары кіреді. Көкке бой созған қарағайлы ормандар, гранитті жартастар мен мөлдір көлдер өңірдің табиғи келбетін ерекше айшықтайды. Әсіресе Шайтанкөл, Бассейн және Пашенное көлдері табиғат сүйер қауымның ерекше қызығушылығын тудырады.Қарқаралы өлкесінің табиғаты сан алуан. Мұнда қарағай, қайың, көктерек, долана, итмұрын және басқа да көптеген өсімдіктер өседі. Өсімдіктер дүниесінің алуан түрлілігі экожүйенің тұрақтылығын сақтауда маңызды рөл атқарады.Жануарлар әлемі де өте бай. Парк аумағында құстардың 234 түрі мекендейді, олардың 4 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Сонымен қатар сүтқоректілердің 46 түрі кездеседі, олардың 2 түрі де Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – табиғатты қорғаумен қатар, ғылыми зерттеулер мен экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізетін маңызды орталық. Мұнда жыл сайын табиғатты қорғауға бағытталған түрлі акциялар, экологиялық іс-шаралар мен танымдық кездесулер ұйымдастырылады.Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – Сарыарқаның інжу-маржаны, табиғаттың қайталанбас сыйы. Оның көркем ормандары, асқақ таулары, мөлдір көлдері мен бай жануарлар дүниесі – туған жеріміздің баға жетпес табиғи мұрасы. Бұл – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек ұрпақтың да аманаты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1248811?lang=ru
Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын 25-ші мерейтойлық түлектер бітірді 12.07.2026
Алматы қаласындағы 28 гвардиялық-панфиловшылар атындағы саябақта Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты курсанттарының 25-ші мерейтойлық оқуды аяқтау рәсімі салтанатты түрде өтті.Институттың 70-тен астам түлегіне алғашқы офицерлік «лейтенант» әскери атағы берілді. Олардың қатарында ҰҚШҰ-ға мүше елдерге әскери кадрлар даярлау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама аясында білім алған Қырғызстан Республикасының екі әскери қызметшісі де бар.Салтанатты рәсімге Қорғаныс министрлігінің, Қарулы күштер Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшылығының өкілдері, ардагерлер, институттың профессорлық-оқытушылық құрамы, оған қоса түлектердің ата-аналары мен жақындары қатысты.Жас офицерлерге ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев ақ тілегін жеткізді.– Институт қабырғасында алған білімдерің еліміздің әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және әскеріміздің технологиялық дамуының берік іргетасы боларына сенемін. Қай жерде қызмет атқарсаңдар да, офицерлік ар-намыс, Әскери антқа деген адалдық және қоластындағы жеке құрамға қамқорлық басты ұстанымдарың болсын, – деп атап өтті ол.Түлектер орындаған офицерлік вальс мерекелік кештің сәнін кіргізе түсті. Вальс аяқталғаннан кейін жас лейтенанттардың бірі сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасап, бойжеткен көпшіліктің зор қошеметімен келісімін берді.Жауынгерлік дәстүрге сай салтанатты рәсім соңы түлектердің институттың Жауынгерлік Туымен қоштасуымен аяқталды. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен жас лейтенанттар салтанатты маршпен жүріп өтті.Ширек ғасыр ішінде Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты төрт мыңнан астам офицерді даярлап шығарды. Бүгінде оның түлектері Қарулы күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда қызмет атқарып, еліміздің қорғаныс қабілеті мен әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1248767?lang=ru
«Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-байқауы өтті 12.07.2026
Бүгін «Құзыреттілік орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың, мәслихат депутаттары, жергілікті бизнес өкілдері, даму және қаржы институттары басшыларының қатысуымен «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-байқауы өтті.Аймақ кәсіпкерлері мен тауарөндірушілері жыл сайынғы «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» дәстүрлі республикалық көрме-байқауына белсенді қатысып келеді. Бұл – отандық тауарөндірушілерді қолдауға, өнім сапасын арттыруға және ұлттық брендтерді дамытуға бағытталған маңызды шара.Аймақ басшысы бәсекеге қабілетті өнім шығарып, сапалы қызмет көрсету еліміздің өркендеуіне нақты іспен үлес қосу екенін атап өтті.– Бұл міндетті жүзеге асыруда кәсіпкерлер қауымының еңбегі мен жауапкершілігі ерекше. Көрмені аралау барысында сапалы өнімдерді өзімізде шығаруға болатынын көрдік.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты сапаның, ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс. «Алтын сапа» байқауының басты мақсаты – осы» деп атап өткен болатын.Облыс экономикасын әртараптандыруда жоғары сапалы, экспортқа бағытталған өңдеу өнеркәсібі қарқын алды. Алдағы 3 жылда 48 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген.Бүгінгі көрме-байқау алаңы – кәсіпкерлер арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейтіп, жергілікті өнімдерді тұтыну мен өткізуді арттыруға мүмкіндік береді»,– деді Мұрат Нәлқожаұлы.Жақында «Марал Нұр» серіктестігінің жоғары технологиялық вагондарды жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешені ашылды. Бұл компания теміржол инфрақұрылымын дамытудағы сапалы жұмысы үшін өткен жылы «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанды.Өткен айда испандық «Рока Груп» компаниясының санитарлық-техникалық бұйымдар, «Севен Риверс» компаниясының шыны ыдыстар шығаратын зауыттарының капсуласы салынды. Алдағы уақытта жаңа өндірістердің жоғары сапалы өнімі облыс экономикасын өркендетуге септігін тигізеді.Биылғы көрме-байқауға экономиканың түрлі салаларынан 62 тауарөндіруші қатысты. Сарапшылардың бағалау қорытындысы бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» және «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациялары бойынша 9 жеңімпаз марапатталды.Қазір Қызылорда облысында 60 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл секторда 113 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылған. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға шамамен 25 млрд теңге бөлініп, 553 жоба қаржыландырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1248774?lang=ru
Алматы облысының орталығында кардиологиялық орталық ашылды 12.07.2026
Қонаев қаласында сәулеті келіскен, шаһардың көркіне көрік қосқан жаңа кардиологиялық орталық пайдалануға беріліп, өңір жұртшылығын зор қуанышқа кенелтті. Жаңа нысан – өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту, салу және кадрлық әлеуетті күшейту бағытындағы жұмыстың нақты нәтижесі. Жобаға 3 млрд теңге инвестиция тартылған. Ең бастысы, мұнда 200 медицина қызметкері үшін жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов қатысып, тұрғындарды құттықтады.«Өңірлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мен жоғары технологиялық орталықтар желісін дамыту – мемлекеттің басым бағытының бірі. Бүгін облыс орталығындағы ел игілігіне берілгелі тұрған кардиологиялық орталық – денсаулық сақтау жүйесі үшін ерекше маңызы бар нысан. Сонымен бірге халықтың өмір сапасын арттыруға және жүрек-қан тамыр ауруларымен күресті күшейтуге бағытталған нық қадам. Жүрек-қан тамыр жүйесінің дерті бүгінде елімізде ғана емес, бүкіл әлемде ең өзекті медициналық мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан мұндай жоғары технологиялы нысанның іске қосылуы – уақыт талабына сай қабылданған маңызды шешім. Мұнда диагностикадан бастап күрделі хирургиялық операцияларға дейін толық циклді медициналық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Атап айтқанда, қан айналым жүйесі ауруын диагностикалау, емдеу қызметі көрсетіледі. Сонымен бірге жүрек пен қан тамырлары сырқатын да стационарлық деңгейде емдеу толықтай іске асырылады. Бұл облыс тұрғындарының басқа өңірлерге немесе шетелге бармай-ақ, сапалы медициналық көмекті дер кезінде алуына жағдай жасайды», – деген шаһар басшысы жобаның мерзімінде әрі сапалы жүзеге асуына атсалысқан инвесторларға, құрылысшыларға және барлық медицина қызметкерлеріне шынайы алғыс білдірді.Жобаның инвесторы Бекарыс Жали жаңа нысан мемлекеттік қолдаудың, жеке инвестицияның және ортақ еңбектің нәтижесінде іске асып отырғанын атап өтті. Бұл орталықтың ашылу мақсаты өңір тұрғындарына заманауи, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек ұсыну екенін айтқан инвестор осы жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен облыс пен қала басшылығына және құрылысшыларға жүрекжарды алғысын жеткізді. Сондай-ақ кардиологиялық орталықтың кілтін оның бас дәрігері Асқар Рахматалиевке салтанатты түрде тапсырды.Жаңа ғимараттың лентасы қиылғаннан кейін бас дәрігер қонақтарға орталықтың барлық бөлмелерін аралатып, нысандағы көрсетілетін қызмет түрлерімен таныстырды.Бұл – жай ғана жаңа медициналық нысан емес, мыңдаған тұрғынның денсаулығын сақтауға, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға және заманауи медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған маңызды орталық. Жаңа кардиологиялық орталық облыс жұртшылығына қызмет етіп, әрбір тұрғынның денсаулығын нығайтуға, өмір сапасын жақсартуға және талай жанның өмірін сақтап қалуға өз үлесін қосатыны сөзсіз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1248635?lang=ru
«Айбын» жастар жиынындағы ең тартымды сынақтардың бірі – «Күшіміз бірлікте» әскери-тактикалық ойыны болды 12.07.2026
XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиыны жеңімпаздарының соңғы сынағы «Күшіміз бірлікте» әскери-тактикалық ойыны болды.Бас кубок жолында халықаралық есепте көш бастаған Астана қаласының Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледж командасы бағын сынады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың атынан Жетісу облысының «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатысты. Ал Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери-патриоттық клубтары атынан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Оңтүстік арландары» әскери-патриоттық клубының мүшелері, әскери оқу орындарының атынан Шымкент қаласының Сабыр Рақымов атындағы Әскери колледждің командасы өнер көрсетті.Ойын таңғы ерте дабылмен басталды. Дәл сағат 7-де «Амандық» полигонында жауынгерлік дабыл қағылып, командалар далалық жағдайда әскер таңғы асын ішіп, күш жинауға бастапқы ауданға жедел аттанды.Сапта бас төреші қатысушыларға тактикалық жағдайды, ойынның қатаң ережелері мен күрделі марш-жүгіру кезіндегі қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Командирлер жауынгерлік бұйрық салынған пакеттерді алған соң, «Алға!» пәрмені берілді.Газтұмылдырық, су құтысы, компас, санитарлық сөмке және автомат макетімен жарақтанған жас сарбаздар барынша шынайы жағдайға жақындатылған тапсырмаларды орындауға кірісті.Арақашықтығы 2,5 шақырым болатын бағыт қатысушылардың төзімділігіне, психологиялық беріктігіне және командалық бірлігіне үлкен сынақ болды. Тапсырмалар неғұрлым жинақылықты, бар күш-жігерді жұмылдыруды және үйлесімді іс-қимылды талап етті.Жас патриоттар азимут бойынша бағдарлап жүріп өтіп, шартты жараланған жауынгерді эвакуациялады, автокөлік дөңгелектерінен жасалған бөгеттерді еңсеріп, миналы-жарылғыш және жарылғышсыз кедергілерден өтті. Бұдан бөлек жеке қорғаныс құралдарын пайдалана отырып, шартты түрде залалданған аумақтан өтті.Тапсырмаларды орындау барысында әрбір сәт шешуші рөл атқарып, нәтижені команданың ұйымшылдығы, өзара қолдауы мен жауынгерлік рухы айқындады.Тартысты додада Астана қаласының Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжінің командасы жеңіске жетті. Олар 2,5 шақырымдық қашықтықты 26 минут 30 секундта еңсеріп, мәреге бірінші болып жетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.Екінші орынды 37 минут 40 секунд нәтижемен Сабыр Рақымов атындағы Әскери колледждің командасы иеленді. Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Оңтүстік арландары» құрамасы 57 минутта мәреге жетіп, қола жүлдегер атанды.Ойын қорытындысы шығарылғаннан кейін Арнайы операциялар күштері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері әсерлі тактикалық-имитациялық көрініс көрсетті. Бұдан соң Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшқыштары Су-30СМ жойғыш ұшақтары мен ЕС-145 тікұшақтарында жоғары пилотаж элементтерін орындап, көпшілікке тамаша әуе шоуын тарту етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1248427?lang=ru
Қарағанды облысы Словакия Республикасымен стратегиялық серіктестікті нығайтуда 12.07.2026
23 маусым күні Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов бастаған Қарағанды облысының делегациясы Словакия Республикасының Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесіне жұмыс сапарымен барды. Сапар Қазақстан Республикасының Словакия Республикасындағы Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылып, өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және Қазақстан мен Словакия арасындағы өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге бағытталды.Делегация құрамына мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар энергетика, металлургия және ақпараттық технологиялар салаларында жұмыс істейтін Қарағанды облысының кәсіпкерлері де кірді. Сапар аясында өткен бизнес-форум екі елдің іскерлік қауымдастықтары арасында тікелей байланыс орнатуға, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылауға және бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын айқындауға арналған маңызды диалог алаңына айналды.Қазақстан Республикасының Словакия Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Қарағанды облысының делегациясы Словакияның мемлекеттік органдары мен бизнес қауымдастығы өкілдерімен бірқатар мазмұнды кездесу өткізді. Қазақстан Республикасының Словакия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жанна Сағынованың жәрдемдесуімен Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесінің төрағасы Ондрей Лунтермен, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы Мужило мырзамен және Словакия Республикасы Президентінің Банска-Бистрица өлкесіндегі өкілі Фрич мырзамен келіссөздер ұйымдастырылды.Кездесулер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, инвестиция тарту, іскерлік байланыстарды жандандыру және екі елдің өңірлері арасындағы әріптестік қатынастарды нығайту мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар өнеркәсіп, кәсіпкерлік, білім беру және өңірлік даму бағыттарындағы өзара іс-қимылдың келешегі қарастырылды.Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – Қарағанды облысы мен Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесі арасында өзара тиімді ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы болды. Бұл құжат ұзақ мерзімді серіктестікті жүйелі түрде дамытуға және ортақ бастамаларды іске асыруға берік негіз қалайды.Бұдан бөлек, Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесінің Кәсіпкерлер палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов пен Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесінің Кәсіпкерлер палатасы төрағасы Мужило мырза қол қойды. Меморандум іскерлік байланыстарды дамытуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бағытталған.Білім беру саласында Матей Бел университеті мен академик Е. Ә. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа қол қою рәсіміне университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Нұрлан Дулатбеков қатысты. Келісім студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын дамытуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және ортақ білім беру бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік береді.24 маусым күні Қарағанды облысының делегациясы Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесіндегі жұмыс сапарын жалғастырып, электроника, металлургия, энергетика және ақпараттық технологиялар салаларында жұмыс істейтін бірқатар кәсіпорынның қызметімен танысты. Кездесулер барысында словак компанияларының өндірістік әлеуеті мен инновациялық шешімдері таныстырылып, екіжақты ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Келіссөздер қорытындысында бірнеше бағыт бойынша ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды жан-жақты пысықтау жөнінде алдын ала уағдаластықтарға қол жеткізілді.Сапар барысында Қазақстан нарығында Қарағандыдағы «АлемГаз» компаниясымен әріптестік аясында табысты жұмыс істеп келе жатқан Adrian Group компаниясының қызметіне ерекше назар аударылды. Тараптар өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және жаңа бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.Сондай-ақ делегация жеке индустриялық-өнеркәсіптік аймақтың жұмысымен танысып, индустриялық және шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру мен дамыту тәжірибесі бойынша пікір алмасты. Кездесу барысында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және өндірістік инфрақұрылымды дамыту тетіктері қарастырылды. Тараптар индустриялық алаңдарды дамытудағы практикалық тәжірибелерімен бөлісіп, словак тарапының тиімді тәжірибесінің бірқатар элементтерін Қарағанды облысындағы индустриялық және шағын өнеркәсіптік аймақтарды одан әрі дамыту барысында пайдалану жоспарланып отырғанын атап өтті.— Біз Словакия Республикасын Еуропалық одақтағы маңызды стратегиялық серіктесіміз ретінде бағалаймыз. Қол қойылған құжаттар экономика, білім беру және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге берік негіз қалайды. Қол жеткізілген келісімдер жаңа бірлескен жобалардың жүзеге асуына серпін беріп, өңірлеріміз арасындағы достық пен өзара сенімге негізделген байланыстарды одан әрі нығайтады деп сенеміз, - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша тараптар Қарағанды облысы мен Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесі арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және өзара тиімді бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екендіктерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1248295?lang=ru
Қазақстан «Қытайға экспорт» панельдік сессиясындағы басты ел болды 12.07.2026
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үрімшіде XI «Қытай – Еуразия» көрмесі шеңберінде өткен «Қытайға экспорт: Қазақстан» арнайы сессиясында сөз сөйледі.«Ортақ үлкен нарық – Қытайға экспорт» бастамасын алғаш рет ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьер-министрі Ли Цян 2025 жылғы қарашада Қытайдың VIII халықаралық импорт көрмесінде (CIIE) ұсынды. 2026 жылы Қазақстан Ұлыбритания, Испания, Кения және Таиландпен қатар осы бастама шеңберінде жеке ұлттық сессия алды.Іс-шараны ашқан Серік Жұманғарин Қытай тарапына арнайы сессияны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, екі мемлекет басшысының өзара сауданы одан әрі арттыру туралы уағдаластығын іске асырудағы маңызды нақты қадам екенін және Қазақстан мен Қытай арасындағы Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігінің жоғары деңгейін айқын көрсететінін атап өтті.Вице-премьер Қытай импорттаушыларымен, сауда желілерімен, жетекші маркетплейстермен және логистикалық операторлармен тікелей байланыстарды қамтамасыз ете отырып, қазақстандық өндірушілер үшін қосымша мүмкіндіктер ашатын ҚХР коммерция министрлігінің «Қытайға экспорт» бастамасының ерекше маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде, Қазақстан Үкіметі сауда мен инвестиция үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда: көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртып, шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарын дамытады. Халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін дәйекті түрде арттырады.Сессия барысында Абай облысының әкімі Берік Уәли де сөз сөйлеп, өңірдің Қытаймен ынтымақтастықты дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті.Сапар шеңберінде Серік Жұманғарин «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның Үрімші қаласындағы өкілдігінің қызметімен танысты. Ол қытай нарығына шығу кезінде қазақстандық компанияларға кешенді қолдау көрсетеді.Іске асқан нәтиженің бірі 1000-нан астам дүкенді біріктіретін «8:30» ШҰАА ірі сауда желілерінің бірімен уағдаластықтар болды. Sun Planet, Delis және Run Planet қазақстандық брендтерінің өнімдерін желінің 200-300 сауда нүктелерінде пилоттық форматта орналастыру туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді.Өкілдіктің көмегімен қытай нарығында «Алан және Компания» және Baysan Group компанияларының өнімдерін жылжыту туралы келісімдерге қол қойылды. Бұдан басқа, көлемі 20 тонна қазақстандық тауарларды Қытайға алғашқы пилоттық жеткізуді сүйемелдеу қамтамасыз етілді. Оған «Сұлтан» макароны, «Пиала» шайы, RG Brands шырындары және кондитерлік өнімдер кірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1248266?lang=ru
Қытайдан Еуропаға құрлықпен жөнелтілетін барлық жүк тасымалының шамамен 85%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтеді 12.07.2026
IX «Қытай-Еуразия» халықаралық көрмесінің аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьер-министрінің орынбасары Дин Сюэсянмен екіжақты кездесу өткізді. Келіссөз барысында тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.Серік Жұманғарин Үрімші қаласындағы IX «Қытай-Еуразия» халықаралық көрмесінің технологиялық деңгейіне жоғары баға берді. Ол ЭКСПО-ға ұсынылған озық әзірлемелер екі елдің өнеркәсіптік кооперациясы үшін түбегейлі жаңа бағыт ашатынын атап өтті.«Бүгінгі көрмеде агрохимия мен дрон өндірісіндегі озық үлгілер ұсынылған. Біз осы өндірушілер мен инвесторларды Қазақстанға шақырғымыз келеді. Оларға өндірісті локализациялау үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайынбыз», — деді Серік Жұманғарин.Тараптар екіжақты қатынаста тұрақты оң динамика барын атап өтті. Мәселен, 2025 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тауар айналымы рекордтық $48,7 млрд-қа жеткен. Ал 2026 жылғы алғашқы бес айда сауда көлемі $22 млрд болды, яғни өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 27%-ға өсті. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш $50 млрд-тан асуы мүмкін.Жиында атап өтілгендей, екіжақты жалпы сауда көлемінің жартысынан көбі Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына тиесілі. Ол екі мемлекеттің экономикалық өзара іс-қимылының негізгі аймағы болып қала береді.«Біздің басты міндетіміз, жақын арада $100 млрд көлеміндегі өзара тауар айналымына қол жеткізу. Ол үшін Қазақстан мен Қытайдың 2027-2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастығының бағдарламасы мен Жол картасын келісуді жеделдету қажет», — деді Серік Жұманғарин.Кездесу барысында инвестициялық ынтымақтастық мәселесіне ерекше назар аударылды. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстан экономикасына $30 млрд-қа жуық тікелей шетелдік инвестиция құйып, еліміздегі ірі инвесторлардың біріне айналды.Қазақстандық тарап қытай бизнесін қосылған құны жоғары өнім жасауға арналған жобаларға қатысуға шақырды. Басым бағыттардың қатарында бидай мен жүгері секілді ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, толық циклді металлургиялық өндірісті дамыту, сондай-ақ агрохимия және пилотсыз ұшу аппараттарын өндіру саласындағы инновациялық жобаларды жүзеге асыру бар.Екі ел арасындағы агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің сауда көлемі $2 млрд-қа жеткені де атап өтілді. Қазіргі уақытта Қытай тарапы Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімінің 34 түрін импорттауға келісім берді. Салқындатылған ет секілді тағы 9 тауар позициясы келісу сатысында тұр.Келіссөздердің маңызды бір парасы – «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде көліктік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту. Бүгінде Қытайдан Еуропаға құрлықпен жөнелтілетін барлық жүк тасымалының шамамен 85%-ы Қазақстан аумағы арқылы өтеді.Осыған орай, Қазақстан өткізу пункттерін кеңейтуде. «Бақты-Аягөз» бағытындағы жаңа үшінші өткелдің құрылысын есептегенде, үш пункттің өткізу қабілеті жылына 100 млн тонна жүкті құрайды. Қытай тарапы қазақстан-қытай шекарасында үшінші теміржол өткелін салу жобасын бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Бұл халықаралық көлік бағытының тұрақтылығы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.Дин Сюэсян Қытай тарапының Қазақстанмен цифрлық экономика, жасанды интеллект, энергетика мен навигациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделілі екенін жеткізді. Ол сондай-ақ қазақстандық компанияларды өз өнімдерін қытай нарығында ілгерілетуі үшін «Қытай-Еуразия» көрмесінің мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға, өзара сауда мен инвестицияны арттыруға, сондай-ақ БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және «Орталық Азия – Қытай» форматы шеңберіндегі өзара іс-қимылды тереңдетуге дайын екендіктерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1248226?lang=ru