Қуқық
2017 жылдың ақпан айында шетелдік азаматтарға Қазақстанда жұмыс істеу үшін 2 мыңнан астам рұқсат берілді 10.04.2025
2017 жылдың ақпан айында, жергілікті атқарушы органдар тарапы, 476 жұмыс берушіге шетелдік жұмыс күшін тарту мақсатында 2063 рұқсат беріп, олар 436,9 млн теңге көлемінде салық төлемін жасады. Рұқсат беру бойынша мемлекеттік қызмет, тікелей жергілікті атқарушы органдармен қоса, «электрондық үкімет» порталының «бірыңғай терезе» әдісі арқылы да жүзеге асырылады.Еске сала кетсек, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартудың жаңа жеңілдетілген тәртібінің енгізілуіне байланысты жұмыс рұқсаттарын беру мерзімі қысқартылды және жұмыс берушілерге қатысты әкімшілік талаптар алынып тасталды.Бұл ерекше шарттардың орнына жұмыс беруші жергілікті бюджетке төлейтін жаңа салық алымы енгізілді. Алым мөлшерлемесі шетелдік жұмыс күшінің санаты мен саласына қарай 137 АЕК-ден 250 АЕК-ге дейінгі шамада белгіленеді, бұл 290 мың мен 530 мың теңге аралығы.Аталған ретте жұмыс берушілерге қойылатын кадрларға жергілікті қамтылым жөніндегі шарттарды сақтау талаптары өзгермейді, яғни басшылар мен олардың орынбасарлары бойынша кемінде – 70%, мамандар мен білікті жұмысшылар бойынша кемінде – 90%.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/13433?lang=kk
Тамара Дүйсенова Ақтөбедегі әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысты 10.04.2025
Бүгін Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Тамара Дүйсенова, өңір тұрғындарына мемлекеттік және әлеуметтік қызметтер көрсетумен айналысатын ұйымдарда болды.ҚР ЕХӘҚМ басшысы бірінші кезекте Ақтөбе қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып, Қурайлы ауылдық округі әкімдігіндегі «Ауылдық округ әкімінің автоматтандырылған жұмыс орны» жобасын (әрі қарай – АРМ АСО) жүзеге асыру жайына қанықты.Тамара Дүйсенова, сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашылған психоневрологиялық сырқаттарға шалдыққан мүгедек балаларға қызмет көрсететін әлеуметтік орталыққа және әйелдер мен балаларға көмекке арналған дағдарыстық орталыққа барды. Сонымен қатар, министр, бүгін дуальдық және жұмыскерлерді қысқа мерзімді кәсіби оқыту жүргізілетін Ақтөбе политехникалық колледжі жұмысымен танысып, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болады деп күтілуде.Еске сала кетсек, «АРМ АСО» жобасы пилоттық тұрғыда 2015 жылдың мамыр айында Ақмола облысында іске қосылса, Ақтөбе облысында 2016 жылдың қазан айында жұмыс істей бастады. Мұндағы негізгі мақсат – ауылдық жерлерде тұратын жұмыссыз, аз қамтылған жандарды, жалдамалы жұмыскерлерді есепке алу. Жобаның арқасында әр нысаналы топ бойынша нақты жұмыспен қамту әрекеттерін қолға алу мүмкін болмақ. «АРМ АСО» жобасын қанатқақты түрде сынап көру нәтижесінде, республиканың барлық өңірінде қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/13430?lang=kk
2016 жылы Қостанай облысының 23 мыңнан астам тұрғыны халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылды 10.04.2025
2016 жылы Қостанай облысында халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің Өңірлік кешенді жоспарын іске асыру аясында мемлекеттік қолдау шараларымен жұмыссыздар (19,4 мың адам) және өзін нәтижесіз жұмыспен қамтығандар (3,7 мың адам) қатарындағы 23,1мың адам қамтылды.Оның ішінде:- мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар, өңірлерді дамыту бағдарламалары аясында іске асырылып жатқан жобаларға 2 мың 909 адам жұмысқа орналасты;- әлеуметтік жұмыс орындарына 1 мың 571 адам;- жастар тәжірибесіне 692 адам;- қоғамдық жұмыстарға - 3 мың 999 адам ;- кәсіптік оқытуға 676 адам жіберілсе, оның ішінде 150 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданды;- 12 мың 472 адам мемлекеттік қолдау шараларын қолданусыз жұмысқа орналасты;- өздігімен 188 адам жұмысқа орналасты.Бұдан басқа, 577 адам жеке ісін ашу немесе кеңейту үшін шағын несие алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/13425?lang=kk
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қоғамдық кеңесін қалыптастыруға арналған жұмыс тобы құрылады 10.04.2025
ҚР ЕХӘҚМ ведомствоның Қоғамдық кеңесін қалыптастыруға арналған жұмыс тобының мүшелерін сайлау бойынша байқау өткізілетінін хабарлайды.Аталған жұмыс тобына Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа толған азаматтары мүше бола алады. Одан басқа, үміткер, сотталмаған; сот заңда белгіленген тәртіпте сыбайлас жемқорлық қылмыс пен (немесе) сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасауда кінәлі деп танымаған; психикалық ауруға, маскүнемдікке, нашақорлыққа немесе уытқұмарлыққа байланысты денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрмаған болуы тиіс.Коммерциялық емес ұйымдардың және азаматтардың ұсыныстары жазбаша түрде үміткердің ТАӘ көрсете отырып, өмірбаянымен бірге, оның жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкестігін растайтын кұжаттармен қоса беріледі. Ұсыныстарын жіберген коммерциялық емес ұйымдар мен әр азамат бір үміткерден артық ұсына алмайды.Құжаттар мына мекен-жай бойынша 2017 жылдың 7 наурызына дейін қабылданады: Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 8, 830-кабинет және электрондық пошта арқылы: a.kaiyrbekkyzy@enbek.gov.kz.Еске сала кетсек, қоғамдық мәні бар мәселелер бойынша азаматтық қоғамның ой-пікірін білдіруі, мемлекеттік органдардың халық алдында есеп беруі, мемлекеттік органдар басшыларының жария сөз сөйлеуін қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылдың қарашасында ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы қабылданған.Жұмыс тобы қоғамдық кеңестерді мемлекеттік органдар мен коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, азаматтар арасынан қалыптастырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/13363?lang=kk
Алматыда «Нұр Отан» партиясының мультимедиялық мұражайы ашылды 10.04.2025
Мұражайдан «Нұр Отан» партиясының құрылуы мен қалыптасу тарихын, партияның маңызды құжаттарын, сонымен қатар партия Төрағасына тиесілі профессор мантиясын, кітаптарды, партия билеттерін және басқа да заттарды көруге болады.Мұнда келушілер жобадағы партия тарихының, заманауи дизайн мен жаңа технологиялардың өзара үйлесім тапқан ерекше концепциясын бағалай алады. Интерактивті панелдер (multi-touch-screen) дәстүрлі мұражай сөрелерін алмастырған. LED-экраннан 10 гигабайтты ақпаратты цифрлы экспозиция түрінде көруге болады.Мұражайды ашудағы басты мақсат-тарихи әрі мәдени, қоғамдық-саяси ақпаратты жинақталған тарихи құжаттар негізінде зерттеу және насихаттау.«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен біз Тәуелсіздікті, еліміздің әлеуметтік- экономикалық даму жетістіктерін, Қазақстанның халыаралық аренадағы беделін байланыстырамыз. Біз дамыған мемлекеттер қатарына енуге ұмтылудамыз, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған жаңару мен реформалар бәсекеге қабілетті елдер қатарына енудің басты шарты. Біз партия көшбасшысы Н. Назарбаевқа тірек болуға және Қазақстанның игілі жолында бірге жұмыс істеуге тиіспіз!», - деп үн тастады жаңа партия мүшелеріне Алматы әкімі Бауыржан Байбек, ол сонымен қатар Алматы қаласының тәуелсіздік жылдары қолжеткен жетістіктерінің бәрі Мемлекет басшысының есімімен тікелей байланысты екенін қадап тұрып айтты.Салтанатты шара барысында партия билеттерін «Тамаша» театрының көркемдік жетекшісі Асылбек Боранбай, радиожүргізуші Диана Снегина, №140 мектеп–гимназияның педагогы, жыл мұғалімі Гүлбану Әбжанова, репродуктивті медицина Институты бас дәрігерінің орынбасары Лазат Айтқожина, «ABM GROUP» ЖШС басқармасының төрағасы Азамат Молдақасымов, GoSport негізін қалаушы, «Khan Consulting» ЖШС-тің бас директоры Әнуар Манабаев және «Традиции народа Семиречья» қоғамдық бірлестігінің президенті Семен Шихотов алды.Бүгінгі күні жалпы республика бойынша 1 миллиондай партия мүшелері бар. Тек Алматы қалалық филиалының өзінде ғана 90 мың адамды біріктіріп отырған 750 бастауыш партия ұйымдары ойдағыдай жұмыс істеуде. Партияның қалалық филиалы заңдылықты жетілдіру туралы 30 ұсыныс енгізген болатын, оның жартысынан астамы Парламен Мәжілісінде мақұлданды. Партия филиалында күн сайын он мыңдай өтінімдер қаралып, жүйелі шешімдер қабылдануда. 10 ай ішінде мемлекеттік органдарға 100-ден астам ұсыныс жіберілген, олардың 80%-ы қабылданды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/13207?lang=kk
Алматы әкімі қалалықтарды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады 10.04.2025
«Барлық кезеңдерде, әсіресе қиын сәттерде әр халықтың тығырықтан алып шығатын әрі түрлі ұлтты ұлы мақсат жолына біріктіретін, тарихи кедергілерді жоя білетін көшбасшысы болғаны ақиқат. Біздің еліміздің осындай кемеңгер жалпыұлттық Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Елбасы заманауи қазақстандық мемлекеттің іргетасын қалады және нығайтты, дағдарыс жылдары елді түрлі сынақтан алып шықты, нарықтық экономиканы, демократиялық институттарды құрды. Елімізде тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді қамтасыз етті», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.Алматы әкімі Мемлекет басшысының аса зор халықаралық беделі арқасында ең маңызды мәселе, бүгінгі және болашақ ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік шекараның бекітілгенін қадап тұрып айтты.«Жастар – Қазақстанның болашағы, олар біздің Тәуелсіздігімізді сақтауы және одан әрі дамытулары тиіс. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған бәсекеге қабілеттілік, ашықтық, празматизм, білім культі біздің басты қағидаларымыз болсын», - деді мегаполис әкімі.Өзінің құттықтау сөзінде Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының тұрақты қолдауы арқасында Алматының дамып, ірі жетістіктер биігінен көрінуін ерекше атап өтті. Қаланың басты көшелерінің біріне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті есімінің берілуі қалалықтардың Елбасыға деген құрметін, алғысы мен ізгі ниеттерін білдіреді.Бүгін «Халық Арена» сахнасында шығармашыл ұжымдар өнер көрсетті, отандқө эстрада жұлдыздары Камшат Жолдыбаева, Ерке Есмахан, Айдана Меденова, Нұржана Керменбаев, Әли Оқапов, «Alau», «Aumi», «Assyl» және басқалары патриоттық әндерді орындады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/13188?lang=kk
Алматыда Астана күні қарсаңында «Астана – Ардағым» сыйлығын тапсыру рәсімі өтеді 10.04.2025
«Астана – Ардағым» мерекелік сыйлығымен Алматы қаласында тұрған әрі туылған және Астананың қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан, Президенттің астананы көшіру туралы шешіміне барынша қолдау көрсеткен қайраткерлер марапатталады.Алматы қаласының Мәдениет басқармасы хабарлағандай, «Астана – Ардағым» сыйлығы 20 категория бойынша беріледі, олар - білім мен ғылым, сәулет пен құрылыс, денсаулық сақтау, спорт, өнер, кинематография, журналистика және әдебиет салалары.«Бүгінгі күні Алматы қаржы және экономикалық магнит ретінде еліміздің саяси орталығы – Астананы үйлесімді толықтыруда. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, күшті саяси орталық пен либералды қаланың келісімі мемлекеттің тұрақты дамуына ықпал етеді», - деп атап өтілді Алматы әкімдігінде, сонымен қатар Мемлекет басшысының «Астананың тағдыры – екі ғасырды артқа тастаған барша қазақстандықтардың тағдыры. Бұл заманауи мемлекетке айналған, жаһандық қоғамдастық таныған және құрметтеген, Ұлы жолдан өткен тәуелсіз Қазақстанның тағдыры» деген сөздері еске түсірілді.Номинанттарды іріктеу конкурстық комиссияның http://astana.ardaq.kz сайтында ашық дауыс берулері арқылы 9 желтоқсанда Астана уақытымен 00:00 сағатта аяқталады.Еске салсақ, келер жыл Қазақстан астанасы үшін мерейлі жыл. Алматыда Астананың 20 жылдығын мерекелеуге арналған бірқатар ауқымды мәдени шаралар-концерттер, фестивальдер, көрмелер өткізу жоспарланған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/13157?lang=kk
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа Көші-қон саясаты тұжырымдамасы жобасын дайындады 10.04.2025
Бұл туралы, бүгін, 2016 жылғы жұмыс қорытындысы мен 2017 жылғы жоспарларға арналған ҚР ЕХӘҚМ алқасының кеңейтілген отырысында, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігі, Премьер-министр кеңсесі, орталық мемлекеттік органдар өкілдері, Парламент депутаттары және облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.Министр, жыл басынан бері, Қазақстанда шетелдіктерді жұмысқа тартудың жаңа әдісі жұмыс істеп тұрғанына назар аударды. Ендігі уақытта, әр шақырылған маман үшін, жұмыс беруші мөлшері салалар мен жұмысшының біліктілік деңгейіне қарай есептелетін салық төлейтін болады. Бүгінде, шетелдік білікті кадрлар, Қазақстанда өздігімен келе алады және оларға экономиканың басым бағыттарында сұранысқа ие кәсіптер тізіміндегі мамандықтар бойынша жұмысқа орналасуға жол ашық. «Жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілер тарапы, шетелдік мамандарға рұқсат берумен қатар, оларға жұмыс орнын ұсынуда және еңбекақысын тағайындау кезінде заңның бұлжытылмай сақталуын қамтамасыз етуі міндетті.Бізге, бәрінен бұрын білікті кадрлар тартуға бейімделген, салмақты көші-қон саясаты қажет. Қазіргі уақытта, көші-қон үдерістерімен байланысты қауіп-қатерлер кезінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді; азаматтар мен мигранттарды ел аумағында оңтайлы орналастыруды; экономиканың қажетті жұмыс күшіне сұранысын қамтамасыз етуді қарастыратын Көші-қон саясаты тұжырымдамасы жобасын дайындадық», - деп қосты ҚР ЕХӘҚМ басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/12811?lang=kk
ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ ЖӘНЕ МЕТРОЛОГИЯ КОМИТЕТІ ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫНА АСЫЛ ТАСТАРДЫ ӘКЕЛУ ЖӘНЕ ӘКЕТУДІҢ ЖАҢА ТӘРТІПТЕРІН ТҮСІНДІРДІ 10.04.2025
2017 жылдың 26 мамырында VIII халықаралық тау-кен металлургиялық конгрессі және «AstanaMining&Metallurgy» – АММ-2017 көрмесі аясында Қазақстан Республикасында зергерлік саланы дамыту жөнінде ұсыныстар жасау мәселесі талқыланды.Талқылаудың негізгі тақырыбы: Қазақстанда зергерлік бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау.Отырысқа республиканың мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ «Тау-Кен Алтын» ЖШС, «NADLoC» жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ, «ҰлтСжС» АҚ сынама палатасының, Мемлекетаралық және ұлттық стандарттау орталығының, «Қазақстанның зергерлер лигасы» ЗТБ және ЖК, «Қазақювелир» АҚ басшылары және зергерлік саланың басқа да өкілдері қатысты.«Асыл тастарды, бағалы металдардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдарды әкелу және әкетудің ерекшеліктері» тақырыбына шолу ретінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Шынар Қазыбаева баяндама жасады.Баяндамада 2016 жылдан бастап енгізілген асыл тастар және зергерлік бұйымдар туралы заңнаманың 5 тармақ бөлігіндегі және жоспарланатын өзгерістердің негізгі жаңа тәртіптер айтылды. «Қазақстан Республикасында мемлекеттік бақылау жаңа форматта қолданылатын болады. Осылайша, бақылау-қадағалау функцияларын оңтайландыру аясында тексеруден ескерту сипаты бар бақылау формасына көшіру жоспарланып отыр»,-деп хабарлады ТРМК төрағасының орынбасары.Сонымен бірге, ЕАЭО кірмейтін елдерден зергерлік бұйымдарды біздің елге әкелу және өзге елдерге әкету туралы біздің отандық өндірушілерді толғандыратын мәселелер мен мемлекеттік қолдау кезінде зергерлік саланы дамыту бойынша ақпараттық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.Ссөз соңында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Шынар Қазыбаева еліміздегі зергерлік саланың табысты дамуына, отандық өндірістің алға басуы мен әлемдік нарыққа шығуына, ал өндірушілерге шығармашылықтың жемісі – теңдессіз бұйымдар шығаруларына тілектестігін білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/12810?lang=kk
VIII ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАУ-КЕН МЕТАЛЛУРГИЯ КОНГРЕСІ ЖӘНЕ "ASTANAMINING&METALLURGY" AMM-2017 КӨРМЕСІ ӨТТІ 10.04.2025
АстанадаVIII Халықаралық тау-кен металлургия Конгресі және "Astana Mining & Metallurgy" AMM-2017 көрмесі өтті. Биыл Конгреске Австралиядан, Австриядан, Бразилиядан, Ұлыбританиядан, Германиядан, Қазақстаннан, Канададан, Польшадан, Ресейден, АҚШ-тан, Украинадан, Франциядан, Чилиден, Чехиядан, Швейцариядан келген 750-ден аса делегат келді. Австрияның, Германияның, Қытайдың, Қазақстанның, Польшаның, Норвегияың, Ресейдің, Турцияның және Жапонның 44 компаниясы көрмеде өз экспозицияларын ұсынды.AMM-2017-нің басты тақырыбы - Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына жолдауы болды. VIII Халықаралық тау-кен металлургия Конгресінің пленарлық отырысында Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары А.Ұ. Мамин сөз сөйледі. Ол тау-кен металлургия кешені қалыпты экономикалық өсім үшін стратегиялық маңызы зор екендігін айтты. Сонымен қатар, Асқар Ұзақпайұлы кешеннің жағымды болжамын атап өтті. Айталық, 2017 жылдың 4 ай нәтижесі бойынша өнеркәсіптік өндірістің көлемі 107,1% құрады, соның ішінде тау-кен өндіру саласында – 107,8%, өңдеуші өнеркәсібінде – 106,8%. Өнеркәсіптік өндірістің жалпы құрылымында тау-кен металлургия кешені 18% құрайды.Сонымен Асқар Ұзақпайұлы Қазақстан Республикасының ЭЫДҰ жұмыс органдарына қатысу деңгейін арттыруға ұмтылу мәселесін көтерді;- 2018 жылы Астана қаласында өтетін 25-ші Дүниежүзілік Тау-кен Конгресіне белсенді дайындық жұмыстары, онда тек ТКМК ғана емес, сондай-ақ, аралас салаларын жаңғырту үшін жаңа технологияларды тартуғажәне индустрия 4.0-ге ерекше назар аударылатынын атап өтті.Клайд Расселл –Thomson Reuters Asia агенттігінің Колумнисті пленарлық отырыстың модераторы болды.Сонымен қатар, Игорь Финогенов- «Полиметалл УК» АҚ президенті, Никола Попович- «Kazzinc Holdings» ЖШСДиректорлар кеңесінің төрағасы, Парамжит Калон- «АрселорМиттал Теміртау» Бас директоры,Әбдумәлік Мирахмедов- «ATK Holdings» Бас директоры сөйлеуші спикерлер болды.Инвестициялар және даму министрлігі мен Мәскеу Болат және құйма институының (МИСиС) арасындағы ынтымақтастық туралы қол қойылуы және «Парк инновационных технологий» автономды кластерлік фонды мен «Майкроман Центральная Азия», Metalysis Limited ЖШС арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы Конгресстің маңызды іс-шарасы болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/12794?lang=kk
Ж.ҚАСЫМБЕК СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСТІ КҮШЕЙТУ БОЙЫНША МӘЖІЛІС ӨТКІЗДІ 10.04.2025
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек министрліктің басшылық құрамының қатысуымен ведомства жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысын күшейту бойынша мәжіліс өткізді.Ол ҚР ИДМ комитет төрағаларына ведомствалық ұйымдардың қызметіне, оның ішінде қаржылық қызметіне қатысты бақылауды қатаңдатуды тапсырды.Оған қоса, министрлік жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет кеңесінің ведомствалық ұйымдардың қызметкерлері арасындағы жемқорлықтың алдын-алу бойынша іс-шаралар кешенін дайындауға қатысты жұмысын жандандыру туралы тапсырма берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/12788?lang=kk
ОСЫ АПТАДА АСТАНАДАН БІРНЕШЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕ РЕЙСІ АШЫЛАДЫ 10.04.2025
Бүгін «LOT Polish Airlines» әуе компаниясы Варшавадан Астанаға әуе қатынасын ашады. Рейс 2017 жылы 30 мамырдан аптасына 4 рет сейсенбі, бейсенбі, сенбі және жексенбі күндері Боинг 737 үлгісіндегі әуе кемесімен орындалады. Польшаның «LOT» әуе компаниясы EXPO-2017 халықаралық көрмесі кезінде Астанаға аптасына 7 рейс орындауға рұқсат алды.Сондай-ақ, «SCAT» әуе компаниясы 31 мамырдан Астана мен Ереван арасында тікелей әуе байланысын ашады. Рейс аптасына 2 рет сәрсенбі және сенбі күндері орындалады. Қазіргі уақытта тұрақты әуе байланысын «SCAT» әуе компаниясы біржақты тәртіпте Ақтау - Ереван бағыты бойынша аптасына 3 рет жүзеге асыруда. «Эйр Астана» әуе компаниясы 1 маусымнан бастап Астанадан Киевке ұшатын рейсті қалпына келтіреді. Рейстер аптасына 5 рет дүйсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі күндері қатынайды. Тасымалдаушы ретінде Қазақстан тарапынан «Эйр Астана» және «СКАТ» әуе компаниялары, ал Украина жағынан «МАУ» әуе компаниясы белгіленді. Тұрақты ұшуларды орындау үшін рұқсат етілген пункттер:-қазақстандық тасымалдаушы үшін - Киев, Львов, Одесса, Симферополь, Донецк, Харьков.-украиндық тасымалдаушы үшін - Алматы, Астана, Қарағанды, Қостанай, Өскемен, Павлодар, Ақтау.Қазіргі уақытта тікелей рейстер мына бағыттар бойынша орындалуда:- Киев – Астана аптасына 7 рейсов (МАУ);- Киев – Алматы аптасына 7 рейс (МАУ);- Алматы – Киев аптасына 7 рейс (Эйр Астана). Аталған рейстер ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті мен шетел мемлекеттері авиациялық билігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде ашылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/12765?lang=kk
2016 жылы «Өрлеу» жобасы аясында 38 мыңнан астам қазақстандық әлеуметтік көмек алды 10.04.2025
Бұл туралы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі атаулы әлеуметтік көмек көрсетудегі жаңа әдістерге арналған бүгінгі брифинг барысында, ЕХӘҚМ вице-министрі Светлана Жақыпова хабарлады.Ол бес институционалды реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 84-қадамын іске асыру шеңберінде әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңына Мемлекет басшысы 2015 жылғы 29 қазанда қол қойғанын еске салды.Аталған Заңның аясында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жұмысқа жарамды отбасы мүшелерінің міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына белсенді қатысу талабымен, әрбір мүшесіне санағанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бүгінде – 40%) 50 пайыздан төмен отбасыға, атаулы әлеуметтік көмекті (әрі қарай - АӘК) көрсетудің жаңа тәртібін енгізу қарастырылған. Олар қазіргі іс жүзіндегі қағидалардың орнына ұсынылмақ:- көпбалалы отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы (әрі қарай - АМЖ);- аз қамтылған отбасыларға арналған 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысы;- аз қамтылған үй шаруашылығына берілетін атаулы әлеуметтік көмек.АӘК жаңа үлгіде шартсыз және шартты ақшалай көмек болып 2 түрге бөлінеді.Шартсыз ақшалай көмек, құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға (мәселен қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты ана) беріледі. Мұндай отбасылардан жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді.Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасыға әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда беріледі. Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара жауапкершілікті мойындарына алады: әлеуметтік қызметтер жұмыспен қамту шараларын қарастырып, жәрдемақы төлесе, отбасының еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына жауапкершілікпен қатысады.Тұлғаларға тек ақшалай көмек ұсынылмайды, оған жұмысқа орналасуға көмек беріледі, қайта даярлау мен кәсіби біліктілігін арттыру үшін әртүрлі курстарға жіберіледі. Осылайша, отбасының кедейлік жағдайынан шығу мүмкіндігі ынталандырылады.Сонымен бірге, вице-министр, 2014 жылдан бастап әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа әдістері Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында сынақтан өтіп, әлеуметтік келісімшартқа отырған азаматтарға шартты қаржылай көмек көрсетуді қарастыратын «Өрлеу» пилоттық жобасы енгізілгенін мәлімдеді. 2015 жылғы 1 шілдеден бастап жергілікті бюджет қаражаты есебінен пилоттық жоба қосымша 38 аудан мен қалада жүргізіле бастады. 2015 жылы «Өрлеу» жобасына 20,2 мың адам қатысты.«2016 жылы «Өрлеу» жобасына 38,8 мың адам қатысты. Жобаны жүзеге асырудың арқасында оған қатысушылардың жан басына шаққандағы кірісі 2 еседен астамға өсіп, еңбекке жарамды тұрғындардың 90,5%-ы жұмыспен қамту шараларына тартылды. Сонымен қатар, пилоттық аймақтардағы атаулы әлеуметтік көмекті алушылар қатары 24,7%-ға қысқарды», - деп тарқатты Светлана Жақыпова.Жобаны әрі қарай, яғни 2017 жылы жүзеге асыру мақсатында, республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге қарастырылған. Биыл «Өрлеу» пилоттық жобасына елдің барлық ауданы мен қаласынан 150 мыңға жуық аз қамтылған азаматты тарту жоспарлануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/12748?lang=kk
2017 жылы 21 мыңнан астам жұмыссыз және өзін жұмыспен қамтыған жас қазақстандық жұмысшы кәсіптерге тегін оқи алады 10.04.2025
Бұл туралы бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыру қорытындысы туралы және жаңа Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жайлы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.Біржан Нұрымбетов, сөз басында, жаңа Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасында (әрі қарай – бағдарлама) келесі мәселелерге көңіл бөлінгенін жеткізді: сұранысқа ие кәсіптер мен кәсіпкерлік қағидаттарына жаппай оқыту мен дағдыларды үйрету, жаппай кәсіпкерлікке жағдай жасау, жұмысқа орналасуға әрекеттесу мен еңбекке жұмылуды қолдау арқылы еңбек нарығын дамыту.«Бағдарламаның бірінші бағыты аясында, 2,5 жылға дейінгі оқу мерзімімен колледждер ауқымында тегін кәсіби-техникалық білім алу ұйымдастырылып, мұнда бәрінен бұрын, мектепті аяқтағаннан кейін оқу орындарына түспеген жастарға назар аударылады. Биыл техникалық және кәсіби оқытуда 21 мыңнан астам жас қазақстандықты қамту жоспарланып отыр. Осымен бірге, колледждер, «Атамекен» ҰКП оқу орталықтары және кәсіпорындардың оқу орталықтары шеңберінде кәсіби оқытуға арналған қысқамерзімді курстар өткізілетін болады (1-6 ай аралығы). Бұл оқу түрінде 26 мың адамды қамту көзделуде», - деп мәлімдеді вице-министр.Бағдарламаның екінші бағытында, ауылмен қатар, қалаларда да жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру мен дамытуға жағдай жасалады.«Өтеу мерзімі 7 жыл несиенің жылдық мөлшерлемесі 6% деңгейде сақтала отырып, 18 миллион теңге мөлшерінде ұсынылады. Несиенің қолжетімділігін кеңейтуге арналған келесі бір тың шара, несиені кепілдендіру тетігі енгізіледі: бизнесін енді бастағандарға 85%-ға дейін және жұмысы жүріп тұрған кәсіпкерлерге 50%-ға дейін. Ауыл мен шағын қалалалардағы несиелеу, шағын қаржы ұйымдарын қосқанда, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жүргізіледі. Қалаларда шағын несиелеу, ауылдық жерлерге арналған шарттардағыдай, екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдары арқылы жүзеге асатын болады. Үстіміздегі жылы 10 мыңнан астам адамға шағын несие беру жоспарлануда», - деп байыптады Біржан Нұрымбетов.Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, арнайы тренерлер мен табысты да тәжірибелі кәсіпкерлерді тартқан райда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы «Бастау-бизнес» жобасы арқылы қолға алынады. Ағымдағы жылы оқу сабақтарына 15 мың адам ілікпек.Үшінші бағытта азаматтардың жекелеген санаттарының жұмысқа орналасуында атаулы көмекті күшейту, еңбек ресурстарын жұмылдыруды күшейту және еңбек нарығы инфрақұрылымын дамыту қарастырылған.Анығырақ тоқталсақ, жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары мен қоғамдық жұмыстар сынды құралдар жастар мен әйелдердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында сұранысқа ие. Биыл әлеуметтік жұмыс орындарына 11,3 мың адамды орналастыру межеленсе, жастар тәжірибесінде 12,7 мың адам қамтылмақ.Еңбек ресурстарының жұмылуын арттыруда, ҚР Үкіметі анықтаған өңірлерге ерікті түрде қоныс аударған тұлғаларға мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Жыл сайын, өңірлер мен жұмыс берушілердің еңбек ресурстарына сұранысын ескерген райда, ішкі көші-қон квотасы белгіленеді. Аталған көшті ынталандыру тетігі ретінде, бастапқы бейімделу және жол мен жүк тасу шығынын өтеу құралдарынан тұратын, қазіргі таңдағы әлеуметтік пакетті қолдану жалғасын табатын болады. Осы жылы 2,7 мың азаматтың қоныс аударуына субсидия төлеу мақсат етілген.Тағы бір маңызды мәселе, enbek.kz порталында Еңбек нарығының біртұтас ақпарат базасы (электрондық еңбек биржасы) жасалып, онда ғаламтор кеңістігіндегі бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер жайлы барлық деректі біріктіру күтілуде.2017 жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 85 млрд теңге қарастырылғанАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/12718?lang=kk
ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАН АРАСЫНДА АВТОМОБИЛЬ КӨЛІГІМЕН ЖҮК ТАСЫМАЛДАУ КӨЛЕМІ АРТТЫ 10.04.2025
Бішкек қаласында 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы Келісім аясында Автомобиль тасымалдары көлігі жөнінде Қазақстан-Қырғыз аралас комиссиясының кезекті отырысы өтті.Отырыс барысында Тараптар Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы жүк тасымалдарының көлемі туралы ақпаратпен алмасты және халықаралық автомобиль тасымалдарының динамикалық дамуын атап өтті.2016 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан арасында автомобиль көлігімен жүк тасымалдары көлемі 66%-ға артты және 1 307,5 мың тоннаны құрады. Автомобиль көлігімен тасымалданатын негізгі жүктер құрылыс тауарлары, өсімдіктен шығатын азық-түлік, дайын тамақ өнімдері және т.б.Келіссөздер барысында 500 үшінші елдерге/елдерден және 30 тұрақсыз жолаушылар тасымалдарына рұқсат бланкілері көлемінде 2017 және 2018 жылға квота белгіленді.Отырыс қорытындысы бойынша Хаттамаға қол қойылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/12712?lang=kk
Астана процесі аясындағы Сирия жөнінде жоғары деңгейдегі кезекті кездесу туралы 10.04.2025
Ұрыс іс-қимылдарын тоқтату режиміне кепілгер елдердің өзара келісуімен, Астана процесі аясындағы Сирия жөнінде жоғары деңгейдегі жетінші халықаралық кездесу 2017 жылы 30-31 қазанда өтеді.Келіссөздер барысында тұтқындарды, қамауда отырғандарды босату, қаза тапқандардың денелерін беру және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының ережесін бекіту жоспарлануда. Сондай-ақ, тараптар халықаралық терроризммен күрес мәселелерін қарастыруға және Сирияда гуманитарлық минадан тазарту жұмыстарын жүргізу туралы бірлескен мәлімдемені қабылдауға ниетті. Өзара қызығушылық тудыратын басқа да мәселелердің талқылануы ықтимал.Астанада қыркүйекте өткен келіссөздердің алтыншы раунды тараптардың Сирияда деэскалация аймақтарын құру туралы меморандум ережелерін іске асыру және Астана процесі аясында осыған дейін қабылданған басқа да шешімдердің орындалуы бойынша жұмысты жалғастыру ниеті расталған бірлескен мәлімдемені қабылдаумен аяқталғанды. Сирияда құрылған деэскалация аймақтары аталған қақтығыстың көлемін едәуір төмендетіп Сириядағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/12699?lang=kk
«Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының кезекті отырысы өтті» 10.04.2025
Ағымдағы жылғы 27 тамызда ҚР Әділет министрі Марат Бекетаевтың төрағалық етуімен және мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес сектордың және бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.Отырыста мынадай заң жобалары қарастырылды:1. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының тұжырымдамасын (баяндамашы–Мәдениет және спорт министрлігінің Вице-министрі Кожағапанов Е.Т.);2. «Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы» Заң жобасының және оған ілеспе заң жобасының тұжырымдамаларын (баяндамашы–Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Сүлейменов Ж.Қ.) қарастыру көзделген. ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі pressgov@mail.ruТел: 74-06-01, 74-06-02Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/12675?lang=kk
Мүгедек балалар тәрбиелеп отырған қазақстандықтарға 2016 жылы республикалық бюджеттен 21,7 млрд. теңгеден астам қаржы төленді 10.04.2025
Мүгедек балалар тәрбиелеп отырған азаматтарға берілетін жәрдемақыға 2016 жылы республикалық бюджеттен 21,7 млрд. теңгеден астам бөлінді.2016 жылы жәрдемақының орташа мөлшері 24 002 теңгені құрады. Мұндай жәрдемақы 73,4 мың адамға төленді. 2017 жылы мүгедек балалар тәрбиелеп отырған азаматтарға берілетін жәрдемақыға республикалық бюджетте 24,9 млрд. теңге қарастырылған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/12590?lang=kk
Тамара Дүйсенова «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдады 10.04.2025
Бүгін «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдауында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова әлеуметтік-еңбек және денсаулық сақтау мәселелері бойынша ел азаматтарын қабылдады. Министрге барлығы 19 адам, олардың ішінде Астана қалаcы, Ақмола Павлодар, Қарағанды облыстары. сонымен қатар, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарының тұрғындары Тамара Дүйсеновамен бейнеконференция байланысы арқылы өз сұрақтарын қойды. Олардың басым көпшілігі зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандыру, емдеу барысында көмек көрсету, жұмыспен мәселелеріне қатысты болды. «Бүгінгі кездесуде көптеген азаматтар зейнетақы мен жәрдемақылардың көлемін арттыру мәселелері бойынша сауалдар қойды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы төлемдерінің көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға, сондай-ақ, бала тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 1 шілдеден 20%-ға арттырылады. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 81,6 млрд. теңге бөлінеді. Аталған мәселелер бойынша қазақстандықтар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларында толық мағлұмат ала алады.Сонымен бірге, азаматтар менен Нәтижелі жұмыспен қамту мен бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы туралы сұрады. Мен оларға бағдарлама бойынша несие алу жолдары, азаматтарды жұмыспен қамту барысында қандай тетіктер қолданылатыны жайында мәлімет бердім»,- деп хабарлады Тамара Дүйсенова азаматтарды қабылдау аяқталған соң.Министр барлық өтінімдерді қарастырып, әрқайсысына толыққанды жауап берді. Шешімі белгілі бір уақытты талап ететін мәселелерді Тамара Дүйсенова өз бақылауына алып, ҚР ДСӘДМ комитеттері, құрылымдық бөлімшелері мен аймақтық департаменттерінің басшыларына тиісті тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/12589?lang=kk
2016 жылы «ЖҚЖК 2020» бағдарламасы шеңберінде 5673 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды 10.04.2025
2016 жылы «Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасы» бағдарламасының жұмыспен қамтуды инфрақұрылымды және тұрмыстық-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы қарастыратын бірінші бағытының аясында 5673 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды.Аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 40 мың 927 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 22 мың 213-і – бағдарламаға қатысушылар. «ЖҚЖК 2020» бағдарламасы бірінші бағытының аясында Қазақстанда тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, абаттандыру, инженерлік-көлік инфрақұрылымы салаларына жататын нысандар салынып, жөндеуден өткізілді.Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылы «ЖҚЖК 2020» бағдарламасының бірінші бағытын іске асыруға 80,1 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражат жобалардың саны ескеріле отырып, жергілікті атқарушы органдардың тапсырыстары негізінде өңірлер арасында бөлінді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/12526?lang=kk