Enbekshi QazaQ

Қуқық

Қазақстанда үшінші апта қатарынан «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтіп жатыр 05.10.2026
Қазақстанда үшінші апта қатарынан «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтіп жатыр. Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған жәрмеңкелерде отандық фермерлер өз өнімдерін делдалсыз тікелей тұтынушыларға ұсынады.Осы аптада республика бойынша жәрмеңкелерге 7 568 тонна ауыл шаруашылығы өнімі шығарылды. Оның ішінде Астанада 400 тоннадан астам өнім ұсынылады.Осы демалыс күндері елордада Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының шаруалары өз өнімдерін ұсынады. Жәрмеңкелерде өнім бағасы тиімді. Өткен аптада бірқатар тауарлары нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан сатылды. Мәселен, Астанада сиыр және жылқы етінің келісі 3 500 теңгеден ұсынылса, Қостанайда сиыр еті 3 200–3 500 теңге, жылқы мен қой еті 3 мың теңгеден басталды.Жәрмеңкелерде ет, сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек, балық, дәнді дақылдар және басқа да отандық өнімдер ұсынылады. Ет өнімдеріне сұраныс жоғары.«Дала дәмінің» басты ерекшелігі — фермерлердің өнімдерін тікелей сатуы. Сауда орындары жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілеріне тегін беріледі.Жәрмеңкелер еліміздің барлық өңірінде әр демалыс сайын жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1304903?lang=ru
Қазақстан мен ЕҚЫҰ диалог пен сенімді нығайтуды дамытуға мүдделілігін растады 05.10.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының диалог және сенімді нығайту жөніндегі арнайы өкілі Серж Руминмен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар Швейцарияның 2026 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығының басымдықтары, сондай-ақ ағымдағы жылдың желтоқсан айында Лугано қаласында (Швейцария) өтетін Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне дайындық мәселелері бойынша пікір алмасты.Сонымен қатар, Арнайы өкілдің қызметіне, соның ішінде диалог пен сенімді нығайту мәселелеріне, өзекті халықаралық күн тәртібіне, сондай-ақ дінаралық және конфессияаралық іс-қимылға ерекше назар аударылды.Министрдің орынбасары Қазақстанның дінаралық және конвессияаралық диалогты ілгерілетудегі озық тәжірибесін атап өтті. Осы орайда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің әртүрлі конфессия өкілдері арасындағы ашық диалог, өзара түсіністік және сенімді нығайтудың бірегей халықаралық платформасы ретіндегі рөлі аталып өтті.Сонымен қатар Қазақстанның Орталық Азиядағы ынтымақтастықтағы белсенді рөліне ерекше назар аударылды.Тараптар диалогқа жәрдемдесу, өзара сенімді нығайту және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге бірлескен тәсілдерді іздеу мақсатында байланыстарды одан әрі дамытуға және тәжірибе алмасуға мүдделілігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1304847?lang=ru
Туризм саласынан Алматы облысының бюджетіне 4 млрд теңгеге жуық табыс түсті 05.10.2026
Туризм саласы Алматы облысының бюджетіне қомақты кіріс әкеліп отыр. Биылғы сегіз айда саяхатшылардың есебінен қазынаға 3,9 млрд теңге түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,3 пайызға көп. Былтыр алғашқы жарты жылдықта бюджетке 2,8 млрд теңге түскен.Салық түсімінің өсуіне туристер санының артуы мен оларға көрсетілетін қызмет түрлерінің көбеюі әсер етіп отыр. Мәселен, биыл қаңтар-маусым айларында облыстағы қонақ үйлер мен демалыс орындары 263 776 туристі қабылдаған. Осы кезеңде қонақтарға көрсетілген қызмет көлемі 8,34 млрд теңгеге жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 6,39 млрд теңге болған. Яғни бір жылда қызмет көлемі 30,5 пайызға артқан.Туристер көбейген сайын оларды қабылдайтын нысандардың саны да артып келеді. Алматы облысы туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлының айтуынша, былтыр облыста туристерді қабылдайтын 285 нысан болса, биыл олардың саны 308-ге жеткен.«Әрбір турист өңір экономикасына өз үлесін қосады. Ол қонақ үйде тоқтайды, тамақтанады, көлік пайдаланады, экскурсияға барады, жергілікті жерден тауар сатып алады. Яғни турист келген сайын жергілікті кәсіпкерлердің де табысы артады. Бұл өз кезегінде бюджетке түсетін салықты көбейтеді. Биыл алғашқы сегіз айда туризмнен бюджетке 3,9 млрд теңге түсті. Туризм өңір қазынасына табыс әкеліп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік беретін маңызды сала. Сондықтан туристер санын арттырумен қатар, олардың өңірде көбірек уақыт өткізіп, сапалы қызмет алуына жағдай жасауға мән береміз», – деді Қуанышбек Мирамбекұлы.Алматы облысының көрікті жерлерін көруге шетелдік туристер де көптеп келе бастады. «eQonaq» жүйесінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірге 113 659 шетелдік саяхатшы келген. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы облысы республикада үшінші орында.Туристер ең көп келген жерлер «Іле-Алатау», «Көлсай көлдері» және «Шарын» ұлттық парктері болды. Жалпы, аталған үш ұлттық паркке биылғы сегіз айда 1,92 миллион турист келген. Оның ішінде «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне – 1 324 393, Көлсай көлдеріне – 399 063, «Шарын» шатқалына – 202 117 адам барған. Сондай-ақ, биыл Қонаев қаласындағы Қапшағай жағалауына 2 миллион демалушы келді. Бүгінде облыста туризм саласында 48 туроператор мен 24 гид жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1304659?lang=ru
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының барысымен танысты 05.10.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев көлік инфрақұрылымын дамыту және автомобиль жолдарының сапасын арттыруда қолға алынған құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында "Жақында "Қызылорда – Жезқазған" жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда, оның "Қызылорда – Ақтөбе" арасындағы бөлігі тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім. Биыл осы бағытта 4 жолақты жаңа күре жолдың құрылысы басталады. Сондай-ақ мен былтырғы Жолдауымда «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысын тездетуді тапсырғанымды білесіздер. Ондағы жұмыстар да биыл басталмақ" деп атап өткен болатын.Тамыз айында телекөпір арқылы «Қызылорда-Сексеуіл», «Ұлғайсын-Сексеуіл» және «Бейнеу-Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысын бастап берді.Телекөпір барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жобаны бастауға әзірлік жөнінде баяндап, еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытудағы жобалардың маңызын атап өтті. Аймақ басшысы алдымен "Қызылорда–Ақтөбе" бағытындағы Қызылорда қаласының айналма жолы мен «Қызылорда–Сексеуіл» автомобиль жолының құрылыс алаңына барды.Қызылорда қаласының айналма жолының ұзындығы 25,8 шақырым, келісімшарт құны 39,5 млрд теңге. Ислам даму банкі есебінен қаржыландырылуда. Бас мердігері «Қыран», жобалаушысы «Семдорпроект» серіктестіктері. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026-2029 жылдар. Құрылысқа 150 жұмысшы және 85 арнайы техника жұмылдырылған.«Қызылорда–Сексеуіл» автомобиль жолының 130,8 шақырымын қамтитын жобаның құны 242,3 млрд теңге. Қаржыландыру көзі Ислам даму банкі болса, мердігері «Integra Construction KZ», қосалқы мердігері «Элит Строй Комплект» серіктестіктері. 2026-2029 жылдар аралығында іске асады. Қазір құрылыс жұмыстарына 70 жұмысшы мен 43 арнайы техника тартылған.Аталған жобалар өңірдегі жол-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, көлік қозғалысы қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруға, транзиттік бағыттардың өткізу қабілетін жақсартуға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1304512?lang=ru
Аймақ басшысы Қызылорда гарнизонындағы әскери бөлімдердің жұмысымен танысты 05.10.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда гарнизонындағы әскери бөлімдер мен нысандарды аралады.Алдымен ҚР Қорғаныс министрлігінің 66597 әскери бөліміне барды. Мұнда 526 әскери, оның ішінде 42 мерзімді әскери қызметші және 17 азаматтық қызметкер бар. Сондай-ақ 107 техника пайдаланылуда.Аталған министрлікке қарасты 99215 әскери бөлімінде инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізілуде. Бұл мақсатқа 2024 жылы 278,8 млн теңге, өткен жылы 369,8 млн теңге, биылға 151 млн теңге бөлінген. Бөлімде 6 ғимарат бар, жеке құрамда 90 әскери қызметші және 10 азаматтық қызметкер еңбек етеді.Келесі нысан – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаменті. Құрылымдық бөлімшелерін қоса есептегенде 118 ғимараты, жеке құрамында 700-ден астам әскери қызметші және 90-нан аса азаматтық қызметкер бар. Мерзімді әскери қызметшілер жоқ.Аймақ басшысы Ұлттық ұланның 5547 әскери бөліміндегі жағдайды да көрді. Мұндағы жеке құрам 540 әскери қызметшіден және 3 азаматтық қызметкерден құралған. Осы бөлімге қарасты әскери атыс алаңы 70 гектар жерде, аумағында 5 ғимарат орналасқан. Атыс алаңында 3 әскери қызметші және 4 мерзімді әскери қызметші жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1304503?lang=ru
БҰҰ инспекциясы қазақстандық бітімгерлер дайындығын жоғары бағалады 04.10.2026
Голан жоталарында қызмет атқарып жатқан Қазақстанның ұлттық бітімгерлік контингенті БҰҰ-ның бөлінуді бақылау жөніндегі күштер штабы (UNDOF) өткізген бағалау инспекциясынан сәтті өтті.Инспекция қорытындысы бойынша қазақстандық контингенттің қызметіне жоғары баға берілді. Әскери қызметшілер кәсіби даярлық деңгейін және түрлі шұғыл жағдайларда қойылған міндеттерді тиімді орындауға дайын екенін көрсетті. Қазақстанның үшінші ұлттық бітімгерлік контингентін подполковник Ілияс Алматов басқарады. Миссия мандаты аясында қазақстандық бітімгерлер патрульдеу, бақылау-өткізу бекеттерін күзету, жарылғыш заттарды жою, сондай-ақ БҰҰ қызметкерлерін алып жүру және эвакуациялау міндеттерін атқарып келеді. Маусым-қыркүйек айлары аралығында ұлттық контингент 470 жедел іс-шара өткізді. Оның ішінде патрульдеу жұмыстарымен қатар, 49 уақытша түнгі бақылау бекеті ұйымдастырылып, жедел әрекет ету күштерінің 11 оқу-жаттығуы өткізілді. Сонымен қатар жергілікті қауымдастық өкілдерімен 11 кездесу ұйымдастырылды. Инженерлік-саперлік топ 350 жарылғыш зат пен атыс қаруына арналған 1 800 дана оқ-дәріні анықтап, жойды. Қазақстандық бітімгерлік контингент БҰҰ мандатына сәйкес міндеттерін орындауды жалғастыруда. Олар жауапкершілік аймағында жағдай тұрақтылығын бақылауға және кез келген жағдайда жедел әрекет етуге әзір.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1304343?lang=ru
ҚР СІМ-де РФ УСӨ-мен кездесу өтті 04.10.2026
ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресейдің Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Александр Комаровпен кездесті.Кездесуде соғыс қимылдары аймағында қалған Қазақстан Республикасы азаматтарының жағдайы талқыланды.Тараптар қазақстандық азаматтарды елге қайтару бойынша бірлескен іс-қимылдарды әзірлеу туралы уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1304217?lang=ru
Алматы облысындағы мәдениет пен ақпарат саласының қызметкерлеріне  Мемлекет басшысының атынан марапаттар табысталды 03.10.2026
Алматы облысында мәдениет және ақпарат саласының қызметкерлері құрметке бөленді. Ұлттық мұраны дәріптеп, шынайы ақпарат жаршысы болып жүрген майталмандар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Құрмет» грамотасына және «Алғыс хатына» ие болды. Марапатты Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов табыстады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. Салтанатты рәсімде Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізіп, жиынға қатысушыларға жылы лебізін білдірді. «Алматы облысы – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытуға ерекше басымдық беріп отыр. Әсіресе ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу – басты назарда. Жыл басынан бері Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы, аты әлемге әйгілі кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығы және өзге де көрнекті тұлғаларымыздың мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтуде. Осындай игі шараларға өнерпаздарымыз бен ақпарат саласы қызметкерлерінің қосқан үлесі зор. Алдағы уақытта да еліміздің ынтымағы мен бірлігінің дамуына елеулі еңбек сіңіресіздер деп сенемін», – деді Мәлік Отарбаев. Жиында Шыңғыс Сайранұлы мәдениет және ақпарат саласының қоғамдағы маңызына тоқталды.«Мәдениет – халықтың рухани болмысын айқындайтын маңызды сала. Ұлттық құндылықтарды сақтау, өнер мен шығармашылықты қолдау, мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу – ортақ міндет. Ақпарат саласының да қоғамдағы орны ерекше. Жұртшылықты елдегі маңызды жаңалықтардан дер кезінде хабардар ету, атқарылып жатқан жұмыстарды ашық әрі нақты жеткізу кәсіби жауапкершілікті талап етеді. Шығармашылық ізденістеріңіз жаңа жобаларға, тың бастамаларға және жақсы нәтижелерге жол ашсын», – деді облыс әкімі. Марапатқа ие болғандардың бірі журналист, ақын, жазушы – Қуат Қайранбаев. «Журналистика саласында еңбек етіп келе жатқаныма 45 жылдай уақыт болды. Еңбегіміздің ескеріліп жатқанына қуаныштымын. Бүгінгі марапаттың жөні бөлек. Жүрегіміздің соғысы жиілеп, толқып тұрмыз. Осындай сый-құрметке бөлеген Мемлекет басшысына алғысым шексіз. Еліміздің рухани тұрғыда түлеуіне бар ынта-жігерін салып жүрген бүгінгі марапат иелерін шын жүректен құттықтаймын», – деді Қуат Қайранбаев. Осылайша, қаламның ұшымен, өнердің күшімен өңірдің өркендеуіне қажыр-қайратын арнаған жандардың мерейі тасып, еселі еңбегі лайықты бағасын алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1304137?lang=ru
Қазақстан мен Израиль ынтымақтастығы нығаюда 03.10.2026
Астана, 2026 жылғы 2 қазан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Израиль Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Йоав Быстрицкиймен кездесіп, екіжақты, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.Басым бағыттардың бірі ретінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту жолдарына назар аударылды. Бұл ретте биыл өтуі жоспарланған сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссия отырысының күн тәртібі қарастырылды.Кездесуді қорытындылай келе, тараптар ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, және инновациялар секілді бірқатар маңызды салаларда серіктестікті күшейту бойынша жұмысты жандандыруға уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1304097?lang=ru
Қарулы күштер командасы халықаралық киберсайыста үшінші орын алды 03.10.2026
Астанада KazHackStan 2026 халықаралық конференциясы аясында Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан және басқа да мемлекеттердің командалары қатысқан CyberKumbez халықаралық киберсайысы өтті.Сайысқа Қазақстан Қарулы күштерінің атынан Бас штабтың Киберқауіпсіздік орталығының командасы қатысты.Практикалық кезеңдер заманауи қаланың инфрақұрылымын, соның ішінде аса маңызды инфрақұрылым нысандарын, банк және өнеркәсіп секторларын, әскери нысандар мен басқа да ақпараттық жүйелерді құрайтын арнайы киберполигонында өткізілді.Қатысушылар кибершабуылдарды анықтау және талдау, осал тұстарды саралау, ақпараттық жүйелерді қорғау және олардың штаттық жұмысын қалпына келтіру бойынша тапсырмаларды орындады. Сондай-ақ кибероқиғаларға қарсы жедел әрекет етуге және өзгермелі киберорта жағдайында ақпараттық инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.Сайыс қорытындысы бойынша Қазақстан Қарулы күштері Бас штабының Киберқауіпсіздік орталығының командасы үшінші орынға ие болып, халықаралық жарыстың жүлдегерлері қатарынан көрінді.KazHackStan 2026-ға қатысу әскери қызметшілерге шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып, киберқауіпсіздік саласындағы практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1304100?lang=ru
Қазақстан мен Қатар екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады 03.10.2026
Астана, 2026 жылғы 2 қазан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Қазақстан Республикасындағы Катар Мемлекетінің Елшісі Абдалла Хусейн Джабермен кездесті.Тараптар Қазақстан-Катар қатынастарының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Саяси диалогтың оң динамикасы мен екі елдің өңірлік әрі халықаралық алаңдардағы тиімді ықпалдастығы аталып өтті.Қазақстан-Катар стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық іс-қимылды дамытуға басты назар аударылды. Бұл ретте, азық-түлік қауіпсіздігі, энергетика, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттары қарастырылды.Кездесу соңында екіжақты қатынастарды нығайтуға бағытталған өзара сапарлар мен бірлескен іс-шаралардың жоспары бойынша пікір алмасылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1304064?lang=ru
Халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар марапатталды 03.10.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қырғызстанда өткен VІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегерлерін және тоғызқұмалақтан Әлем чемпионы Ермұхамед Әләйдарды қабылдады. Спортшыларды айтулы жетістіктерімен құттықтап, алдағы сайыстарына сәттілік тіледі.«Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында еліміздің, Сыр өңірінің намысын лайықты қорғап, жүлделі орындарға ие болуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын!Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Спортшыларымыздың ерлігі – ел рухын көтеретін, ұлт бірлігін нығайтатын маңызды фактор» деп атап өтті.Әлемнің 113 мемлекетінен үш мыңға жуық спортшы бақ сынасқан тартысты додада үш жерлесіміздің жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіске жетуін ерлік деп санаймын.Жарыс қорытындысы бойынша алыш күресінен Жандос Әбубәкіров қола жүлде еншіледі. Ал көк бөрі ойынынан Нұрлыбек Асқаров, көкпардан Алмат Жүнісов ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, күміс медалға ие болды.Сондай-ақ, Румынияның Бухарест қаласында тоғызқұмалақтан өткен Әлем чемпионатында талантты спортшымыз Әлайдар Ермұхаммед айқын басымдықпен жеңімпаз атанды.Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, табандылықтарыңыз бен кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында көк байрағымыз көкке көтерілді. Ел мерейін үстем етіп, ұлттық спортты дамытуға қосып жүрген сүбелі үлестеріңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз!Спортшыларымыздың жарқын жеңісінің негізінде білікті бапкерлер Сламхан Боранбаев пен Хакімжан Елеусіновтің табандылығы мен ерен еңбегі жатыр.Алдағы уақытта да отандық спортты жаңа деңгейде көтеріп, байрақты бәсекелерде жоғары нәтижеге қол жеткізесіздер деп сенемін. Еліміздің абыройын асқақтатар жеңісті күндеріңіз көп болғай!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Еске салайық, Қазақстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жалпыкомандалық есепте 74 медальмен бірінші орын алды.Жиында Алмат Жүнісов, Сламхан Боранбаев сөз сөйлеп, жеңімпаз спортшыларға Мемлекет басшысының Алғыс хаты, облыстың Құрмет Грамотасы және қаржылай сертификат табысталды.Айта кетейік, 2022 жылдан бері Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен өңірде заманауи үлгідегі 27 спорт кешені пайдалануға берілді. Осы кезде облыс орталығында «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта 6 спорт кешені ел игілігіне табысталады.Өңірде 377 мыңнан астам тұрғын спортпен тұрақты шұғылданады, бұл – халықтың 44,6 пайызы. Саланы дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың арқасында жыл басынан бері Сыр спортшылары Әлем, Азия чемпионаттарынан 34 алтын, 27 күміс, 28 қола медаль жеңіп алса, Қазақстан чемпионаттары мен кубоктарында 192 алтын, 150 күміс, 192 қола жүлдеге қол жеткізген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1303819?lang=ru
Дания СІМ басшысымен серіктестіктің жаңа кезеңіне көшу талқыланды 03.10.2026
Астана қаласы, 2026 жылғы 2 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанға ресми сапармен келген Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лекке Расмуссенмен келіссөздер өткізді.Тараптар өзара тиімді қазақ-дат ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі тереңдету перспективаларын талқылап, өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты.Сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өзара тауар айналымының және тікелей шетелдік инвестициялар ағынының қарқынды өсу үрдісі атап өтілді (2025 жылы өзара сауда көлемі 163 млн АҚШ долларына жетті, ал 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына салынған дат тікелей инвестицияларының жиынтық көлемі 394 млн АҚШ долларынан асты).Бұл ретте бірлескен аса маңызды инвестициялық жобалардың бірі – Алматы облысының Іле ауданында «Carlsberg Group» компаниясының «PepsiCo» алкогольсіз сусындарын өндіретін зауыт салуы. Кәсіпорынның ашылу рәсімі ү.ж. 1 қазанда Дания Сыртқы істер министрі Л.Расмуссеннің қатысуымен өтті. Аталған зауыт «Carlsberg Group»-тың әлемдегі ең ірі өндірістік нысандарының біріне айналады (жобаға салынған инвестиция көлемі – 344 млн АҚШ доллары, өндірістік қуаты – жылына 1 млрд литр өнім, 230 жаңа жұмыс орны құрылады).Келіссөздер барысында екі елдің Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға өзара қатысуына және оның Еуропа мен Азия арасындағы көлік байланысын нығайтудағы рөліне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда тараптар Орта дәліз арқылы сауда ағындарын ұлғайту мақсатында даттың «Maersk» компаниясымен өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.«Дания – Солтүстік Еуропадағы біз үшін маңызды серіктес ел. Біз екіжақты қатынастарды дамытуға үлкен мән береміз және сауда-экономикалық ынтымақтастықты нақты әрі маңызды жобалармен толықтыруға ұмтыламыз», – деді Қазақстанның Сыртқы істер министрі.Өз кезегінде Л.Расмуссен Орталық Азияның Данияның сыртқы саяси және экономикалық күн тәртібіндегі маңызы артып келе жатқанын атап өтіп, Ларс Туесеннің Данияның Қазақстандағы Елшісі және Дания СІМ-нің Орталық Азия жөніндегі Арнайы өкілі болып тағайындалғанын тілге тиек ете отырып, Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге Данияның мүдделі екенін растады.Министрлер сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, БҰҰ және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ Орталық Азия мен Солтүстік Еуропа елдері арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары бойынша пікір алмасты.Сол күні Қонаев қаласында Л.Расмуссен құрамында дат бизнесінің беделді өкілдері бар делегацияны бастап, екі елдің іскер топтарының қатысуымен өткен Қазақ-дат бизнес-форумына қатысты. Форум барысында іскерлік байланыстарды кеңейту, дат инвестицияларын тарту және Қазақстан экономикасының басым салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне баса назар аударылды.Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің министрлері Қазақстан мен Данияның сыртқы саяси ведомстволары арасындағы өзара түсіністік туралы, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты комиссияны құру туралы меморандумдарға қол қойды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1303554?lang=ru
2026 жылғы 1 қазанда мемлекеттік қызметшілер арасында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атты республикалық дебат турнирі өтті 03.10.2026
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалы және Қостанай облысы әкімінің аппараты ұйымдастырды.Турнир 2025–2027 жылдарға арналған мемлекеттік қызметшілердің «Адал азамат» идеалдарына сәйкес кәсіби және тұлғалық қасиеттерін ілгерілету жөніндегі Жол картасын іске асыру аясында өткізілді.Іс-шараға Қостанай облысының жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдарынан 16 команда қатысты.Заманауи мемлекеттік қызметші – ақпаратты талдай алатын, өз ұстанымын дәлелді түрде білдіретін және тиімді шешімдер таба алатын спикер.Турнир қорытындысы бойынша үш жүлделі орын сарапқа салынып, сондай-ақ турнирдің үздік спикері арнайы марапатпен атап өтілді.Турнирдің жеңімпазы – Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының бірлескен командасы. Команда құрамында Искакова Диана және Қайыпбаев Дарын өнер көрсетті.Құрметті екінші орынды Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы Қостанай облысы бойынша департаментінің командасы иеленді. Команда құрамында Мағажанова Римма және Сәрсенбаева Гүлсимхан болды.Үшінші орынға Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері Айтмағамбет Азамат пен Қалдыбаева Гүлнара ие болды.Турнир қорытындысы бойынша Искакова Диана «Үздік спикер» номинациясымен марапатталды.Турнирде төрешілік қызметті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің «Ахмет Ұрпақтары» дебат клубының мүшелері жүзеге асырды. Төрешілер алқасына клуб президенті Сабина Атипелева төрағалық етті.Әр команда тек білімдерін ғана емес, сонымен қатар командалық жұмыс істеу қабілетін, қарсыластарының уәждеріне жедел жауап беру және өз ұстанымын қорғау шеберлігін көрсетті.Қорытынды нәтижеге қарамастан, әрбір қатысушы көпшілік алдында сөз сөйлеу, пікірталас жүргізу және сындарлы диалог құру бойынша қажетті дағдылар мен тәжірибе жинақтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1303529?lang=ru
2026 жылдың 1 қазанында Астанада Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының 10-отырысы өтті. 02.10.2026
2026 жылдың 1 қазанында Астанада Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының 10-отырысы өтті.Отырыс барысында тараптар екіжақты сауданың қазіргі жағдайын талқылап, өзара тауар айналымын одан әрі ұлғайтуға бағытталған шараларды талқыланды.Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова жыл басынан бері Қазақстан мен Моңғолия арасындағы өзара іс-қимылдың айтарлықтай жанданғанын атап өтті. Оның айтуынша, сегіз айдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 77 млн АҚШ долларын құраған.Бұл ретте сауда көлемін одан әрі арттыру үшін биыл тараптар қажетті құқықтық, сауда және қаржылық тетіктерді қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.Сол жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі – 22 шілдеде ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы Уақытша сауда келісімінің күшіне енуі. Келісім аясында 367 тауар позициясына преференциялық шарттар қарастырылған. Бұл, өз кезегінде, Қазақстанның ауыл шаруашылығы, машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібі өнімдерінің Моңғолия нарығына экспортын ұлғайтуға қосымша мүмкіндік береді.Сауда мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, қазақстандық өнімдерді Моңғолия нарығында тұрақты түрде ілгерілетуге қажетті инфрақұрылым да қалыптастырылып жатыр. Осы бағытта биыл Моңғолияның ірі серіктестерімен бірнеше келісімге қол қойылды.Сол келісімдердің бірі Mon-Kaz Trade & Investment Hub компаниясымен жасалды. Келісім аясында Ұлан-Батыр қаласында Made in Kazakhstan брендімен сауда алаңын іске қосуға дайындық жүргізілуде. Онда қазақстандық өнімдер тұрақты негізде ұсынылатын болады.Қазақстандық тауарлардың Моңғолия нарығына шығуын кеңейту үшін сауда инфрақұрылымымен қатар, қаржыландыру тетіктерін дамыту да маңызды. Осыған байланысты сауда саласын қаржыландыруға ерекше назар аударылды. Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі Моңғолияның Trade and Development Bank банкіне 33 млн АҚШ доллары көлемінде лимит бекітті.Қазіргі уақытта осы тетік аясында жалпы құны шамамен 21 млн АҚШ долларын құрайтын қазақстандық теміржол жартылай вагондарын жеткізу бойынша үш мәміле пысықталып жатыр. Сонымен бірге Моңғолияның басқа да банктерімен бірлескен жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктері қарастырылуда.Өзара сауданы кеңейту үшін қаржыландыру құралдарын екі бағытта да пайдалану маңызды. Осыған орай Қазақстан тарапы отандық бизнеске моңғол өнімдерін неғұрлым тиімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік беретін кері қаржыландыру тетігін пысықтауды ұсынды. Мұндай тетік екі ел арасындағы тауар жеткізілімдерін ұлғайтуға және сауда қаржыландыруының қолданыстағы мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашады.Сауда көлемін арттырумен қатар, өзара тауар жеткізілімдеріндегі техникалық кедергілерді азайту бойынша да нақты қадамдар жасалуда. Осы бағытта 28 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті мен Моңғолияның Стандарттау және метрология агенттігі арасында Меморандумға қол қойылды. Құжат өзара саудадағы рәсімдерді жеңілдетуге және техникалық кедергілерді азайтуға бағытталған.Екі ел арасындағы сауда көлемін ұлғайтуда көлік-логистикалық байланыстардың да маңызы зор. Сондықтан отырыс барысында көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы Моңғолияның сауда бағыттарын жетілдіру, Қытай аумағы арқылы тасымалдауды дамыту және логистикалық шығындарды азайту жөніндегі бастамаларын қолдады.«Биыл біз бірлесіп үлкен дайындық жұмысын жүргіздік. Сауда, қаржылық және ұйымдастырушылық тетіктер құрылды. Ендігі ортақ міндетіміз – оларды нақты мәмілелермен толықтырып, жаңа келісімшарттар жасасу және өзара тауар айналымының өсімін қамтамасыз ету», – деп атап өтті Айжан Бижанова.Қазақстан тарапы бірлескен сауда жобаларын ілгерілету бойынша практикалық жұмысты жалғастыруға және Моңғолия бизнесіне Қазақстан нарығында қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1303214?lang=ru
Алматыда әскери институт курсанттары Қазақстанның тұңғыш байланыс әскерлері генералына барды 02.10.2026
Халықаралық қарттар күніне орай Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары Қазақстанның алғашқы байланыс әскерлері генералы, отставкадағы генерал-майор Мүбарак Орынбековпен кездесті.Әскери жоғары оқу орнының өкілдері Қарулы күштер ардагеріне елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс айтып, мықты денсаулық пен амандық тіледі.– Біз Мүбарак Орынбековты мерекемен құттықтап, өзіміздің құрметімізді білдіріп, батасын алуға келдік. Болашақ әскери байланыс мамандары ретінде оның тәжірибесі мен ақыл-кеңесінің біз үшін маңызы зор. Онымен болған әрбір кездесу таңдаған мамандығымыздың жауапкершілігін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді, – деді 3-курс курсанты Мирас Бисембаев.Жылы жүздесудің соңында генерал курсанттарға көңіл бөліп, құттықтап келгені үшін алғысын білдіріп, оқулары және алдағы әскери қызметтеріне сәттілік тіледі.– Көңіл бөліп, жылы лебіздеріңізді білдіргендеріңізге рақмет. Жақсы оқып, елге адал қызмет етулеріңізге тілектеспін. Білім мен жауапкершілік әскери қызметтегі басты тіректеріңіз болсын, – деді ол.Генерал-майор Мүбарак Орынбеков тәуелсіз Қазақстандағы әскери байланыс жүйесінің қалыптасуы мен дамуының бастауында тұрған тұлғалардың бірі. Ол он бір жыл бойы Қарулы күштердің Байланыс әскерлерін басқарып, басқару және байланыс жүйесін құруға әрі жетілдіруге үлес қосты. Жалпы, әскери қызметке қырық жылдан астам уақытын арнады.Бүгінде ардагер өзінен кейінгі әскери байланыс мамандарына жинақтаған мол тәжірибесін үйретіп келеді. Курсанттар үшін бұл – өз мамандығының тарихын оның бастауында тұрған тұлғадан тыңдап, офицерлік қызметтің дәстүрлерін үйренуге берілген құнды мүмкіндік.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1303181?lang=ru
Әскери қызметшілер Өскеменде және Түркістанда ардагерлермен кездесті 02.10.2026
Халықаралық қарттар күніне орай Өскемен мен Түркістан қалаларында әскери қызметшілер Екінші дүниежүзілік және Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетті.Шығыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері мен 26943 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагерлері Анастасия Павловна Светочева мен Михаил Яковлевич Головатюкті Халықаралық қарттар күнімен құттықтады.Іс-шараға Өскемен қаласындағы С. Нұрмағамбетов атындағы № 4 орта мектептің «Жас сарбаз» сыныбының оқушылары да қатысты.– Ардагерлермен кездесудің тарихи жадыны сақтау мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтуда маңызы зор. Олардың өмірлік тәжірибесі жастарға үшін батылдықтың, табандылық пен Отанға деген адалдықтың үлгісі болып қала береді. Ардагерлермен тікелей қарым-қатынас жасау жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, азаматтық және әскери борышына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді, – деді облыстық департаменттің ардагерлермен жұмыс жөніндегі қызмет бастығы майор Әсет Адамбаев.Биыл Анастасия Павловна Светочева 104 жасқа толады. Ол соғыс жылдарында 26-шы жеке Қызыл Ту орденді байланыс полкінде байланысшы болып қызмет атқарып, Ленинградты қорғау және блокададан шығу операцияларына қатысты. Сондай-ақ бомбалау мен артиллериялық атқылаудан кейінгі зардаптарды жою жұмыстарына атсалысқан.Әскери байланысшы ретінде майдандағы ерен еңбегі үшін Анастасия Светочева І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ленинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» және «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.Михаил Яковлевич Головатюк қазан айында 101 жасқа толады. Ол 579-шы атқыштар полкінің құрамында автоматшы ретінде милитаристік Жапонияға қарсы әскери қимылдарға қатысты.Жауынгерлік ерлігі мен еңбектегі жетістіктері үшін Михаил Головатюк ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, Ленин орденімен және «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.Іс-шара барысында әскери қызметшілер мен мектеп оқушылары ардагерлерге шынайы алғыстарын білдіріп, оларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және амандық тіледі.Өз кезегінде майдангерлер жүріп өткен жауынгерлік жолы мен бастан кешкен қиындықтары туралы естеліктерін айтып, жас ұрпаққа ақыл-кеңестерін берді. Ардагерлер жастарды бейбітшілікті бағалауға және Отанға қызмет ету жолындағы игі дәстүрлерді лайықты жалғастыруға шақырды.Түркістандағы 99210 әскери бөлімінің жеке құрамы Ауған соғысының ардагері Сапарбек Пазылбековтің шаңырағына арнайы барып, құрмет көрсетті. Әскери бөлім командирі полковник Талғат Мәжімбеков жауынгерлік дәстүрлерді сақтау мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтуда аға буынның тәжірибесі маңызды екенін атап өтті.Өз кезегінде Сапарбек Жандарбекұлы әскери қызметшілерге көрсеткен қамқорлығы мен құрметі үшін алғысын білдіріп, оларға қызметте табыс, отбасыларына амандық және ашық аспан тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1303158?lang=ru
Алматы облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы тағайындалды 02.10.2026
Алматы облысы әкімінің өкімімен Арман Еркінұлы Айшуақов Алматы облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.Арман Еркінұлы 1991 жылы туған. Білімі жоғары, 2013 жылы Халықаралық Білім Беру Корпорациясының «Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын» «Сәулет» мамандығы бойынша аяқтап, 2014 жылы аталған білім ордасында «Сәулет» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған. 2023 жылы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.Әр жылдары «ПСК Архат 2» ЖШС-ның сәулетшісі, Алматы қаласы «Алматыгипрогор» жобалау институтының сәулетшісі,  Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы, Жетісу және Алмалы аудандарында “қалалық жоспарлау және аумақтарды үйлестіру” қызметінің басшысы лауазымдарын атқарған.2025 жылдың қыркүйек айынан бері Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары лауазымында қызмет еткен.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1303052?lang=ru
Қазақстанда қыркүйек айында азық-түлік инфляциясы 8,5%-ды құрады 02.10.2026
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қыркүйегінде Қазақстандағы жылдық инфляция 9,3%-ды құрады. Оның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 8,5%-ға өскен. Ал айлық инфляция тамыз айындағы деңгейде сақталып, 0,6%-ды құрады.Сонымен бірге қыркүйек айында бірқатар азық-түлік тауарларының бағасы төмендеді. Мәселен, пияздың бағасы – 20,7%-ға, лимон – 13,9%-ға, сәбіз – 13,6%-ға, картоп – 13,4%-ға, баялды – 11,2%-ға, қырыққабат – 10,1%-ға арзандады. Бұдан бөлек, тәтті бұрыш, алма, алмұрт, сарымсақ және банан бағасы да төмендеді. Балалар тағамына арналған жармалар 6,1%-ға, ал қант 1,3%-ға арзандаған.Жекелеген жеміс-көкөніс өнімдері бойынша бағаның төмендеуі жылдық көрсеткіштен де байқалады. Соңғы бір жылда алманың бағасы 11,1%-ға, лимон 8,3%-ға, қызылша 6,9%-ға, қырыққабат 6,1%-ға, банан 5,6%-ға, тәтті бұрыш 3,9%-ға төмендеді.Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігі бірқатар жүйелі шараларды жүзуде. Негізгі бағыттар – нарықтағы тауар ұсынысын жеткілікті деңгейде ұстап тұру, өнімдерді өндірушілерден тікелей жеткізуді, артық делдалдарды қысқарту және сауда үстемелерінің белгіленген шектен аспауын бақылау.Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері тікелей жеткізу тетігі арқылы ішкі нарыққа шамамен 33,2 мың тонна картоп, 13,9 мың тонна сәбіз, 4,7 мың тонна пияз және 177,7 тонна ақ қырыққабат жеткізілді. Бұл өнімдердің негізгі көлемі Қытайдан, Өзбекстаннан және өңірдегі басқа да елдерден жеткізілді.Бағаны тұрақтандырудың тағы бір тетігі ретінде тұрақтандыру қорлары мен «айналым схемасы» қолданылып отыр. Сонымен қатар өңірлік комиссиялар өнімсіз делдалдарды анықтау және жеткізу тізбегінен шығару бойынша жұмыстануда. Жыл басынан бері 816 отырыс өткізіліп, 3 391 заңбұзушылық фактісі анықталды. Соның нәтижесінде жеткізу тізбегінен 222 өнімсіз делдал шығарылды.Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15%-дан аспайтын сауда үстемесінің сақталуы да тұрақты бақылауда. Жыл басынан бері белгіленген шекті мөлшерден асып кеткен жағдайлар бойынша 3 610 әкімшілік қаулы шығарылды.Өндірушілер мен жеткізушілердің шығындарын азайту үшін қосымша шаралар да қолға алынуда. Атап айтқанда, маусым айынан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын, сондай-ақ ұн тарту және нан пісіру кәсіпорындарына арналған бидайды теміржол арқылы тасымалдауға төмендету коэффициенті енгізілді. Оның арқасында тасымалдау құны 40%-ға дейін төмендейді.Бұған қоса, әлеуметтік маңызы бар тауар өндірушілері бағаны тұрақтандыру бойынша міндеттемелер алған жағдайда, олар үшін электр энергиясының тарифін төмендету мүмкіндігі қарастырылған.Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жұмысы жалғасуда. Бұл ретте азық-түлік инфляциясына барынша әсер ететін негізгі тауарларға және ішкі нарықты қажетті өнімдермен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етуге басымдық берілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1303055?lang=ru
Қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді 02.10.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, қала әкімі Нұржан Ахатов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, қарттарды мерекемен құттықтады.«Қазақ халқы үшін үлкенді сыйлау, қарттықты қадірлеу – ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан озық дәстүр.Бұл – өскелең ұрпақ үшін өлшеусіз рухани қазына. Сондықтан қазыналы қарияларымызды құрметтеу – әрбіріміздің азаматтық парызымыз. Аймақ ардагерлерін әлеуметтік қолдау – менің назарымдағы басты мәселе. Сіздерге көрсетілетін қамқорлық әрі қарай да жалғаса береді.Біз Сіздерге қолайлы жағдай жасап, қызмет көрсетуге қашан да дайынбыз. Баршаңызға мықты денсаулық, амандық тілеймін!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Аймақ басшысы орталық ғимаратының алдындағы киіз үйде ұйымдастырылған көрмемен танысты. Көрмеге қызмет алушылардың өз қолымен жасаған ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдары қойылған.Бүгінде өңірде 90 мыңға жуық қарт тұрады. Оның 2 мыңнан астамы арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылған. №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына биыл 843,8 млн теңге қаржы бөлінді. Орталық заманауи талаптарға сай жабдықталып, қызмет алушылардың денсаулығын жақсарту, оңалту үшін қолайлы жағдай жасалды. Материалдық-техникалық базаны толықтыру әлі де жалғасады.Сонымен қатар Талсуат елді мекеніндегі 150 орынға арналған оңалту орталығында, Қызылорда қаласындағы 50 орындық жартылай стационарда зейнеткерлерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1302913?lang=ru