Enbekshi QazaQ

Қуқық

Күштік құрылымдар біріншілігі: 200-ден аса балуан чемпиондық атаққа таласады 29.03.2026
Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубында Қазақстанның күштік құрылымдары арасында қазақ күресі мен самбодан чемпионат басталды. Сайыстың ашылуына қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов қатысты.Қорғаныс ведомствосының басшысы спортшыларды, жаттықтырушыларды, төрешілер мен көрермендерді құттықтап, мұндай жарыстардың әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын арттырудағы және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтудағы маңызын атап өтті.– Боз кілем үстіндегі тартыс нағыз үздіктерді анықтап қана қоймай, бөлімшелердің кәсібилігін арттыруға ықпал етеді. Іріктеу кезеңдеріне үш мыңнан астам балуан қатысты. Турнир ұлттық спорт түрлерін насихаттауда, жауынгерлік рухты көтеруде және күштік құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуда маңызды рөл атқарады, – деді Дәурен Қосанов.Чемпионатқа Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, Шекара қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ұлттық ұлан атынан 30 команда құрамында 200-дің үстінде спортшы қатысып отыр.Самбо сайысында 58, 64, 71, 79, 88, 98 және 98 келіден жоғары салмақта, ал қазақ күресі 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақ бойынша өтуде.Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы, полковник Арман Әбеуовтың айтуынша, татамидегі сайыстың қорытындысы бойынша Қазақстанның күштік құрылымдарының құрама командалары жасақталады. Олар Әскери спорттың халықаралық кеңесі (CISM) аясында өтетін самбо мен қазақ күресінен әлем чемпионаттарында, сондай-ақ Өзбекстанда өтетін кураш күресінен CISM-нің алғашқы әлемдік жарысында ел намысын қорғайды.Турнир әскери-қолданбалы спортты дамытуға, әскери қызметшілердің дене дайындығын нығайтуға және ұлттық күрес түрлерін халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1189059?lang=kk
Қостанай облысында соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштер тазартылды 24.03.2026
Науырзым ауданында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне тағзым ретінде тазарту жұмыстары жүргізілді.Аудан тұрғындары, жастар, еріктілер және түрлі мекеме қызметкерлері бірлесіп, соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштердің аумағын қардан тазартты. Нәтижесінде, ескерткіштердің айналасы ретке келтіріліп, келушілер үшін қолайлы жағдай жасалды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1186924?lang=kk
Қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарында Наурызды атап өтті 24.03.2026
Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері Голан жоталарында халықаралық миссияға қатысушылар үшін мәдени-ағартушылық іс-шара ұйымдастырды.139 адамнан тұратын қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның миссиясы құрамында өз жауапкершілік аймағында тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін атқарып келеді.Наурыз мейрамын тойлау достық және өзара құрмет атмосферасында өтті. Қазақстандық бітімгерлер жаңару, игілік және жаңа өмірлік кезеңнің басталуын бейнелейтін ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды таныстырды. Салтанатты іс-шараға Непал, Үндістан, Уругвай елдерінің бітімгерлік контингенттері, БҰҰ-ның бөлінуді бақылау жөніндегі күштерінің (UNDOF) штаб офицерлері, БҰҰ Бақылау миссиясының (UNTSO) әскери бақылаушылары шақырылды. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, мерекелік бағдарламаға қатысты.Іс-шара халықаралық өзара іс-қимылды нығайтуға, мәдениетаралық диалогты дамытуға және әскери қызметшілер арасында бейресми қарым-қатынасты арттыруға мүмкіндік берді. Көпұлтты бітімгерлік миссия жағдайында Наурызды атап өту қазақстандық әскери қызметшілердің бейбітшілік, өзара түсіністік және мәдени әртүрлілікті құрметтеу қағидаттарына адалдығын көрсетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186958?lang=kk
Бұлақ көрсең, көзін аш: Алматы облысында 1500 адам «Мөлдір бұлақ» акциясына қатысты 24.03.2026
Алматы облысында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы кең көлемде ұйымдастырылып, өңірдің табиғи су көздерін сақтау мен жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізілді. Игі бастамаға 1500-ге жуық адам қатысып, 300-ден астам ағаш көшеті отырғызылды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Акция барысында өңірдегі бірнеше маңызды бұлақ көзі ашылды. Атап айтқанда, Еңбекшіқазақ ауданы Еңбек ауылында орналасқан, жергілікті халық ауыз су ретінде пайдаланатын бұлақ тазартылып, аумағын абаттандыру, ағаш отырғызу және қоршау орнату жұмыстары қолға алынды. Малыбай ауылдық округіне қарасты таудың етегінде орналасқан Шилі бастау бұлағының бастауы мен арнасы тазартылып, негізінен мал суаруға пайдаланылатын су көзінің табиғи қалпы жақсартылды. Қаражота ауылдық округіндегі тарихи маңызы бар Диірмен базы бұлағында да тазалау жұмыстары жүргізіліп, бұлақтың бастауы мен су жүретін арнасы ретке келтірілді. Тауқаратұрық ауылына жақын орналасқан Құртты бұлағының көзі ашылып, санитарлық жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар Талғар ауданындағы киелі орындардың бірі саналатын Әлмерек баба бұлағы да назардан тыс қалған жоқ. Оның табиғи әрі рухани маңызына ерекше көңіл бөлінді.«Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркi Түрген шатқалындағы «Киелі» бұлағының ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, бұлақ көзін ашу, ағаш отырғызу жұмысына атсалысты.Марат Елеусізұлы бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы игі шара екенін атап өтті.«Біз бүгін ата-бабамыздан қалған «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген асыл аманатты жүзеге асыру мақсатында жиналып отырмыз. Су - тіршілік көзі. Жеріміздің берекесі мен ырысы. Әсіресе көптеген елді мекені тау етегінде орналасқан Алматы облысы үшін әрбір бастау мен қайнар - стратегиялық маңызға ие.Бүгінгі таңда тіршілік нәрін үнемдеу және оларды таза ұстау – мемлекеттік деңгейдегі өзекті мәселе. Осы шарада бізбен бірге иық тіресе еңбектенетін өңір тұрғындарының белсенділігі қуантады.Бұл жұмыстар тек бір күндік науқанмен шектелмейді. Біз әрбір бұлақтың басын қоршап, ағаш отырғызып, санитарлық жағдайын бақылауда ұстайтын боламыз, – деген облыс әкімі қатысушыларға алғысын білдіріп, сауапты істің Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келуін жақсы ырымға балады.«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Әнуар Үскенбаев дәстүрді түрде өткізілетін акция биыл кең ауқымда ұйымдастырылғанын айтып, суды үнемдеу, табиғатты қорғау ортақ жауапкершілік екенінен жеткізді.  Шараға егде жастағы тұрғындардан бастап, жастарға дейін белсенді атсалысып, табиғатқа жанашырлықтың үлгісін көрсетті. Атқарылған жұмыстың арқасында бұлақ суы жергілікті халықтың игілігіне айналып, шаруашылығына септігін тигізетін болады.Экологиялық шара табиғатқа қамқорлық көрсету ғана емес, сондай-ақ адам жанының да тазаруы, жүрек көзінің ашылуы. Сондықтан мұндай шаралар Алматы облысында жоспарға сай жүйелі түрде жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1186988?lang=kk
Тазару күні әскерилер гарнизондарда экологиялық бастамалар өткізді 24.03.2026
Наурызнаманың соңғы күні – Тазару күні Қарулы күштердің әскери қызметшілері ағаш отырғызу, аумақты тазалау және абаттандыру акцияларын өткізді.Шымкент гарнизонындағы 10216 әскери бөлімінің жеке құрамы экологиялық акция өткізді. Әскери қызметшілер ағаш көшеттерін отырғызып, аумақты тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.– Тазару күні – Наурызнаманың соңғы кезеңі ғана емес, таза оймен және әлемді жақсартуға деген ниетпен жаңа жылды бастау болып табылады, – деді бөлім командирі подполковник Дәулетбек Қоғабаев.Сабыр Рахымов атындағы әскери колледжде әскери қызметшілердің, оқытушылар және тәрбиеленушілердің қатысуымен экологиялық акция өтті. Оқу орнының жеке құрамы аумақты ретке келтіріп, оқуға және демалуға ыңғайлы әрі қолайлы орта жасады.Бұл күні Бауыржан Момышұлы атындағы механикаландырылған бригада шабуылдау батальонының келісімшарт бойынша әскери қызметшілері мен сарбаздары, әскери бөлім аумағында ағаш көшеттерін отырғызып, игі іске атсалысты. Бұл шара әскери ұжымдағы бірлік рухын нығайтуға септігін тигізді.Экологиялық бастаманы Жетісу гарнизоны да белсенді қолдады. 18386 әскери бөлімі әскери қызметшілері ұлттық киімде көшет отырғызып, дәстүр мен табиғатты қорғау арасындағы үйлесімділікті көрсетті.Тазару күні өткен осындай игі істер қоршаған ортаны сақтаудың маңыздылығын білдіреді, патриоттық құндылықтарды нығайтады және туған жерге деген жауапкершілік сезімін арттыруға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186994?lang=kk
Қорғаныс министрінің орынбасары 47007 әскери бөлімін және бірқатар үздік әскери қызметшілерді марапаттады 24.03.2026
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабековтің шешімен жоғары жауынгерлік дайындық көрсеткіштері және маңызды нысандарды күзетудегі сапалы қызметі үшін 47007 әскери бөлімі мен бірқатар әскери қызметшілер марапатталды.Осыған орай Абай облысы Жарма ауданының Жаңғызтөбе кентінде орналасқан әскери бөлімге теледидар сыйға тартылды. Сарбаздар бос уақытында ақпараттық-тәрбие жұмысы бөлмесінде танымдық бағдарламаларды тамашалап, жаңалықтар көруге пайдаланбақ.Жеке құрамға марапаттарды Шығыс өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы полковник Бауыржан Күреңкеев салтанатты жағдайда табыс етті.Қолбасшылықтың өкімімен қырағылығы, қарауыл қызметі Жарғысының талаптарын қатаң сақтағаны және қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін қатардағы жауынгер Ықылас Ділдәқанұлы қолсағатпен марапатталды.Сонымен қатар, бірқатар әскери қызметшілерге қызметтік міндеттерін адал орындағаны және жауынгерлік дайындықтағы жетістіктері үшін грамоталар мен алғыс хаттар табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1187052?lang=kk
Әскери қызметшілер Наурыз мейрамын атап өтті 22.03.2026
Қарулы күштердің барлық әскери бөлімдері мен құрамаларында Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік  іс-шаралар өтті.Наурыз  – күн мен түннің теңеліп, табиғаттың жаңарып, тіршіліктің түлейтін кезеңі. Бұл күні әскери ұжымдарды да ұлттық киім мен бай дастархан айшықтап тұрды. Наурызда әскери қызметшілер мерекелік концерттер мен театрландырылған қойылымдар, ептілік пен тапқырлықты қажет ететін түрлі сайыстар ұйымдастырды.Шымкент гарнизонындағы 35748 әскери бөлімінде өткен іс-шараларға Қарулы күштердің ардагерлері мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелері қатысты. Меймандар мен жеке құрам үшін киіз үйлер тігіліп, концерттік бағдарлама әзірленді. Ұлттық ойындар ұйымдастырылып, мерекелік дастархан жайылды. Жиналғандар Наурыз көжеден дәм татты.– Наурыз – халқымыз үшін жақсылық пен үміттің бастауы. Бұл мереке біздің ұлттық болмысымызды сақтауға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға тәрбиелейді, – деп атап өтті 35748 әскери бөлімінің командирі подполковник Сергей Биболатов.Әскери қызметшілер «бесікке бөлеу», «тұсау кесу», «беташар» сияқты салт-дәстүрлерді көрсетіп, ұлттық бай мәдениетті паш етті.Сондай-ақ жеке құрам арасында «бәйге», «қыз қуу», «аударыспақ», «асық ойыны», «арқан тарту» және «тоғызқұмалақ» сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылды.Іс-шаралар әскери қызметшілердің бірлігі мен ынтымағын нығайтып, жауынгерлік рухын көтеруге ықпал етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186796?lang=kk
Қостанай облысында жабық хоккей корты пайдалануға берілді 22.03.2026
Қостанай облысының Жангелдин ауданында көпфункционалды жабық хоккей корты ашылып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді.Жаңа спорт нысаны Торғай ауылында орналасқан және облыстық бюджет қаражаты есебінен салынған. Бұл бастама ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамытуға және қысқы спорт түрлерімен айналысуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.Жабық хоккей корты тұрғындарға, әсіресе жастарға, жыл бойы спортпен айналысуға мүмкіндік береді. Мұнда хоккей, мәнерлеп сырғанау және жаппай сырғанау сияқты қысқы спорт түрлерін дамытуға барлық жағдай жасалған. Нысан салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар үшін тартымды орынға айналады деп күтілуде.Жаңа нысанның пайдалануға берілуі өңірде дене шынықтыру мен спортты дамытуға серпін беріп, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және түрлі спорттық іс-шараларды өткізуге жаңа мүмкіндік ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1186802?lang=kk
Облыс әкімінің Наурыз мейрамымен құттықтауы 22.03.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов аймақ тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтады.Бүгін – халқымыз үшін ерекше мәні бар күн. Шуақты көктемде жер-дүние қайта жаңарады. Әз-Наурыз – береке мен бірліктің бастауы, молшылықтың мейрамы. Жаңару күні адамдар бір-бірін құттықтап, амандық-саулық сұрасады. Осы үрдістің бастауында үлкенге құрмет, кішіге ізет өнегесі жатыр. Әрбір үйде ақ дастархан жайылады. Бұл күні мейірімділік пен жанашырлық қасиеттер ерекше дәріптелген. Өткен жылғы өкпе-реніштің бәрі ұмытылады. Біз ежелден Ұлыстың ұлы күніне айрықша мән беріп келеміз.«Қазақстан ауқымды саяси реформалар кезеңінен өтуде. Оның маңызды қадамы – Әділетті мемлекет құруға бағытталған жаңа Конституцияны қабылдау болды. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың арқасында еліміз тұрақтылықты сақтап, экономиканы нығайтып, азаматтардың өмір сапасын арттыруға жағдай жасап келеді. Әртүрлі ұлт өкілдері бірлікте, татулықта өмір сүруде. Қостанай жеріндегі ұлттар достығы құр сөз бен бос ұран емес, күнделікті өмірдегі өзара құрмет пен сыйластықтың айқын көрінісі», – деді облыс әкімі.Бүгінде Қостанай облысы – еліміздің тұрақты дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Әсіресе, облысымыздың аграрлық өңірден индустриялық-аграрлық бағытқа табысты түрде трансформацияланып жатқанын ерекше атап өту керек. Қазіргі таңда Қостанай облысы өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі бойынша еліміздің жиырма өңірі ішінде төртінші орында. Өңіріміз – машина жасау саласының орталығы, бұл еліміздегі машина жасау өндірісінің жалпы көлемінің 25%-ын құрайды. Сонымен қатар, аймағымыз ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу экспорты және азық-түлік өндіру бойынша да жетекші орындардың бірін алады. Ал биыл «Кондитерлік астана» жобасының іске қосылуымен, Қостанай облысы еліміздегі ірі кондитерлік өнім өндіруші аймаққа айналады.Ауыл шаруашылығы саласында облысымызда 7 заманауи сүт-тауар фермасы пайдалануға берілді, сондай-ақ тағы 7 осындай ферма салынуда. Оның ішінде 5-еуі ағымдағы жылдың өзінде іске қосылады. Автожол саласында өткен жылы 1 300 км жол жөнделді. Былтыр 50-ден астам әлеуметтік нысан іске қосылды: оның ішінде 20-сы білім беру, 12-сі медициналық нысан және 19-ы спорт кешендері. Биыл Қостанайдағы 2 мектептің, Заречный ауылындағы емхананың құрылысы аяқталады.Кедергісіз қоғам қалыптастыруға бағытталған жобаларды ерекше атап өту керек:бұрынғы резиденция базасында балаларға арналған оңалту орталығы ашылды;мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталуда;Қостанай қаласында онкологиялық ауруларды емдеуге арналған облыстағы алғашқы желілік үдеткіш іске қосылды.Сондай-ақ Үстел теннисі орталығы, «Осьминог» жаңа аквапаркі және триатлон парк аумағында көпфункционалды стадион салынуда. Әлемдік деңгейдегі үш қонақүй кешені – «Мэрриот», «Новотель», «Холидэй Инн» салынып, 300 жаңа жұмыс орны ашылады.«Бізде барлық бағыттар бойынша еліміздің жетекші облыстарының біріне айналуға нақты мүмкіндіктер бар екенін атап өткім келеді. Мұның барлығы әрқайсыңыздың өңір мен елімізді дамытуға қосқан үлестеріңіздің арқасында деп білемін. Осы жетістіктерді сақтай отырып, болашаққа сеніммен қарай аламыз. Жарқын болашаққа, әділеттілік пен өркендеуге басталған жолымыз ұзағынан болсын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен қуаныш тілеймін», – деді Құмар Ақсақалов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1186804?lang=kk
Құрметті сарбаздар мен матростар, сержанттар мен старшиналар, офицерлер мен генералдар! Қымбатты отандастар! 22.03.2026
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!Әз-Наурыз – жаңашылдық пен жасампаз рухтың жаршысы. Бұл күні күн мен түн теңеліп, Жер-ана қайта түлеп, тіршілік атаулы түгел жанданады.Наурыз – жаңа жыл мен жақсылықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы. Еліміз үшін еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, жаңару мен жасампаздықтың мерекесі.Ұлтты ұйыстырып, бауырмалдық пен татулыққа үндейтін бұл мейрам ежелден уақыт пен ұрпақ сабақтастығын айшықтап, бейбітшіліктің айқын нышанына айналды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен мемлекеттің тұрақты даму бағытындағы саясаты жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Бүгінде Қазақстан тәуелсіздігін берік бекітіп, азаматтардың тұрмыс деңгейін көтеріп, халықаралық аренада лайықты орынға ие болуда.Қазіргі таңда қоғамды бірлік пен келісім, патриотизм мен тарихи мұраға құрмет секілді негізгі қағидалар төңірегінде біріктіру ерекше маңызға ие болып отыр. Біз Тәуелсіздіктің осы құндылықтарын көздің қарашығындай сақтап, оны әрі қарай нығайтуға тиіспіз. Қарулы күштердің жеке құрамы бұл міндетті абыроймен атқарып келе жатыр. Алдағы уақытта да солай боларына сенімдімін.Жеке құрам өзінің жоғары кәсібилігімен әскери борышқа адалдық танытып, мемлекеттің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау туралы тапсырмаларды бұлжытпай орындауға дайын екенін ұдайы дәлелдеп келеді. Бүгінгі көктем мерекесінде барша Қазақстан халқын, Қарулы күштердің жеке құрамын Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтап, елімізге тыныштық, отбасыларыңызға амандық тілеймін.Әрдайым шаңырақтарыңыздан ырыс пен ынтымақ, игілік пен молшылық кетпесін!Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Құрметпен, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министріавиация генерал-лейтенанты Д. ҚосановАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186720?lang=kk
Наурызнама: Қарулы күштердің әскери қызметшілері Ынтымақ күнін атап өтті 21.03.2026
Қарулы күштердің барлық әскер бөлімдері мен құрамаларында «Наурызнама» онкүндігінің маңызды күндерінің бірі – Ынтымақ күніне арналған іс-шаралар өтті.Әрбір әскери бөлімде, мекемелер мен оқу орындарында қолбасшылық тарапынан отбасылық жылылық пен достық ахуал қалыптасты. Ұйымдастырылған акциялар мен іс-шаралар жауынгерлік бауырластықты нығайтуға, рухты шыңдауға және ұлттық дәстүрлерге құрмет көрсетуге бағытталды.Мерекелік салтанат Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы «Теріс Ащыбұлақ» полигонында жалғасты. Іс-шара достық, бірлік және туған жерге деген мақтаныш сезіміне толы болды.Үйінен жырақта, қаруластар ортасында жүрген сарбаздар ұлттық құндылықтарға тағзым етіп, ортақ тарих пен салт-дәстүрден қуат алды. Тау қорықшысы полкінің әскери қызметшілері тіпті далалық жағдайда да туған үй мен жақындарын еске түсіретін ыстық бауырсақтар пісірді.Ынтымақ – біздің күшіміз, жауынгерлік бауырластықтың негізі және қызметтегі сенімді тірегіміз. Армияның нағыз қуаты мен тұтастығы дәл осы бірлікте, өзара көмек пен дәстүрге деген құрметте жатыр, – деп атап өтті тау қорықшысы полкінің командирі подполковник Бауыржан Есалы.Мерекелік іс-шаралар еліміздің барлық әскери гарнизондарында өтіп, әскери қызметшілерді достық, ұйымшылдық және өзара қолдау сияқты ортақ құндылықтар төңірегіне біріктірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186615?lang=kk
ЖЕР-ДҮНИЕ ЖАҢАРҒАН КҮН 21.03.2026
Құрметті Алматы облысының тұрғындары!Ардақты ағайын!Баршаңызды Әз-Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Наурыз мейрамы – қазақ халқына және көптеген елге ортақ, сан ғасырлық тарихы бар қастерлі қазына әрі ұлттық құндылығымыздың бір көрінісі. Күн мен түн теңеліп, Жер-дүние қайта түлейтін шақ. Табиғаттың қайта жаңару кезеңі. Бабаларымыз Ұлыстың ұлы күнін әрдайым ізгілік пен берекенің бастауы деп ұлықтаған.Мейірімділік, жанашырлық пен жасампаздық – ұлтымыздың асыл мұрасы. Осы бір ізгі қасиеттер туған өңіріміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдырып, ел бірлігін бекемдеп отыр. Тұрақтылық пен өзара түсіністік – біздің ең басты байлығымыз.Қадірлі жерлестер!Көреген халқымыз Наурызды әрдайым жақсылықтың жаршысына балаған. Биылғы мейрам ерекше мәнге ие. Цифрландыру және жасанды интеллект жылында тарихы мыңжылдықтарға ұласқан ұлы мейрамымыз да жаңаша сипатта тойланып отыр.Баршаңызға мәлім, жуырда ғана референдум өтіп, көпшіліктің қолдауымен жаңа Ата Заң қабылданды. Мемлекет басшысы қол қойған Жаңа Конституция – еліміздің жаңғыру жолындағы басты құқықтық негізі. Түбегейлі өзгерістер мемлекетіміздің дамуына, өлкеміздің өркендеуіне тың серпін берері сөзсіз.Ынтымағы жарасқан жұртымыздың ырысы артып, игі бастамаларымыз оңынан болсын!Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1186613?lang=kk
Дәстүр мен инновация үйлесімі: Алматы облысында Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланды 21.03.2026
Алматы облысында Ұлыстың ұлы күні «Digital Nauryz» бағдарламасы аясында жаңа форматта аталып өтті. Негізгі шара Қонаев қаласында ұйымдастырылды. Жасанды интеллект пен цифрлық мүмкіндіктер кеңінен қолданылып, мейрам мазмұны жаңа деңгейге көтерілді.Орталық алаңдағы роботтар көрмесі халық қызығушылығын тудырды. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, тұсаукесер, қыз айттыру, сүйінші сұрау, бастаңғы, беташар, төс қағыстыру, сүйек жаңғырту және басқа да қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс қойылды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те ұлттық мәдениеттің жаршысы болған мерекеге қатысып, тұрғындарды құттықтады. Ал, Сенатор Жанболат Жөргенбаев енді ғана тәй-тәй басқан балақайдың тұсауын кесіп, бата берді.Мерекелік шараға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімі айтулы күннің маңызы жайлы сөз қозғады. «Наурыз мерекесі – халқымыздың бай мәдениеті мен ізгі дәстүрінің терең мәні мен ұлылығын айшықтайды. Табиғат түлеп, тіршілік жаңаратын осы кезеңде адамзат та рухани серпіліп, жан дүниесі жаңарып, үміт пен ізгілікке толы ерекше күйге бөленеді. Осы тұрғыдан алғанда, Наурыз – тек мереке ғана емес, жаңғыру мен жаңарудың символы. Игі дәстүрді жаңа мазмұнмен байыту мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мерекесі жаңаша сипатқа ие болды. Мейрамды бір күнмен шектемей, мазмұнын кеңейтіп, «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында 10 күндік мерекеге айналдыру – ұлттық құндылықты дәріптеудің жарқын көрінісі. Бүгін біз осы Наурызнама аясындағы маңызды күндердің бірі – «Ынтымақ күнін» атап өтудеміз.Айтулы күнге орай еліміздің барлық өңірінде этноауылдар бой көтеріп, жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Мәдени және спорттық іс-шаралар кеңінен өткізілуде. Наурыз – тек рухани жаңғыру ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын кезең», – деген Марат Елеусізұлы жыл басы алға қойылған мақсаттарды айқындап, тың бастамаларға серпін беретінін айтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы айтулы нәтижелерге тоқталды. Айтуынша, үш жылда өңірдің өнім көлемі 3,4 трлн. теңгеден 6,0 трлн. теңгеге дейін өсіп, республика бойынша 10-орыннан 5-орынға көтерілген. Өткен жылы негізгі капиталға 29,4% өсіммен 1 трлн. 355 млрд. теңге инвестиция тартылған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10,1% өсіммен 2 трлн. 598 млрд. теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 798,4 млрд. теңге болып, нақты көлем индексі 102,0%-ды құраған. Оның ішінде мал шаруашылығының өнімі 3,6%-ға өскен. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 18,4%-ға көбейген. 1 млн. 69 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Облыс әкімі мұның барлығы өңірімізде жүргізіліп жатқан жүйелі саясат пен нақты жоспардың нәтижесінде қол жеткізілген маңызды жетістіктер екенін айтты. Сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.Шара барысында сахнада театрландырылған қойылым көрсетіліп, Роза Рымбаева, Нұрболат Абдуллин, Өмірқұл Айниязов, Тамара Асар сынды эстрада жұлдыздары, «Қоңыр» тобы, «Құлансаз» ансамблі және басқа да өнерпаздар халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.  Саябақ аумағында қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық ойындар және тақырыптық аймақтар жұмыс істеді. «Жеті қазына» интерактивті кітабы арқылы ұлттық мұра жаңа сипатта дәріптелді. «Face of Nauryz» алаңында келушілердің бейнесі жасанды интеллект көмегімен өңделіп, заманауи стильде ұсынылды. Сондай-ақ роботтардың қатысуымен қызықты бағдарлама ұйымдастырылды. Тіпті құлтемірлер бауырсақ пісіріп, тұрғындарға ұсынды. Жалпыхалықтық мерекеге айналған Ұлыстың ұлы күні осылайшы Алматы облысында кең көлемде тойланды. Қонаев қаласындағы орталық алаңға бес мыңнан астам халық жиналып, мерекелік шара «Digital Nauryz» тұжырымдамасына сай тікелей эфирде көрсетілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1186589?lang=kk
Әскери музей кадеттерді ежелгі қару-жарақ жәдігерлерімен таныстырды 21.03.2026
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи музейінің көшпелі көрмесі өтті.Әскери оқу орнының тәрбиеленушілеріне арнап белгілі тарихшылар, эксперименттік археологтар, қару-жарақ зерттеушілері және блогерлер – Нұрқожа Бауыржанұлы мен Дастан Сәбитұлы сөз сөйледі.Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шара XV–XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы кезеңіндегі жауынгерлердің қару-жарағы жайында танымдық дәріс форматында өтті. Дәріс қазақ батырларының қару-жарағы мен әскери киім үлгілерін көрсету арқылы жалғасты.Іс-шараға қатысушылар көшпелі жауынгерлердің дәстүрлі «Бес қару» жарағымен, сол секілді алғашқы атыс қаруларының тарихы, түрлері және оларды қолдану мақсаттарымен танысты.– Әскери тарих – ұлттық жадымыздың маңызды бөлігі. Осындай кездесулердің арқасында жастар қару-жарақты өз көздерімен көріп, қазақ батырларының ұрыс жүргізу өнерін бағалай алады, – деді Нұрқожа Бауыржанұлы.Өз кезегінде Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери-тарихи құндылықтар бөлімінің бастығы майор Дәулет Қадыров та мұндай іс-шаралар елдің әскери тарихын насихаттауға және жастардың ата-баба мұрасына деген құрметін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.Шара соңы Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамбль әншілері мен шығармашылық взвод сарбаздарының концертімен аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186576?lang=kk
Қорғаныс министрінің орынбасары Жетісу облысына жұмыс сапарымен барды 21.03.2026
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков өңірдегі әскери бөлімдердің жеке құрамымен, жас сарбаздармен, әскерге дейінгі жастармен және қоғам өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетовтің, әскерге дейінгі жастар мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы тәрбиеленушілерінің қатысуымен іс-шара өтті. Генерал-майор Асқар Мұстабеков өз сөзінде Отан қорғаушы миссиясының жауапкершілігін атап өтіп, өскелең ұрпақ арасында патриоттық сезімді қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.Іс-шара барысында жас робототехниктер әскери инженерия саласындағы жобаларын ұсынып, бағдарламалау, мобильді қосымшалар жасау және жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы тәжірибелерін көрсетті. Қорғаныс министрінің орынбасары жастардың шығармашылығын жоғары бағалап, заманауи технологияларды меңгеруде табыс тіледі.Жетісу гарнизонының әскери бөлімдерінде генерал-майор Мұстабеков әскери қызметшілердің күнделікті өмірімен танысып, казармалардың жағдайын, әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды және асханалардағы тамақтануды ұйымдастыруды тексерді. Жеке құраммен жұмысқа ерекше көңіл бөлінді. Сарбаздармен әңгімелесіп, олардың денсаулығын, көңіл-күйін сұрап, қызмет жағдайларын жақсарту жөніндегі өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.Жауынгерлік дайындықтағы үздік көрсеткіштері үшін 18404 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Тұрлан Оразбаев 10 күндік демалыспен марапатталды. Енді сарбаз туған қаласы Оралға барып, отбасын қуантпақ.Әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс жөніндегі қызмет өкілдерімен кездесуде генерал-майор А. Мұстабеков олардың жеке құрамның моральдық рухын көтерудегі және әскери қызметтің тиімділігін арттырудағы маңызын атап өтті.Министрдңң орынбасары облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің қызметімен танысып, шақыру пунктіне барды. Онда «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі Татьяна Тропинамен кездесті. Тараптар әскерге шақыру және мерзімді әскери қызметті өткеру мәселелерін талқылады. Шақыру пунктінде генерал-майор А. Мұстабеков жұмыстың ұйымдастырылуын, шақыру комиссиясының қызметін, медициналық тексерудің сапасын және шақырылушылардың жағдайын тексерді.Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша генерал-майор Асқар Мұстабеков жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуде оң динамика бар екенін атап өтіп, жеке құрамның моральдық рухын нығайтуға бағытталған іс-шараларды жалғастыру қажеттігін қадап айтты. Көктемгі шақыру науқаны аясында ол заңнаманың қатаң сақталуына және шақырылушылар мен олардың ата-аналары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге ерекше назар аударды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186566?lang=kk
Парламент Алатау қаласына арнайы мәртебе беру туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарады 21.03.2026
2026 жылы 20 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.Құжат Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауында берілген тапсырмаларына сәйкес әзірленіп, Алатауды заманауи, экологиялық таза әрі технологиялық тұрғыда дамыған қала ретінде қалыптастыруға бағытталған. Заң жобасы қаланы өзіндік қаржы моделі, арнайы салық режимі және жаңартылған басқару жүйесі бар дербес экожүйе ретінде дамытуды көздейді.Жаңа басқару моделінің негізгі тетігі – қаланың даму бағыттарын айқындайтын және мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіретін арнайы қала кеңесі болмақ. Оның құрамы Мемлекет басшысы тарапынан бекітіліп, төрағасы ретінде Премьер-Министр белгіленген.Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша,  бұл құжат Алатау қаласының жедел әрі тұрақты дамуына жағдай жасау мақсатында әзірленген.Заң жобасын әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе, соның ішінде Сингапур мен Дубайдың озық үлгілері ескерілген. Бұл қалаға басқару, салық және инвестиция тарту мәселелерін өз бетінше шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық стандарттар мен техникалық регламенттерді енгізуге жол ашады.Заң жобасы келесі бағыттарды қамтиды:* жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құрылымы мен өкілеттігін жетілдіру;* цифрлық активтердің айналымын реттеу;* төмен биіктіктегі әуе кеңістігін пайдалану және ұшу аппараттарын дамыту;* инвестициялардың қорғалуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету;* арнайы салық режимін және ерекше бюджет қатынастарын қолдану.Қазіргі таңда жалпы құны 1,8 трлн теңге болатын 44 инвестициялық жоба бар. Оларды іске асыру шамамен 30 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді перспективада, 2050 жылға дейін, қала инфрақұрылымын дамытуға шамамен 10 трлн теңге қажет болады. Сонымен қатар 50 млрд АҚШ долларына дейін шетелдік инвестиция тарту жоспарланып отыр.Инновациялық көліктерді енгізуге ерекше көңіл бөлінген. Олардың қатарында аэротакси мен жүк дрондарын іске қосу, Алатауды Алматы, Қонаев қалаларымен және туристік аймақтармен байланыстыратын вертопорттар салу, сондай-ақ әуе көлігін пайдалану арқылы туристік бағыттарды дамыту бар. Болашақта туристер Алматы халықаралық әуежайы арқылы «Медеу» спорт кешеніне жедел жету мүмкіндігіне ие болады.Заң жобасының екінші оқылымы 2026 жылдың 27 наурызында өтеді. Ай соңына дейін құжатты Мемлекет басшысының қарауына беру жоспарланған.Бұл бастама Алатауды инвестициялар мен инновациялар тартатын жаңа орталыққа айналдырып, оны тұрақты даму мен тиімді мемлекеттік басқарудың заманауи талаптарына сай қала ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1186504?lang=kk
Наурыз Ұлттық экономика министрлігінде: дәстүрлер, құрметтеу және жаңа міндеттер 20.03.2026
Бүгін ҚР Ұлттық экономика министрлігінде орталық аппарат, комитеттер және ведомстволық бағынысты ұйымдар қызметкерлерінің қатысуымен салтанатты жиын өткізілді. Бірлікке ұйыстырып, жаңа бастамаларға үндейтін жаңару мерекесі ведомство ұжымын одан әрі біріктіре түсті.ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жиналғандарға арнап, құттықтау сөз сөйледі. Ұжымға арнаған жылы лебізді сөзінде ол наурыздың жаңа кезеңнің бастауы ретінде халқымыздың салт-санасындағы маңыздылығын айрықша атап көрсетті."Жаңа жыл қашанда жаңа міндеттер мен жаңа мүмкіндіктердің кезеңі. Біздің алдымызда тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша ауқымды мақсаттар тұр. Мемлекеттік қызметшілер осы міндеттерді іске асыруда шешуші рөл атқарып, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосады. Сіздердің кәсіби, жауапкершілік пен адал ниеттеріңіз барлық бастамаларды сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін",-деп атап өтті вице-премьер.Салтанатты жиын аясында марапаттау рәсімі өткізілді. "Экономика саласына қосқан үлесі үшін" медалімен Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің бас сарапшысы Ләззат Керейтбаева, Салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы Бақыткүл Сәдуақас, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің бас сарапшысы Алма Жүсіпова, "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ Ғылым жөніндегі кеңесшісі Азамат Нұрсейітов, "Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы" АҚ департаментінің директоры Айгүл Садықова, "Микрография ғылыми-зерттеу институты" РММ экономисі Ақжарқын Қойшегулова, "Заң саласының үздігі" төсбелгісімен Заң департаментінің бас сарапшысы Мұрат Рахметолдин марапатталды.Министрлікте "Наурызнама"онкүндігі аясында бірқатар шаралар өткізілді. Мәдени-танымдық және спорттық жарыстарға 12 құрылымдық бөлімше мен комитеттер қатысты.Кабинеттерді ұлттық нақышта безендіру бойынша "Наурыз шуағы – кабинетімізде" байқауы жарқын оқиғаға айналды. Министрліктің барлық қызметкерлері ұлттық дәстүр мен мәдени құндылықты құрметтеуді паш етіп, белсенділік танытты.Салтанатты жиында байқау нәтижесі атап айтылды: бірінші орынды Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаменті, екінші орынды Стратегиялық талдау және даму департаменті, үшінші орынды Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаменті иеленді. Сондай-ақ арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1186478?lang=kk
Әскери институт курсанттары алғаш рет парашютпен секірді 20.03.2026
Құрлық әскерлерінің әскери институтында жоспарлы жауынгерлік дайындық жалғасуда. Бірінші курс курсанттары паршютпен алғашқы секіруді орындап, әскери қызметке дайындығы мен мамандықтың күрделі элементтерін меңгеруге қабілеттерін көрсетті.Бұған дейін олар кешенді дайындықтан өтті. Теорияны зерделеп, арнайы тренажерлерде жаттығып, қауіпсіздік шараларын сақтауды үйренді.Алғашқы секіру әрбір курсант үшін маңызды сынаққа айналды. Биіктіктен секіру және толқынысты жеңу арқылы олар төзімділігін, өзін-өзі ұстауын және өз күштеріне сенімділігін көрсетті. Бұл тәжірибе тек дене дайындығын тексеріп қана қоймай, мінезді шыңдау жолында да маңызды қадам болғанын айта кету керек.Нұсқаушылар курсанттардың тәртібі мен тапсырмаларды орындаудағы бірізді іс-қимылын атап өтті.– Алғашқы секіру – десантшы офицердің мінезін қалыптастыратын маңызды кезең. Мұнда шешім қабылдау қабілеті, төзімділік және кез келген жағдайға қарсы әрекет ету дайындығы қалыптасады, – деді институт бастығы полковник Ербол Нұржанов.Құрлық әскерлерінің әскери институтында теориялық оқытуды тәжірибемен ұштастыра отырып, болашақ командирлердің моральдық-психологиялық төзімділігін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186159?lang=kk
Жыл басынан бері әскери спортшылар халықаралық жарыстарда жүзден астам медаль жеңіп алды 20.03.2026
Наурызнама аясындағы Ұлттық спорт күнін Қарулы күштердің әскери қызметшілері де ұйымдасқан түрде атап өтіп жатыр.Барлық әскери бөлімдер мен оқу орындарында жауынгерлер қазақ күресі, арқан тарту, аударыспақ, қыз қуу, қол күресі және садақ ату сияқты дәстүрлі спорт түрлерінен жарыс өткізіп, мерекелік көңіл-күй қалыптастырды.«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты тау қорықшысы полкінің жеке құрамы үшін ат спорты – жауынгерлік дайындықтың маңызды бөлігі. Өйткені олар қызмет барысында тау асуларынан өту, күзет қою, барлау жасау, торуылдау және шабуылдау сынды күрделі тапсырмаларды орындайды. Таулы жерде жүк тасымалдауда олардың сенімді серігі – қылқұйрықтар.Ұлттық спорт күні жігіттер «Теріс Ащыбұлақ» полигонын ипподромға айналдырып жіберді. Келісімшарт бойынша әскери қызметші ефрейтор Еркебұлан Уәлихан, мерзімді қызметтің сарбаздары Ерасыл Мейірманов, Азан Мырзакерім және Бекзат Аманжол «Аударыспақ», «Теңге алу», «Жамбы ату» секілді сайыстарда ат құлағында ойнап, ептілік көрсетті. Ал жиналған жұрттың делебесін қоздырған «Қыз қууда» байланысшы офицер аға лейтенант Ақнұр Исмаилованы қуып жетіп, бетінен сүйетін жігіт табылмады.Бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар  жөніндегі орынбасары майор Қыдырәлі Әшірбаев Наурыздың  әскери ұжым арасындағы достық пен бауырмалдықты, ынтымақ пен берекені арттыратын маңызын атап өтті.– Ұлттық ат спорты ойындары – көшпелі мәдениеттің ажырамас бөлігі, ерлік пен ептілікті дамытатын өнер. Осы арқылы атты әскер өз дағдыларын шыңдап, қару қолдану қабілетін жетілдіре алады. Сол себепті ат спорты тау қорықшысы бөлімшесінің жауынгерлік дайындық процесіне сәйкес келеді, – деді ол.Шымкентте Қорғаныс министрлігінің Сабыр Рақымов атындағы әскери колледжінде ұландар қазақша күрес, қол күресі, арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу және кір тасын көтеруден бақ сынады. 24 келілік кір тасын 210-рет көтерген 1 курс ұланы Азамат Амандық жеңімпаз атанды.Гвардейск гарнизонындағы 22326 әскери бөлімінде өткен «Теңге алу», «Садақ ату», «Асық ату», «Арқан тарту» жарыстарына әскери қызметшілердің отбасы мүшелері белсенді қатысты. Бөлім командирі подполковник Бақтияр Заитов жеке құрамды Наурызбен құттықтап, мұндай шаралар балаларды спортқа баулып, ұлттық дәстүрлерді құрметтеуге тәрбиелейтінін атап өтті.Қонаев гарнизонындағы 58012 әскери бөлімінде де әскери қызметшілердің отбасылары мүшелерінің қатысуымен спорттық-отбасылық эстафета ұйымдастырылды.Ақтөбе облысының қорғаныс істері жөнідегі департаментінде өткен қол күресінен І-орынды сержант Айболат Қабылдин, 2-орынды 3-сыныпты сержант Марат Ахметқалиев, 3-орынды ефрейтор Парасат Нағымұрат иеленді. Ал қыздар арасында Анар Қалдығұлова жеңімпаз атанды.Алматыда Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында да Ұлттық спорт күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтті. Әскери қызметшілер садақ ату, қой көтеру, ләңгі тебу, асық ойнау, гир көтеру, арқан тарту, қол күресі секілді спорт түрлерінен бақ сынасты.Жарыс қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.Жыл басынан бері Қарулы күштердің спортшылары әлем және Азия чемпионаттарында Қазақстан қоржынына жалпы саны 110 медаль салғанын айта кету керек. Оның ішінде 49 алтын, 32 күміс және 29 қола медаль бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186100?lang=kk
Қазақстан мен Моңғолия сауда кеңселерін ашпақ 20.03.2026
Екі ел бір-бірінің нарығында өз өнімдерін тікелей ілгерілетуге ниетті. Қазақстан Улан-Баторда, ал Моңғолия Алматыда сауда алаңдарын іске қосуды жоспарлайды. Бұл бизнеске делдалсыз жұмыс істеуге және жаңа серіктестер табуға мүмкіндік береді.Бұл бастама Улан-Баторда өткен Қазақстан-Моңғолия сауда және инвестициялар күні аясында қаралды. Іс-шараға ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова, Моңғолияның экономика және даму вице-министрі С. Даваасурэн, Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алмас Сейтақынов, сондай-ақ екі елдің кәсіпкерлері қатысты.Тараптар ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі бойынша ынтымақтастықты күшейтуге келісті. Әсіресе астық пен өңделген өнімдерге назар аударылды. Қазақстан Моңғолияға арпа, ұн, май өнімдері, күріш және кондитерлік өнімдер жеткізуді арттыруды қарастырып жатыр.«Қазақстан азық-түлік жеткізуді ұлғайтуға дайын. Сонымен қатар мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша бірлескен жобаларға қатысуға ниеттіміз. Біз үшін тек шикізат жеткізу емес, толық өңдеу тізбегін құру маңызды. Яғни еттен бастап, жүн мен былғары өнімдеріне дейін. Бұл жоғары қосылған құны бар өнім көлемін арттырып, экспортты кеңейтуге мүмкіндік береді. Келісімнің барлығы сәуір айында Астанада өтетін үкіметаралық комиссия отырысында қаралады»,-деді Айжан Бижанова.2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда көлемі 133 млн доллардан асты. Тараптардың айтуынша, бұл толық әлеуетті көрсетпейді. Алдағы уақытта көрсеткіш 500 млн долларға дейін жетуі мүмкін.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1185973?lang=kk