Enbekshi QazaQ

Экономика

Қазақстан мен Ұлыбритания парламенттік және екіжақты өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін талқылады 24.09.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Қауымдар палатасының Қорғаныс жөніндегі арнаулы комитетінің төрағасы Тан Дэси бастаған Парламентаралық одақтың Британ тобының парламенттік делегациясымен кездесу өткізді. Кездесуге Ұлыбритания Парламентінің Қауымдар палатасы мен Лордтар палатасының мүшелері де қатысты.Әңгімелесу барысында тараптар парламентаралық диалогты дамытуға және жақында ратификацияланған Қазақстан Республикасы мен Біріккен Корольдік арасындағы Стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді іс жүзінде іске асыруға ерекше назар аудара отырып, Қазақстан–Ұлыбритания ынтымақтастығын одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.А. Исетов екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі ретінде парламентаралық байланыстарды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Осы орайда ол Қазақстан Республикасының Құрылтайы мен Ұлыбритания Парламентінің депутаттары арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтудің және екіжақты әрі халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша тұрақты пікір алмасуды жалғастырудың мәніне тоқталды.Тараптар Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан конституциялық реформаларды талқылап, Қазақстан–Ұлыбритания әріптестігінің қарқынды дамып келе жатқанын, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейту үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті.Кездесу Астана мен Лондон арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, парламентаралық байланыстарды нығайтуға және өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша сындарлы саяси диалогты жалғастыруға екі тараптың да мүдделі екенін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1297654?lang=ru
ҚР СІМ басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 81- сессиясы аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді 24.09.2026
БҰҰ Бас Ассамблеясының 81- сессиясының жоғары деңгейлі аптасының бірінші күнінде ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, көпжақты іс-шараларға қатысты.Сессия барысында Венгрия Сыртқы істер министрі Анита Орбан, Молдова Сыртқы істер министрі Михай Попшой, Польша Сыртқы істер министрі Радослав Сикорский, Словения Сыртқы істер министрі Тоне Кайзер, Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига және Эль-Сальвадор Сыртқы істер министрі Александра Хилл Тинокомен келіссөздер өткізілді. Кездесулер барысында екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелері, саяси диалог пен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту перспективалары талқыланды, сондай-ақ негізгі халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасты.БҰҰ Сауда және даму жөніндегі комиссиясының (ЮНКТАД) Бас хатшысы, БҰҰ Бас хатшысы лауазымына кандидат Ребекка Гринспан мен ЮНЕСКО Бас директоры Халед әл-Ананимен жеке кездесулер өтті.Тараптар көпжақты ынтымақтастықты нығайту, халықаралық институттардың тиімділігін арттыру және Қазақстанның БҰҰ құрылымдарымен өзара іс-қимылын жалғастыру мәселелерін талқылады.Көпжақты бағдарлама аясында Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы БҰҰ-ның даму перспективаларына және оның қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерге бейімделуіне арналған «Renewal and Focus: The UN We Need 5 Years from Now» атты министрлік кездесуге қатысты.Бірінші күннің маңызды нәтижесі Қазақстан Республикасы мен Орталық Африка Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнауы болды. Екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары екіжақты байланыстарды дамытуға және халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимылға деген өзара мүдделерін растайтын тиісті Бірлескен коммюникеге қол қойды.Бірінші күннің тығыз  бағдарламасы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге, көпжақты дипломатияны нығайтуға және БҰҰ шеңберіндегі  өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтарын іс жүзінде жүзеге асыруды жалғастырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1297313?lang=ru
Қазақстан мен Польша ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қарастырды 23.09.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Польша Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Войцех Зайончковский мен Климат және қоршаған орта министрінің орынбасары Кшиштоф Галоспен жетекшілігіндегі поляк делегациясымен кездесті.Тараптар екіжақты саяси, сауда-инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ көпжақты құрылымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.Өзара тиімді әріптестікті одан әрі тереңдету үшін елеулі әлеуетке ие перспективалы бағыттардағы іс-қимылды кеңейтуге және нығайтуға, атап айтқанда геология және минералдық-шикізат ресурстары саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.Келіссөздер қорытындысы бойынша Астана мен Варшава арасындағы өзара тиімді диалогты одан әрі тереңдету жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға  уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1297146?lang=ru
Алматы облысында отбасын қолдау орталықтарының жұмысы қайта қаралады 23.09.2026
Алматы облысында отбасын қолдау орталықтарының қызметіне кешенді талдау жүргізіліп, олардың жұмысының тиімділігі мен халыққа қолжетімділігі қайта қаралады. Бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында қаралды.Жиында отбасын қолдау орталықтарының халыққа көрсететін әлеуметтік қызметтерінің сапасы, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс, ана мен баланы қорғау, репродуктивті денсаулық және әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге қатысуын арттыру мәселелері талқыланды.Әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асыл Ваисовтың мәліметінше, жыл басынан бері отбасын қолдау орталықтары мен әлеуметтік мекемелерге 8 306 азамат жүгінген. Оның ішінде 264 отбасы өмірлік қиын жағдайға тап болып, көмек алғандар. Одан бөлек, орталықтың көмегімен 63 азамат тұрақты жұмысқа орналасса, 47 адам жеке басын куәландыратын құжаттарын қалпына келтірген. Комиссия төрағасы жұмысты тек сандық көрсеткіштермен бағалауға болмайтынын ескертті. «Әрбір отбасының мәселесі жеке қаралып, жағдайын тұрақтандыруға бағытталған нақты іс-қимыл жоспары әзірленуі тиіс. Бұл бағытта барлық мемлекеттік органдар, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және құқық қорғау салаларындағы басқармалар жұмусты күшейтуі қажет. Барлық аудан мен қалада «Бір отбасы – бір жоспар – бір жауапты маман» ведомствоаралық жұмыс алгоритмін енгізуді тапсырамын», - деп атап өтті комиссия төрағасы. Отбасын қолдау орталықтары азаматтарға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық кеңес береді. Тұрғындар бұл орталықтарға жұмыссыздық, қаржылық қиындық, отбасылық жанжал, тұрмыстық зорлық-зомбылық, құжаттарды жоғалту, бала тәрбиесі, баспана, денсаулық немесе құқықтық мәселелер туындаған жағдайда жүгіне алады. Қажет болған жағдайда орталық мамандары азаматтарды жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, ішкі істер және өзге де тиісті мемлекеттік органдарға бағыттап, қажетті қызметтерге қол жеткізуіне ықпал етеді.Комиссия отырысында орталықтардың қызметі туралы ақпараттың ашықтығы мен тұрғындарға түсінікті болу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Әрбір азамат қайда, қандай жағдайда және қандай көмек алу үшін жүгінуге болатынын білуі қажет. Осыған байланысты аудандар мен қалаларда кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу, орталықтардың байланыс деректері мен қызмет түрлері туралы ақпаратты тұрақты жариялау тапсырылды.Сонымен қатар мобильді кабинеттердің шалғай елді мекендерді қамтуын кеңейту, қызмет көрсету сапасын бағалаудың нақты көрсеткіштерін әзірлеу және орталықтардың жұмысындағы әлсіз тұстарды анықтау жөнінде міндеттер қойылды.Комиссия отырысында ана мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың репродуктивті денсаулығын нығайту және жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу мәселелері де қаралды. Жауапты мемлекеттік органдарға профилактикалық жұмысты күшейту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қою тапсырылды.Бұдан бөлек, әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге қатысуын арттыру және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағытында Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандарында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Олардың тәжірибесін зерделеп, тиімді тұстарын облыс көлемінде таратуға арналған практикалық кейстер жинағын әзірлеу тапсырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1296909?lang=ru
Жылыту маусымы тұрақты, апаттар мен іркіліссіз өту керек 23.09.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өңіріміздің жылыту маусымына әзірлігі тақырыбына арналған аймақ әкімдігінің отырысы өтті. Жиында облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы, Қостанай, Рудный, Арқалық, Лисаков қалалары мен Жітіқара ауданының әкімдері баяндама жасады.Мемлекет басшысы жылыту маусымы өзекті мәселелердің бірі екенін бірнеше рет атап өтіп, энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртуға, халықты үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге ерекше мән беріп келеді.«1 қазаннан бастап облыста жылыту маусымы басталады. Мен өткен отырыста 15 қыркүйекке дейін жылыту маусымына дайын болуды тапсырған едім. Бүгінде барлық 118 жылу көзі, оның ішінде 4 жылу электр орталығы мен 114 қазандық, сондай-ақ 698 автономды жылыту жүйесі толық дайындалды. Барлық көппәтерлі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың дайындығы қамтамасыз етілді. Ұзындығы 30,7 шақырым жылу желілерін, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру желілерін жөндеу жұмыстары аяқталды», – деді аймақ басшысы.Бүгінде қала және аудан әкімдіктері тарапынан шамамен 384,1 мың тонна көмір дайындалды. Бұл жоспардың 94,3%-ін құрайды. Қостанай, Лисаковск және Арқалық қалаларында жылу желілерін реконструкциялау бойынша 8 ірі жоба жүзеге асырылуда. 2026 жылға 14,7 шақырым желіні жаңарту жоспарланған болатын. Бұл көлем толық орындалды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 42,8 пайызға дейін төмендеді.«Өткен жылыту маусымында апаттар санын айтарлықтай азайта алдық – 254-тен 134 жағдайға дейін. Тұрғындардан түскен шағымдар саны да 96-дан 20-ға дейін төмендеді. Алдағы маусымдағы міндетіміз – жылыту маусымын тұрақты, апаттар мен іркіліссіз өткізу», – деді Құмар Ақсақалов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1296750?lang=ru
Облыс әкімдігі жанындағы "Заң және тәртіп" Конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті 23.09.2026
Ағымдағы жылғы 21 қыркүйекте Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен Облыс әкімдігінің жанындағы «Заң және Тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.Отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мас күйінде жасалатын қылмыстардың профилактикасы туралы мәселелер қаралды.Сегіз айдың қорытындысы бойынша облыста тіркелген ЖКО саны 3,4% төмендеді – 854-тен 825-ке дейін. Жараланғандар саны 6,4% азайды – 1 184-тен 1 108-ге дейін, қаза тапқандар саны 4% азайды – 50-ден 48-ге дейін.Сондай-ақ, 2ГИС-те ескертулерді орналастыру оң нәтиже көрсетті: белгіленген 12 авариялық-қауіпті учаскелерде жеті ай ішінде ЖКО саны 37% төмендеді – 27-ден 17-ге дейін.Қалалар мен аудандардың әкімдеріне полициямен бірлесіп жекелеген аумақтарда аварияға әкелетін себептердің өсуін талдау, неғұрлым қауіпті учаскелерді анықтау, жаяу жүргіншілер өткелдерінің орналасу қауіпсіздігін бағалау, автобустар мен шұғыл қызметтердің автомобильдерін жылдамдықты бақылау жүйелерімен жарақтандыруды қарау және жол жүрісі қауіпсіздігін арттыру жөнінде нақты шаралар қабылдау тапсырылды.Екінші мәселе бойынша сегіз айдың ішінде мас күйінде жасалған қылмыстардың саны 18,3% төмендегені атап өтілді.Сонымен қатар, уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына қайта орналастырылған азаматтарды медициналық сүйемелдеуді күшейту, сондай-ақ аудандарда психиатр-дәрігерлер мен наркологтардың болуы жөнінде шараларды қабылдау тапсырылды.Заңда көзделген шараларды қабылдай отырып, алкоголь өнімін сату ережелерін қайталап бұзатын сауда объектілеріне ерекше назар аудару тапсырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1296720?lang=ru
Қазақстан СІМ қызметкерлері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты 19.09.2026
Астана, 2026 жылғы 19 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері «Таза Қазақстан» ауқымды жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Астана қаласында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікке қатысты.Іс-шара мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен елорда тұрғындарының өкілдерін біріктіріп, бекітілген аумақтарды тазалау және абаттандыру жұмыстарын бірлесіп жүргізуге бағытталды. Сыртқы саясат ведомствосының қызметкерлері министрлік ғимаратына іргелес аумақты тазалауға белсенді қатысты.Сенбілікке қатыса отырып, дипломаттар қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік бағдарламалардың міндеті ғана емес, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі екенін атап өтті.«Таза Қазақстан» акциясы тұрақты негізде өткізіліп, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды тәрбиелеуге, сондай-ақ қазақстандық қоғамда тазалық, тәртіп пен абаттандыру дәстүрлерін нығайтуға бағытталған. Мұндай бастамалар азаматтарды ортақ мақсат төңірегіне біріктіріп, экологиялық жауапкершілік деңгейін арттыруға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1294820?lang=ru
Қазақстан Елшісі Бутан Короліне сенім грамоталарын тапсырды 19.09.2026
Тхимпху, 2026 жылғы 18 қыркүйек - Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы және Бутан Корольдігіндегі қоса атқарушы Төтенше және Өкілетті Елшісі Азамат Есқараев Бутан Королі Джигме Кхесар Намгьял Вангчукке сенім грамоталарын табыс етті.Салтанатты рәсім барысында Елші Корольге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласы мен ізгі тілектерін жеткізді, сондай-ақ қазақстандық тараптың достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайту және екіжақты өзара іс-қимылды кеңейту үшін барлық қажетті күш-жігерін жұмсауға дайын екенін растады.Рәсімнен кейін Елші А.Есқараевтың Бутан Королімен жеке кездесуі өтті. Король Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз ізгі тілектерін білдіріп, Қазақстанның дамуы мен жетістіктерін мұқият қадағалап отырғанын атап өтті. Ол цифрландыру процестері, жаңа технологияларды дамыту және Astana Hub халықаралық технопаркінің қызметі, сондай-ақ цифрлық экономика, инновациялар мен ақпараттық технологиялар салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына ерекше қызығушылық білдірді. Осыған байланысты Бутанның оңтүстігінде, Үндістанмен шекарада іске асырылып жатқан «Gelephu Mindfulness City» (GMC) жобасы шеңберінде қолдану үшін аталған салалардағы қазақстандық тәжірибені зерделеуге деген қызығушылық та аталып өтті.Бутан Королі таяу болашақта Қазақстан Республикасына келуге қызығушылық білдірді.Бутанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Дина Натх Дхунгелмен бөлек кездесу өтіп, онда басты назар қазақ-бутан қатынастарының қазіргі жай-күйіне, оларды одан әрі дамытудың перспективалық бағыттарына, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасын кеңейтуге аударылды.Тараптар сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстарды, соның ішінде туризмді, академиялық ынтымақтастықты және жастар алмасуын одан әрі дамытудың маңыздылығын баса айтты.Сапар қорытындысы бойынша саяси диалогты одан әрі нығайту, шарттық-құқықтық базаны кеңейту, сауда-экономикалық, технологиялық және гуманитарлық салалардағы практикалық өзара іс-қимылды дамыту, сондай-ақ тұрақты байланыстарды ұстану бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1294723?lang=ru
Қазақстан мен Италия сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда 18.09.2026
Астана, 2026 жылғы 17 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов «B5+Италия» диалог алаңының алғашқы отырысына қатысу үшін Астанаға келген Италия Республикасы Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Мария Триподимен келіссөздер өткізді.Кездесу барысында тараптар саяси диалогтың жоғары қарқынын атап өтіп, қазақ-итальян стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды.А.Исетов Қазақстанның итальяндық компаниялармен өнеркәсіп, энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін атап өтті.Өз кезегінде М.Триподи Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтап, қазақ-итальян қатынастарын нығайтудағы парламенттік дипломатияның маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ ол Италия тарапының Қазақстанмен практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және жаңа жобаларды ілгерілетуге ниетті екенін растады.Бұл тұрғыда тараптар Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың бастамасымен құрылған «B5+Италия» диалог алаңының Орталық Азия мен Италия арасындағы іскерлік байланыстарды дамытудағы маңызын атап өтті.Келіссөздер қорытындысы бойынша дипломаттар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды іске асыруға өзара бейілділігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1293936?lang=ru
Қазақстан СІМ-де Нигерия Федеративтік Республикасының жаңа Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін табыстады 18.09.2026
Астана, 2026 жылғы 17 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Нигерия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы Джозеф Олусола Иджимен кездесті.Кездесу аясында Нигерия Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін табыстап, екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі іс-қимылды тереңдетуге күш-жігерін жұмсайтынын растады.Өз кезегінде А. Исағалиев Елшіні жауапты қызметке тағайындалуымен құттықтап, оның миссиясы Астана мен Абуджаның дәстүрлі достық пен сенімге негізделген қатынастарды одан әрі ілгерілетуге ықпал ететініне сенім білдірді.Тараптар саяси диалогты жандандыру, сауда-экономикалық әріптестікті арттыру, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларындағы ықпалдастықты кеңейту мәселелерін талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1293923?lang=ru
Қазақстан СІМ басшысы Қытай Елшісімен екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібін талқылады 18.09.2026
Астана, 2026 жылғы 17 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстан Республикасындағы Қытай Халық Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлиньді қабылдады.Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігінің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазіргі ахуалы мен одан әрі даму перспективаларын талқылады.Биыл екі ел арасындағы саяси диалогтың бұрын-соңды болмаған серпінін атап өтіп, сұхбаттасушылар Қазақстан мен Қытай көшбасшыларының тұрақты кездесулері барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлді.Сондай-ақ тараптар алдағы биік және жоғары деңгейлердегі екіжақты және көпжақты іс-шаралардың кестесін, сондай-ақ көпжақты және өңірлік алаңдардағы күш-жігерді үйлестіру мәселелері қарастырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1293891?lang=ru
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қырғызстан Елшісін қабылдады 18.09.2026
Астана, 2026 жылғы 17 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Кудайберген Базарбаевты қабылдады.Кездесу барысында қазақ-қырғыз өзара іс-қимылының саяси, сауда-экономикалық, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салаларындағы өзекті мәселелер қаралды.Министр Қазақстанның Қырғызстанмен достық, тату көршілік және одақтастық рухындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті.Өз кезегінде, Қырғызстан Елшісі Бішкектің Астанамен одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға берік бейілділігін растады және Қазақстан мен Қырғызстан Президенттері жан-жақты өзара іс-қимылды нығайту жөнінде қойған міндеттерді іске асыру үшін бар күш-жігерін салатынына сендірді.Әңгіме барысында өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша да пікір алмасу өтті. Көпжақты құрылымдар аясында өзара қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екендіктері білдірілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1293892?lang=ru
ҚР Сыртқы істер министрі Қазақстандағы Ресей Елшісімен кездесті 18.09.2026
Астана, 2026 жылғы 17 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Алексей Бородавкинді қабылдады.Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Ресей екіжақты ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, ең жоғары және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын, сондай-ақ алдағы өзара сапарлар мен бірлескен іс-шаралар кестесін талқылады.Сонымен қатар сұхбаттастар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ көпжақты форматтар шеңберіндегі өзара іс-қимыл бойынша пікір алмасты.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарын одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1293879?lang=ru
Қазақстан СІМ-де Мажарстанның жаңа Елшісінен сенім грамотасының көшірмесі қабылданды 18.09.2026
Астана, 2026 жылғы 17 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Қазақстан Республикасындағы Мажарстанның жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісі Ференц Цомбоштың сенім грамотасының көшірмесін қабылдады.А. Исетов мажар дипломатын Қазақстандағы дипломатиялық миссиясын Елші  ретінде жалғастыруымен құттықтап, алдағы қызметіне табыс тіледі.Кездесу барысында тараптар өзара құрметке негізделген қазақ-мажар стратегиялық қатынастарының достық және сенімге негізделген сипатын атап өтті.Сұхбат барысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.Кездесу соңында дипломаттар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және кеңейтуге тараптардың дайындығын  растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1293782?lang=ru
Эстонияның Қазақстандағы Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті 18.09.2026
Астана, 2026 жылғы 17 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Эстония Республикасының Қазақстанға жаңадан тағайындалған Елшісі Марье Лууптан сенім грамотасының көшірмесін қабылдады.А. Исетов Елшіні тағайындалуымен құттықтап, екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.Дипломаттар 2025 жылғы қарашада Эстония Республикасының Президенті Алар Каристың Астанаға мемлекеттік сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аудара отырып, Қазақстан мен Эстония әріптестігінің барлық спектрін дамыту перспективаларын талқылады.Елші М. Лууп жылы қабылдау үшін алғыс айтып, Астана мен Таллинн арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға күш-жігерін салатынын жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1293759?lang=ru
Қостанайда Кеңшілік Мырзабектің 80 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті 17.09.2026
Ақынның 80 жылдық мерейтойы ерте көктемде Торғайда жас таланттардың байқауынан басталған болатын. Дүбірлі той облыс орталығында «Іңкәр дүние» атты үлкен кешке ұласты. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ізгі лебізін  арнайы жолдады. Хатты Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев көпшілік қауым алдында оқып берді. Бұл – қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, сөз өнеріне көрсетіліп отырған жоғары құрметтің айқын көрінісі деп білеміз.«Кеңшілік Мырзабек – қазақ поэзиясына айрықша қолтаңбасымен келіп, төл әдебиетімізді дамытуға елеулі үлес қосқан дарынды тұлға. Оның сыршыл жырларында туған жерге деген сүйіспеншілік, ел тағдырына деген жауапкершілік және адам болмысының терең иірімдері шебер суреттелді. Ақынның азаматтық үні мен көркемдік ізденісі ұлттық сөз өнерінің өрісін кеңейтті. Кеңшілік Мырзабектің тағылымды мұрасы – халқымыздың руханиятына қосылған құнды қазына. Ақынның шығармаларын жинақтау, жан-жақты зерттеу- баршамыздың ортақ міндетіміз. Сөз зергерінің есімі ел жадында сақталып, шоқтығы биік шығармалары халқымен бірге жасай беретініне сенімдімін», – делінген Президенттің жолдаған хатында.Кеште Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов құттықтауын жеткізіп, Кеңшілік ақын қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған, шығармашылық ғұмыры ізденіске толы қаламгер екенін атып өтті. Аймақ басшысы руханиятты дамыту, әдеби мұраны дәріптеу және қаламгерлер еңбегін кеңінен насихаттау жұмыстарын жүйелі жалғастырып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, рухани шараға лебізін жеткізген Ел Президентіне, арнайы келген құрметті қонақтарға зор алғысын білдірді.«Тобыл-Торғай өңірінен шыққан талантты тұлғалар аз емес. Кеңшілік Ағытайұлы – соңында оқырман сүйіп оқитын жыр мұрасы қалдырған дарын иесі. Поэзия әлемінде туған жерді, елдің тарихын, адамның жанын терең жырлап өтті.  Жерлесіміз журналистика саласына зор үлес қосты. Аударма еңбектері әдебиетімізге жаңа серпін әкелді. Сөзбен сурет кестелеген Кеңшілік ақынның кеңдігі барша қазақ еліне ортақ екені даусыз. Оның жырлары мен өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, рухани мұра болып қала бермек», – деді облыс әкімі.Тағылымды шараға Алматы, Астана шаһарларынан ақынның көзін көрген, аралас болған қаламдас іні-бауырлары арнайы келіп қатысты. Құрметті меймандар қатарында Алаштың ардакүрең ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, жазушы Нұрғали Ораз, «Мұқағали» журналының бас редактор Дүйсен Мағлұмов, ақын Қадірбек Құныпияұлы бастаған тұлғалар бар.Кеңшілік ақынның ұрпақтары да осындай мәні зор, тағылымы терең шараны ұйымдастырған аймақ басшылығына шынайы риза екендерін жеткізді. Дана халқымыздың «Әкеге қарап ұл өсер» деген нақылын Кеңшілік Ағытайұлының ұрпақтары растайтыны анық. Көрнекті ақынның ізін жалғап келе жатқан белгілі әдебиет сыншысы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, бірнеше кітаптың авторы, «Құрмет» орденінің иегері Амангелді Кеңшілікұлы сияқты тұлғалар осы сөздің айқын дәлелі.Кеңшіліктің ақындығы – ұранға емес, ұлттың рухани өзегіне сүйенетін, сыртқы әсерден гөрі ішкі қуатқа арқа сүйейтін ақындық. Оның шығармашылығы уақыт өткен сайын өз бояуын жоғалтпай, керісінше, ұлттық сөз өнерінің табиғи болмысын танытатын көркем құбылыс ретінде биіктей береді.Танымал қаламгер Ғалым Жайлыбай Кеңшілік туралы кең көсіліп, қызықты естеліктерін бөлісті, өлеңдерінен оқыды.«Киелі Торғайда туған ақын-жазушылар – қазақ әдебиетінің алып тұлғалары. Кеңшілік ағамыздың 60, 70 жылдықтарында үлкен баяндамалар жасаған, соңына ерген, сол мектепке түлек болған, содан тәрбие алған інілерінің біріміз. Кеңшілік – ұлттың ақыны. Үлкен ақын. 45 жасқа жетер-жетпес ғұмырында осындай биікке көретілді. Кез келген өлеңін оқысаңыз, жаның жайлауына қонғандай, айдының шайқалғандай керемет әсер аласың. Бала күнімізде әр жырын жатқа оқитынбыз. Ол «Иманжүсіп», «Қоянды жәрмеңкесі», «Біржан сал», «Сарытерек сағынышы» секілді соңына үлкен поэмалар қалдырды. Сондықтан ұлы ақынды жиі-жиі еске алып тұру керек деп ойлаймын. Қостанайда келешекте Кеңшілік атында бір көше тұрса немесе бір мектепке аты берілген болса біз қатты қуанар едік. Жалпы, бүгінгі кешке қатысып отырғаныма ерекше қуаныштымын», – деді ақын Ғалым Жайлыбай.Өмірдегі досы, замандасы, өнердегі серігі болған Алақша танымал ақын, ыбырайтанушы ғалым Серікбай Оспанұлы да Кеңшілік жайында көпшілікке мәлім де беймәлім, қызықты естеліктер айтып, өлеңдерін оқыды.Көрнекті ақынның ұлы, әдебиет сыншысы Амангелді ағамыз ағайын алдына шығып, әке мұрасын ұлықтап жатқан ел басшыларына алғысын айтты.«Биыл әкемнің 80 жылдығы жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ол үшін алдымен Президентімізге зор ризашылығымды білдіремін. Қасым-Жомарт Кемелұлы әкемнің 50, 60, 70 жылдықтарында құттықтауын жолдаған еді. Бүгін де үлкен ілтипатын білдіргеніне разымын. Торғай жерін көркейту жолында орасан жұмыстар атқарып жатыр. Әкемнің 80 жылдығы осындай игіліктермен сәйкес келгенін жақсылық нышанына баладым. Облыс басшысы Құмар Іргебайұлына да алғысым зор. Торғайды, Арқалықты көтеруге сіңіріп жатқан еңбегі ерекше. Биыл шын мәнінде де торғайға айналып, аспанға ұшып кете жаздадық, себебі – Арқалық әуежайы ашылды. Ізгі жұмыстарға көз қуанып, көңіл тояды. Кешке жиналған барша жұртқа басымды иемін», – деп тебіренді Амангелді Кеңшілікұлы.«Поэзияның ғұмыры – оны оқитын оқырманмен өлшенеді. Кеңшілік ақын мұрасы бүгінде болашақпен бірге жасап келеді. Кеште арынды ақынның жалынды жырлары асқақтады. І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері де, биыл Торғайда мектеп оқушылары арасында өткен «Кеңшілік оқулары» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері және Қостанайдағы нөмірі 27-ші Абай атындағы мектептің шәкірттері тұма жырдан тарту етті. Шайырдың мәңгілік мұраларын келешекке жалғайтын жас буын сұңғыланың сұлу өлеңдерін нәшіне келтіре оқып, көпшіліктің көңілін толқытты. Ақынның сөзіне жазылған «Ғашықтық – азап», «Телефоннан тіл қатшы маған» әндері әуеледі. Ал кеш Тобыл төрінде өткендіктен, ақынның досы Серік Тұрғынбекұлының сөзіне жазылған ән падишасы көрнекті композитор Әбілахат Еспаевтың «Толқиды Тобыл» туындысын тарту етілді.Кеңшілік Ағытайұлы Мырзабек 1946 жылы Жангелдин ауданының Ақшығанақ ауылында дүниеге келген. 42 жыл ғұмыр кешкен қаламгер артына көл-көсір мұра қалдырды. «Іңкәр дүние», «Дүбірлі дәурен», «Сәруар», «Балалық шақ балладалары», «Дәуір – дастан», «Бір мысқал» атты жыр жинақтары оқырманға кеңінен танылды. «Балалық шақ балладалары» жинағы үшін ақын 1987 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.Ақынның жақұт жыры, өрнекті өлеңі туған жерімен, халқымен, қазағымен мәңгі жасай беретіні анық. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1293440?lang=ru
Алматы облысындағы егіс алқабынан 1,5 миллион тоннадан астам өнім жиналды 17.09.2026
Алматы облысында күзгі жиын-терім науқаны қарқынды жүріп жатыр. Биыл өңірде 440 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Бүгінде шаруалар оның 334 мың гектарын орып, өнімін жинап үлгерді. Қажырлы еңбектің арқасында қамбаға 1,5 миллион тоннадан астам сапалы өнім түсті, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Мәселен, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау бойынша жоспардың 60%-дан астамы орындалды. Оның ішінде, арпа алқабындағы қызу жұмыс толығымен тәмамдалып, 152 мың тоннадан астам өнім жиналды. Бидай мен сұлы дақылын жинау аяқталуға жақын болса, жүгері мен күріш өнімін жию енді басталды. Биыл 5,2 мың гектар жерден 22,2 мың тонна күріш алу жоспарланып отыр.Майлы дақылдардың 32,5 мың тоннасы жиналып, егістіктегі қарқынды жұмыс жалғасуда. Ал бақша дақылдары бойынша 73,7 мың тонна өнім алынып, жұмыстар толығымен аяқталды. Сонымен қатар қысқы мал азығы үшін 765 мың тоннадан астам өнім дайындалды.Ал көкөніс, оның ішінде картоп алқабындағы қарбалас тірлік әлі толастаған жоқ. Дала төсінде техника үні дамылдамай, шаруалар атыраптағы өнімді шашау шығармай жинап алуға бар күшін салып жатыр. Мәселен, Райымбек ауданындағы «Алтын дән-1» өндірістік кооперативі «PepsiCo» компаниясымен жасалған келісімшарт негізінде чипсы дайындауға арналған картопты өндіріске жөнелтуді бастады. Демек жергілікті өнімнен әзірленген қытырлақ тіскебасардан дәм тататын күн де алыс емес. Бұл – шаруалардың тынымсыз еңбегі мен су үнемдеу технологиясын тиімді пайдаланудың нақты нәтижесі.«Биыл 200 гектар жерге картоп ектік. Оның 160 гектары чипсы шығаратын өндіріске бағытталды. Ал қалған 40 гектары тұқым өсіруге арналған. Қазіргі таңда «PepsiCo» компаниясына 20 тонна алғашқы өнімімізді жібердік. Енді әр екі күн сайын картоп толы екі жүк көлігі кәсіпорынға жол тартады. Келісімшарт бойынша жалпы 3 000 тонна картоп тапсыруымыз керек. Жұмысты енді бастап жатырмыз. Әлі 2 900 тоннадан астам өнім жібереміз. Картоп жинау шамамен бір жарым айға, яғни қазан айының ортасына дейін жалғасады. Өнімділік әр гектарына шамамен 20 тоннадан айналып жатыр. Биыл құрғақшылық болғанына қарамастан, жаңбырлатып суғару жүйесін орнатып, су тапшылығын сезінген жоқпыз. Өнім көңілдегідей жақсы шықты», – деді «Алтын дән-1» кооперативінің төрағасы Дулат Құлмамыров.Картоптың отаны саналатын Райымбек ауданында биыл 2400 гектар алқапқа өнім егілген. Шаруалар күн суытып, қар түспей картопты жинап үлгереміз дейді. Ол үшін қажетті техника мен жанар-жағармай қоры жеткілікті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1293163?lang=ru
Алматы облысында таулы аймақтағы туристік нысандарға баратын жолдар жөнделуде 17.09.2026
Алматы облысының Райымбек ауданында туристік нысандарға апаратын 95 шақырым жол жөнделіп жатыр. Инфрақұрылымның жаңаруы Шалкөде, Шұбартал, Байынқол және Көккемер жайлауына кедергісіз жетуге мүмкіндік береді. Соның арқасында тұмса табиғатты тамашалауға келетін туристер саны да артады. Кәсіпкерлікті дамытып, жергілікті халықтың табысын арттыруға оң ықпал етеді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Мәселен, Көккемер жайлауындағы сұлулығы жан тербететін туристік нысанның бірі – теңіз деңгейінен 3600 метр биіктікте орналасқан Текес сарқырамасы. Жергілікті халық Күркілдек деп те атайды. Сарқырама қарағайлы орманмен көмкеріліп, жасыл-желекке оранған таулы аймақтың ажарын ашып, сәнін келтіріп тұр. Нысан «Нарынқол орман шаруашылығы» мекемесінің қарамағында. Күн санап бұл жерге қызығушылық танытатындар саны артып келеді. Алдағы уақытта туристер аталған аумаққа оңай жете алады. Себебі Көккемер жайлауының кіреберісіндегі 21 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Ол үшін 10 техника мен 25 қызметкер жұмылдырылған. Бүгінде жұмыстың 30% атқарылды. Келесі жылы толығымен аяқталады.Одан бөлек атақты Шалкөде жайлауының кіреберісіндегі автомобиль жолын орташа жөндеу жұмысы қолға алынды. Жалпы ұзындығы – 32,5 шақырым. Қазіргі уақытта 26 шақырым жол негізі дайындалды және 10 су өткізгіш құбыр ауыстырылып, 4 шақырым асфальт жабыны төселді. Бүгінде жөндеу жұмысының жартысынан көбі орындалды. Жыл соңына дейін тәмамдалады.Шұбартал жайлауы да – туризмді дамытуға ыңғайлы таптырмас аймақ. Мұнда ұзындығы 28,5 шақырым болатын жол салыну үстінде.Көркі көз тұндырар тағы бір нысан – Байынқол аңғары. Бүгінде 13 шақырым жолдың орташа жөндеуі 30%-ға бітті. Сонымен қатар жол бойында арнайы автотұрақ қарастырылған. Жоба 2027 жылы аяқталады деп жоспарлануда.Бұл игі жұмыстар туризмі түлеп келе жатқан Райымбек ауданының дамуына серпін береді. Сапалы жол – аудан тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен туризмді тұрақты ілгерілетудің кепілі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1293106?lang=ru
Көшпенділер ойындарының жеңімпаздары марапатталды 16.09.2026
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғап, жүлделі оралған Алматы облысының спортшылары марапатталды. Қырғызстанда өткен халықаралық додада бабы мен бағы қатар жанған жүлдегерлерге Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов алғыс айтып, ілтипат білдірді, -  деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.“Көшпенділер ойындары – халқымыздың ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, ат үстіндегі өнерін әлемге танытатын аса маңызды халықаралық жарыс. Әлемнің 100-ден астам елінен кіл мықтылар қатысқан дүбірлі додада ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Бұл – еліміз үшін үлкен мақтаныш. Біз үшін тағы бір ерекше қуаныш – ел құрамасының сапында Алматы облысы атынан өнер көрсеткен спортшылардың жүлделі орындарға ие болуы. Бұл ретте спортшыларымыздың жеңісіне жол ашқан бапкерлердің де еңбегін ерекше атап өткім келеді. Өңірде ұлттық спортты дамытуға, балалар мен жасөспірімдер арасынан спорт резервін қалыптастыруға ерекше басымдық беріліп келеді. Соңғы жылдары ұлттық спортқа бет бұрған жастардың қатары айтарлықтай артты. Алдағы уақытта ұлттық спортты кеңінен дәріптеуге, оны бұқаралық сипатқа жеткізуге, жас таланттарды іріктеп, мықты спорт резервін қалыптастыруға және ел абыройын асқақтататын саңлақтарға жан-жақты қолдау көрсетуге басымдық береміз. Ұлттық спорттың өркендеуі заманауи әрі қолжетімді инфрақұрылымға да тікелей байланысты, – деді Шыңғыс Сайранұлы.Сондай-ақ спорт нысандарын салу мен жаңғырту және әрбір тұрғынның спортпен шұғылдануына қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын тілге тиек етті. Аймақ басшысы санаулы күндерден соң жалауы желбірейтін ХХ Азия ойындарына Қазақстан құрамасы сапында Алматы облысының 24 өкілі спорттың 13 түрінен бақ сынайтынын айтып, барша тұрғындарды осы байрақты бәсекеге қатысатын жерлестерімізге қолдау көрсетуге шақырды.Бүгінгі іс-шара барысында «Алатау» федерациясының президенті Сәбит Қасенов, көкпардан VI дүниежүзілік көшпенділер ойындарының төрешісі Елдос Тілебалдиев және аламан бәйгеден, көкпардан, көкбөріден жүлделі орындарға ие болған спортшыларға Президентің “Алғыс хаты” табысталды. Өзге спортшылар мен бапкерлер де облыс әкімінің “Құрмет грамотасы” және “Алғыс хатпен” марапатталды.Дүбірлі додада көк байрақты желбіретіп, жеңіспен оралған спортшылар өздерін елеп-ескерген Мемлекет басшысы мен облыс әкіміне алғыс білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1292980?lang=ru
Оман Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды 15.09.2026
Астана, 2026 жылғы 15 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Оман Сұлтандығының Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Елшісі Салах Джабубтан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.А.Исағалиев Оман Елшісін тағайындалуымен құттықтап, оның қызметі Қазақстан мен Оман арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға және көпқырлы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.Тараптар алдағы жоғары және биік деңгейлердегі сапарларға дайындық барысын, Қазақстан-Оман ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен нығайту мәселелерін талқылап, саяси диалогтың жоғары деңгейі мен экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілікті растады.Елші С.Джабуб Астана мен Масқат арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға бар күшін салатынын білдірді.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1292320?lang=ru