Enbekshi QazaQ

Экономика

Инженерлік инфрақұрылым қарқынды дамып келеді 11.06.2025
Алматы облысы соңғы жылдары халық санының күрт артуына және коммуналдық жүйелерге түсетін жүктеменің ұлғаюына байланысты инженерлік инфрақұрылымды белсенді түрде дамытуда. Соңғы он жылда Қарасай ауданында халық саны 221 мыңнан 342 мың адамға дейін өсті. Бұл жағдай электрмен және сумен қамту жүйелерін жаңғырту бойынша жедел әрі ауқымды шешімдерді қабылдауды талап етті.Қарасай ауданында қазіргі таңда энергетикалық тапшылықты жоюға және коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Жалпы құны 5,7 млрд теңге болатын жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, ол Қаскелең, Шамалған, Елтай, Жандосов, Бекболат және Жамбыл ауылдарын қоса алғанда 16 елді мекенді қамтиды. Жоба тиісті комиссияның қарауына ұсынылып, республикалық және жергілікті бюджеттерге енгізу мәселесі қарастырылуда.Қазіргі уақытта Исаев, Бекболат, Батан және Елтай ауылдарында электр желілерін толық жаңарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Бұл мыңдаған тұрғынды үздіксіз электрмен қамтуға мүмкіндік береді. Маңызды қадамдардың бірі – тұтынушыларды жекеменшік желілерден мемлекет теңгеріміне алынған жаңа желілерге көшіру. Бұл көлеңкелі монополистерге тәуелділікті жойып, көрсетілетін қызметтердің сапасына бақылауды күшейтеді.Кернеу тұрақтылығын қамтамасыз етіп, апаттық жағдайлардың алдын алу үшін жаңа қосалқы станцияларды салу жоспарланған. Аймақтық инвестициялық бағдарлама аясында жалпы құны 18 млрд теңге болатын «Көлді» және «Индустриалды» атты екі жоғары кернеулі қосалқы станцияның құрылысы көзделіп отыр. «Көлді» станциясы бойынша жобалық-сметалық құжаттама 2025 жылдың тамыз айында аяқталады деп күтілуде.Сонымен қатар, 2026–2030 жылдар аралығында «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ Қарасай ауданындағы тарату желілерін жаңғырту мен қайта құруға 7,2 млрд теңгеден астам инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бұған қоса, Елтай ауылдық округінің электр желілерін дамытуға арналған жеке инвестициялық бағдарлама 2026–2027 жылдарға бекітілді.Сумен қамту мәселелері де тұрақты бақылауда. Маусым айының басында Көктоган ауылындағы су айдау станциясында орын алған ақау салдарынан су беру уақытша тоқтатылды. Жедел түрде су автоцистерналар арқылы жеткізіліп, келесі күні жаңа су айдау қондырғысы орнатылды.10 маусымда 0,4 кВ желісінде болған апат салдарынан су беру тағы да уақытша тоқтатылды. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мамандарының жедел әрекетінің арқасында ақау бірнеше сағат ішінде жойылып, су жүйесі қалыпты жұмыс режиміне оралды.Қазіргі таңда Көктоган ауылындағы су жүйесін қайта құру және салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар, Жармұхамбет, Елтай, Қаратөбе, Қайрат және Шалқар ауылдарында құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Бұл жобалар мыңдаған тұрғынды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.Алматы облысында инфрақұрылымдық мәселелерге алдын ала ден қою принципі жүзеге асырылып келеді. Жергілікті атқарушы органдар жекелеген шешімдерден кешенді тәсілге көшіп, жаңа нысандар салып, ескі желілерді ауыстырып, коммуналдық инфрақұрылымды мемлекеттік балансқа біртіндеп енгізуде.«Біздің мақсатымыз – өңірдің әрбір тұрғыны, мейлі ол қалада болсын, мейлі ауылда болсын, жарық пен су тапшылығын сезінбеуі керек. Біз инфрақұрылымдық мәселелерді кешенді әрі нақты түрде шешуді жалғастырамыз – Кегеннен Қарасайға дейін», – деді Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков.Халық санының артуына және коммуналдық жүйелерге түсетін қысымның күшеюіне қарамастан, облыс алдағы сын-қатерлерге дайын екенін көрсетіп, әрбір тұрғын үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын жасауға ұмтылып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1015743?lang=kk
Қытай компаниясы Алматы облысында құбырлар зауытын салады 11.06.2025
Алматы облысында оқшаулағыш құбырлар шығаратын зауыт салу жоспарланып отыр. Жобаны полиуретаннан, түрлі диаметрдегі пластик және коррозияға қарсы құбырлар өндіруге маманданған Қытайдың XINJIANG YIHONGFENG ENERGY TECHNOLOGY CO., LTD. компаниясы жүзеге асырады.Өңір делегациясының өкілдерінің айтуынша, компания қазірдің өзінде Алатау қаласынан жер телімін сатып алған. Қазіргі таңда «Alatau» арнайы экономикалық аймағына қатысу шарттары талқылануда.— «Бұл – өңір үшін маңызы зор өнеркәсіптік жобалардың бірі. Біз бизнестің қысқа мерзім ішінде өндірісті іске қосуына барынша қолайлы жағдай жасауды көздеп отырмыз», — деп атап өтті Алматы облысының кәсіпкерлік басқармасы өкілі.Жаңа зауыттың құрылысы өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстанның импортты алмастыратын өнімге деген сұранысын ішінара өтеуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1015712?lang=kk
Айдарбек Сапаров: Қостанай облысында шегірткеге қарсы күрес белгіленген кесте бойынша жүргізілуде 11.06.2025
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапары аясында Қостанай облысындағы егін алқаптарын үйірлі шегірткелерден қорғауға бағытталған фитосанитариялық іс-шаралардың барысымен танысты. Облыс басшылығымен бірге зиянкестерге қарсы күреске жұмылдырылған негізгі нысандарды аралап, шаруашылықтар мен мердігер ұйымдардың өкілдерімен алдын алу шараларын талқылады.Бүгінде облыстың бес ауданында өңдеу жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр — 322,85 мың гектар жер өңделді, бұл жоспарланған көлемнің 49,7%-ын құрайды. Жұмысқа 59 арнайы техника, соның ішінде агродрондар, жеңіл авиация және ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылған. Қолданылған препараттардың тиімділігі 82% деңгейінде бағалануда.Министр өңдеу сапасын әуеден бақылап, техникалық жарақтандырумен танысты және мониторингтен бастап өңдеуге дейінгі барлық кезеңдердің жедел орындалуының маңыздылығын атап өтті.«Қостанай облысында жұмыс нақты ұйымдастырылған: белгіленген кесте бойынша жүріп жатыр, кешігу жоқ. Басты міндетіміз — зиянкестердің таралуына жол бермеу. Бұл – ауыл шаруашылығының тұрақтылығы мен елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жүйелі жұмыс», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.Шаруашылық өкілдері де өңдеуді белгіленген мерзімде аяқтауға толық дайын екендерін растады. «Бердыбаев» шаруа қожалығының басшысы Сәкен Бердібаевтың айтуынша, егінге тікелей қауіп болмаса да, алдын ала әрекет ету өте маңызды:«Иә, шегірткелер бар, бірақ ошақтары бірен-саран. Біз өз егістіктерімізді үнемі бақылап отырамыз, алғашқы белгілер байқалған сәтте бірден өңдеу жүргіземіз. Бұл — қалыпты жұмыс тәсілі», — деді ол.Сонымен қатар, министр сапар барысында Солтүстік Қазақстан облысының сүтті мал шаруашылығын дамыту тәжірибесін кеңейту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бірқатар нысандарды аралады. Қостанай облысында қазіргі таңда үш жаңа сүт-тауар фермасы іске қосылған, тағы үш жоба аяқталу сатысында. Бие сүтін терең өңдеу және оны жақын және алыс шетел нарығына шығару бағытындағы бастамалар да жүзеге асырылуда.Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің негізгі бағыты – заманауи агротехнологиялар, өндірістік тәртіп және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы екенін атап өтті. Бұл жүйелі тәсіл өңірге тек жедел әрекет етіп қана қоймай, өндірістік әлеуетті сенімді түрде арттыруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1015698?lang=kk
"Келешек мектептері" жобасы – білім сапасын арттырудың жаңа кезеңі 11.06.2025
Алматы облысында үш ауысымды оқытуды жою және оқушы орындарының тапшылығын шешу мақсатында "Келешек мектептері" жобасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2024-2025 оқу жылында облыстағы 437 мемлекеттік мектепте 352 856 оқушы білім алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 059 оқушыға артық.2024 жылы "Жайлы мектеп" жобасы шеңберінде 11 100 оқушыға арналған 9 мемлекеттік және 3 275 орындық 3 жекеменшік мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ал 2023 жылы 14 400 орындық 14 мектеп салынған болатын. Нәтижесінде үш ауысымды мектептердің саны 52-ден 30-ға дейін азайған.Облыс аумағында 17 мектептің құрылысы жалғасуда. Соның ішінде, Қарасай ауданындағы "Асыл арман" тұрғын үй кешенінде жекеменшік инвестордың қаражаты есебінен 2 000 орындық мектеп салынып жатыр. Құрылыс 2025 жылдың қыркүйегінде аяқталады деп жоспарланған.Сондай-ақ Іле ауданына қарасты Өтеген батыр, Байсерке және А.Тоқпанов ауылдарында әрқайсысы 1 500 орынға арналған мектептердің құрылысы 2025-2026 жылдарға жоспарланып отыр.Спикердің айтуынша, бұл бастама – елдің білім беру жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге арналған нақты қадам. "Келешек мектептері" жобасы өскелең ұрпаққа қолайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастырудағы маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті.- "Келешек мектептері – бұл жай ғана мектеп ғимараттары емес, бұл – болашаққа жасалған берік инвестиция. Білім – ұлттың іргетасы, ал бұл мектептер сол іргетасты нығайтатын басты тірек болмақ," – деді Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1015678?lang=kk
Қостанай облысында East Hope Group директорлар кеңесінің төрағасы Лю Юнсин мырзамен кездесу өтті 11.06.2025
Қостанай облысында бокситті өңдеу бойынша инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары белсенді түрде жалғасуда.Бүгін облыс әкімдігінде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қытайдың East Hope Group корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы, Forbes журналының нұсқасы бойынша Қытайдың ең ықпалды кәсіпкерлерінің бірі Лю Юнсин мырзамен кездесу өткізді.Екі күн бұрын Лю Юнсин мырза Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновпен келіссөздер жүргізіп, одан кейін келіссөздерді жергілікті жерде жалғастыру үшін Қостанай облысына келді.Кездесу барысында ауқымды инвестициялық жобаның негізгі параметрлері талқыланды. Жоба аясында мыналар қарастырылған:• алғашқы кезеңде жылына 2 миллион тоннаға дейін боксит өңдейтін кен байыту комбинатын салу;• қажетті инженерлік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыру;• жаңартылатын энергия көздері мен циркулярлық экономика қағидаттарын қолдана отырып, өндірісті кезең-кезеңімен кеңейту.Жобаны үш кезеңмен жүзеге асыру жоспарлануда.Қостанай облысы барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ете алады: су, газ және электр желілеріне қолжетімділік, сондай-ақ теміржол және автокөлік жолдары бар. Сонымен қатар, салықтық және әкімшілік жеңілдіктері бар арнайы экономикалық аймақ құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бұл жоба Қазақстанның солтүстігі үшін стратегиялық маңызға ие:«Бізде барлық қажетті алғышарттар бар — табиғи ресурстар, инфрақұрылым, көлік логистикасы және жобаны іске асыруға толық қолдау. Біз өндірістік кешенді орналастыруға және жобаны барлық кезеңдерінде қолдауға дайынбыз», – деді өңір басшысы.Жоба бойынша келіссөздер соңғы бір жыл бойы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қатысуымен жүргізілді. Бүгінгі таңда инвестициялық параметрлер бойынша айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізілді, тараптар нақты шешімдер мен іске асыру кезеңдерін талқылауда.Аталған жоба Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарға — әртараптандырылған, жоғары технологиялық және экологиялық тұрақты экономиканы қалыптастыруға толық сәйкес келеді. Оның жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорттық әлеуетті арттыруға және елдің өнеркәсіптік жүйесінде жаңа өсім нүктесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1015687?lang=kk
ЖЫЛЖЫМАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КЕШЕН КЕСТЕСІ 11.06.2025
«QH Денсаулық жолы» жобасы аясында Алматы облысында тұрғындарға қолжетімді, сапалы тексеру қызметін ұсынады.📍 Қарасай ауданы Үшқоңыр ауылы Іргелі ауылы 🗓 16 маусым – 20 маусым 2025 жыл📍 Ұйғыр ауданы Ава ауылы Кетпен ауылы 🗓 23 маусым – 27 маусым 2025 жыл🩺 ТЕГІН ҚЫЗМЕТТЕР Маммография Компьютерлік томография (КТ) УДЗ (онкологтың жолдамасы бойынша) Алдын ала кеңес және бағыттау 📌 Барлық тексерулер ТЕГІН жүргізіледі!🆔 Өзіңізбен бірге ЖСН мен жеке куәлігіңізді алыңызАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1014983?lang=kk
Алматы облысының жазғы лагерьлері оқушылардың рекордтық санын қабылдайды 10.06.2025
2025 жылдың жазғы маусымында Алматы облысында балалардың демалысы мен сауықтырылуын жоғары деңгейде ұйымдастыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл туралы Алматы облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Алматы облысы білім басқармасының Қорғаншылық, қамқоршылық және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Ізбасар Айжан мен Алматы облысы білім басқармасының Қорғаншылық, қамқоршылық және тәрбие жұмысы басқарманың бас маманы Шарапов Мадияр мәлімдеді.Биылғы жазда өңірде барлығы 30 балалар лагері жұмысын бастайды. Оның ішінде 1 мемлекеттік, 1 республикалық және 28 жекеменшік лагерь бар. Жалпы алғанда бұл демалыс орындары 6 мыңнан астам баланы қабылдауға дайын. Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында облыс әкімдігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Сонымен қатар, облыстық білім басқармасының бұйрығымен арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Нәтижесінде, биыл облыстағы 335 мыңнан астам оқушының 92% жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылады деп жоспарлануда.Айжан Ізбасардың айтуынша, мемлекет пен демеушілердің қолдауымен әлеуметтік осал топтағы балаларға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, жетім балалар, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі оқушылар үшін арнайы жолдамалар бөлініп, олардың толыққанды демалысы қамтамасыз етіледі және «Қазақстан халқына» қорының есебінен мыңнан астам балаға лагерлерге жолдама беріледі.Сонымен қатар, биыл өңірде «Ұлылар еліне саяхат» жобасы бастау алды. Жобаның мақсаты – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, ұлттық сана мен тарихи танымды қалыптастыру. Аталған жоба аясында әлеуметтік осал топтағы, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін дарынды оқушылар еліміздің ұлы тұлғаларына арналған музейлер мен мемориалдық кешендерге саяхаттайды. Сапар барысында тарихи тұлғаларға арналған экспозициялармен танысып, танымдық экскурсияларға қатысады, – деді Шарапов Мадияр.Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда. Барлық лагерьлерде өрт қауіпсіздігі, санитарлық-гигиеналық талаптар және құқықтық тәртіпті сақтау шаралары қатаң бақылауға алынған. Су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, балалар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, - деп қорытындылады спикерлер.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1014802?lang=kk
Алматы облысында шегірткелерге қарсы ауқымды шаралар жүргізілуде 10.06.2025
Алматы облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын шегірткелерден қорғауға бағытталған кешенді іс-шаралар жалғасуда. 2025 жылы облыс аумағында аса қауіпті зиянды жәндіктерге қарсы күрес аясында 1 874 930 гектар жерге мониторинг жүргізу жоспарланған. Оның ішінде үйірлі шегірткелерге – 1 650 700 гектар, саяқ шегірткелерге – 150 990 гектар алқап қарастырылған.Ағымдағы маусымда 873 460 гектар жерге тексеру жүргізілуі тиіс, оның ішінде 799 000 гектар – үйірлі шегірткелердің, 74 460 гектар – саяқ шегірткелердің таралуы ықтимал аумақтар. Мониторинг нәтижесінде шегірткелердің жаппай таралуы мен экономикалық зияндылық шегінен асқан жағдайлар анықталған.Жалпы 113 997 гектар аумаққа химиялық өңдеу жүргізу көзделген. Үйірлі шегірткелерге қарсы өңдеулер республикалық бюджет есебінен 63 438 гектарда жүргізілуде (итальяндық прус – 46 755 га, азиялық шегіртке – 16 683 га).Саяқ шегірткелерге қарсы шаралар үшін жергілікті бюджеттен 349,9 млн теңге бөлініп, 50 559 гектар алқапқа химиялық өңдеу жоспарланған. Оның ішінде аса жеңіл авиациямен – 28 027 га, жер үсті техникасымен – 22 532 га жер өңделуде.Химиялық өңдеу жұмыстарына «ЗаРаГранд» және «AVIASILA» ЖШС-тері тартылған:• 15 жер үсті бүріккіш техника,• 1 жеңіл ұшақ,• 5 аса жеңіл әуе кемесі,• 2 дрон,• «Фитосанитария» РММ-нің 4 арнайы техникасы бар.Барлық жұмыстарға 201 адам және 46 автокөлік жұмылдырылған. Мониторингке 74 маман қатысуда (53 – тұрақты, 21 – уақытша), сондай-ақ жергілікті әкімдіктер арқылы жұмыспен қамту орталықтарынан 103 адам тартылды.09 маусымға дейінгі мәліметтерге сәйкес:• 552 771 гектар жерге мониторинг жүргізілді;• Итальяндық прус – 377 149 га (таралғаны – 37 671 га, ЭЗШ асқаны – 24 316 га);• Азиялық шегіртке – 123 100 га (таралғаны – 8 850 га, ЭЗШ асқаны – 7 340 га);• Саяқ шегіртке – 52 522 га (таралғаны – 46 575 га, ЭЗШ асқаны – 43 038 га).Қазіргі таңда өңдеу жұмыстары 62 103 гектар жерде жүргізілді, бұл жоспардың 54,5%-ын құрайды. Оның ішінде:• Итальяндық прус – 21 129 га (45,2%);• Азиялық шегіртке – 6 198 га (37,2%);• Саяқ шегіртке – 34 776 га (68,8%).Аудандар тарапынан шегірткеге қарсы жүргізілген өңдеулер:• Еңбекшіқазақ ауданы: 6 755 га тексерілді, 5 955 га ЭЗШ асты. 5 955 га толық өңделді.• Жамбыл ауданы: 4 530 га тексеріліп, 4 000 га толық өңделді.• Талғар ауданы: 1 760 га тексеріліп, 1 220 га өңделді.• Ұйғыр ауданы: 5 253 га тексеріліп, 3 508 га ЭЗШ асты. 3 508 га өңделді.• Қонаев қаласы: 2 850 га тексеріліп, 2 450 га толық өңделді.• Балқаш ауданы: 7 930 га тексеріліп, 5 410 га ЭЗШ асты. 4 020 га өңделді.• Іле ауданы: 11 214 га тексеріліп, 9 014 га ЭЗШ асты. 8 300 га өңделді.• Қарасай ауданы: 2 010 га тексеріліп, 1 800 га өңделді.• Кеген ауданы: 2 240 га тексеріліп, 2 130 га ЭЗШ асты. Өңдеу 29 мамырдан басталды.• Райымбек ауданы: 7 730 га тексеріліп, 7 415 га ЭЗШ асты. 4 123 га өңделіп, қосымша дрондар мен техника жұмылдырылды.Аса қауіпті зиянкестерге қарсы күрес Алматы облысында жүйелі әрі қатаң бақылаумен жүргізілуде. Арнайы мамандар мен техника күшімен жүзеге асырылып жатқан бұл іс-шаралар ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянкестерден қорғауға, өнім сапасы мен көлемін сақтауға бағытталған. Жұмыстар жалғасуда, жағдай күнделікті бақылауда ұсталып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1014761?lang=kk
Қостанай облысында денсаулық сақтау ұйымдарының 2025 жылдың 5 айындағы қызметінің қорытындысы шығарылды 10.06.2025
Қостанай облысында денсаулық сақтау саласының 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларындағы жұмыс қорытындылары жарияланды. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық отырыста атқарылған жұмыстар сараланып, өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер талқыланды.Инфрақұрылымды дамыту – басым бағытСоңғы екі жылда ауылдық елді мекендерде 25 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны салынды. Бұл – амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер, олар УДЗ аппараттарымен, зертханалармен, физиотерапиялық және оңалту жабдықтарымен қамтамасыз етілген.2024 жылы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған аутизм және басқа да менталдық ауытқулары бар балалар орталығы ашылды. Қазіргі уақытта Қостанай ауданының Тобыл қаласында ауысымына 250 қабылдауға арналған жаңа емхананың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Қостанай қаласының Юбилейный шағын ауданында және Рудный қаласында медициналық нысандардың құрылысы аяқталуға жақын.Заманауи жабдықтар – сапалы қызметтің негізіСоңғы үш жылда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы 1,3 есеге өсіп, медициналық техника сатып алуға жұмсалатын шығындар 2 есеге артып, 7,2 млрд теңгеге жетті. 2023–2025 жылдар аралығында 46 жедел жәрдем көлігі, 1 реанимобиль, 100-ден астам наркоз-тыныс алу аппараттары, ЭКГ және УДЗ құрылғылары, жаңа туған нәрестелерге арналған инкубаторлар, ангиограф және маммографтар сатып алынды.Нәтижесінде медициналық жабдықтардың тозу деңгейі 2022 жылғы 49,2%-дан бүгінгі күні 27%-ға дейін төмендеді. Алайда, Жангелдин, Амангелді және Федоров аудандарында техникамен қамтылу облыстық деңгейден төмен қалып отыр.Кадр мәселесі: басты назар – мамандар тартуМедициналық кадр тапшылығын шешу мақсатында арнайы қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде дәрігерлік бос орындар саны 251-ден 160-қа дейін қысқарды. Алтынсарин және Федоров аудандарында кадр тапшылығы толығымен жойылды, көптеген басқа аудандарда да оң динамика байқалады.Ауылдық жерге барған дәрігерлерге 5 млн теңгеге дейін, қалаларға – 3,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленеді. Арқалық, Амангелді және Жангелдин аудандарында бұл төлемдер 7–8,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.Халық денсаулығы – ұдайы назардаБірқатар аудандарда нәресте өлімі фактілері тіркелсе, Рудный қаласында бір ана өлімі орын алды. Қостанай және Қарабалық аудандарында жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім деңгейі жоғары.Облыс әкімі бұл көрсеткіштерді жақсарту үшін тек медицина саласының ғана емес, сонымен қатар халықтың да өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін атап өтті. Уақытылы дәрігерге қаралу және алдын ала тексеруден өту ауруларды ерте сатыда анықтауға мүмкіндік береді.Медициналық көмек – адами қарым-қатынаспенОблыстағы медициналық ұйымдарда Пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейді. Азаматтардың басты шағымдары – қабылдауды ұйымдастыру, қызмет сапасы және этика нормаларын сақтау мәселелері. Медициналық мекеме басшыларына қызмет сапасына бақылауды күшейту және әрбір өтініш бойынша нақты әрекет ету тапсырылды.– Пациент келді – тыңдадыңдар, тексердіңдер, көмек көрсеттіңдер. Қызметтің үлгісі дәл осылай болуы керек, – деді Құмар Ақсақалов.Нақты тапсырмалар берілдіОтырыстың қорытындысы бойынша облыс әкімі Денсаулық сақтау басқармасына бірқатар тапсырмалар жүктеді:аурушаңдықтың өсуіне жол бермеу және алдын алу шараларын күшейту;барлық өңірлерде медициналық жабдықтармен қамтылуды облыстық деңгейге жеткізу;кадрларды тарту және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмысын жалғастыру;медициналық қызмет сапасын жақсарту;медициналық ұйымдардың берешегін азайту;негізгі көрсеткіштер бойынша теріс динамикаға жол берген Қарабалық, Қостанай аудандарының, Қостанай қаласындағы №3 емхананың және Рудный қалалық емханасының басшыларын қатаң сөгіске тарту. 9 айдың қорытындысы бойынша оң өзгеріс болмаса, лауазымына сәйкестігі мәселесін қарау тапсырылды.Аймақта денсаулық сақтау жүйесі ары қарай да науқасқа бағдарланған тәсілге негізделе отырып, азаматтардың денсаулығы мен сенімін басты орынға қоятын бағытта дамитын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1014739?lang=kk
Қостанай облысында жазғы демалыс: балаларға арналған пайдалы әрі жан-жақты қамқорлықтағы тынығу 10.06.2025
2025 жылы жазғы демалыспен 105 мыңға жуық бала, яғни балалардың 98,6%-і қамтылады.Бұл мақсаттарға 264,4 млн. теңге бөлініп отыр.Биыл облыстың қала сыртындағы лагерьлер желісі 12 нысанды (9 мемлекеттік, 3 жекеменшік) құрайды, онда 8 000-нан астам баланы сауықтыру жоспарлануда.3 мемлекеттік лагерьде (Бәкіров атындағы демалыс базасы, «Лесная сказка» және «Алтынгүл») жетім балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары демалады. Бірінші маусымның ашылуы 9-18 маусым аралығында жоспарланған. Жазғы лагерьлерде жұмыс істеу үшін 4 мыңнан астам педагог жұмылдырылады. «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының ауыл балаларына арналған «QH Жаздық жолдама» жобасын өткізуі игі дәстүрге айналған, соның арқасында ағымдағы жылы 246 оқушы облыстың қала сыртындағы «Балдәурен» және «Болашақ» 2 лагерінде тегін демалатын болады. Төртінші жыл қатарынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Хачико» оңалту орталығында жалпы сомасы 54,1 млн.теңгеге облыстың 13 өңірінен ерекше білім беру қажеттілігі бар 359 бала демалады.  Осы орталықта болған уақытта балалар және олармен еріп жүретін адамдарға күніне бес мезгіл тамақ беріліп, психологтар қызметі көрсетіледі.Әлеуметтік осал санаттағы балалардың демалысын қамтамасыз ету басымдық болып табылады. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттен шамамен 167 миллион теңге бөлініп, жекелеген санаттағы 38 мыңға жуық бала жазғы демалыспен қамтылады.2 маусымнан бастап облыстың барлық білім беру ұйымдарында 773 мектеп жанындағы тегін лагерь жұмыс істейді, онда 1-10 сынып оқушыларының 91%-і, яғни 98 мыңға жуық бала демалатын болады.Жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауға алынған.105 мыңнан астам бала туристік-өлкетану, экскурсиялық, дене шынықтыру-сауықтыру, табиғатты қорғау және экологиялық шаралармен қамтылады.Облыстың барлық білім беру ұйымдарында 19,5 мыңға жуық бала мен жасөспірімді қамтитын «Психологиялық қолдаудың жазғы алаңдары» жобасы жоспарланған.Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында білім бөлімдері тарапынан 17,0 млн.теңгеге 850-ге жуық баланы түрлі іс-шарамен қамту жоспарланып отыр.            Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1014228?lang=kk
Қазақстан СІМ-де испан сенаторлары қабылданды 09.06.2025
Астана, 2025 жылғы 9 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Испания Парламенті Сенатының Сыртқы байланыстар комитетінің төрағасы Хосе Игнасио Ландалусе бастаған Испания Парламенті Сенатының делегациясымен кездесті.Тараптар парламентаралық байланыстарды нығайту перспективаларын, саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады.Сұхбаттастар Астана мен Мадрид арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға ықпал ететін биік және жоғары деңгейдегі сапарлардың маңыздылығын атап өтті.Р.Василенко Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктестерінің бірі Испаниямен ынтымақтастықтың кең әлеуетін атап өтті. Оның пікірінше, Испания депутаттарының сапары парламентаралық байланыстарды дамытудың жаңа тарауын ашады.Өз кезегінде Х.Ландалусе Қазақстан-Испания қарым-қатынастарының стратегиялық сипатын қуаттап, алдағы уақытта Қазақстанмен ынтымақтастықты ілгерілетуге көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.Анықтама: 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстан мен Испания арасындағы тауар айналымы 731,3 млн АҚШ долларын (экспорт – 584,7 млн, импорт – 146,5 млн) құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26%-ға өсті. Қазақстанда испан капиталының қатысуымен 60 компания тіркелген. 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына Испаниядан 333,5 млн доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1014181?lang=kk
Қостанай облысында «жасыл» алюминий өндіру жөніндегі ауқымды жобаны іске асыру мәселесі талқылануда 09.06.2025
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Қытайдың East Hope Group корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Лю Юнсинмен кездесу өткізді. Кездесу барысында жаңа инвестициялық жобаның перспективалары талқыланды. Жиынға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов та қатысты.Жоба аясында Қостанай облысында жаңартылатын энергия көздерін пайдаланып, циркулярлы экономика қағидаттарына негізделген толық циклді алюминий өндіретін индустриялық парк салу көзделіп отыр. Жобаны іске асыру 2025–2029 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Өңірге тартылатын инвестиция көлемі шамамен 3 миллиард АҚШ долларын құрайды.Бірінші кезеңде:жылына 6 миллион тоннаға дейін боксит өңдейтін тау-кен байыту комбинатының құрылысы;глинозем өндірісін іске қосу;барлық қажетті инженерлік инфрақұрылымды салу жоспарланып отыр.Қостанай облысы сумен, газбен, электр энергиясымен қамту желілеріне, сондай-ақ теміржол мен автокөлік жолына жақын орналасқан 800 гектар жер телімін ұсынуда. Сонымен қатар, салықтық және әкімшілік жеңілдіктерді қарастыратын арнайы экономикалық аймақ құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.Облыс әкімінің ұстанымы:«Қостанай облысында алюминий өндіру жобасын іске асыру — стратегиялық маңызды қадам. Бізде барлық қажетті алғышарттар бар: табиғи ресурстар, инфрақұрылым, логистика және барлық деңгейде қолдау бар. Біз өндірістік кешенді толық орналастыруға және инвесторларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз», — деді Құмар Ақсақалов.Аталған жоба Мемлекет басшысы алға қойған – әртараптандырылған, технологиялық және экологиялық тұрғыдан орнықты экономиканы қалыптастыру жөніндегі негізгі міндеттерге толық сәйкес келеді. Оның іске асырылуы Қостанай облысы мен бүкіл солтүстік өңірдің өнеркәсіптік дамуына қуатты серпін береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1014041?lang=kk
Облыс әкімі өз міндеттемелерін орындамаған мердігерлерге қатысты шара қолдануды тапсырды 09.06.2025
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс және мердігерлік жұмыстардың сапасыз орындалуына қатысты материалдарды құқық қорғау органдарына жолдауды тапсырды. Мұндай шешімге маслихат депутаттарының Кеген ауданында жүргізген мониторингінің нәтижелері негіз болды.Естеріңізге сала кетейік, депутаттар құрылыс жұмыстарының сапасына, жобалық-сметалық құжаттаманың сәйкестігіне, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалаудың ұйымдастырылуына қатысты бірқатар сұрақтар көтерді.– Атап айтқанда, екі нысан пайдалануға берілгенімен, құрылыс кезінде орын алған бұзушылықтарға байланысты олар белгіленген талаптарға сай емес: Кіші Қарқара ауылындағы медициналық пункт апатты деп танылды, ал Кеген ауылындағы «Балауса» балабақшасы тек 50 % қуаттылықпен ғана жұмыс істеп тұр, – деді Алматы облыстық маслихатының төрағасы Қуат Байғожаев.Мониторинг нәтижесі 2013 жылы пайдалануға берілген 280 орындық балабақшаның бүгінгі күні толыққанды жұмыс істемейтінін көрсетті. Топырақтың қозғалуына байланысты нысанның бір блогы жарамсыз деп танылған. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірлену сатысында, алайда жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы қарастырылмаған.Депутаттар сұрақтары 2018 жылы салынған Шырғанақ ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктке де қатысты. Бұл ФАП пайдалануға берілгенімен, қабылдау актісінің болмауына байланысты әлі күнге дейін денсаулық сақтау жүйесінде тіркелмеген. Ғимараттың қабырғаларында жарықтар анықталған. Аталған мәселені шешу үшін техникалық сараптама жүргізу қажет.Сондай-ақ депутаттар Жалаңаш ауылындағы Мәдениет үйінің құрылысы, өрт сөндіру депосының құрылыс кестесінен кешігуі, аудандағы суару жүйелерін қайта жаңарту жұмыстарының баяу жүруі бойынша да проблемаларды тіркеді.– Төрт инфрақұрылымдық нысанда мердігерлер тарапынан жұмыстар өте баяу жүргізілуде, әрі олардың сапасы талаптарға сай емес екені анықталды. Олардың қатарында Кеген ауданындағы Торайғыр және Көпалы арналары бар, – деп мәлімдеді Қуат Байғожаев.Белгілі болғандай, Жалаңаш ауылдық округінде 12 құдықты қайта жаңғырту және құбырлар тарту жобасы аясында жоспарланған жұмыстың тек 25 % ғана орындалған. Қазіргі уақытта жоба жүзеге асыру тоқтатылған. Жобалық-сметалық құжаттама қайта қаралып, қайта сараптамадан өтуде. Инспекция құбырлар жобадан ауытқумен төселгенін, гидрооқшаулаудың жоқтығын және техникалық әрі авторлық қадағалаудың іс жүзінде жүргізілмегенін анықтады.Кеген ауданында қайта жаңғыртуға жоспарланған жалпы құны 8 миллиард теңгеден асатын магистральды суару арналарының тек 31 шақырымы ғана салынған. Қарқара ауылынан басталатын «Мөнкебай» каналының құрылысы қаржыландыру тапшылығына байланысты айтарлықтай кешігіп жатыр. Мердігер ұйым жұмысын өз қаражаты есебінен жалғастыруда.Мониторинг қорытындысы бойынша маслихат депутаттары бұл мәселелерді облыстық деңгейде қарастырып, жауапты мемлекеттік органдар тарапынан нақты шаралар қабылдауды ұсынды.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев маслихат депутаттары ұсынған сапасыз құрылыс және мердігерлік жұмыстарға қатысты материалдарды жан-жақты зерделеп, оларды тиісті құқық қорғау органдарына жолдауды тапсырды. Сонымен қатар өңір басшысы облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан нысандарға тиісті бақылау жүргізбегені үшін Құрылыс басқармасының басшысына тәртіптік шара қолдануды тапсырды.– Маслихат депутаттарының жұмыс сапарлары барысында түскен материалдар құрылыс нысандарындағы кемшіліктерді дер кезінде анықтап, оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл – халықтың пікірін ескеріп, негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға ықпал ететін кері байланыстың маңызды тетігі, – деді Сұлтанғазиев.Ол «азаматтар сапасыз құрылыс немесе жауапсыз мердігерлер туралы алдын ала білуі керек. Бұл – тек ашықтық мәселесі емес, бұл – қоғам алдындағы сенім мен әлеуметтік жауапкершілік мәселесі. Бюджеттен бөлінген әрбір теңге сапалы нәтижемен дәлелденуі тиіс, ал азаматтар өз пікірлерінің ескерілетініне және құрметтелетініне көз жеткізуі қажет. Тек осы жолмен ғана қоғамдық бақылау жүйесін тиімді құрып, барлық қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға болады», – деп атап өтті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1013490?lang=kk
Райымбек ауданындағы бөгет құрылыстарындағы заңбұзушылықтарды тексеру тапсырылды 09.06.2025
Алматы облысында инфрақұрылымдық жобалардың сапасы мен орындалу мерзіміне бақылау күшейтіледі.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тапсырмасы бойынша «Қабанды» және «Шибут» бөгеттерінің құрылысы кезінде анықталған заңбұзушылықтарға қатысты материалдар қосымша сараптамаға жіберіліп, құқық қорғау органдарына құқықтық баға беру үшін жолданатын болады.Бақылауды күшейтуге облыстық мәслихат депутаттарының көшпелі мониторингі барысында анықталған фактілер себеп болды. 2022 жылдан бері салынып жатқан және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді суармалы сумен қамтамасыз етуге тиіс нысандар бүгінде небәрі 73 пайызға ғана дайын.— "Құрылыс-монтаж жұмыстары барысында анықталған кемшіліктер мен мәселелер мерзімнің бұзылуына және құрылыс сапасының төмендеуіне әкеліп соғады. Бұл, өз кезегінде, мемлекеттік қаражатты тиімді игеруге кері әсерін тигізеді", — деді облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев.Инспекция барысында депутаттар «Қабанды» нысанында мердігер мекеме құрылысқа жарамсыз сары топырақты пайдаланғанын тіркеді. Құрылыс алаңында небәрі үш адам мен екі техника ғана жұмыс істеген. Ал «Шибут» бөгетінде тереңдігі 12 метрден асатын резервуардың айналасында қоршау болмаған, бұл қауіпсіздікке қатер төндіреді.Қосымша міндеттемелер аясында мердігер ұйым Шалкөде ауылын ауызсумен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 2200 метрлік су құбырын тартуға келісім берді.Мониторинг барысында жиналған мәліметтер талдау жүргізу үшін Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жолданды. Сараптама қорытындысы бойынша материалдар ресімделіп, уәкілетті органдарға жолданады.— "Су шаруашылығы инфрақұрылымының құрылысы — бұл ауыл шаруашылығының тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмейді. Барлық фактілер мұқият зерделеніп, қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешімдер қабылданады", — деп атап өтті Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.Жобалардың жүзеге асырылуына бақылау анықталған заңбұзушылықтар толығымен жойылғанға дейін жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1013493?lang=kk
Ұйғыр ауданында медициналық нысандар құрылысына бақылау күшейтілді 09.06.2025
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұйғыр ауданындағы медициналық мекемелер құрылысы барысында мониторинг кезінде тіркелген фактілерге жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды. Зерделеу нәтижелері бойынша материалдар тиісті органдарға жолданатын болады. Өңір басшысы әлеуметтік жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде құрылыс стандарттарын қатаң сақтау мен ашықтықты қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.Мониторинг Алматы облыстық мәслихатының депутаттары тарапынан Кіші Дихан, Дардамты, Ақтам, Тиірмен және Ават ауылдарында жүргізілді. Бұл елді мекендерде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында дәрігерлік амбулаториялар салынуда.— "Нысандарда жұмыс өте баяу жүріп жатыр, ал сапасы белгіленген талаптарға сәйкес келмейді. Соның ішінде – Ұйғыр ауданындағы Ақтам ауылындағы дәрігерлік амбулатория", – деді облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев.Ақтам ауылында құрылыс кестеден едәуір артта қалуда. Жобалық шешімдерден ауытқушылықтар анықталған: терезелер дұрыс орнатылмаған, сыртқы сылақтың қалыңдығы нормадан асып кеткен, жер үсті суларымен және септикке жақын орналасуымен байланысты қауіптер бар. Сонымен қатар, нысан әлі күнге дейін денсаулық сақтау жүйесінің балансына берілмеген, бұл оның толық пайдаланылуына кедергі келтіруде.Кіші Дихан ауылында амбулатория ғимараты бұрынғы нысаннан төмен деңгейде салынған, бұл еріген және жауын-шашын суларымен басып қалу қаупін тудырады. Су бұру жүйесі бұзылған, тротуар плиткасы жобадан жоғары төселген, бұл іргетастың тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Дардамтыда ішкі және сыртқы әрлеуде көптеген ақаулар, инженерлік желілердегі кемшіліктер мен іргетасты толық жылытпау фактілері тіркелген.Тиірменде әрлеу жұмыстары сапасыз материалдармен жүргізілген, линолеум мен плитканың төсеу деңгейі бұзылған, баспалдақтарда тұтқалар жоқ. Ават ауылында абаттандыру жұмыстары аяқталмаған, кәріз жүйесі желдеткішпен жабдықталмаған, электрмен және сумен жабдықтау бойынша заңбұзушылықтар анықталған.Тексеру қорытындысы бойынша депутаттар салалық басқармалар мен мердігер ұйымдарға нақты ұсынымдар берді. Ерекше назар жобалық-сметалық құжаттаманы жетілдіруге, заңбұзушылықтарды жоюға және сапаны бақылауды күшейтуге аударылды.Ұйғыр ауданының әкімдігі жағдайды ерекше бақылауға алды. Қазіргі таңда құрылыс мерзімдерін нақтылау, инженерлік шешімдерді қайта қарау және нысандардың қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкестігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде."Медициналық нысандардың құрылыс сапасын және аяқталу мерзімін қамтамасыз ету – халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігімен тікелей байланысты басты міндет. Барлық жауапты тараптар заңнама мен стандарттар аясында қатаң жұмыс істеуі тиіс", – деді Марат Сұлтанғазиев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1013498?lang=kk
Қонаев қаласы – Алматы облысының даму символына айналды 08.06.2025
8 маусым күні Қонаев қаласының Алматы облысының әкімшілік орталығы мәртебесін алғанына үш жыл толды. 2022 жылы дәл осы күні бұрынғы Капшагай қаласы облыс орталығы болып жарияланған болатын.Сол уақыттан бері қалада және облыс аумағында ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгерістер орын алды. Үш жыл ішінде жалпы өңірлік өнім 109,6%-ға артып, 5,9 трлн теңгені құрады. Шикізаттық емес сектордағы өсім қарқыны бойынша Алматы облысы республикада алғашқы бес өңірдің қатарында.Облысқа 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Халықаралық деңгейдегі PepsiCo, LC Waikiki, KT&G, Qazaq Global Food компаниялары өз өндіріс орындарын ашты. Сонымен қатар, Қытаймен жалпы құны 7 млрд АҚШ долларына жуық келісімдер жасалып, нәтижесінде шамамен 6 мың жұмыс орны құрылды.Инфрақұрылымдық салада да бірқатар жұмыстар атқарылды. 1000 шақырымнан астам автожол жөнделіп немесе жаңадан салынды. Газбен қамту деңгейі 58,1%-ды құрады, ал ауылдық елді мекендердің 99,5%-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді. Үш жылда шамамен 2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.Адам капиталы мен цифрландыру саласында да нәтижелер бар. 140 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға дейін төмендеді. «Цифрлық отбасы картасы» мен білім беру платформалары секілді заманауи сервистер енгізілді.Қонаев қаласы Smart Qonaev жобасы аясында дамып келеді. Қаржыландыру көлемі төрт есеге артты. Қалада қоғамдық кеңістіктер жаңартылып, туристік инфрақұрылым жетілдірілуде. 2025 жылы қалаға 1,6 млн турист келеді деп күтілуде.Сонымен қатар, Қонаев қаласының маңында еркін экономикалық аймақ мәртебесімен жаңа Алатау қаласының құрылысы басталды. 2025 жылы бұл жобаның инфрақұрылымына 100,7 млрд теңге бағытталады.Қазіргі уақытта Алматы облысы – тұрақты дамып келе жатқан өңір. Өңірде өмір сүруге, жұмыс істеуге және кәсіби тұрғыда өсуге барлық жағдайлар жасалуда. Ал Қонаев қаласы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының орталығына айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1013465?lang=kk
Алматы облысында әлемдік деңгейдегі футбол академиясы салынуда 08.06.2025
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Талғар ауданына барды. Сапар барысында өңір басшысы болашақ «Атлетико де Мадрид» футбол академиясының құрылыс алаңында болып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты.Жоба Талғар ауданындағы жұмыс істеп тұрған «Ақбұлақ» спорт орталығының базасында жүзеге асырылуда. 2024 жылдың қыркүйек айында «Sport Asset Management» қоғамдық бірлестігі мен «Doscar Group» ЖШС испаниялық «Атлетико де Мадрид» футбол клубымен бірлескен қызмет туралы келісімге қол қойды. Осы келісім аясында Орталық Азияда алғашқы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясын құру жоспарланған.Академия құрылысы үш кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезең – балалар академиясының нысандарын салу – 2025 жылдың мамырында басталып, 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда қонақүй ғимараты қайта жаңартылып, бір футбол алаңының реконструкциясы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысанның пайдалануға берілу мерзімі – 30 маусым.Қазіргі уақытта келесі нысандар бойынша жобалық құжаттамаларды келісу жұмыстары жүргізілуде:– 20 киім ауыстыратын бөлмесі, душ кабиналары, медициналық пункттері, жаттығу және конференц-залдары, көрермендерге арналған алаңдары бар әкімшілік-тұрмыстық кешен;– қыс мезгілінде жаттығуға арналған жасанды жабыны бар жабық каркасты футбол залы;– жасанды төсемі бар екі ашық футбол алаңы;– қақпашыларға арналған жаттығу алаңы;– бұрынғы садақ ату ғимаратын заманауи өткізу пунктіне айналдыру (кіру аймағы, санитарлық тораптар, күту залы және кафетерий қарастырылған).Жобаның екінші кезеңінде кәсіби футбол командаларына арналған инфрақұрылым құрылмақ: табиғи шөп төселген екі ашық алаң, жасанды жабыны бар бір алаң және толық жабдықталған әкімшілік кешен.Ал үшінші кезеңде 10 000 көрерменге арналған үлкен стадион салу көзделіп отыр.Академия тек спорттық база ғана емес, болашақта әлемдік деңгейдегі футболшыларды дайындайтын орталыққа айналып, қазақстандық футболдың дамуына жаңа серпін береді деп күтілуде.Аталған жобаға Алматы облысы әкімдігі жан-жақты қолдау көрсетеді. Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, қажетті рұқсат құжаттарын жеделдету және құрылыс барысын үйлестіру – өңір басшылығының тұрақты бақылауында.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1013400?lang=kk
Қазақстан Сыртқы істер министрі Иранға ресми сапармен келді 08.06.2025
Тегеран, 2025 жылғы 7 маусым – Иран тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Иран Ислам Республикасына ресми сапармен келді.Сапар бағдарламасы Иран Президенті Масуд Пезешкианмен кездесуден басталып, тараптар қазақ-иран ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады және екіжақты қатынастарды жан-жақты нығайтуға ниеттерін растады. ҚР Сыртқы істер министрі Иран басшысына Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен Құрбан айт мерекесіне орай жолдаған құттықтауларын жеткізді.Кездесу барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар 2024 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымының 50 пайызға артқанын атап өтіп, бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайтуға өзара мүдделілікті білдірді. Каспий теңізінің транзиттік әлеуетін пайдалану және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту мәселелерін қоса алғанда, көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмыс перспективалары қарастырылды.Сұхбаттастар сондай-ақ өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға бейілді екенін растады.Кездесу нәтижесінде Президент М.Пезешкиан қазақ-иран қатынастарының деңгейіне жоғары баға беріп, оларды мазмұнды түрде одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді. Ол сондай-ақ Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа ізгі тілектерін жолдады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1013423?lang=kk
Қазақстан мен Үндістан экономикалық серіктестікті нығайтуда: «Орталық Азия – Үндістан» іскерлік кеңесінің қорытындылары 08.06.2025
Нью-Дели, 2025 жылғы 5 маусым – Үндістан Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Орталық Азия – Үндістан» іскерлік кеңесіне қатысты.Өз сөзінде ол Үндістанның Оңтүстік Азиядағы негізгі стратегиялық серіктес ретіндегі маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан мен Үндістан арасындағы екіжақты сауданың 2024 жылғы 1 млрд АҚШ долларынан алдағы уақытта 3 млрд долларға дейін өсу әлеуетінің бар екенін айтты. Сонымен қатар Үндістанның Қазақстан экономикасына құйған инвестиция көлемі 41%-ға артып, 525 млн доллардан асқанына назар аударды.«Біз бұл көрсеткіштерді тек бастама деп санаймыз. Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика және Шығыс пен Батысты байланыстыратын транзиттік торап ретінде Үндістанмен сауда, цифрлық трансформация, аса маңызды минералдар, энергетикалық қауіпсіздік және гуманитарлық байланыстар салаларында ынтымақтастықты нығайтуға дайын», – деді Министр.Көлік және логистика саласындағы байланысты арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. М.Нұртілеу «Солтүстік – Оңтүстік» және Орта дәліз бағыттары сияқты халықаралық көлік дәліздерін дамыту маңызын атап өтіп, үнді тарапын мультимодальды бағыттар, талшықты-оптикалық желілер және өңірлік энергетикалық желілерді қамтитын бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.Қазақстан сонымен қатар стратегиялық ресурстарды, соның ішінде энергетикалық ресурстарды, сирек кездесетін жер металдарын және агроөнеркәсіптік өнімдерді Үндістанның «Viksit Bharat» («Дамыған Үндістан») бастамасы аясында сенімді жеткізуші болуға дайын екенін мәлімдеді.Тараптар цифрлық технологиялар саласындағы мүмкіндіктерді қарастырды: соңғы үш жылда Қазақстаннан цифрлық шешімдер экспорты 12 есеге жуық өсіп, 690 млн долларға жетті. Қазақстан СІМ басшысы IT, стартаптар, зерттеулер және білім алмасу салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге шақырды.Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі саласында Қазақстанның аграрлық әлеуетін Үндістанның өңдеу технологияларымен ұштастыру ұсынылды.Болашағы зор бағыттар қатарында Үндістаннан келетін туристер ағынының артуы аталып өтті: 2024 жылы бұл көрсеткіш 150 мың адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Мұндай өсімге 14 күндік визасыз режимнің енгізілуі және Алматы мен Нью-Дели арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылуы ықпал етті. Қазақстан өз тарапынан елдің негізгі қалаларында үнді асханасы бар қонақүйлер мен мейрамханалар ашуға жәрдем көрсетуге дайын екенін білдірді.Инвестиция тарту саласында ҚР Сыртқы істер министрі қолайлы ахуалдың бар екенін атап өтті: 2025 жылғы мамырдан бастап шетел азаматтарына 300 мың доллар көлемінде инвестиция салған жағдайда 10 жыл мерзімге берілетін инвестициялық визаның («алтын визаның») енгізілуі және Астана халықаралық қаржы орталығының Үндістандағы «GIFT City», Лондон және Дубай үлгісінде өңірлік қаржы хабы ретіндегі белсенді рөлі.Қорытындылай келе, қазақ тарапы кеңестің келесі сессиясын Қазақстанда өткізуді ұсынып, өткен кездесулер нақты іскерлік нәтижелерге жол ашады деген сенім білдірді.«Орталық Азия – Үндістан» іскерлік кеңесі көпжақты серіктестікті тереңдетуге және жаһандық экономикалық трансформация жағдайында жаңа өсу жолдарын құруға деген ортақ ұмтылысты растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1013243?lang=kk
Қазақстан СІМ басшысы «Орталық Азия – Үндістан» диалогының министрлік кездесуіне қатысты 08.06.2025
Нью-Дели, 2025 жылғы 6 маусым – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Орталық Азия – Үндістан» диалогының 4-ші министрлік кездесуіне қатысты.Кездесу барысында Орталық Азия елдері мен Үндістан Республикасы арасындағы көлік және логистика, өңірлік ынтымақтастық, терроризмге қарсы күрес, сондай-ақ озық технологияларды дамыту сияқты салаларды қамтитын серіктестіктің басты бағыттары қаралды.Өз сөзінде М.Нұртілеу «ОА-Үндістан» көпжақты форматын нығайтудың маңыздылығын атап, өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін негізгі салаларда өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтудің қажеттілігіне назар аударды.ҚР СІМ басшысы орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында көлік байланысының маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Азиядан Еуропаға жүк тасымалын қауіпсіз және тиімді түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін Транскаспий халықаралық көлік бағытын белсенді түрде дамытып жатыр. Министр үнді компанияларын осы бағыттың өткізу қабілетін кеңейту үшін ірі жобаларды іске асыруға қатысуға шақырды.«Орталық Азия Қазақстан арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыра алатын маңызды логистикалық хабқа айналуда», – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.Қатысушылар қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы бірлесіп әрекет етудің маңыздылығын атады. Өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу жолдары, трансұлттық қауіптердің алдын алу, сондай-ақ мәдени алмасуды нығайту мәселелері талқыланды.Орталық Азия өңіріндегі бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды және «ОА-Үндістан» диалогының басым бағыттары айқындалды.Қазақ тарапы осы форматтың институционалдық механизмдерін жетілдіруге, өңіраралық сауданы әртараптандыруға, транзиттік бағыттарды және жасыл энергетиканы дамытуға, сондай-ақ қаржылық технологиялар, цифрландыру және IT индустриясы сияқты перспективалы салаларда бірлескен жұмысты жандандыруға шақырды.Форум қорытындысы бойынша «Орталық Азия – Үндістан» форматы аясындағы көпжақты өзара іс-қимылды тереңдетуге ортақ бейілділікті білдіретін сыртқы істер министрлерінің Бірлескен мәлімдемесі қабылданды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1013321?lang=kk