Қуқық
2026 жылы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделеді 28.07.2026
2026 жылы Қазақстанда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделеді. Осы мақсаттарға 1,1 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалады. Бұл туралы Үкімет отырысында ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді.Оның айтуынша 759 млрд теңге құрылыс жұмыстарына қаржыландырылды. Ал 379 млрд теңге бойынша ЕРС-мердігері айқындалған жобалар шеңберінде жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, отандық тауар өндірушілерден материалдар сатып алу жұмыстары жүргізілуде.2026 жылы сондай-ақ 8 кәсіпорынды инфрақұрылымның аса жоғары тозу аймағынан тозу деңгейі орташа санатқа шығару жоспарланған.2025 жылы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында қаржыландыру көлемі 547 млрд теңге болатын 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөнделді. Бұдан бөлек, 8 кәсіпорын тәуекелі жоғары «қызыл» аймақтан шығарылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1264596?lang=ru
Меңдіқара ауданында тағы бір сүт-тауарлы ферма салынады 28.07.2026
Меңдіқара ауданында қазіргі таңда екі сүт-тауарлы фермасы жұмыс істеп тұр. Соның бірі Каменскуральск ауылында 1 200 басқа арналған ферма. Жылына 6,7 мың тонна сүт өңдеу мүмкіндігі пайда болды.Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Меңдіқара ауданына барған сапарында ферманың жұмысымен және өңірде атқарылып жатқан басқа да шаруалардың жай-күйімен танысты.«Каменскуральск» серіктестігі алдағы уақытта 800 басқа арналған тағы бір сүт-тауарлы фермасын салуды жоспарлап отыр. Жылдық өндірістік қуаты 8 мың тоннаны құрайды.«Ауданда екі сүт-тауар фермасының іске қосылуының нәтижесінде жылдық сүт өндірісі 14,4 мың тоннадан 30,8 мың тоннаға дейін, яғни екі еседен астам өсті», – деді аймақ басшысы.Өндірістік нысандарға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Каменскуральск ауылынан құрғақ бие сүті зауыты мен сүт-тауар фермасына дейін ұзындығы 10,4 км кіреберіс автожолдың құрылысы жүргізілуде.Меңдіқара ауданында экономиканы дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және туризм әлеуетін арттыру мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізілуде.Аудандағы 32 ауыл орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Былтыр Архипов және Михайлов ауылдары орталықтандырылған су жүйесіне қосылып, 1 365 тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылды.2023–2025 жылдары аудан бойынша 96,5 шақырым автожол мен 45 көше жөнделді. Архипов, Ұзынағаш, Степанов, Борки, Михайлов, Иванов, Красносельское ауылдарының кіреберіс жолдары жаңартылды. Қазіргі уақытта Молодежное, Харьков және Қасқат ауылдарына баратын жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі Архипов ауылындағы Монгольская көшесінің жөндеу жұмыстарымен танысты.Биыл ауданда 333,5 мың га алқапқа егін егілді. Оның ішінде 224,4 мың га – дәнді дақылдар, 102,6 мың га – майлы дақылдар, ал 5,9 мың гектары – мал азығы дақылдары.Сапар қорытындысында облыс басшысы аудан тұрғындарымен кездесіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму жұмыстарын баяндады. Тұрғындардың сауалдарына жауап берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1264546?lang=ru
2029 жылға қарай Қазақстанда коммуналдық желілердің тозуын 40%-ға дейін төмендету жоспарлануда 28.07.2026
2029 жылға қарай Қазақстанда коммуналдық желілердің тозуын 40%-ға дейін төмендету жоспарлануда 📌Президент тапсырмасы бойынша әзірленген «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Қазақстан бойынша желілік инфрақұрылымның тозуын орта есеппен 40%-ға дейін қысқарту жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді. «2025-2029 жылдары инвестициялардың жалпы көлемі 13 трлн теңгені, оның ішінде коммуналдық секторға – 6,8 трлн теңгені және энергетика секторына – 6,2 трлн теңгені құрайды. Бұл қаражат 84 мың ша0ырым желіні жөндеуді және жаңғыртуды, 7 309 мегаватт қуатты іске қосуды, 27 энергия өндіру нысанын салуды және реконструкциялауды қамтамасыз етеді. Нәтижесінде желілік инфрақұрылымның тозуы ел бойынша орташа есеппен 40%-ға дейін қысқарады деп күтілуде. Нысандардағы апаттылық деңгейі 25%-ға дейін қысқарады», — деді Асан Дарбаев. 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданды. Бағдарламаны қамту жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы табиғи монополиялардың 247 субъектісін құрайды.2029 жылға қарай 70 коммуналдық кәсіпорынды тәуекелі жоғары дағдарыстық аймақтан шығару жоспарланып отыр. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1264551?lang=ru
Сыртқы істер министрінің орынбасары Словения Елшісін дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады 27.07.2026
Астана, 2026 жылғы 27 шілде – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай Словения Республикасының Елшісі Аленка Сухадолникті қабылдады.Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Словения ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады. Ә.Қуантыров А.Сухадолникке екіжақты серіктестікті нығайтуға және кең ауқымды бағыттар бойынша өзара іс-қимылды дамытуға қосқан жеке үлесі үшін алғысын білдірді.Елшінің дипломатиялық миссиясы кезеңінде Астана мен Любляна арасындағы қатынастардың сапалы жаңа деңгейге көтерілгені аталып өтті. Словения Республикасының Президенті Наташа Пирц-Мусардың Астанаға ресми сапары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосымша серпін берген маңызды оқиға болды.Словения Елшісі қазақстандық тарапқа көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, екіжақты қатынастарды дамытуда қол жеткізілген елеулі ілгерілеуді атап өтті. Тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және саяси диалог пен іс жүзінде өзара іс-қимылдың жоғары қарқынын сақтауға мүдделілігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1264331?lang=ru
Алматы облысында жол апатынан қаза тапқандар саны 32%-ға төмендеді 27.07.2026
Алматы облысында жол апатынан көз жұмғандар саны азайды. Алғашқы жарты жылдың қорытындысы бойынша тас жолда қаза тапқандар саны былтырғы жылмен салыстырғанда 32%-ға төмендеді. Бұған қауіпті жолдарда орнатылған камералар оң ықпал еткен. Бейнебақылаудың көмегімен 6 айдың ішінде жол ережесін бұзған азаматтарға 10,1 млрд теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Оның 8,16 млрд теңгесі өндірілді. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының жиынында мәлім болды.Биылғы қаңтар-маусым айларында облыстық Цифрлық технологиялар басқармасы белгіленген жоспарды 100,7%-ға орындаған. Әсіресе туристік нысандардағы интернет мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, биылғы шілде айының басында «Көшпенділер қаласында» сапалы интернет желісі орнатылды. Ал ASP арена кешеніне тамыз айында қосымша мобильді байланыс қосылады. Сондай-ақ Қазақ-қырғыз шекарасындағы Қарқарадағы өткізу пункті мен Қара шатқал аймағына базалық станция орнату мәселесі пысықталуда. Алатау қаласындағы байланыс мәселесі де басты назарда. Қазіргі таңда «Алматы – Қонаев» автожолының бойындағы Жетіген бұрылысында жеке инвестор антенна-діңгек құрылысын аяқтап, базалық станция орнату жұмысын жүргізуде. Сонымен қатар Жаңаарна және Құйған шағын аудандарында талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы басталды. Бір ай ішінде тұрғындар жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Одан бөлек жақын арада өңірдегі елді мекендерде 16 базалық станция іске қосылады (Қонаев қаласында – 2, Жамбыл ауданында – 7, Қарасай ауданында – 4, Іле, Ұйғыр, Райымбек аудандарында – 1).Камералардың тиімділігін арттыру бойынша да жүйелі жұмыс атқарылуда. Олардың адам көп шоғырланған және көлік жиі жүретін аумаққа қойылуына ерекше мән берілген. Осыған байланысты 325 аппараттық-бағдарламалық кешеннің 33-інің орны ауыстырылды.Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде бейнебақылау камераларының үздіксіз жұмыс істеуін бақылауда ұстауды тапсырды.«Камераларды тек орнатып қою жеткіліксіз. Әрқайсының тұрақты жұмыс істеп тұрғанын қадағалау керек. Сонымен қатар полиция департаментімен бірлесіп, қоғамдық орындарды ластау, шылым шегу сияқты әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген азаматтарды осы камералар арқылы анықтап, заң аясында жауапкершілікке тарту қажет. Жаңа өзгеріске сәйкес енді тұрғындар өз үйінің айналасындағы 5 метр радиустағы аумақтың тазалығына жауапты. Сондықтан бұл талаптың орындалуына да ерекше мән берілуі тиіс. Осылайша цифрлық технологиялар қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіптің сақталуына нақты қызмет етеді», – деді аймақ басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1264235?lang=ru
ҚР Сыртқы істер министрі дипломатиялық миссиясын аяқтайтын Пәкістан Елшісін қабылдады 27.07.2026
Астана, 2026 жылғы 27 шілде – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай Пәкістан Ислам Республикасының Елшісі Науман Башир Бхаттимен кездесу өткізді.Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы екі ел арасындағы өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалап, Астананың екіжақты диалогты одан әрі кеңейтуге ниетті екенін атап өтті.Ермек Көшербаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ү.ж. ақпанда Пәкістанға жасаған сапарының қорытындыларының айрықша маңыздылығына назар аударды. Аталған сапар барысында Астана мен Исламабад арасындағы қатынастар стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.Өз кезегінде, Пәкістан Елшісі Қазақстанда болған кезеңінде көрсетілген қолдау үшін алғысын білдіріп, Исламабадтың Астанамен сындарлы диалогты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.Кездесу соңында Ермек Көшербаев Пәкістан Елшісіне екі мемлекет арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайтуға қосқан жеке үлесін мойындау белгісі ретінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Құрмет грамотасын табыстады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1264196?lang=ru
Қазақстан CІМ басшысы дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай Оман Елшісін қабылдады 27.07.2026
Астана, 2026 жылғы 27 шілде – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев еліміздегі дипломатиялық миссиясы аяқталуына байланысты Оман Сұлтандығының Елшісі Мұхаммед Әл-Бахраниді қабылдады.Министр Қазақстан мен Оман арасындағы ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалап, өзара тиімді серіктестікті нығайтуға қосқан үлесі үшін М. Әл-Бахраниге ризашылық білдірді.Өз кезегінде, омандық дипломат Қазақстанда жинаған тәжірибесін ерекше атап өтіп, достық пен өзара түсіністікке негізделген екіжақты және көпжақты ынтымақтастық одан әрі дами беретініне сенімділігін жеткізді.Елші М.Әл-Бахрани Астана мен Масқат арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлін, сондай-ақ оның өңірлік жанжалдардың реттеудегі бітімгершілік бастамаларын ерекше атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1264054?lang=ru
Қазақстан, Пәкістан, Қытай және Франция офицерлері Ұлттық қорғаныс университетінің дипломдарын алды 27.07.2026
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінде қазақстандық және шетелдік әскери қызметшілерге диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті.Оқуды әскери медицина, тәрбие құрылымдары, киберқауіпсіздік және спорт салаларының мамандарын қоса алғанда, 50-ден астам офицер сәтті аяқтады. Сонымен қатар, Қарулы Күштер Бас штабы академиясы факультетінің төрт тыңдаушысы – Пәкістан, Қытай және Франция әскери қызметшілері дипломға ие болды.Салтанатты рәсімге Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қорғаныс университетінің басшылығы, Пәкістан, Қытай және Францияның дипломатиялық миссиялары мен әскери атташелер аппараттарының өкілдері, профессорлық-оқытушылық құрам, сондай-ақ түлектердің туыстары қатысты.Офицерлерді оқуды сәтті аяқтауымен Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков құттықтады. Ол қазіргі заманғы жағдайлар әскери басшылардан жоғары кәсіби дайындықты, жедел шешім қабылдай білуді және оларды іске асыру үшін жауапкершілік көтеруді талап ететінін атап өтті.– Диплом тапсыру – кәсіби дамудың аяқталуы емес, әскери қызметтің жаңа, бұдан да жауапты кезеңінің басталуы, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.Сондай-ақ ол Ұлттық қорғаныс университетінде шетелдік әскери қызметшілерді даярлау халықаралық әскери ынтымақтастықтың маңызды бағыты екенін, оның түрлі мемлекеттердің қарулы күштері арасындағы сенімді нығайтуға және әріптестік байланыстарды дамытуға ықпал ететінін атап өтті.Шетелдік түлектердің атынан Франция әскери қызметшісі майор Реми Валле сөз сөйлеп, университет басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамға жоғары деңгейдегі даярлық үшін алғыс білдірді. Ол Қазақстанда білім алған жылдардың кәсіби тұрғыдан да, жеке өмірлік тәжірибе тұрғысынан да аса құнды болғанын айтты.Салтанатты рәсім дипломдарды табыстаумен және түлектердің Қорғаныс министрлігі басшылығымен әрі шетелдік қонақтармен бірге естелік суретке түсуімен аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1263834?lang=ru
Ғарышты бағындырған авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров – 80 жаста 27.07.2026
Бүгін, 27 шілде күні, тұңғыш қазақ ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, авиация генерал-майоры Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 80 жасқа толды.Саналы ғұмырын авиацияны дамытуға, Отан қауіпсіздігін нығайтуға және Қазақстанның ғарыш саласының қалыптасуына арнаған даңқты тұлғаның өмір жолы – кәсіби шеберліктің, қайсарлықтың, елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі.Тоқтар Әубәкіров 1946 жылғы 27 шілдеде Қарағанды облысының Бірінші май ауылында дүниеге келді. Болашақ батыр жастайынан авиацияға қызығып, мектеп қабырғасында аэроклубқа қатысып, алғашқы парашюттік секірулерін жасады. Орта мектепті тәмамдаған соң Армавир жоғары әскери авиациялық училищесіне оқуға түсіп, әскери ұшқыш мамандығын игерді. Кейін Қиыр Шығыста әскери авиация бөлімдерінде қызмет атқарып, жоғары кәсіби даярлығының арқасында бірінші дәрежелі әскери ұшқыш атанды.Білімін, тәжірибесін үздіксіз жетілдіруге ұмтылған Тоқтар Әубәкіров сынақшы-ұшқыш болуды мақсат етіп, осы жолда көптеген қиындықтарды еңсерді. 1975 жылы сынақшы-ұшқыштар құрамына қабылданып, 1976 жылдан бастап Мәскеудегі А. Микоян атындағы тәжірибелік-конструкторлық бюрода қызмет етті. Осы кезеңде елуден астам жаңа үлгідегі әскери ұшақтарды сынақтан өткізіп, авиациялық техниканың сенімділігі мен жауынгерлік мүмкіндіктерін жетілдіруге зор үлес қосты. Ерекше күрделі және қауіпті сынақтарды жоғары деңгейде орындауы оның кәсіби шеберлігін халықаралық деңгейде мойындатты.1988 жылы Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағы тарихында алғаш рет әуеде екі мәрте жанармай құйып, Солтүстік полюске дейін ұшу тапсырмасын сәтті орындады. Осы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал 1989 жылы ол «МИГ-29К» палубалық жойғыш ұшағын авиакрейсерге қондырып, кейін сол кемеден қайтадан трамплин арқылы әуеге көтерілу операциясын әлемде алғаш болып жүзеге асырды. Авиация тарихындағы бұл бірегей жетістік оның есімін Гиннестің рекордтар кітабына енгізді.1991 жылғы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа ұшып, қазақ халқының ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырды. Ол «Мир» орбиталық стансасында 7 тәулік 22 сағат 13 минут болып, ғылыми-зерттеу бағдарламасын табысты орындады. Ғарыш сапары барысында экология, медицина, биология және материалтану бағыттары бойынша маңызды тәжірибелер жүргізілді. Арал теңізінің экологиялық ахуалына қатысты зерттеулер халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды.Тәуелсіздік алғаннан кейін Тоқтар Әубәкіров Қазақстан Республикасы Президентінің ғарыш мәселелері жөніндегі кеңесшісі ретінде ұлттық ғарыш саласының қалыптасуына атсалысты. 1992-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарып, жаңадан құрылған Қарулы күштердің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыруға елеулі үлес қосты.Кейін бірнеше мәрте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласты.Бүгінде Тоқтар Оңғарбайұлы зейнет демалысында болғанымен, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, әскери қызметтің беделін арттыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы қоғамдық жұмыстарға тұрақты қатысып келеді. Ол – Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, «Отан» орденінің және басқа да жоғары мемлекеттік әрі халықаралық наградалардың иегері.Тоқтар Әубәкіровтің өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің, кәсіби шеберлік пен табандылықтың, батылдық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Оның есімі Қазақстанның авиациясы мен ғарыш тарихында ғана емес, ұлттық Қарулы күштердің қалыптасу шежіресінде де алтын әріппен жазылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1263720?lang=ru
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарының Үндістан Республикасының Елшісімен кездесуі 25.07.2026
Астана, 2026 жылғы 24 шілде – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Үндістан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Я.К. Сайлас Тангалмен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар қазақ-үнді стратегиялық серіктестігінің өзекті мәселелерін талқылап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіліктерін растады.БРИКС аясындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Е.Ашықбаев үнді тарапын «Төзімділікті, инновацияларды, ынтымақтастық пен орнықты дамуды нығайту» ұранымен өтіп жатқан 2026 жылғы бірлестікке төрағалығымен құттықтап, белгіленген күн тәртібінің табысты іске асырылатынына сенім білдірді.Қазақстанның БРИКС серіктес елі ретінде сауда және инвестициялар, көлік байланыстылығы, цифрландыру, жасанды интеллект, энергетика және орнықты даму сияқты басым бағыттардағы ынтымақтастықты дамытуға іс жүзіндегі үлес қосуға дайын екені аталып өтті.Сондай-ақ, тараптар ү.ж.12-13 қыркүйекте Нью-Дели қаласында өтетін XVIII БРИКС саммитіне дайындық мәселелері, оның ішінде алдағы іс-шараның мазмұндық және ұйымдастырушылық аспектілері бойынша пікір алмасты.Екіжақты күн тәртібі аясында сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды, оның ішінде энергетика, көлік және логистика, аса маңызды минералдар, цифрлық технологиялар, фармацевтика және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары қарастырылды.Көпжақты ынтымақтастық тұрғысында Е.Ашықбаев Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық су ұйымын, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті және Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі елдердің жаһандық коалициясын құру жөніндегі бастамалары туралы хабардар етіп, Үндістанның оларға қолдау білдіретініне үміт артты. Тараптар сондай-ақ АӨСШК-ні одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақ-үнді стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту жолындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1263651?lang=ru
Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдығына арналған волейбол турнирі: Генералдар командасы жеңімпаз атанды 25.07.2026
Астанада Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде Қарулы күштердің әскери қызметшілері мен ардагерлері арасында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналған волейбол турнирі өтті.Дәстүрлі спорттық жарысқа Қарулы күштердің түрлерінен, Тыл бастығы басқармасынан, Қару-жарақ бастығы басқармасынан, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінен, 32039 әскери бөлімінен, сондай-ақ "Генералдар кеңесі" мен "Қарулы күштердің ардагерлері" ұйымынан құралған тоғыз команда қатысты.Тартысты өткен кездесулердің қорытындысы бойынша үшінші орынды Қарулы күштердің ардагерлері командасы иеленді. Екінші орын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің командасына бұйырды. Ал Генералдар командасы турнир жеңімпазы атанды.Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов қатысып, спортшыларды жоғары нәтижелерімен құттықтады.– Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров – халқымыздың мақтанышы, Отанға адал қызмет етудің, ерлік пен табандылықтың жарқын үлгісі. Оның өмір жолы бүгінгі әскери қызметшілер үшін нағыз өнеге. Сондықтан осындай тұлғаның мерейтойына арналған турнирдің ұйымдастырылуы – оған деген құрметтің ғана емес, жас ұрпаққа тағылым берудің де жарқын көрінісі. Спорт – әскери қызметтің ажырамас бөлігі. Ол шыдамдылықты, тәртіпті, ұйымшылдықты қалыптастырып, жауынгерлік рухты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға зор үлес қосады, – деді ол.Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналған турнир әскери қызметшілер мен ардагерлер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға және әскери-патриоттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Мұндай жарыстар ұрпақтар сабақтастығын бекемдеп, әскери ұжымдардағы бірлік пен жауынгерлік рухты арттыруға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1263649?lang=ru
Сағадат Нұрмағамбетовтің 100-ден астам құнды жәдігері Әскери-тарихи музей қорына тапсырылды 25.07.2026
Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке тиесілі 100-ден астам бірегей жәдігер Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы жанындағы Әскери-тарихи музей қорын толықтырды.Музейге тапсырылған құнды экспонаттардың қатарында мемлекеттік наградалар, жеке құжаттар, әскери киім үлгілері, атаулы және сыйлық берілген қарулар, сондай-ақ аты аңызға айналған қолбасшының өмір жолы мен әскери қызметін айғақтайтын өзге де тарихи құндылықтар бар.Сағадат Нұрмағамбетовтің өмірі мен қызметіне қатысты бұл бағалы жәдігерлерді музейге батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова мен немересі Сауық Нұрмағамбетов табыстады.Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов, Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы, әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ даңқты қолбасшының туған-туыстары мен жақындары қатысты.Іс-шара барысында сөз сөйлеген Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің жеке заттарының Әскери-тарихи музей қорына тапсырылуының тарихи маңызы зор екенін атап өтті. Ол Сағадат Қожахметұлының отбасына баға жетпес мұраны ел игілігіне айналдырғаны үшін шынайы ризашылығын білдіріп, бұл жәдігерлер ұлттық мұраның ажырамас бөлігіне айналып, көпшілікке қолжетімді болатынын, әрі жас ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне үлкен үлес қосатынын айтты.– Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің жеке заттарын Әскери-тарихи музей қорына тапсыру – халқымыздың әскери мұрасын сақтауға бағытталған маңызды қадам. Бұл жәдігерлер – жай ғана музей экспонаттары емес, тәуелсіз Қазақстан Қарулы күштерінің қалыптасу тарихын, Отанға адал қызмет еткен көрнекті қолбасшы әрі мемлекет қайраткерінің өнегелі өмір жолын айшықтайтын асыл мұра, – деді Қорғаныс министрі.Өз кезегінде Айсұлу Нұрмағамбетова бұл шешімді ұлымен бірге қабылдағанын айтты. Оның айтуынша, отбасы үшін аса қымбат дүниелермен қоштасу оңай болмағанымен, оларды халық игілігіне айналдыруды жөн санаған.– Ұлым екеуміз әкеміздің наградалары мен жеке заттары дәл осы музейден лайықты орын алуы тиіс деп шештік. Бұл жәдігерлер жастардың сол дәуірдің рухын тереңірек түсінуіне, Сағадат Қожахметұлының еліне және халқына шексіз адал болған тұлға екенін тануына ықпал етеді деп сенеміз. Біздің отбасы үшін бұл жәдігерлер – тек әкеміздің ғана емес, соғыс майданында ерлік көрсеткен, тылда аянбай еңбек еткен барлық ардагерлер мен аға буынға деген құрметтің белгісі, – деді Айсұлу Сағадатқызы.Әскери-тарихи музейде бұған дейін де Сағадат Нұрмағамбетовке арналған жеке экспозиция жұмыс істеп келеді. Енді ол 100-ден астам жаңа бірегей жәдігермен толықты. Олардың қатарында мемлекеттік наградалардың түпнұсқасы, әскери киім үлгілері, жеке құжаттар бар. Экспозициядағы ең құнды жәдігерлердің бірі – Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградаларының бірі саналатын «Отан» ордені. Сонымен қатар музей қорына Сағадат Қожахметұлына әр жылдары сыйға тартылған атаулы және сыйлық қарулар да тапсырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1263627?lang=ru
«Қазақстан Республикасында Орхус конвенциясының қағидаттарын іске асыру» тақырыбындағы дөңгелек үстел 24.07.2026
2026 жылғы 24 шілдеде Астана қаласында гибридті форматта «Қазақстан Республикасында Орхус конвенциясының қағидаттарын іске асыру» тақырыбында жыл сайынғы дөңгелек үстел өтті. Іс-шара ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК бірлесіп ұйымдастырды.Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің, өңірлік Орхус орталықтарының, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылар қатысты.Іс-шараның бірінші сессиясы Орхус конвенциясының қағидаттарын іске асыруда жұртшылықтың қатысуы мен сот төрелігіне қол жеткізу мәселелеріне арналды. Сессия барысында өңірлік Орхус орталықтары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қоғамдық қатысуды қамтамасыз ету және азаматтардың экологиялық құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісіп, бірқатар өзекті мәселелер мен ұсыныстарды ортаға салды.Екінші сессия экологиялық ақпаратқа қол жеткізу және оны заманауи цифрлық құралдарды пайдалана отырып тарату мәселелеріне арналды. Сессия барысында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК-ның өкілдері экологиялық ақпаратты жинауды, жүйелеуді және таратуды қамтамасыз ететін цифрлық жүйені таныстырды. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының өкілдері ғарыштық мониторингтің мүмкіндіктерімен таныстырып, оның қоршаған ортаның жай-күйін бақылау және өзекті экологиялық ақпарат алу үшін қолданылуын көрсетті.Іс-шара қорытындысы бойынша экологиялық ақпаратқа қол жеткізу жүйесін одан әрі дамытуға, жұртшылықтың экологиялық маңызы бар шешімдерді қабылдау процесіне қатысуын кеңейтуге, сондай-ақ мемлекеттік органдар, Орхус орталықтары, үкіметтік емес ұйымдар мен жұртшылық арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ұсынымдарды қамтитын хаттамалық шешім қабылданды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1263473?lang=ru
Қазақстан СІМ басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді 24.07.2026
Чолпон-Ата, 2026 жылғы 23 шілде - Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Кошербаев Қытай Компартиясы Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И, Пәкістан Ислам Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхаммад Исхак Дар және Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен екіжақты кездесулер өткізді.Кездесулердің күн тәртібі стратегиялық серіктестікті нығайту мен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуден бастап өзекті халықаралық мәселелер бойынша тәсілдерді үйлестіруге дейінгі екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін қамтыды.Ван Имен өткізілген келіссөздер барысында ерекше назар осы жылдың 15-17 шілдесінде Қытай Халық Республикасында (Шанхай қаласына) Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға Мемлекет басшысының жасаған жұмыс сапарының қорытындыларына, сондай-ақ жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға аударылды.Мұхаммад Исхак Дармен кездесуде тараптар белсенді саяси диалог пен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың серпінді дамуын оң бағалады. Бірлескен жобаларды іске асыруға, көлік-логистикалық байланысты дамытуға және өзара тауар айналымын 1 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту мақсатына ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су ресурстарын тұрақты басқару саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған Халықаралық су ұйымын құру бастамасын қолдағаны үшін Пәкістанға алғысын білдірді.Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен әңгіме барысында сыртқы саясат ведомстволарының басшылары екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Жоғары және биік деңгейдегі сапарлардың қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруға ерекше назар аударылды.Тараптар сондай-ақ БҰҰ, ШЫҰ, ИЫҰ және АӨСШК шеңберінде одан әрі ынтымақтасуға, сондай-ақ халықаралық бастамаларды өзара қолдауға дайын екендіктерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1263470?lang=ru
ҚОҚАТО стратегиялық экологиялық бағалау бойынша семинар-тренинг өткізді 24.07.2026
2026 жылғы 23–24 шілде күндері Астана қаласында (Sheraton қонақ үйі) Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК Қазақстан Республикасы Экология және «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығымен бірлесіп «Стратегиялық экологиялық бағалау: халықаралық тәжірибе, нормативтік негіздер және Қазақстан Республикасында қолдану практикасы» атты семинар-тренинг ұйымдастырып, өткізді.Іс-шара Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 51-бабын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылып, стратегиялық экологиялық бағалау (СЭБ) саласындағы мемлекеттік органдар мамандарының, стратегиялық құжаттар мен бас жоспарларды әзірлеушілердің, бизнес және сарапшылық қоғамдастық өкілдерінің кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталды.Семинар барысында қатысушылар СЭБ-ті қолданудың халықаралық тәжірибесін, оны Қазақстанда жүргізудің нормативтік-құқықтық негіздерін, бағалау кезеңдері мен рәсімдерін, аумақтарды жоспарлау кезінде халық денсаулығы факторларын ескеру мәселелерін, сондай-ақ қоғамдық талқылаулар мен консультацияларды өткізу тетіктерін қарастырды.Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Даулет Есмағамбетов пен «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» ШЖҚ РМК бас директоры Асхат Сұлтанбекович Кожумов қатысушыларға кіріспе сөз сөйлеп, стратегиялық экологиялық бағалауды орнықты дамуды қамтамасыз етудің және экологиялық тұрғыдан негізделген шешімдер қабылдаудың маңызды құралы ретінде қолданудың маңызын атап өтті.Семинардың модераторы – экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Бахыт Есекина.Семинар жұмысына спикерлер мен сарапшылар ретінде мыналар қатысты:* Бахыт Есекина – «Жасыл Академия» ҒБО директоры;* Жанар Тюлюбаева – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Гигиена және денсаулықты қорғау департаментінің директоры;* Ербол Оразбеков – Еуропалық Одақтың SWITCH-Asia жобасының ұлттық сарапшысы;* Балжан Жартыбаева – Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің өкілі.Семинар бағдарламасы теориялық және практикалық сабақтарды қамтыды. Ерекше назар стратегиялық экологиялық бағалау рәсімесін практикалық тұрғыдан қолдану мәселелеріне аударылды. Қатысушылар СЭБ жүргізудің кезеңдік алгоритмімен танысып, практикалық кейстерді талқылап, оны Қазақстанда енгізудің өзекті мәселелерін қарастырды.Семинарға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, бас жоспарлар мен стратегиялық құжаттарды әзірлеушілер, бизнес және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.Оқыту қорытындысы бойынша қатысушыларға семинардан өткені туралы атаулы сертификаттар табысталды. 📧 seminar.iac@iacoos.kz info@green-academy.kz 🌐 https://iacoos.kz www.green-academy.kz Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1263380?lang=ru
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты 24.07.2026
2026 жылғы 24 шілде, Шолпан-Ата - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты.Делегациялар басшылары қазіргі халықаралық ахуал жағдайында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси үйлестіруін одан әрі тереңдету мәселелері бойынша пікір алмасты, сондай-ақ 2026 жылғы 1 қыркүйекте Бішкек қаласында өтетін алдағы ШЫҰ саммитіне дайындық барысын талқылады.Е.Көшербаев өз сөзінде өңірлік қауіпсіздікті нығайту мен көпсалалы ынтымақтастықты дамытудағы ШЫҰ-ның ерекше рөлін атап өтіп, Қазақстанның Ұйым қызметін қолдауды өзгеріссіз жалғастыратынын растады.Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы ШЫҰ-ны одан әрі жетілдіру және оның институттарын қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге бейімдеу қажеттілігіне ерекше назар аударды.ҚР Сыртқы істер министрі халықаралық ахуалдың қарқынды өзгеруі жағдайында жаһандық экономиканың орнықтылығы мен халықаралық сауданың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері ерекше өзектілікке ие болып отырғанын атап өтті.«Әскери сипатқа ұласып отырған геосаяси тұрақсыздық сауда қатынастарының орнықтылығына елеулі әсер етуде. Бүгінде жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі, оның ішінде Қазақстан үшін де, барған сайын өзекті бола түсуде. Бұған энергетикалық инфрақұрылымға және Қазақстан мұнайын тасымалдау үшін жалға алынған танкерлерге белгісіз ұшқышсыз жүйелердің шабуылдары дәлел. Осындай жағдайда сауда бағыттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен күш-жігердің маңызы арта түседі», – деді Е.Көшербаев.Бұған дейін мәлімделгендей, Қазақстан заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтарды және халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған кез келген әрекеттерді мүлдем жол беруге болмайтын іс-әрекет ретінде қарастырады.ҚР министрі ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі ретінде климаттың өзгеруіне бейімделу және су ресурстарын ұтымды пайдалану салаларындағы бірлескен жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын және ШЫҰ-ның Су проблемаларын талдау орталығын құру жөніндегі бастамаларға мүше мемлекеттердің қолдау білдіретініне сенім білдірді.Отырыс қорытындысы бойынша ШЫҰ-ның тиімділігін арттыруға бағытталған негізгі құжаттардың жобалары, оның ішінде ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған Бішкек декларациясы мақұлданды.Іс-шара аясында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен ұжымдық кездесуі өтті.Кездесу барысында ШЫҰ шеңберіндегі көпсалалы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің, сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттер халықтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асырудың маңыздылығы аталып өтті.ҚР Сыртқы істер министрі Е.Көшербаев Қырғыз Республикасының ШЫҰ-ға төрағалығын одан әрі қолдауға дайын екенін білдіріп, Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттермен өзара тиімді әрі сындарлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілдігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1263269?lang=ru
Алматы облысындағы Кемертоған ауылының 18 мыңнан астам тұрғыны таза тіршілік нәріне қол жеткізеді 24.07.2026
Қарасай ауданының Кемертоған ауылында су құбыры жүйесі жаңартылып, жаңғыртудан өтуде. Жоспар бойынша әрқайсының сыйымдылығы 1 400 текше метр болатын екі резервуар, екі су ұңғымасы салынып, ұзындығы 184 шақырымнан асатын магистральдық және абоненттік су желісі тартылады. Нәтижесінде 18 мың тұрғын таза ауызсумен қамтылады. Жобаның жалпы құны – 4,7 млрд теңге. Құрылыс жұмысы келесі жылдың аяғына дейін толық аяқталады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Бүгінде Кемертоған ауылында 40 мыңнан астам халық бар. Тұрғындар саны күн санап артып келеді. Сол себепті су жетіспеушілігі мәселесі туындап отыр. Көбі ауласындағы құдық суын пайдаланады. Бірақ оның сапасы өте нашар. Сондықтан қолға алынған жобаны жедел іске асыру өте маңызды.Осыған орай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысты. Аймақ басшысы су желісінің сапасына ерекше мән беру керегін баса айтып, халық игілігі жолындағы жобаны мерзімінде аяқтауды тапсырды.Қазіргі таңда қажетті құрал-жабдықтар мен матариалдар әкелініп, 10 шақырым манистральды желі салынды. Биылға қажет 2,4 млрд теңге қаражат толығымен бөлінген.Марат Елеусізұлы сондай-ақ Іле ауданы Қараой ауылдық округіндегі «Чала», «Құралас» және «Қосөзен» магистральдық каналдарын қайта жаңғырту жобасы іске асырылып жатқан алаңда болды. Жобаның жалпы құны 4 млрд теңгеден асады. Қазіргі таңда аталған каналдар арқылы 2 090 гектар ауыл шаруашылығы жері суғарылып жатыр. Жоба толық аяқталған жағдайда бұл көрсеткіш 2 815 гектарға жетіп, қосымша 725 гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіледі.Аймақ басшысы Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылындағы «Smart Adam Agro» ЖШС-ның жұмысымен де танысты. Компания құны 1,2 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Кәсіпорын 900 гектар суармалы алқапта автоматтандырылған суару жүйесін енгізуде. Биыл 200 гектар жерге күздік дақыл егілген. Оның 190 гектарына қыша, 10 гектарына зығыр себілді. Көктемде жоңышқа алқабын 400 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Шаруашылықта жоңышқа мен қызанақ та өсірілуде.«Заманауи агротехнологияларды енгізу, суармалы жерлерді тиімді пайдалану және қайта өңдеу өндірісін дамыту – азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын құрудың негізі. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті шешімдерді қабылдап, қолдау көрсетуді жалғастырамыз», – деді Марат Сұлтанғазиев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1263205?lang=ru
Еңбек адамына көрсетілген құрмет: Алматы облысының әкімі коммуналдық қызметкерлермен бірге тазалыққа шығып, таңғы ас ішті 24.07.2026
Алматы облысында әр апта сайын өтетін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ерекше кездесу ұйымдастырылды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев коммуналдық қызметкерлермен бірге жағажайды қоқыстан тазартып, кейін қарапайым жұмысшылармен таңғы ас үстінде әңгімелесті.Қонаев қаласының тазалығына жауапты жұмысшылар үшін бұл күтпеген кездесу болды. Таңмен таласа тұрып, көше сыпыруға шығатын коммуналдық қызмет мамандары өңір басшысымен бірге тазалық жұмыстарын жүргізді. Тіпті көкейдегі сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты.Әкім еңбек адамдарының күнделікті тіршілігіне, жұмыс жағдайына, мамандықтың қиындығына және тұрғындардың тазалық мәдениетіне қатысты ойын тыңдады. Ресми жиындардағыдай емес, ашық форматтағы әңгімеде жұмысшылар өз ұсыныстары мен мәселелерін бүкпесіз жеткізді.Тазалық жұмыстары аяқталған соң кездесу ақ дастархан басында жалғасты. Таңғы ас үстінде әңгіме тек коммуналдық сала төңірегінде өрбіген жоқ. Қатысушылар өңірдің дамуы, көшелердің тазалығы, отбасы, бала тәрбиесі, күнделікті өмір мен еңбек адамдарының қоғамдағы орны туралы да ой алмасты.Коммуналдық қызметкерлер мұндай кездесуден ерекше әсер алғанын жасырмады. Олар, қарапайым жұмысшыларға көңіл бөліп, уақыт тапқан облыс басшысына ризашылықтарын білдірді.Кездесу соңында коммуналдық қызметкерлерге естелік сыйлықтар табысталып, көше тазалығына жауапты жұмысшыларға әкім алғыс айтты.«Өңірдің таза әрі жайлы болуы – сіздердің күн сайын атқарып жүрген жауапты қызметтеріңіздің нәтижесі. “Таза Қазақстан” тұжырымдамасы еліміздің Конституциясында белгіленген негізгі қағидаттардың бірі. Қоршаған ортаны, туған жерімізді таза ұстау баршамыздың міндетіміз. Осы мақсатта атқарып жүрген еңбектеріңіз үшін Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін», – деді облыс әкімі.Айта кетейік, Алматы облысында әр апта сайын “Таза бейсенбі” шарасы тұрақты түрде ұйымдастырылады. Оған тұрғындар, бизнес өкілдері, жастар, қоғам белсенділері мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысуда. Ал, еңбек адамдарының қоғамдағы мәртебесін арттыру, экологиялық мәдениетті нығайту және жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы ашық диалогты дамытуға бағытталған бүгінгідей кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бұл-коммуналдық сала қызметкерлерінің ұсыныстары мен мәселелерін тікелей тыңдап, олардың еңбегіне құрмет көрсетуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1263158?lang=ru
Кеше – ауылдас, бүгін – қарулас: Қызылтөбе ауылынан шыққан 13 сарбаз авиациялық мамандықтарды меңгеріп жатыр 24.07.2026
Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институтының кіші авиациялық мамандар даярлау орталығында Қызылтөбе ауылынан әскерге шақырылған 13 әскери қызметші мерзімді әскери қызметін өтеп жүр. Шағын ғана ауыл үшін бұл жай ғана сәйкестік емес, ерекше мақтаныш. Бір көшеде өсіп, бір мектепте білім алған, бала күннен қалыптасқан достықтарын әскер қатарында да сақтап қалған жерлестер бүгінде иық тіресе Отан алдындағы борышын атқаруда.Олардың қатарында Тоқтар, Талас, Нұртас, Жасұлан Наурызбай, Азамат, Арман, Айдос, Нұрмұхаммед, Ербол, Жасұлан Қалабай, Дәурен, сондай-ақ ағайынды Нұрдәулет пен Ердәулет Мұхаммединдер бар. Мерзімді әскери қызметті бірге өткеруге саналы түрде шешім қабылдаған жігіттер бүгінде әскери мамандықты қатар меңгеріп, дайындықтың әр кезеңінде бір-біріне қолдау көрсетіп келеді.Қызмет барысында жас сарбаздар әскери авиацияның қызметін қамтамасыз етуге қажетті сұранысқа ие әскери-техникалық мамандықтарды игеруде. Олар автомобильдік оттегі құю станциясын, аэродромдық құрамдастырылған дала машинасын, аэродромдық жылжымалы агрегатты және аэродромдық жанармай құю техникасын пайдалану мен қызмет көрсетуді үйреніп жатыр. Тәжірибелік сабақтар барысында әскери қызметшілер ұшу қауіпсіздігі мен үздіксіз ұшу үдерісін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын арнайы аэродром техникасымен жұмыс істеу дағдыларын да меңгереді.– Біз бір ауылда өстік. Бала күнімізден бір-бірімізді жақсы танимыз. Сондықтан армияда да өзімізді бір ұжымның мүшесіндей сезінеміз. Жаңа мамандықтарды бірге меңгеріп, сабақ барысында бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Біз тек өзіміз үшін емес, туған-туыстарымыз, туған ауылымыз және еліміз үшін қызмет етіп жүргенімізді жақсы түсінеміз. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік, – дейді қатардағы жауынгер Арман Оразбеков.Оқу бағдарламасы теориялық дайындық пен қарқынды тәжірибелік сабақтарды ұштастырады. Әскери қызметшілер арнайы техниканың құрылымы мен пайдалану тәртібін меңгеріп, түрлі жағдайда іс-қимыл жасауға машықтанып, авиациялық бөлімдердің аэродромдық-техникалық қамтамасыз етілуіне қажетті кәсіби дағдыларды игереді.Қызылтөбеден шыққан 13 ауылдастың оқиғасы – туған жерге деген сүйіспеншіліктің, өзара қолдаудың және жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Олар әскер мектебінен бірге өтіп, бір-біріне демеу болып, өз істерімен Отанға деген сүйіспеншілік туған ауылдан басталатынын дәлелдеп жүр.Қызылтөбе тұрғындары үшін олардың әскери қызметі ерекше мақтанышқа айналса, жас буын үшін бұл – Отан қорғаудың адамдарды біріктіріп, мінезді шыңдайтынын әрі заманауи әскери мамандықтарды меңгеруге жол ашатынын көрсететін жарқын үлгі. Әсіресе достарымен қатар туған ағайынды азаматтардың да бірге қызмет атқаруы ерекше мәнге ие. Бұл туған елге адалдық пен Отанға қызмет ету дәстүрінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан отбасылық құндылық екенін айқын көрсетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1262914?lang=ru
Үкімет ӘМАТ бағасын тұрақтандыру шараларын күшейтуде 24.07.2026
Шілдедегі үш аптаның қорытындысы бойынша ӘМАТ бағасының орташа индексінің -0,1%-ға төмендеуі жыл басынан бері алғаш рет тіркелді. Бұл дерек Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен инфляция бағасын тұрақтандыру мәселесі жөніндегі кеңесте айтылды.Маусым қорытындысы бойынша елдегі жылдық инфляция 10,3% (мамырда 10,4%). Орташа республикалық деңгейден жоғары жылдық инфляция деңгейі еліміздегі 11 өңірде байқалды. Ең жоғары көрсеткіш Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Жетісу мен Ақмола облысында тіркелді.Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова хабарлағандай, шілде мен тамыз дәстүрлі түрде негізгі азық-түлік бағасын маусымдық тұрақтандыру кезеңі. Соңғы аптада қызанақ (-15,1%), қияр (-18,2%), сәбіз (-5,2%) және жұмыртқа (-2,4%) айтарлықтай арзандады. Сонымен қатар, кейбір ет өнімдеріне, қой етіне (2%), жылқы етіне (1,3%) және тартылған етке (0,6%) бағаның өсуі сақталуда.Осыған байланысты Серік Жұманғарин Үкіметтің одан арғы іс-қимылын айқындау үшін өндіріс көлемін, ішкі тұтыну мен экспорттық жеткізілімді ескере отырып, ет және ет өнімдерін өндіру нарығына егжей-тегжейлі талдау жүргізуді тапсырды.Бағаны одан әрі тұрақтандырудың негізгі факторының бірі ішкі өндірісті ұлғайту және отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту. Жыл соңына дейін өсімдік майын тазартатын үш зауытты пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл ішкі нарықтағы күнбағыс майын ұлғайтуға мүмкіндік береді.Жақын арада нан пісіру саласының 40 кәсіпорны үшін электр энергиясына жеңілдетілген тарифті көздейтін нормативтік құқықтық акт күшіне енеді. Бұл шара өндірістік шығынды төмендетуге мүмкіндік беріп, нан-тоқаш өнімінің тұрақты бағасын сақтауға ықпал етеді.Бұдан басқа, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ел ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының темір жол тасымалына 70% жеңілдік ұсынады. Жергілікті атқарушы органдарға осындай тасымалдарға мониторинг жүргізуді және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша қарсы міндеттемелерді қолдаудың осы шарасын алушылардың орындауын бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.Кеңесті қорытындылай келе, Серік Жұманғарин мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге нарық қатысушыларымен атаулы жұмысты күшейтуді тапсырды.«Бағаның айтарлықтай өсуінің әрбір жағдайы бойынша жеткізілімнің барлық тізбегін талдау және қымбаттаудың себебін жою қажет. Бейінді министрліктер мен әкімдіктерге ірі көтерме жеткізушілермен және импорттаушылармен кездесулер өткізуді, қолданыстағы кедергілерді айқындауды және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша қарсы міндеттемелерді міндетті түрде қабылдаған кезде мемлекеттік қолдаудың қажетті шараларын әзірлеуді тапсырамын. Дәл осындай жүйелі жұмысты тиісті нарықтардың ерекшеліктерін ескере отырып, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер саласында да ұйымдастыру қажет. Әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде көзделген шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етуі тиіс», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.Бұдан бөлек, вице-премьер ғылым және жоғары білім, сондай-ақ ағарту министрліктерімен білім беру қызметтерінің құнын тұрақтандыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1262905?lang=ru