Enbekshi QazaQ

Қуқық

Қызылорда облысындағы Ақжарма елді мекені тұрғындары табиғи газ тұтына бастады 23.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және зиялы қауым өкілдері Сырдария ауданына жұмыс сапары кезінде Ақжарма ауылына газ қосу рәсіміне қатысты. Салтанатты шарада аймақ басшысы ауыл тұрғындарын көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. «Мемлекет басшысы ауылдарға инфрақұрылым жеткізуге ерекше көңіл бөлуде. Бүгін Сіздер көптен күткен, ауыл халқының тұрмыс-тіршілігіне жаңа тыныс беретін табиғи газ қосуға жиналдық. Бұл жобаға бюджеттен 1,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Өткен жылы Нағи Ілиясов, Шаған ауылдарына газ қосылып, ел игілігін көруде. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Егемен еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!», - деді аймақ басшысы. Шарада тыл ардагері Өмірбек Сағындықов сөз сөйлеп, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және газ тарту жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде жүргізген мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Рәсімнен кейін аймақ басшысы ауыл тұрғындарының үйлеріне барып, естелік сыйлық табыстады. Өңірде 2022 жылдан бері 65 млрд. теңгеден астам қаржыға 77 газдандыру жобасы жүзеге асты. Нәтижесінде облыс халқын газдандыру деңгейі 83 пайыз болды. Биыл жыл соңына дейін 10 елді мекенге көгілдір отын қосылып, қамту деңгейі 85 пайызға жеткізіледі. Жақын күндері Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі, Қоғалыкөл және Бесарық ауылдарын газдандыру басталады. Сапар барысында аймақ басшысы Ақжарма, Шаған, Іңкәрдария, Нағи Ілиясов, Шіркейлі ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Онда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтылып, жиналған жұртшылық ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1262747?lang=ru
Шетелдік журналистерді құрылтай сайлауына жариялау үшін аккредиттеу туралы 23.07.2026
Құрметті шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері! Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын жариялауға ниетті шетелдік бұқаралық ақпарат құралдар өкілдері үшін аккредиттеу басталғанын хабарлайды.Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шетелдік журналистер Қазақстан Республикасының аумағында кәсіби қызметін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі берген тұрақты немесе уақытша аккредиттеу болған жағдайда ғана жүзеге асыра алады.Шетелдік БАҚ өкілдеріне жеке басын куәландыратын құжатты ұсынған жағдайда бір аудармашымен бірге жүруге рұқсат етіледі.Шетел бұқаралық ақпарат құралдарында өкілдеріне аккредиттеу  өтінімдерін ү.ж. тамыздың 16-на дейін, хаттың тақырыбында «Kurultai Elections 2026» деп көрсетіп,   келесі электронды поштасы арқылы жіберуді сұраймыз: accreditation@mfa.kzАккредиттеу үшін қажетті құжаттар:журналисті аккредиттеуді сұрайтын бас редактордың хаты;журналистің қолданыстағы шетелдік паспортының көшірмесі;толтырылған аккредиттеу нысаны;журналистің электрондық фотосуреті (3×4 см);БАҚ туралы анықтамалық ақпарат.Сұрақтар туындаған жағдайда ҚР СІМ баспасөз қызметіне  +7 7172 72 01 33 телефоны арқылы хабарласуды сұраймыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1262500?lang=ru
Қостанайда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Таза ойындар» өтті 23.07.2026
Бүгін «Ақ шаңырақ» демалыс аймағында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Таза ойындар» экологиялық акциясы өтті.Іс-шараға «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағының 100 сарбазы қатысып, бес командаға бөлініп, аумақты тазалау бойынша өзара сайысқа түсті.Қатысушылар демалыс аймағына іргелес аумақты тұрмыстық қалдықтардан тазартып, жиналған қоқысты сұрыптады. Экологиялық сайыс қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған команда жеңімпаз атанды. Нәтижелерді бағалау кезінде жиналған қалдықтардың көлемі мен оларды сұрыптау сапасы ескерілді. Жеңімпаздар мен барлық қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.Акция қорытындысы бойынша қатысушылар шамамен жарты тонна тұрмыстық қалдық жинап, оларды сұрыптап, әрі қарай қайта өңдеуге және кәдеге жаратуға жіберді.Қостанай облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Абай Дүйсековтың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың экологиялық жауапкершілігін және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.«Таза ойындар» – қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың қызықты, бірлікке үндейтін әрі нағыз командалық форматта жүзеге асатынын көрсететін мүмкіндік. Бүгін жастар тек аумақты тазалап қана қоймай, «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға өздерінің жеке үлесін қосты. Табиғатқа және туған өлкеге жанашырлық дәл осындай бастамалардан басталады, – деді Абай Дүйсеков.«Таза ойындар» форматы пайдалы экологиялық бастаманы командалық сайыспен ұштастырып, жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға және қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін насихаттауға мүмкіндік берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1262491?lang=ru
Түрген көпірі үш ай ішінде қайта салынады 22.07.2026
Бірнеше апта бұрын толассыз жауған нөсір салдарынан Түрген суы арнасынан тасып, өзен арқылы өтетін көпір шайылып кетті. Бұл нысан 2024 жылы апатты деп танылған. Қазіргі таңда жауапты мердігер анықталып, көпір қайта қалпына келтірілуде. Құрылыс үш ай ішінде аяқталады деп жоспарланған. Бүгін Марат Сұлтанғазиев нысанға арнайы барып, құрылыс барысын тексерді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Қазіргі таңда мұнда 4 техника жұмыс істеп тұр. 10-нан астам қызметкер еңбек етуде. Көпір құрылысы бір апта бұрын басталған. Демонтаждау жұмысы толық аяқталып, бұрғылау шарасына дайындық жүргізілуде. Мердігердің айтуынша, қараша айында жұмыс толығымен аяқталады.«Бұл көпір – тұрғындар мен туристер үшін маңызды нысан. Сондықтан жұмыс сапасы мен мерзімінде аяқталуына ерекше мән берілуі керек. Құрылыс барысында барлық техникалық талап қатаң сақталуы тиіс», – деді аймақ басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1262177?lang=ru
Марат Сұлтанғазиев: Экологиялық қауіпсіздікке салғырт қарауға болмайды 22.07.2026
Талғар ауданы Ақтас ауылы маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында 18 шілде күні өрт шығып, жалын 500 шаршы метр аумақты шарпыды. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде тілсіз жау ауыздықталды. Ол үшін 45 қызметкер мен 30-ға жуық техника жұмылдырылды. Аталған полигонға бүгін аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев барып, аудан әкімдігі мен төтенше жағдай қызметіне нақты міндеттер жүктеді, – деп хабарлайдыМамандардың айтуынша, өрттің таралуына жол бермеу мақсатында жалын жайлаған жерге инертті материалдар төгіліп, Үлкен Алматы каналынан үздіксіз су жеткізілген.Аталған полигонның жарты бөлігі жекеменшік иесіне тиесілі. Өрт дәл осы аумақта тұтанған. Бірақ меншік иесі әлі табылған жоқ. Ал қалған аумаққа 10 жылдан бері «ECO SERVICE GROUP» ЖШС жауапты. Олар қоқысты қабылдап, сұрыптаумен айналысады. Бірақ компания осы жұмысты дұрыс атқара алмай отыр.Марат Елеусізұлы мұндай жауапсыздық экологияға қауіп төндіріп, халық денсаулығына кері әсерін тигізетінін айтты. Сондай-ақ меншік иесін тауып, жауапқа тартуды тапсырды.«Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында мұндай жағдай қайталанбауы тиіс. Себебі бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоршаған ортаның жай-күйіне тікелей әсер ететін мәселе. Полигондағы барлық талаптың сақталуын бақылауда ұстау керек. Меншік иесін шұғыл анықтап, заң аясында тиісті жауапкершілікке тарту қажет. Экологиялық қауіпсіздікке салғырт қарауға болмайды», – деді Марат Сұлтанғазиев.Аудан әкімдігінің мәлімдеуінше, жағдай толық бақылауға алынып, жалынның одан әрі таралуына жол берілген жоқ. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қызметкерлер штаттық режимде жұмысын жалғастыруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1262170?lang=ru
Қазақстан Елшісі Корея Республикасы Мемлекет басшысына сенім грамоталарын тапсырды 22.07.2026
Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Асет Исенали Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёнге сенім грамоталарын тапсырды.Салтанатты рәсім барысында Елші А. Исенали Президент Ли Чжэ Мёнге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен ізгі тілектерін жеткізді.Тараптар достық пен өзара қолдауға негізделген қазақ-корей кеңейтілген стратегиялық әріптестігінің жоғары деңгейін атап өтті. Саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға өзара мүдделілік расталды.Президент Ли Чжэ Мён Елші А.Исеналиді дипломатиялық миссиясының ресми басталуымен құттықтап, қызметіне табыс тіледі және екі ел арасындағы достық қатынастар мен кеңейтілген стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1262149?lang=ru
Алматы облысындағы Бесағаш ауылына жаңа су желісі салынды 22.07.2026
Алматы облысындағы Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігінде ауыз су мәселесін шешу мақсатында жалпы ұзындығы 32 шақырымнан асатын су құбыры тартылды. Нәтижесінде 800-ден астам абонент орталықтандырылған таза ауыз суға қосылды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа желі тартылған аумаққа барып, жобамен танысты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Қолданыстағы су желісі 1975 жылы салынған. Бүгінде құбырдың 95 пайызы тозған. Осыған байланысты «Бесағаш ауылын (оңтүстік бөлігі) сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы» жобасы іске асырылды. Қазір су құбыры әрбір тұрғын үйдің ауласына дейін жеткізілген. Ал әрі қарайғы жұмысты тұрғындар өз қаражаты есебінен жүргізеді.Қазіргі таңда Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігінде 3800-ден астам халық тұрады. Жаңа су желісі 800-ден астам абонентті таза тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді. Қалған 3000 үйді сумен қамтып отырған инженерлік желілерді коммуналдық мекеменің теңгеріміне беру шарасы жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе бір ай ішінде толық шешімін таппақ.Облыс әкімі тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, ауызсу желісі талапқа сай болу керегін айтты.«Халыққа жобаның талаптарын жан-жақты түсіндіру қажет. Сонымен қатар ауыз су барлық абонентке бірдей жетуі тиіс. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі», – деді Марат Сұлтанғазиев.Аймақ басшысы сондай-ақ Тұздыбастау ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және жаңадан салу жобасымен танысты. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттаманың 95 пайызы дайын. Оны толық аяқтау үшін қосымша 70 млн теңге қаражат қажет.Тұздыбастау ауылындағы су құбыры желісінің жалпы ұзындығы 127 шақырымды құрайды. Тұрғындардың шамамен 50 пайызы жергілікті ұңғымалар арқылы ауыз сумен қамтылған. Қалған тұрғын ауыз суды «Алматы су» мекемесінен сатып алып, пайдалануда. Сондықтан әзірленіп жатқан жобаның халыққа тигізер пайдасы мол. Облыс әкіміне Тұздыбастау халқын жарықпен қамту жайы да баяндалды. Қазіргі таңда мұнда 23 мыңнан астам тұрғын бар. Елді мекендегі электр желісінің жалпы ұзындығы – 175,5 шақырым. Бүгінде трансформаторлардың қуаты жеткіліксіз болып, жарық жиі сөнетін болған. Сондықтан қосымша екі трансформатор салу жоспарланған. Жоба іске асқаннан кейін қолданыстағы қосалқы станцияның жүктемесі айтарлықтай төмендейді.Марат Елеусізұлы жобалық-сметалық құжаттаманы тез арада аяқтап, тапсыруды міндеттеді. Сонда бюджеттік өтінім беруге мүмкіндік туады. Сондай-ақ аймақ басшысы халықты сумен және жарықпен қамтамасыз ету үшін барлық жауапты мамандар өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен кірісу керегін айтты. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1262163?lang=ru
Әскери-инженерлік институт курсанттары заманауи қауіпсіздік міндеттеріне арналған технологияларды әзірлеуде 22.07.2026
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында кәсіби әскери даярлықпен қатар курсанттардың ғылыми-зерттеу және жобалау қызметіне ерекше көңіл бөлінеді. Болашақ офицерлер заманауи технологияларды меңгеріп қана қоймай, қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы өзекті міндеттерді шешуге бағытталған инженерлік жобаларды да әзірлеумен айналысады.Осындай жобалардың бірі – 3-курс курсанты Шыңғысхан Шынтемировтың әзірлемесі. Ол басқару және байланыс арналарын басуға, радиоэлектрондық кедергілер жасауға, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы әрекет етуге арналған шағын көлемді радиоэлектрондық ықпал ету құрылғысын ойлап тапты. Бұл құрылғы Wi-Fi желілерінің жұмысын бұғаттай алады және арнайы міндеттерді орындау барысында қолдануға мүмкіндік береді.Тағы бір инновациялық жобаны курсант Василий Копильцев ұсынып отыр. Оның әзірлеген Under Car Vision құрылғысы автокөліктердің астыңғы бөлігін тексеруге арналған. Жүйе ауа райының кез келген жағдайында сапалы визуалды бақылауды қамтамасыз ететін қасиетке ие. Құрылғы электр желісінен де, аккумулятордан да қуат алады. Бұл оны тұрақты бақылау бекеттерінде де, көшпелі тексерулер кезінде де тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.– Бүгінде инженер тек қолданыстағы технологияларды меңгеріп қана қоймай, нақты міндеттерге сай жаңа шешімдер әзірлей білуі қажет. Сондықтан біз курсанттарды алғашқы курстан бастап ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстарына тартамыз. Өз жобаларымен жұмыс істеу олардың инженерлік ойлау қабілетін дамытып, талдау жасауға, тәжірибе жүргізуге және тың шешімдер табуға үйретеді. Дәл осындай құзыреттер болашақ офицерлердің кәсіби дамуының негізін қалыптастырып, қазіргі қауіпсіздік саласындағы сын-қатерлерге тиімді жауап беруге мүмкіндік береді, – деді Радиоэлектрондық барлау және радиоэлектрондық күрес кафедрасының аға оқытушысы, жоба жетекшісі подполковник Александр Кушнарев.Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында курсанттардың ғылыми әлеуетін дамыту – даярлықтың басым бағыттарының бірі. Инженерлік жобалармен айналысу болашақ офицерлерге теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануға, конструкторлық дағдыларын жетілдіруге және қазіргі заман талаптарына сай тиімді шешімдер әзірлеуге жол ашады.Курсанттардың ғылыми әзірлемелері салалық көрмелерде, байқауларда және ғылыми-практикалық конференцияларда тұрақты түрде таныстырылып келеді. Бұл болашақ әскери инженерлердің жоғары деңгейдегі даярлығын және олардың ғылыми-инновациялық әлеуетін айқын көрсетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1261566?lang=ru
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Германия Елшісімен кездесті 21.07.2026
Астана, 2026 жылғы 21 шілде – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев дипломатиялық миссиясы аяқталатын Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Моника Иверсенмен кездесті.Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы қазақ-неміс стратегиялық әріптестіктігі деңгейін жоғары бағалап, Астананың екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі жан-жақты дамытуға деген ұмтылысын атап өтті.Министр ынтымақтастықты тереңдетуге деген өзара ниет расталған ақпандағы Берлинге сапарының және «Орталық Азия – Германия» форматындағы министрлер кездесуінің маңыздылығын атап өтті.Германия Елшісі дипломатиялық миссиясы кезінде көрсетілген қолдау үшін шынайы ризашылығын білдіріп, Германияның Қазақстанмен өзара құрмет пен сенімге негізделген сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екеніне сендірді.Кездесу соңында Е.Көшербаев екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға қосқан жеке үлесі үшін Елшіге екінші дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1261428?lang=ru
Жасанды интеллекттен ұшқышсыз жүйелерге дейін: Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарына 1500 орын бөлінді 21.07.2026
Елімізде Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау науқаны жүріп жатыр. Талапкерлер 15-31 шілде аралығында әскери институттар мен колледждерге құжат тапсыра алады. Биыл әскери институттарға 723, ал әскери колледждерге 760 орын бөлінген. Оқу барысында курсанттар мен кадеттер мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етіледі. Ал оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде әскери лауазымдарға тағайындалады.Қабылдау науқанының барысы және әскери білім беру жүйесінің дамуы туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев мәлімдеді.Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда заманауи қарулы қақтығыстар жағдайында тиімді әрекет ете алатын жаңа буын офицерлері мен сержанттарын даярлауға бағытталған әскери білім беру жүйесін кешенді жаңғырту жүргізілуде.Аталған жүйе тоғыз әскери оқу орнын – үш институтты, бес колледжді және Ұлттық қорғаныс университетін біріктіреді. Сонымен қатар, ол орта арнаулы білімнен бастап магистратура мен докторантураға дейінгі барлық дайындық деңгейлерін қамтиды.Басты басымдықтар – тәжірибеге бағытталған оқыту, цифрлық технологияларды енгізу және қазіргі заманғы армия үшін аса қажетті бағыттар бойынша білікті мамандар даярлау.– Заманауи қарулы қақтығыстар әскери кадрларды даярлауда жаңа тәсілдерді талап етеді. Сондықтан оқу үдерісіне ақпараттық қауіпсіздік, криптология, радиоэлектрондық күрес, әскерді автоматтандырылған басқару жүйелері, ұшқышсыз авиациялық жүйелерді қолдану, сондай-ақ жасанды интеллект, виртуалды және толықтырылған шынайылық технологиялары бойынша пәндер белсенді енгізіліп жатыр, – деді полковник Мұрат Олжабаев.Реформаның негізгі бағыттарының бірі – қабылдау науқанын цифрландыру. Өткен жылдан бастап әскери оқу орындарына құжаттарды eGov.kz порталы арқылы тапсыруға мүмкіндік берілді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің ықпалдастырылуының арқасында құжаттарды рәсімдеу мерзімі 120 күннен 30 күнге дейін қысқарып, іріктеу рәсімдері елдің барлық өңіріндегі талапкерлер үшін ашық әрі қолжетімді бола түсті.Спикердің мәліметінше, жастардың әскери білімге деген қызығушылығы артып келеді. Өткен жылғы қабылдау науқанының қорытындысы бойынша әскери колледждерде бір орынға орта есеппен үш үміткерден, ал әскери институттарда екі үміткерден келген. Ең сұранысқа ие мамандықтардың қатарында авиация, әскери медицина, автоматтандыру, ақпараттық коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік салалары бар.Қорғаныс министрлігі болашақ офицерлердің практикалық даярлығына ерекше көңіл бөліп отыр. Курсанттар әскери бөлімдерде тағылымдамадан өтіп, түраралық оқу-жаттығуларға оқу-жаттығуларға қатысады, сондай-ақ барлау, байланыс, радиоэлектрондық күрес және әскерді басқарудың заманауи құралдарын меңгереді. Сонымен қатар, оқу бағдарламасына қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі мен ұшқышсыз авиациялық жүйелерді қолдану тәсілдері енгізілген.Әскери білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық та кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта 300-ден астам қазақстандық курсант Қытай, Түркия, Корея Республикасы, АҚШ, Ресей Федерациясы, Әзербайжан, Армения және Беларусь елдерінің әскери оқу орындарында Қазақстан Қарулы күштеріне қажетті мамандықтар бойынша білім алып жүр.Қорытындылай келе Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы әскери білім беру жүйесін жаңғырту әскери қызметшілерді даярлаудың жоғары технологияларға негізделген жаңа моделін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Бұл модель тәжірибеге бағдарлануды, көшбасшылық қасиеттерді дамытуды және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заманауи талаптарға сай білікті мамандар даярлауды көздейді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1261298?lang=ru
Қайыңды көліне апаратын автожол құрылысы тамыз айында аяқталады 21.07.2026
Алматы облысындағы Қайыңды көліне апаратын аудандық маңызы бар автомобиль жолы тамыз айында ел игілігіне беріледі. Қазіргі таңда өрге қарай бағытталған ойлы-қырлы жол тегістеліп, негізгі жұмыстар тәмамдалды. Енді асфальт төсеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінге дейін жол бойындағы 42 (100%) су өткізгіш құбыр толық орнатылып, 2,5 шақырым жол асфальтталды.Жолдың жалпы ұзындығы – 10 шақырым. Жоба өткен жылдың қазан айында басталған. Жалпы құны – 2,43 млрд теңге. Биыл жол құрылысына жергілікті бюджеттен 1374,9 млн теңге қаржы бөлінген.Жоба өңірдегі көлік инфрақұрылымының талапқа сай болуына, жол сапасының жақсаруына септігін тигізеді. Жаңа жол пайдалануға берілгеннен кейін Қайыңды көліне қатынау едәуір жеңілдейді. Бұл өңірге келетін туристер санының артуына оң ықпал етеді. Осылайша, көрікті мекеннің сұлулығын тамашалауға асыққан қонақтар межелі жерге жылдам әрі қауіпсіз жете алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1261071?lang=ru
Тау-кен өнеркәсібін дамыту жобалары қаралды 21.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Liaoning Hongda Group» директорлар кеңесінің төрағасы Тан Цзюганды және аталған компанияның өкілдерін қабылдады.Кездесуде облыс әкімі компанияның Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға қосып отырған үлесін жоғары бағалап, Жаңақорған ауданында іске асырылатын жалпы құны 1,3 млрд АҚШ доллар болатын қорғасын-мырыш тау-кен байыту кешендері жобасының өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті.Жоба аясында екі карьер, екі тау-кен байыту фабрикасы және кейіннен металлургиялық зауыт салу жоспарланған. Өңір басшысы облыс әкімдігі тарапынан жоба «Жасыл дәліз» тетігіне енгізілгенін айтып, оны іске асыру барысында қажетті әкімшілік қолдау көрсетілетінін, жан-жақты сүйемелденетінін жеткізді.Өз кезегінде компания басшылығы жобаны іске асырудың қазіргі кезеңі, инфрақұрылым жеткізу және металлургиялық зауыт құрылысына дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық жобаларды уақытылы әрі тиімді іске асыру бағытындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.Айта кетейік, бүгінде компания Жаңақорған ауданында кен орнын игеру бағытындағы жобаның алғашқы кезеңін бастап, онда 260 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық, өндірістік әлеуетін арттырудағы маңызды жоба. Тау-кен саласын өркендетудегі бастамалар табысты әрі жүйелі жүзеге асып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1260964?lang=ru
Пусанда ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясы өз жұмысын бастады 20.07.2026
19 шілдеде Корея Республикасының Пусан қаласында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясы өз жұмысын бастады. Сессия 29 шілдеге дейін жалғасады.Шараның ресми ашылу рәсіміне Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мён және ЮНЕСКО-ның Бас директоры Халед Әл Анани қатысты.Сессияға ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенциясына 196 мемлекеттен шамамен 3 000 қатысушы, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен сарапшылық қауымдастықтың өкілдерін біріктірді.Отырыс барысында Ұйым Дүниежүзілік мұра тізіміне 30 жаңа ұсыныстың енгізілуін, сондай-ақ мұра объектілерінің сақталу жай-күйіне қатысты 147 есепті қарастырады.Қазақстан делегациясы Дүниежүзілік мұра комитетінің мүшесі ретінде сессия жұмысына белсенді қатысуда.Сессия барысында Қазақстан ұсынған «Маңғыстаудың жерасты мешіттері және олармен байланысты киелі нысандар» номинациясын қарау жоспарланып отыр.Еске сала кетейік, Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстаудағы бірегей жерасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу бағытындағы жұмысты бастауды тапсырған болатын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1260833?lang=ru
Заманауи сауда-ойын-сауық орталығын салу мәселесі талқыланды 20.07.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Казстройподряд» ЖШС құрылтайшысы, «TUKİB» түрік-қазақ кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Аталай Хикметті қабылдады.Тараптар облыс орталығында заманауи сауда-ойын-сауық орталығын салу жобасын талқылап, алдағы жоспарларды бірлесіп жүзеге асыру жайын қарастырды.«Өткен аптада Қызылорда облысына арнайы келіп, өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысқаныңыз үшін Сізге алғысымды білдіремін. Сол жолы заманауи сауда-ойын-сауық орталығын салуға қатысты жоспарды жан-жақты талқылаған болатынбыз.Баршамызға белгілі, «Казстройподряд» – халықаралық деңгейде танылған, күрделі құрылыс жобаларын табысты жүзеге асырып келе жатқан бірегей компания. Сіздердің мол тәжірибелеріңіз Қызылорда қаласында заманауи сауда-ойын-сауық кешенін салуға мүмкіндік береді деп сенеміз.Облыс әкімдігі жер телімі, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және мемлекеттік органдармен келісу рәсімдеріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», – деді аймақ басшысы.А.Хикмет өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, қолдау үшін алғысын білдірді.Айта кетейік, «Казстройподряд» ЖШС – 2005 жылы құрылған отандық құрылыс компаниясы. Негізгі қызметі – заманауи құрылыс индустриясын дамыту, жоғары сапалы әрі сенімді стандарттарды қалыптастыру. Компания осы уақытқа дейін сауда-ойын-сауық орталықтарын, кеңсе ғимараттарын, заманауи тұрғын үй кешендерін, қонақ үйлерді, білім беру ұйымдарын, спорт кешендерін және болат конструкциялардан тұратын түрлі нысандарды салған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1260799?lang=ru
Арнайы операциялар күштерінің командасы әскери көпсайыстан ҚР Қарулы күштерінің чемпионы атанды 20.07.2026
Тараз қаласында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің базасында әскери көпсайыстан Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл сайыс ең таңдаулы әскери қызметшілерін бір алаңға жинады.Байрақты бәсекеде тоғыз команда бақ сынасты. Қатысушылар 100 метрге жүгіру, турникке тартылу, кедергілер жолағынан өту, гранатаны алысқа лақтыру, сондай-ақ 1000 және 3000 метрлік қашықтықтарды бағындыру арқылы өздерінің шымырлығын, төзімділігі мен әскери шеберліктерін көрсетті. Жарысқа Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының мамандары төрелік етті.Тартысты өткен доданың қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте бірінші орынға Арнайы операциялар күштерінің құрамасы ие болды. Күміс жүлдені Десанттық-шабуылдау әскерлері қанжығасына байласа, Әуе қорғанысы күштерінің командасы қола жүлде алды. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы төртінші орынға табан тіреді. Жекелей сында жеңімпаздар үш жас санаты бойынша анықталды. 40 жастан асқандар арасында Арнайы операциялар күштерінің өкілі майор Болат Өтегенов дара шықты. 30 бен 40 жас аралығындағы додада «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 3-сыныпты сержанты Евгений Нам жеңісті қолдан бермеді. Ал, 30 жасқа дейінгілер арасында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің өкілі аға лейтенант Шыңғыс Құдайберген ең үздік нәтиже көрсетті.Бұл чемпионат әскери қызметшілердің денгейін өсіруге, әскери-қолданбалы дағдыларын шыңдауға және Қарулы күштерде армиялық спортты дамытуға бағытталған маңызды кезең болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1260303?lang=ru
Алматы облысында инвестиция көлемі 18,5%-ға артты 20.07.2026
Биылғы жартыжылдық қорытындысы бойынша Алматы облысында экономика өсімі 114,8%-ға жетіп, республика бойынша алғашқы үштіктің қатарына енді. Бұл көрсеткіштің негізгі қозғаушы күші – өнеркәсіп саласы. Өңірде әсіресе өңдеу өнеркәсібінде айтарлықтай өсім байқалады. Жаңа өндіріс орындарының саны артып, қолданыстағы кәсіпорындардың қуаты ұлғайып келеді. Жыл соңына дейін өндіріс көлемін 2,7 трлн теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ облыс экономикасына 532,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 18,5%-ды құрады. Бұл туралы 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында атқарылған жұмыс қорытындысына арналған әкімдік отырысында айтылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Марат Сұлтанғазиев төрағалық еткен жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйым өкілдері және өзге де жауапты мамандар қатысты. Жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, бюджеттің атқарылуы қаралып, алдағы міндеттер айқындалды. Кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту барысы кеңінен талқыланды. Сонымен қатар құрылыс қарқынын арттыру, жылыту маусымына дайындық, елдімекендерді селден қорғау және ауыл шаруашылығы саласын ілгерілету күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болды. Өңір экономикасының жетекші бағыттарының бірі – агроөнеркәсіп саласы. Бүгінде бұл бағытта жалпы құны 594,7 млрд теңге болатын 43 инвестициялық жоба іске асырылуда. Биыл 106,3 млрд теңге көлеміндегі 9 жобаны пайдалануға беру жоспарланған. Аймақ басшысының айтуынша, жобаларды іске қосып қана қоймай, толық қуатында жұмыс істеуін, нақты нәтиже көрсетуін назарда ұстау қажет. Сондай-ақ пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысын күшейту, субсидиялардың тиімді пайдаланылуына бақылау жүргізу маңызды міндеттердің бірі екенін жеткізді.Әкімдік отырысында шағын және орта бизнесті қолдау барысы да кеңінен талқыланды.«Әрбір қолдау шарасы жаңа өндіріс орындарын ашуға, жұмыс орындарын құруға және бюджет кірісін арттыруға бағытталуы тиіс. Инфляция деңгейі мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өзгеруі – тұрғындардың әл-ауқатына тікелей әсер ететін мәселе. Бұл жұмыс тек бағаны бақылаумен шектелмеуі тиіс. Өсім себептерін анықтау, алдын алу шараларын қабылдау, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету, тауар қорын қалыптастыру және баға тұрақтылығын сақтау бойынша нақты шаралар қабылдануы қажет», – деді облыс әкімі.Өңірде құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, соңғы 6 айда 172 млрд теңгеден астам қаржыға құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 843,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Әкімдік отырысында осы қарқынды төмендетпей, жоспарланған нысандардың уақытылы аяқталуына және құрылыс сапасының талапқа сай болуына баса назар аударылды.Жиында жетістіктермен қатар, кейбір салалар бойынша кемшіліктердің бар екені сөз болып, оның себептері мен шешу жолдары қаралды. Мысалы, ауыл шаруашылығы, халықты жұмыспен қамту, денсаулық сақтау салаларында бірқатар жетіспеушіліктер бар. Облыс әкімі жауапты мамандарға жедел түрде шешім қабылдап, олқылықтың орнын толтыруды міндеттеді.«Қол жеткізілген нәтижелерге босаңсуға болмайды. Бірқатар бағыттарда әлі де өзекті мәселелер бар. Алдымызда ауқымды міндет тұр. Биыл жалпы өңірлік өнім көлемін 7,4 трлн теңгеге жеткізуіміз қажет. Бұл экономикаға қосымша 730 млрд теңге көлемінде өнім қосуды талап етеді. Мұндай нәтижеге экономиканың барлық саласында тұрақты өсімді қамтамасыз етпей қол жеткізу мүмкін емес. Сондықтан бекітілген жоспардың орындалуы тұрақты бақылауда болуы тиіс. Бұл – барлық деңгейдегі басшылардың жеке жауапкершілігі», – деді Марат Елеусізұлы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1260271?lang=ru
Құрлық әскерлерінде заманауи жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін мотоцикл басқаруды меңгеруде 20.07.2026
Қарулы күштерде бөлімшелерді даярлауды жетілдіру шаралары үздіксіз жалғасуда. Гвардейск гарнизонының Оқу орталығы базасында Құрлық әскерлерінің жеке құрамы заманауи жағдайдағы ұтқырлық пен іс-қимыл тиімділігін арттыруға бағытталған мотоцикл басқару курсынан өтіп жатыр.Арнайы дайындыққа Құрлық әскерлерінің түрлі әскери бөлімдерінен 60-тан астам әскери қызметші тартылды. Курс барысында олар жаңа техниканы зерделеп, оларды пайдаланудың қыр-сырын меңгеруде.- Біз тек мотоцикл жүргізушілерін ғана даярлап жатқан жоқпыз. Біздің басты міндетіміз – жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде техниканы тиімді қолдануға үйрету. Сондықтан бағдарлама әскери қызметшілердің мотоциклді жеке де, бөлімше құрамында да нық әрі сенімді басқара алуына негізделген, – деп атап өтті Құрлық әскерлеріне қарасты Бас қару-жарақ басқармасы техникалық қамтамасыз ету басқармасының бастығы полковник Владислав Кулагин.Оқу бағдарламасы 60 сағаттық теория және 100 сағаттық тәжірибе дайындығынан тұрады. Тәлім беру ісі қарапайымнан күрделіге көшу принципі бойынша құрылған. Мәселен, әскери қызметшілер алдымен техниканың құрылымы мен қауіпсіздік талаптарын оқып-білсе, кейін белгіленген жерлерде мотоцикл жүргізуді және шағын топтар құрамында тапсырмаларды орындауды үйренеді.Ал, практикалық сабақтар кезінде түрлі маневрлер жасау, арнайы кедергілерден өту, қолайсыз жерлермен жүру және де әртүрлі жағдайларда басқару дағдыларын жетілдіру шаралары пысықталады. Курс соңында әскери қызметшілер емтихан тапсырып, тиісті санаттағы жүргізуші куәліктерін алады.Бүгінгі таңдағы қарулы қақтығыстар тәжірибесі көрсеткендей, жылдамдық, маневрлер жасауға икемділік және іс-қимыл ауданын жедел өзгерте алу қабілеті, бұл жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орындаудың басты факторына айналып отыр. Бұл, әсіресе, негізгі күштерден жырақ, қиын жерлерде шағын топтармен әрекет ететін бөлімшелер үшін өте маңызды.Мотоциклдер бөлімшелердің оқ-дәрі мен маңызды мәліметтерді жеткізу, әскерді бастап жүру, сондай-ақ қажет болған жағдайда жаралыларды жетуі қиын аудандардан эвакуациялау сынды міндеттерді атқарудағы ұтқырлығын айтарлықтай арттырады. Әскери қызметшілер алған білімі мен дағдыларын «Батыл тойтарыс-2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуында іс жүзінде қолданады. Онда бөлімшелердің ұтқырлығына, маневрлерді қолдана алуы мен жеделдігіне қойылатын заманауи талаптар ескеріле отырып, тәжірибелік іс-қимылдар пысықталмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1260172?lang=ru
«Жас сарбаз» студиясының тәрбиеленушісі Витебскідегі «Славян базары» байқауында екінші орынды иеленді 18.07.2026
«Славян базары» халықаралық өнер фестивалі аясында өткен «Витебск-2026» ХХІІІ халықаралық балалар музыкалық байқауында қазақстандық жас вокалист, «Жас сарбаз» балалар шығармашылық студиясының тәрбиеленушісі Жасмина Түзелова екінші орыннан көрінді.Биылғы дүбірлі додада әлемнің 19 елінен келген жас орындаушылар өзара бақ сынасты. Екі күндік тартысты кезеңнің қорытындысы бойынша Жасмина ең үздіктердің қатарынан табылып, беделді музыкалық аренада Қазақстанның намысын лайықты қорғап шықты.Байқаудың алғашқы кезеңінде ол қазақтың халық әні «Сарыарқаны» шырқап, қазылар алқасынан ең жоғары ұпайлардың бірін еншіледі. Ал екінші конкурстық күнде жас өнерпаз «Ромашка-Василек» композициясын орындады. Сөйтіп, екі күннің қорытындысы бойынша 126 ұпай жинап, екінші орынға табан тіреді.– Біз Жасминаны мақтан тұтамыз. Бұл марапаттың артында жылдар бойғы қажырлы еңбек, күнделікті дайындық пен музыкаға деген шексіз махаббат тұр. Жасминаға қолдау көрсетіп, сенім артқан барша жанға алғысымыз шексіз, – деді жас әншінің анасы, кәсіби музыкант Гүлзия Өтеева.Жасмина Түзелова жас болса да, ән сүйер қауымға кеңінен танымал. Ол ұлттық «Бала дауысы» байқауының гран-при иегері, «Central Asia’s Got Talent» халықаралық жобасының жартылай финалисі, «Қазақстан дауысы. Балалар» шоуының суперфиналисі, «Балалар жаңа толқыны» фестивалінің финалисі және Ресейдің «Голос. Дети» тележобасының жүлдегері.Сондай-ақ жас вокалист 2025 жылы Мәскеуде өткен «Спасск мұнарасы»халықаралық әскери-музыкалық фестивалінде Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға арналған «Әлия» әнін нақышына келтіре орындап, еліміздің абыройын асқақтатқан болатын.Жасмина Түзелованың бұл жеңісі – отандық жас таланттардың дайындық деңгейі жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, Қазақстанның халықаралық музыка айдынындағы кезекті жарқын жетістігі болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1260080?lang=ru
18 шілде – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери рәміздері күні 18.07.2026
18 шілдеде Қазақстан Республикасында Қарулы күштердің әскери рәміздері күні атап өтіледі. Бұл күн 1996 жылғы 18 шілдеде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қарулы күштердің әскери рәміздері бекітілуіне орай белгіленген. Ал 2021 жылы Қорғаныс министрінің бұйрығымен бұл күн кәсіби мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне енгізілді.Әскери рәміздер – мемлекеттіліктің және әскери дәстүрдің маңызды бөлігі. Олар еліміздің тәуелсіздігін, Отан қорғаушылар ұрпақтарының сабақтастығын және Қарулы күштердің мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрдайым дайын екенін білдіреді.Әскери рәміздерге Қазақстан Республикасы Қарулы күштері түрлерінің тулары, әскери бөлімдердің Жауынгерлік тулары және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің рәмізі жатады. Олардың әрқайсысы қазақ армиясының тарихын, абыройын және құндылықтарын айшықтайды.Әскери рәміздердің тарихы тереңнен бастау алады. Түркі халықтарында жауынгерлік тулар мен ру таңбалары бірлік пен ерліктің белгісі болған. Қазақ хандығы дәуірінде байрақ еркіндік пен тәуелсіздіктің, жауынгерлік ар-намыстың нышаны саналып, оны қорғау әрбір сарбаздың қасиетті борышы болған.Қазақстан Республикасының Қарулы күштері құрылғаннан кейін қазақ халқының тарихи мұрасы мен заманауи мемлекеттік дәстүрлерді ұштастырған ұлттық әскери рәміздер жүйесі қалыптастырылды.Қарулы күштердің рәмізі – бейбітшілікті, еркіндікті, рух күшін және Отанды қорғауға дайындықты білдіретін шұғылалы күн мен қалықтаған қыран бейнеленген бесжұлдыз. Қарулы күштердің әрбір түрінің өзінің қызметтік мақсаты мен жауынгерлік дәстүрін бейнелейтін жеке туы бар.Жауынгерлік ту – әскери бөлімнің жауынгерлік абыройының, ерлігінің және даңқының қасиетті белгісі. Ол бөлімнің тарихы мен жауынгерлік жетістіктерін сақтайды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Жауынгерлік тудың жанында суретке түсу құқығы қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген әскери қызметшілерге беріледі.Әскери рәміздер күні әскери дәстүрлерді сақтауға, Отан қорғаушылар ұрпақтарының сабақтастығын нығайтуға және Қазақстан Қарулы күштерінің тарихына деген құрметті арттыруға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1260066?lang=ru
Таразда отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен Өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті 17.07.2026
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров отандық және шетелдік инвесторлар қатысқан Өңірлік инвестициялық штабтың отырысына қатысты.Өз сөзінде Ә. Қуантыров Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлік инвестициялық штабтар инвесторлардың мәселелерін, оның ішінде «қолмен басқару» режимінде жедел шешуге арналған тиімді алаңға айналуға тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, Үкімет алдында 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 450 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу және кемінде 150 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту жөніндегі стратегиялық міндет тұрғанын айтты. «Бүгінде біз облыстың жекелеген инвестициялық жобаларды іске асырудан экономиканың тұтас салаларын жүйелі дамытуға белсенді көшіп жатқанын көріп отырмыз. Қосылған құны жоғары жаңа өндірістік тізбектер қалыптасуда, шикізатты терең өңдеу және экспортқа бағытталған өндірістерді дамыту үшін қажетті жағдайлар жасалуда», – деп атап өтті Ә.Қуантыров.2023–2025 жылдары облыста жалпы құны 241,5 млрд теңгені құрайтын 56 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, нәтижесінде 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде өңірдің инвестициялық портфелі жалпы құны 5,6 трлн теңгені құрайтын 116 жобаны қамтиды. Олар шамамен 20 мың жұмыс орнын құруды көздейді және негізінен өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен мен энергетика салаларында жүзеге асырылуда.Жұмыс сапары аясында Әлібек Қуантыров өңірдегі бірқатар өндіріс орындарының қызметімен танысты. Атап айтқанда, жылына 3 мың тонна томат пастасын өндіретін «Тазабек-Досжан» шаруа қожалығында, «Тараз» индустриялық аймағында, жылдық қуаты 48 мың тонна әк өндіретін «Aqtas Group» ЖШС зауытында, сондай-ақ жылына 70 мың тонна құс етін өндіретін және 500 тұрақты жұмыс орны құрылған толық циклді «Алель Агро» АҚ құс фабрикасында болды.Жамбыл облысы инвестициялық дамудың жоғары қарқынын көрсетіп келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 505,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59,2%-ға өсті. Бұл ретте өңір үшін белгіленген 369,5 млрд теңге көлеміндегі жоспар айтарлықтай артығымен орындалды. Жеке инвестициялар көлемі 473,5 млрд теңгеге жетті. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс 289,7 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартып, жоспарды үш еседен астам орындап, ТШИ өсімінің қарқыны бойынша Қазақстан өңірлері арасында бірінші орынға шықты. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1259935?lang=ru