Қуқық
Парламент депутаттары Атырау облысының тұрғындарымен Каспий теңізі мен Жайық өзенінің экологиялық мәселелерін талқылады 30.06.2026
Бүгін Атырауда Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның XII отырысы өтті. Жиында қатысушылар Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу аясында Каспий теңізі мен Жайық өзенінің су экожүйелерін орнықты басқару мәселелерін талқылады. Сондай-ақ сенаторлар өңір жұртшылығымен және бірқатар әлеуметтік, өндірістік нысандардың еңбек ұжымдарымен кездесті.Комиссия отырысында өңірдегі су бассейндерінің экологиялық ахуалына қатысты өзекті мәселелер қозғалды. Сенат Төрағасы ластану деңгейінің артуы, балық қорының азаюы және өңірдің экожүйесіне антропогендік әсердің күшеюі ерекше назар аударуды қажет ететінін атап өтті.- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі әлдеқашан өңірлік шеңберден шығып, жаһандық сипат алғанын әрдайым айтып келеді. Осы сын-қатерді еңсеру үшін Қазақстан Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуге бастамашы болды. Мемлекет басшысы су мәселері бойынша халықаралық күн тәртібін ілгерілету мақсатымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Астанада Су проблемаларын талдау орталығын құруды да ұсынды. Сондай-ақ БҰҰ-ның мамандандырылған агенттігі ретінде Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Жайық өзеніне қатысты мәселе де аса өзекті. Бұл түйткілдерді бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Оларды шешу үшін ведомствоаралық үйлестіру, ғылыми негізделген шешімдер, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың, сарапшылар қауымдастығының, экологиялық қоғамдық ұйымдардың және халықаралық серіктестердің белсенді атсалысуы қажет, – деді Мәулен Әшімбаев.Кездесуде Каспий теңізіне қатысты мәселеде жүйелі тәсілдің жеткіліксіз екені де айтылды. Жайық өзенінің атырауы мен Маңғыстау облысының жағалауы маңында теңіз 30-35 шақырымға дейін шегініп, соның салдарынан топырақтың тұздануы, экожүйелердің тозуы және балықтардың уылдырық шашу орындарының қысқаруы байқалып отыр. Құрамында улы шөгінділері бар шаңды дауылдардың туындау қаупі артып отырғанына да мән берілді. Парламенттік комиссияның Төрағасы Каспий теңізі мен Жайық өзенін сақтау мәселесі ұзақмерзімді экологиялық қауіпсіздіктің, азаматтардың өмір сүру сапасының және бүкіл Каспий маңы өңірінің орнықты дамуының кепілі екенін тілге тиек етіп, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында мемлекет, ғылым, азаматтық қоғам, бизнес және халықаралық серіктестердің алдағы бірлескен жұмысының негізгі бағыттарын айқындап берді.Парламенттік комиссияның отырысына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар, Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері қатысты.Іс-шарада БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, су ресурстарын басқару және климаттың өзгеру мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшы, Орталық Азия су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі жөніндегі платформаның үйлестірушісі Болат Есекин, өңір әкімдіктерінің басшылығы, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері баяндама жасады.Мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар алдағы бірлескен жұмысты ұйымдастыруға қатысты ұсыныстар мен бастамаларын ортаға салды. Сенат Төрағасы олардың іске асырылу барысы қоғамның және барлық мүдделі тараптың бақылауында болатынын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1236361?lang=ru
Мәулен Әшімбаев Атырау жастарымен кездесті 30.06.2026
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Атырау өңіріне жұмыс сапары аясында жастармен кездесті. Жиында Сенат Спикері жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарына тоқталып, оны мемлекетті дамытудың және саяси жүйені жан-жақты жаңғыртудың ұзақмерзімді бағытын айқындайтын стратегиялық құжат деп атады. Сенат Төрағасы елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды жаңғыртулардың қазіргі сын-қатерлерге жедел жауап бере алатын икемді мемлекеттік жүйе қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар ол жаңа Ата Заңның табысты іске асырылуы жастардың белсенділігіне, біліміне және жауапкершілігіне де байланысты екеніне тоқталды.- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 15 наурызда республикалық референдум өтті. Нәтижесінде халық Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Жаңа Ата Заң биылғы 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Шын мәнінде, бұл – нағыз Халық Конституциясы. Ол Тәуелсіздік, Мемлекеттілік және азаматтардың құқықтары мен мүдделері ең жоғары құндылық саналатын Әділетті Қазақстан құрудың жаңа кезеңіне жол ашты. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар мен жаңартылған институционалдық ортаның барлығы өскелең ұрпақтың игілігі үшін жасалып отыр. Жаңа Конституция жастарға зор мүмкіндіктер береді әрі үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан жас буын осы реформалардың тарихи маңызын терең түсініп, оны жүзеге асыруға белсенді қатысуы қажет, – деді Сенат Төрағасы.Мәулен Әшімбаев Әділетті Қазақстан құруда жастардың белсенді рөлі ерекше мәнге ие екенін айтып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларына және ұлттың жаңа келбетін қалыптастыратын құндылықтарға назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы басты бағдар – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың «Толық адам» іліміне негізделген «Адал азамат» тұжырымдамасы. Аталған тұжырымдамада еңбекқорлық, адалдық, кәсіби біліктілік, үздіксіз білім алу және отаншылдық әр азамат үшін басты құндылықтар ретінде айқындалған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1236369?lang=ru
Атырау облысында бизнесті қолдау және орнықты даму мәселелері талқыланды 30.06.2026
Атырау облысында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаевтың қатысуымен орнықты даму, кәсіпкерлікті қолдау және инвестициялар тарту мәселелеріне арналған бірқатар іс-шаралар өтті.Негізгі алаңдардың бірі ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Тұрақты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингтеу жөніндегі Парламенттік комиссияның XII көшпелі отырысы болды. Талқылаудың басты тақырыбы Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу аясында Каспий теңізі мен Жайық өзенінің су экожүйелерін орнықты басқару мәселесі болды.Қатысушылар су ресурстарын сақтау, өңірдің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету және Тұрақты даму мақсаттарының қағидаттарын еліміздің батыс өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалдастыру мәселелерін қарастырды.Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында вице-министр Атырау облысының бизнес өкілдерімен кездесті.Өңір кәсіпкерлерімен өткен кездесуде бизнесті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары, сондай-ақ іскерлік ахуалды одан әрі жетілдіру жөніндегі жоспарлар таныстырылды. Іс-шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысты.Бүгінде өңірде 57,5 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. 2026 жылғы қаңтар–сәуір айларында тартылған инвестициялар көлемі 408,3 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін жалпы құны 717 млрд теңге болатын 21 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда.Ерлан Сағнаев атап өткендей, Ұлттық экономика министрлігі шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыруда.«Министрлік шағын және орта бизнес үшін барынша ашық әрі ынталандырушы орта қалыптастыруға бағытталған. Биыл мемлекеттік қолдау құралдары аясында Атырау облысына 10 млрд теңге бөлініп, сондай-ақ 12,1 млрд теңге көлемінде кредиттік кепілдіктер берілді. Бұл – іскерлік белсенділікті арттыруға және жаңа өндірістерді іске қосуға бағытталуы тиіс нақты ресурстар», – деп атап өтті вице-министр.Ашық диалог барысында бизнес өкілдері «Іскер аймақ» өңірлік бағдарламасын іске асыру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, салық заңнамасын жетілдіру, қаржылық қолдау тетіктері және отандық өндірушілердің мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділігін кеңейту мәселелерін көтерді.Өнеркәсіп секторын дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. «Гранд Материк» ЖШС, «Талшықтекс» ЖШС және «Кенен Интернешнл Кетринг» ЖШС кәсіпорындарының алаңдарында өндірістерді жаңғырту, жергіліктендіру деңгейін арттыру және отандық компаниялардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту перспективалары талқыланды.Кездесулер қорытындысы бойынша кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, инвестициялар тартуға және өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірленді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1236499?lang=ru
Ұлттық қорғаныс университетінің 161 түлегіне магистр дипломы табысталды 30.06.2026
Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің түлектеріне диплом тапсыру сәті салтанатты түрде өтті.Іс-шараға Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан дипломатиялық корпусының өкілдері, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектерінің қолбасшылары, өзге де күштік құрылымдардың басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері сондай-ақ түлектердің туған-туыстары мен жақындары қатысты.– Сіздер кәсіби тұрғыда қалыптасудың тағы бір маңызды кезеңінен өттіңіздер. Меңгерген білімдеріңіз бен жинаған тәжірибелеріңіз Отанға адал қызмет етуге, елдің қорғаныс қабілетін нығайту және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін жемісті орындауға ықпал етеріне сенімдімін. Сіздерге зор денсаулық, жаңа кәсіби жетістіктер, мансаптық өсу және Отан қорғаушының жоғары миссиясын абыроймен атқаруға тілектеспін, – деді генерал-лейтенант Қ. Әбубәкіров.Дәстүр бойынша түлектер әскери ұжымның қасиетті нышаны, ар-намыс, ерлік пен даңқтың символы саналатын университеттің Жауынгерлік Туымен қоштасты.– Екі жылғы қарқынды оқу, сабақтар мен емтихандар артта қалды. Осы уақыт ішінде алған біліміміз бен дағдыларымыз кәсіби құзіреттерімізді едәуір арттырып, қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы заманауи сын-қатерлерге стратегиялық көзқарасымызды кеңейтті. Осы жолда бізге қолдау көрсетіп, кәсіби қалыптасуымызға үлес қосқан барша жанға алғысымды білдіремін, – деді Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшісі, магистрант майор Саян Қөпбосынов.Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті – Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар үшін жедел-тактикалық және жедел-стратегиялық басқару буындарына жоғары білікті кадрлар даярлайтын еліміздің жетекші әскери оқу орны. Биыл білім ордасын 161 магистрант тәмамдады. Олардың қатарында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттерден: Тәжікстаннан – 10, Қырғызстаннан – 5 түлек болды. Сонымен қатар, Өзбекстан елінің 2 өкілі де оқуды тәмамдады.– Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамына жоғары кәсібилігі, баға жетпес тәжірибесі, қолдауы мен тәлімгерлігі үшін алғыс айтамыз. Біз, шетелдік тыңдаушылар үшін, бұл уақыт Ұлттық қорғаныс университетінде білім алу жаңа құзіреттерді игерудің және практикалық тәжірибе жинақтаудың маңызды кезеңіне айналды. Өзімізбен бірге білім ғана емес, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін кәсіби байланыстарды да алып кетеміз, – деді Өзбекстаннан келген әскери қызметші майор Рустам Якушкин.Салтанатты шара түлектердің саптық алаң бойымен салтанатты маршпен өтуімен жалғасты. Құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері қарумен дефиле көрсетіп, жоғары саптық даярлық пен іс-қимыл үйлесімділігін көрсетті.Қонақтарға Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің өнерпаздары концерттік бағдарлама қойды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1236500?lang=ru
Алматы облысында алғаш рет кендір дақылы егілді 30.06.2026
Алматы облысының Райымбек ауданында өңірде алғаш рет кендір (лен) дақылын өсіру ісі қолға алынды. Жобаны жергілікті шаруалар Қытай инвесторларымен бірлесіп іске асыруда. Былтыр жер жырту жұмыстары жүргізілсе, биылғы көктемде 250 гектар аумаққа аталған дақылдың тұқымы егілді. Егер жақсы өнім берсе, жер аумағын 3000 гектарға дейін кеңейтіп, терең өңдейтін зауыт салу жоспарлануда, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев егістік алқабына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. «Кендір көбіне еліміздің солтүстік өңірлерінде егіледі. Ал Алматы облысында бірінші рет тәжірибеден өтуде. Бұл – өте жақсы бастама. Себебі тұқым ауданның табиғи ерекшелігіне бейім екенін байқап отырмыз. Күзде жақсы өнім алынады деген ойдамыз. Оның үстіне алқапта заманауи технологиялар жұмыс істеп тұр. Бұл тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта ауқымы бірнеше есе көбеюі мүмкін. Жобаға жалпы құны 4 млрд теңге инвестиция салынады. Ал әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетін болады», – деді аймақ басшысы.Мамандардың айтуынша, кендір – экологиялық таза, қайта өңдеуге бейім, адам денсаулығына пайдалы табиғи өнім. Оның тұқымынан май, косметикалық өнімдер мен мал азығы алынады. Ал сабағынан киім-кешек, тоқыма бұйымдары, қап және орау материалдары дайындалады. Егер жоба толық іске қосылса, бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде алқапта 10 адам еңбек етуде. Сондай-ақ бастама урбанизацияны азайтып, халықтың туған жерінде тұрақтап қалуына септігін тигізеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1236620?lang=ru
Әріптестері Ардақ Зебешевті жаңа қызметке шығарып салды 30.06.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты мәжіліс өтті. Онда әріптестері осы уақытқа дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ардақ Темірханұлы Зебешевті Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалуына байланысты құрметпен шығарып салды.Аймақ басшысы Ардақ Темірханұлының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инвестициялық әлеуетін арттыруға және кәсіпкерлікті қолдауға қосқан елеулі үлесін атап өтіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.«Ардақ Темірханұлы 2024 жылдың ақпан айынан бері облыс әкімінің орынбасары ретінде инвестиция тарту және кәсіпкерлік салаларына жетекшілік етті. Оның үйлестіруімен өңірдің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіліп, Мемлекет басшысының инвестициялық экожүйені қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруда нақты нәтижелерге қол жетті.Осы кезеңде өңірге 1,4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, соңғы екі жылда жалпы құны 339 млрд теңгеден асатын 48 инвестициялық жоба жүзеге асты. Нәтижесінде жаңа өндіріс орындары ашылып, халықаралық әріптестік байланыстар аясы кеңейді», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Ардақ Зебешевтің жетекшілігімен «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шетелдік инвесторлармен нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, испаниялық «Roca Group» компаниясының санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын зауыты мен швейцариялық «Harvest Group» компаниясының агроиндустриялық кластер құру жобалары бастау алды.Қытай Халық Республикасымен ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларына озық технологиялар енгізуге бағытталған 9 келісімшартқа қол қойылды. Энергия үнемдейтін шыны өндірісі, заманауи кірпіш зауыты, кондитерлік және макарон өнімдерін шығаратын өндірістік кешендер іске қосылды.Бұдан бөлек, Сыр өңірінің мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау және ынтымақтастықты дамыту бағытында Финляндия, Эстония, Испания, Швейцария және Франция мемлекеттерінде өткен өнер күндерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосты.Ардақ Темірханұлына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының Алғыс хаты, Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасы және «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды.Сонымен қатар, мәжілісте Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегеновтің құрметті зейнет демалысына шығуына орай, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрығымен облыс прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалған Дүйсенбаев Нұрболат Серікұлы таныстырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236743?lang=ru
Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 17-ші отырысында ЕТҚ-ға салық төлеу сервисі таныстырылды 30.06.2026
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсесінің 17-ші отырысында Мемлекеттік кірістер комитетінің Салық төлеуші кабинетіндегі жаңа сервистің жобасы таныстырылды. Ол еңбекақы төлеу қорынан есеп айырысу мен міндетті төлемді жұмыс берушінің бір рет қолмен басу арқылы орындауына мүмкіндік береді.Еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен әлеуметтік төлем тетігін жеңілдету мәселесін кәсіпкерлер мен бухгалтерлік қауымдастық бірнеше рет көтеріп, ол бұрын Жобалық кеңсе алаңында қарастырылған болатын.Бүгінгі таңда жұмыс берушілер жұмысшыларға арнап, шамамен 7-8 түрлі әлеуметтік төлемді жүзеге асырады. Олардың әрқайсысы жеке әдістемемен есептеледі. Жаңа сервис қолданыстағы жеңілдіктер мен қызметкерлердің жекелеген санатының ерекшелігін ескере отырып, барлық қажетті төлемді автоматты түрде есептеуге, сондай-ақ төлем құжатын банкке жіберуге мүмкіндік береді.Мемлекеттік ақпараттық жүйелерге интеграцияның арқасында сервис қызметкерлердің мәртебесіне сай тиісті есептеу режимін қолдана алады. Сондай-ақ, жұмыс уақытының табелін жүргізу мүмкіндігі қарастырылған, соның негізінде қажетті есептеулер автоматты түрде орындалады.Сервисті енгізу шағын және орта бизнес субъектілерінің әкімшілік жүктемесін айтарлықтай төмендетеді, мәселен, 200.00 нысанын ұсыну қажеттілігінен бас тартуға болады.Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев атап өткендей, сервисті енгізу толығымен ерікті түрде жүргізіледі. Бірінші кезеңде сервисті шағын және орта бизнес субъектілері пайдаланса, кейіннен бухгалтерлік жүйемен интеграцияланып, ірі кәсіпорындарға да таратылады.Сервис әлеуметтік төлем бойынша есеп айырысуды автоматтандыруға, құжатты толтыру кезінде қатені азайтуға және жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы есеп айырысудың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.Бұл қызмет осы жылы қыркүйекте пилоттық жоба ретінде іске қосылады. Сынақтан сәтті өткен жағдайда, 2027 жылғы қаңтардан бастап тұрақты енгізіледі.Сондай-ақ отырыста Ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде жеке тұлғаның кредит (қарыз) бойынша міндеттемесі тоқтатылған жағдайда жеке табыс салығы салынбайтын кірістер тізбесін кеңейту мәселесі қаралды.Мемлекеттік органдар толықтырулар енгізу қажеттілігі тұрғысынан, оның ішінде отбасының әлеуметтік картасы бойынша базалық тәсілді, сондай-ақ кредиттер (қарыздар) беру кезінде алаяқтық схемалар салдарынан зардап шеккен жеке тұлғалардың болуын ескере отырып, қолданыстағы ерекшеліктерге орай, кірістерге салық салуды бірлесіп қарайды.Бұдан басқа, отырысқа қатысушылар салық органдарының шетелдік азаматтарға Қазақстан Республикасының резиденті деген сертификат беруін қайтадан бастау туралы ұсынысты қолдады. Бұрын қолданыста болған тетікке қайта оралу қажеттілігі шетелдік клиенттердің салық мәртебесін айқындау және банк салымы бойынша тиісті салық салу режимін қолдану кезінде екінші деңгейлі банктерде туындайтын мәселелерге байланысты болып отыр.Отырысқа қатысушылар екінші деңгейлі банктердің ұсынысын қолдады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1236819?lang=ru
Қазақстан әскерінде сарбаздар пікірі негізінде командирлер рейтингі жасалды 30.06.2026
Алматыда өткен III республикалық сарбаз аналары форумында мерзімді әскери қызметшілер арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері таныстырылды. Оның негізінде командирлер рейтингі жасалды.Бастама әскери ұжымдарда қолайлы ахуал жасаудағы офицерлердің рөлін арттыруға, командирлер мен жеке құрам арасындағы сенімді нығайтуға, сондай-ақ әскери қызметшілермен озық жұмыс тәжірибелерін таратуға бағытталған.Армия үйінде өткен III республикалық сарбаз аналары форумы әскери-патриоттық тәрбие мен мерзімді әскери қызметшілермен жүргізілетін жұмыстың өзекті мәселелерін талқылау алаңына айналды.Іс-шара 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Қатысушылар қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.Қоғамдық диалогқа Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков қатысты. Ол бұл кездесу мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасында тәжірибе алмасуға, өзара іс-әрекеттің жаңа тетіктерін іздеуге және әскери-патриоттық тәрбиені ілгерілетуге бағытталған ұсыныстар әзірлеуге ықпал ететініне сенім білдірді.Бұл форум Қарулы күштер, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, әскери прокуратура органдары, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін біріктірген ашық диалог алаңына айналды.Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгерім Ағылтаева өз сөзінде сындарлы диалогты дамыту арқылы әскердің оң имиджін нығайтудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, проблемалық мәселелерді атқарушы органдармен, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарымен қоса, ата-аналар қауымдастығымен бірлесіп қарастырып, оларды шешу жолдарын бірге іздеу қажет.Әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру, әскери-патриоттық тәрбие беру және сарбаздардың отбасыларымен өзара іс-қимыл жасау тәжірибесімен мемлекеттік органдар мен күштік құрылымдардың өкілдері бөлісті.Кездесуге қатысушылар командирлердің тәртіпті сақтау, моральдық-психологиялық ахуалды қамтамасыз ету және әскери ұжымдардың бірлігін нығайтудағы рөлі мен жауапкершілігіне ерекше назар аударды.«Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің төрайымы Лилия Хайруллина форумның «Патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік – әрбір командирдің міндеті» деп аталуы кездейсоқ емес екенін атап өтті.– Биыл мерзімді әскери қызметшілер арасында сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде сарбаздар құрметтейтін әрі жоғары бағалайтын командирлер анықталды, – деді ол.Лилия Хайруллинаның сөзінше, бұл рейтинг үздік офицерлер тізімі ғана емес, сонымен қатар жеке құрамның командирлерге деген сенім деңгейін және бөлімшелерде қолайлы жағдай жасау жолындағы күнделікті еңбегін көрсетеді.Моральдық-психологиялық ахуалды нығайтуға қосқан үлесі, қоластындағыларға деген қамқорлығы және сарбаздардың сеніміне ие болған үздік командирлерге «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің алғыс хаттары табысталды.Шара соңы Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының, Ұлттық ұланның және ҰҚК Шекара қызметінің шығармашылық ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1237052?lang=ru
9 маусымда Қазақстанда мемлекеттік органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелері күні атап өтіледі 30.06.2026
Арнайы мақсаттағы бөлімшелер елдің күштік құрылымдарындағы элиталық топ саналады. Оларды жоғары деңгейдегі кәсіби даярлық, мінсіз машық, ең күрделі жағдайларда әрекет ету қабілеті және бірнеше секунд ішінде шешім қабылдай білу ерекшелейді.Арнайы жасақ әскери қызметшілері мен қызметкерлеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, мемлекеттің егемендігін қорғау және азаматтардың қауіпсіздігін сақтау сияқты маңызды міндеттер жүктелген.Арнайы берет кию құқығына арналған біліктілік сынақтары арнайы мақсаттағы бөлімшелер әскери қызметшілерінің кәсіби шеберлігі мен жоғары жауынгерлік дайындық деңгейінің символы болып табылады. Бұл күштік құрылымдардағы ең күрделі сынақтардың бірі саналады және үміткерлерден ерекше төзімділікті, психологиялық тұрақтылықты, тактикалық, атыс және арнайы дайындықтың жоғары деңгейін талап етеді. Арнайы беретті кию құқығына тек ең үздіктер ғана ие болады. Сол арқылы олар ең жауапты міндеттерді орындауға дайын екенін дәлелдейді.Қазақстандық арнайы жасақтың жоғары дайындық деңгейі халықаралық аренада да мойындалған. Қарулы күштер мен елдің басқа да күштік құрылымдары арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің әскери қызметшілері беделді халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығуларда үнемі жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Осы жетістіктердің ішінде Дубайда өткен арнайы бөлімшелердің халықаралық жарыстарындағы қазақстандық командалардың табысты өнер көрсетуі ерекше орын алады. Онда біздің әскери қызметшілер ең мықты қатысушылар қатарынан көрініп, жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейін, іс-қимылдардың үйлесімділігін және кәсіби шеберліктерін дәлелдеді.Биылғы жылы әлемнің ең үздік арнайы мақсаттағы бөлімшелерін біріктірген халықаралық UAE SWAT Challenge 2026 турнирінде қазақстандық командалар үздік нәтиже көрсетті. Жарысқа 48 мемлекеттің 109 командасы қатысты. Соның ішінде Қазақстан өкілдері жалпы есепте бірінші және екінші орындарды иеленді. Сонымен қатар, «Томирис» командасы турнирдегі әйелдер командалары арасында үздік атанып, жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, көптеген ерлер бөлімшелерінен де озып шықты.Бүгінгі таңда арнайы мақсаттағы бөлімшелер өз дағдыларын жетілдіруді жалғастырып, заманауи технологияларды меңгеріп, жауынгерлік әлеуетін нығайтып келеді. Олар қазіргі заманғы қауіп-қатерлер жағдайында мемлекеттің сенімді қалқаны болып қала береді.Арнайы мақсаттағы бөлімшелер күніне орай барлық әскери қызметшілер мен арнайы жасақ қызметкерлеріне ерлігі, жанқиярлығы және борышына адалдығы үшін шынайы алғыс білдіреміз. Оларға мықты денсаулық, амандық, жаңа кәсіби жетістіктер және Қазақстан Республикасына қызмет етуде табыс тілейміз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1237308?lang=ru
«Алтын Орда» базарындағы 7 тиімсіз делдалдың жұмысы тоқтатылды 30.06.2026
Алматы облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытындағы бақылау жұмыстары барысында бірқатар ірі сауда субъектілерінің заң талаптарын бұзғаны анықталды. Атап айтқанда, ЖК «Омаров», «Iceberg Distribution» ЖШС және «Ар Диас» ЖШС әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін төмен бағада сатып алып, оларды басқа сауда субъектілеріне 17%-дан 86%-ға дейінгі негізсіз сауда үстемесімен қайта сатқан.Аталған фактілер бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, заңнама талаптарын бұзған субъектілерге айыппұл салынды. Жыл басынан бері жүргізілген бақылау іс-шаралары нәтижесінде 171 сауда субъектісіне қатысты 643 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 3,4 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Оның 467-сі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін асыру фактілері бойынша рәсімделсе, 176 хаттама сауда қызметі туралы заңнама талаптарын бұзуға қатысты толтырылған.Жыл басынан бері тексеру барысында бір сауда желісі, бір көтерме сауда орны және 11 сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 40%-дан 203,8%-ға дейін негізсіз үстеме қосқаны анықталды.Сонымен қатар, өңірлік комиссияның жұмысы аясында «Алтын Орда» базарындағы 13 сауда субъектісіне жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде азық-түлік бағасының өсуіне әсер еткен 7 тиімсіз делдалдың қызметі тоқтатылды.Қазіргі уақытта өңірде өндірушілер мен ірі жеткізушілердің тізімі қалыптастырылып, электрондық шот-фактуралар арқылы делдалдық схемаларды анықтау және жою жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар нарықтағы ашықтықты арттыруға, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және тұрғындарды қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1237358?lang=ru
Президенттің туристік саланы дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру: Үкіметте жазғы туристік маусымға дайындық мәселелері қаралды 30.06.2026
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туристік саланы дамыту мәселелері қаралды. Жиында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, сондай-ақ «Kazakh Tourism Development» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев және Қарағанды, Ақмола, Маңғыстау, Жетісу облыстарының әкімдері баяндама жасады.Олжас Бектенов Президент туризм саласын және тиісті инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөліп отырғанын баса айтып, еліміздің инвестициялық тартымдылығы үшін аталған саланың маңызды екеніне тоқталды.«Туристік саланы дамыту мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында. Президент Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте туризм инвестициялық тартымдылықтың өте маңызды бөлігі екенін атап өтті. Ол үшін жұрт жаз айларында ғана емес, жыл бойы демалатындай жағдай жасап, тиісті инфрақұрылымды дамыту қажет», — деп атап өтті Премьер-министр.Туризм және спорт министрлігінің мәліметі бойынша, 2025 жылы орналастыру орындары қызмет көрсеткен ішкі туристер саны 8,7 млн адамды құраған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ға артық. Шетелдік келушілер саны 2024 жылмен салыстырғанда 500 мың адамға артып, 15,7 млн адамға жеткен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша салаға тартылған инвестиция көлемі 33%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрады.Елімізде Президенттің саланы дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Жедел үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Туристік нысандардағы инфрақұрылым мен қызмет көрсету саласына тұрақты негізде тексерулер жүргізіліп келеді.Сонымен қатар, Премьер-министр өңірлерде оң серпін бар екенін, бірақ ол қарқынның жеткіліксіз екенін атап өтті. Мемлекет басшысы жуырда Алматы облысына барған жұмыс сапарында туристік саланың дамуын сынға алды. Президент өңірдің туристік әлеуеті мен инфрақұрылымын жедел қарқынмен дамыту қажеттігін атап өтті. Мұндай жағдай басқа облыстарда да байқалады.Сондықтан Премьер-министр барлық әкімдікке туристердің жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз етіп, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған тиісті инфрақұрылымды жедел қарқынмен дамытуды тапсырды. Туристік саланың жай-күйі әкімдердің тұрақты бақылауында болуы тиіс.Үкімет отырысында туристік ірі жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Almaty SuperSki тау шаңғысы кластерін құру жобасын жүзеге асыру барысы қаралды. «Kazakh Tourism Development» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаевтың деректері бойынша жоба аясында күніне 10 мың адамнан асатын 60 шақырым тау-шаңғы трассасы, заманауи 11 аспалы жолын, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланған. Экология және табиғи ресурстар министрі Еран Нысанбаев ғалымдар және жетекші эколог мамандармен бірлесіп жан-жақты зерттеу жұмысы жүргізілгенін, оның қорытындысы бойынша жобаны жүзеге асыру қоршаған ортаға кері әсер етпейтіні анықталғанын айтты.Олжас Бектенов жобаны уақтылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Премьер-министр жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде жұртшылық арасында тұрақты негізде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруды тапсырды. Премьер-министр сонымен қатар әлемдік туристік индустрияның қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі ретінде экотуризмді дамыту жөнінде шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, жаһандық экологиялық туризм нарығы 2034 жылға қарай $660 млрд-тан асуы мүмкін. Былтыр Қазақстандағы экотуристер саны 3,6 млн адамнан асты. Бұл ретте елімізде Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, сондай-ақ Алтын-Емел, Іле-Алатауы, Бурабай, Баянауыл ұлттық табиғи парктері мен басқа да керемет табиғи байлықтарымыз бар.Олжас Бектенов бұл аумақтарды дамыту және инвесторларды тарту жұмыстары қосымша назар аударуды қажет ететінін атап өтті. Туристік әлеуетті одан әрі аша түсу үшін жаңа заманауи жобаларды жүзеге асыру қажет екені атап өтілді. Осыған байланысты Туризм және спорт, Экология және табиғи ресурстар министрліктері мен әкімдіктерге бір ай мерзімде нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.Жазғы туристік маусымға дайындық маңызды бағыт болып қала береді. Олжас Бектенов демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша алдын алу шараларын қабылдау қажеттігін атап өтті. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері мен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүйелі негізде жүргізу және Барлық жедел әрекет ету қызметтері жоғары дайындық және мониторинг режиміне көшірілуі тиіс екенін атап өтілді. Сонымен қатар Премьер-министр туристер үшін бағыт-бағдар көрсеткіштері, демалыс аймақтарында санитариялық талаптардың сақталуы және жауапты қызметтердің жұмысын үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударды. Барлық демалыс орындарында, саябақтарда және жағажай аймақтарында әртүрлі тілдерде арнайы ақпараттық белгілер, схемалар мен бағыт-бағдар көрсеткіштері орнатылуға тиіс. Туристердің қауіпсіз әрі жайлы демалысы осы саланың негізгі стандартына айналуға тиіс.Осыған байланысты Жедел үйлестіру штабына мұны ерекше бақылауға алу тапсырылды.Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдарға бірқатар тапсырма берді.«Бірінші. Халықтың тарапынан танымал әрі шалғайдағы туристік бағыттарға көлікпен қатынаудың қиындығы туралы шағымдар келіп түсуде. Әуе және теміржол билеттерінің тапшылығы мен бағасының қолжетімділігі де алаңдаушылық туғызады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.Көлік министрлігіне әуе компанияларымен және «Қазақстан темір жолымен» бірлесіп, демалушылар үшін қолайлы бағамен танымал курорттық бағыттарға рейстердің және орындар санын арттыру шараларын қабылдау тапсырылды.Екінші. Экология министрлігі 10 облыста инвестициялық әлеуеті жоғары негізгі ұлттық парктерді айқындады. Сондай-ақ парктерді дамытуға мүдделі инвесторлар да бар.Барлық тиісті мемлекеттік органдарға басы артық бюрократиясыз, оларды тез арада жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсету тапсырылды.Үшінші. Туристік маусымның нағыз қызған шағында демалушыларды орналастыру үшін орын тапшылығы қатты байқалады.Көптеген адамдар арнайы жабдықталмаған демалыс орындарын пайдалануға мәжбүр.Өңір әкімдіктері шұғыл түрде шатырлар мен автоүйлерде кемпингтік демалысқа арналған тұрақтардың немесе алаңдардың тиісті инфрақұрылымын қамтамасыз етуі қажет.«Қорытындай келе, тағы бір маңызды мәселеге назар аударамын. Туризм саласы қарқынды дамыған елдерде демалыс сапасы көбіне жайлы қонақ үйлермен немесе әралуан туристік бағыттармен, экскурсиялық бағдарламалармен ғана емес, келушілерге күнделікті қызмет көрсететін мамандардың кәсіби деңгейімен де айқындалады. Бұл жергілікті тұрғындардың қонақжайлық қасиетіне де тікелей байланысты», — деп атап өтті Премьер-министр.Осы орайда, Туризм министрлігіне әкімдіктермен және туристік компаниялармен бірге өз жұмыстарында демалушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға баса назар аудару тапсырылды. Дәл осы қызмет көрсету сапасы туристік саланың тартымдылығына және еліміздің беделіне тікелей әсер ететіні атап өтілді.Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.https://primeminister.kz/news/prezidenttin-turistik-salany-damytu-zonindegi-tapsyrmalaryn-zuzege-asyru-ukimette-zazgy-turistik-mausymga-daiyndyk-maseleleri-karaldy-31488 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1237403?lang=ru
Қазақстанда инвесторлар құқығын қорғау күшейтіледі 30.06.2026
Қазақстанда 2030 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы шеңберінде инвестициялар тарту жүйесін жетілдіру жалғасуда. Инвестиция тарту бойынша қолданыстағы барлық шара сақталады, сонымен бірге инвесторлармен жұмыс істеу тиімділігін арттыру үшін жаңа тетіктер енгізілуде. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мәлімдеді.Спикер атап өткендей, әлемнің негізгі инвестициялық орталықтарында шетелдік өкілдіктер ашу есебінен инвестиция тартудың сыртқы контурын күшейту жоспарда бар. Олар инвесторлар мен әлеуеті бар жобаларды сүйемелдеу бойынша фронт-офистердің функцияларын атқарады. Сондай-ақ даму институттарын трансформациялау жүргізілуде.«Бәйтерек» холдингінің құрылымында төрт салалық инвестициялық дирекцияны қамтитын Инвестициялық қызмет құрылды. Оның міндеті – өңірлердің қажеттіліктерін ескере отырып, инвестициялық жобаларды сапалы дайындау және кейіннен бұл жобаларды Kazakh Invest компаниясына беру», - деп хабарлады Арман Қасенов.Бұдан бөлек, Kazakh Invest базасында «бір терезе» принципі бойынша кешенді қызметтер көрсететін инвесторларды қолдаудың бірыңғай орталығы – «Kazakhstan Investment House» құрылады.«Жаңа инвестициялық жобаларды қалыптастыруға ерекше назар аударылуда. Бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, импортты алмастыру және экспорттық әлеуеті жоғары перспективалы бағыттар айқындалуда. Сондай-ақ инвесторларға нарықтар, инфрақұрылым, ресурстық база және мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпарат беруді көздейтін «инвестицияларға тапсырыс» тетігі жетілдіріліп жатыр», - деп толықтырды спикер.Басқа шаралардың қатарында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды өңірлік даму институттарына трансформациялау, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды жаңғырту, сондай-ақ инвестициялық қызметті одан әрі цифрландыру бар.Арман Қасенов атап өткендей, жобалардың іске асырылуын нақты уақыт режимінде қадағалауға және туындаған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беретін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның рөлі күшейтіледі.Инвесторлардың құқықтарын қорғауды нығайту үшін Бас прокуратура жанынан дауларды сотқа дейін реттеудің арнайы алаңы құрылады. Сонымен қатар әрбір өңірде инвесторларға құқықтық қолдау көрсетуді және инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді қамтамасыз ететін инвестициялық прокурорлар пайда болады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1237418?lang=ru
Туризмді дамыту мәселелері қаралды 30.06.2026
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризмді дамыту мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысынан кейін осы және өзге де мәселелерге орай жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.Аймақ басшысы туристік аймақтарда төтенше жағдайдың алдын алу үшін құтқару топтары мен алғашқы медициналық көмек көрсету пункттерінің жұмысын ұйымдастыруды тапсырды. Демалыс орындарын қауіпсіздік нұсқаулықтарымен қамтамасыз ету, санитарлық талаптардың сақталуын қатаң бақылау, туристік аймақтарды байланыс арналарымен қамту жөнінде ұсыныстар әзірлеу керек.Қауіпсіздік шараларын кеңінен насихаттау үшін телеарналарда, әлеуметтік желілерде және интернет ресурстарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, демалыс орындары мен рұқсат етілмеген су айдындарында рейдтік іс-шараларды тұрақты өткізу маңызды.Жиында су тасқынының алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар да сараланды. Өткен қыс-көктем кезеңінде облыстағы ахуал тұрақты болды. 2024 жылы өңірде 27 нысанда қорғаныс бөгеті қалпына келтірілсе, өткен жылы 13 нысан жөнделді. Қазіргі уақытта жөндеу және қалпына келтіруді қажет ететін 12 нысан анықталған.Осыған байланысты «Құмсай», «Көлтоған», «Қыраш», «Манап» су қоймаларын жөндеу, «Жиделі» су қоймасын қайта жаңғырту, Сырдария ауданындағы «Тереңөзек-Шаған» көпірі тұсындағы қорғаныс нысандарын қалпына келтіру қажет.Жауапты мамандарға «Ақшақыз» каналының су тоспасы мен қорғаныс бөгетін, «Қалғандария» учаскесіндегі су тоспасының қақпақтары мен бөгеттерін жөндеу, Сырдария өзенінің «Қорқыт Ата» учаскесіндегі қорғаныс бөгетін қалпына келтіру жүктелді.Бұдан бөлек, «Келінтөбе» магистральді каналына су жеткізетін каналға су тоспасын салу, «Рисмаш» учаскесіндегі, «Болашақ» университеті маңындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру бойынша нақты тапсырмалар берілді.Бүгінде облыста 6 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Өткен жылы Үкімет қаулысымен Қызылорда қаласында «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін қала және аудан әкімдеріне отандық және шетелдік инвесторларды тарту, жаңа өндірістік жобаларды орналастыру тапсырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1237430?lang=ru
Қазақстанда инвесторларды сүйемелдеудің кешенді жүйесі жұмыс істейді 30.06.2026
Қазақстанда инвестициялық белсенділіктің артып жатыр. 2026 жылдың төрт айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 6,7%-ға ұлғайып, 4,9 трлн теңгеге жетті, ол экономиканың өсу қарқынынан жоғары. Бұл ретте 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны былтырмен салыстырғанда 14,4%-ға өсіп, 20,5 млрд долларды құрады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мәлімдеді.Спикер халықаралық Moody’s, Standard & Poor's және Fitch рейтингтік агенттіктері Қазақстанның егеменді рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде жүйелі түрде растап отыратынын атап өтті.«Қазақстанға инвестиция тарту үшін шетелдік мекемелерді, орталық мемлекеттік органдарды және өңірлік деңгейді қамтитын инвесторларды сүйемелдеудің кешенді жүйесі қалыптастырылды. Әрбір өңірде инвестициялар тартуды қажет ететін нақты жобаларды көздейтін инвестициялық бағдарламалар әзірленді. Жобалар іріктеліп алынғаннан кейін, Қазақстанның шетелдегі өкілдіктері арқылы инвесторларды іздеу бойынша атаулы жұмыстар жүргізіледі», – деп атап өтті вице-министр.Қолайлы инвестициялық климат құру мақсатында бизнесті қорғау тетіктері іске асырылуда. Бақылаушы органдардың негізсіз араласуын шектейтін «прокурорлық фильтр» енгізілді. Басымдығы бар жобалар үшін қажетті рұқсаттар мен мемлекеттік қолдау шараларын алуды жеделдетуге мүмкіндік беретін Fast Track тетігі қолданылады.Туындаған мәселелерді жедел шешу үшін әрбір өңірде өңірлік инвестициялық штабтар жұмыс істейді, сондай-ақ Инвесторлардың проблемалық мәселелерінің бірыңғай тізілімі жасақталуда. Компанияларды тіркеу eGov порталы арқылы онлайн-форматта қолжетімді. Инвестициялық келісімшарт жасасу аясында инвесторларға салықтық және кедендік преференциялар, инвестициялық субсидиялар, заттай гранттар және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары беріледі. Елде 18 арнайы экономикалық аймақ пен 67 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Олар инвесторларды дайын инфрақұрылыммен және бизнес жүргізуге арналған жеңілдікті шарттармен қамтамасыз етеді.«Ірі жобаларды қолдаудың негізгі құралдарының бірі – Инвестициялар туралы келісім. Бұл тетік құны кемінде 7,5 млн АЕК болатын жобаларды жүзеге асыратын инвесторларға мемлекеттік қолдау шараларының кешенін және 25 жылға дейінгі мерзімге заңнама тұрақтылығының кепілдіктерін алуға мүмкіндік береді. 2025 жылы 30 келісім,ағымдағы жылы 12 келісім жасалды. Қосымша тетік ретінде Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім қарастырылған, ол өндірістерді құру және жаңғырту бойынша ауқымды жобаларды іске асыратын ірі отандық өндірушілер үшін 10 жылға дейінгі мерзімге салық заңнамасының тұрақтылығын көздейді», – деп толықтырды Арман Қасенов. Бөлек тоқтала кететін жайт, мұнай-газ саласы үшін күрделі жобаларға арналған арнайы фискалдық ынталандыру және дауларды халықаралық арбитражда шешу мүмкіндігін көздейтін жақсартылған модельдік келісімшарт қолданылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1237432?lang=ru
«Сыр суы» филиалының директоры тағайындалды 30.06.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының бұйрығымен «Сыр суы» филиалының директоры лауазымына тағайындалған Әмиша Ержан Шынтемірұлы таныстырылды.Облыс әкімі жаңа басшының қызметіне сәттілік тілеп, халықты сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етудің қажетті шараларын қабылдауды жүктеді. Өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту, ауызсу жүйелерінің жұмысын қамтамасыз етіп, су жеткізу қызметінің сапасын арттыруды тапсырды.Ержан Шынтемірұлы 1980 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Құрылыс», «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алған.Еңбек жолын «СМП-Қызылорда» серіктестігінде инженер ретінде бастаған.Әр жылдары жеке секторда, мемлекеттік мекемелерде жауапты қызмет істеген.Кейінгі жылдары «Қазсушар» мекемесінің «Сыр суы» филиалы директорының орынбасары қызметін атқарып келді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1237442?lang=ru
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы тағайындалды 30.06.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай мәжіліс өтті. Онда Денсаулық сақтау министрлігі аппараты басшысының бұйрығымен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Жақсылық Жанерке Алмасқызы таныстырылды.Облыс әкімі жаңа басшыға өңірде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын қатаң бақылауда ұстап, медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыруда нәтижелі жұмыс жүргізуді тапсырды.Жанерке Жақсылық 1992 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Медицина»,«Жалпы медицина» мамандықтары бойынша білім алған.Еңбек жолын 2017 жылы Қызылорда қалалық № 3 емханасында дәрігер ретінде бастаған. Әр жылдары осы емханада бөлім меңгерушісі, аймақтық дәрігер, бас дәрігердің орынбасары болған. 2023 жылдан осы күнге дейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1237447?lang=ru
Бекболат Молдабеков ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды 30.06.2026
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Бекболат Серікұлы Молдабеков ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды. Ол бұрын атқарған қызметінен босатылды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі хабарлайды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1237541?lang=ru
Қостанай облысы әкімінің аппаратында өтініштерді қарау кезіндегі әкімшілік рәсімдер мәселелері бойынша жалпыға бірдей құқықтық оқыту өткізілді 29.06.2026
2026 жылдың 28 мамырында «Қостанай облысы әкімінің аппараты» ММ-де Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдер мен процессуалдық кодексіне енгізілген соңғы өзгерістерді ескере отырып, өтініштерді қарау кезіндегі әкімшілік рәсімдерді жүргізу тәртібін түсіндіру жөніндегі құқықтық білім беру жұмысы аясында оқу өткізілді.Іс-шара спикері – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті департаментінің бөлім басшысы Дәулет Тұрарұлы Жидебаев.Оқу барысында қатысушыларға өтініштерді тіркеу, есепке алу және қарау, келіп түсетін құжаттардың түрін анықтау, құзыреттілікті тексеру, дубликаттармен жұмыс жасау, сондай-ақ «Электрондық өтініштер» АТЖ-де тиісті әрекеттерді көрсету ерекшеліктері туралы мәселелер түсіндірілді.Жеке қабылдауға түсетін өтініштерді ескеру, ЛП-1 нысанының қолданылуы, жаңа әріптік индекс «ЖҚ», сондай-ақ өтініштер бойынша есеп беру тәртібімен байланысты өзгерістерге ерекше назар аударылды.Жалпыға бірдей құқықтық оқудың қорытындысы бойынша қатысушыларға азаматтардың және заңды тұлғалардың өтініштерімен күнделікті жұмыс істеуде өзгерістерді дұрыс қолдану бойынша практикалық ұсынымдар берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1230389?lang=ru
АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА БЖЗҚ жыл басынан бері 21,5 миллионнан астам қызмет көрсетті 28.05.2026
БЖЗҚ-ның негізгі міндеті – азаматтардың зейнетақы жарналарын жинақтау және болашақта олардың төлемдерін қамтамасыз ету. Қор ұсынатын қызметтер азаматтарға лайықты зейнетақы үшін қажетті соманы жинақтап қана қоймай, олардың болашағын қаржылық жоспарлауға белсенді қатысуға көмектеседі. БЖЗҚ өз қызметінде отандастарымызға цифрлық форматта түрлі қызметтер көрсетеді және оларды клиенттердің қажеттіліктеріне бейімделе отырып дамытуды жалғастыруда. Қордың сайтта және мобильді қосымшада 24/7 режимінде көрсететін қызметтерінің қолжетімділігі салымшылардың қызығушылығын арттырудың маңызды шарты болып табылады. 01.01.2026ж. мен 30.04.2026ж. аралығында Қор салымшыларға 21,5 млн қызмет көрсетті. Көрсетілген қызметтердің жалпы санының 11,7 млн-ы электрондық форматта, 9,4 млн-ы автоматты түрде жүргізілді. Осылайша, автоматты, электронды және қашықтықтан көрсетілген қызметтердің үлесі жалпы санның 98,8%-ын құрады. Салымшыларға 267,4 мың қызмет жүзбе-жүз көрсетілді, оның ішінде 260,3 мың қызмет тікелей Қор кеңселерінде жүзеге асырылды. Естеріңізге сала кетейік, барлық зейнетақы шоттары БЖЗҚ-ға бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 18 жасқа толмаған азаматтарына нысаналы талаптар автоматты түрде есептеліп, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде нысаналы жинақтарды алушыларға нысаналы жинақтарды есептеу және есепке алу үшін нысаналы жинақтау шоттары ашылады. Есепті кезеңде шартты зейнетақы шоттарын (жұмыс берушінің ЖМЗЖ аударуы нәтижесінде ашылатын ШЗШ) және нысаналы жинақтау шоттарын ("Ұлттық қор ¬— балаларға" бағдарламасы аясында ашылатын НЖШ) қоса алғанда, зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша автоматты режимде ашылған жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жалпы саны 790,0 мыңға жетті. Жеке зейнетақы шотынан, шартты зейнетақы шотынан (ШЗШ), сондай-ақ нысаналы жинақтау шотынан (НЖШ) үзінді көшірме алу бұрынғысынша ең танымал қызмет санатында. Жыл басынан бері ЖЗШ, ШЗШ, НЖШ-дан 12,3 млн-нан аса үзінді көшірме берілді. Оның 10,8 млн-ы – электрондық, ал 1,3 млн үзінді көшірме автоматты түрде рәсімделді. Шоттың жай-күйіне қатысты ақпаратты жеке кабинет арқылы алу – зейнетақы жинақтарын қадағалаудың ең ыңғайлы, сенімді және жедел тәсілі. Қызмет тәулік бойы (24/7) онлайн режимде жұмыс істейді, бұл ақпаратты кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зейнетақы шоттары туралы ақпаратты БЖЗҚ сайты арқылы ғана емес, egov.kz электрондық үкімет порталы немесе оның мобильді қосымшасы арқылы да алуға болады. Бұл мемлекеттік қызметтерді бірыңғай платформалар арқылы алуға дағдыланған азаматтарға өте қолайлы. БЖЗҚ 2025 жылдан бастап жыл сайынғы үзінді көшірмелерді пошта арқылы автоматты түрде жіберу тоқтатылғанын ескертеді. Бірақ, зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты "БЖЗҚ" АҚ атына тиісті сұранысты жіберген пошта арқылы алу мүмкіндігі сақталады.Салымшылардың (алушылардың) Қор сайтындағы және ұялы қосымшасындағы Жеке кабинеттен үзінді көшірме алудан басқа өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, шотының бар екендігі туралы анықтама алу, 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің мерзімсіз уақытқа белгіленуіне байланысты немесе ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру, зейнетақы жарналарын төлеу туралы өтініштің мәртебесін қадағалау, инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) жинақтардың бір бөлігін аудару, зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақыны болжамды есептеу және т.б. қызметтерді пайдалануға мүмкіндіктері бар. Жыл басынан бері салымшылардан зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ сенімгерлік басқаруға аударуға 32,2 мың өтініші қабылданды, оның басым бөлігі – электрондық форматта. Есепті кезеңде деректемелерді өзгертуге 38,4 мың өтініш қабылданды. Оның 36,2 мыңы Қордың кеңселерінде орындалды. БЖЗҚ мамандарына қандай да бір қызмет түрі бойынша жүгіне отырып, салымшылар, әдетте, жинақтарды қалыптастыруға қатысты қосымша кеңестер ала алады. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында 20,5 мың көшпелі таныстырылым өткізіліп, оған 413,0 мың адам қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдарында БЖЗҚ хабарламалары бойынша 13,4 мың материал жарияланды.Салымшылар мен алушылардан кері байланыс (байланыс орталығы, веб-сайт арқылы кеңес, мессенджерлер, әлеуметтік желілер және басқа байланыс түрлері) арналары бойынша 159,0 мың өтініш түсті.Естеріңізге сала кетейік, кез келген компания Қор кеңсесіне барып жинақтаушы зейнетақы жүйесінің мәселелері бойынша таныстырылым мен кеңестер өткізуге өтінім бере алады. Ол үшін 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығына қоңырау шалып, Қор сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы хабарласу қажет. БЖЗҚ-ның кеңес беру қызметтерін мессенджерлер (+7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber чат-боттары) арқылы, 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығынан (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін), enpf.kz корпоративтік сайтынан, сондай-ақ, Instagram, Facebook, ВКонтакте, Telegram, Одноклассники сияқты әлеуметтік желілердегі БЖЗҚ-ның ресми парақшаларынан алуға болады.БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында). Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1229494?lang=ru
Ауылдық аумақтарды ОДМ тұрғысынан дамыту: өңірлердің жаңа бастамалары талқыланды 28.05.2026
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінде Әлеуметтік саланы, құқық қорғау және арнайы органдарды дамыту департаментінің директоры Нұргүл Жанназарованың Қызылорда облысы Арал ауданы әкімінің орынбасарымен, «Бастаманы қолдау» қоғамдық бірлестігі мен «SDG Hub «Қамбаш» өкілдерімен кездесуі өтті.Кездесудің негізгі мақсаты – Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) жергілікті деңгейде енгізу аясында Арал ауданында табысты жүзеге асырылып жатқан «GLocal» жобасын таныстыру болды.Нұргүл Жанназарова ОДМ-ды Қазақстанда іске асыру жөніндегі үйлестіруші орган ретінде Ұлттық экономика министрлігінің негізгі басымдықтарын жеткізді. Сондай-ақ, ол өткен жылы жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерінің тиімділігін арттыру мақсатында Қарқаралы қаласында іске қосылған осыған ұқсас пилоттық жобаның оң тәжірибесін ерекше атап өтті.Қызылорда облысының өкілдері ауыл кәсіпкерлерін қолдау бағытындағы «SDG Hub «Қамбаш» қызметі, Еуропалық Одақтың өңірлік институттарымен және БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) өзара іс-қимыл және ОДМ-ды ауылдық деңгейде іске асыру тәжірибесін таратуға дайын екендіктері туралы жан-жақты баяндады.Сонымен қатар, делегаттар әлеуметтік маңызы бар басқа да өңірлік бастамаларды таныстырды. Олардың қатарында Қамбаш көлінің экожүйесін қорғауға бағытталған «Таза Қамбаш» экологиялық жобасы, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және Қамыстыбас ауылын көгалдандыру кезінде «жасыл» технологияларды енгізуге бағытталған «Арал әйелдері» қоғамдық бірлестігінің жобасы бар.Аталған бастамалар Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «GLocal» жобасы аясында жүзеге асырылуда.Кездесу соңында Нұргүл Жанназарова қонақтарға тәжірибе алмасудағы пайдалы ұсыныстары үшін алғыс білдіріп, Министрлік өңірлердің ОДМ-ды дамытуға бағытталған бастамаларын әрдайым қолдауға дайын екенін атап өтті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1229349?lang=ru