Қуқық
Маңғыстау намысын «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынында үш команда қорғайды 23.04.2026
Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің теңіз жаяу әскері десанттық-шабуыл батальонында «Айбын – 2026» әскери-патриоттық жастар жиынының облыстық кезеңі өтті.Оған өңірдің бес ауданы мен екі қаласынан келген командалар қатысып, өзара үздіктерді анықтады.Жарыс келесі кезеңдерден тұрды: кермеге тартылу, жатып денені көтеру, әскери кросс, АК-74 автоматын бөлшектеп-жинау, арқан тарту, пневматикалық мылтықтан ату, сондай-ақ эстафета. Бұл сайыстар қатысушылардан жоғары дене дайындығы, төзімділікті, ептілікті, жылдамдықты және командалық үйлесімділікті талап етті.– Бұл жарыстар біздің күш-қуатымыз бен командалық рухымызды сынады. Әр кезеңде бір-бірімізді қолдап, соңына дейін бірге бардық. Осында біз құнды тәжірибе жинадық, ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіремін, – деп бөлісті Ақтау қаласындағы №22 мектеп-гимназиясының оқушысы Камила Костромина.Жарыс қорытындысы бойынша I орынды Ақтау қаласының «Каспий» командасы, II орынды Мұнайлы ауданынан «Жас жауынгер» әскери-патриоттық клубы, ал III орынды Жаңаөзен қаласының «Қайсар» командасы иеленді.Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен және грамоталармен марапатталды. Олар биылғы жылдың маусым айында Ақмола облысының Щучинск қаласында өтетін «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында өңір намысын қорғайды.Бұл шара жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып, патриоттық рухты нығайтқан маңызды оқиға болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1207324?lang=kk
Экологиялық өндіріс: Алматы облысының экожобалары халықаралық көрмеде таныстырылды 23.04.2026
Елордада өтіп жатқан халықаралық көрмеде Алматы облысының жобалары жаңашылдығымен әрі экологиялық тиімділігімен ерекшеленді. Олардың қатарында автокөлік шиналары мен тамақ қалдықтарын терең өңдейтін екі ірі кәсіпорын бар. Бұл зауыттардың Қазақстанда өзге баламасы жоқ. Тың жобалар табиғат тазалығын сақтауға, экологиялық қатердің алдын алуға бағытталған, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Көрмеде ұсынылған бастаманың бірі – Талғар ауданында орналасқан «QazRez» кәсіпорны. Зауыт өткен жылдың соңында іске қосылған. Өндіріс пайдаланылған жеңіл және жүк көліктерінің, тіпті ірі габаритті техникалардың шиналарын терең өңдеумен айналысады. Компанияның негізгі өнімдеріне гидрооқшаулағыш материалдар, регенерацияланған резеңке, болат шарлар және болат түйіршіктер жатады. Бұл өнімдер құрылыс саласында, өнеркәсіпте және инфрақұрылым жобаларында кеңінен қолданылады.Өндіріс жұмысы бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен шиналар ұсақталып, резеңке үгіндісі алынады. Бұл материал спорт және балалар алаңына арналған жабын ретінде қолданылады. Сондай-ақ гидрооқшаулағыш материалдар мен жолдағы шұңқырларды жөндеуге арналған өнім дайындалады. Кәсіпорынның басты ерекшелігі – өндіріс барысында ешқандай қалдық қалмайды. Яғни шиналар толық өңделіп, әр бөлігі пайдаға асады. Компания өнімдері Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қытай нарығына экспортталады.«Болашақта Қазақстанның әр өңірінде шикізат дайындайтын қосалқы өндіріс орындарын ашу жоспарымызда бар. Сондай-ақ өңделген резеңкеден конвейерлік таспа шығаруды және жоғары кернеулі кабель өндіруді көздеп отырмыз. Әсіресе конвейерлік таспа әзірлеу ісіне ерекше көңіл аударудамыз. Себебі мұндай өнім Қазақстанда жасалмайды, негізінен Ресей мен Қытайдан импортталады.Қазіргі таңда кәсіпорында 100-ден астам адам жұмыс істейді, ал болашақта өндірісті кеңейту арқылы жұмысшылар саны едәуір артады.Саммит аясында біз Қазақстанның әр өңірінен жаңа серіктестер таптық. Олар – пайдаланылған автокөлік шиналарын жеткізушілер. Бірқатар өңірлермен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Саммит біз үшін өте нәтижелі өтуде», – деді компания өкілі Владимир Малик.Көрмеде халық назарына іліккен бірегей жоба – тамақ қалдықтарын терең өңдейтін «Food Waste» кәсіпорны. Өндіріс патенттік негізде жұмыс істейді. Әрі өндірісте қолданылатын заманауи технологиясымен ерекшеленеді. Сонымен қатар компания улы газдарды азайтуға бағытталған халықаралық бастамаларға қатысып, табиғатты қорғау шараларын одан әрі жетілдіре түсті.«Тамақ қалдықтарын өңдеу экологиялық мәселелерді шешуге зор ықпал етеді. Мысалы, қалдықты қоқыс полигонына жіберсе, одан улы газ бөлініп, ауаны ластайды. Сол үшін біз Алматы облысындағы мейрамханалар мен кәсіпорындардан шығарылатын тамақ қалдықтарын жинап, оны терең өңдейміз. Нәтижесінде балық пен жануарларға арналған жем және органикалық тыңайтқыш дайындалады. Кәсіпорын 2024 жылы іске қосылды. Биыл үлкен кешеннің құрылысы аяқталады. Соның негізінде күніне 100 тонна қалдық өңделетін болады», – деді кәсіпорынның бас директоры Бекежан Қайырғалиев.Осылайша, «RES EXPO – 2026» халықаралық көрмесінде Алматы облысы экологиялық жобаларға ерекше қолдау білдіретінін және бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жолға қойылғанын көрсетті.Айта кетейік, көрме Өңірлік экологиялық саммит аясында ұйымдастырылған. Бүгін екінші күн қатарынан жалғасып жатыр. Шара ертең , яғни 23 сәуір күні қорытындыланып, өз мәресіне жетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1207295?lang=kk
«Таза Қазақстан»: Рудныйда пластикалық қалдықтарға екінші өмір сыйлаған экологиялық шеберлік сабағы өтті 23.04.2026
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Рудный қаласының еріктілері жастар арасында экологиялық ойлауды дамытуға және саналы тұтыну қағидаттарын насихаттауға бағытталған «Заттарға екінші өмір» атты шеберлік сабағын өткізді.«Рудненский добряк» қалалық штабының еріктілері қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру және практикалық дағдыларды дамыту мақсатында пластикалық бөтелкелерден кашпо жасау бойынша экологиялық шеберлік сабағын ұйымдастырды. Шеберлік сабағына белсенді ұзақ өмір сүру клубының мүшелері мен мектеп оқушылары қатысты. Іс-шара 30 адамды қамтыды. Іс-шара барысында қатысушылар қайта өңделетін материалдардан ерекше әрі функционалды кашпо жасауды үйренді. Ұйымдастырушылардың жетекшілігімен пластикалық бөтелкелер интерьер мен сыртқы кеңістіктерді көгалдандыруға пайдалануға болатын сәнді бұйымдарға айналды.Практикалық бөлімге ерекше назар аударылды: кашпо дайындалғаннан кейін қатысушылар оларға өсімдік көшеттерін отырғызды. Бұл олардың алған білімдерін бекітіп қана қоймай, көгалдандыруға және қолайлы экологиялық орта қалыптастыруға өз үлестерін қосуға мүмкіндік берді.Іс-шара достық әрі шығармашылық атмосферада өтіп, экологиялық бастамалар мен тұрақты дамуға қызығушылық танытқан жастарды біріктірді. Қатысушылар шеберлік сабағының практикалық маңызын атап өтіп, алған білімдерін күнделікті өмірде қолдануға дайын екендерін білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1206995?lang=kk
Лисаков қаласының тұрғындары «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын қолдады 23.04.2026
Қостанай облысының Лисаков қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең ауқымды абаттандыру және көгалдандыру іс-шаралары өтті. Қала тұрғындары игі бастаманы белсенді қолдап, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.Қалалық саябақ аумағында ұйымдастырылған көгалдандыру акциясына 123 белсенді тұрғын қатысты. Бірлескен әрі үйлесімді еңбектің нәтижесінде 1150 көшет отырғызылып, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға және жасыл желекті көбейтуге нақты қадам жасалды. Мұндай шаралар қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға және тұрғындардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы аясында бұқаралық велошеру ұйымдастырылып, оған 50 адам қатысты. Аталған іс-шараға жастардың белсенді қатысуы ерекше атап өтерлік жайт. Жас буынның табиғатты аялауға бағытталған бастамаларға қызығушылық танытуы – экологиялық сананың қалыптасуының айқын көрінісі.Жалпы, өткізілген іс-шаралар «Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі мақсаттарын іске асыруға, атап айтқанда, елді мекендерді абаттандыру, қоршаған ортаны қорғау және халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған.Мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдің тұрақты дамуына өз үлесін қоса бермек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1206840?lang=kk
Сарбаз қызмет барысында кемінде 5 кітап оқуы тиіс: Қазақстан Қарулы Күштерінде Кітап күні атап өтілуде 23.04.2026
Қазақстан Қарулы Күштерінде жаңа талап енгізілді: мерзімді қызмет кезеңінде әрбір әскери қызметші кемінде бес кітап оқуға міндетті. Бұл бастама жеке құрамның дамуына және 23 сәуірде елімізде атап өтілетін Кітап күні қарсаңында оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.Мереке халықаралық дәстүрге негізделген. Ол ЮНЕСКО-ның бастамасымен бекітіліп, бүкіл әлемде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні ретінде аталып өтеді. Қазақстанда бұл күн ел Президентінің тапсырмасымен енгізіліп, алғаш рет 2025 жылы оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық дата ретінде атап өтілді.Қазақстан Қарулы Күштерінде оқу мәдениетін қалыптастыру жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде әскери бөлімдер мен мекемелерде 322 кітапхана жұмыс істейді. Олардың қорында 52 434 дана көркем әдебиет және 198 293 оқу басылымы бар.– Біздің кітапханамызда отандық авторлардың, әскерижазушылар мен әскери ғалымдардың көптеген еңбектері бар. Олар әскердің қалыптасуы мен дамуы туралы жазылған бірегей құнды еңбектер. Кітапхананың өзі 2020 жылдың желтоқсан айында ашылды. Кітапхана қорында 7000-нан астам кітап бар. Қор қайырымдылық акциялардан келіп түскен кітаптар негізінде жасақталды. Бізге Астана мен Алматы қалаларының кітапханалары кітаптар табыстады. Сондай-ақ Ұлттық қорғаныс университетінің кітапханасы да үлкен көмек көрсетті. Бізде сирек кездесетін кітап басылымдары өте көп, – деді Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери-ғылыми кітапханасының меңгерушісі Оксана Әлжанова.Тек биылғы жылдың басынан бері әскери қызметшілер қолына 48 837 кітап берілді. Бұл жеке құрам арасында кітап оқуға деген тұрақты қызығушылықтың бар екенін және кітапхана қорына сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.Кітапхана қоры үнемі толықтырылып отырады. Кітаптар демеушілік көмек, баспалармен ынтымақтастық, сондай-ақ қайырымдылық акциялары аясында келіп түседі. Бұл шараларға әскери қызметшілердің өздері де белсенді қатысады – олардың көпшілігі жеке жинақтарындағы кітаптарды әкеліп, бөлім кітапханаларының қорына тапсырады.Міндетті оқу нормасын енгізу - жай сөз емес, тәрбиелік әрі білім беру жұмысының бір бөлігі. Кітап оқу көкжиекті кеңейтеді, сыни ойлауды дамытады және берік құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді. – Ұлттық-әскери патриоттық орталығында мерзімді әскери қызметті өткеріп жатқан музыкантпын. Мұндағы кітапханада қызықты тақырыптағы кітаптар көп. Қазіргі сәтте Мұхтар Шахановтың кітабын оқып жатырмын. Жалпы маған детектив жанры мен әскери тақырыптағы кітаптар ұнайды, – деді Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық взводының сарбазы Нұрдос Айтмұхаметов.Қазіргі қызмет жағдайында кітап өзін-өзі дамытуға сенімді құрал болып қала береді, ал оған деген қызығушылық әскери қызметшінің кәсіби және тұлғалық өсуінің маңызды құрамдас бөлігіне айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1206659?lang=kk
Әскери борышын өтеген мыңнан аса қазақстандық грант иегері атанды 23.04.2026
Елордадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда запасқа шыққан әскери қызметшілерге жоғары оқу орындарында тегін білім алу үшін сертификаттар табыстаудың салтанатты рәсімі өтті.Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы, Парламент Сенатының депутаттары, әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері, елордалық мектептер мен колледждердің оқушылары қатысты.Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков запастағы әскери қызметшілерге жоғары оқу орындарында білім алуға арналған сертификаттарды тапсырды. – Бұл сертификат – сендердің адал қызметтеріңнің лайықты жемісі. Осы мүмкіндікті алда сенімді өсіп-өркендеу үшін пайдалана біліңдер, – деді министрдің орынбасары грант иегерлеріне арнаған сөзінде.Салтанатты рәсім барысында әскери қызметшілерді Парламент Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев құттықтады.– Сендер армия мектебінде шыңдалып, жаңа бастамаларға жол аштыңдар. Бұл қадам үлкен жолдың құтты қадамы болсын, – деді ол.Әскери қызметшілердің бірінің туысы Гүлнар Жәкетова өз ойын білдірді:– Отбасымыз үшін үлкен қуаныш әрі көрсетілген қолдау. Мұндай бастамалар балаларымыздың болашағы үшін сенімділік тудырады, – деді. Грант иегерлерінің қатарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқуға жолдама алған алған кіші сержант Бейбарыс Хасен де бар. – Мен үшін бұл әскерде жеткен басты жетістігім. Командирлерім мен жақындарымның қолдауы үшін алғысымды айтамын, – деді ол.Қорғаныс министрлігінің бастамасымен 2023 жылы басталған «Сарбаз 2.0» жобасы заң жүзінде бекітілгенін айта кетейік. Бұл жоба әскерде борышын өткерген азаматтарға Ұлттық бірыңғай тест тапсырмай, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді. Жауынгерлік дайындық үздіктеріне сонымен бірге жатақханадан орын беріледі және стипендия төленеді.Мемлекеттік грантқа үміткерлерді іріктеу «Сарбаз 2.0» цифрлық жүйесі арқылы жүзеге асырылды.2023-2025 жылдар аралығында жүйеде барлығы 180 мыңнан астам әскери қызметші тіркеліп, оның ішінде «Көктем–2025» әскерге шақыру шеңберінде – 18 мыңнан астам адам грант алды. Іріктеу қорытындысы бойынша білім гранттары былайша бөлінді: Қорғаныс министрлігі – 492 орын, Ұлттық ұлан – 493 орын, ҰҚК Шекара қызметі – 112, Төтенше жағдайлар министрлігі – 28 орын, Мемлекеттік күзет қызметі – 29 орын.Қазіргі кезде «Сарбаз 2.0» жобасы әскери қызметшілерді қолдаудың тиімді құралына айналып, әскердегі қызмет жастарға білім беру, кәсіби өсу және сенімді болашақ үшін нақты мүмкіндіктер ашатынын дәлелдеп отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1206626?lang=kk
Жалпыға бірдей құқықтық оқыту шеңберінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Департаменті мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қостанай облысы бойынша филиалының өкілдерімен кездесу өтті 23.04.2026
2026 жылғы 21 сәуірде Қостанай облысы әкімінің аппаратында құқықтық оқыту аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қостанай облысы бойынша филиалының өкілдерімен кездесу өтті.Кездесу барысында аппарат қызметкерлеріне мемлекеттік қызметке және Мемлекеттік басқару академиясына түсу кезіндегі конкурстық іріктеуге қатысты заңнамадағы негізгі өзгерістер түсіндірілді.Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің өкілдері конкурстарды өткізу рәсіміндегі жаңалықтарға, кандидаттарды бағалау критерийлеріне, іріктеу кезеңдеріне және құжаттарға қойылатын талаптарға қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі түсіндірді. Конкурстық рәсімдерді цифрландыру және іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мемлекеттік басқару академиясы филиалының қызметкерлері магистратура мен докторантура бағдарламалары бойынша оқуға түсудің жаңартылған шарттары, білім берудің жаңа бағдарламалары және мемлекеттік қызметшілер қатарындағы үміткерлерге қойылатын талаптар туралы баяндады.Қызметкерлердің құқықтық хабардарлығын арттыру жұмыстары нақты кейстер мен құқық қолдану практикасын талдау үшін практикамен айналысатын адамдар мен сарапшыларды шақыра отырып, ашық диалог форматында жалғасатыны атап өтілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1206590?lang=kk
Қарулы күштерде «Ұлт болашағы – білімде» челленджі басталды 22.04.2026
Қазақстанда 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілген. Бұл мереке Үкімет қаулысымен қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, зияткерлік әлеуетті арттыру және жастарды кітапқа баулу мақсатында, Президент бастамасымен 2025 жылдан бастап атап өтіледі. «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деді Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде.Қарулы күштерде челленджге қатысқан сарбаздар белгілі ақындардың өлең жолдарын оқып, жазушылардың прозалық шығармаларынан үзінділер келтірді.Мысалы Приозерск гарнизонынада орналасқан 06708 әскери бөлімінде Отан алдында борышын өтеп жүрген сарбаз Қамза Ербатыр Арай Әлімжанованың «Бауыр барда» өлеңін оқыса, Атырау гарнизоны 41433 әскери бөлімің сарбазы Мұқағали Мақатаевтың «Отан» өлеңін оқыды.Қорғаныс саласында қызмет атқаратын әскери қызметшілер үшін кітап – тек білім көзі ғана емес, сонымен қатар тұлғалық дамудың маңызды құралы. Іс-шара барысында әскери кітапханаларда арнайы көрмелер ұйымдастырылып, тарихи және әскери әдебиеттер кеңінен таныстырылды. Әскери қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған кездесулер мен челлендждер жыл сайын өткізілді.Ұлттық кітап күні аясында челленджге қатысқан сарбаздарға қазақ және әлем әдебиетінің таңдаулы туындылары ұсынылып, әскери тақырыптағы кітаптарға ерекше назар аударылды. Бұл бастама әскери қызметшілердің кәсіби білімін жетілдіруге және олардың дүниетанымын кеңейтуге ықпал етеді.Бұл бастамалар қоғамда кітаптың маңызын арттырып қана қоймай, жас ұрпақты білім мен рухани құндылықтарға баулуға мүмкіндік береді.Қорғаныс министрлігінде өтіп жатқан Ұлттық кітап күні – әскери қызметшілердің рухани дамуына серпін беретін маңызды мәдени оқиға. Бұл шара кітаптың қоғамдағы рөлін нығайтып, білім мен тәрбие құндылықтарын дәріптеуге өз үлесін қосады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1206542?lang=kk
Қазақстан мен Моңғолия жермен қамтамасыз етілу деңгейі бойынша әлемде көшбасшы орынға ие 22.04.2026
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астанада өткізілген Қазақстан-Моңғолия бизнес форумында сөз сөйледі.Моңғолия – Қазақстан үшін маңызды әрі сенімді серіктес. Екі елді тарихи жақындық, өзара сыйластық пен экономикалық байланыстарды арттыруға деген ортақ ұмтылыс біріктіреді. Бизнес-форум тұрақты іскерлік байланыс қалыптастырудың практикалық алаңына айналатыны атап өтілді.Мемлекет басшыларының өзара тауар айналымын $500 млн-ға арттыру міндетін ескере отырып, вице-премьер ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы қол қойылған уақытша сауда келісімінің маңыздылығын баса айтты.«Біз бұл құжатты сауданы арттыруға, кооперацияны дамытуға және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік беретін нақты құрал ретінде қарастырамыз», — деп атап өтті ол.Қазақстан мен Моңғолия жан басына шаққанда жермен қамтамасыз ету деңгейі бойынша әлемде көшбасшы орынға ие. Бұл ынтымақтастық үшін айтарлықтай әлеует туғызады. Мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу, ветеринария, техника жеткізу мен заманауи агротехнологияны енгізу басым бағыттар қатарына жатады.Моңғолия Премьер-министрінің бірінші орынбасары – экономика және даму министрі Жадамбын Энхбаяр ЕАЭО-мен келісім шеңберінде моңғол экспортының 367 тауар түріне тарифтік жеңілдік берілетінін хабарлады. Бұл ретте олардың 97,5%-ы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы өніміне тиесілі. Бұл – Моңғолияның негізгі бәсекелестік артықшылығы.Келісім соңғы жылдары тұрақты оң динамиканы көрсеткен екіжақты тауар айналымы артуының қосымша факторына айналатыны, бизнес-қауымдастық арасындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ықпал ететіні атап өтілді.Цифрландыру мен инновация саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Қазақстан «Astana Hub» халықаралық технопаркі мен «Alem.Aі» ұлттық жасанды интеллект орталығы секілді заманауи технологиялық экожүйені қалыптастыруда.Вице-премьер моңғол IT-компанияларын Big Data, блокчейн, «бұлтты» технологиялар мен R&D-орталықтарының әзірлемелерін коммерцияландыру саласындағы бірлескен зерттеулер мен жобаларды қосқанда, осы алаңдар шеңберіндегі ынтымақтастыққа шақырды.Сонымен қатар Серік Жұманғарин Жадамбын Энхбаярмен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар сауда және агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасын, сондай-ақ бірлескен өндіріс құру мәселесін талқылады. Атап айтқанда, Моңғолия аумағында ветеринариялық вакцина өндіретін кәсіпорынды іске қосу, сондай-ақ Қазақстанда кашемирден жасалған бұйым мен ет өнімін өндіруді ұйымдастыру бастамасы қаралды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1205995?lang=kk
Алматы облысында 3 мыңнан астам бала қызылшаға қарсы екпе алды 22.04.2026
Ұлттық күнтізбеге сәйкес вакцинациялау - халық денсаулығын қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі. Қазақстанда міндетті екпелер мемлекет тарапынан тегін жүргізіліп, әрбір баланың туған сәтінен бастап белгілі бір мерзімдерге сай салынады. Бұл жайында Алматы облысы саитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәулет Капсаламова мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева айтты.Тегін жүргізілетін екпелердің қатарына туберкулез, «А» және «В» вирустық гепатиттері, дифтерия, көкжөтел, сіріспе, полиомиелит, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит, b типіндегі гемофилді инфекция, пневмококк инфекциясы және адам папилломавирусына қарсы вакциналар жатады. Бұл екпелер қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алуға бағытталған.Вакцинация тек балалар үшін ғана емес, ересектер үшін де маңызды. Белгілі бір жас кезеңдерінде ревакцинация жүргізіліп, ағзаның қорғаныш қабілеті сақталады. Сонымен қатар медицина қызметкерлері мен қауіп тобына жататын адамдар да міндетті түрде екпе алады.Екпе алу алдында дәрігердің тексеруі, пациенттің келісімі және екпеден кейінгі бақылау — қауіпсіздіктің негізгі талаптары. Бұл шаралар жағымсыз әсерлердің алдын алуға мүмкіндік береді.«Жыл сайын сәуір айының соңында өтетін Иммундаудың дүниежүзілік апталығы вакцинацияның маңызын еске салады. Вакциналар соңғы 50 жылда миллиондаған адамның өмірін сақтап қалды. Соған қарамастан, әлемде әлі де екпе алмаған балалар саны көп, ал жалған ақпарат вакцинаға деген сенімге кері әсер етуде»,-деп атап өтті Сәулет Капсаламова.Бүгінде өңірде 6–11 айлық балаларды қосымша иммундау жұмыстары басталды. Жалпы 11 480 бала екпе алуы тиіс болса, оның 8 390-ы вакцина алып үлгерді. Сонымен қатар қайта иммундау аясында 18 жасқа дейінгі 3003 бала қызылшаға қарсы екпе алды.«Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес облыста 318 егу пункті мен 76 жылжымалы бригада жұмыс істейді. Сондай-ақ 36 алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымының 33-інде вакцинация жүргізілуде»,-деп қорытты Лейла Серікбаева.Жалпы, қоғамда вакцинацияға сенімді арттыру және әр адамды жауапкершілікке шақыру — бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Вакцинация арқылы біз өзімізді ғана емес, болашақ ұрпақты да қорғаймыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1206162?lang=kk
Мемлекеттік қызметтің құндылықтарын ілгерілету және оқушылар арасында ерте кәсіптік бағдарлау мақсатында Қостанай облысының әкімдігінде Қостанай қаласы мектептерінің оқушыларымен іс-шара өткізілді. 22.04.2026
Іс-шара аясында «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталған тұлғалар, табысты жас мемлекеттік қызметшілер, тиісті салаларда жұмыс істейтін Өңірлік кадр резервінің мүшелері, Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің өкілі, сондай-ақ Қостанай облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі шақырылды.Іс-шара оқушылардың мемлекеттік органдардың жұмысы туралы хабардарлығын арттыру, мемлекеттік қызмет туралы неғұрлым толық түсінік қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1206170?lang=kk
Алматы облысы Ресеймен ынтымақтастықты нығайтуда 22.04.2026
Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Бас консулы Дмитрий Тураевпен кездесті. Облыс әкімдігінде өткен жүздесуде қос тарап екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, осы бағытта әлеуетті арттыруға ниет білдірді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Жиында Марат Сұлтанғазиев облыстың экономикалық дамуы және инвестициялық мүмкіндіктері, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, туризм, баламалы энергетика мен өнеркәсіп бағыттары жайлы қысқаша баяндады. Сонымен қатар инвесторлар тарту мен кәсіпкерлікті дамытуға заң аясында жасалып отырған қолдауларға, қолға алынып жатқан іргелі жобаларға да тоқталды. Өз кезегінде аймақ басшысы көрші ел делегациясына Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қарқынды дамып жатқанын, Алматы облысымен де өңіраралық байланыстардың нығайып келе жатқанын баяндады. Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, Алматы облысы мен Ресей арасындағы тауар айналымы өткен жылы 16 пайызға артқан.– Бүгінде Алматы облысында Ресей капиталының және бірлескен капиталдың қатысуымен 216 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл – екіжақты іскерлік ынтымақтастықтың жоғары деңгейінің айғағы. Бүгінде өңірде ауқымды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар белсенді түрде іске асырылуда. Өзара ынтымақтастықты нығайтуға өңірлердің мүмкіндігі зор. Әсіресе ауыл шаруашылығы, көлік, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық айтарлықтай әлеуетке ие. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен инновациялық Алатау қаласы құрылды. Біз құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру саласы бойынша Ресей инвесторларын осы жобаға қатысуға шақырамыз, – деді Марат Сұлтанғазиев.Өз кезегінде Дмитрий Тураев екіжақты байланысты нығайтудың маңызы зор екенін атап өтті. Сонымен қатар шетелдік делегация өкілдері ауыл шаруашылығы, агроинженерия саласындағы тәжірибелерін ортаға салып, өз өнімдерін Қазақстан нарығына саудалауға ниетті екендіктерін айтты.Кездесуде өңіраралық ынтымақтастық және сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және білім беру салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Жүздесуде туризмді дамыту мен өзге де ортақ тарихи және мәдени құндылықтарға да ерекше назар аударылды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1206256?lang=kk
RES EXPO – 2026: Алматы облысының өнімдері халықаралық көрмеге қойылды 22.04.2026
Бүгін Орта Азиядағы ең ірі экологиялық көрмеде Алматы облысында өндірілген тауарлар әлем назарына ұсынылды. Игі шарада өңір сапалы өнімдері мен заманауи туристік жобалары арқылы бәсекеге қабілетті аймақ екенін көрсетіп, туризм бағытындағы тың жобаларымен таңқалдырды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Бастама Астана қаласында Өңірлік экологиялық саммит аясында өтіп жатыр. Шараның пленарлық отырысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Армения, Моңғолия, Грузия, Әзербайжан сынды мемлекеттердің басшылары және БҰҰ өкілдері қатысты. Онда мемлекетаралық маңызды экологиялық мәселелер талқыланды.Шара барысында ұлттық павильондар, B2B кездесулер, панельдік сессиялар мен стартап байқаулар ұйымдастырылып, инвестициялық келісімдер жасалды. Шамамен 1500-ге жуық ресми делегат – мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, инвесторлар, бизнес өкілдері және ғылыми сарапшылар өзара тәжірибе алмасты.Халықаралық көрмеде 30 елден келген 300-ден аса компания жасыл энергетиканы дамыту, су ресурстарын тиімді қолдану, қалдықтарды сұрыптап, терең өңдеу, ақылды қалаларды қалыптастыру бойынша инновациялық жобаларын ұсынды.Алматы облысының павильонында өңірде өндірілген экологиялық таза әрі табиғи өнімдер таныстырылды. Олардың қатарында «Frutto», «Sydyk» және «Аrba wine» сияқты көшбасшы кәсіпорындар бар. Сонымен қатар Алматы облысының көрнекі туристік нысандары насихатталып, саммит қатысушыларына ерекше әсер қалдырды. Атап айтқанда, «Ой Қарағай» тау курорты мен «Aikan Resort» кешені заманауи инфрақұрылымы және қызмет көрсетудегі жаңашылдығы жайлы қатысушыларға кеңінен ақпарат беріп, табиғаттың сұлу көрінісін тамашалауға шақырды.Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, «RES EXPO – 2026» көрмесі өңірді халықаралық деңгейде танытуға үлкен мүмкіндік беруде.«Алматы облысы табиғат ластануының алдын алып, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға бағытталған инновациялық жобаларды таныстыруда. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу және табиғи өнім өндіру бағыттарына ерекше көңіл бөлінді. Туризм саласы да назардан тыс қалған жоқ. Себебі өңірдің бұл бағыттағы әлеуеті өте жоғары», – деді ол.Айта кетейік, экологиялық саммит Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Қазақстанда алғаш рет өткізілуде. Шара үш күн бойы жалғасады. Оған 20 000-нан астам қатысушы келеді деп күтілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1206350?lang=kk
Бүгін – әскери полиция қызметшілерінің кәсіби мерекесі 22.04.2026
1997 жылғы 22 сәуірде елдегі құқық қорғау жүйесін реформалау аясында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери полициясы құрылды.Әскери полиция қызметі әскердің күнделікті тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты. Сонымен қатар, оның қызметшілері халықаралық және мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды әскердің қатысуымен өткізу барысында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді қатысады.Әскери полиция органдарына құқықбұзушылықтардың алдын алу, әскери техниканы алып жүру, гарнизондарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, әскери қызметшілерді іздестіру, сондай-ақ қылмыстардың жолын кесу және ашу сияқты кең ауқымды міндеттер жүктелген. Құқықтық тәртіпті, жол қозғалысы қауіпсіздігін және әскери тәртіпті қамтамасыз етуге әскери автомобиль полициясы мен патрульдік-бекеттік қызмет елеулі үлес қосып келеді.Құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында әскери полиция 2025 жылғы 30 желтоқсандағы «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» ҚР Заңын әзірлеуге қатысты. Заңды іске асыру аясында әскери бөлімдерде тәртіптің жай-күйіне тұрақты бақылау ұйымдастырылып, бұзушылықтарды мониторингтеу мен оларға жедел әрекет етудің заманауи тәсілдері енгізілді. Жалпы, алдын алу жұмысы әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған жүйелі әрі үздіксіз үдеріс ретінде қалыптасқан.Материалдық-техникалық базаны дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бөлімшелер заманауи қару-жарақпен, техникамен және арнайы құралдармен жабдықталып, бұл өз кезегінде уақыт талабына сай тиімді әрекет етуге және қауіпсіздікті жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Әскери полиция құрылымында кинологиялық қызметтің құрылуы – маңызды қадамдардың бірі. Қызметтік иттер тыйым салынған және жарылғыш заттарды анықтауда, сондай-ақ күдіктілерді іздестіру мен ұстау операцияларында кеңінен қолданылады.Дегенмен, әскери полицияның басты күші – қызметті ар-намыс пен жоғары жауапкершілік деп түсінетін адамдар. Олардың кәсібилігі, принципшілдігі және борышқа адалдығы қызметтің жоғары беделін қалыптастырады. Көптеген қызметшілер заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталған.Елдің әскери қауіпсіздік жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде бұл заманауи, ұтқыр әрі кәсіби құрылым бүгінде армиядағы заң мен тәртіптің сенімді қалқанына айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1205786?lang=kk
Қазақстан Сыртқы істер министрі ШЫҰ Бас хатшысымен кездесті 21.04.2026
Астана, 2026 жылғы 21 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевпен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар Шанхай ұйымының ағымдағы қызметі, сондай-ақ Бишкекте 2026 жылы жоспарланған Мемлекет басшыларының саммитіне дайындықпен биік және жоғары деңгейдегі іс-шараларға дайындық мәселелері бойынша пікір алмасты.ШЫҰ қызметін одан әрі жетілдіру және Ұйымның тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстанның ШЫҰ қызметіне қолдау білдіре отырып, Ұйым Еуразиялық өңірде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің пәрменді факторы ретінде танылып, өзінің 25 жылдығына тұрақты және беделді көпсалалы бірлестік ретінде жақындап келе жатқанын атап өтті.Өз кезегінде Бас хатшы Ұйымның қызметіндегі Қазақстанның белсенді рөлін атап өтіп, алдағы кезеңдегі жұмыстың басым бағыттары туралы хабардар етті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1205750?lang=kk
Әкімдік отырысы: соңғы 3 жылда 30-дан астам спорт нысаны салынды 21.04.2026
Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру тақырыбында облыс әкімдігінің отырысы өтті.Мемлекет басшысы салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударады. Қазіргі уақытта бұқаралық спортпен айналысатын азаматтардың ең көп үлесі жастар мен ересектерге тиесілі. Облыста спорттың 18 түрімен 69,5 мың бала мен жасөспірім айналысады. Облыста жыл сайын жаңа спорт нысандарының саны артып келеді. Соңғы 3 жылда 30-дан астам нысан салынды: 16 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 8 спорт залы, 6 жабық хоккей корты, 2 стадион, ат манежі және бассейн. Облыс орталығында триатлон паркі ауданында көпфункционалды стадион салынуда. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы келісімге қол жеткізілді. «Астана» шағын ауданында Спорт сарайының құрылысы басталады. Арқалық қаласында жабық хоккей корты салынады, ал «Самұрық-Қазына» қоры көпфункционалды дене шынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызады. Соңғы 3 жылда облыста 80-нен астам спорт алаңы салынды.«Спорттық инфрақұрылым – бұл жай ғана нысандар емес. Бұл – қоғам денсаулығына және облысымыздың болашағына салынған инвестиция», – деді облыс әкімі.Облыстың 121 спортшысы қысқы спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларының құрамына енген. Біздің спортшыларымыз халықаралық дәрежеде облысымыздың намысын абыроймен қорғап, жоғары дайындық деңгейін дәлелдеп келеді. Облыстың бес спортшысы 2026 жылғы Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына қатысты. Сонымен қатар, жерлестеріміз бокстан, велоспорттан және пара пауэрлифтингтен Азия чемпионаттарында жоғары нәтижелерге қол жеткізді.«Президент айтқандай: «Әрбір азаматтың жетістігі – бүкіл Қазақстанның жетістігі, әрбір спортшының абыройы – халқымыздың беделі». Егер біз айқын нәтижелерге қол жеткізіп, спортшыларымыздың спорттағы жоғары жетістіктері мен табысты өнер көрсетуін қаласақ, аудан мен қала деңгейінен бастап кешенді тәсіл мен жүйелі жұмыс қажет. Біз әр өңірдің спорттық дайындық деңгейін көтеру арқылы ғана болашақта облысымыз бен мемлекетіміздің беделін арттыра аламыз», – деді аймақ басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1205660?lang=kk
Облыс әкімі спортшылармен кездесті 21.04.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов халықаралық жарыстарда аймағымыз бен еліміздің намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылармен кездесті.2026 жылдың басы Қостанай спорты үшін нәтижелі болды. Біздің спортшыларымыз халықаралық деңгейде жоғары дайындық пен бәсекеге қабілеттілікті көрсетіп, лайықты өнер көрсетуде. Атап айтқанда, 5 спортшымыз Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына қатысты. Жерлестеріміз бокс, дзюдо, велоспорт, пара пауэрлифтинг бойынша Азия және Еуропа чемпионаттарында жеңістерге қол жеткізді.Облыста кадрлық әлеует пен спорттық резервті дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2026 жылдың бірінші тоқсанында 1 спортшы ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 9 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 29 спортшы ҚР спорт шебері, сондай-ақ 3 спортшы ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын алды.Дене шынықтыру мен спортты дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Өңірде 64 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді, оның 16-сы соңғы 3 жылда салынған. Атқарылған жұмыстардың барлығы спортшыларымызға жоғары белестерді бағындырып, халықаралық ірі жарыстарда еліміздің намысын лайықты қорғауға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1205644?lang=kk
«TURGYNDAR AMANATY»: Тиімді жұмыс түйткілді мәселелердің түйінін тарқатады 21.04.2026
Алматы облысы Қонаев қаласында «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» атты форум өтті. Жиында көпқабатты тұрғын үйлерді басқару, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, қауіпсіздік, тұрғындармен кері байланысты күшейту және МИБ пен ПИК жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.Форум жұмысына «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек, облыстық Полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, мемлекеттік және коммуналдық сала өкілдері, сондай-ақ өңірдегі МИБ пен ПИК басшылары қатысты.Жиында «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев «TURGYNDAR AMANATY» жобасы көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты қордаланған мәселелердің оң шешімін табуға бағытталғанын айтты. Жоба аясында МИБ және ПИК төрағаларын оқыту, депутаттармен кері байланысты күшейту, әкімдіктермен бірлескен жұмысты жолға қою, аулаларды абаттандыру және «Халық қатысатын бюджет» тетігін кеңінен пайдалану көзделіп отыр. Бұған дейін ел аумағындағы жеті өңірде дәл осы бағыттағы жүйелі жұмыс жүргізілді. Мәселен, төрт айда Астанада ашылған жобалық фронт-офисте 114 өтініш қабылданып, 67 мәселе бойынша кеңес берілді. Енді осындай фронт-офисті Алматы облысында да ашу ұсынылды.«Бүгінде облыс аумағында екі мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үй кондоминиум нысаны ретінде заңдастырылды. Бұл саладағы реформа әрбір қала тұрғынының тұрмысына тікелей әсер етеді. Тариф, абаттандыру, жарықтандыру, лифт, интернет пен қауіпсіздік мәселелері – тұрғындар үшін ерекше маңызға ие. Сондықтан көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін партия бастамасымен «TURGYNDAR AMANATY» жобасы іске қосылды. Біздің ортақ мақсатымыз – Алматы облысының әрбір тұрғыны үшін қауіпсіз, қолайлы әрі сапалы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Осы мақсатта мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтері төрағаларымен бірлескен жұмыстың басым бағыттары айқындалуда», – деді Ержан Жылқыбаев.Өз кезегінде, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы азаматтардың тұрмысымен қатар, әлеуметтік көңіл-күйге де тікелей әсер ететін атап өтті. Оның айтуынша, басты міндеттердің бірі – көпқабатты тұрғын үйлерді басқару ісіндегі ашықтықты күшейту, тұрғындардың сенімін арттыру және жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру.«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – стратегиялық маңызы бар сала. Бүгінгі форумның атауы айтып тұрғандай, біздің жұмысымыз «Жауапкершілік, сенім және нәтиже» атты үш негізгі ұстанымға негізделуге тиіс. Соңғы уақытта пайдалануға берілген 342 жаңа тұрғын үй кешені бізден мүлде жаңа тәсілдер мен заманауи басқару мәдениетін талап етеді. МИБ пен ПИК жұмысы тұрғындар үшін барынша ашық болуы керек. Қаржының қайда және қалай жұмсалып жатқаны түсінікті болса ғана сенім қалыптасады. Үй басқару – жай шаруашылық емес, бұл – кәсіби менеджмент», – деді Марат Сұлтанғазиев.Бұл ретте, Іле ауданы Өтеген батыр ауылында орналасқан «Спорт» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Зарина Абибова көпқабатты тұрғын үйлерді басқару саласындағы қордаланған мәселелерді көтерді.«Бүгінде ескі тұрғын үй қорындағы инженерлік желілердің тозуы, апаттық және жер қазу жұмыстарына қажетті арнайы техниканың жетіспеуі, тұрғындардың коммуналдық берешегі, қарызы бар пәтерлерді сату-сатып алу кезіндегі құқықтық түйткілдер және жатақханаларды АЛСЕКО есеп жүйесіне қосу мәселесі өзекті болып отыр. Сондықтан инженерлік желілерді кезең-кезеңімен жаңғырту, қызмет ұсынушы ұйымдарға әкімдік тарапынан қолдау көрсетуді күшейту, нотариустарға ортақ тәртіп енгізу, облыстық деңгейде басқарушы және қызмет көрсетуші ұйымдардың қауымдастығын құру, сондай-ақ тұрғындардың төлем тәртібі мен құқықтық сауатын арттыру маңызды. «TURGYNDAR AMANATY» жобасы осындай мәселелерді ашық талқылап, оларды жүйелі түрде шешуге жол ашатын маңызды бастама», – деді Зарина Абибова.Сонымен қатар форум барысында «Әсем Қапшағай» кооперативінің төрайымы Надежда Алферова бірнеше ай бұрын ұйтқыған жел кезінде Қонаев қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерге зиян келгенін айтты. Екпіні секундына 27 метрге дейін жеткен дауылдан кейін қалада 30-ға жуық үйдің шатыры зақымдалып, 40 шақырымнан астам электр желісі бүлінді. Осындай жағдайда «Жастар Рухы» жастар қанатының 20-дан астам белсендісі тазалық жүргізу және қалпына келтіру жұмысына белсенді атсалысып, шатыр қалдықтарын жинауға, аулаларды ретке келтіруге және құлаған ағаштарды тазартуға көмектесті. Надежда Алферова сын сағатта жастар қанаты тұрғындарға нақты қолдау көрсеткенін айтып, ризашылығын білдірді. Форум жұмысы мобильді қоғамдық қабылдау алаңында жалғасын тапты. Бұл алаңда 200-ге жуық тұрғын өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жауапты мамандарға жеткізді. Қабылдауға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, полиция, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, салық органдары, «Алатау Жарық Компаниясы» өкілдері, сондай-ақ заңгерлер, адвокаттар мен прокуратура қызметкерлері қатысты. Қабылдау барысында көпқабатты тұрғын үйлерді басқару, коммуналдық төлемдер, қауіпсіздік, абаттандыру және құқықтық мәселелер бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмысы жүргізіліп, түйткілдерді шешу жолдары талқыланды. amanatpartiasy.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1205364?lang=kk
Серік Жұманғарин GP Günter Papenburg AG басшысымен Қазақстанда мыс өңдеуді дамыту мәселесін талқылады 21.04.2026
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин GP Günter Papenburg AG неміс өнеркәсіптік холдингінің басшысы Карл Гюнтер Папенбургпен кездесті. Тараптар Қазақстанның мыс өнеркәсібін дамыту жоспары мен ықтимал ынтымақтастық бағытын талқылады.Кездесу елімізде жүзеге асырылып жатқан белсенді экономикалық өсу саясатының жалғасы. Оның шеңберінде Үкімет өңдеу өнеркәсібінің басым салаларын дамытуға қатысуды ұсына отырып, елімізге жетекші халықаралық компаниялар мен инвесторларды мақсатты түрде тартады. Келіссөздер барысында қазақстандық тарап мыс саласын дамыту бойынша өз көзқарастарын білдіріп, нақты ынтымақтастық форматын қарауды ұсынды.Мыс өнеркәсібін дамыту және технологиялық жаңарту – Қазақстанның жаңа белсенді экономикалық саясатының негізгі бағытының бірі. Өсудің жаңа моделі шеңберінде ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие неғұрлым терең қайта бөлу өнімдерін шығаруға баса назар аударылатын басым салалар айқындалды.Қазақстанда 130-ға жуық мыс кен орны бар. Жыл сайын шамамен 170 млн тонна кен өндіріледі. Бұл – әлемдік көлемнің шамамен 4%-ы. Бұл ретте өнімнің 97%-ы катод, концентрат және кен түрінде экспортталады. Өндірілетін кеннің негізгі бөлігі жылына шамамен 750-800 мың тонна мыс-концентратқа (екінші қайта бөлу) дейін байытылады. Осы көлемнің шамамен 470 мың тоннасы катод өндірісіне кетеді (үшінші қайта бөлу). Концентраттың қалған бөлігі әрі қарай өңделмей экспортталады. Сым, фольга, кабель мен басқа да бұйым өндірісі секілді қайта бөлудің жоғары өнімі 5%-дан аз. Мыс саласындағы жалпы қосылған құнды молайтудың әлеуеті 20 еседен астам бағаланады. Осы барлық факторға байланысты мысты жоғары қайта өңдеуді дамыту ел ішінде қосылған құнды арттырудың негізгі бағыты ретінде қарастырылады.Неміс тарапы мәселені егжей-тегжейлі пысықтауға қызығушылық білдірді. Мыс концентратын Қазақстаннан Германияға жеткізу де қарастырылуы мүмкін. Алайда, ол логистиканы қосымша пысықтауды талап етеді. Бұдан басқа, компания Қазақстанда неғұрлым тереңдей қайта бөлу өндірісін құру мүмкіндігін зерделеуге дайын. Ол үшін неғұрлым тиімді өндірістерді шикізат көздеріне жақын орналастырған жөн.Тараптар «Бәйтерек» холдингінің қатысуымен және Германиядағы қазақстандық елшіліктің қолдауымен ықтимал ынтымақтастық форматтарын пысықтауға келісті.Анықтама: GP Günter Papenburg AG – 160 жылдан астам тарихы бар Германиядағы ең ірі жеке өнеркәсіп және құрылыс тобының бірі. Холдинг шикізат өндіру, құрылыс материалын өндіру, ғимарат салу, автомобиль және темір жол салу, техника саудасы, логистика мен қалдықты кәдеге жарату саласында жұмыс істейді.Топ бірыңғай өндірістік-логистикалық экожүйені құра отырып, 61 еншілес компанияны біріктіреді. Халықаралық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесіне ие. Қазақстанда Papenburg Астана – Бурабай автобанының құрылысына қатысқан. Бұл оның ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудағы құзыретін көрсетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1205307?lang=kk
Өз мәртебеңізді қалай тексеруге болады және кімдерге кейінге қалдыру беріледі: Қазақстандағы әскерге шақыру туралы толық түсіндірме 21.04.2026
Егер сіз оқуда болсаңыз немесе шетелде жүрсеңіз не істеу керек сынды әрбір әскерге шақырылушы білуі тиіс негізгі сұрақтар туралы айтамыз.Қазіргі шақыру жүйесі мемлекеттік ақпараттық базалармен біріктірілген. Азамат туралы негізгі мәліметтер (білімі, отбасылық жағдайы, жұмыс орны, тіркеуі) көп жағдайда жергілікті әскери басқару органдарына (әскери комиссариаттарға) қосымша құжатсыз-ақ қолжетімді.Сонымен қатар, өз мәртебеңізді eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы секілді мемлекеттік сервистер арқылы өзіңіз тексерген жөн. Бұл сіздің әскерге шақырылатыныңызды, қолданыстағы кейінге қалдыру бар-жоғын немесе қосымша құжаттар қажет екенін алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.Кейде оқу орны немесе жұмыс орны деректерді уақытында жібермеген жағдайда, отбасылық жағдай өзгерген кезде мәліметтер дұрыс көрсетілмеуі мүмкін. Мұндай жағдайларда ақпаратты растау міндеті азаматтың өзіне жүктеледі. Әскерге шақырудан кейінге қалдыру заңды негіздер бойынша беріледі және уақытша сипатқа ие. Негізгі жағдайлар:– білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқу кезеңіне;– денсаулық жағдайы (емдеуді немесе бақылауды қажет ететін аурулар болғанда);– отбасылық жағдайлар (асырауындағы адамдардың болуы, жақын туыстарға күтім жасау қажеттілігі);– кәсіби қызмет (азаматтардың жекелеген санаттары үшін).Кейінге қалдыру тек құжатпен расталған жағдайда ғана күшінде болады.Әскери қызметтен толық босатылатын азаматтар санаты да бар. Олар:– медициналық комиссия қорытындысы бойынша денсаулығына байланысты жарамсыз деп танылғандар;– бұрын әскери қызмет өткерген азаматтар;– заңнамада көзделген өзге де негіздері бар тұлғалар.Кейінге қалдырудан айырмашылығы, босату тұрақты сипатқа ие және жыл сайын растауды қажет етпейді.Елден тыс жерде болу әскери есептен босатпайды. Мұндай жағдайда жергілікті әскери басқару органын (әскери комиссариатты) хабардар етіп, болмау себебін (шетелде оқу, жұмыс істеу) құжатпен растау қажет. Қажет болған жағдайда өзара іс-қимыл Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері арқылы жүзеге асырылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1205255?lang=kk