Enbekshi QazaQ

Қуқық

Қазақстанның Тұрақты өкілі ДСҰ Бас директорына сенім грамоталарын тапсырды 18.04.2025
Женева, 2025 жылғы 17 сәуір – Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеалаға сенім грамоталарын тапсырды.Кездесу барысында тараптар ДСҰ аясындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілігін растады. Қ. Төребаев Қазақстанның Сауда саясатын шолу процесіне ДСҰ Бас директорының тікелей қатысуы мен тұрақты қолдауына алғысын білдіріп, жаһандық сауда саласындағы тұрақсыздық жағдайында сындарлы диалогты сақтаудың маңыздылығын атап өтті.ДСҰ-ға мүше бірқатар елдер, соның ішінде Америка Құрама Штаттары қабылдаған соңғы сауда шаралары аясында Қ. Төребаев мұндай дауларды шешудің басты халықаралық алаңы ретінде ДСҰ-ның рөлін сақтау қажеттігін ерекше атап өтті. Ол Бас директор мен ДСҰ Бас кеңесінің төрағасы жүргізіп отырған тиісті консультациялар ұйымдастыру жөніндегі күш-жігерін қолдайтынын білдіріп, мүше елдер арасындағы ашық диалог пен көпжақты үдерістерге барынша тартылудың өзектілігін атап өтті.Кездесу барысында ДСҰ реформасына ерекше назар аударылды. Қазақстанның Тұрақты өкілі Ұйым ережелерін жаңғырту мен оның институттарының тиімділігін арттыру көпжақты сауда жүйесіне деген сенімді қалпына келтірудің шешуші тетігі екенін айтты. Ол Қазақстанның реформалар процесіне белсенді әрі сындарлы үлес қосуға, сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша прагматикалық әрі инклюзивті шешімдерді қолдауға дайын екенін жеткізді.Тараптар сондай-ақ Ұйым алдында тұрған негізгі институционалдық және функционалдық сын-қатерлерді, соның ішінде бюджет тапшылығы, дауларды шешу механизмі дағдарысы және шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын арттыру қажеттілігін талқылады. Сонымен қатар Хатшылықты реформалау жөніндегі бастамалар мен келесі ДСҰ Министрлік конференциясына дайындық мәселелері қарастырылды.ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала Қазақстанға көпжақты сауда жүйесіне тұрақты қолдау көрсетіп, Ұйым жұмысына белсенді қатысып отырғаны үшін алғысын білдірді. Ол Қазақстанның реформалар процесінде жауапты әрі белсенді қатысушы ретінде өзін көрсеткенін және түрлі елдер тобының мүдделерін ескере алатын теңгерімді ұстанымын ерекше атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/979589?lang=kk
Сержанттардың курстық дайындығы: олар қарулы қақтығыстарды зерделеп, өз бетінше әрекет етуді үйренуде 18.04.2025
Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің базасында Қарулы күштер бригадаларының, базаларының және полктерінің 25 сержанты біліктілікті арттыру курсынан өтіп жатыр. Онда әскери қызметшілер қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың сипатын, Қарулы күштер түрлерінің, әскер тектерінің, өңірлік қолбасшылықтардың және арнайы әскерлердің құрылымы мен мақсатын зерделеуде.Сержанттар бөлімшелерді басқару жүйесін, жалпыәскери ұрыстың ережелерін, әскерлердің қозғалу негіздерін, қорғанысты, шабуылды, арнайы әскери іс-қимылдарды және оларды жан-жақты қамтамасыз етуді игеру үстінде. Сондай-ақ әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті сақтаудың нысандары мен әдістеріне, әскери бөлімдегі сержанттар мен старшиналар құрамының тәрбиелік рөлін арттыруға назар аударылуда.Курстар сержанттарды жұмылдыру дайындығы, хабардар ету, әскери басқару органдары мен әскери бөлімдерді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру, сондай-ақ әскери басқару органдары мен әскери бөлімдерді жауынгерлік қолдану контекстінде өз қызметін дербес жоспарлау мен ұйымдастыруға үйретуге арналған.Курстық даярлықтың қорытындысы бойынша сержанттар курстың аяқталуы туралы сертификат алады. Бұл құжат олардың мансаптық сатысы бойынша ілгерілеуінде ескерілетін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/978892?lang=kk
Қазақстандық оқушылар АҚШ-та робототехника бойынша әлем чемпионатында ел намысын қорғап жатыр 18.04.2025
Қазақстаннан жеті команда АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін FIRST Championship атты мектеп оқушыларына арналған ең беделді инженерлік жарысқа аттанды. Олардың қатарында қарағандылықтар да бар.Байқауға қатысушының ең кішісі — небәрі 6 жаста, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.Биыл чемпионат 110 елден келген 50 мыңнан астам жас инженер мен өнертапқыштарды біріктірді. 2025 жылғы маусымының тақырыбы — суасты әлемін зерттеу және қорғау.Биыл Қазақстан бұл байқауға бұрын-соңды болмаған ауқымда — бірден 7 командамен қатысып отыр. Жолдаманың көбеюі — еліміздің мектеп робототехникасының халықаралық беделі артып келе жатқанын көрсетеді.«Біздің командалар — маусымның басты фавориттері. Қазақстанның қоржынына тағы да жүлделер мен жеңістер қосылады деп үміттенеміз», — деді USTEM Foundation қоғамдық қорының жетекшісі Асылбек Мурзахметов.Қазақстан құрамасы Орталық Азия чемпионаты — Almaty Tech Cup нәтижесінде іріктелді. Ел атынан қатысып жатқан командалар: Atlantis — «Сатурн» мектебі, Павлодар қаласы; PID — Назарбаев зияткерлік мектебі, Алматы қаласы; Cristabol — Назарбаев зияткерлік мектебі, Алматы қаласы; Skillset — «Skillset» мектебі, Астана қаласы; JelToqSun және Rasslexx — «Мұрагер» мектебі, Қарағанды қаласы.Айта кетейік, Қазақстан — FIRST GLOBAL робототехникасынан 190-нан астам ел қатысатын әлем чемпионатының үш дүркін жеңімпазы (Женева (2022), Сингапур (2023), Афина (2024).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/978725?lang=kk
Аймақ басшысы Мұхтар Шахановпен кездесті 18.04.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановпен кездесті. Аймақ басшысы Сыр өңіріне арнайы сапармен келген ақынға алғыс білдіріп, руханият пен мәдениетке қосқан еңбегін ерекше атап өтті.«Ең алдымен, Мұхтар аға, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның Еңбек Ері атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бұл атақ егемен еліміздің рухани-мәдени дамуына қосқан өлшеусіз еңбегіңізге берілген лайықты баға деп білеміз. Сіздің қаламыңыздан туған «Жұбайлар жыры», «Туған күн кешінде», «Гүл дәурен», «Мен саған ғашық едім» секілді тағы да басқа көптеген туындыларыңыз қалың жұртшылыққа кеңінен тарап, жүректерден өшпестей орын алды. Шығармаларыңыз 50-ден астам тілге аударылып, республикамыздың, шет елдердің театрларында қойылып келеді. Ұлт руханиятына қосқан зор үлесіңіз үшін «Отан» ордені, Қазақстанның Халық жазушысы, Қырғыз Республикасының халық ақыны, тағы басқа атақ пен марапаттар иелендіңіз. Өзіңізге деген Сыр халқының құрметі, ілтипаты әрқашан да ерекше. Шығармашылық сапарыңызға құтты қадам, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін. Ғасыр жасаңыз!», – деді аймақ басшысы.Бүгін Сыр жұртшылығы ақынның «Танакөз» шығармасының желісімен қойылған спектакльді Әзербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының сахналауында тамашалайды.Кездесу соңында аймақ басшысы Мұхтар Шаханов пен жұбайы Ханшайым Көкенқызына Сыр елі атынан ілтипат білдіріп, құрмет көрсетті.Сондай-ақ, бүгін Жастар ресурстық орталығында Мұхтар Шахановтың жастармен тағылымды кездесуі өтті. Оған қатысушылар ақынның рухты, өміршең жырларын, өздерінің арнау өлеңдерін оқыды. Еркін сұқбат құрып, сұрақ-жауап форматында әңгіме өрбітті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/978723?lang=kk
Астанада ҚР Қорғаныс министрінің Қытай елшісімен кездесуі өтті 18.04.2025
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хан Чуньлинмен хаттамалық кездесу өткізді. Тараптар әскери саладағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен келешегін талқылады.Кездесу барысында бітімгерлік қызмет, кадрлар дайындау, жауынгерлік даярлық және әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелері қозғалды. Қорғаныс министрі Қазақстан мен Қытай арасындағы әскери саладағы өзара іс-қимыл деңгейін атап өтіп, қарым-қатынастарды әрі қарай нығайтуға дайын екенін білдірді.Кездесу нәтижесінде тараптар әскери қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың оң серпін алғанын тілге тиек етіп, конструктивизм мен өзара тиімділік қағидаттарына негізделген диалогты қолдаудың маңыздылығын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/978669?lang=kk
Жеңістің 80 жылдығына: Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі 80 шақырымдық марафонды ардагерлерге арнады 18.04.2025
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай 1Астана1 өңірлік қолбасшылығы 31775 әскери бөлімі 1-ші мотоатқыштар ротасының старшинасы 3-сыныпты сержант Тимур Ержанов 80 шақырымға жүгірді. Ол бұл жүгірісті майданда қаза тапқан батырлар мен бүгінде көзі тірі ардагерлерге арнап отыр. Спортшының сөресі Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Шешенқара кентінде басталып, өз әскери бөлімінде мәреге жетті.Тимурды бөлім қолбасшылығы, әріптестер мен жас жасарбаздықтар құрметпен қарсы алды.– Осы қашықтықты жүгіру арқылы жігерлі мінезіңізді, жауынгерлік рух пен төзімділігіңізді көрсеттіңіз. Біздің қатарымызда Сіз сияқты сарбаздарға үлгі болатын нағыз патриоттар бар екенін мақтан тұтамыз, – деп атап өтті 31775 әскери бөлімінің командирі подполковник Марат Бралинов.7 сағат 21 минут 11 секундқа созылған жүгіріс кезінде марафоншыға әр 10 шақырым сайын ауысып отырған әріптестері қолдау көрсетті. Әйтсе де Тимур Ержанов негізгі қашықтықты тек өз күшіне сүйене отырып еңсеріп шықты.– Мен жүгірумен көптен айналысамын. Марафондарға да жиі қатысып тұрамын. Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай символдық қашықтықты жүгіруге бел будым. Сол арқылы майданда қаза тапқандар мен ардагерлерге құрмет көрсеткім келді. Бөлім басшылығына қолдауы үшін командаға рахмет айтамын, – деді Т. Ержанов.Әскери қызметші мәре сызығында таңқаларлықтай сергек көрінді. Ол 80 шақырым өзіне аса күш түсірмегенін айтады. Жақын арада Ержан Жаңаарқа ауылынан Қарағандыға дейін 200 шақырым жүгіруді жоспарлап отыр.Марафоншыны қолдауға оның туыстары да келді. Тимур жұбайы Жанармен бірге Айару, Амина және Рассул есімді үш бала тәрбиелеп отыр.3-сынып сержанты Тимур Ержановтың бастамасы тек спорттық жетістік емес. Бұл еліміздің өткен тарихына деген ерекше құрмет, әрі нағыз батылдықтың үлгісі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/978623?lang=kk
Қазақстан СІМ басшысы түрік бизнес өкілдерімен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады 18.04.2025
Ыстанбұл, 2025 жылғы 17 сәуір – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Түркияның жетекші «Orzax» және «Alarko Holding» компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.Келіссөздер барысында Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені мен тамақ өнеркәсібін дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.М.Нұртілеу Қазақстан Түркиямен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға айрықша мән беретінін атап өтіп, экономиканың басым секторларына тікелей инвестициялар тартуға мүдделі екенін жеткізді.«Orzax» компаниясының бас директоры Юнус Эмре Алимоглу Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар шығару жобасы туралы мәлімет берді. Ол мемлекет тарапынан көрсетілген уақтылы қолдаудың арқасында жоба бекітілген кестеге сәйкес іске асырылып жатқанын атап өтті.«Alarko Holding» басқарма төрағасы Иззет Гарих Шымкент қаласында заманауи жылыжай кешені құрылысының барысы туралы айтып, жобаның табысты іске асырылатынына және компанияның Қазақстандағы қызметін кеңейтетініне сенім білдірді.Сұхбаттастар инвестициялық серіктестікті нығайтуға өзара бейілділігін растап, перспективалы жаңа бағыттар бойынша өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екенін білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/978610?lang=kk
«Зияткерлік меншік: AI пен креативті индустриялар дәуіріндегі сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты панельдік сессия туралы 18.04.2025
2025 жылғы 29 мамырда Астана қаласында өтетін Астана халықаралық форумы аясында «Зияткерлік меншік: AI пен креативті индустриялар дәуіріндегі сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты панельдік сессия өткізіледі.Панельдік сессия барысында зияткерлік меншікті құқықтық реттеудегі заманауи үрдістер, тиімді құқықтық қорғауды қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларының авторлар мен жасаушылардың құқықтарына әсері талқыланатын болады.Спикерлер ретінде Қазақстан Республикасының Әділет министрі Ерлан Жақсылықұлы Сәрсембаев, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Бас директоры Тан Дарен, Еуразиялық патенттік ведомствоның президенті Григорий Петрович Ивлиев, Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов, Қытай Халық Республикасы Ұлттық зияткерлік меншік басқармасының өкілі СЮ Цзянь мәлімделді.БАЙЛАНЫС:Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің  баспасөз қызметіТелефон: +7 (7172) 74-06-21Электрондық пошта: a.lurova@adilet.gov.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/978348?lang=kk
Мамыр айында әлеуметтік нысандардың бірқатары пайдалануға беріледі 18.04.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала аумағындағы құрылыс нысандарын аралап, алдымен «Көрме залы» орталығының құрылыс алаңына барды. Одан кейін нан, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін кешендегі жұмыспен танысты. Бұл жобаға мемлекеттік қолдау ретінде 5 гектар жер беріліп, су және кәріз жүйелерін жеткізуге қаржы қарастырылған. Жобаның І кезеңі биыл іске қосылады. Қазіргі таңда жұмыстың 80 пайызы орындалған. Нысанда 30-дан астам жұмысшы еңбек етуде, 10-нан астам техника бар.Сол жағалаудағы жаңа стадионның шығыс және батыс трибуналарының металл конструкциялары орнатылып, қабырғалары мен ішкі бөліктері, сыртқы витраждары қалануда. Жылу, су, электр, желдету желілері тартылуда. Қазіргі кезде футбол алаңын жабдықтау және аумақты абаттандыру жұмыстары қолға алынған.Физика-математика мектеп-интернатында ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Нысанда техникалық жабдықтау мен аумақты абаттандыру қатар жүргізілуде. Құрылыс басында 150 жұмысшы мен 20 техника бар. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/978294?lang=kk
Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы тағайындалды 18.04.2025
Алматы облысы әкімінің өкімімен Тоқпейісов Ғалым Қасымұлы Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалды.Ғалым Қасымұлы 1967 жылы Алматы облысы, Балқаш ауданында дүниеге келген, білімі жоғары, 1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.Еңбек жолын «Жиделі» ұжымшарының жұмысшысы болып бастаған.Әр жылдары «Қарой» ұжымшарының есепшісі, «Ақдала» күріш ұжымшары бригадирінің көмекшісі, еңбек жөніндегі экономисі, бөлім бастығы, Балқаш ауданы Ақдала ауылының әкімі, Жамбыл облыстық аумақтық балық шаруашылығы басқармасының бастығы, Көксу ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысы әкімі аппараты бөлімінің меңгерушісі, Көксу ауданының әкімі, Алматы облысы жер қатынастары басқармасының басшысы, Балқаш ауданының әкімі, Алматы облысы әкімінің кеңесшісі болып жұмыс  істеді.2024 жылдың ақпан айынан бастап Алматы облысы жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы лауазымында қызмет етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/978227?lang=kk
Қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау бойынша «Қазтест» жүйесі арқылы тестілеу өтті 18.04.2025
2025 жылғы 17 сәуірде Әділет министрлігі Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Министрліктің қызметкерлері арасында «Қазтест» жүйесі арқылы қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау бойынша тестілеу өткізді.  Тестілеуге Министрліктің 55 қызметкері қатысты. Тест тыңдалым және оқылым бойынша тапсырмаларды қамтыды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/978090?lang=kk
IITU-ДЕ ЕКІ ЗЕРТХАНАНЫҢ РЕСМИ АШЫЛУЫ ӨТТІ 18.04.2025
IITU-ДЕ ЕКІ ЗЕРТХАНАНЫҢ РЕСМИ АШЫЛУЫ ӨТТІҒылым қызметкерлері күніне орай IITU-де сандық схемотехника және жасанды интеллект салаларында екі жаңа зертхананың салтанатты ашылуы өтті.Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде (IITU) екі жаңа зертхананың салтанатты ашылуы өтті:– Advanced cognitive and Artificial Intelligence Research lab (ACAI Lab) – алдыңғы қатарлы когнитивтік технологиялар мен жасанды интеллектке арналған ғылыми-зерттеу зертханасы;– «Компьютерлік инженерия» кафедрасы жанындағы сандық схемотехника зертханасы.Бұл оқиға университеттің ғылыми экожүйесін дамыту, пәнаралық зерттеулерді кеңейту және озық технологияларды білім беру процесіне енгізу жөніндегі стратегиясын іске асырудағы маңызды қадам болды. ACAI Lab – болашақтың интеллектуалдық технологиялары«ACAI Lab» зертханасы «Когнитивтік технологиялар және жасанды интеллект» ғылыми бағытын дамыту аясында құрылды және когнитивтік ғылымдар, машиналық оқыту мен зияткерлік жүйелер тоғысында инновациялық шешімдер әзірлеуге бағытталған.Мұнда нейрожелі архитектуралары, терең машиналық оқыту, когнитивтік модельдеу, адам мен машина арасындағы өзара әрекеттесу және зияткерлік интерфейстер салаларында зерттеулер жүргізіледі. Сандық схемотехника зертханасы – теория мен тәжірибе арасындағы дәнекерСандық схемотехника зертханасы – студенттердің теориялық дайындығы мен инженерлік шешімдерді практикалық жүзеге асыруы арасындағы маңызды байланыстырушы буын болып табылады. Оқу-ғылыми зертхана заманауи жұмыс орындарымен жабдықталған: жеке компьютерлер, осциллографтар, сигнал генераторлары, микроконтроллерлер және бағдарламаланатын логикалық интегралдық схемалар бар. Зертхана аясында студенттер тек іргелі білім алып қана қоймай, сонымен қатар Verilog сияқты аппараттық сипаттау тілдері мен модельдеу құралдарын қолдану арқылы сандық жүйелерді жобалау бойынша практикалық дағдыларды меңгереді.Зертхананың ғылыми-зерттеу тақырыптары кең ауқымды қамтиды: логикалық схемалар мен деректер беру интерфейстерінен бастап, аналогты-сандық және сандық-аналогты түрлендіру, сандық құрылғыларды синтездеу және жобалауға дейін. Оқу процесінен тыс зертханада Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ғылыми жобалар жүзеге асырылады, бұл отандық әзірлемелердің халықаралық ғылыми-техникалық аренада ілгерілеуіне ықпал етеді. Инновациялар мен серіктестік – басты назардаЗертханалардың ашылу рәсіміне Алматы қаласының академиялық қауымдастығы мен бизнес өкілдері қатысты: Halyk Bank Алматы филиалы директорының орынбасары Ерген Марат, Ядролық физика институтының ғылым жөніндегі бас директордың орынбасары Нұржан Садуев, сондай-ақ «QazPostDigital» басқармасының бас жобалық менеджері Гүлзат Бекназарова. IITU ректоры Асылбек Исахов бұл зертханалардың ашылуы университеттің халықаралық білім беру және ғылыми стандарттарға сай болуға деген ұмтылысын көрсететінін, әрі келешектің білікті мамандарын даярлауға берік негіз қаланғанын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/978008?lang=kk
Парламентте аумақтық қорғаныс туралы заңнаманы жетілдіру жұмыстары жүргізілуде 18.04.2025
Парламент Мәжілісі екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасына және басқа да нормативтік құқықтық актілерге ілеспе түзетулер енгізуді қабылдады. Заң жобасы елдің аумақтық тұтастығын қорғауға, жұмылдыру кезеңінде сондай-ақ, соғыс жағдайында және соғыс уақытында оның қорғаныс қабілетін арттыруға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Онда аумақтық қорғаныстың мақсаттары мен міндеттері, Үкіметтің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Президентке есеп беретін мемлекеттік органдардың құзыреттері нақтыланды.Заң жобасында аумақтық қорғаныс жоспарын, оның ішінде ведомстволық бағынысты нысандарды күзету және қорғау жөніндегі міндеттер жүктелген құқық қорғау органдарының қатысуымен әзірлеудің және бекітудің іс-шаралары мен тәртібі айқындалған.Құжатқа «өзін-өзі қорғауды қалыптастыру», «ерікті» және «аумақтық қорғаныс нысаны» ұғымдары енгізіледі. Мұндай нысандардың тізбесін бекіту жөніндегі құзырет Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға бекітілді.Өзін-өзі қорғау құрылымдарын әскери жағдай кезеңінде және соғыс уақытында жергілікті әскери басқару органдары құрайды. Өз еркімен өзін-өзі қорғауды қалыптастыруға қабылданған Қазақстан азаматтары ерікті болып табылады. Олардың қатарына құрылымды құру кезінде Қарулы күштер қатарына шақырылмаған, жұмылдыруға жататын және жатпайтын адамдар кіреді.Еріктілер елді мекендерді, аумақтық қорғаныс нысандарын күзету және қорғау, қорғаныс құрылыстарын салу, эвакуациялық іс-шараларды жүргізу және басқа да міндеттерді орындауға тартылатын болады. Еріктілердің жеке өзін-өзі қорғау құрылымдары жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін Қарулы күштердің құрамына кіруі мүмкін.Ілеспе түзетулермен Кәсіпкерлік, Бюджеттік кодекстерге және 14 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Түзетулер аумақтық қорғаныс саласындағы тиісті мемлекеттік органдардың құзыреттерін бекітеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/977989?lang=kk
«Benvenuto» немесе «Қош келдіңіз» 18.04.2025
Астана, 2025 жылғы 17 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Италияның Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Елшісі Антонелло Де Риудан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.Кездесу барысында тараптар қазақ-итальян стратегиялық серіктестіктің өзекті мәселелері мен болашағын талқылады. Екі елдің іскер топтары үшін қолайлы жағдай жасау және сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.Тараптар қатынастардың серпінді әрі тұрақты дамуын атап өтіп, алдағы жоғары деңгейдегі іс-шаралар кестесін талқылады.Дипломаттар биік деңгейдегі диалогты дамыту көп қырлы қазақ-итальян ынтымақтастығын кеңейтудің маңызды кезеңі болатынына сенім білдірді.Өз кезегінде Италия Елшісі жылы қабылдау үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы өзара тиімді серіктестікті дамытуға ниетті екенін растады.Кездесу соңында Р. Василенко А. Де Риуға дипломатиялық миссиясында табыс тіледі.Анықтама: Италия – 2024 жылғы сыртқы сауда айналымының жалпы көлеміндегі үлесі 14,1% құрайтын Қазақстанның үшінші сауда әріптесі. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы 20 млрд АҚШ долларын құрады (2023 ж. салыстырғанда 24%-ға өсу). 2005 жылдан бері Италиядан Қазақстанға құйылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 7,6 млрд доллар құрады. Қазақстанда энергетика, жаңартылатын энергия көздері, инжиниринг және ауыл шаруашылығы салаларында 270 итальян компаниялары жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/977950?lang=kk
Астанада II Орталық Азия медиафорумы басталды 18.04.2025
16 сәуірде Қазақстанның бас қаласында II Орталық Азия медиафорумы басталды.Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Катар, Ресей және басқа да елдерден журналистер, медиа компания басшылары, саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен беделді сарапшылардан тұратын 700-ден астам қатысушы жиналды.Форумның мақсаты – Орталық Азия медиа өкілдері мен халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, цифрлық трансформацияның өңірлік ақпараттық кеңістікке әсерін талқылау, сондай-ақ климаттың өзгеруі мен геосаяси тұрақсыздық сияқты жаһандық сын-қатерлерді қарастыру.Форум Орталық Азия елдерінің ақпарат министрлерінің жұмыс бабы бойынша кездесуінен басталды. Спикерлер қатарында – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан салалық ведомстволарының өкілдері және өңірдің негізгі медиа құрылымдарының жетекшілері бар.Іс-шараның ашылу рәсімінде Аида Балаева форумды ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң екенін атап өтіп, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бастамасы арқасында бірлескен медиажобалар жасау мен гуманитарлық байланыстарды нығайту жұмыстары жандана түскенін айтты.«Бүгінгі форум өзекті мәселелерді ашық талқылап қана қоймай, аймақтағы бірлескен ақпараттық жұмыстың ортақ тәсілдерін әзірлей алатын бірегей алаңға айналды. Орталық Азия көшбасшылары деңгейінде ақпараттық саладағы ынтымақтастықты жандандыру мәселесі бірнеше рет талқыланғаны мәлім. Былтыр Астанада өткен Консультативтік кездесуде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен медиаөнімдер жасау туралы бастама көтерді.Қазақстан Орталық Азияның ортақ телеарнасын құру және аймақтың әлеуеті, осы аумақта тұратын халықтардың достығы мен бірлігі туралы хабардар ететін тележобаларды, сондай-ақ біздің халықтарымыздың тарихы мен ерекшелігі туралы танымдық теле-радио бағдарламалар топтамасын дайындау идеясын қолдады.Осылайша, қазіргі уақытта Орталық Азия елдері өңірдегі ақпараттық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен телеарна мен өңірлік медиаплатформаны іске қосу мүмкіндігін қарастыру үстінде»,– деді министр.Сонымен қатар Аида Балаева Орталық Азиядағы гуманитарлық ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Бірлескен медиажобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, Астанада «Euronews»-тің Орталық Азия бойынша өкілдігі ашылды, мәдениет күндері өткізіліп, арналар трансляциясы кеңеюде, креативті индустрия дамып келеді және жалған ақпаратпен күрес жұмыстары күшейтілуде.Сондай-ақ ақпараттық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және медиа саласындағы өзара байланысты дамыту мақсатында бірқатар жобалар талқыланып, жоспарланды. Олардың қатарында – Орталық Азия журналистика академиясын құру, креативті индустрияны дамыту, өңірлік журналистика сыйлығын тағайындау, жаңа тележобаларды іске асыру және өңір елдерінің контентін халықаралық медиаплатформаларда кеңінен таныту мәселелері бар.Форумның түстен кейінгі бөлімінде болашақ ақпараттық кеңістікті қалыптастыру, жасанды интеллект пен көп деректер дәуіріндегі медиа саласының цифрлық трансформациясы, елдің имиджін қалыптастырудағы әлеуметтік желілердің рөлі және басқа да мәселелер қарастырылады.Форум 17 сәуір күні де жалғасады. Екінші күні республикалық және Орталық Азия медиа өкілдері мен жоғары оқу орындары студенттеріне арналған шеберлік сабақтары өтеді. Спикерлер қатарында – Ұлыбритания, АҚШ және Ресейден келген танымал сарапшылар бар. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/977876?lang=kk
Гвардейск гарнизонында жеті жүзден аса сарбаз әскери-есептік мамандықтарды меңгеріп шықты 18.04.2025
Қарасай батыр атындағы Құрлық әскерлерінің оқу-жаттығу орталығында 725 мерзімді әскери қызметшінің салтанатты түрде оқуды аяқтау рәсімі өтті.Алты ай ішінде сарбаздар қарқынды теориялық және практикалық дайындықтан өтті. Дене шынықтыруға, атыс жаттығуларына, қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсетуге ерекше назар аударылды. Әскери қызметшілер зеңбірекші-оператор, жауынгерлік, жүк машиналарының механик-жүргізушісі және аспаз мамандықтарына машықтанды.«Жарты жылда жаяу әскердің БМП-2 жауынгерлік машинасының механик-жүргізушісі мамандығын үйрендім. Қажетті білім алып, техниканы әртүрлі жағдайда басқаруды меңгердім. Оқу кезеңінде берген білімі мен көрсеткен қамқорлығы үшін командирлерге алғыс айтамын. Мен олардың үміттерін ақтауға тырысамын», – деді қатардағы жауынгер Алексей Шияпов.Дайындық курсын аяқтаған әскери қызметшілер одан әрі қызмет ету үшін Құрлық әскерлерінің құрамалары мен бөлімдеріне бөлінетін болады. Дайындықтан өткен сарбаздар меңгерген мамандығы, әскери бөлімдердің ағымдағы міндеттері мен қажеттіліктеріне қарай іріктелмек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/977809?lang=kk
Серік Жұманғарин ҚХР Төтенше және Өкілетті елшісі Хань Чуньлинмен кездесті 18.04.2025
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан Республикасындағы ҚХР Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинмен кездесті.Серік Жұманғарин дипломатты жылы қарсы алып, Қазақстандағы жұмысының басталуымен құттықтады. Ол елшінің, әсіресе, ҚХР Коммерция министрлігіндегі көп жылдық тәжірибесі екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға қызмет ететініне сенім білдірді.«Біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас сенім мен стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін көрсететін сапалы жаңа кезеңге жетті. Оның үздіксіз нығаюының негізгі қозғаушы күші – екі ел көшбасшылары арасындағы жеке достық байланыс. Қазақстан мен Қытай тату көрші, сенімді стратегиялық әріптес. Біз барлық негізгі өзара іс-қимыл бағытында көп қырлы, тұрақты және тиімді ынтымақтастық орнаттық», — деді вице-премьер.Кездесу барысында сауда-экономикалық байланысты дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктесі болып қала бермек. 2024 жылғы қорытынды бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық $43,8 млрд-қа жетті. Электрондық коммерцияны дамытуға, оның ішінде Alibaba және JD.com платформаларында Қазақстанның ұлттық павильондарын ілгерілетуге баса назар аударылды. YTO Group Express пен Қазпошта арасындағы бірлескен почта жөнелтімі кәсіпорнын құрудағы табысты ынтымақтастық туралы атап өтілді.Мәселенің тағы бір бөлігі қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімін ҚХР нарығына жеткізуді арттыруға арналды. Қатысушылар астық тасымалдау кезінде туындайтын кедергілерді, қазақстандық кәсіпорындарды ҚХР экспорттаушылары тізіліміне енгізу, ветеринариялық, фитосанитариялық талаптарды келісу, Қытайдың Бас кеден басқармасының (БКБ) тізілімінде қазақстандық элеваторларды аккредиттеу рәсімінің ұзаққа созылуы мәселесін талқылады. Ет өнімі экспортын ұлғайту мақсатында вице-премьер қазіргі экспорттық шектеуді алып тастау үшін өңірлендіру қағидатын тану мүмкіндігін қарауды ұсынды.«Сиыр еті мен шошқа етін экспорттаушылардың көпшілігі Қазақстанның солтүстік-батыс және орталық облыстары аумағында орналасқан. Онда аусыл бойынша шектеулер әлі де қолданылады. Ауру жойылғаннан бері бірақ екі жылдан астам уақыт өтті. БКБ жүргізген мал шаруашылығы кәсіпорындарының инспекциясы мен Қазақстанның ветеринариялық қызметі аудитінің қорытындысы бойынша біз, Қазақстан қабылдаған жануарлардың ауруын өңірлендіру қағидаты шеңберінде, қолданыстағы шектеуді алып тастауды сұраймыз. Бұл қытай тарапының Қазақстанның бүкіл аумағына емес, аусыл ауруы тіркелген нақты өңірге ғана шектеу енгізуіне мүмкіндік береді», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.Кездесу қорытындысында Хан Чуньлинь Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың алтын отыз жылдығы жаңа кезеңінің басталуына орай қол жеткізілген екіжақты әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтті. Ол сондай-ақ жаңартылатын энергетика, цифрлық экономика, АӨК және электрондық сауда саласындағы жобаларды дамытуды қоса алғанда, екі елдің экономикалық ынтымақтастығының жаңа жол картасы бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.https://primeminister.kz/news/serik-zhumangarin-kkhr-totenshe-zhane-okiletti-elshisi-khan-chunlinmen-kezdesti-29941 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/977797?lang=kk
Жылу беру маусымы қорытындыланды 18.04.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде жылу беру маусымының қорытындысы және алдағы жауапты маусымға дайындық, ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Оған қала, аудан әкімдері, жауапты сала басшылары қатысты.«Бюджеттік бағдарлама әкімшілері және жылу-энергия нысандарының басшылары, 1 мамырға дейін алдағы жылу беру маусымына дайындық жөніндегі штабтар құрып, іс-шара жоспарын бекітіңіздер. Әлеуметтік нысандарды газға көшірудің жоба-сметалық құжаттамаларын 1 шілдеге дейін әзірлеңіздер. Қажетті көмір қорын жасақтауды шілде айынан бастаңыздар. Сұйық және қатты отын жеткізуші мердігерлермен жасалған келісім-шарттарда көрсетілген бағамен жеткізу бойынша жұмыс жасаңыздар. Қызылорда қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтудың екінші кезеңі сапалы жүргізіліп, жылу беру маусымына дейін аяқталуы керек. Мемлекет басшысы 2025 жылдың соңына дейін тұрғындарды 100 пайыз ауыз сумен қамтуды тапсырғаны белгілі. Орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған елді мекендерді қамту үшін қажетті қаражат толық бөлінді. Арал және Қазалы аудандары әкімдері, ауыз сумен қамту жобаларын мерзімінде және сапалы етіп бітіріңіздер. Бірлік, Ақтам елді мекендеріне су тұшытқыш орнатуды тез арада аяқтаңыздар», – деді Н.Нәлібаев.Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылы Қызылорда қаласындағы 187 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су жеткізуге Үкімет резервінен 11 млрд.теңге бөлініп, бірінші кезеңдегі тұрғын үйлерге қосылды. Биыл қаржы тапшылығына қарамастан, Үкімет резервінен 5 млрд. теңге бөлінді. Бұған қаладағы 61 үйге ыстық су тартылады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/977788?lang=kk
Қазақстанда Вена құжаты шеңберінде тексеру инспекциясы өтті 18.04.2025
Словения, Италия және Канаданың көпұлтты тобы Ақмола және Қарағанды гарнизондарының әскери бөлімдеріне кіретін «белгіленген ауданға» инспекция жүргізді.ҚР Қорғаныс министрлігінің Қару-жарақты бақылау инспекциясын қамтамасыз ету орталығы Италия мен Канада инспекторларының қатысуымен Словения Республикасының әскери қызметшілерімен «белгіленген ауданға» инспекция өткізуді ұйымдастырды.Көпұлтты инспекциялық топқа жыл сайынғы әскери ақпарат алмасу шеңберінде бұрын жіберілген мәліметтердің сәйкестігін растайтын Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің басшылығында, «Астана» өңірлік қолбасшылығында брифингтер өткізілді.Құрлық инспекциясы барысында шетелдік өкілдер «Спасск» оқу-жаттығу полигонына барды. 610 авиабазаның және ерекше мақсаттағы 36-шы бригаданың командирлері авиация полковнигі Нұрлан Бекбосынов пен подполковник Абай Әлібеков инспекторларды әскери объектілердің инфрақұрылымымен, қару-жарақпен, әскери техникамен және әскери бөлімдердің күнделікті қызметімен таныстырды.Орталықтың қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету жөніндегі ілеспе тобы инспекторларды тексерілетін аудандағы Қарулы күштердің ағымдағы қызметінен хабардар етіп, атап айтқанда, Астанадағы Жеңістің 80 жылдығына орай әскери парадқа дайындық жүріп жатқанын мәлімдеді.Инспекциялық топ Қазақстан Республикасының 2011 жылғы Вена құжаты шеңберінде халықаралық міндеттемелерді толық орындағанын және біздің әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін жоғары деп атап өтті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/977765?lang=kk
Албанияның жаңа Елшісі Қазақстан СІМ-де сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды 18.04.2025
Астана, 2025 жылғы 16 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Албанияның Қазақстанға жаңадан тағайындалған Елшісі (қоса атқарушы) Блерта Кадзадештен сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.Кездесу барысында дипломаттар Қазақстан мен Албания арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазіргі ахуал мен өзара іс-қимылдың келешегін талқылап, екіжақты шарттық-құқықтық базаны кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі алдағы байланыстардың күн тәртібін қарастырды.Министрдің орынбасары Қазақстан мен Албания арасындағы сындарлы диалогтың дәйекті дамып келе жатқанын атап өтіп, қазақ тарапының серіктестікті одан әрі нығайтуға және практикалық ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілігін жеткізді.Сұхбат барысында 2023 жылы Астанаға Албания Президенті Байрам Бегайдың жасаған ресми сапарының маңыздылығы мен Албания Премьер-министрі Эди Раманың 2025 жылғы 29-30 мамырда өтетін Астана халықаралық форумына қатысуы ерекше аталып өтті.Тараптар 2024 жылы Тиранада Қазақстан Елшілігінің ашылуы екіжақты қатынастарды күшейтудің маңызды қадамы болғанын және ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін берік институционалдық негіз қалағанын баса айтты.Сонымен қатар 2025 жылғы наурызда Тирана қаласында өткен СІМ аралық алғашқы саяси консультациялардың өзектілігіне де назар аударылды. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қарастырылды. Атап айтқанда, келешегі зор бағыттар ретінде туризм, көлік және логистика, жаңартылатын энергия көздері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы салалары айқындалды.Кездесу соңында Р.Василенко Б.Кадзадешке дипломатиялық миссиясында толағай табыс тіледі.Өз кезегінде Албания Елшісі жылы қабылдау үшін алғыс білдіріп, екі ел арасындағы табысты серіктестікті дамыту үшін барлық күш-жігерін жұмсауға дайын екенін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/977725?lang=kk