Қуқық
Қазақстан СІМ-де Мьянма Елшісінен сенім грамоталарының көшірмелері қабылданды 18.04.2025
Астана, 2025 жылғы 16 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Мьянма Одағы Республикасының Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Елшісі (қоса атқарушы) Тит Линн Оунның сенім грамотасының көшірмесін қабылдады.Ә.Бақаев Мьянманың дипломатын тағайындалуымен құттықтап, оның қызметі екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді. Министрдің орынбасары сондай-ақ Мьянмадағы жойқын жер сілкінісінің нәтижесінде қаза болғандар мен жарақаттанғандар санының артуына байланысты көңіл айтты.Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму келешегін талқылады. Сұхбаттастар БҰҰ, Азиядағы ынтымақтастық диалогы және басқа халықаралық алаңдар шеңберінде көпжақты форматтағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайындық білдірді.Өз тарапынан Елші Қазақстан мен Мьянма арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайту үшін барлық күш-жігерін жұмсауға әзірлігін растады.Кездесудің соңында тараптар өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша байланыстарды сақтауға және ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/977724?lang=kk
Күштік құрылымдардың өкілдері байланысты қамтамасыз етудегі интеграция мәселелерін талқылады 18.04.2025
ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде "Мемлекеттің күштік құрылымдарындағы байланысты ұйымдастыру: теория мен тәжірибе мәселелері" тақырыбында ведомствоаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараға байланыс саласындағы жетекші ғалымдар мен мамандар, күштік ведомстволар мен Қорғаныс министрлігінің өкілдері жиналды.– Қазіргі жағдайда тиімді байланыс жүйесі басқару құралына ғана емес, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің стратегиялық факторына айналды. Алдыңғы қатарлы шешімдер мен тексерілген стратегияны біріктіруге негізделген кешенді тәсіл ғана байланыс жүйелерінің үздіксіз, әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков.Конференцияда күштік құрылымдардың байланыс жүйелеріне инновациялық технологияларды енгізу, байланыс арналарында ақпараттың қауіпсіздігі мен қорғалуын арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, қатысушылар әскери және мемлекеттік байланыс жүйелерінің жұмыс істеуінің теориялық және практикалық аспектілері бойынша ұсыныстарын ортаға салды.Тәжірибе алмасуға және жылдам өзгеретін технологиялар мен туындайтын қауіптер жағдайында қолданыстағы байланыс жүйелерінің жұмысын оңтайландыру үшін шешімдер іздеуге ерекше назар аударылды.Іс-шара қорытындысы бойынша байланыс жүйесін тиімдірек, қорғалған және болашақтың сын-тегеуріндеріне бейімдеуге мүмкіндік беретін стратегияны әзірлеу қажеттігі туралы мәлімдеме жасалды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/977693?lang=kk
Қостанай облысында Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті 18.04.2025
Қостанайда Қазақстан халқы Ассамблеясы Қостанай облыстық филиалы кеңесінің отырысы өтті. Іс-шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, Ассамблеяның 30 жылдығына орай атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен алдағы міндеттер талқыланды.Жиынды ашқан өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті және тұрақты дамуды нығайтуға бағытталған жүйелі саясат жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қостанай облысы бұл бастамаларды өңірлік деңгейде табысты жүзеге асырып келеді. Негізгі басымдық – тұрақтылық, татулық және этностардың өңір дамуына толыққанды қатысуы.– Экономикада, инфрақұрылымда, әлеуметтік салада қол жеткізіп жатқан жетістіктеріміз – ең алдымен, тұрақтылық пен қоғамдағы өзара сенімнің нәтижесі. Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше. Ассамблеяның жұмысы арқасында өзара құрмет, түсіністік пен азаматтық жауапкершілікке негізделген орта қалыптасуда, – деді Құмар Ақсақалов.Отырыс барысында өңірдің негізгі жетістіктері атап өтілді:Өткен жылы облыста жалпы құны 126 млрд теңге болатын 7 ірі өндірістік жоба іске қосылып, 1 400 жаңа жұмыс орны ашылды;АӨК саласында ірі сүт-тауарлы фермалар іске қосылып, ірімшік өндіру кешені мен «Кондитерлік астана» фабрикасының құрылысы басталды;KIA автозауытын салу жұмыстары жүріп жатыр — бұл компанияның Оңтүстік Кореядан тыс алғашқы ірі жобасы;Биыл 307 млрд теңгеге 11 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған;Газбен жабдықтау, электр станцияларын салу, жолдарды жөндеу жұмыстары ауқымды түрде жүргізілуде.Облыс әкімі атап өткендей, Қостанай өңірінде қалыптасқан ішкі тұрақтылық пен этносаралық келісім – инвестиция тартудағы негізгі факторлардың бірі. Бүгінде өңірде 1400-ден астам шетелдік компания табысты жұмыс істеуде. Бұл – өңірдің ашықтығы мен сенімділігіне дәлел.Ассамблея өз қызметі арқылы этностардың мәдениеті мен тілін сақтап, мемлекеттік тілді ілгерілетіп, біртұтас азаматтық қоғам құруға үлес қосып келеді. Бүгінде өңірде 9 жексенбілік мектеп жұмыс істейді, «Мәміле» онлайн-клубы арқылы 16 мыңнан астам адам қазақ тілін үйреніп жатыр. «Мемлекеттік тілге жеті қадам» жобасы балалар мен жастар арасында кең қолдау тапты.Сондай-ақ Ассамблея жанындағы жастар қанатының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жастар жолы» жобасы еңбек ұжымдарын, оқушылар мен ауыл жастарын біріктіруде.Кеңес соңында Құмар Ақсақалов Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай бірқатар азаматтарға мерекелік медальдарды табыстап, алғыс білдірді.– Біз татулық пен бірлікті нығайтуға, өңірімізде тұратын барлық этностардың мүддесін ескеруге бағытталған бастамаларды әрі қарай да қолдай береміз. Тұрақты қоғам – дамудың берік негізі. Болашағымызды бірге қалыптастырамыз, – деді облыс әкімі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/977479?lang=kk
Қазақстан мен Болгария серіктестікті одан әрі нығайтуға бейілді 18.04.2025
Астана, 2025 жылғы 16 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Болгарияның Қазақстандағы Елшісі Боян Хаджиевті қабылдады.Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Болгария арасындағы өзекті мәселелерді талқылап, алдағы жоғары деңгейдегі іс-шараларға дайындыққа, сондай-ақ саяси диалогты кеңейту перспективаларына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Болгария Президенті Румен Радевтің биыл Қазақстанға ресми және іскер делегациямен бірге жасайтын сапарына дайындық барысын қарастырды.Елшінің ақпараты бойынша Қазақстанға келуге және қазақ әріптестерімен ынтымақтастық орнатуға мүдделі көптеген болгар компанияларының арасында фармацевтика, ауыл шаруашылығы, көлік, құрылыс, туризм, энергетика, соның ішінде атом және жаңартылатын энергетика салаларындағы компаниялар бар.Дипломаттар екі мемлекет арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды одан әрі дамыту жолдарын, соның ішінде шарттық-құқықтық базаны кеңейту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жандандыру тұрғысынан жан-жақты қарастырды.Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне аса назар аударылды. Осыған байланысты биыл мамыр айында Софияда өтуі жоспарланған Қазақстан-Болгария Үкіметаралық экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бесінші отырысына дайындық мәселелері талқыланды (тең төрағалар – Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Болгарияның Экономика және өнеркәсіп министрі Пламен Дилов).Кездесу қорытындысында тараптар Астана мен София арасындағы мазмұнды диалогты жалғастыруға және жан-жақты өзара іс-қимылды тереңдетуге дайын екенін растады.Анықтама: 2024 жылы Қазақстан мен Болгария арасындағы тауар айналымы 375,2 млн АҚШ долларын құрады (оның ішінде Қазақстан экспорты – 303,6 млн доллар, импорты – 71,6 млн доллар). 2024 жылғы 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасына 6,2 млн доллар көлемінде болгар инвестициясы тартылды, бұл жылдық мақсатты тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің (6,3 млн доллар) 98,4%-дан астамын құрайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/977446?lang=kk
АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Жеке кабинет – зейнетақы жинағыңызды бақылаудың ең қолайлы тәсілі 18.04.2025
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) берілетін төлемдердің мөлшері тұрақты әрі толық көлемде аударылатын жарналардың сомасына тікелей байланысты. Жеке шоттарға ай сайын аударылып отыратын жарналар инвестициялық табыс есебінен көбейеді. Сонымен қатар, олар 1998 жылдан бергі еңбек өтілін растайтын маңызды көрсеткіш болып саналады. Бұл өтіл зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімінің ұзақтығын, сондай-ақ мемлекеттік бюджет есебінен төленетін базалық зейнетақының мөлшерін есептеу үшін қажет.БЖЗҚ зейнетақы жарналарының дұрыс және толық аударылуын, әсіресе, жарналар жалақыдан ұсталып отырған жағдайда жіті қадағалаудың маңыздылығын ескертеді. Мұндай бақылау азаматтарға өз жинақтарының дұрыс қалыптасып жатқандығына көз жеткізіп, болашақта лайықты зейнетақы алуға мүмкіндік береді.Бүгінде БЖЗҚ-да жеке шоты бар әрбір азаматқа enpf.kz ресми сайтындағы немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасындағы жеке кабинетке еш қиындықсыз кіруге болады. Қызметтің бұл түрі арқылы жинақтардың жай-күйін бақылап, жеке шот бойынша жасалатын барлық операциялар туралы өзекті ақпаратты жедел ала аласыз. Жеке кабинетке тіркелу үдерісі өте қарапайым және мұндай қызмет түрімен алғаш рет танысып отырған жандар үшін де қолайлы.Шоттың жай-күйіне қатысты ақпаратты жеке кабинет арқылы алу – зейнетақы жинақтарыңызды қадағалаудың ең ыңғайлы, сенімді және жедел тәсілі. Қызмет тәулік бойы (24/7) онлайн режимде жұмыс істейді, бұл ақпаратты кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен алуға мүмкіндік береді.Сонымен қатар, зейнетақы шоттары туралы ақпаратты тек БЖЗҚ сайты арқылы ғана емес, сонымен бірге egov.kz электрондық үкімет порталы немесе оның мобильді қосымшасы арқылы да алуға болады. Бұл мемлекеттік қызметтерді бірыңғай платформалар арқылы алуға бейім азаматтар үшін қосымша қолайлылық туғызады.Статистика: 2025 жылдың басынан бастап 1 наурызға дейінгі аралықта БЖЗҚ шоттарынан 5,4 миллион үзінді көшірме берілген. Оның ішінде 4,4 млн астамы (немесе 82%) электронды түрде ұсынылған. Бұл сандық қызметтердің кеңінен қолданылып жатқанын және азаматтардың ақпаратты онлайн алуға деген сенім деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.Электрондық платформаларды пайдалану ақпарат алу кезіндегі қателіктердің орын алу ықтималдығын едәуір төмендетіп, БЖЗҚ-мен өзара әрекеттесуді жеңілдетеді. Бұл салымшыларға жарналардың уақытылы аударылмауы немесе басқа да мәселелер туындаған жағдайда, шұғыл түрде қажетті шаралар қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зейнетақы жинақтарының жағдайын нақты бағалап, зейнетақы жинағын көбейтуге бағытталған шараларды алдын-ала қабылдауға жол ашады.Бүгінгі бақылау – сенімді болашақ кепілі! БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/977440?lang=kk
Соғыс жаңғырығы: Астанада Удмуртиядан келген іздеушілер жауынгердің отбасына оның заттарын табыстады 18.04.2025
ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи музейінде Ұлы Отан соғысы кезінде хабар-ошарсыз кеткен қызыл әскердің туыстарына жеке заттарын табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев, Удмурт Республикасының делегациясы, Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінің өкілдері, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері және сарбаздың туыстары қатысты. Ленинград облысының Тосненск ауданындағы экспедиция барысында удмуртиялық «Долг» қоғамдық ұйымының іздеушілері қаза тапқан сарбаздың сүйектері мен жеке заттарын тапты. Олар медальонның Омбы облысы Қират ауылының тумасы 1943 жылы желтоқсанда хабар-ошарсыз кеткен 1907 жылы туған Төкен Мендішевке тиесілі екенін анықтады.– Біз Қазақстанға қатардағы сарбаз Төкен Меңдішевтің және сұрапыл соғыс жылдарында шайқасқан барлық қазақстандық жауынгерлердің ерлігіне құрмет көрсетіп, тағзым ету үшін келдік. Табылған медальон сол кезеңнен естелік және кешегі мен бүгінгі буынның сабақтастығының символы, – деп атап өтті Ресей Федерациясы Удмурт Республикасы үкіметі төрағасының орынбасары Наталья Тойкина.2024 жылдың 10 мамырында қызыл әскер Төкен Меңдішевтің және тағы 194 жауынгердің сүйегі Ленинград облысы Тосненск ауданы Чудская бор ауылының жанындағы мемориалдық зиратта бауырластар қабіріне жерленді. Сарбаз қаза тапқан жерге ескерткіш белгі орнатылды. Төкен Меңдішевтің келіні Айсұлу Меңдішеваның айтуынша, атасы Төкен туған інісі Қайыргелдімен майданға бірге аттанған. Соғыста жараланып елге оралған Қайыргелді өмір бойы хабар-ошарсыз кеткендер қатарынан Төкенді табамын деген үмітпен өтті. Өкінішке орай, қаза тапқан жауынгердің артында ұрпақ қалмады. Сарбаздың барлық табылған заттарын: патрондарға арналған сөмке, қасық, сіріңке, ұстара, түймелер, ілмек, жұлдызша, СВТ мылтығының кілті, медальон және капсулалы бланкіні Меңдішевтер отбасы ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейіне тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/977420?lang=kk
Қалалық мобильділіктің болашағы: Қонаевта LRT құрылыс жобасы талқыланды 18.04.2025
Алматы облысы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев төрағалығымен Оңтүстік Кореяның RETD CO., LTD компаниясы делегациясымен ресми кездесу өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы – Алматы мен Қонаев қалаларын жалғайтын перспективалық маглев негізіндегі жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасын талқылау болды.Кездесуді ашқан Рустам Исатаев көлік инфрақұрылымын дамытудың стратегиялық маңыздылығына тоқталды:«Алматы облысы – инвестициялық және инфрақұрылымдық әлеуеті жоғары, қарқынды дамып келе жатқан өңір. Біз көлік қолжетімділігін арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға басымдық береміз. Маглев технологиясын қолданатын LRT жобасы – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі», – деді облыс әкімінің орынбасары.RETD CO., LTD компаниясының атқарушы директоры Ли Чан Ук магнитті ілініс технологиясының артықшылықтары және компанияның Азия елдеріндегі осындай инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудағы тәжірибесі туралы айтып берді.«Біздің тәжірибеміз бен технологиямыз Қазақстан үшін пайдалы болады деп сенеміз. Маглев – бұл болашақтың көлігі, және біз Алматы облысының ауқымды дамуына үлес қосуға дайынбыз», – деді ол.Өз сөзінде Рустам Исатаев Оңтүстік Кореяның Қазақстанның негізгі экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Бүгінде Алматы облысында корей капиталының қатысуымен 15 кәсіпорын жұмыс істейді.Кездесуге облыстық басқармалар мен бөлім басшылары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, кәсіпкерлік басқармасы, сондай-ақ «Алматы облысының өңірлік даму орталығы» ЖШС өкілдері қатысты.Тараптар LRT жобасын жүзеге асыру өңірдің көлік жүйесін дамытудың жаңа кезеңіне жол ашып, технологиялық және экономикалық серпін беретіндігіне сенім білдірді. Әкім орынбасары жобаның барлық кезеңдерінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан толық қолдау көрсетілетінін атап өтті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/977404?lang=kk
Ермағанбет Бөлекпаев Гомель облысының делегациясымен кездесті 18.04.2025
Беларусь өнеркәсіпшілері Қарағанды облысымен бизнес серіктестікті нығайтуға мүдделі. Байланыстарды дамыту үшін Қарағандыға құрамында мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпорын басшылары бар Гомель облысынан үлкен делегация келді. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесуде өңіраралық ынтымақтастық әлеуеті талқыланды.– Беларусь пен Қазақстанды жыл сайын дамып, нығайып келе жатқан ортақ тарих, терең тарихи және мәдени байланыстар біріктіреді, – деп қонақтарды қарсы алды Ермағанбет Бөлекпаев. – Өздеріңіз білетіндей, біздің облыс – өнеркәсіптік өңір. Мұнда ірі тау-кен кәсіпорындары, сондай-ақ түсті және қара металлургия, машина жасау, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы мен энергетика өндірістері шоғырланған. Біз өнімді әлемнің 50 еліне, соның ішінде Беларусь Республикасына да жеткіземіз. Ынтымақтастық үшін негіз бар, біз өзара тиімді жағдайда жұмыс істеуге дайынбыз.Аймақ басшысы «Сарыарқа» АЭА мен Saran индустриалды аймағында инвесторлар үшін жасалған жағдайлар туралы айтты.Өз кезегінде қонақтар гомельдік кәсіпорындардың мүмкіндіктерін көрсететін бейнероликті ұсынды.Гомель облыстық атқару комитетінің төрағасы Иван Крупко Қазақстан Беларусь үшін стратегиялық серіктестердің бірі және сыртқы тауар айналымы бойынша Ресей мен Қытайдан кейін үшінші орында екенін атап өтті.– Соңғы бесжылдықта Гомель облысының Қазақстанмен тауар айналымы бір жарым есеге артты. Менің ойымша, біз өз халықтарымыз үшін, өз тұрғындарымыз үшін екі жаққа да тиімді нүктелер табсақ, көп нәрсеге қол жеткізе аламыз. Біздің кездесуіміз өңіраралық ынтымақтастықты дамытуда жақсы нәтиже береді деп үміттенемін, – деп атап өтті делегация басшысы.Негізінен Беларусьтан жергілікті нарыққа қазір ет-сүт өнімдері, ауыл шаруашылығы техникасы жеткізіледі. Иван Крупконың пікірінше, жиһаз шығаратын бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, гомельдік кәсіпорындар фермерлерге арналған техниканы ұсынады.Қарағандылықтар қыркүйек айында Гомельде өтетін экономикалық форумға шақырылды.Кездесу Гомель және Қарағанды облыстары арасындағы өңіраралық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюмен аяқталды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/977322?lang=kk
Қарағанды қаласының жетінші сынып оқушысы Spelling Bee халықаралық байқауының республикалық деңгейінде жеңіске жеткені үшін сыйлық ретінде Ұлыбританияда оқу курсын ұтып алды 18.04.2025
Қарағанды Назарбаев Зияткерлік мектебінің жетінші сынып оқушысы Данияр Мұстафин Spelling Bee халықаралық байқауының республикалық кезеңінде үздік атанды. Білім додасындағы жеңісі үшін сыйлық ретінде Ұлыбританияға сапар ұтып алдя, онда оқушы EF Education First-тен бір апталық тіл курсынан өтеді.Spelling bee – жыл сайынғы ағылшын емле байқауы. Қатысушылар жылдамдыққа күрделі ағылшын сөздерін әріптермен жіктеп атаулары тиіс.Биыл байқауға 7–9 сынып оқушылары қатысты. Барлық турлардың қорытындысы бойынша үздік нәтижелерді Қарағанды Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушысы Данияр Мұстафин көрсетті.– Даниярдың ең алғашқы ағылшын мұғалімдері оның ағалары болды. Үлкен ұлымыз ҚТЛ, ортаншымыз – IT-лицейді бітірді. Данияр біздің кенже баламыз, ағалары онымен жиі ағылшынша сөйлесетін. 4–5 жастан бастап Данияр ағылшын тіліне қызығушылық танытты. Бұл байқауға ол онша дайындалған жоқ. Мен оның бойында жарыс рухын сақтауға тырысамын. Бұрын ол жеңіліске ұшырағанда қатты күйзелетін, бірақ мен әрқашан ең бастысы – қатысу, ал жеңістер міндетті түрде болады деп айтатынмын, – дейді Даниярдың анасы Айнагүл Мұстафина.Сыйлық ретінде Даниярға EF Education First-тен бір апталық стипендия берілді. Курс Ұлыбританияда осы жылдың шілде айының соңында өтеді.– Бізге Англияның үш қаласын таңдау ұсынылды. Біз Борнмутты таңдадық. Данияр сол жерде ағылшын отбасында тұрады. Тамақтану, тұру, оқу – осының бәрі стипендиямен өтеледі. Виза мен ұшу өз есебімізден, – дейді Айнагүл Мұстафина. – Әрине, бұл арзан емес, бірақ бала өз жеңісінің жемісін пайдалануы тиіс.Осы байқауда тағы бір қарағандылық жүлделі орынға ие болды. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оныншы сынып оқушысы Эмир Бүтімбаев қола медальға ие болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/977311?lang=kk
Үкімет отырысында көтерілген мәселелер бойынша тапсырма берілді 18.04.2025
Бүгін өртке қарсы дайындық, су тасқынының алдын алу мәселелері талқыланған Үкімет отырысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режимде қатысты.Аймақ басшысы Үкімет отырысынан кейін жиын өткізіп, көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма жүктеді.«Статистикалық деректерге қарағанда, еліміздегі төтенше жағдайлардың 90 пайызы өрт салдарынан болады. Өңіріміздің құрғақ, желді климатын ескерсек, дала өрттерінің тұтану, тез таралу қаупі аса жоғары.Дала өрттерінің алдын алу үшін тұрақты мониторинг жүргізіп, тиісті шараларды дер кезінде қамтамасыз ету қажет. Орман, дала өрттерінің басым бөлігі тұрғындардың, шаруашылықтардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауынан, жауапкершілікті сезінбеуінен туындайды.Жергілікті шаруашылықтар тазалық жұмыстарын жүргізерде орман мекемелеріне алдын-ала хабарлама беруі тиіс. Өрттің алдын алу шараларының толық ұйымдастырылуын қатаң бақылауға алыңыздар. Табиғи, адами факторлардың әсерінен магистральді және ауданаралық жол бойында, егіс алқаптарында құрғақ шөптің жану қаупі жоғары. Орман алқаптарында, егістікте бақылауды күшейту керек.Өңірімізде су тасқынының алдын алудың кешенді шаралары қабылданып, 14 ақпаннан бастап өзен бетінде мұз жүрді, наурыз айында толық тазартылды. Келген мол су көлдер жүйесіне жіберілді. Өзендегі су деңгейі магистральді каналдар мен көлдер жүйелеріне су алу арқылы реттелді. Суды тиімді пайдалану және су басу аймақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды.Бүгінгі мәжілісте қаралған мәселелер өзекті. Қатаң бақылауда ұстап, мерзімінде тиісті шара қабылдау қажет», – деді Н.Нәлібаев.Айта кетейік, өрттің алдын алуда орман шаруашылығы мекемелерінде 15 өрт сөндіру автокөлігі, 10 дрон және 65 тұрақты өрт сөндіруші жасағы қызмет атқаруда.Соңғы 3 жылда өңірдегі орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық- техникалық базасын нығайтуға қаржы бөлінді. Биыл 62 техника мен 80-ге жуық құрал алу көзделуде. Орман және дала өрттерін сөндіру үшін 18 тонна жанар-жағармай қоры дайындалып, 15 қадағалау мұнарасында тұрақты кезекшілік ұйымдастырылған.Су басу қаупі бар 29 аймаққа арнайы техника, күш-құралдары бар 135 жауапты мекеме бекітілді. Оларда 410 арнайы техника және 1 234 адам күші бар. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қор жеткілікті, яғни 129,7 тонна жанармай, 95 110 қап және басқа да материалдар жинақталған. Ықтимал су тасқыны кезінде халықты көшіру пункттері дайын. Атап айтсақ, 61 эвакуациялық жинақтау және 71 эвакуациялық қабылдау пункті бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/977143?lang=kk
Қытай Халық Республикасы Чжэцзян провинциясының кәсіпкерлер делегациясы Ақмола облысына сапармен келді 18.04.2025
Ақмола облысына Қытай Халық Республикасының Чжэцзян провинциясынан келген кәсіпкерлер делегациясы өңір әкімдігінің шақыруымен іссапармен келді. Сапардың басты мақсаты – инвестициялық ынтымақтастықты дамыту.Көкшетау қаласында облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов делегация өкілдерімен өнеркәсіп, электронды коммерция және логистика саласындағы бірқатар жобаларды талқылады.Чжэцзян – Қытайдың маңызды провинцияларының бірі. Астанасы – Ханчжоу қаласы, мұнда Alibaba, DingTalk сынды әлемге әйгілі технологиялық алыптардың бас кеңселері орналасқан. Сонымен қатар, бұл өңір – шетелге инвестиция салатын ірі жеке компаниялары ең көп шоғырланған Қытай провинциясы.Қытайлық тарап Транскаспий дәлізінің Орта коридоры аясында өңірдің инфрақұрылымын пайдалануға қызығушылық танытты. Кездесу барысында республикалық маңызы бар “Aqmola” индустриялық аймағына ерекше назар аударылып, делегация бұл аумақты жоғары бағалап, өндіріс орындарын орналастыру үшін әлеуетті нысан ретінде қарастыруда.Әкімдік шетелдік компаниялар үшін Қазақстанда қарастырылған инвестициялық преференциялар мен жағдайлар туралы ақпарат беріп, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге және бірлескен жобаларды іске асыру үшін қолайлы орта қалыптастыруға дайын екенін жеткізді.Тараптар бауырлас өңірлер форматында ынтымақтастық орнату мүмкіндігін қарастыруға ниетті екендерін білдірді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/976987?lang=kk
Қарағандыда 27 сәуірде орган концерттерінің маусымы басталады 18.04.2025
Қарағандыдағы кафедралды собор – орган музыкасын сүйетіндер жиналатын дәстүрлі орын. Биыл концерттер маусымы 27 сәуірде басталады. Бағдарлама қыркүйекке дейін қалыптастырылған: Қазақстан, Австрия, Чехия, Ресей және Германиядан келген органшылар өнер көрсетеді деп күтілуде.27 сәуірде астаналық органшы, халықаралық конкурстардың лауреаты Әсел Смағұлова көрермендерді шеберлігімен қуантады. Ол Қарағанды жұртшылығына жақсы таныс, осында бірнеше рет өнер көрсеткен.Шетелдік қонақтардың арасында: Австриядан Франц Райтнер мен Анжелика Киртц, Чехиядан Йежабек Томаш, Германиядан Винсент де Пол бар.Барлық орган концерттеріне кіру тегін. Басталуы бір уақытта: 15:00.Әулие Дева Мария барлық халықтардың Фатим анасының кафедралдық соборы мына мекен-жай бойынша орналасқан: Шахтерлер, 32.Аңдатпа және концерттік бағдарламаны Instagram парақшасынан бақылауға болады.Қарағандыдағы соборға арналған органды австриялық Pfluger фирмасы жасаған. Онда 32 тіркелім, 1974 металл құбырлар және 128 ағаш құбырлар бар - барлығы 2102 құбыр. Құрал дыбыс үй-жайдың барлық бұрыштарын толтыратындай етіп орналастырылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/976892?lang=kk
Семей мен Алматыда бітімгерлерді салтанатты жағдайда қарсы алды 18.04.2025
Семей қаласының «Абай» әуе айлағы мен Алматы халықаралық әуежайында БҰҰ бітімгерлік миссиясы құрамында Голан жоталарында қызмет атқарған әскери қызметшілерді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.Семейде бітімгерлерді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Жеңіс Маралов пен Абай гарнизонындағы әскери бөлімдердің командирлері қарсы алды.Мемлекет басшысы әскери борышын үлгілі атқарғаны, көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ әскери қызметшіні мемлекеттік наградалармен марапаттады.Әуежайға жақындарын күтіп алуға келген отбасы мүшелерінің көңілінде толқу бар. Солардың бірі 3 сыныпты сержант Қанат Ибраевтың зайыбы Жансая Хамзаева. – Қазіргі көңіл-күйімізді сөзбен айтып жеткізу қиын. Жүрегіміз дүрсілдеп тұр. Бітімгерлер Астанаға жетті деген хабарды естігелі бері қуанышымызда шек жоқ. Жұбайларымыздың халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жөніндегі маңызды міндеттерді атқарып келгенін біз де мақтаныш тұтамыз. Барша әскери қызметшілердің отбасыларына амандық тілеймін, – деп ағынан жарылды ол.Алматыда бітімгердерді ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының командирі подполковник Уәлихан Байкенов қарсы алды.Ол әскери қызметшілерді миссияның сәтті аяқталуымен және туған елге аман-есен оралуымен құттықтап, БҰҰ мандаты шеңберінде тапсырмаларды орындау кезінде көрсеткен жоғары кәсібилігі мен батылдығын атап өтті.Бітімгерлік миссиясы құрамында қызмет ету – бұл үлкен тәжірибе, әрі жауапкершілік. Алға қойылған міндеттерді ойдағыдай орындағаны үшін қазақстандық бітімгерлік контингенттің жеке құрамы БҰҰ Миссиясы мен Хатшылығы басшылығының жоғары бағасына ие болғанын атап өту керек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/976872?lang=kk
Қазақстан мен Беларусь екіжақты әскери ынтымақтастықты арттыруда 18.04.2025
Қазақстанға Қарулы күштер Бас штабының бастығы – Беларусь Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-майор Павел Муравейко бастаған шетелдік делегация келді.Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың Беларусь әскери делегациясы басшысымен өткен хаттамалық кездесуі барысында екіжақты ынтымақтастықтың оң динамикасы атап өтілді. Тараптар әскери қауіпсіздік саласындағы диалогты нығайту қажеттігін растады.Кездесуге қатысушылар екі мемлекеттің әскери-оқу орындарында офицерлер құрамын оқытуға, Беларусь аумағында да, Қазақстанда да екіжақты оқу-жаттығулар өткізудің жоғары қарқынын сақтаудың маңыздылығына, бітімгерлік қызметке қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.- Қазақстан-Беларусь әскери ынтымақтастығы жыл сайын дамып, нығайып келеді. Өткен жылы Қазақстан тауларында алғаш рет Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлері мен Беларусьтің Арнайы операциялар күштерінің қатысуымен "Бауырластық шыңы" екіжақты оқу-жаттығуы өткізілді. Қазақстандық десантшылар Беларусьтің неміс-фашист басқыншыларынан азат етілуіне 80 жыл толуына және Тәуелсіздік күніне орай өткен шеруге қатысып, қазан айында Брест маңындағы "Орман бауырластығы-2024" жаттығуларына аттанды. Осы іс-шаралардың барлығы біздің елдерімізді жақындастырып, жақын, сенімді қарым-қатынастарға баса назар аударады, - деп атап өтті Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов.Сонымен қатар, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мәселелері, атап айтқанда Минск Суворов әскери училищесі тәрбиеленушілерінің Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған "Айбын" әскери-патриоттық жиынына қатысуы айтылды..Астанада екі ел Қарулы күштері Бас штабтарының бастықтары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов пен генерал-майор Павел Муравейко әскери-стратегиялық зерттеулер орталығында, ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде, Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында болып, мекемелердің құрылымымен және қызметімен танысты.Ресми сапар Алматыда жалғасады. Онда Армия үйіндегі әскери-тарихи мұражай филиалына және 28 панфиловшылар паркіне бару көзделген. Шетелдік қонақтар үшін ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының "Бітімгер" оқу орталығында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Оларға ҰҰА бөлімшелері мен бітімгерлердің практикалық іс-әрекеттері көрсетіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/976860?lang=kk
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – бірлік пен келісім саясатының маңызды кезеңі 18.04.2025
Бүгін Қонаев қаласындағы Алматы облысы әкімдігінің ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясының алдағы 34-сессиясына арналған облыстық ҚХА Кеңесінің отырысы өтті. Бұл шара Ассамблеяның 30 жылдығына орай ұйымдастырылған айтулы оқиғалардың бірі болды.Кеңес отырысын Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ашып, қатысушыларды мерейлі датамен құттықтады. Өз сөзінде ол: «Тұрақтылық пен этносаралық келісім – ел дамуының негізі. Ассамблея бұл бағыттағы маңызын үнемі дәлелдеп келеді. Ол – қоғамдағы бірліктің, бейбітшілік пен өзара түсіністіктің тірегі», – деп атап өтті.Күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, облыстық Ассамблея төрағасының қоғамдық орынбасарларын сайлау өтті. Бұл қызметке «Барбанг» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы мен «Ронаи» этномәдени орталығының төрағасы Гамзе Бадриевич Гейдаров пен облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Дәнибекұлы Беспаевтың кандидатуралары ұсынылып, бірауыздан қолдау тапты.Сонымен қатар, Ассамблея құрамына жаңа мүшелер қабылданып, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әзілжанович Әбитов олардың ел бірлігін нығайту жолындағы белсенділігін атап өтті.Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған арнайы медальдар мен ҚХА мүшесі куәліктері табысталды. Ел ішіндегі келісімді сақтау жолында еңбегі сіңген 35 белсенді азамат марапаттарға ие болды.ҚХА Кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Асылы Осман өз сөзінде Ассамблеяның ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықты сақтаудағы маңызды рөлін атап өтті: «Ассамблея – біздің бірлігіміздің жүрегі. Ол – достық пен өзара құрметтің символы. Алдағы уақытта да бұл құрылым ел мүддесіне қызмет ете беретініне сенемін», – деді ол.Кеңес соңында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, Ассамблеяның алдағы кезеңдегі негізгі міндеттеріне тоқталды. Ол этносаралық диалогты дамыту, жастар бастамаларын қолдау және отансүйгіштік рухты нығайтудың аса маңызды екеніне тоқталып:«Қазақстан халқы Ассамблеясы бұдан әрі де еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік тірегі болып қала береді», – деп қорытындылады.Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – тек мерейтой ғана емес, бұл еліміздің бірлік жолындағы жетістіктерін саралайтын, болашаққа нық қадам басуға серпін беретін маңызды кезең.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/976831?lang=kk
Астанада консулдық мәселелер бойынша қазақ-түрікмен консультациялары өтті 18.04.2025
Астана, 2025 жылғы 15 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Түрікменстанның сыртқы саяси ведомстволары арасында екі мемлекеттің құзыретті органдары өкілдерінің қатысуымен консулдық мәселелер бойынша кезекті қазақ-түрікмен консультациялары өтті.Қазақ делегациясын СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Азамат Аубеков, ал түрікмен делегациясын СІМ Консулдық қызмет департаментінің басшысы Довлетмырат Муратов басқарды.Конструктивті және достық атмосферада өткен консультациялар барысында тараптар консулдық саладағы екіжақты қарым-қатынастардың жай-күйін талқылады. Атап айтқанда, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, азаматтық мәселелер, сондай-ақ екі ел азаматтарының өзара сапарларына қатысты жағдайларға ерекше назар аударылды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тиісті хаттамаға қол қойып, консулдық қатынастардың барлық саласы бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/976812?lang=kk
Алматыда әскерилер соғыс ардагерін ғасырлық мерейтойымен құттықтады 18.04.2025
Ұлы Отан соғысына қатысқан Иван Матвеевич Бегуновты туған күнімен құттықтауға Алматы қаласы Медеу ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы органдардың және «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ Алматы филиалының өкілдері келді.Қарулы күштер ардагерлері қалалық кеңесінің өкілі отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хатын оқып, майдангерге жеңіске қосқан үлесі мен көп жылдық еңбегі үшін риясыз ризашылығын білдірді.– Сіз сұрапыл соғыс сынағынан өттіңіз, ал соғыстан кейінгі жылдарда Қазақстанның әрі қарай өркендеуі, әл-ауқаты артуы үшін қызмет еттіңіздер. Ата-бабаларымыздың сол кезеңдегі ерлігі еш ұмытылмайды, – деді Т. Мұстафин. Мерейтой иесіне ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің әскери оркестрі соғыс әуендерін шырқады. Ардагер құттықтауларды шексіз ризашылықпен қабылдап, соғыстың ауыр жылдарындағы естеліктерінен сыр шертіп, қазақстандықтарға ашық аспан мен амандық тіледі.Иван Матвеевич Бегунов 1925 жылы 15 сәуірде Житомир қаласында (Украина) дүниеге келген. Тоғыз жасынан бастап оның тәрбиесімен өкіл шешесі айналысқан. Кейін он алты жасар Иван жұмыс істемек болып Батыс Қазақстанға көшіп келген. Соғыс басталысымен жас жігіт Ақтөбе облысынан Кеңес әскерінің қатарына шақырылды. Украина майданында 228-ші гвардиялық атқыштар полкінің құрамында соғысқан, пулеметші болған. Еуропаны азат етуге қатысты. Жеңісті ол 1945 жылы мамырда Прагада қарсы алды.Шайқаста көрсеткен батылдығы мен төзімділігі үшін сарбаз Қызыл Ту орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және басқа да жауынгерлік наградалармен марапатталды.Соғыстан кейін Иван Бегунов Қызылордадағы «Қазқұрылысмонтаж» кәсіпорындарында, кейінірек Алматыдағы «Қазэлектромонтажда» прораб болып жұмыс істеді.Бүгінде ардагер қызы Иринамен бірге тұрады. Оның бес немересі, он бір шөбересі және бір неменесі бар. Майдангердің рухы әлі мықты, қимылы ширақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/976808?lang=kk
Қостанай облысында мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру мәселесі талқыланды 18.04.2025
15 сәуір күні Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мәселелері бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға облыстық басқарма басшылары, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалының өкілдері және цифрландыру саласының мамандары қатысты.Негізгі басымдық — сапа мен ыңғайлылықОтырысты ашқан өңір басшысы мемлекеттік органдардың басты міндеті — электрондық қызметтерді жай ғана қолжетімді ету емес, олардың тұрақты, түсінікті әрі азаматтар үшін қолайлы болуын қамтамасыз ету екенін атап өтті.«Адамдар үшін қызметтің онлайн болуы емес, оның шын мәнінде жеңіл әрі тиімді болғаны маңызды», — деді облыс әкімі.Электрондық қызметтердің өсімі байқаладыИнформатизация басқармасының мәліметінше, соңғы үш жылда облыста көрсетілетін электрондық қызметтердің үлесі 91%-дан 98,3%-ға дейін артқан. Әсіресе денсаулық сақтау саласында ілгерілеу бар — қазір талдау нәтижелерін алу, анықтамаларды рәсімдеу секілді қызметтерді «Дамумед» қосымшасы арқылы оңай алуға болады. Сонымен қатар, автокөлікті тіркеу, мекенжай бойынша тіркелу, жүргізуші куәлігін ауыстыру рәсімдері де едәуір жеңілдеген.ХҚКО — жаңа кеңістік, жаңа стандарттарТұрғындар тарапынан ХҚКО ғимаратына (Тәуелсіздік көшесі, 46) қатысты көптеген шағымдар түскен. Осыған байланысты халыққа қызмет көрсету бөлімдерін Тәуелсіздік көшесі, 114 мекенжайындағы кең әрі қолайлы ғимаратқа көшіру туралы шешім қабылданды. Бұл қадам көрсетілетін қызметтер аумағын екі есе ұлғайтып, автотұрақ мәселесін шешуге мүмкіндік береді.Сонымен қатар, әкімшілік блок Майлин көшесі, 2/2 мекенжайына көшіріледі. Облыс әкімі жаңа кеңселерді заманауи техникамен жабдықтауды «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына, ал ХҚКО-ларды жаңғырту тұжырымдамасын әзірлеуді облыстық цифрландыру басқармасына тапсырды. Құжат бір ай ішінде дайындалып, цифрлық даму министрлігіне жолдануы тиіс.Бірыңғай төлем құжаты — 1 қыркүйекке дейін енгізіледіЖиында сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты деректерді бір жүйеге біріктіретін республикалық «Бірыңғай төлем құжаты» жобасын өңірде енгізу мәселесі қаралды. Бұл тұрғындарға барлық коммуналдық қызметтерді бір жерден, екінші деңгейлі банктер арқылы онлайн төлеуге мүмкіндік береді. Қажет жағдайда қағаз түбіртек те беріледі.«Азаматтар түрлі түбіртектер жинап, кезек күтуге мәжбүр болмауы керек. Барлығы бір жерде, қолжетімді және түсінікті болуы тиіс», — деді облыс әкімі.Осыған орай облыстық энергетика және ТКШ басқармасына аталған жобаны 1 қыркүйекке дейін іске асыру тапсырылды.Жауапкершілікті арттыру және сапаны бақылауКеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі барлық мемлекеттік органдардың басшыларына қызмет сапасын бақылауды күшейтуді, қызметкерлердің біліктілігін арттыруды және заңбұзушылықтарға жол бермеуді тапсырды.«Әрбір қабылданған шешіміміз бір сұраққа жауап беруі тиіс: бұл азаматқа жеңілірек, жылдамырақ, түсініктірек бола түсті ме?» — деп қорытындылады әкім.Жартыжылдық қорытындысы бойынша аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының осы саладағы жұмысы жеке-жеке қаралатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/976742?lang=kk
Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл: жастар, бірлік және жаңа форматтар 18.04.2025
Қарағандыда облыстық ҚХА кеңесінің кездесуі өтті, онда мерейтойлық жылды мерекелік қана емес, мазмұны жағынан да маңызды ету мәселесі талқыланды. Жастардың рөлі, еріктілік пен ғылыми бастамаларды дамыту басты назарда.Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ҚХА бүгінде этносаралық келісімнің символы ғана емес, қоғам мен мемлекет арасындағы диалогтың нақты құралы екенін атап өтті. Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық бірлікті нығайтуға елеулі үлес қосты. Оның қатарында белсенді қоғамдық жұмысы үшін марапатталған ордендер мен медальдар иегерлері бар.– Жеңістің 80 жылдығы мен ел Конституциясының 30 жылдығымен қатар биылғы жылдың басты оқиғаларының бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы болмақ. Осы уақыт ішінде ҚХА өзін мемлекет пен қоғам арасындағы ұлттық бірлік пен диалогты нығайтуға ықпал ететін бірегей қоғамдық институт ретінде көрсетті. Қарағанды Ассамблеясы өңірдің дамуында елеулі рөл атқарды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.ҚХА өкілдері жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып, бүгінде жастарды тартудың аса маңызды екенін атап өтті. «Жастар Ассамблеясы» толеранттылық мәдениетін қалыптастыру, дәстүрлі құндылықтарды ілгерілету және қоғамдық өмірге тарту бойынша жұмыс жүргізуде. Жастар жаңа бастамалардың басты драйвері ретінде қарастырылады. Ермағанбет Бөлекпаев әрбір этномәдени бірлестікте жастар таныстырылуы тиіс екенін атап өтті. Кездесуде ҚХА-ның ғылыми жұмысы да қозғалды. Биыл Қарағандыда Әлімхан Ермековке арналған конференция өтеді. Ассамблея сондай-ақ еріктілер акцияларына белсенді қатысады, қайырымдылық жобаларын қолдайды және ұрпақтар арасында диалог орнатады.– 30 жыл ішінде Ассамблея өзінің бастапқы миссиясының шеңберінен шықты. Бүгінде ол еріктілікпен, қайырымдылықпен, әлеуметтік қолдаумен айналысады. Өткен жылы су тасқыны болған кезде ҚХА бірінші болып көмекке келді. Жақында Достық үйінде ақсақалдар мен жастардың диалогы өтті. Бұл Ассамблея ұлтаралық өзара іс-қимыл үшін тұғырнамаға айналғанын көрсетеді, – деп атап өтті ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Рустам Бузяков. – Елдегі бейбітшілік пен тұрақтылық – оның көп жылдық жұмысының нәтижесі.Кездесу соңында қоғам өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне мерейтойлық медальдар табысталды.Теміртаулық грек мәдени орталығының төрайымы Деспина Касапиди былай деді:– Бұрын біз бытыраңқы болғанбыз, ал бүгін бір үлкен отбасындаймыз. Ассамблеяның күші де осында.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/976649?lang=kk
Қарағандылық каратешілер Жапонияда өткен халықаралық турнирде 16 медаль жеңіп алды 18.04.2025
Жапонияның Тояма қаласында киокушинкай каратеден беделді халықаралық турнир өтті. Қарағанды облысынан 11 жауынгер сайысқа түсті. Нәтиже де жоғары: 16 медаль, оның алтауы алтын.Қазақстандықтардың қарсыластары Жапония, Ресей, Германия және Кореяның мықты спортшылары болды.– Қарағанды мектебі өзін жарқын көрсетті. Біз алты алтын медаль ұтып алдық. Бұл өте жақсы нәтиже, әсіресе қараша айында Австралияда өтетін Әлем кубогының алдында. Оған қарағандылық бес спортшы іріктеліп алынды. Жылдың басты жарыстарына барынша дайындалып жатырмыз, – дейді Қарағанды облысының кекушинкай карате федерациясының басшысы Тимур Райымбеков.Ол өзі де алтын медаль алды. Түрлі пәндер бойынша Илья Опалев, Амира Райымбекова, Жанетта Сұлтанова бірінші орын алды. Владимир Гриневецкий ката мен кумитте екі рет жеңімпаз атанды. Оның күш-қуаты халықаралық турнирде үздік деп танылды.Күміс және қола жүлдеге Думан Балтабай, Амира Райымбекова, Аружан Маден, Виктор Кузнецов, Әсем Шәугенбай, Жанетта Сұлатнова, Милослав Парфенов ие болды.Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты бойыншаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/976479?lang=kk