Enbekshi QazaQ

Қоғам

ТКРЖ: 2026 жылдың 1 маусымынан бастап Ресей Федерациясына кіру кезіндегі жаңа талаптар 28.05.2026
Құрметті тасымалдаушылар мен жүргізушілер! 2026 жылдың 1 маусымынан бастап Ресей Федерациясында тауарларды күтуді растау жүйесі (ТКРЖ) енгізіледі.Тауарларды автомобиль көлігімен әкелу кезінде алушыға Ресей Федерациясында алдағы жеткізілім туралы құжатты алдын-ала рәсімдеп, QR-кодын алу қажет.QR-коды жүргізушіде болуы және бақылаушы органдардың талабы бойынша көрсетілуі тиіс.Расталған QR кодының болмауы Ресей Федерациясына кіруге тиім салу және көлік құралын қайтаруды көздейді.Осыған байланысты, келесі шаралар ұсынылады:ТКРЖ шеңберінде ресімделген QR-кодтың болуын ресейлік алушыдан алдын ала нақтылау;өткізу пунктіне келгенге дейін QR-кодын тексеру;басып шығарылған немесе электронды түрде QR-коды болуы керек;QR-кодтағы мәліметтерді тауарға ілеспе құжаттармен (тауар, саны, көлік құралы, алушы) салыстырып тексеру;құжаттарды дұрыс ресімдемеген кезде шекарадан өту уақытының ұлғаюын ескеру қажет.Тасымалдауды жоспарлау кезінде көрсетілген өзгерістерді ескеруді және ресейлік тауар алушылармен алдын-ала өзара әрекеттесуді сұраймыз.ТКРЖ туралы ақпаратты Ресей Федерациясының Қаржы министрлігінің ресми ресурстарынан толығырақ оқи аласыз (https://minfin.gov.ru/ru/press-center/?id_4=40307-prezident_rossii_podpisal_zakon_o_natsionalnoi_sisteme_podtverzhdeniya_ozhidaniya_postavki_tovarov_spot). Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1229399?lang=ru
Вагондардың бос тұрып қалуы бойынша шығыстарды, айыппұлдарды, өсімпұлдар мен тұрақсыздық айыбын салықтық есепке алу тәртібі туралы 28.05.2026
Егер вагондардың бос тұрып қалуына байланысты шығыстар мен айыппұл санкциялары табыс алуға бағытталған қызметпен байланысты болса және Қазақстан Республикасының «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Заңы талаптарына сәйкес рәсімделген бастапқы есеп құжаттарымен расталса, мұндай сомалар корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша шегерімдерге жатқызылуы мүмкін.Бұл ретте бюджетке төленуге жататын айыппұлдар мен өсімпұлдар мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша санкцияларды қоспағанда, шегерімдерге жатқызылмайды.Айыппұлдар, өсімпұлдар және вагондардың бос тұрып қалуына байланысты шығыстар сомалары сатып алушыға қайта ұсынылған жағдайда, алушы тарап үшін мұндай сомалар КТС есептеу кезінде табыс ретінде танылады.ҚҚС бойынша тәртіп шарт талаптарына және төлемдердің сипатына байланысты:1) егер сомалар тауарларды, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтерді өткізумен байланысты болса, олар ҚҚС салынатын айналымға енгізіледі;2) егер айыппұл санкциялары өткізумен байланысты болмаса, ҚҚС бойынша міндеттеме және ЭШФ жазып беру туындамайды.Салық төлеушілерге шарттық қатынастар мен растайтын құжаттарды мұқият рәсімдеу ұсынылады.Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1229347?lang=ru
Ауылдық аумақтарды ОДМ тұрғысынан дамыту: өңірлердің жаңа бастамалары талқыланды 28.05.2026
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінде Әлеуметтік саланы, құқық қорғау және арнайы органдарды дамыту департаментінің директоры Нұргүл Жанназарованың Қызылорда облысы Арал ауданы әкімінің орынбасарымен, «Бастаманы қолдау» қоғамдық бірлестігі мен «SDG Hub «Қамбаш» өкілдерімен кездесуі өтті.Кездесудің негізгі мақсаты – Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) жергілікті деңгейде енгізу аясында Арал ауданында табысты жүзеге асырылып жатқан «GLocal» жобасын таныстыру болды.Нұргүл Жанназарова ОДМ-ды Қазақстанда іске асыру жөніндегі үйлестіруші орган ретінде Ұлттық экономика министрлігінің негізгі басымдықтарын жеткізді. Сондай-ақ, ол өткен жылы жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерінің тиімділігін арттыру мақсатында Қарқаралы қаласында іске қосылған осыған ұқсас пилоттық жобаның оң тәжірибесін ерекше атап өтті.Қызылорда облысының өкілдері ауыл кәсіпкерлерін қолдау бағытындағы «SDG Hub «Қамбаш» қызметі, Еуропалық Одақтың өңірлік институттарымен және БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) өзара іс-қимыл және ОДМ-ды ауылдық деңгейде іске асыру тәжірибесін таратуға дайын екендіктері туралы жан-жақты баяндады.Сонымен қатар, делегаттар әлеуметтік маңызы бар басқа да өңірлік бастамаларды таныстырды. Олардың қатарында Қамбаш көлінің экожүйесін қорғауға бағытталған «Таза Қамбаш» экологиялық жобасы, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және Қамыстыбас ауылын көгалдандыру кезінде «жасыл» технологияларды енгізуге бағытталған «Арал әйелдері» қоғамдық бірлестігінің жобасы бар.Аталған бастамалар Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «GLocal» жобасы аясында жүзеге асырылуда.Кездесу соңында Нұргүл Жанназарова қонақтарға тәжірибе алмасудағы пайдалы ұсыныстары үшін алғыс білдіріп, Министрлік өңірлердің ОДМ-ды дамытуға бағытталған бастамаларын әрдайым қолдауға дайын екенін атап өтті.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1229349?lang=ru
Әскери кафедраның 300-ден аса түлегі оқу-жаттығу жиынына тартылды 28.05.2026
Қазақстан Қарулы күштерінде азаматтық жоғары оқу орындарының әскери кафедраларын тәмамдап, екі жылдық қызметке шақырылған запастағы офицерлермен оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Жалпы жиынға 309 офицер жұмылған.«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында 109 запастағы офицер тактикалық даярлықтың базалық курсынан өтті. Осыған орай Тараз гарнизонының Офицерлер үйінде салтанатты жиын ұйымдастырылып, оған Қарулы күштердің ардагері, интернационалист-жауынгер, отставкадағы генерал-майор Әлімжан Ерниязов қатысты.Ұйымдастырушылардың айтуынша, бір айлық қарқынды дайындық барысында тыңдаушылар кәсіби тұрғыда едәуір шыңдалған. Әскери қызметшілер «Айбын» тактикасының бастапқы курсын меңгеріп, тактикалық, атыс, инженерлік және техникалық дайындық, байланысты ұйымдастыру, әскери техниканы жүргізу, барлау ісі секілді пәндер бойынша білім алды.Запастан әскери қызметке шақырылған кейбір офицерлер үшін қызметтің басталуы тосын жағдай болған жоқ.– Маған офицер ретінде екі жылдық әскери қызметке шақырылу – үлкен жауапкершілік, – деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 63563 әскери бөлімінде қызмет ететін лейтенант Санжар Тұрдәлиев. – «Тактик» жиыны әскери пәндерді терең меңгеруге және тәжірибелік дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар майдангер атам, Кеңес Одағының Батыры Рақымжан Тоқатаевтың жолын жалғастырып, әскери әулеттің дәстүрін сабақтастыру мен үшін зор мәртебе.Қарағанды техникалық университетінің түлегі лейтенант Ерболат Өмірбек те өз пікірін айтты.– Азаматтық мамандығым логистика және көлік саласына байланысты. 28349 әскери бөлімінде автомобиль және сауытты техника қызметінің бастығы лауазымына тағайындалдым. Екі жыл ішінде кәсіби әрі өмірлік тәжірибе жинап, өз мамандығым бойынша білімімді тереңдетемін деп отырмын, – деді ол.Алматы қаласындағы 29219 әскери бөлімінде азық-түлік, киім-кешек, жанар-жағармай қызметтері, тамақтандыру пункттері, монша-кір жуу және коммуналдық-пайдалану бағыттары бойынша 22 маман даярлықтан өтті. Жас лейтенанттар күнделікті қызметті ұйымдастыру, құжат жүргізу тәртібі және тылдық қамтамасыз ету бөлімшелерінің жеке құрамымен сабақ өткізу әдістемесін меңгерді.Десанттық-шабуылдау әскерлерінің «Жағалау» полигонында 26 офицер негізгі әскери пәндер бойынша кешенді дайындықтан өтті. Бағдарламаға тактикалық, атыс және дене даярлығы, әскери топография мен бөлімшелерді басқару сабақтары кірді.Қазіргі уақытта запастағы офицерлер базалық дайындық кезеңін аяқтап, мамандандыру курстарын оқып жатыр. Оқу толық аяқталғаннан кейін олар тағайындалған лауазымдарына қарай әскери бөлімдерде қызметтік міндеттерін атқаруға кіріседі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1229376?lang=ru
Үкімет Алматы облысында жалпы құны 32,5 млрд теңге болатын фармацевтикалық зауыт құрылысының жобасын мақұлдады 28.05.2026
Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, отандық дәрілік заттар өндірісінің үлесін арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру жалғасып жатыр. Аталған жұмыс аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі Денсаулық сақтау министрлігі мен «Steppe pharmaceuticals» ЖШС арасында жасалған Алматы облысындағы «Алатау» АЭА аумағында толық циклді биофармацевтикалық кешен салу жөніндегі инвестициялар туралы келісімді мақұлдады. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.Жеке инвестициялардың жалпы көлемі 32,5 млрд теңгені құрайды. Жаңа өндіріс жоғары технологиялық өндірістік қуаттарды локализациялауға және дамытуға бағытталған. Фармацевтикалық зауыт дәрілік препараттың 20 түрін шығаруды жоспарлап отыр. Олардың қатарында онкологиялық және сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған дәрілер, сондай-ақ заманауи иммунобиологиялық препараттар бар. Кәсіпорынды іске қосу 2031 жылға, жобалық қуатқа шығу 2032 жылға, ал негізгі бағыттар бойынша толық циклге көшу 2034 жылға жоспарланған.Дәрі-дәрмек өндіру мен сертификаттаудан бөлек, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар да қарастырылған. Өзінің R&D бағытын дамыту, оның ішінде биоэквиваленттілік зерттеулерін жүргізу, тіркеу құжаттарын дайындау және халықаралық GMP стандарттарын енгізу жоспарланған. Бұдан бөлек, кешен базасында қазақстандық мамандарды оқыту және біліктілігін арттыру жүйесі құрылады.Жобаны жүзеге асыру елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға және Алматы облысы аумағында заманауи фармацевтикалық өндіріс инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Шамамен 60 жаңа жұмыс орны ашылады.Жалпы қазіргі таңда елде фармацевтикалық өндіріс саласында 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Фармацевтика саласы оң динамика көрсетіп отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 8,7%-ға өскен. Салаға тартылған жалпы инвестиция көлемі 390 млрд теңгеден асты.Алматы облысында салынатын бұл кешен импортқа тәуелділікті азайтып, қазақстандықтарды сапалы әрі өмірлік маңызды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды жобалардың бірі болмақ. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-densaulyk/press/news/details/1229265?lang=ru
Қостанай облысында «EcoSchool: идеядан іске» экологиялық форумы өтті 28.05.2026
Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында өскелең ұрпақ арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттауға және экологиялық бастамаларды қолдауға бағытталған «EcoSchool: идеядан іске дейін» экологиялық форумы өтті.Іс-шара аудан оқушыларын біріктірген интерактивті экологиялық квест форматында ұйымдастырылды. Қатысушылар экология саласындағы білімдерін кеңейтіп қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік алды.Форум аясында оқушылар үшін биоалуантүрлілікті сақтау, қалдықтарды қайта өңдеу және экологиялық жауапты мінез-құлық мәселелеріне арналған арнайы экологиялық алаңдар ұйымдастырылды. Оқушылар бөлме өсімдіктерін күтіп-баптау ерекшеліктерімен танысып, сирек кездесетін жануарлардың бірі – ортаазиялық тасбақаны сақтау мәселелері туралы мәлімет алды, сондай-ақ материалдарды қайта өңдеу бойынша тәжірибелік шеберлік сабақтарына қатысты.Қатысушылардың ерекше қызығушылығын қайта өңделген материалдардан сәндік кірпіш тақташаларын жасауға арналған шығармашылық және тәжірибелік тапсырмалар тудырды. Сонымен қатар, оқушылар тұрмыстық материалдарды қайта пайдаланудың заманауи тәсілдерімен танысты.Форум барысында қатысушылар жоғары белсенділік, командалық ынтымақтастық және үздік нәтижеге ұмтылыс көрсетті. Сонымен қатар, іс-шараның басты нәтижесі – оқушылардың экологиялық жауапкершілігін нығайту және қоршаған ортаны сақтауда әр адамның жеке үлесінің маңыздылығын түсінуі болды.Мұндай бастамаларды өткізу жастар арасында экологиялық ойлау мәдениетін қалыптастыруға, табиғатқа жауапкершілікпен қарауды тәрбиелеуге және тұрақты даму қағидаттарын қолдауға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1229274?lang=ru
ИТК суреті бойынша талдау 28.05.2026
ИТК-инспекциялық тексеріп қарау кешені ірі габаритті көлік құралдары мен контейнерлерді қысқа мерзімде интрузивті емес (жүк бөліктерін ашпай-ақ) бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Алайда бұл технологиялық тізбектің негізгі буыны адам -  талдау және салыстыру операторы (ТСО) болып табылады, себебі жасырын қауіптерді анықтау тікелей оператор біліктілігіне байланысты.Сканерлеу процесі нәтижесінде жоғары деңгейде егжей-тегжейлі көрсетілген рентгеноскопиялық сурет жасалады және ол ТСО операторының жұмыс орнына жіберіледі. Суретті талдау бірнеше негізгі кезеңдерді қамтитын кешенді процесс болып табылады:1. Жүктің геометриясын зерттеу, көлік құралының конструктивті қуыстарындағы тән емес қарайған жерлерді, бос орындарды немесе бөгде салымдарды іздеу.2. Физикалық-химиялық салыстыру:  Қазіргі заманғы ИТК материалдарды олардың тиімді атомдық нөмірі (\(Z_{eff}\)) бойынша ажыратуға мүмкіндік береді. Бұл органикалық заттарды (мысалы, есірткі, контрабандалық темекі, азық-түлік) бейорганикалық заттардан (металдар, техника) ажыратуға мүмкіндік береді.ИТК суреттерін талдау тәжірибесі құқық бұзушылықтардың келесі санаттарын анықтауда жоғары тиімділікті көрсетіп отыр:Жасырын тауарлар (сорттарды ауыстыру): Арзан әрі ауыр жүктің (мысалы, құрылыс материалдары немесе плиткалар) атын жамылып, қымбат тұратын электрониканы немесе брендтік киімдерді алып өтуге тырысады. Суреттерде бұл қаптаманың тығыздығы мен құрылымының айырмашылығы арқылы анық көрінеді.Тыйым салынған заттарды заңсыз салу: қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш немесе радиоактивті заттардың жасырылғанын көрсетуі мүмкін жоғары тығыздықты аймақтарды анықтау.Анықталған күдіктер туралы кеден бекетінің басшысына немесе оны алмастыратын тұлғаға хабарлайды.ИТК суреттерін талдау кедендік құқық бұзушылықтармен күресудің алдын алу құралы ретінде өзінің таптырмастығын дәлелдеді. Ол логистикалық ағындарды баяулатпай, контрабанданың күрделі схемаларын анықтауға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1229223?lang=ru
Еуразиялық энергетикалық қауіпсіздік: Қазақстан Астанадағы форумда өзара іс-қимыл перспективаларын айқындады 28.05.2026
Астана, 2026 жылғы 28 мамыр — Өзара тиімді экономикалық әріптестік, технологиялық кооперация және өңірлік отынмен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз ету ЕАЭО елдері үшін негізгі бағдарларға айналуда. Ортақ энергетикалық нарықтардың жұмыс істеу перспективалары туралы Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2026 жылғы Еуразиялық экономикалық форум аясында айтты.Ведомство басшысы «Еуразиялық энергетикалық интеграция. Қозғалыс векторы» атты панельдік сессияда сөз сөйледі. Министрдің пікірінше, серіктестік қатынастарды дамыту және сауданың бірыңғай алгоритмдерін қалыптастыру сенімділікке, реттеудің болжамдылығына және өзара тиімділікке негізделуі тиіс.Мұнай, мұнай өнімдері, газ және электр энергиясы бойынша ортақ нарықтарды кезең-кезеңімен қалыптастыру мәселесіне тоқталған Министр конструктивті макроэкономикалық ұстанымды атап өтті. Бұл ашық энергетикалық кеңістікті дамыту болашақтағы макроөңірлік интеграцияға жасалған сенімді қадам ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін мемлекеттер бұл жұмысты бір-бірінің ұлттық мүдделерін, қолданыстағы екіжақты келісімдерді міндетті түрде ескере отырып және өз азаматтары мен өнеркәсібін сенімді қамтамасыз ету басымдығын сақтай отырып үйлестіруі қажет.«Біз шынайы тұрақты, реалистік әрі өзара тиімді тетіктер қалыптастырылған жағдайда еуразиялық энергетикалық интеграцияның кең мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Дәл осындай прагматикалық әрі жан-жақты есептелген бірлескен жұмыс Одағымыздың ұзақ мерзімді іргетасын қалыптастырып, ортақ нарықтық үдерістерді жасанды немесе формалды жеделдетуге байланысты тәуекелдерден қорғайды», — деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.Ортақ тұрақты энергетикалық архитектураны қалыптастырудың маңызды негізі — Одақ елдері арасында бүгінде қалыптасқан берік практикалық байланыстар. Қазіргі таңда Қазақстан Ресей Федерациясымен мұнай-газ кешені мен электр энергетикасы саласында нәтижелі ынтымақтастық орнатқан, сондай-ақ Қырғыз Республикасымен су-энергетикалық теңгерімді табысты үйлестіруде. Сонымен қатар Беларусь пен Армениядағы серіктестермен инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері бойынша сараптамалық тәжірибе алмасу жолға қойылуда.ЕАЭО-ның болашақ нарықтарының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі жоғары технологияларды дамыту болуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы Қазақстанның энергетика саласы үшін нақты тәжірибеге айналды. Бүгінде жасанды интеллект технологиялары отандық энергетиканың барлық негізгі бағыттарына белсенді енгізілуде. Осы тәжірибеге сүйене отырып, Министрлік серіктестерді заманауи IT-шешімдерді ЕАЭО-ның ортақ нарығына кеңінен енгізуге шақырады. Диспетчерлік болжау деңгейінде жасанды интеллект элементтерін қолдану Одақ мемлекеттеріне ең жоғары жүктеме кезеңдерінде өз энергетикалық жүйелерін қауіпсіз әрі тиімді басқаруға, ұлттық мүдделер теңгерімін толық сақтауға мүмкіндік береді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1229235?lang=ru
Электрондық сауда тауарларына декларация (ЭСД) 28.05.2026
Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына енгізілетін өзгерістерге сәйкес электрондық сауда тауарларына арналған декларацияны (ЭСД) пайдалана отырып, электрондық сауда тауарларын кедендік декларациялауды енгізу көзделіп отырғанын хабарлайды.Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2024 жылғы 17 желтоқсандағы №143 шешімімен электрондық сауда тауарларына арналған декларацияны толтыру нысаны мен тәртібі бекітілді.Сонымен қатар, Алқаның 2024 жылғы 17 желтоқсандағы №144 шешімімен электрондық құжат түріндегі электрондық сауда тауарларына арналған декларацияның құрылымы мен форматы бекітілді.Қазіргі уақытта ақпараттық жүйелерде тиісті функционалды іске асыру бойынша жұмыстар аяқталып, «Кеден» ақпараттық жүйесінде «Электрондық сауда тауарларына арналған декларация» (ЭСД) функционалы әзірленді. Аталған функционалды іске қосу және ЭСД-ны қолдану 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жүзеге асырылатын болады.Сонымен қатар, қазіргі уақытта Telegram қосымшасында арнайы чат іске қосылды: ДЭТ-Тестирование УВЭД https://t.me/+guX61IzTzwU1YTcy.Аталған чатта тестілеуді өткізуге қатысты ақпарат жарияланатын болады. Осыған сәйкес, көрсетілген мүдделі тұлғаларға (электрондық саудаға қатысушылардың, пошта байланысы операторларының, экспресс-тасымалдаушылардың және сыртқы экономикалық қызметтің өзге де қатысушылар) жүйені тестілеуге қатысу ұсынылады. Жүйені пайдалану барысында қандай да бір ескертулер немесе ұсыныстар туындаған жағдайда, оларды аталған чатқа жолдауға болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1229237?lang=ru
МКК заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру кезінде салықтан жалтару схемаларының жолын кесуде 28.05.2026
       Мемлекеттік кірістер органдары салық төлеуден жалтару схемаларын анықтау және олардың жолын кесу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. Осындай схемалардың бірі – негізсіз салықтық артықшылық алу мақсатында кәсіпорындарды қайта ұйымдастыру рәсімін пайдалану.     Әдеттегі тәжірибеде бизнесті қайта ұйымдастыру қызметті кеңейту, бизнес-процестерді оңтайландыру, мекемелердің бірігуі немесе қосылуы мақсатында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, соңғы жылдары бұл рәсімді салық міндеттемелерін орындаудан жалтару, оның ішінде қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша жалтару мақсатында пайдалану жағдайлары жиілеп отыр.      Жалпы, мемлекеттік кірістер органдары 2021-2024 жылдар аралығында жалпы сомасы 31,7 млрд теңгені құрайтын ҚҚС асып кету сомасын қайта ұйымдастыру кезінде пайдаланған 263 заңды тұлғаны анықтады. Салық кодексінің нормаларына сәйкес аталған сомалар есептен шығарылды, нәтижесінде бюджетке 3 млрд теңге түсті, сондай-ақ ҚҚС асып кету сомасы 20 млрд теңгеге азайтылды.     Мемлекеттік кірістер органдарының әрекеттерінің заңдылығы сот тәжірибесімен расталды. Бүгінгі күні кассациялық соттарда 10-нан астам іс қаралып, барлық шешімдер мемлекеттік кірістер органдарының пайдасына шығарылды.      Осындай схемалардың жолын кесу мақсатында Салық кодексіне өзгерістер енгізілді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қайта ұйымдастыру рәсімі келесілерді көздейтін салықтық әкімшілендіру жүргізілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады:     - салық міндеттемесін орындаудың оңайлатылған тәртібін қолдану кезінде камералдық бақылау жүргізу;    - қалған жағдайларда салықтық тексеру жүргізу.     Камералдық бақылау жүргізіле отырып, оңайлатылған тәртіпті қолдануға бірқатар шарттар сақталған кезде жол беріледі, оның ішінде талап қою мерзімі ішінде ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмеуі, айналым көлемінің аз болуы, салық берешегінің және өзге де тәуекел факторларының болмауы.     Аталған нормалар 2025 жылғы 31 қазандағы № 654 «Салық төлеушілердің қызметін тарату, қайта ұйымдастыру және тоқтату кезінде салықтық міндеттемені орындаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығымен бекітілген қайта ұйымдастыру кезінде салық міндеттемесін орындау қағидаларында көзделген.     Сонымен қатар, 300 айлық есептік көрсеткіштен асатын ҚҚС асып кету сомасы кешенді салықтық тексеру нәтижелері бойынша мұндай сомалардың дұрыстығы расталған жағдайда ғана құқық мирасқорына берілуі мүмкін.     Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерді адал салық салу қағидаттарын сақтауға шақырады және салық заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік бар екенін еске салады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1229241?lang=ru
Оқу жылының аяқталуы және балалардың жазғы қауіпсіздігі талқыланды 28.05.2026
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде оқу жылының аяқталуы, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, қауіпсіздік мәселелері қаралды.Жиын басында аудан әкімі аудандағы кадрлық өзгерістермен таныстырды. Аудан әкімінің өкімімен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы лауазымына Ғарышбек Бауыржанұлы Нысанбаев тағайындалғанын хабарлап, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.Мәжілісте аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков оқу жылының аяқталуы мен балалардың жазғы тынығу демалысын ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.– Болашақ елдің тұтқасына айналатын балаларымыз бүгіннен бастап ұқыптылықты, қарапайымдылықты, мәдениеттілікті бойына сіңіріп өсуі тиіс, – деді Жандос Еркінбек.Жиында балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Аудан бойынша 29 мектепте мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерьлері жұмысын бастайтыны айтылып, қауіпсіздік пен санитарлық талаптарды сақтау міндеттелді.Сондай-ақ жаз мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі көтерілді. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен кент және ауылдық округ әкімдеріне шомылуға тыйым салынған орындарда рейд жұмыстарын күшейтіп, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу тапсырылды.Жандос Еркінбек: «Бүгінгі қаралған мәселелер өте өзекті және бірінші кезектегі назар аударуды қажет етеді. Әрбір баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кемшіліктерге жол беруге мүлдем болмайды»,- деп барлық жауапты сала басшыларына жүктелген тапсырмаларды сапалы әрі уақытылы орындауды міндеттеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1229193?lang=ru
Мемлекеттік қызметте әдеп қағидаттарын сақтау мәселесі талқыланды 28.05.2026
Бүгін аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Ермек Сәтбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын сақтауы, қоғамдық қауіпсіздік, қызметтік тәртіп мәдениетін қалыптастыру мәселелері қаралды.Мәжілісте аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы Нұржан Тоқшылықов баяндама жасап, Әдеп кодексінің нормаларын сақтау жауапты қызметтің басты қағидаттарының бірі екенін атап өтті.Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздік пен мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы жауапкершілігі де назардан тыс қалмады. Қызметтен тыс уақытта да мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқы мемлекеттік қызметтің оң имиджіне әсер ететіні айтылды.Мәжіліс қорытындысында Әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру тапсырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1229196?lang=ru
Астана «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысушыларды анықтады 28.05.2026
Елордадағы 68665 әскери бөлімінің базасында XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиынының қалалық іріктеу кезеңі өтті.Іс-шараға Қарулы күштердің ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері, қоғам белсенділері және Алматы, Байқоңыр, Сарыарқа, Нұра, Есіл және Сарайшық аудандарынан келген 130 жас патриот қатысты.Жарыс бағдарламасына пневматикалық винтовкадан ату, күш жаттығулары, автоматты жартылай бөлшектеу және жинау, арқан тарту, әскери-спорттық эстафета, кросс, Smart Sarbaz робототехника жарысы секілді әскери-қолданбалы және интеллектуалдық сайыстар енді.– «Айбын» әскери-патриоттық жиыны жасөспірімдерде патриотизм мен жауапкершілік сезімін қалыптастырып, олардың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Бұл жастар форумы 2015 жылдан бері өткізіліп келеді және осы уақыт ішінде тәжірибе алмасуға арналған халықаралық алаңға айналды, – деді Қарулы Күштер ардагерлері РҚБ төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов.Астаналық «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы филиалының төрағасы Айдархан Маханбет те жастардың халықаралық жиында Астананың намысын абыроймен қорғайтынына сенім білдірді. Өйткені олардың мұндай жарыстарға қатысу тәжірибесі бар.– Өткен жылы мен Ақтөбе қаласында өткен халықаралық жиынға қатыстым. Енді Щучинск қаласында елорданың намысын қорғаймыз. Бұл жарыстарға қатысу менің мамандық таңдауымда үлкен рөл атқарды. Құқық қорғау органдарында қызмет еткім келеді, – деді №87 мектеп оқушысы Асылым Тоқыбаева.Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Есіл – Нұра аудандарының командасы бірінші орынды иеленді, Сарыарқа – екінші, Байқоңыр – Сарайшық – үшінші орынға тұрақтады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, ал қатысушылар медальдармен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.Іріктеуден сәтті өткен командалар 21–27 маусым аралығында Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледждің Щучинск қаласындағы «Амандық» полигонында өтетін «Айбын» халықаралық жиынының финалында Астана намысын қорғайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1229181?lang=ru
Аграрлық ғылым саласындағы ынтымақтастық дамуда 28.05.2026
Бразилиа, 2026 ж. 27 мамыр - Бразилия ұлттық «Embrapa» корпорациясы басшылығының шақыруымен Қазақстан Елшісі Болат Нүсіпов корпорацияның «Agroenergia» бөлімшесінің 20 жылдығына арналған ресми рәсімге қатысты.«Іс-шара барысында Болат Нүсіпов корпорацияның Бас директоры Александр Альвес Алонсомен және оның халықаралық істер жөніндегі директоры Маурисио Лопеспен кездесті.Тараптар тұрақты ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі үшін ғылыми және инновациялық шешімдерді бірлесіп әзірлеу мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ, олар Қазақстанда төмен көміртекті егіншілік жүйелерін енгізу, тозған жайылымдарды қалпына келтіру және биологиялық зиянкестермен күресті дамыту бойынша ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.Осыған байланысты бразилиялық тарап Қазақстанның Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығымен (NASEC) ынтымақтастықты жалғастыруға және өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша тиісті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға дайын екенін растады.Анықтамалық: Бразилия ауыл шаруашылығы зерттеулер корпорациясы (Embrapa) - 1973 жылы құрылған Бразилия Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағындағы мемлекеттік зерттеу компаниясы. «Embrapa» Бразилияны азық-түлік импорттаушысынан әлемдегі ең ірі және ең тиімді ауыл шаруашылығы экспорттаушыларының біріне айналдыруда маңызды рөл атқарды. Оның желісіне елдің барлық дерлік биомдары мен әртүрлі ауыл шаруашылығы салаларын қамтитын 46 орталықсыздандырылған зерттеу орталығы кіреді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1229137?lang=ru
МЕГАПОЛИСТІҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖАҢАРУДА 27.05.2026
Шымкент қаласында тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатындағы инфрақұрылымдық жобалар жүйелі жүзеге асырылуда. Әлеуметтік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар маңызды нысанда құрылыс және жаңарту жобасы қолға алынған.Соның бірі – Ә.Жангелдин көшесінің бойында жаңа аяқ жол салу жұмысы. Бұл жоба жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күнделікті қатынауына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Құрылыс барысында сапа талаптары мен заманауи стандарттарға ерекше мән берілуде.Сонымен қатар Тәуке хан даңғылының асфальтын жаңарту және қайта төсеу қолға алынған.Бұдан бөлек, «Көктем» базары аумағында толықтай сүру жұмысы қарқынды жалғасуда. Қазіргі уақытта аумақты босату, ескі нысандарды бұзу және құрылыс қалдығын тазарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.Жалпы, атқарылып жатқан барлық жұмыс тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіруге және қала келбетін заманауи талаптарға сай дамытуға бағытталған.Алдағы уақытта бекітілген жоспарға сәйкес, қаланың басқа да көшелерін жол жөндеу, жаңа аяқ жолдар салу, автотұрақтарды ретке келтіру және абаттандыру кезең-кезеңімен жалғасады.Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ЗАҢСЫЗ 106 НЫСАН АНЫҚТАЛДЫ 27.05.2026
  Шымкент қаласында құрылыс нормаларын бұзып, заңсыз салынған нысандарға қатысты мониторинг және бақылау жұмыстары күшейтілді. Нәтижесінде жыл басынан бері қала аумағында 106 заңсыз құрылыс нысаны анықталып, оның 56-сына қатысты тиісті шаралар қолданылды.Анықталған нысандардың басым бөлігі Абай ауданында тіркелген. Атап айтқанда, Абай ауданында – 39, Әл-Фараби ауданында – 19, Еңбекші ауданында – 17, Қаратау ауданында – 21, Тұран ауданында 10 нысан анықталған.Бұдан бөлек құрылыс нысандарын бақылау және қадағалау бағытында 72 құрылыс объектісіне тексеру жүргізіліп, жалпы көлемі 61,6 млн теңге айыппұл салынды.Оның ішінде:    •    заңсыз құрылыстар бойынша 59 нысанға – 42,4 млн теңге,    •    құрылыс сапасына қатысты 8 нысанға – 8,6 млн теңге,    •    үлестік құрылыс талаптарын бұзған 5 нысанға – 10,6 млн теңге айыппұл салынған.Сонымен қатар лицензиялық бақылау аясында 442 құрылыс мекемесіне 86,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, лицензиялары 6 ай мерзімге тоқтатылды.Жалпы жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде жергілікті бюджетке 147,6 млн теңге көлемінде түсім өндірілген.Ақпарат көзі : Шымкент қаласы Ішкі саясат басқармасы
Shanyraq Fest аясында Люксембургте қазақ музыкасының кеші өтті 27.05.2026
Люксембург, 2026 жылғы 26 мамыр — Люксембургте Shanyraq Fest Luxembourg мәдени бастамасы аясында Қызылорда облыстық филармониясының концерті өтті.Іс шара Қазақстан Республикасының Бельгия мен Люксембургтегі Елшілігінің бастамасымен, Қызылорда облысы әкімдігінің және ERG компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды.Кешке Люксембургтің мемлекеттік мекемелерінің өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, іскерлік және мәдени орта өкілдері, сондай ақ Люксембургте тұратын отандастар мен студенттер қатысты.Іс шараға қатысушылар алдында Қазақстанның Елшісі Роман Василенко құттықтау сөз сөйледі.Қазақстандық дипломат өз сөзінде мәдениет пен музыка халықтарды жақындастыратын ортақ тіл әрі халықаралық диалогтың маңызды бөлігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай мәдени кештер халықтардың бір бірін өнер, тарих және дәстүр арқылы тереңірек тануына мүмкіндік береді.Концерт барысында көрермен назарына қазақтың бай музыкалық және фольклорлық мұрасы ұсынылды. Сахнада «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, «Ай ару» би ансамблі, Қызылорда облыстық филармониясының солистері, дәстүрлі музыка орындаушылары мен жыраулар өнер көрсетті.Көрермендер Ұлы дала мұрасына арналған шығармаларды, сондай ақ күй тартыс пен жыраулық өнер элементтерін ерекше ықыласпен қабылдады. Бұл туындылар қазақ мәдениетінің тереңдігі мен өзіндік болмысын айқын көрсетті.Концерт көпшілік бірге орындаған «Атамекен» әнімен қорытындыланып, Люксембургтегі қазақ мәдениеті кешінің жарқын мәресіне айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1229127?lang=ru
Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің пікірталастарында БҰҰ рөлін нығайтуды жақтады 27.05.2026
Нью-Йорк, 2026 жылғы 26 мамыр – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қытайдың төрағалығымен өткен «БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын сақтау және БҰҰ-ның орталық рөлі бар халықаралық жүйені нығайту» тақырыбындағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жоғары деңгейдегі ашық пікірталастарына қатысты.Қазақстан өкілі өз сөзінде пікірталастар белгісіздіктің артуы, халықаралық құқықтың әлсіреуі және құқықтық нормалардың іріктемелі қолданылуы жағдайында өтіп жатқанын атап көрсетті. Осыған байланысты, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың БҰҰ-ның орталық рөлін жан-жақты қолдауы және әлемдік көшбасшыларды халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелеріне зор жауапкершілікпен қарауға шақыруы атап өтілді.Қазақстан тарапы БҰҰ орнықты бейбітшілік пен дамуды қамтамасыз етудің алмастырылмас тетігі болып қала беретінін мәлімдеді. Осы тұрғыда Қазақстанның Орталық Азиядағы өңірлік сенім мен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту, бейбіт процестерге жәрдемдесу, ядролық қарусыздануды, дінаралық диалогты ілгерілету және БҰҰ-ның бітімгершілік қызметіне қатысу бағытындағы үлесі көрсетілді.БҰҰ-ны реформалау, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесін қазіргі заманғы сын-қатерлерге бейімдеу қажеттігіне ерекше назар аударылды. Қазақстан дамушы елдер мен орта державалардың кеңінен өкілдік етуін, сондай-ақ БҰҰ-ның тиімділігін және мүше мемлекеттердің үміттеріне жауап беру қабілетін арттыруға бағытталған эволюциялық реформалау тәсілін қолдайды.Жаһандық сын-қатерлер аясында қолданыстағы тетіктердің қайталануын еңсеру және БҰҰ су мандатының тиімділігін арттыру мақсатында Мемлекет басшысының Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасы атап өтілді. Сонымен қатар, Қазақстанның Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық коалицияны және Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру бастамалары да айтылды.Министрдің бірінші орынбасары көпжақты ынтымақтастықты сапалы дамыту және БҰҰ Жарғысының қағидаттарын одан әрі нығайту мақсатында Қазақстанның барлық мүше мемлекеттермен жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады.Сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысы аясында қазақ дипломаты ҚХР Сыртқы істер министрі Ван Имен және Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары мен көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын талқылау үшін кездесулер өткізді.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1229122?lang=ru
Жапонияның өсу стратегиясы министрі: «Қазақстан - жапон саясатының басты назарында» 27.05.2026
Токио, 2026 жылғы 27 мамыр - ҚР Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапонияның өсу стратегиясы, экономикалық және фискалдық саясаты мәселелері жөніндегі министр Минору Киучимен кездесу өткізді.Министр Қазақстан қазіргі таңда Жапония сыртқы саясатының басты назарында екенін айтып, Токио экономиканың тұрақты дамуы мен жаһандық жеткізу тізбегін әртараптандыру үшін маңызды болып табылатын негізгі экономикалық серіктестердің бірі ретінде қарастырылатынын мәлімдеді.Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жапонияға алғашқы ресми сапары аясында қол қойылған келісімдер мен коммерциялық құжаттардың маңыздылығын ерекше атап өтіп, оларды екіжақты өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге шығару үшін берік негіз деп атады.Жапонияның Қазақстанмен парламенттік достық лигасының мүшесі болып табылатын Минору Киучи Қазақстанды жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын «энергетикалық алпауыт» деп атады. Ол жапон тарапының энергетика, маңызды минералды ресурстар, «жасыл» трансформация және жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделілігін білдірді.Өз тарапынан Елші Е.Баударбек-Қожатаев жапон саясаткерін Қазақстанда экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған шаралар туралы ақпарат берді. Қазақстанның Еуразияның негізгі транзиттік және инвестициялық хабы ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы стратегиялық экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтуға өзара міндеттемелерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tokyo/press/news/details/1229117?lang=ru
Сауда, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық талқыланды 27.05.2026
Бразилиа, 2026 ж. 26 мамыр – Бразилия Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Елшісі Болат Нүсіпов пен Әзірбайжан Елшісі Рашад Навруздың бірлескен кездесуі өтті. Кездесуге Бразилия Сыртқы істер министрлігінің Экономикалық және сауда саясаты жөніндегі директоры, Елші Алекс Джакомелли (Alex Giacomelli) қатысты.Келіссөздердің негізгі мақсаты - Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ, Middle Corridor) тұсаукесері және Бразилиядан Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказға, содан кейін Оңтүстік Америкаға жүк ағынын арттыру үшін осы сауда бағытын бірлесіп пайдалану бойынша ынтымақтастық құру болды.Қазақстан Елшісі өз кезегінде, әріптесін Бразилия Сыртқы істер министрі Мауро Виейраның ү.ж. 11 мамырда Астанаға ресми сапарының нәтижелерімен, атап айтқанда, Қазақстан мен Бразилия арасындағы өзара сауданы 1 млрд. долларға дейін арттыру және осы үдерісте Транскаспий көлік дәлізінің әлеуетін белсенді пайдалану жөніндегі уағдаластықтарды таныстырды.Келіссөздер нәтижесінде Бразилияның экспортты және инвестицияларды ілгерілету жөніндегі агенттігі «ApexBrasil»-де Транскаспий көлік дәлізінің кеңейтілген тұсаукесерін ұйымдастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.Анықтамалық: «ApexBrasil» - бразилиялық тауарлар мен қызметтерді халықаралық нарықтарда ілгерілету және шетелдік инвестицияларды қолдау үшін құрылған ресми бразилиялық үкіметтік ұйым. 2026 ж. 11 мамырда Бразилияның Сыртқы істер министрі Мауро Виейраның Астанаға ресми сапары барысында «KAZAKH INVEST»ҰҚ» АҚ пен бразилиялық «ApexBrasil» агенттігі арасында Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1229118?lang=ru