Enbekshi QazaQ

Қуқық

Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумда дауыс беру басталды 15.03.2026
Қазақстан бойынша бүгін жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумға арналған дауыс беру учаскелері ашылды. Таңертеңнен бастап учаскелік комиссиялар жұмысын бастап, алғашқы сайлаушыларды қабылдауда.Көптеген учаскелерде дауыс беруге алғашқылардың бірі болып келген азаматтарға арналған шағын, бірақ жағымды акция ұйымдастырылуда. Белсенді азаматтық ұстанымы үшін тұрғындарға естелік сыйлықтар табысталып жатыр. №947 учаске ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай бастама мерекелік көңіл-күй қалыптастырып, қоғам үшін маңызды оқиғаларға қатысуға деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді.Таңсәріден бастап учаскелерде референдум комиссиясының мүшелері мен бақылаушылар жұмыс істеуде. Дауыс беру процесін өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған: жасырын дауыс беруге арналған кабиналар орнатылып, бюллетеньдерге арналған жәшіктер қойылған, тіркеу жүйесі ұйымдастырылған.Дауыс берудің алғашқы сағаттары дәстүрлі түрде тыныш әрі ұйымдасқан түрде өтуде. Тұрғындар өздерінің азаматтық борышын орындап, ел үшін маңызды оқиғаға қатысу үшін учаскелерге келуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1181281?lang=kk
Жамбыл ауданының Шиен ауылында жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді 14.03.2026
Бүгін Жамбыл ауданының Шиен ауылында екі маңызды әлеуметтік нысан - жаңа дәрігерлік амбулатория мен көпфункционалды мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.Іс-шара «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған дәрігерлік амбулаторияның ашылуынан басталды. Медициналық нысан тәулігіне 25 пациентке дейін қабылдауға арналған.Бұған дейін ауыл тұрғындары медициналық көмекті 1976 жылы салынған ғимаратта алып келген. Жаңа амбулатория заманауи медициналық кабинеттермен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.Сондай-ақ елді мекенде 150 орындық жаңа мәдениет үйінің ғимараты пайдалануға берілді. Нысан көпфункционалды кешен ретінде салынған. Ғимаратта мәдениет үйі, ауыл әкімдігі, спорт залы орналасқан, сондай-ақ түрлі қоғамдық және мәдени іс-шараларды өткізуге арналған арнайы бөлмелер қарастырылған. Ғимараттың жалпы ауданы 1774,94 шаршы метрді құрайды.Салтанатты шараға Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды оқиғамен құттықтап, жаңа нысандардың елді мекеннің одан әрі дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.Іс-шара соңында жаңа мәдениет үйінде жергілікті шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.Жаңа нысандардың пайдалануға берілуі ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1181234?lang=kk
Қорғаныс министрлігінің өкілдері Жаңаөзенде әскери-патриоттық мектеп ашу мәселесін талқылады 14.03.2026
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Маңғыстау облысындағы жұмысын жалғастыруда. Олар Ақтау қаласынан кейін Жаңаөзенде болды. Жергілікті атқарушы органның бастамасымен ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің аға офицері полковник Дәулет Бейсековтің Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейт Қайнарбаевпен кездесуі өтті. Кездесу барысында әскери-патриоттық тәрбие және Жаңаөзен қаласында әскери мектеп ашу мәселелері талқыланды. № 3 және № 22 орта мектептерінде қорғаныс ведомствосының өкілдері жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Оқушыларға әскери қызметтің артықшылықтары және еліміздегі әскери оқу орындарына қабылдау тәртібі туралы толыққанды ақпарат берілді. Ал оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, нақты жауап алды. – Мұндай кездесулердің басты мақсаты – жастардың әскери мамандыққа қызығушылығын арттыру және патриоттық құндылықтарды нығайту. Жастар – болашақ Отан қорғаушылары. Сондықтан оларға саналы таңдау жасауға көмек көрсету маңызды, – деді полковник Д. Бейсеков. «Мұнайшы» мәдениет үйінде Ұлттық әскери-патриоттық орталық шығармашылық ұжымының ұйымдастыруымен  концерт өтті. Концерттік бағдарламадағы патриоттық композициялар мен ұлттық аспаптарда орындалған музыкалық шығармаларды көрермендер жылы қабылдады. Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы Форт-Шевченко қаласында жалғасты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1181219?lang=kk
Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күні: әрбір сатып алушы нені білуі керек 14.03.2026
15 наурыз Дүниежүзілік тұтынушылардың құқықтарын қорғау күні. Бұл күн тауар сатып алған немесе қызметке тапсырыс берген әрбір адамның тек міндеттері ғана емес, сонымен қатар заңмен қорғалатын құқықтары бар екенін еске салады.Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Аталған заң тұтынушылардың қауіпсіз және сапалы тауарлар мен қызметтерді алуына, сондай-ақ сатып алушылармен әділ қарым-қатынас жасауға кепілдік береді.«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 11 және 13-баптарына сәйкес, әрбір тұтынушы тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіз әрі, сапалы болуын талап етуге құқылы. Яғни, сатылымға ұсынылатын өнімдер белгіленген талаптарға сай болуы және тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуі тиіс.Тұтынушылар үшін толық әрі шынайы ақпарат алу құқығы да маңызды. Заңның 25-бабына сәйкес, сатушы немесе орындаушы сатып алушыға тауар немесе қызмет туралы қажетті мәліметтерді ұсынуға міндетті. Бұл мәліметтерге өндіруші туралы ақпарат, құрамы, жарамдылық мерзімі, пайдалану ережелері, бағасы және кепілдік міндеттемелері кіреді. Мұндай ақпараттың болуы тұтынушыға саналы әрі қауіпсіз таңдау жасауға мүмкіндік береді.Сонымен қатар, заңнама азаматтардың тауарлар мен қызметтерді еркін таңдау құқығын қамтамасыз етеді. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 8-бабына сәйкес, сатып алушы тауарды немесе қызметті өз еркімен таңдауға құқылы, ал оның келісімінсіз қосымша тауарлар мен қызметтерді мәжбүрлеп ұсынуға жол берілмейді.Егер сатып алынған тауардың сапасы тиісті деңгейде болмаса, тұтынушы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 30-бабына сәйкес талап қоюға құқылы. Атап айтқанда, сатып алушы:- төленген ақшаны толық қайтаруды;- тауарды дәл сондай немесе ұқсас тауарға ауыстыруды;-бағаны пропорционалды түрде төмендетуді;- анықталған кемшіліктерді тегін жоюды талап ете алады.Заң сонымен қатар азаматтардың өз құқықтары мен мүдделерін қорғау мүмкіндігін қарастырады. Заңның 42-2-бабына сәйкес, тұтынушы алдымен сатушыға немесе қызмет көрсетушіге, қажет болған жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе сотқа шағымдануға құқылы.Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі тұтынушыларға бірнеше қарапайым ережені ұстануды ұсынады:1. чекті немесе сатып алуды растайтын өзге құжаттарды сақтау;2. келісімшарт талаптарын мұқият зерделеу, әсіресе бөліп төлеу немесе интернет арқылы сатып алу кезінде;3. тауардағы мүмкін болатын кемшіліктерді фото немесе бейне арқылы тіркеп қою.Көп жағдайда туындаған дауды сатушыға жазбаша шағым жолдау арқылы сотқа дейінгі тәртіпте шешуге болатынын да ескерген жөн.Егер тұтынушының құқықтары бұзылған жағдайда, азаматтар Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне, сондай-ақ оның аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттеріне жүгіне алады. Сонымен қатар, өз құқықтары мен мүдделерін сот тәртібімен қорғауға да құқылы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1181159?lang=kk
Қырғызсай ауылында өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді 14.03.2026
Ұйғыр ауданына қарасты Қырғызсай ауылында тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл бастама – ауыл халқының ұйымшылдығы мен туған жерге деген жауапкершілігінің жарқын көрінісі. Елді мекен үшін маңызды саналатын нысан алдағы уақытта төтенше жағдайлардың алдын алып, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етпек.Жаңа бекет бұрын «Бірлік» өндірістік кооперативіне тиесілі болған ғимаратта орналасты. Кооператив басшылығы нысанды ауыл игілігі үшін демеушілік ретінде ұсынса, жергілікті тұрғындар ортақ іске жұмыла кірісіп, бірнеше айдың ішінде шамамен 4–5 миллион теңге көлемінде қаражат жинады. Нәтижесінде ғимарат толықтай жаңартылып, өрт сөндіру қызметінің талаптарына сай қайта жабдықталды. Осылайша ауыл халқы қауіпсіздік мәселесіне бейжай қарамай, туған жердің игілігі жолында бірлік таныта білді.Салтанатты шараға Ұйғыр ауданының әкімі Бота Серікқызы Елеусізова, Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Дәурен Дәулетқанұлы Оразбеков, сондай-ақ ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Қонақтар жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, мұндай игі бастамалар ел ішіндегі ынтымақ пен бірліктің нақты көрінісі екенін атап өтті.Аудан әкімі өз сөзінде бұл жоба мемлекеттік қаржыландырусыз, ауыл азаматтарының өз күштері мен қолдауының арқасында жүзеге асқанын ерекше атап өтіп, мұндай бастамалардың басқа ауылдарға да үлгі боларлық игі тәжірибе екенін жеткізді.Шара барысында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы ауыл әкімі Жәнібек Айғожаевқа жаңа өрт сөндіру көлігінің кілтін табыстады. Жаңадан ашылған бекет Қырғызсай ауылымен қатар, маңайдағы бірнеше елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл нысан ауылдың алты тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.Салтанатты рәсімде жаңа бекеттің лентасы қиылып, ауыл аналары дәстүрге сай шашу шашты. Қонақтар мен тұрғындар жаңа нысанды аралап көріп, ел игілігі жолында жүзеге асқан маңызды істің куәсі болды. Қауіпсіздікке бағытталған бұл бастама – ауыл өмірінің тұрақтылығы мен тұрғындардың тыныс-тіршілігін қорғауға арналған маңызды қадам.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1181134?lang=kk
Қарулы күштердің мыңдаған әскери қызметшісі Наурызнама онкүндігіне арналған жаппай жүгіруге қатысты 14.03.2026
Наурыз қарсаңында еліміздің барлық әскери бөлімдерінде мыңдаған әскери қызметшіні біріктірген спорттық акция өтті.Бөлімшелер толық құрамда 5 шақырымдық қашықтыққа жүгірді. Маршта шектеулі уақыт болған жоқ. Әскерилердің алдында сапты сақтай отырып, барлық бөлімше болып қашықтықты бірге еңсеру міндеті тұрды. Командирлер алдыңғы лекте қозғалыс қарқынын белгілеп, жеке құрамның жауынгерлік рухын көтеріп отырды.Тараз гарнизонында Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған құраманың жүйріктерін бөлім командирі подполковник Арман Сабыров бастап шықты. Жеке құрам үшін бұл жай ғана марш жасау емес, аңызға айналған қолбасшының рухына тағзым етіп, батырдың ерлігін ұлықтайтын құрмет рәсімі болды.Шымкенттегі акция 6-механикаландырылған бригаданың сап алаңынан басталды. Гарнизон бастығы подполковник Сергей Биболатов әскери қызметшілерге белсенділігі үшін алғыс айтып, оларды жаңару мерекесі – Наурызбен құттықтады.– Бізбен бірге құрама командирі де жүгірді. Бұл сарбаздарға ерекше жігер беріп, күш-қуат қосты. Барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Елімізге ашық аспан, әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін, – деді 6-механикаландырылған бригаданың мерзімді қызметтегі сарбазы Төле Сүгірәлі.Мұндай бұқаралық акциялар Қонаев, Ақтөбе, Ақтау және басқа да гарнизондарда өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық іс-шаралар салауатты өмір салтын насихаттауға, әскери қызметшілердің дене дайындығын нығайтуға және әскери ұжымның бірлігін арттыруға оң ықпал етеді.Ортақ идея төңірегінде топтасқан жауынгерлер жоғары тәртіпті, төзімділік пен мықты командалық рухты паш ете алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1181119?lang=kk
Қазақстан халықаралық агенттіктердің инвестициялық кредиттік рейтингін сақтауда 14.03.2026
Халықаралық валюта қоры деректеріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына кіреді. Экономиканың орнықтылығы мен тұрақтылығы жетекші халықаралық рейтингтік агенттіктердің - Moody’s, Fitch Ratings және Standard & Poor’s - бағалауларымен де расталады. Қазақстан бұл агенттіктермен 1996 жылдан бері ынтымақтастық орнатып келеді.2002 жылдан бастап Қазақстан Орталық Азиядағы инвестициялық деңгейдегі егемен кредиттік рейтингі бар жалғыз мемлекет болып табылады.Қолданыстағы егемен рейтингтің арқасында 2024–2025 жылдары Қазақстан тартымды қарыз алу шарттарымен халықаралық қарыз капиталы нарығына сәтті қайта шықты. Осы кезеңде ел жалпы сомасы 5,5 млрд АҚШ долларын құрайтын еурооблигацияларды үш рет орналастырды. Бұл жаһандық инвесторлардың Қазақстан экономикасына деген сенімінің дәлелі әрі халықаралық нарық қатысушылары үшін оның сенімді, перспективалы және тәуекелі төмен екенін айқындайтын маңызды көрсеткіш.2025 жылғы 15 шілдеде Fitch Ratings Қазақстанның егемен кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде «Тұрақты» болжамымен растады.2025 жылғы 30 қыркүйекте Moody’s Қазақстан Республикасының бұрын берілген егемен кредиттік рейтингін «Baa1» деңгейінде сақтап, болжамын «Тұрақты» деп белгіледі.2025 жылғы 22 тамызда Standard & Poor’s Қазақстанның егемен рейтингінің болжамын «Тұрақтыдан» «Позитивтіге» жақсарта отырып, рейтингті «BBB-» деңгейінде растады. Агенттіктің шешімі елдің институционалдық және экономикалық реформаларды жүзеге асырудағы тұрақты ілгерілеуін көрсетеді. Олардың ішінде жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің қабылдануы да бар.2026 жылғы 20 ақпанда Standard & Poor’s Қазақстан Республикасының егемен кредиттік рейтингін «BBB-» деңгейінде «Позитивті» болжамын сақтай отырып растады.Рейтинг пен позитивті болжамның сақталуы фискалдық консолидацияның жалғасуымен, жоғары өтімді активтердің елеулі буферлерінің болуымен, экономиканы әртараптандырудың жалғасуымен, ауқымды цифрландыру арқылы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырумен, сондай-ақ институционалдық және әкімшілік реформалардың жалғасуымен байланысты.Қатаң фискалдық ережелерді сақтау, соның ішінде Ұлттық қор қаражатын пайдалану тәртібі, сондай-ақ мұнайға жатпайтын салық базасын кеңейту мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.Standard & Poor’s сарапшылары өткен жылы басталған, өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған инвестициялық бағдарламаны да оң бағалады. Басым секторлардағы «Бәйтерек» холдингінің жобаларының ауқымы мен портфелі алдыңғы жылдармен салыстырғанда ЖІӨ-ге шаққандағы инвестициялар деңгейін жоғары деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.Болжамдарға сәйкес, экономиканы әртараптандыру процесі жалғасады. Өңдеуші өнеркәсіптің ЖІӨ құрылымындағы үлесі екінші жыл қатарынан тау-кен өндіру саласының үлесінен асып түсті және жедел деректер бойынша 2025 жылы 12,7%-ға жетті.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1181099?lang=kk
Әскери қызметші әйел академик Нәйлә Базанова атындағы сыйлықтың лауреаты атанды 14.03.2026
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің аға оқытушысы полковник Айсұлу Молдашева – осы беделді ғылыми марапаттың иегерлері қатарына енген тұңғыш әскери қызметші.Бұл сыйлықты 2024 жылғы 6 наурызда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық академия отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ғалым әйелдерді қолдау мен ынталандыру мақсатында тағайындаған болатын. Сыйлық еліміздегі тұңғыш академик әйел, көрнекті физиолог Нәйлә Базанованың есімімен аталады. Өткен ғасырдың ортасында ғалымның физиология саласындағы ғылыми-зерттеу еңбектері Қазақстандағы биология ғылымының дамуына зор ықпал етті.Биыл еліміздің 66 жетекші ғалым әйелі осы сыйлықтың лауреаты атанып отыр. Олардың қатарында Қазақстан Қарулы күштерінің өкілі де бар.Полковник Айсұлу Молдашева – заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, әскери құқық, ұлттық қауіпсіздік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, әскери этика және қарулы қақтығыстар құқығы мәселелеріне арналған 200-ден астам ғылыми, оқу және оқу-тәжірибелік еңбектердің авторы. Оның ғылыми қызметі мемлекеттің әскери қауіпсіздігінің теориялық негіздерін зерттеуге, әскери-құқықтық ғылым мен әскердегі құқық қорғау қызметін дамытуға бағытталған.Сонымен қатар, ол қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік саласындағы нормативтік құжаттарға сараптамалық баға беруге, сондай-ақ тұжырымдамалық жобаларды әзірлеуге белсенді қатысып келеді.Беделді сыйлықтың берілуі полковник Айсұлу Молдашеваның кәсіби жетістіктерінің мойындалуы және еліміздің әскери ғылымы мен ғылыми әлеуетін дамытуға қосқан үлесінің дәлелі болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1181086?lang=kk
Қазақстанда «Nauryz Sale» мерекелік акциясы басталды 14.03.2026
Қазақстанда Наурыз мерекесіне орай «Nauryz Sale» республикалық акциясы басталды. Мерекелік науқан 13–23 наурыз аралығында ел аумағында өтіп, жүздеген сауда алаңын біріктіріп, тұрғындар мен ел қонақтары үшін көктемгі жаңару мен тиімді сауданың ерекше атмосферасын қалыптастыруда.Акция аясында сауда нысандары сатып алушыларға азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға 10–70 пайызға дейін жеңілдіктер ұсынуда. Акциялық тауарлар арнайы мерекелік баға белгілерімен және навигациялық көрсеткіштермен белгіленген, бұл келушілерге жеңілдікпен ұсынылған тауарларды оңай табуға мүмкіндік береді.Акцияға шамамен 300 сауда субъектісі қатысуда. Олардың қатарында 140 сауда үйі мен сауда-ойын-сауық орталығы, 140 сауда желісі және 20 интернет-платформа бар. Қатысушылар арасында еліміздің ірі сауда желілері Magnum Cash&Carry, Small, Galmart, Анвар, Дина, Toimart, Астыкжан, Greenwich және басқалары бар. Акция барысында отандық өндірушілерді қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Сауда орталықтарында қазақстандық компаниялардың өнімдері ұсынылған арнайы аймақтар ұйымдастырылып, онда тауарлар нарықтық бағадан орта есеппен 10–20 пайызға төмен бағамен сатылуда.Сатып алушылар да бірқатар тауарлар бағасының айтарлықтай төмендегенін атап өтуде.«Жеңілдіктер өте көп екенін көріп отырмын. Осы сауда желісінде акция арқылы 5 келі ұнды 1400 теңгеге сатып алдым, сондай-ақ көкөністердің бағасы да төмендеген — картоп пен сәбіз алдым. Шынымды айтсам, 100 теңгелік баға белгілерін бұрыннан көрмеп едім, бүгін шынымен мерекелік жеңілдіктер сезіледі», — деді елорда тұрғыны Ақбота Жақаева.Мерекелік көңіл күйді еліміздің барлық өңірінде өтіп жатқан ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері де толықтыруда. Мұнда тұрғындар жергілікті өндірушілердің жаңа өнімдерін қолжетімді бағада сатып ала алады.«Nauryz Sale» акциясы Наурызды жалпыхалықтық мерекелеудің бір бөлігіне айналып, отандық бизнесті қолдауға, ішкі сауданы дамытуға және қазақстандықтар үшін мереке қарсаңындағы сауданы одан әрі тиімді етуге бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1181055?lang=kk
Лисаков қаласында «Тіл мен дәстүр» атты қалалық отбасылық фестивалі өтті 14.03.2026
Наурызнама онкүндігі аясындағы 17 наурыз – Шаңырақ күніне орай Лисаков қаласында «Тіл мен дәстүр» атты қалалық отбасылық фестивалі ұйымдастырылды.Фестивальдің басты мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және ұлттық салт-дәстүрді жас ұрпақтың бойына сіңіру.Байқау барысында қатысушы отбасылар бірнеше кезең бойынша өз өнерлері мен шығармашылық қабілеттерін таныстырды. Атап айтқанда, «Таныстыру» кезеңінде әр отбасы креативті таныстырылым жасап, өздерінің отбасы құндылықтары мен ерекшеліктерін көрсетті. «Отбасы — қуаныштың бастауы» кезеңінде қатысушылар ән, би және қолөнер арқылы отбасының өнерін паш етті.Сонымен қатар, «Мақал – сөздің мәйегі» кезеңінде жасанды интеллект көмегімен дайындалған бейнероликтер арқылы мақал-мәтелдерді тауып, олардың мағынасын түсіндіру тапсырмасы орындалды. Ал «Салт-дәстүр – ұлттық рухтың тайқазаны» кезеңінде қазақ халқының салт-дәстүрлері сахналық көрініс арқылы көрермен назарына ұсынылды.Фестиваль барысында кезеңдер арасында концерттік нөмірлер ұсынылып, мерекелік атмосфера қалыптасты.Осындай игі шаралар ұлттық құндылықтарды насихаттап, отбасы институтының маңызын арттыруға, сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен рухани сабақтастықты нығайтуға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1181056?lang=kk
Жалпыхалықтық коалиция өкілдері сауда саласының өкілдерімен жаңа Конституция жобасын талқылады 14.03.2026
Жалпыхалықтық коалиция мүшелері, ҚР Мәжіліс депутаттары ірі сауда желілерінің өкілдері және ҚР Сауда және интеграция министрлігінің қызметкерлерімен кездесіп, жаңа Конституциядағы елеулі өзгерістерді талқыға салды. Жиынға жалпыхалықтық коалиция мүшесі Мария Утебаева, мәжіліс депутаты, заң ғылымдарының докторы Марат Башимов пен профессор Венера Жексенбекова қатысты. Шараны ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ашып, жалпыхалықтық коалиция мүшелеріне елдегі маңызды құжатты сауда саласының өкілдерімен ашық талқылауға келгендеріне алғыс білдірді. «Біздің елімізде ашық әрі жетілген қоғам қалыптасты. Ұзақ уақыт бойы қоғамда жаңа Конституция жобасы талқыланып келеді. Бүгін біз референдум қарсаңында осы құжатты ашық әрі сындарлы түрде талқылап отырмыз. Алдағы жексенбіде әр қазақстандық азаматтық жауапкершілік танытып, өз ұстанымын білдіруі керек. Жаңа Конституция - бұл халқымыздың құқықтық коды», - деді министр.Мәжіліс депутаты Марат Башимов жаңа Конституциядағы Преризенттің жеті жылдық бір ғана мезгілге сайлануына тоқталды. Кешегі өткен Депутаттар форумында Президен Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл сауалға ерекше тоқталды. «Қазіргі әлеуметтік желі дамыған заманда адамды қаралау оңай іске айналды. Жаңа Конститцуия жобасында әр азаматтың ар-намысын, қадір-қасиетін ерекше қорғау көзделген», - деді Марат Башимов. «Біз осы уақыт аралығында жай құжатты талқылап келген жоқпыз. Халық, билік, қоғам өкілдері осы уақыт аралығында ел үшін маңызды саяси құжат жобасын талқылап келеміз. Сонаулы күн ғана қалды. 15 наурз – әрбір қазақстандық үшін маңызды, тарихи күн болмақ», - деді профессор Венера Жексенбекова.Жиын барысында сауда саласының өкілдері мен министрлік қызметкерлері жалпыхалықтық коалиция мүшелеріне өздерін толғандырған сұрақтарын жолдады. Жиналғандар азаматтартың бостандығы мен құқығын қорғауда қандай өзгерістер болатынын, конституциялық реформадан қандай әлеуметтік-экономикалық өзгеріс күтілетінін, жаңа конститция жобасын даярлауда қандай халықаралық тәжірибе қолданылғаны, осы реформа аясында мемлекеттік қызмет саласында болатын өзгертер туралы сауал қойып, ашық диалог орнатты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1180998?lang=kk
Қазақстан Елшісі Люксембург Ұлы Герцогіне сенім грамоталарын табыстады 13.03.2026
Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігі мен Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Елшісі Роман Василенко Люксембург Ұлы Герцогі Гийомға сенім грамоталарын табыстады.Герцог сарайында өткен аудиенция барысында тараптар Қазақстан мен Люксембург арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады. Р.Василенко Ұлы Герцогке ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум туралы ақпарат берді.Өз кезегінде Ұлы Герцог Гийом Мемлекет басшысына ізгі тілектерін жолдап, Қазақстанның аймақтық және халықаралық саясаттағы артып келе жатқан рөлін атап өтті. Монарх Люксембургтің сауда-экономикалық, инвестициялық және қаржылық салаларда екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.Қазақстан мен Люксембург саяси диалог пен экономикалық ынтымақтастықты тұрақты түрде дамытуда. Герцогтік Еуропаның жетекші қаржы орталықтарының бірі және еліміздің Еуропалық Одақтағы маңызды серіктесі болып табылады.Жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша Люксембург әлемдегі алдыңғы қатарлы орындардың бірін иеленеді. Халықаралық валюта қорының дерегі бойынша 2025 жылы бұл көрсеткіш 146 мың АҚШ долларын құраған. 2005 жылдан бері Люксембургтен Қазақстанға келген тікелей инвестициялардың ағыны 3,7 млрд АҚШ долларынан асқан, бұл люксембургтік қаржы және инвестициялық құрылымдардың Қазақстан нарығына тұрақты қызығушылығын көрсетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1180982?lang=kk
Аймақ басшысының Қостанай ауданына жұмыс сапары 13.03.2026
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Қостанай ауданының Александров ауылдық округінде болып, көктемгі егіс науқанымен, Павлов ауылындағы «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалу барысымен және Жуков ауылында елді мекенді көркейту, баспана салу жұмыстарымен танысты.Республика бойынша ауыл шаруашылығы техникаларын лизингке алуға 300 млрд теңге қарастырылған. Биыл осы қаражаттың 45 млрд теңгесі біздің облысқа бөлінді.Көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу аясында екінші деңгейлі банктерді қоса алғанда, қаржы институттары арқылы 173 млрд теңге беру жоспарлануда.Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге литрі 281 теңгеден 73,3 мың тонна дизель отыны бөлінді.Соңғы 3 жылда облыстың егіс алқаптарының құрылымы айтарлықтай өзгерді. Дәнді-бұршақты дақылдардың көлемі 84,4%-ға, майлы дақылдар 32,1%-ға ұлғайды.«Борис-Романовское» ЖШС иелігінде 10,3 мың гектар ауыл шаруашылығы жері бар. Оның ішінде егістік – 9,7 мың гектар, жайылым – 565,7 гектар. 2026 жылға арналған егіс құрылымы бойынша бидай – 3,6 мың гектар, майлы дақылдар – 3,1 мың гектар. Майлы дақылдар көлемі 2024 жылғы 1,8 мың гектардан биыл 3,1 мың гектарға дейін ұлғайтылды.«Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері облыста 400-ден астам қоғамдық кеңістік абаттандырылып, 250-ден астам балалар және спорт алаңы орнатылды. 600-ге жуық рұқсатсыз қоқыс үйіндісі жойылып, 1250-ден астам ескі және қараусыз ғимарат сүрілді. Сонымен қатар 277 мыңнан астам ағаш пен көшет отырғызылды. Биыл облыс елді мекендерінде 77,3 мың көшет отырғызу жоспарланып отыр. Көктемгі көгалдандыру барысында 30 мыңнан астам ағаш пен бұта егілді. Сондай-ақ 37 көпқабатты тұрғын үйді жөндеу, 31 балалар алаңын орнату және ескі, апатты үйлерді бұзу көзделген», – деді аймақ басшысы.Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және ауыл инфрақұрылымын дамыту аясында «Борис-Романовское» ЖШС Павлов ауылында көлемі 0,5 гектар болатын саябақ аймағын құруға демеушілік көмек көрсетті. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 25 млн теңге, оның ішінде 20 млн теңге демеушілік қаражат. Жоба аясында асфальтталған жаяу жүргіншілер жолдары салынып, екі заманауи беседка мен мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған сахна орнатылады. Сонымен қатар белсенді демалыс пен спортпен шұғылдануға арналған жасанды жабындысы бар шағын футбол алаңы салынады. Аумағында балалар ойын алаңы да бар.Саябақта қазірдің өзінде 20 қарағай көшеті мен 100 пирамида тәрізді терек отырғызылды. Бұл экологиялық жағдайды жақсартып, аумақтың заманауи эстетикалық келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Оның бүкіл аумағында жарықтандыру жүйесі мен еуроштакетниктен жасалған металл қоршау орнатылады. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.«Демалыс аймағы тұрғындардың отбасылық демалысына, спортпен айналысуына және өмір сүру сапасын арттыруға қолайлы жағдай жасайды», – деді Құмар Ақсақалов.Мемлекет басшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің маңыздылығын ерекше атап өтеді. Кәсіпкерлер өздері еңбек етіп жатқан ауылдардың дамуына белсенді үлес қосуы қажет.Бүгінде Жуков ауылында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі байқалады. «Розумович» ЖШС 2021-2025 жылдар аралығында өз қаражаты есебінен ауыл тұрғындары үшін 33 пәтерлі 21 үй салды. Сонымен қатар «Өркениет» дамыту орталығы, мини-маркет, қоғамдық монша, қонақүй және балабақша бой көтерді. Қазіргі таңда 100 орындық мектептің құрылысына арналған жоба әзірленді.Кәсіпорын алдағы уақытта тағы 15 жеке тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Ол үшін көлемі 2 гектар жер телімі бөлінген.Жылқы шаруашылығын дамыту мақсатында 12 басқа арналған ат қора салынды. Сонымен қатар қызметкерлерге арналған тұрғын үй де бой көтерді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1230521?lang=ru
Алматыда Defense Tech IT Park қорғаныс технологиялары орталығының таныстырылымы өтті 13.03.2026
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генералы-лейтенанты Дәурен Қосанов Армия үйі базасында Defense Tech IT Park қорғаныс технологиялары орталығын ашты. Бұл инновациялық алаң Қарулы күштер мен ұлттық қауіпсіздік жүйесі мүддесі үшін отандық технологиялық шешімдерді әзірлеу мен енгізу мақсатында құрылған. Freedom Holding Corp. қолдауымен құрылған жобаның таныстырылымына Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун, Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов, сондай-ақ IT-индустрия және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.Defense Tech IT Park – бұл Қорғаныс министрлігінің 2022 жылдан бастап жүзеге асырып келе жатқан Defense Tech бастамасының даму кезеңдерінің бірі. Ол әскер мен қауіпсіздік жүйесінің қажеттілігі үшін ұлттық инновациялық экожүйені қалыптастыруға бағытталған. Жобаны әзірлеушілер жаңа алаңның мүмкіндіктерін көрсетіп, отандық IT-компаниялар мен стартап-командалардың цифрлық технологиялар, бейнебақылау жүйелері, деректерді талдау, телекоммуникациялар және жасанды спутниктік шешімдер саласындағы инновациялық жобаларды таныстырды.Қорғаныс министрі авиация генералы-лейтенанты Дәурен Қосанов орталықтың құрылуы еліміздің технологиялық әлеуетін нығайтуға және заманауи әзірлемелерді әскерге жылдам енгізуге бағытталғанын атап өтті.– Бүгінгі таңда мемлекеттің қорғаныс қабілеті тікелей технологиялық дамуға байланысты. Біздің басты міндетіміз – өз идеяларымызды әскерге практикалық тұрғыда енгізу жолын қысқарту, – деді қорғаныс ведомствосының басшысы.Өз кезегінде Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов жаңа алаң технологиялар мен қорғаныс әзірлемелері саласындағы жас мамандар үшін тартымды орталыққа айналатынын атап өтті.«Біз мұнда Defense Tech Hub технологиялық білім беру алаңын құрдық. Бұл жерде ІТ саласындағы студенттер, оның ішінде әскери кафедраларда білім алып жүргендер, практикалық дағдыларын жетілдіріп, хакатондар мен акселерациялық бағдарламаларға қатыса алады», - деді өз сөзінде.Қорғаныс министрінің цифрлық даму мәселелері жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев Defense Tech IT Park болашақта перспективалық технологиялық жобаларды іздеу және таңдау, әзірлеушілерді идеядан прототип жасауға дейін қолдау және шешімдерді әскерде пилоттық енгізуге дайындау алаңы болатынын атап өтті. Жаңа платформа қорғаныс ведомствосы, ғылыми ұйымдар және технологиялық бизнес арасындағы жүйелі өзара әрекеттестікті қалыптастыруға, сондай-ақ Қазақстанның қорғаныс және қауіпсіздік мүддесі үшін инновацияларды жедел енгізуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1180760?lang=kk
Қонаев қаласының орталық алаңында 15 наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында ауқымды дрон-шоу өтті 13.03.2026
 Жарқын жарық шоу Алматы облысының тұрғындары мен қонақтары үшін есте қаларлық оқиғалардың біріне айналды. Іс-шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, өңірлік Ұлттық коалиция мүшелері - облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов және облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дауталиев қатысты.Кешке елдің болашағына және қоғамның дамуына бейжай қарамайтын әртүрлі буын өкілдері жиналды. Ерекше назар 15 наурызда өтетін алдағы республикалық референдумға аударылды. Қатысушыларға бұл маңызды саяси оқиғаның мемлекеттің одан әрі дамуы мен демократиялық институттарды нығайтудағы маңызы түсіндірілді.Жиналғандар алдында сөз сөйлеген облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов Қазақстанның маңызды тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқанын атап өтті.«Біздің еліміз маңызды тарихи кезеңді бастан кешіп отыр. Тәуелсіздік алғаннан бері қабылданғалы отырған бұл – үшінші Конституция. Қолданыстағы Негізгі заң өз миссиясын орындады. Бүгінде бүкіл әлем өзгеріп, қоғам дамып келеді, сондықтан елдің басты құжаты да жаңартуды қажет етеді. Сонымен қатар саяси науқан қасиетті Ораза айымен және Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Ерекше форматта ұйымдастырылған дрон-шоу саяси науқанның мәнін көрнекі түрде жеткізуге мүмкіндік берді. Осы үшін ұйымдастырушыларға шынайы алғысымды білдіремін», – деді ол.Облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дауталиев жаңа Конституцияның қабылдануы ел дамуына қосымша серпін беретінін атап өтті.«Ұлттық болмысты бейнелеген дрон-шоу ерекше әсер қалдырды. Жарқын эмоциялармен қатар, ол жаңа Конституцияның маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Ел тағдыры шешілетін күні әрбір азамат дауыс беруге келіп, өзінің азаматтық борышын орындауы тиіс», – деді ол.Кештің шарықтау шегі – жарық шоуы болды. Алаң үстіндегі аспанда 500-ден астам дрон түрлі фигуралар мен жарық композицияларын құрастырды. Көрермендер «Референдум», «Жаңа Конституция» жазуларын, Қазақстанның географиялық контурын, келе жатқан Наурыз мерекесіне арналған құттықтауды, символикалық шаңырақты, сондай-ақ «Алматы облысы» деген жазуы бар толқындар үстінен көтерілген күн бейнесін тамашалады. Жоғары технологиялық шоу мыңдаған көрерменді өзіне тартты – қала тұрғындары орталық алаңға отбасыларымен келіп, ерекше көріністі бірге тамашалады. Көпшілік мұндай заманауи форматтағы шаралар мерекелік көңіл-күй қалыптастырып, адамдарды біріктіретінін атап өтті.Қонаев қаласындағы мерекелік атмосфера тек жарқын мәдени оқиға ғана емес, сонымен қатар ел үшін маңызды күн қарсаңында азаматтық жауапкершілік пен белсенді қоғамдық ұстанымның символына айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1180170?lang=kk
Құрлық әскерлері әскери институтының 200-ге жуық курсанты әскери тағылымдамадан өтті 13.03.2026
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтын аяқтаушы түлектер Қарулы күштердің әскери бөлімдеріндегі тағылымдамаларын сәтті аяқтады. Болашақ офицерлердің практикалық дайындығы еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі гарнизондарда жүзеге асты. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Тараз гарнизонында курсанттар 5-ші механикаландырылған бригада мен жөндеу-қалпына келтіру әскери бөлімінің базасында тәжірибеден өтті. Олар тәжірибелі офицерлердің жетекшілігімен бөлімшелердегі қызметтің ұйымдастырылуымен, жауынгерлік дайындықтың ерекшеліктерімен, сондай-ақ техникалық және тылдық қамтамасыз ету бөлімдерінің жұмысымен жақынырақ танысты.Болашақ офицерлердің әскери жоғары оқу орнын бітірген соң атқаратын алғашқы лауазымы – взвод командирі міндеттерін орындауға даярлауға ерекше назар аударылды. Тағылымдама барысында курсанттар сабақты жоспарлауға қатысып, жеке құрамды басқару мәселелері мен бөлімшелердің күнделікті қызметін ұйымдастыру тәртібін жан-жақты зерделеді.Техникалық қамтамасыз ету факультетінің курсанты Мадияр Молдахмет бұл тағылымдама болашақ офицерлерге әскердегі қызметті барынша жақыннан көруге мүмкіндік бергенін айтады.– Мен үшін әскери тағылымдама өте пайдалы болды. Взвод командирі болудың жауапкершілігін түсіндім. Бұл тек теория ғана емес, сонымен қатар күнделікті тәжірибе. Біз бөлімшеде қызметтің қалай ұйымдастырылатынын, жеке құраммен жұмыстың қалай жүргізілетінін және жас офицердің қандай міндеттерді атқаратынын көрдік, – деді курсант.Алдағы айларда институт түлектері алғашқы офицерлік әскери атақтарын алып, Қазақстан Қарулы күштерінің офицерлік құрамын толықтырады. Әскердегі тағылымдама барысында жинақталған тәжірибе олардың алдағы әскери қызметінің берік негізіне айналмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1180336?lang=kk
Елімізде ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу үлесі жыл соңына дейін 70%-ға жетеді 13.03.2026
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында өңдеу өнеркәсібінің жекелеген секторларын дамытудың алдын ала нәтижелері қаралды.Ағымдағы жылғы екі айда азық-түлік және сусындар өндірісінде жоғары өсу қарқыны байқалады. Азық-түлік өндірісінің көлемі 665 млрд теңге, нақты көлем индексі (НКИ) – жоспардағы 104,3%-да – 111,9%. Бірінші тоқсанға болжам – 112%.Сусындар өндірісі 175,4 млрд теңгеге жетті, НКИ – 104,2%, жоспарда 110,2%. Қаңтар-наурыз айларына жоспар – 110,3%. Салыстыру үшін: өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 1,2 трлн теңгеге сусындар өндірілді.Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов атап өткендей, тамақ өнеркәсібі тұрақты даму серпінін көрсетуде.2025 жылдың қорытындысы бойынша тамақ өнімін өндіру көлемі 3,9 трлн теңге. Бұл 2024 жылғы деңгейден 8,1%-ға жоғары (3,3 трлн теңге). 2026 жылы бұл көрсеткішті 4,7 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.Өсім егіс алқабын әртараптандыру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту, ішкі нарықты қорғау және жаңа инвестициялық жобалар есебінен іске асырылады.«Осы факторлардың қосымша үлесі шамамен 600 млрд теңгеге бағаланады. Бұл ағымдағы жыл соңына қарай өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің үлесін 70%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Азат Сұлтанов.Шикізат базасы мен қайта өңдеу көлемінің өсуі есебінен күнбағыс майы өндірісі 890 мың тоннаға дейін артады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 млрд теңгеге артық.Жүгеріні қайта өңдейтін екі жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін 640 мың тонна шикізатты қайта өңдеу, крахмал өнімдері мен аминқышқылдарының өндірісін 205 мың тоннадан 260 мың тоннаға дейін ұлғайту және шамамен 55 млрд теңгеге қосымша өнім шығаруды қамтамасыз ету жоспарлануда.Сүт саласында 2,4 млн тонна шикізатты қайта өңдеу және шамамен 36 млрд теңге сомаға қосымша өнім шығаруды қамтамасыз ету жоспарлануда.Саланың жүйе құраушы кәсіпорындарында да өндіріс айтарлықтай өседі.«Саламат» ұн тарту кәсіпорны ұн шығаруды 232 мың тоннадан 257 мың тоннаға дейін арттыруды (өсу 11%);Qazaq Аstyq Group мұнай өңдеу кәсіпорны өсімдік майы өндірісін 106-дан 126 мың тоннаға дейін ұлғайтуды (өсу 19%);«Масло-Дел» сүт өңдеу кәсіпорны өңделген сүт өндірісін 98,2-ден 121 мың тоннаға дейін ұлғайтуды (өсу 23%);Жаркент крахмал-сірне зауыты крахмал мен сірне өндірісін 61,5-тен 67,6 мың тоннаға дейін ұлғайтуды (өсу 10%);«Coca-Cola Алматы Боттлерс» кәсіпорны алкогольсіз сусын өндірісін 4,3-тен 6,7 млрд литрге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр (өсу 55%).Өндіріс «Кублей» ет өңдеу кәсіпорны мен «Айс» сүт кәсіпорнында да өседі.Жалпы өңдеуші өнеркәсіптің бірқатар салалары бойынша екі айда НКИ өсуінің жоғары қарқыны тіркелуде: машина жасау – 115,5%, құрылыс материалы өндірісі – 127,4%, металл бұйымдары – 131,4%, жеңіл өнеркәсіп – 156,4%, резеңке және пластмасса бұйымы – 111,5%.Саудада 2026 жылғы қаңтар-ақпанның қорытындысы бойынша нақты көлем индексі 103,4%. Жалпы айналым 9,7 трлн теңгеге жетті. Өткен жылғы осы кезеңде ол 8,9 трлн теңге болатын. Өсу 0,9 трлн теңге немесе 10,2%.Көтерме саудада оң динамика байқалады: НКИ – 103,8%, айналым – 6,5 трлн теңге (2025 жылғы қаңтар-ақпанда – 6,1 трлн теңге).Бөлшек сауда да тұрақты өсуді көрсетеді: НКИ – 102,6%, айналым – 3,2 трлн теңге (бір жыл бұрын – 2,8 трлн теңге).Азық-түлік тауарларын сату +22% немесе 0,4 трлн теңгеге айтарлықтай өсуді көрсетеді. Азық-түлік бөлшек саудасының ең жоғары өсу қарқыны Түркістан облысында 112,1%, Алматы облысында 110,9%, Атырау облысында 103,9%, Ақтөбе облысында 102,7% және Шымкентте 105,4% тіркелді.Азық-түлік емес тауарлар бойынша Маңғыстау облысы 119,2%, Солтүстік Қазақстан 108,5%, Жетісу 108,1%, Шығыс Қазақстан 107,6% және Түркістан 106,0%-бен көш бастап тұр.Сондай-ақ штаб отырысында «KazFoodProducts» компаниялары мен «Компания Фудмастер-Трейд» ЖШС өкілдері кәсіпорындарды одан әрі дамытудың және тамақ өнеркәсібіндегі инвестициялық жобаларды іске асырудың өзекті  мәселелерін айтты.Талқылау қорытындысы бойынша вице-премьер салалық министрліктерге өндірісті кеңейтуге және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жүктеуге әсер ететін кедергілерді жою үшін көтерілген мәселелерді пысықтауды тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1180090?lang=kk
Цифрлық көктем «Digital Nauryz»: Қазақстан Наурызды цифрлық форматта қарсы алады 13.03.2026
Платформа мен іс-шаралар бағдарламасы туралы толығырақ ақпаратты Digital Nauryz сайтынан білуге болады.Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ел бойынша өтетін мерекелік іс-шаралар туралы ақпаратты біріктіретін Digital Nauryz онлайн-платформасын іске қосады.2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды, ал Digital Nauryz платформасының іске қосылуы елдегі технологиялық өзгерістер мен цифрлық трансформацияның символдарының біріне айналады.Платформа GOV.KZ мемлекеттік порталының базасында құрылды және 14–23 наурыз аралығында жұмыс істейді. Ол бірыңғай цифрлық кеңістікте іс-шаралар анонстарын, жаңалықтарды және мерекелік оқиғалардың тікелей трансляцияларын біріктіреді.Сайтта Қазақстанның барлық облыстары бойынша өңірлік бөлімдер ұсынылған. Соның арқасында пайдаланушылар нақты қалалар мен өңірлердегі іс-шаралар туралы біле алады, қорытынды материалдармен танысып, онлайн-трансляциялар мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға өте алады. Платформа бірнеше тілде және жасанды интеллект негізіндегі аударма функциясымен жабдықталған, бұл ақпаратты барынша кең аудиторияға қолжетімді етеді.Жобаның іске қосылуы Наурызды мерекелеудің бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастырады, онда көктемгі жаңару дәстүрлері заманауи технологиялармен ұштасады.Пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында Digital Nauryz платформасына өтетін бірыңғай баннер орналастырылды.Қазақстандағы Наурыз мерекесінің өту барысын онлайн режимде бақылаңыз! Дереккөз:  Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1180065?lang=kk
Қазақстан экономикасына 2025 жылы салынған инвестиция 22,7 трлн теңгеге жетті 13.03.2026
2025 жылғы қорытынды бойынша Қазақстандағы негізгі капиталға салынған инвестиция 22,7 трлн теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 13%-ға өсті (19,5 трлн теңге). Инвестициялық белсенділіктің өсуі экономиканың бірден бірнеше негізгі секторында тіркелді.Инвестицияның неғұрлым серпінді өсуі қаржы мен сақтандыру қызметінде 88,4%-ға, 313,5 млрд теңгеге дейін байқалды. Бірқатар негізгі салада инвестицияның айтарлықтай өсуі байқалады:электр энергиясымен, газбен, бумен және ыстық сумен жабдықтау саласында-53,1%;ауыл шаруашылығында-53%;өңдеу өнеркәсібінде-30,1%;ақпарат және байланыс саласында-13,4%;білім беруде-9,2%;көлік пен қоймада-9%.Инвестициялық белсенділіктің өсуі шетелдік инвестиция ағынымен де қолдау тапты. 2025 жылғы 9 айда Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 14,9 млрд долларға жеткен. Бұл 2024 жылғы сәйкес кезеңмен (13,4 млрд доллар) салыстырғанда 10,9%-ға артық.Инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту үшін Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы бекітілді (Үкіметтің 2025 жылғы 31 желтоқсандағы №1185 қаулысы). Құжат жаңа жаһандық экономикалық үрдістерді ескере отырып, инвестиция тарту жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешенін көздейді.Тұжырымдаманың негізгі басымдығы – қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті өндіріс құруға және экономиканың шикізаттық емес саласын дамытуға инвестиция тарту.Қазақстанда инвестиция тартудың үш деңгейлі жүйесі – сыртқы, орталық және өңірлік деңгей жұмыс істеуде. Бұл ретте инвесторлармен жұмыс істеуде әлеуетті әріптестерді іздеуден және келіссөздер жүргізуден бастап, жобаларды іске асыруға және оларды одан әрі сүйемелдеуге дейінгі кешенді тәсіл енгізіледі.«Kazakh Invest» ҰК» АҚ шетелдік өкілдіктерінің желісін кеңейту және жұмыс істеп тұрған кеңселерді қайта ұйымдастыру есебінен елдің инвестициялық әлеуетін халықаралық ілгерілетуді күшейту жоспарлануда.Салалық мемлекеттік органдар бизнеспен бірлесіп, экономиканың жалпы қосылған құнын ұлғайтуға арналған басым инвестициялық жобалардың тізбесін қалыптастырады. Мұндай жобаларды дайындау және құрылымдау үшін «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ жанынан инвестициялық қызмет (Investment Board) құрылды. Ол ірі инфрақұрылымдық бастамаларды іске асырумен де айналысады.Инвесторларды кешенді сүйемелдеу үшін Kazakhstan Investment House атты негізгі даму институттарын біріктіретін және инвестициялық рәсімнің жедел және ашық өтуін қамтамасыз ететін «бір терезе» қағидаты бойынша бірыңғай орталық құрылады.Инвестицияларды тартуда өңірлерге ерекше рөл беріледі. Өңірлік инвестициялық штабтардың жұмысын күшейту, инвестициялық жобаларды дайындау сапасын арттыру және қажетті инфрақұрылымды дамыту жоспарлануда.Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар салалық кластерлерді қалыптастыруға және активтерді тиімді басқаруға бағдарланған өңірлік даму институттарына айналдырылады. Бір мезгілде арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар шеңберінде инвесторлар үшін рәсімдер жеңілдетіледі.Қосымша шаралар инвесторлардың құқығын қорғауды күшейтуге арналған. Инвестициялық омбудсменнің функциясы Бас прокурорға беріледі. «Жасыл дәліз» деп аталатын қатысушыларға мемлекеттік қызметтерді алудың жеделдетілген тәртібі енгізіледі.Бұдан басқа, өңірлерде инвестициялық жобаларды іске асыруды құқықтық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін инвестициялық прокурорлар тағайындалады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1180021?lang=kk
Алатау қаласында жаңа қоғамдық көлік маршруттары іске қосылды 12.03.2026
Алатау қаласының тұрғындары үшін №1 және №2 жаңа қоғамдық көлік маршруттары іске қосылды. Жаңа бағыттардың ашылуына орай қала әкімі мен қала ақсақалдарының қатысуымен салтанатты рәсім өтті.Жаңа маршруттар Құйған – Еңбек – Жаңа Арна – Әли – Жаңалық саяжайлары – Байсерке – Жаңа Талап – Жаңа Дәуір – Қоянқұс – Gate City – Өтеген батыр – Еркін ауыл бағыттарын қамтиды. Бұл бағыттар қала мен оған іргелес елді мекендер арасындағы қатынасты жеңілдетіп, тұрғындардың күнделікті қатынауына қолайлы жағдай жасайды.Қала әкімі қоғамдық көлік жүйесін дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрғындардың сұранысын ескере отырып жалғасатынын атап өтті.Жаңа маршруттардың іске қосылуы - қала инфрақұрылымын дамыту мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.Алатау қаласында инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1179950?lang=kk