Enbekshi QazaQ

Қуқық

Қара теңізде танкерлермен болған оқиғаларға қатысты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми хабарламасы 14.01.2026
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі 2026 жылғы 13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында, КҚК теңіз терминалы маңында Қазақстанның экспорттық мұнайын тасымалдауға қатысқан екі кемеде тіркелген келеңсіз оқиғалар туралы ақпаратты ресми түрде растайды.Мальта туымен жүрген «Matilda» танкері «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қосалқы ұйымы арқылы жалға алынған және ҰҰА шабуылына ұшырағаны расталды. Кемеде жарылыс тіркелгенімен, өрт шықпаған. Экипаж арасында зардап шеккендер жоқ. Техникалық қызметтердің алдын ала бағалауына сәйкес, танкер теңізде жүзуге қабілетті, кеменің корпусында аса қауіпті зақымданулар анықталмаған.Либерия туымен жүрген «Delta Harmony» танкері де жүктеу жұмыстарына дайындық кезеңінде ұшқышсыз ұшу аппараты шабуылына ұшырағаны расталды. Салдарынан өрт шығып, жедел сөндірілген. Экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ. Оперативтік штаб деректеріне сәйкес, оқиға кезінде кемеге мұнай тиеу жұмыстары жүргізілмеген, жүк цистерналары бос болғандықтан, Қазақстан Республикасының экспорттық ресурстарына зиян келтірілмеген.Энергетика министрлігі логистикалық тізбектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық жеткізілімдердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында «ҚазМұнайГаз» ұлттық операторымен, консорциум әкімшілігімен және кемелер иелерімен іс-қимылдарды жедел түрде үйлестіріп отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/1140688?lang=kk
Алматы облысы колледждерінің халықаралық ынтымақтастығы кеңеюде 13.01.2026
Алматы облысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін халықаралық деңгейге көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңір колледждері шет мемлекеттердің жетекші білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасу мен білікті кадрлар даярлау ісін жаңа деңгейге шығаруда. Қазіргі таңда Алматы облысының колледждері Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің бірқатар оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімшарттар жасаған.Атап айтқанда, Түркияның Анталия қаласындағы Мехмет Зеки Балджы жоғары мектебі (туризм және қонақ үй бизнесі), Францияның Париж қаласындағы Гийома Тирель лицейі және Элиза Лемонье лицейі облыс колледждерімен бірлескен жобаларды іске асыруға ниет білдірген.Сонымен қатар, Қытайдың Сиань қаласындағы кулинарлық колледжбен, Финляндиядағы ECEDU кәсіптік колледжі, Қырғыз Республикасындағы С. Ибраимов атындағы агротехникалық колледж, Қытайдың Чунцин қаласындағы оқу орындарымен және Кореяның OFECO.LTD компаниясымен ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойылған.2024–2025 оқу жылында Алматы облысынан сегіз педагог шет мемлекеттерде тағылымдамадан өтті. Оның ішінде бес педагог Түркияда, ал үш педагог Францияда кәсіби тәжірибе жинақтаған.Колледж оқытушыларының айтуынша, халықаралық тәжірибе кәсіби дамуға тың серпін береді.- «Шетелде тағылымдамадан өту бізге заманауи оқыту әдістерін меңгеруге, өндіріс пен білімнің өзара байланысын терең түсінуге мүмкіндік берді. Бұл тәжірибе студенттермен жұмыс істеу сапасын арттыруға тікелей әсер етеді», – дейді Алматы облысы колледжінің басшысы Бақытгүл Кішібаева .Ал білім саласына жауапты мекеме өкілдері бұл бағыттағы жұмыстың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.- «Халықаралық әріптестік – техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғыртудың маңызды тетігі. Біз колледждердің әлемдік стандарттарға сай дамуына және еңбек нарығына сұранысқа ие мамандар даярлауына басымдық беріп отырмыз», – дейді облыстық білім басқармасының өкілі Кенжегуль Дюсентаева.Бұдан бөлек, Қытай – Орталық Азия елдері арасындағы бірлескен жобалар аясында ауыл шаруашылығы мен техникалық мамандықтар бойынша кадр даярлайтын жеті колледж директоры және өндірістік оқыту жөніндегі бір директордың орынбасары 2025 жылғы 14–24 сәуір аралығында Қытайдың Чунцин қаласында оқу курсынан өтті. Нәтижесінде 49 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.Мамандардың айтуынша, бұл бастамалар Алматы облысы колледждерінің халықаралық стандарттарға сай дамуына, педагогтардың кәсіби деңгейін арттыруға және еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлау сапасын күшейтуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1140322?lang=kk
Жұмыссыз азаматтарға медициналық көмек көрсетуге 1,2 млрд теңге бөлінеді 13.01.2026
Әлеуметтік осал топ өкілдері үшін ақжолтай хабар. Биылдан бастап МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төленетін болады. Өткен жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы: «Әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыруға аударымдар жергілікті бюджет есебінен төленуі тиіс», – деп атап өткен еді.Президенттің тапсырмасынан кейін МӘМС аясында бірқатар өзгерістер енгізілді. Заңдағы жаңашылдықтың арқасында 2026 жылы елімізде 1 млн адам МӘМС жүйесімен қосымша қамтылмақ.Жаңа жылдан бастап МӘМС жүйесіне 11 нозологияны қамтитын әлеуметтік мәні бар аурулардың (ӘМА) жаңартылған тізбесі енгізілді. Соған қарамастан, МӘМС жүйесіндегі медициналық көмектің қолжетімділігі мен көлемі өзгеріссіз қалады.18 жасқа толғаннан кейін де мемлекет мүгедектігі бар адамдар үшін сақтандыру жарналарын төлеуді жалғастырады. Сондай-ақ мемлекет жұмыссыз және әлеуметтік осал азаматтарды — МӘМС жүйесіндегі D және E санаттарын сақтандырумен қамтамасыз етеді.«Диспансерлік есепте тұрған осы санаттағы азаматтарға медициналық көмек көрсету үшін облыста 2,6 млрд теңге бөлінген. Қосымша түрде жұмыссыз азаматтар үшін 1,2 млрд теңге бөлу мәселесі қарастырылуда», – дейді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов.Айта кетейік, диагностика, консультациялар, емдеу және оңалту қызметтері қысқартылмайды және тоқтатылмайды — барлық медициналық қызметтер МӘМС жүйесі аясында толық көлемде көрсетіле береді.Халықтың басым бөлігін аталмыш жүйемен қамтуды оңтайландыру мақсатында жарналар мен аударымдардың негізгі шегі өзгертілді. Нақтыласақ, жұмыс берушілер жарналарды 40 ЕТЖ-дан аспайтын сомадан, ал қызметкерлер 20 ЕТЖ-ға дейінгі сомадан аударатын болады.«Бүгінде Алматы облысындағы медициналық мекемелерге 1 645 171 адам тіркелген. Оның ішінде МӘМС жүйесінде “Сақтандырылған” мәртебесі бар азаматтар саны 1 343 718 адамға жетіп жығылады», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облыстық филиалының директоры Нұрлан Қыдырбаев.Қарасай ауданы бойынша МӘМС жүйесінің жауапты координаторы Гүлнара Жайсанбаеваның айтуынша, бір ғана Қарасай ауданында 309 557 адам сақтандыру мәртебесіне ие.«2025 жылы жергілікті құзырлы органдармен бірлесе жұмыс жасау барысында Қарасай ауданында 10 089 азамат МӘМС жүйесіне тіркелді», – дейді спикер.Еске саламыз, 1 қаңтардан бастап енгізілген өзгерістерді халыққа түсіндіру мақсатында медициналық ұйымдардың call-орталықтарының жұмысы күшейтілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1140287?lang=kk
Еңбекшіқазақ ауданында лимон өсіретін жаңа жылыжай іске қосылды 13.01.2026
Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ават ауылында лимон ағашын өсіруге арналған заманауи жылыжай кешені жұмысын бастады. Бұл – аудан аумағында алғаш рет қолға алынған жоба. Бір гектар аумаққа салынған кешен алғашқы өнімін екі жылдан кейін береді. Ал толық қуатына шыққан кезде жылдық өнім көлемі бірнеше тоннаға жетуі мүмкін.Жобаның бастамашысы – кәсіпкер Юрий Паскалов. Ол өткен жылдың көктемінде бір гектар жерге жылыжай салып, 1200 түп лимон көшетін отырғызған. Жобаға шамамен 500 миллион теңгеге жуық жеке қаражат инвестицияланған. Кешен заманауи талаптарға сай салынып, жыл бойы бірқалыпты температураны ұстап тұруға мүмкіндік береді.Жылыжайдың басты ерекшелігі – жылдың төрт мезгілінде де жабық күйде жұмыс істеуі. Қыстың қақаған аязында ішкі температура тұрақты сақталса, жаздың аптап ыстығында салқындықты ұстап тұратын заманауи құрылғылар орнатылған. Бұл технология лимон ағаштарының дұрыс өсіп-жетілуіне және сапалы өнім беруіне қолайлы жағдай жасайды.Кәсіпкердің айтуынша, кешен екі жылдан кейін ғана өнім бере бастайды. Алғашқы кезеңде әр түп лимон ағашы 25–30 килограмға дейін жеміс береді. Ағаш толық жетілгенде бұл көрсеткіш 100 килограмға дейін жетуі мүмкін.Кәсіпкер Юрий Паскалов жылыжайда қолданылып жатқан технологияларға тоқталды.Юрий Паскалов, кәсіпкер: «Мен бұл көшеттерді Шымкент қаласынан әкелдім. Қазіргі таңда жылыжайда тамшылатып суару технологиясын пайдаланып отырмыз. Кешен көгілдір отын арқылы бірқалыпты температурада жылытылып тұр. Қазір екі көмекшім бар. Егер ойдағыдай баптап-күтсек, екі жылдан кейін алғашқы өнімін көреміз», – дейді ол.Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, көктем мезгілінде жылыжай кешеніне баратын жол қайта жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, өнім нарыққа шыққаннан кейін оны субсидиялау мәселесі де қарастырылмақ.Ават ауылдық округінің әкімі жобаның ұзақмерзімді екенін атап өтті.Момынжан Исламов, Ават ауылдық округінің әкімі: «Мемлекет тарапынан өнім алынып, нарыққа шыққаннан кейін субсидиялау мәселесін қарастыруға дайынбыз. Бұл – бір жылдық жұмыс емес. Шаруа қожалық болғандықтан, басқа да мемлекеттік қолдау тетіктері көрсетіледі. Кәсіпкердің алдағы уақытта тағы да жоспарлары бар», – деді округ әкімі.Қазіргі таңда кәсіпкер адам ағзасына аса пайдалы лимон жемісін өсіретін жылыжай кешенінің аумағын алдағы уақытта 5 гектарға дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл жоба ауыл шаруашылығын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға оң ықпал етпек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1140071?lang=kk
Ақтауда әскери теңізшілер соғыс ардагерін туған күнімен құттықтады 13.01.2026
99 жасқа толған соғыс ардагері Василий Иванович Салазкинге Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен Әскери-теңіз күштерінің қызметкерлері министрдің атынан құттықтау хатын табыстады.Қорғаныс саласының өкілдері ардагерге Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ерлігі үшін шексіз құрмет көрсетіп, оған денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.– Сіз халқымыздың қаһармандық тарихының тірі куәгері ретінде ерлік, намыс пен қайсар рухтың жарқын бейнесісіз. Сізге алғысымызды білдіріп, жеңімпаз ұрпақтың ерлігі алдында басымызды иеміз, – деді әскери бөлім командирі 1-ші дәрежелі капитан Есенғали Байботаев.Василий Иванович Салазкин І Қиыр Шығыс майданы құрамында соғысқан. Кіші сержант шеніне дейін көтерілген. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» және «Кеңес Одағының маршалы Г. К. Жуков» медальдарымен марапатталған.Ардагер тұратын үйдің ауласында Әскери-теңіз күштерінің оркестрі соғыс жылдарындағы әуендерді орындап, даңқты жауынгерлік  дәстүрлер мен аға  буынның ерлігін еске түсірді. Бұл сәт ардагерді ерекше тебірентіп, ол әскери қызметкерлерге сәттілік пен ашық аспан тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1140022?lang=kk
Шұбаттан жасалған «қазақ балмұздағы» Алматы облысы өндіріледі 12.01.2026
Алматы облысында ұлттық тағам мәдениетін жаңаша танытатын ерекше гастрономиялық өнім пайда болды — түйе сүтінен дайындалатын балмұздақ. Сарыбұлақ ауылында өндірілетін бұл десерт дәстүрлі шұбаттың пайдасын сақтай отырып, заманауи форматта ұсынылып, бүгінде «қазақ балмұздағы» деген атауға ие болуда.Алматы облысында ұлттық тағам мәдениетін жаңа қырынан танытатын тосын гастрономиялық өнім пайда болды — түйе сүтінен, дәлірек айтқанда шұбаттан жасалған балмұздақ. Бұл өнімді Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылында 38 жастағы кәсіпкер Азангүл Албосын өндіреді. Табиғи құрамы, 20-дан астам дәм түрі және дәстүрге негізделген тұжырымдамасы бар бұл десертті жергілікті тұрғындар бүгінде «қазақ балмұздағы» деп атап кеткен.Жоба «Қазақтану» атты мәдени-ағартушылық бағыт аясында жүзеге асырылуда. Оның басты мақсаты — көне дәстүрлердің қазіргі заманмен үндесе отырып, жаңаша сипат ала алатынын көрсету. Мұнда ұлттық ас тек тағам ретінде ғана емес, тарихты, философияны және мәдени жадыны сақтаушы құндылық ретінде қарастырылады.Азангүл Албосынның негізгі мамандығы — заңгер. Қазақстанға қоныс аудармай тұрып, Қытайда сот болып жұмыс істеген. Тарихи Отанына оралу бала күнінен бергі арманы еді — ата-анасы ата-баба жері жайлы жиі әңгімелейтін, ал әкесі түйе шаруашылығын ашуды көп ойлайтын.Шамамен 15 жыл бұрын Азангүл Қазақстанға көшіп келіп, тұрмыс құрды. Жолдасы Жарқын Жұмағазымен бірге шаруа қожалығын дамыта бастады. Алғашында ешкі мен жылқы өсіріп, ешкі сүті мен қымыз сатты. Кейін тәуекелге барып, түйе шаруашылығымен айналысуға бел буды. Алғашқы түйелерді көліктерін сатып, сол қаржыға алған. Тәжірибені өз бетімен жинады: фермаларды аралап, білікті шаруалардан кеңес алып, шұбат дайындау технологиясын меңгерді.«Алғашқы кезде түйе сүтін базарларда, халық көп жиналатын жерлерде стақанмен саттық. Көлігіміз болмаған соң, күйеуім өзі көтеріп жүрді. Қиын болды, бірақ сұраныс артты. Кейін адамдар өздері бізге келе бастады», — деп еске алады Азангүл.Отбасы Сарыбұлақ ауылына 10 жыл бұрын қоныс аударған. Бүгінде фермада 80-ге жуық түйе бар. Мұнда өндірілетін шұбат, құрт пен майды тек аудан тұрғындары ғана емес, өзге өңірлерден де сатып алады. Үш жыл бұрын ерлі-зайыптылар бизнес-жоспар әзірлеп, оны Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевке ұсынды. Жоба қолдау тауып, Қаражотын ауылдық округінен бос жатқан жер телімі берілді.«Түйе шаруашылығы — жай ғана кәсіп емес. Қазақ халқы үшін бұл — тіршілік көзі болған сала. Сүтін, жүнін, терісін — барлығын тұрмыста пайдаланған. Біз осы дәстүрдің болашағы бар екенін көрсеткіміз келеді», — дейді кәсіпкер.Азангүл қолөнермен де айналысады: түйе жүнінен көрпе, жастық, емдік белбеулер тігеді. Алдағы уақытта ауыл әйелдеріне арналған қолөнер мектебін ашуды армандайды.Шаруашылықтағы негізгі өнім — түйе сүті. Халықаралық оқудан өтіп, арнайы құрал-жабдық алғаннан кейін, өткен жылы Азангүл «Қазақ қызы» атты жеке брендімен шұбаттан балмұздақ шығара бастады.«Сүтті баяу қайнату керек. Бұл процесс 20 сағатқа дейін созылады. Сүт қоюланып, қоюландырылған сүт секілді болғанда, оған тосап қосамын. Қазір шамамен 20 түрлі дәм бар: шоколад, құрма, карамель, жидек, қауын және басқалары», — дейді ол.Балмұздақ толықтай табиғи өнім: консервантсыз, қант мөлшері аз. Дәмі классикалық балмұздақтан кем емес, ал пайдасы әлдеқайда жоғары — дәрумендер мен қоректік заттарға бай.Алғашында өнім Шелек ауылындағы шағын дүкенде сатылса, қазір Алматы қаласындағы дәмханалар мен мейрамханаларға тапсырыспен жеткізіледі. Қаптама дизайнын да Азангүлдің өзі әзірлеген.Өткен жылы кәсіпкер «Бір ауыл — бір өнім» жобасына қатысып, көрме қонақтарының оң бағасына ие болды. Алайда сол жолы мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алмады.«Қазақстанды әлемге танытатын басты құндылық — оның дәстүрі мен мәдениеті. Бізде ұлттық гастрономиялық брендтер болуы керек. «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар өнімдер көбейгенін қалаймын», — дейді Азангүл.Отбасының алдағы жоспары — түйе санын арттыру, бөтелкеге құйылған шұбат өндіретін цех ашу және балмұздақ өндірісін кеңейту.Қазақтың ұлттық асханасы — Ұлы дала көшпелілер өркениетінің айнасы. Азангүл Албосын — сол дәстүрді сақтап қана қоймай, оны заманауи тілде сөйлете білген жандардың бірі. Оның шұбаттан жасалған балмұздағы — тарих пен табиғилықты, жаңа идеяларды тоғыстырған, Отанның дәмі бар ерекше десерт.Айта кетейік, Қазақстанда түйе сүті өндірісі жылына 18 мың тоннадан асады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1139790?lang=kk
Қостанай облысында «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетудің интерактивті форматтары іске асырылуда 12.01.2026
Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру әділдікті, заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін ерекше атап өтті. Азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыру және заң талаптарының сөзсіз орындалуы әділ әрі орнықты Қазақстанды құрудың негізгі шарттары болып айқындалды.Осыған байланысты Қостанай облысында «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған жобалар мен бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып, халықпен жұмыс істеудің интерактивті және заманауи форматтары кеңінен қолданылуда.2025 жылы облыстың қалалары мен аудандарында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 28 жоба жоспарланып, толық іске асырылды. Оларды жүзеге асыру барысында үкіметтік емес ұйымдар құқық бұзушылықтардың алдын алу мен халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған әртүрлі форматтағы 300-ден астам іс-шара өткізді. Сонымен қатар құқықтық мәдениеттің өзекті мәселелерін қамтитын ақпараттық-таратпа материалдар мен бейнероликтер әзірленіп, таратылды.«Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыруға өңірдің жоғары оқу орындары да белсенді қатысуда. ЖОО-лар апталық негізде өткізілетін 20 іс-шарадан тұратын тізбені қалыптастырды. Олардың қатарында құқықтық сағаттар, профилактикалық дәрістер, сала мамандарымен кездесулер және студент жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған өзге де форматтар бар.Интерактивті жұмыстың жарқын мысалдарының бірі – «Заң мен тәртіп: әділетті Қазақстанға бірге» тақырыбында өткен ойын соты форматындағы іс-шара. Бұл формат құқықтануға қызығушылық танытқан студенттерге теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік берді. Іс-шараға шамамен 100 адам қатысып, олардың қатарында прокуратура, сот және адвокаттар алқасының өкілдері болды.Сонымен қатар облыста Республика күніне орай «Менің Республикам» атты облыстық пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды. Турнир «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Қостанай облысы бойынша «Жастар Рухы» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің, сондай-ақ «Ахмет Ұрпақтары» және «Парасат» пікірсайыс клубтарының қолдауымен өткізілді.Аталған бастамалардың жүзеге асырылуы қоғамда заңның құндылығын, жауапкершілік пен азаматтық белсенділікті терең түсінуді қалыптастыруға, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидаттарын әділетті Қазақстанның берік негізі ретінде нығайтуға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1139818?lang=kk
Қазақстан армиясының әскери қызметшісі Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды 12.01.2026
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери қызметшісі сержант Еламан Қуатов ересектер арасында 120 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әуесқой аралас жекпе-жектен (AMMA) Азия чемпионы атанды.Әуесқой аралас жекпе-жектен ағымдағы жылдың 5-12 қаңтар аралығында Қытай Халық Республикасының Луджоу қаласында өткен Азия чемпионаты құрлықтың ең мықты спортшыларын жинады.Тартысты әрі әсерлі жекпе-жектер барысында сержант Еламан Қуатов жоғары деңгейдегі спорттық шеберлігін көрсетіп, турнирдің алтын медалін жеңіп алды.Чемпиондық атаққа жету жолында қазақстандық әскери қызметші үш кездесу өткізді. Ол алғашқы айналымда Тайпей өкілін жеңсе, екінші жекпе-жекте Қытай Халық Республикасының спортшысын ұтты. Ал финалда Өзбекстан Республикасынан келген қарсыласын айқын басымдықпен ұтты.Бұл Қазақстан Республикасы Қарулы күштері тарихында әуесқой аралас жекпе-жектен Азия чемпионатындағы алғашқы алтын медаль болып отыр. Әскери спортшының жетістігі отандық армияның спорттық шежіресіне жаңа жарқын бет қосты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1139872?lang=kk
Қазақстанның әскери қызметшілерін әлеуметтік қолдау: 2025 жылы не өзгерді? 12.01.2026
2025 жыл Қазақстанның әскери қызметшілерін әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесі үшін ең мазмұнды өзгерістерге толы кезеңдердің бірі болды. Қабылданған шаралар ақшалай үлеспен қамтуды, тұрғын үй мәселелерін, білім беру, отбасыларды қолдау және қызмет аяқталғаннан кейін азаматтық өмірге бейімдеуді қамтыды.Негізгі қадамдардың бірі лауазымдық жалақылардың өсуі болды. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап офицерлік құрамның жалақысы орта есеппен 20,3 пайызға, ал қатардағы және сержанттық құрамдікі 33,9 пайызға артты. Сонымен қатар бұрын жойылған далалық төлемдер жүйесі қайта енгізілді. 1 шілдеден бастап әскери қызметшілерге далалық шығуларға, теңіз жорықтарына және оқу-жаттығуларға қатысқан әрбір тәулік үшін іссапар рәсімдемей-ақ, 1,2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде далалық төлемдер төлене бастады.Алдағы уақытта да қосымша өзгерістер жоспарланған. 2026 жылғы1 қаңтардан бастап еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі аясында жалақыны арттырудың екінші кезеңі іске асады. Яғни, офицерлер үшін тағы 23 пайызға, ал қатардағы және сержанттық құрам үшін бірінші кезең деңгейінен 10 пайызға өсіру көзделген.Тұрғын үймен қамтамасыз ету саласы да елеулі түрде дамыды. 2025 жылғы 17 қарашадан бастап «Отбасы банк» тұрғын үй төлемдерін алатын әскери қызметшілерге арналған арнайы ипотекалық өнімдерді іске қосты. Бастапқы жарнасы 20 пайыздық «Әскери баспана» бағдарламасы қайталама тұрғын үй нарығынан баспана сатып алуға бағытталған. Алдын ала қарыз бойынша пайыздық мөлшерлеме жылына 18 пайыз және тұрғын үй құнының 50 пайызы жинақталған кезде 5 пайызға төмендейді. «Наурыз әскери» бағдарламасы бастапқы жарнасыз жаңа құрылыстан пәтер сатып алуға мүмкіндік береді. Астана мен Алматы қалаларында қарыздың ең жоғары сомасы 36 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейін, ал бастапқы жарна 20 пайыздан асқан жағдайда 80 млн теңгеге дейін жетеді. Қарыз бойынша пайыздық мөлшерлеме жылына 9 пайызды құрайды.2025 жылы әскери қызметшілердің отбасыларын қолдауға да ерекше көңіл бөлінді. Әскери қызметшілердің мыңнан астам баласы «Балдәурен» балалар сауықтыру орталығында демалып, денсаулықтарын нығайтты. Бұл Қорғаныс министрлігінің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігіне айналды.Сонымен қатар мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру және әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту жұмыстары жалғасуда. Sarbaz 2.0 цифрлық жобасы іске қосылғалы бері 9 мыңнан астам үздік әскери қызметші білім беру гранттарына ие болды. Оның ішінде 3000-нан астамы жатақханаға басымдықпен орналастыру және шәкіртақы төлеу қарастырылған мемлекеттік гранттар екенін атап өту керек. Ел тарихында алғаш рет іріктеу толық автоматтандырылған форматта өтуде. Бұл жүйе сарбаздардың рейтингін тәртіп, дене дайындығы және жауынгерлік дайындық көрсеткіштері бойынша қалыптастырады. Ал алгоритм гранттарды таңдалған жоғары оқу орындары мен мамандықтар арасында өздігінен бөледі.Сарбаздар мен олардың отбасыларына түсетін қаржылық жүктеме де азайтылды. 20 мыңнан астам мерзімді әскери қызметші жалпы сомасы шамамен 8 млрд теңгені құрайтын «несиелік демалысты» пайдаланды. Сонымен қатар қызмет барысында сарбаздар еңбек нарығында сұранысқа ие ауыр жүк көлігінің жүргізушісі, экскаваторшы, байланыс маманы, дизелист-электрик, парамедик және басқа да кәсіптер бойынша жұмысшы мамандықтарын тегін меңгере алады. Оқу аяқталған соң оларға сертификаттар беріледі.Әлеуметтік саясаттың жаңа бағыты – әскери қызметшілерді қызметтен кейінгі өмірге даярлау. Қорғаныс министрлігі зейнетке шығар алдында әскери қызметшілерді бейімдеу бағдарламасын іске қосты. Енді олар әскери жоғары оқу орындарының базасында мектептерде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беру үшін, сондай-ақ әскери кафедраларда жұмысқа орналасу мақсатында тегін қайта даярлаудан өте алады. Бұл шешім офицерлердің кәсіби әлеуетін сақтауға және азаматтық қызметке біртіндеп көшуіне мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1139757?lang=kk
Қорғаныс министрі Қызылорда облысындағы әскери нысандарды тексерді 12.01.2026
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барып, өңірдегі әскери басқару органдарының қызметімен және әскери бөлімдердің жай-күйімен танысты.Облыстық аумақтық қорғаныс бригадасында министр командирдің ағымдағы жағдай туралы баяндамасын тыңдап, 99215 әскери бөлімінің штаб жұмысына, сондай-ақ жеке құрамның орналасу және тамақтану жағдайларына тексеру жүргізді.Қорғаныс істері жөніндегі департамент пен қалалық басқармада министрге жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өткізілген күзгі әскерге шақыру науқанының қорытындылары және запастағы әскери қызметшілерді даярлау барысы туралы баяндалды. Сонымен бірге, әскери мекемелердің ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып, жаңартылған ғимараттарына ерекше назар аударылды.66597 әскери бөлімінде қорғаныс ведомствосының басшысы штабтың жұмысын бағалап, казарма мен асхананы аралап, сарбаздармен әңгімелесті, сондай-ақ әскери қызметшілердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларымен танысты.Сонымен бірге дербес барлау полкінің зымыран-артиллериялық қару-жарақ қоймасы мен жауынгерлік машиналар паркінің жағдайына айрықша көңіл бөлінді.Сапар қорытындысы бойынша Қорғаныс министрі бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен ұрысқа қабілеттілігін арттыруға, қызмет ету жағдайларын жақсартуға және жеке құрамның жоғары моральдық рухын сақтауға бағытталған нақты тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1139306?lang=kk
Қостанайда әскери қызметшілер соғыс ардагерін жүз жылдық мерейтойымен құттықтады 11.01.2026
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері Ділдәбек Сансызбайұлы Нұрышевті туған күнімен құттықтады. Олар майдангерге Қорғаныс министрінің құттықтау хатын табыс етті. Хатта Ділдәбек Сансызбайұлының Жеңіске қосқан үлесі, көрсеткен ерлігі үшін алғыс білдірілген. Әскери ведомство өкілдері ардагерге мықты денсаулық, отбасылық береке-бірлік және ұзақ ғұмыр тіледі.– Сіз соғыс сынағынан өтіп, өміршеңдік пен оптимизмді сақтап қалдыңыз. Сіздің өмір жолыңыз – бізге үлгі. Жеңіске қосқан үлесіңіз үшін сізге басымызды иеміз, – деді қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары полковник Тимур Сәтбаев.Өз кезегінде ардагер көрсетілген құрмет пен қамқорлық үшін алғыс айтып, еліміздің әл-ауқатының басты құндылығы мен негізі – бейбітшілік пен бірлікті сақтау керектігін атап өтті. Ділдәбек Нұрышев 1926 жылғы 10 қаңтарда Мендіқара ауданының Ломоносов ауылында дүниеге келген. 18 жасқа толған соң, оны өзге жастармен бірге Челябі облысының Шұбаркөл қаласына оқуға жіберіп, онда жарты жыл бойы әскери істің негіздерін меңгерген. Ділдәбек Сансызбайұлы аңызға айналған маршал Рокоссовскийдің қолбасшылығымен 2-Украин майданы құрамында соғысқан. Одер өзені бойындағы шайқастарға қатысқан. Жеңіс туралы хабарды Кенигсберг қаласында естіген. Соғыстан кейін әскер қатарында қызметін жалғастырған. Әскерден босаған соң өндірісте еңбек етіп, отбасын құрып, бес бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде бірнеше немере сүйіп отырған ардагер енді ешқашан соғыс  болмауын тілейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1139256?lang=kk
Жалғызтал ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы 11.01.2026
Қостанай облысының Арқалық қаласынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан Жалғызтал ауылы әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты оң динамикасын көрсетіп отыр.Ауыл аумағының жалпы көлемі 81 912 гектарды құрайды, оның ішінде 20 544 гектары – егістік жерлер, 21 207 гектары – жайылымдық алқаптар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Жалғызтал ауылында 580 бас ірі қара, 937 бас жылқы және 933 бас ұсақ мал тіркелген. Ауылда 20 шаруа қожалығы, 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 2 жеке кәсіпкер жұмыс істейді.Ауылдағы білім беру саласы тұрақты дамуда. Т. Әубәкіров атындағы негізгі орта мектеп 2025–2026 оқу жылын 39 оқушымен бастады. Мектеп жанындағы шағын орталықта 16 бала тәрбиеленуде. Білім беру мекемесінде 13 педагог еңбек етеді, олардың барлығы жоғары білімді және біліктілікті арттыру курстарынан өткен.Мәдениет саласы да қарқынды дамып келеді. Ауылдық кітапханада шамамен 3 600 дана кітап қоры бар, оның 2 мыңға жуығы қазақ тіліндегі әдебиеттер. Жыл бойына 58 іс-шара жоспарланып, толық көлемде жүзеге асырылуда. Тұрақты оқырмандар саны – 111 адам.Мектептің материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай. 2025 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен әмбебап оқу кабинеті ашылған. Кабинет физика-информатика, биология-химия және ағылшын тілі пәндеріне арналған, зертханалық құрал-жабдықтармен және робототехника жиынтықтарымен толық қамтылған.Инженерлік және медициналық инфрақұрылым толық қамтамасыз етілген. Барлық тұрғын үйлер орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған, ауыл электр энергиясымен және қатты отынмен толық қамтамасыз етілген. Қажетті дәрі-дәрмек қоры мен құрал-жабдықтары бар медициналық пункт жұмыс істейді.Байланыс пен интернетке қолжетімділік жақсартылған. Жалғызтал ауылында Activ, Altel, Beeline және Tele2 байланыс операторларының желілері тұрақты жұмыс істейді. Сонымен қатар барлық үйлерде «Транстелеком» АҚ ұсынған интернет желісі орнатылған.Республикалық маңызы бар автожолды жөндеу жұмыстарын жүргізген «Қарағанды жолдары» ЖШС-мен жасалған меморандум аясында ауылдың екі көшесіне қиыршық тас төселді. Атқарылған жұмыстардың жалпы құны 27 млн теңгені құрады.Алдағы уақытта шағын кәсіпкерлікті дамыту, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1139230?lang=kk
Астанада Қорғаныс министрлігінің әскери госпиталі жаңа жабдықтармен толықты 10.01.2026
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас әскери клиникалық госпиталінің алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бөлімшесінде материалдық-техникалық жаңарту жұмыстары толық аяқталды.Филиалда жөндеу жүргізіліп, эксперттік санаттағы ультрадыбыстық диагностика аппараты, соққы-толқынды және жарық терапиясы құрылғылары, көз және ЛОР ауруларын диагностикалауға арналған құралдар, гормондық көрсеткіштер мен онкомаркерлерді анықтайтын автоматтандырылған анализаторлар пайдалануға берілді.– Енді біздің бөлімше заманауи стандарттар мен талаптарға сай әскери қызметшілерге, олардың отбасы мүшелеріне және Қарулы күштердің ардагерлеріне медициналық қызмет көрсететін көпсалалы орталық ретінде жұмыс істейді, – деді мекеме басшысы медицина қызметінің майоры Земфира Муслимова.Бөлімшеде күндізгі стационар, стоматологиялық, диагностикалық, физиотерапиялық және амбулаториялық-емханалық бөлімдер жұмыс істейді.Күндізгі стационардың ұйымдастырылуына байланысты пациенттерге тәулік бойы ауруханада жатудың қажеттілігі жойылды.Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған стоматологияда терапиялық және хирургиялық ем түрлері көрсетіледі. 2026 жылы ортопедиялық қызмет көрсету жоспарланған.Амбулаториялық-емханалық көмек бөлімінде пациенттерді жоғары білікті дәрігерлер қабылдайды. Кешенді тексеру мен нақты диагноз қою үшін қан мен зәр талдаулары, ультрадыбыстық және функционалдық зерттеу әдістері жүргізіледі. Сонымен қатар, мұнда профилактикалық тексерулер мен вакцинация, әскери-дәрігерлік сараптама және санаторий-курорттық емдеуге іріктеу жүзеге асырылады.Басшылықтың айтуынша, бөлімшенің жаңғыртылуы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырып, Қарулы күштердің жеке құрамының денсаулығын қорғау деңгейін күшейтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1139197?lang=kk
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен ҚазМұнайГаз инвестиция тарту мәселелерін талқылады 10.01.2026
Астана, 2026 жылғы 9 қаңтар – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің кездесуі өтті.Кездесу барысында Қазақстанның көмірсутек экспортының бағыттарын дамыту, отандық энергетика саласына шетелдік инвестициялар мен озық технологияларды тарту, сондай-ақ жобаларды халықаралық компаниялардың қатысуымен іске асыру мәселелері бойынша еліміздің сыртқы саяси ведомствосы мен ҚМГ арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды.А.Хасенов ҚР Сыртқы істер министрлігінің ұлттық мұнай-газ компаниясының мүддесін шетелде ілгерілетудегі жан-жақты қолдауы үшін алғыс білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1139153?lang=kk
«Smart военкомат» жобасы: әскери қызметке жарамдылық туралы анықтама e-Gov порталы арқылы қолжетімді 09.01.2026
«Smart военкомат» жобасы аясында Қорғаныс министрлігі e-Gov электрондық үкімет порталының «Жеке кабинетінде» азаматтарға арналған жаңа қызметті іске қосты.Бұл қызмет арқылы пайдаланушылар азаматтың әскери қызметке қатыстылығы, әскери есепте тұруы, әскери қызметтен өткен кезеңдері, оның ішінде әлеуметтік төлемдер алуға құқық беретін мерзімдер туралы мәліметтерді жүктеп алып, мессенджерлер арқылы жіберіп немесе басып шығара алады.Тәжірибе көрсеткендей, әсіресе әскери қызметке жарамдылық дәрежесі туралы ақпаратқа сұраныс жоғары. Аталған мәліметтерді алу үшін e-Gov порталының «Жеке кабинетіне» кіріп, «Әскери қызмет» бөліміндегі «Жүктеу» батырмасын басу жеткілікті.Әскери есеп мәселелеріне жауапты Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің айтуынша, болашақта бұл деректерді m-Gov мобильді қосымшасы мен екінші деңгейлі банктердің сервистері арқылы да алу мүмкін болады.Жаңа қызмет оқу орнына құжат тапсыру, әскери қызметке немесе құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасу кезінде құжат жинау процесін айтарлықтай жеңілдетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1139110?lang=kk
Алматы облысында ауыл шаруашылығын дамытуға қомақты қаржы бөлінді 09.01.2026
Алматы облысында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2026 жылы өңірде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде агроөнеркәсіп кешенін қолдауға республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінді.Атап айтқанда, республикалық бюджеттен жалпы сомасы 4 млрд теңге қарастырылды. Оның 2,5 млрд теңгесі ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорын – «АзияАгроФуд» акционерлік қоғамына жүгеріні терең өңдеу жобасын іске асыру және заманауи жабдықтар сатып алу үшін берілді. Аталған жоба биылғы жылы іске асырылмақ. Бұл жоба өңірде қайта өңдеу саласын дамытуға, қосылған құны жоғары өнім өндіруге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.Сонымен қатар, су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында ірі ауыл шаруашылығы субъектісі – «Alfalfa» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 1,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қолға алынды. Бұл жоба да 2026 жылы жүзеге асырылады. Аталған шара егіншілік саласындағы өнімділікті арттырып, су тапшылығының алдын алуға бағытталған.Алматы облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркінбек Дауткуловтың айтуынша, ауыл шаруашылығына көрсетіліп отырған қолдау өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтуда шешуші рөл атқарады: «Біз ауыл шаруашылығын экономиканың негізгі тіректерінің бірі ретінде қарастырамыз. Сондықтан өндірісті жаңғыртуға, қайта өңдеуді дамытуға және су үнемдеу технологияларын енгізуге басымдық беріліп отыр. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы нақты жобаларға бағытталып, өңірдің агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді», – деді ол.Мамандардың пікірінше, мұндай кешенді қолдау шаралары Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтып қана қоймай, саланың тұрақты дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1138987?lang=kk
Ауыл мен шағын қалаларды дамыту мәселесі "Amanat"партиясы орталық аппаратының қоғамдық қабылдауында қаралды 09.01.2026
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков "Amanat" партиясы орталық аппаратының қоғамдық қабылдауында азаматтармен жүздесті. Кездесу барысында ауылдық аумақтар мен шағын қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды.Өтініш айтушылар "Дипломмен ауылға", "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы шеңберінде жобаларды қаржыландыру, сондай-ақ моноқалалар мен оларға іргелес елді мекендерді "Ауыл аманаты"жобасына қосу мүмкіндігі жөнінде сұрайды.Бауыржан Омарбеков "Ауыл аманаты" жобасы 2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқанын және ауыл халқының табысын арттыруға арналғанын еске салды. Жеке қосалқы, шаруа және фермер қожалықтарын, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындарын қосқанда, агробизнесті, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға ықпал ететін бюджеттік микрокредиттер қолдаудың негізгі құралы.Талқылау барысында Бауыржан Омарбеков "Ауыл аманаты" жобасы тұрақты нәтиже көрсетіп отырғанын атап өтті. Мәселен, 2023-2024 жылдары жоба шеңберінде 116 млрд теңге сомасына 17 мыңнан астам шағын несие берілді. Бұл ауылда 19,7 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. 31 шағын қалада 3,7 млрд теңге сомасына 565 жоба қаржыландырылды. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 10,2 млрд теңгеге 1 мыңға жуық жоба мақұлданды. Оның 667-сі 6,8 млрд теңгеге қаржыландырылды.Бұл ретте моноқалаларға жобаны кеңейту қосымша бюджеттік қаржыландыруды талап ететіні және республикалық бюджетке жүктемені арттыратыны атап өтілді. Осыған байланысты "Іскер аймақты" қосқанда, басқа салалық бағдарламалар шеңберінде шағын бизнесті қолдауды және моноқалаларда жеңілдікті микрокредиттер беруді қарастырған жөн. Сонымен қатар, вице-министр моноқалалардың "Ауыл аманаты" жобасына ықтимал қатысу мәселесі қосымша пысықталатынын айтты.Сондай-ақ, қабылдау барысында "Дипломмен ауылға" бағдарламасын шағын қалаларға тарату мүмкіндігі туралы да мәселе көтерілді. Бауыржан Омарбеков бағдарламаның кеңеюі мамандардың ауылдық жерлерден кетуіне әкелуі мүмкін екенін түсіндірді. Осыған байланысты, қазіргі уақытта ол тек ауылдық елді мекендерде жүзеге асырылуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1138969?lang=kk
Өңірдегі макроэкономикалық өсім мен инвестицияның тартылуы 09.01.2026
2025 жылы облыста макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсу қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,7%-ке, ауыл шаруашылығы – 15,5%-ке, көлік – 33,8%-ке, құрылыс – 25,9%-ке, тұрғын үй құрылысын іске қосу – 7,6%-ке, сауда – 11,0%-ке өсті.Соңғы 3 жылда негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,6 есеге өсті және 2025 жылы 781,0 млрд. теңгені құрады.Ал тікелей шетелдік инвестициялардың сомасы соңғы 3 жылда шамамен 1,5 млрд. АҚШ долл. құрады, соның ішінде 2025 жылы шамамен 667 млн. АҚШ долл. (2023 ж. - 397,8 млн. АҚШ долл., 2024 ж. – 402,2 млн. АҚШ долл.).24,1 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1138644?lang=kk
АҚШ-тың жаңадан тағайындалған Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін табыстады 08.01.2026
Астана, 2026 жылғы 8 қаңтар – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Америка Құрама Штаттарының жаңадан тағайындалған Елшісі Джули Стаффттан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.Тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің ағымдағы жағдайы мен перспективаларын талқылады.Кездесу қорытындысы бойынша сұхбаттастар бірлескен жұмысқа дайындығын растап, диалогты жалғастыру туралы келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1138353?lang=kk
Қазақстан ТМҰ елдерімен өзара сауда-экономикалық іс-қимылды күшейтеді 08.01.2026
Бүгін Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы елдерінің (ТМҰ) мемлекеттік орган, бизнес-қоғамдастық және даму институттары өкілдерін біріктірген Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары одағының 3-Бас Ассамблеясы өткізілді.Қазақстанның ТМҰ елдерімен өзара сауда-экономикалық іс-қимылы туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев негізгі баяндама жасады. Ол Қазақстан Түркі мемлекеттерінің ұйымын экономикалық интеграцияны тереңдету, инвестицияны дамыту, өнеркәсіптік кооперация мен логистикалық дәліз үшін стратегиялық алаң ретінде қарастыратынын атап өтті.«Түркі аймағы бүгінде айтарлықтай экономикалық әлеуетке ие. Біздің ортақ міндетіміз – тұрақты қосылған құн тізбегін және бизнес үшін жаңа өсу нүктелерін құра отырып, оны толық көлемде ашу», - деп атап өтті Асан Дарбаев.Оның айтуынша, өзара сауда динамикасы экономикалық ынтымақтастықтың тұрақтылығы мен сұранысын дәлелдейді. 2025 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ТМҰ елдерімен тауар айналымы көлемі 10,4 млрд АҚШ доллары. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 10,9%-ға артық. Қазақстанның экспорты 17,1%-ға өсіп, 7,6 млрд АҚШ долларына жетті. Импорт 4,8 млрд АҚШ доллары деңгейіндегі оң сауда сальдосын қамтамасыз етіп, 2,8 млрд АҚШ долларына жетті. Экспорттың өсуі мыс пен мыс катодтарын, шикі мұнайды, бидайды, мұнай өнімін, күнбағыс майын, сондай-ақ металлургия мен агроөнеркәсіптік кешен өнімін жеткізуді ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді. Бұл шикізат компонентінің сақталуын ғана емес, сонымен бірге қосылған құны жоғары тауар номенклатурасының біртіндеп артуын да көрсетеді.Сөз сөйлеу кезінде Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына ерекше назар аударылды. Ел Дүниежүзілік Банктің Doing Business зерттеуі мен Business Ready 2025 рейтингін қосқанда, бизнесті жүргізудің халықаралық жеңілдік рейтингінде тұрақты жоғары позицияны көрсетеді.Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай экономиканы екі есе арттыру жөніндегі міндеті шеңберінде Үкімет тікелей шетелдік инвестицияны кемінде 150 млрд АҚШ доллары көлемінде, сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестиция үлесін 2029 жылға қарай ЖІӨ-нің 23%-на дейін ұлғайтуға бағдарланады.Осы мақсатқа қол жеткізу үшін елде инвестицияны қолдаудың тұтас жүйесі қалыптасуда. 2030 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті өндірісті дамытуға баса назар аударылып, капитал тарту тәсілі қайта қаралды. Инвесторлар қаржылай және қаржысыз мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алады.Асан Дарбаев атап өткендей, Қазақстан ТМҰ-ның белсенді қатысушысы. Ол Түркі инвестициялық қорының қызметін қолдай отырып, іскерлік ахуалды жақсарту, сауда кедергісін азайту, көлік-логистикалық байланысты дамыту, сондай-ақ цифрлық және сауда платформасын іске қосу бастамаларын дәйекті ілгерілетуде.Анықтама: Түркі сауда-өнеркәсіп палаталары Одағы 2023 жылы Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының негізінде құрылған. Оның құрамына Қырғызстан, Әзірбайжан, Қазақстан, Түркия, Өзбекстан кіреді. Венгрия мен Түркіменстан бақылаушы мәртебесіне ие. 2025 жылы Әзірбайжан оған төрағалық етті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1138227?lang=kk