Қоғам
ҚР Сыртқы істер министрінің Бразилиялық компаниялар басшыларымен кездесуі туралы 07.07.2025
2025 жылғы 6 шілде, Рио-де-Жанейро – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртлеу Бразилияға жұмыс сапары аясында Бразилияның Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясы мен елдің жетекші компаниялары – «Embraer», «Tramontina», «Vale», «Marcopolo» және «Amazul» басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.Министр Бразилия Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясының президенті Рикардо Албан және Конфедерацияның вице-президенті, «Қазақстан–Бразилия» Іскерлік кеңесінің теңтөрағасы Жилберто Порселло Петримен кездесу барысында Қазақстан кәсіпорындарымен ынтымақтастықты кеңейтуге қосқан үлестері үшін алғыс айтып, бразилиялық компанияларды Қазақстанға тарту жөніндегі іс-қимылды жандандыруға шақырды. Сонымен қатар, тараптар биыл Қазақстанда өтетін Іскерлік кеңестің төртінші отырысына қатысты пікір алмасты.Кездесуге қатысқан «Tramontina» компаниясының өкілі Гюнтер Бринкманн жақын арада Алматы қаласында өкілдік ашу жоспары бар екенін хабарлады.Жолаушылар, әскери және ауыл шаруашылығы ұшақтарын өндіретін «Embraer» ірі компаниясының президенті Франсиско Гомес Нетомен болған келіссөздер барысында компанияның Орталық Азиядағы алдағы жоспарлары мен Қазақстанда әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсететін өңірлік сервис орталығын ашу мүмкіндігі талқыланды.«Vale» компаниясының вице-президенті Сами Арап және Атқарушы директоры Марсело Сампайомен кездесу барысында «Vale» компаниясының Қазақстан нарығына шығу мүмкіндіктерін зерделеу мақсатында елімізге сапар ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.«Marcopolo» компаниясының вице-президенті Мауро Беллинимен келіссөздер барысында Қазақстанда жолаушылар көлігін бірлесіп өндіру перспективалары қаралды.«Amazul» компаниясының президенті Ньютон де Алмейда Коста Нетомен кездесуде «Amazul» мен «Қазатомөнеркәсіп» ҰК» арасында ынтымақтастық орнату жөнінде келісімге қол жеткізілді.Барлық кездесулер барысында негізгі назар бразилиялық инвесторларға ұсынылатын инвестициялық преференциялар мен сауда байланыстарын кеңейту әлеуетіне аударылды.Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының басшысы Бразилия бизнесінің Қазақстандағы қатысуын кеңейтуге мемлекеттік қолдау көрсетуге дайын екенін растап, «Қазақстан–Бразилия» Іскерлік кеңесінің жұмысына белсенді қатысуға шақырды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1030557?lang=kk
Рио-де-Жанейрода «Бразилия – Қазақстан: ынтымақтастықтың келешегі» тақырыбында Дөңгелек үстел өтті 07.07.2025
Рио-де-Жанейро, 2025 жылғы 6 шілде – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Нұртілеудің Бразилияға жасаған жұмыс сапары аясында «Бразилия – Қазақстан: ынтымақтастықтың келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Бразилияның экономикалық бірлестіктері мен «WEG», «Embraer», «Tramontina», «Vale», «Marcopolo», «Amazul» тәрізді ірі бразилиялық компаниялардың өкілдері қатысты.Кездесудің ашылуында Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Б.Нүсіпов, Бразилия Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясының (CNI) вице-президенті және Қазақстан-Бразилия Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Ж.Петри, Бразилия Муниципалитеттерінің Ұлттық конфедерациясының президенті П.Зилковски, Санта-Катарина штатының вице-губернаторы М.Бойм, Климат институтының кеңесінің төрағасы, Bohlen & Halbach Brazil президенті және VON BOHLEN HALBACH SFO UAE негізін қалаушы Петер фон Болен-Хальбах, сондай-ақ «Invest Rio» компаниясының президенті С.Леви құттықтау сөздерін сөйледі.«Қазақстан-Бразилия» Сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Касиано Перейра Виана мен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының Америка елдері бойынша ресми өкілі М.Бiрiмжан Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен шетелдік инвестицияларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндамалар және таныстырылымдар жасап, Бразилиямен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттарымен таныстырды. «WEG» компаниясының корпоративтік директоры А.Паула өз баяндамасында компанияның Қазақстандағы инвестициялық жобаларын кеңейту жоспарын ұсынды.Өз кезегінде, Қазақстан Елшісі қатысушыларды елдегі қазіргі саяси және экономикалық даму үрдістерімен, институционалдық реформалармен таныстырды. Ол Қазақстан экономикасының бразилиялық инвестицияларға ашықтығына, сауданы кеңейтуге, бірлескен кәсіпорындар құруға және бразилиялық тауарлардың көршілес нарықтарға шығуы үшін еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін пайдалануға баса назар аударды. Қазақстан тарапы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін білдіріп, Қазақстан-Бразилия Іскерлік кеңесінің жұмысына белсенді қатысуға шақырды.Дөңгелек үстел аясында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды: Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан облысы мен Бразилия Федеративтік Республикасының Санта-Катарина штаты арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум; Қазақстан Машина жасаушылары одағы мен Бразилияның Өндірістік даму агенттігі (ABDI) арасындағы өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум; «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ мен «VON BOHLEN HALBACH SFO FZ-LLC» компаниясы арасындағы инвестиция тарту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1030558?lang=kk
Қорғаныс министрлігінің шығармашылық ұжымы елордалық алаңдарда музыкалық бағдарламамен өнер көрсетті 07.07.2025
Елорда күніне арналған мерекелік шаралар аясында Қарулы Күштердің Орталық әскери оркестрі мен Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың Орталық ансамблінің музыканттары мен солистері «Жетісу» саябағында және дәстүрлі XI «Әскери керней» әскери-музыкалық фестивалінің гала-концертінде өнер көрсетті.Елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға елдің күштік құрылымдарының үздік музыкалық ұжымдары қатысты. 6 шілде күні «Қазақ елі» алаңында Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінің музыканттары бірлескен құрамда өнер көрсетті.Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әскери музыканттары плац-концерт қойып, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобының попурриін, ырғақты «Құдаша дикси» шығармасын, марштық, патриоттық, қазақтың халық әуендерін және Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Көрермендерді барабаншылардың интерактивті шоуы мен Құрмет қарауылы ротасының дефилесі де ерекше тәнті етті.– Бүгін ерекше күн – бүкіл ел сүйікті елордамызға назар аударуда. Астананың тұрғындары мен қонақтарына музыкалық сый жасап, мерекелік көңіл күй сыйлап, осылайша мемлекеттік мерекемен құттықтағанымызға қуаныштымыз, – деді Орталық әскери оркестрдің аға әскери дирижері капитан Нұрлан Күчкаров.Айта кетейік, «Әскери керней» фестивалі әскери-музыкалық өнерді дамыту мен насихаттауға, әскер мен халық арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1030563?lang=kk
Конаевтық жас жүзгіш Дубайда өтетін финалға жолдама алды 07.07.2025
Қонаев қаласында ашық суда жүзуден өткен халықаралық «Oceanman Kazakhstan – 2025» турнирі өз мәресіне жетті. Капшагай су қоймасы аумағында ұйымдастырылған жарысқа әлемнің түрлі елдерінен 2000-нан астам спортшы қатысты. Жарыс бес түрлі қашықтық бойынша өткізілді.Турнирдің ерекше қатысушыларының бірі – Конаев қаласынан келген 8 жастағы Дмитрий Кремпин. Ол – Дубайда өткен Oceanman финалының күміс жүлдегері. Биыл да «OCEANKIDS» санатында 500 метр қашықтықты 10 минут 40 секундта жүзіп өтті.«Жас ерекшелігі бойынша топта ең кішісі мен болдым. Қарсыластарымның жасы 9 бен 10-дың арасында. Биыл жеңімпаздар қатарына ене алмадым, бірақ келесі жылы міндетті түрде жеңемін деп ойлаймын. Әрдайым қолдау көрсететін ата-анама және бапкеріме үлкен рақмет», – деді Дмитрий.Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстанда турнир төртінші рет өткізіліп отыр және оған деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Бұл бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтына деген халықтың ерекше ынтасын көрсетеді.Биылғы жарыстың маңызды ерекшелігі – ерекше қажеттіліктері бар 15 баланың қатысуы болды. Әр балаға тәжірибелі жүзгіштен арнайы серік бекітілді. Солардың бірі – танымал заңгер Ержан Есімханов. Ол – 2019 жылы Ла-Маншты жалғыз жүзіп өткен алғашқы қазақстандық.«Бүгін мен Тұмар Мұратқызын алып жүрдім. Ол нағыз қайсар қыз. 500 метрді сәтті жүзіп шықты. Бұл чемпионаттың басты құндылығы – ашықтығы мен қолжетімділігі. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен келген әртүрлі жастағы және кәсіптегі адамдарды біріктіреді», – деді Ержан Есімханов.Ересектер арасындағы INSPIRATION санатындағы 2 км қашықтықта Қазақстанның жүзуден алғашқы паралимпиада чемпионы, ұлттық құраманың капитаны Зүлфия Ғабидуллина жүлдегер атанды.«Биыл 59 жасқа толдым. Бірақ спорттан кетуді ойлап жүрген жоқпын. Қыркүйекте Сингапурда өтетін әлем чемпионатына қызу дайындалып жатырмын. Жас спортшыларға айтарым – ешқашан тоқтамаңдар, әрқашан алға ұмтылыңдар. Бапкерлеріңізді естен шығармаңдар, олардың еңбегін бағалаңдар», – деді ол.5 шақырымдық «HALF OCEANMAN» жарысында 20–29 жас санатында Станислав Редько жеңіске жетті. Ол – Астанада жаттықтырушы болып қызмет етеді, бұрын ашық суда жүзуден Қазақстан чемпионы болған.«Oceanman жарысына алғаш рет екі жыл бұрын қатысқан едім. Биыл әлемнің бірнеше елінде өткен үш кезеңге қатыстым. Барлығында да жеңіске жеттім. Әрине, дайындықсыз адам үшін 5 немесе 10 шақырым қашықтықты тоқтаусыз жүзу өте қиын. Бірақ мен кәсіби спортшы болған соң, бұл – менің күнделікті тәртібім», – деді Станислав Редько.«Мастер» санатында тәжірибелі спортшыларымыз 4 алтын медальдің үшеуін иеленді. Әйелдер арасында абсолютті жеңімпаз – Алматы қаласынан келген Ирина Лазарева. Ол – ашық суда жүзуден Қазақстан Республикасының спорт шебері, Орта Азия ойындарының күміс жүлдегері және суасты бағдарлау бойынша Әлем кубогының қола жүлдегері.«Қонаевтағы бұл жарысқа үшінші жыл қатарынан қатысып келемін. Үш жылда да жеңімпаздар қатарынан көріндім. Қарсыластарым мықты болды, сол үшін де жеңіс ерекше құнды», – деді Ирина Лазарева.10 км және 5 км қашықтықтарда абсолютті чемпион атанған қазақстандықтар – Лев Черепанов пен Ғазиза Құмақбаева. Ал 2 км қашықтықтағы «SPRINT» санатында жеңіске жеткендер – Біріккен Араб Әмірліктерінен Родриго Малан мен қазақстандық Таисия Короткова.«Oceanman» – әлемнің әртүрлі елдерінде өтетін бірнеше кезеңнен тұратын халықаралық чемпионат. Қатысушылар бір ғана кезеңге не бірнеше жарысқа қатыса алады. Әр маусымның соңында финалдық жарыс ұйымдастырылады. Жүйе бойынша, әр кезеңде үздік 10 ер және 10 әйел спортшы автоматты түрде финалға жолдама алады. Биылғы финал желтоқсан айында Дубайда өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1030527?lang=kk
Домбыра – ұлттық бірлік пен рухани мұраның символы 07.07.2025
Ұлттық Домбыра күнін мерекелеу аясында еліміздің барлық өңірінде кең ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл мереке – дәстүрлі өнерді дәріптеуге, рухани құндылықтарды нығайтуға және жастарды ұлттық мәдениетке баулуға бағытталған.Облыстың қала және аудан деңгейіндегі мәдениет үйлерінде, кітапханалар мен музейлерде концерттік бағдарламалар, әдеби-танымдық сағаттар, тақырыптық көрмелер және басқа да мазмұнды шаралар өтті. Мерекеге орай республика бойынша арнайы челлендж ұйымдастырылып, оған Алматы облысындағы барлық шығармашылық ұжымдар белсенді қатысты. Челленджде белгіленген кестеге сәйкес, 5 шілде күні эстафета Павлодар облысынан қабылданып, Ақтөбе облысына жолданды.6 шілде күні Қонаев қаласында Домбыра және Астана күніне арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Қала көшелерімен домбырашылар шеруі ұйымдастырылып, орталық саябақта көрме ашылып, мерекелік концерт өткізілді. Концерттік бағдарламаны Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбековтің жетекшілігіндегі «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі ашты. Одан әрі сахна төріне «Адырна», «Құлансаз», «Қонаев әуендері» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдері және облыстың түрлі аудандарынан келген өнерпаздар көтерілді.Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: Домбыра – ұлт болмысы, халық қазынасы. «Қазақ – нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Әсіресе, өскелең ұрпақтың домбыраға деген ықыласы ерекше. Жастар төл мәдениетімізді терең түсініп, салт-дәстүрімізге құрметпен қарайды. Бұл – өте жақсы үрдіс екенін. Бұл қасиетті аспаптың жастар арасында кеңінен танымал болып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың дәстүрлі мәдениетке деген қызығушылығын, ата-бабадан қалған мұраға деген құрметін жоғары бағалап, рухани сабақтастықтың маңыздылығына назар аударды.Домбыра – ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі, халықтың тарихы мен рухын жеткізетін тірі шежіре. Ұлттық Домбыра күнін атап өту – ұлы мұраға деген құрметтің айғағы ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақ бойында патриоттық рух пен ұлттық сана-сезімді қалыптастырудағы маңызды қадам.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1030528?lang=kk
5 шілдеде Бейімбет Майлин ауданының XXXVI спартакиадасы өтті. 07.07.2025
Бұл жолы ауданның үздік спортшыларын Май ауылдық округі қабылдады. Ауданның басты спорттық шарасына өңірдің 200 үздік спортшысы қатысып, 11 спорт түрінен бақ сынасты. Жарыстың ашылуы төрешілер командасы мен қатысушылардың 9 ауылдық округтен салтанатты түрде шығуымен басталды. Жиналғандарды аудан әкімі Қайсар Мыржақыпов құттықтады. Шахматтан нұсқаушы Асылбек Ахметов, тоғыз құмалақтан жаттықтырушы Орынбай Туралы және барлық жарыстарға белсенді қатысқан Иван Анисов аудан әкімінің грамотасымен марапатталды. Мәдениет үйінің әртістері орындаған «Ұлы дала - Жеңіс рухы» театрландырылған прологы ашылу сәтінің бірі болды. Спартакиада алауын жағу құқығы үздік спортшыларға : Брода Паве , Китибаева Татьяна, Ганкевич Ольга және Вакуленко Валерийге берілді. «Даймондс» ұжымының өнері, сондай-ақ «Алға» вокалдық тобының орындауындағы «Спорт» әні ауданның XXXVI спартакиадасының ашылуын аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-bmalin-audany-akimat/press/news/details/1030536?lang=kk
6 шілде күні Тобыл "Ұлт рухы" аллеясында Астана күні мен Ұлттық домбыра күніне орай мерекелік іс-шара өтті. 07.07.2025
Шара барысында күмбірлеген күй тартылып, ұлттық би биленіп, әсем әндер шырқалды. Көрермендер мен қатысушыларды мерекелермен Тобыл кентінің әкімінің орынбасары Байбол Хасенов құттықтады. Қатысушылар домбыраның қоныр үнімен тербеліп, халқымыздың бай мәдени мұрасын ұлықтады. Бұл күн - елдігімізді, рухымызды, бірлігімізді көрсететін тағылымды мерекеге айналды. Аллеяда жайылған көтеріңкі көніл-күй мен ұлттық нақыштағы өнер көріністері тұрғындарға ерекше әсер сыйлады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-bmalin-audany-akimat/press/news/details/1030538?lang=kk
Қазақстан Сыртқы істер министрі Бразилия бизнес өкілдерімен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады 07.07.2025
Рио-де-Жанейро, 2025 жылғы 6 шілде – Бразилияға жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Embraer», «Tramontina», «Vale», «Marcopolo» және «Amazul» танымал компанияларды қоса алғанда елдің жетекші өнеркәсіптік бірлестіктері мен ірі корпорацияларының басшылығымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.Бразилия Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясының президенті Рикардо Албан мен осы ұйымның вице-президенті, сондай-ақ «Қазақстан-Бразилия» іскерлік кеңесінің тең төрағасы Жилберто Петримен кездесу барысында Қазақстанмен экономикалық байланыстарды дамытуға қосқан үлестері үшін ризашылық білдірілді және өзара іс-қимылды одан әрі нығайту жолдары талқыланды. Министр бразилиялық инвесторларды Қазақстан нарығына тартудың маңыздылығын атап өтіп, ағымдағы жылы елімізде өтетін Іскерлік кеңестің төртінші отырысына қатысуға шақырды.«Tramontina» компаниясының өңірлік директоры Гинтер Леандро Бринкманн жақын арада Алматыда ресми өкілдік ашу жоспарымен бөлісті. Бұл қадам – Қазақстан нарығына деген жоғары қызығушылықтың дәлелі.«Embraer» авиақұрылыс корпорациясының президенті Франциско Гомес Нетомен кездесуде компанияның өңірдегі қатысуын кеңейту бағыттары, оның ішінде елімізде әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсететін орталық ашу мүмкіндігі қарастырылды.«Vale» тау-кен компаниясының атқарушы вице-президенті Сами Араппен сұхбат барысында шикізат саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылау үшін Қазақстанға жұмыс сапары ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар компания өкілдері отандық нарыққа шығуға қызығушылық білдірді.«Marcopolo» вице-президенті Мауро Гилберто Беллинимен автобус өндірісін локализациялау, оның ішінде Қазақстанда жолаушылар көлігін жинау жобасы аясындағы ықтимал серіктестік жолдары қарастырылды.«Amazul» мемлекеттік қорғаныс-өнеркәсіптік компания президенті Ньютон де Алмейда Кошта Нетомен кездесуде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясымен тікелей байланыс орнату мәселесіне баса назар аударылды. Кездесу қорытындысы бойынша бейбіт атом саласындағы өзара іс-қимыл механизмдерін пысықтау бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілді.Кездесулер барысында сыртқы саяси ведомствоның басшысы шетелдік капитал үшін Қазақстанның құқықтық алаңының тартымдылығын атап өтіп, ел үкіметінің шетелдік компанияларға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Географиялық орналасудың тиімділігі, халықаралық көлік дәліздеріне қатысуы және ашық сауда саясаты отандық нарық арқылы экспорттық тізбектерді кеңейтуге мүмкіндік беретін негізгі факторлар ретінде аталды.Сонымен қатар М.Нұртілеу Латын Америкасының кәсіпкерлерін «Қазақстан-Бразилия» іскерлік кеңесінің жұмысына белсенді қатысуға және оның алаңын өзара экономикалық байланыстарды тереңдету мен бірлескен жобаларды іске асыру үшін пайдалануға шақырды.Сапар аясында Бразилияның жетекші салалық бірлестіктері мен компанияларының қатысуымен «Бразилия-Қазақстан: ынтымақтастық перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында инвестициялық және сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті бағыттары талқыланып, қазақстандық нарықтың мүмкіндіктері таныстырылды, сондай-ақ бірқатар екіжақты меморандумдарға қол қойылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/invest/press/news/details/1030935?lang=kk
Қазақстан мен Бразилия саяси диалогты кеңейтуге ниетті 06.07.2025
Рио-де-Жанейро, 2025 жылғы 5 шілде – БРИКС-ке мүше және серіктес елдердің Саммиті шеңберінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Бразилия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрі Мауро Виейра кездесті.Қазақстанның сыртқы істер ведомствосының басшысы Бразилияның БРИКС-ке төрағалығы аясында іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, 2025 жылғы қарашада Белен қаласында өтетін БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 30-шы конференциясын (COP30) әзірлеу мен өткізуде сәттілік тіледіТараптар, кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық мәселелерін кең ауқымын, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты, сондай-ақ халықаралық сахнадағы бастамалар мен кандидатураларды өзара қолдау тұстарын қоса алғанда өңірлік және жаһандық күн тәртіптегі өзекті тақырыптарды талқылады.Тараптар саяси диалогты белсендіру, жоғары және жоғарғы деңгейдегі өзара сапарларды кеңейту, парламентаралық ықпалдастықты дамыту, сондай-ақ «Қазақстан – Бразилия» Іскерлік кеңесі шеңберіндегі қызметті қоса алғандағы сауда-экономикалық серіктестікті тереңдету маңыздылығын атап өтті. Кездесу соңында сыртқы істер ведомстволарының басшылары өзара шақырулармен алмасып, Қазақстан мен Бразилия арасындағы қарым-қатынастың оң қарқынына ризашылықтарын білдірді және тұрақты әрі сындарлы диалогты сақтауға ниеттестіктерін растады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1030499?lang=kk
Қазақстан мен Бразилия СІМ басшылары Рио-де-Жанейрода кездесу өткізді 06.07.2025
Рио-де-Жанейро, 2025 жылғы 5 шілде – БРИКС мүше және серіктес мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысу мақсатында Рио-де-Жанейро қаласына келген Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Бразилия Сыртқы істер министрі Мауро Виейрамен кездесу өткізді.Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылап, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықтың келешегі жөнінде пікір алмасты.М.Нұртілеу Қазақстанның Латын Америкасындағы сенімді серіктесі әрі маңызды досы ретінде Бразилияға айрықша мән беретінін атап өтті. «Биыл елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 32 жыл толып отыр. Бұл байланыстар тұрақты саяси диалогпен, экономикалық қарым-қатынастың кеңеюімен және халықаралық аренадағы тығыз іс-қимылмен ерекшеленеді», – деді ол.Сұхбаттастар екіжақты қатынастарды нығайтудың тиімді тетігі ретінде тұрақты диалогты сақтаудың және сапарларды жоғары деңгейде жандандырудың маңыздылығын растады. Осы ретте Қазақстан СІМ басшысы бразилиялық әріптесін Астанаға сапармен келуге шақырды.Сауда-экономикалық байланыстарды ілгерілету негізгі назарда болды. Географиялық алшақтыққа қарамастан, Бразилия Қазақстанның Оңтүстік Америкадағы басты серіктесі ретінде саналады. 2024 жылы өзара тауар айналымы 257 млн АҚШ долларынан асты, ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 88%-ға өсіп, 104,2 млн АҚШ долларына дейін жетті.Министрлер негізгі салалардағы бірлескен бастамаларды кеңейтуге ниеттерін растады. «Біз ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік және логистика бағыттары бойынша өзара ықпалдастықты тереңдетуге мүдделіміз. Ортақ іс үшін нақты мүмкіндіктерді анықтау аса маңызды», – деді М.Виейра.Қазақ тарапы өз кезегінде тау-кен өнеркәсібі, атом энергетикасы, авиация, тыңайтқыштар өндірісі сынды бағыттарда бірлесе жұмыс істеуді ұсынды.Сонымен қатар министрлер жаңартылатын энергия көздері, цифрлық технологиялар және инновациялық шешімдер салаларында тәжірибе мен технология алмасуға қызығушылық танытты.Халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау барысында Астана мен Бразилиа ұстанымдарының жақындығы және БҰҰ мен өзге де көпжақты құрылымдар аясындағы тұрақты өзара қолдау аталып өтті.Кездесу қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволарының басшылары өзара байланыстарды одан әрі нығайтуға және БРИКС пен басқа да халықаралық алаңдар шеңберіндегі іс-қимылды кеңейтуге ниетті екенін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1030473?lang=kk
Ұландықтар Есіл өзенінде ерекше концерт қойды 06.07.2025
Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери музыканттары су бетінде ерекше музыкалық қойылым өткізді. Бұл тың форматтағы концерт Елорда күніне орай ұйымдастырылған «Әскери керней» XI әскери-музыкалық фестивалінің аясында өтті.Есіл өзенімен жүріп өткен су көлігінің бортында Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрі танымал патриоттық марштарды, заманауи шығармаларды және халық әндерін орындады. Жағалауда серуендеп жүрген қала тұрғындары мен қонақтары қозғалмалы сахнадан орындалған музыканы зор ықыласпен қабылдап, қошемет көрсетті.- Мұндай формат - тек көрермендер үшін ғана емес, біздің музыканттар үшін де жаңа тәжірибе. Біз елорда тұрғындарына ерекше көңіл-күй мен жарқын әсер сыйлағымыз келді. Бұл сәт олардың есінде ұзақ сақталады деп сенемін, - деді оркестрдің дирижері Төрехан Жаудинов.Өзен үстіндегі қойылым фестивальдің басты ерекшелігіне айналып, әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Желі қолданушылары іс-шараның креативтілігін атап өтіп, бейнежазбалар мен фотолармен бөлісті.Айта кетейік, жыл сайын ұйымдастырылатын «Әскери керней» фестивалі әскери-музыкалық өнерді дамытуға, күштік құрылымдар мен қоғам арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, сондай-ақ жастардың патриоттық тәрбиесін арттыруға бағытталған.Сонымен қатар «Ғашықтар», «Жерұйық» және «Жетісу» саябақтарында Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі, Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының орталық ансамблі мен әскери оркестрі, Қорғаныс министрлігінің орталық ансамблі және ҰҚК Шекара қызметінің орталық ансамблі өнер көрсетті.Мерекелік шара 6 шілдеде де жалғасады. Фестивальдің басты оқиғасы - «Қазақ елі» алаңында өтетін Гала-концерт болмақ. Салтанатты кеш 16:30-да басталады.Концерт барысында әскери музыканттар қазақ және әлем эстрадасынан попурри, сондай-ақ әскери әндерді орындайды. Шара барысында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Құрмет қарауыл ротасының саптық дефилесі де көрсетіледі. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1030454?lang=kk
Астанада 700-ге жуық ұландық Әскери ант қабылдады 05.07.2025
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде көктемгі шақырылыммен келген жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімі өтті. 700-ге жуық ұландықтар Отан алдындағы қасиетті борышын атқаруға салтанатты түрде кірісті.Елдің әр түкпірінен жиналған олар жауынгерлік дайындық курсынан өтіп, бір сапта туған елінің толыққанды қорғанына айналды.Жүрек тебірентерлік ерекше күнде 2000-нан астам адам - ата-аналар, туған-туысқандар мен ардагерлер жас сарбаздарға қолдау білдіріп, ортақ қуанышқа куә болды. Сарбаздар үшін бұл - азаматтық өмірге алғашқы үлкен қадам, жауапкершілік пен мақтаныштың белгісі болды.Сапта тұрған жауынгерлерге ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков жүрекжарды тілегін арнады:– Бүгінгі күн - маңызды әрі есте қаларлық сәт. Бүгіннен бастап сіздер қоғамдық тәртіптің сенімді қалқаны боласыздар. Әрдайым тәртіпке берік, рухы мықты, ел қорғауға дайын жауынгер болыңыздар! Командирлеріңіз, ата-аналарыңыз бен бауырларыңыз және барша халық сіздерге зор сенім артады.Бір жылдың ішінде әскери өмірдің мектебінен өтіп, елге абыройлы азамат ретінде оралады деп сенемін.Мақтанышпен қызмет етіңіздер! Әр күніңіз сіздерді нағыз Отан қорғаушысы деген мәртебеге жақындата түссін!Жас сарбаздардың атынан Орал қаласынан шақырылған қатардағы Арслан Мақашев сөз сөйледі:– Ел астанасында қызмет ету – біз үшін үлкен мақтаныш. Біз қабылдаған анттың салмағын жақсы түсінеміз және әр тапсырманы абыроймен орындауға дайынбыз. Қызметіміз арқылы Отанымыздың тыныштығына өз үлесімізді қосуға тырысамыз.Әскери ант қабылдау – жас сарбаздар үшін Отан алдындағы жауапкершілікті терең сезінуге жол ашқан маңызды белес болды. Енді олар құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірлесе отырып, елордада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге кіріседі. Сонымен қатар Астанада өтетін барлық маңызды қоғамдық-саяси, мәдени және спорттық іс-шараларда қауіпсіздікті сақтауға атсалысады.Анықтама үшін:ҚР ІІМ Ұлттық ұланы — ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіретін, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де заңсыз әрекеттерден қорғауға арналған әскери құрылым.Ұлттық ұланның жедел бөлімдерінің жеке құрамы еліміздің астанасында және 21 қаласында қоғамдық тәртіпті күзетуді қамтамасыз етеді. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1030407?lang=kk
OCEANMAN-2025 Капшагайда басталды 05.07.2025
Конаев қаласындағы Heaven Club демалыс аймағында әлемнің түрлі елдерінен келген жүзушілер қатысқан ірі халықаралық турнир — OCEANMAN Kazakhstan-2025 өз бастауын алды. Биылғы жарысқа Үндістан, БАӘ, Франция, Кувейт, Италия, Ұлыбритания, Германия сынды 18 елден 2000-нан астам спортшы қатысты. Капшагай жағалауында жанкүйерлермен бірге 3000-нан астам адам жиналды.Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Oceanman халықаралық франшизасының иесі Фермин Эгидо және Қазақстандағы жарыстың ресми ұйымдастырушысы Ералы Оралов қатысты.«Төртінші жыл қатарынан біздің облыста бұл беделді халықаралық жарыс өтіп жатыр. Мұндай бастамалар бұқаралық спортты дамытуға ғана емес, туризмге де серпін береді. Қатысушылар елімізден керемет әсер алып, қайта оралуға ниетті боларына сенімдімін», — деді Марат Сұлтанғазиев өз құттықтауында.Жарыстар «Sport Qory» спортты қолдау қорының қолдауымен өтуде. Қатысушылар келесі қашықтықтар бойынша сынға түсуде:OCEANMAN 10 км – 300 қатысушыHALF OCEANMAN 5 км – 400SPRINT 2 км – 800OCEANKIDS (500 м) – 500 балаOCEANTEAM (эстафета 3×500 м) – 90 командаЖарысқа кәсіби спортшылармен қатар әуесқой жүзушілер де қатысуда. Франшизаның иесі Фермин Эгидоның айтуынша, жеңімпаздар осы жылдың желтоқсанында Дубайда өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.Биылғы жарыстың ерекше сәттерінің бірі — INSPIRATION санатына кіретін ерекше қажеттілігі бар 15 баланың 6 шілдедегі жүзуге қатысуы болды. Әр балаға жеке қамқоршы бекітіліп, арнайы дайындалған спортшылармен бірге жүзді. Қауіпсіздік үшін 22 жүзу құралы, ТЖМ-нің 4 қайығы мен еріктілер жұмылдырылды. Сонымен қатар, қатысушыларға арналған тамақтану және демалу орындары ұйымдастырылған.«Біз тек жарыс емес, адамдарды біріктіретін, рухты көтеретін және шабыт сыйлайтын атмосфера қалыптастырып келеміз», — деді ұйымдастырушы Ералы Оралов.Жарыстың алғашқы күнінде 10 және 5 км қашықтықтар өтті. Екінші күні SPRINT, OCEANKIDS және OCEANTEAM дистанциялары ұйымдастырылды. Капшагай су қоймасының жағалауында өтіп жатқан бұл ауқымды шара спорт пен достықтың, табиғат пен адам рухының тамаша мерекесіне айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1030386?lang=kk
Астанада Ақмола гарнизоны сержанттары арасында спорттық жарыс өтті 05.07.2025
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің базасында ұйымдастырылған жарыстарға аға және жоғары сержанттық құрамның өкілдерінен құралған командалар қатысты. Бағдарламаның басты оқиғасы қатысушылардың дайындығы мен ұйымшылдығының жоғары деңгейін көрсеткен шағын футбол турнирі болды.Футбол матчтарынан бөлек сержанттар белтемірге тартылып, арқан тартысты.Шағын футболда Қарулы күштер Бас штабының Сержанттық құраммен жұмыс жөніндегі басқарма командасы ауыспалы кубоктың иегері атанды. Екінші орын 68665 әскери бөлімі сержанттарының еншісін. Ал Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының сержанттары үшінші орын иеленді.Белтемірге тарту жарыстарында бірінші орынды 68665 әскери бөлімінің сержанттары, екінші орынды 44813 әскери бөлімінің сержанттары, үшінші орынды Қарулы күштер Бас штабы Сержанттар құрамымен жұмыс басқармасының әскери қызметшілері иеленді.Қарулы күштер Бас штабы Сержанттар құрамымен жұмыс басқармасының сержанттары арқан тартыста жеңімпаз атанды. Екінші орынды Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының сержанттары иеленді. Ал әскери полиция өкілдері мен әскери теңізшілер үшінші орынды бөлісті.Спорттық іс-шараға қатысушылар күш-жігерді, төзімділікті дамытуға және командалық рухты нығайтуға ықпал ететін жарыстарды ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1030384?lang=kk
ШЫМКЕНТТЕ БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН ШАРАЛАР КҮШЕЙТІЛДІ 05.07.2025
Шымкент қаласында көпқабатты үйлердің терезелерінен балалардың абайсыз құлауын болдырмау мақсатында кешенді алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы бүгінгі күнге дейін осындай 3 оқиға тіркелген: 2 бала қаза тауып, 1 бала жарақат алған. Өткен жылдың осы кезеңінде 4 оқиға болған еді (3 жарақаттану, 1 өлім жағдайы). 2024 жылы жалпы 8 оқиға тіркелген, оның ішінде 1 бала қаза тауып, 7 бала жарақат алған.Мамандардың айтуынша, 7 жасқа дейінгі балалар терезенің ашық немесе москит торымен жабылған күйінің қауіптілігін толық бағалай алмайды. Жазатайым оқиғалардың негізгі себебі – ересектердің, әсіресе баланы үлкен балаларға немесе қарт туыстарына сеніп тапсыру кезіндегі бақылаудың жеткіліксіздігі.Тұрғындардың хабардарлығын арттыру мақсатында жергілікті және республикалық телеарналар арқылы 4 рет сөз сөйлеу ұйымдастырылып, 22 рет радиоэфир шықты. Бұған қоса, арнайы бейнеролик дайындалуда.Адамдар көп жиналатын жерлерде және көпқабатты үйлердің тұрғындары арасында жыл басынан бері 159 үйді аралау жүргізіліп, 2650-ден астам адам қамтылды. 22 жиын өткізіліп, 1060-тан астам жадынама таратылды. Бұл кездесулерде балалардың терезеден құлауын болдырмау бойынша нақты ұсынымдар берілді.Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде (WhatsApp, Instagram, Telegram) түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, учаскелік қызметкерлермен бірге ата-аналар мен үй комитеттерінің чаттарына Департамент әзірлеген «5 қадам» жадынамасы жолдануда.Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жыл басынан бері 62 үйдің терезелеріне 103 қауіпсіздік блокаторы орнатылды. 26 маусымда «Балалардың терезеден құлап кетуіне жол бермеу шаралары» мәселесі бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Онда проблемалық мәселелер қаралып, балалардың қауіпсіздігін күшейту жөнінде тапсырмалар берілді.Заңнамаға сәйкес, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ата-ананың тікелей міндеті. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабында бұл міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық кодексінің 119 және 141-баптарында бала өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда тиісті міндеттерді орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға балаларды қараусыз қалдырмауды, терезелерге арнайы бекіткіштер орнатуды және барлық қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады.Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі – Махмудов Ирисмат Бахтиярович мәлімдеді
Қазақстанда стратегиялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері АҚШ-та талқыланды 05.07.2025
Нью-Йорк, 2025 жылғы 3 шілде – Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Вашингтон, Нью-Йорк және Сан-Франциско қалаларында халықаралық қаржы ұйымдары мен жеке сектор өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.Дүниежүзілік банкте «Business Ready» бағдарламасының Ғаламдық көрсеткіштер тобының директоры Норма Лоайзамен кездесу өтті. Инвестициялық климатты бағалау әдіснамасын жетілдіру, өңірлік ерекшеліктерді көрсету және тарифтік емес тосқауылдардың іскерлік белсенділікке әсері мәселелері талқыланды. 2024 жылы «Doing Business»-тің орнына іске қосылған «Business Ready» бағдарламасы Қазақстанды 2025 жылдан бастап шолуға енгізеді. Қазақстан тарапынан ұлттық ерекшеліктерді дәл ескеру үшін жергілікті деректерді ұсынуға және консультацияларға қатысуға дайындығы расталды.«IG Global» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Стефани Эштонмен Қазақстандағы тау-кен секторында инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.«Bay Area Economic Institute» және «San-Francisco Chamber of Commerce» ұйымдарымен Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы және Кремний алқабы бизнесімен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.Тұрақты энергетика, шикізатты қайта өңдеу, биотехнология және технологиялық ынтымақтастық салаларында жобаларды дамытуға бағытталған бірқатар компаниялармен кездесулер өтті.«Windfall Bio» компаниясымен метанды ұстауға арналған микробиологиялық технологияларды қолдану және оларды Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде пайдалану мүмкіндіктері талқыланды.«Boardwurks» компаниясымен қарасорадан жасалған композиттік құрылыс материалдарын бірлесіп өндіру перспективалары қозғалды.«Astranis Space Technologies Corp.» компаниясы Қазақстанның шалғай аумақтарын байланыспен қамтамасыз етуге арналған спутниктік байланыс шешімдерін ұсынды.«Silkroad Innovation Hub» инновациялық орталығында тараптар қазақстандық стартаптарды қолдау, халықаралық акселерациялық бағдарламаларды дамыту және АҚШ-тағы «Digital Nomads» үшін жағдай жасау мәселелерін талқылады.Бұл кездесулер технологиялық және орнықты даму салаларындағы негізгі бағыттар бойынша Қазақстан мүдделерін ілгерілету мен экономикалық дипломатияны жандандырудағы маңызды кезең болды.Кездесулердің қорытындысы бойынша Ә.Қуантыров АҚШ-тың Қазақстан экономикасына ең ірі инвесторлардың бірі болып қалатынын атап өтті – жалпы инвестициялар көлемі 62 млрд АҚШ долларынан асады. Осыған байланысты жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және өзара сенімді нығайтуға бағытталған американдық серіктестермен диалогты тереңдету ерекше маңызға ие.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1030328?lang=kk
Молдова Республикасының Вице-премьері – Сыртқы істер министрі Михай Попшой Алматы қаласына келді 04.07.2025
2025 жылғы 3 шілдеде Молдова Республикасының Вице-премьері – Сыртқы істер министрі Михай Попшой ресми сапары аясында Алматы қаласына келді.Сапар барысында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесу өтті.Сондай-ақ, делегация Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығына барды.Бұдан бөлек, молдова делегациясы «АйсМастер – Айс Крим» ЖШС, «Стругураш» молдова этномәдени бірлестігінің мүшелерімен және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесті.Сапар Қазақстан мен Молдова арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және өңіраралық байланыстарды дамытуға ықпал ететін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-almaty/press/news/details/1030306?lang=kk
Қазақстандық Арнайы операциялар күштерінің жауынгерлері Түркиядағы «Анадолу-2025» оқу-жаттығуында жоғары дайындық деңгейін көрсетті 04.07.2025
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері Түркияда өткен «Анадолу-2025» халықаралық оқу-жаттығуына қатысты. Іс-шараға әлемнің түрлі елдерінен арнайы мақсаттағы бөлімшелері қатысып, Қазақстан атынан 15 әскери қызметші өнер көрсетті.Оқу-жаттығу аясында әскери қызметшілер урбанизацияланған және таулы жерлерде ұрыс жүргізу, топ құрамында атыс жүргізу, тікұшақтан арқанмен түсу, парашютсіз десанттау, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану, жаралыларға алғашқы көмек көрсету және оларды эвакуациялау жаттығуларын пысықтады.«Анадолу» оқу-жаттығуы екі жылда бір рет өткізіледі және 2006 жылдан бері түрлі елдердің арнайы күштері арасындағы өзара іс-қимылды арттыру мен тәжірибе алмасуға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1030298?lang=kk
Қазақстандық бітімгерлер халықаралық үстел теннисі турнирінде жеңіске жетті 04.07.2025
Ұлттық контингенттер арасында үстел теннисінен жарыс қазақстандық бітімгерлік ротасы орналасқан Голан биіктері ауданындағы Фауар базасында өтті. Жарыс барысында Қазақстанның әскери қызметшілері майор Михаил Лудвин мен сержант Қуат Әшімханов түрлі елдердің мықты спортшыларына қарсы ойында жоғары техника мен үйлесімділік танытып, жұптық санатта бірінші орынды иеленді.– Біз осы турнирге барынша дайындалдық. Қарсыластарымыздың ойынын талдап, пысықтадық. Шешуші фактор біздің жауынгерлік жолдастарымыздың қолдауы болды, – деп бөлісті жеңімпаздар.Қазақстандық бітімгерлік контингентінің командирі подполковник Жәнібек Нұрланов әскери қызметшілерді жеңісімен құттықтап, оларға зор денсаулық және одан әрі спорттық табыс тіледі.Турнир бітімгерлік миссиясының құрамында әртүрлі елдердің әскери қызметшілері арасындағы достық пен өзара сыйластықты бейнелейтін маңызды оқиға болды.Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның дербес бітімгерлік контингенті 2024 жылдан бастап БҰҰ күштерінің бөлінуді бақылау жөніндегі миссиясына қатысады. Әскери қызметшілердің негізгі міндеті - қауіпсіздікті қамтамасыз ету, гуманитарлық жүктерді алып жүру, патрульдеу, сондай-ақ Израиль мен Сирия қарулы күштері арасындағы бөліну аймағында тұрақтылықты сақтау. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1030290?lang=kk
Қазақстан Елшісі PRIME сараптамалық орталығымен Қазақстан мен Пәкістанның көлік әлеуеті жөнінде пікір алмасты 04.07.2025
Исламабад, 2025 жылғы 4 шілде – Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Пәкістандық PRIME (Policy Research Institute of Market Economy) сараптамалық орталығының директоры Али Салман мырзамен кездесу өткізді.Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Пәкістанның жетекші сараптамалық орталықтары арасындағы ынтымақтастықты жолға қою мәселелерін, соның ішінде екі елдің көлік-логистикалық әлеуетіне арналған бірлескен зерттеу баяндамаларын дайындау мүмкіндіктерін талқылады.Елші Е.Қыстафин Қазақстанның көлік әлеуетін дамытуға бағытталған күш-жігерін жандандыруға баса назар аударып отырғанын айтып, теміржол бағыттарын, автокөлік дәліздерін, әуе жүк тасымалдарын және мультимодальды логистикалық тізбектерді қамтитын көпдеңгейлі, кешенді тәсілге қызығушылық білдірді.Елші Қазақстан мен Пәкістанның өңірдегі негізгі транзиттік хабтарға айналу әлеуеті бар екенін атап өтіп, бұл ретте көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен өзара байланыстылығы ерекше маңызға ие екенін айтты.Кездесу барысында Елші 2025 жылғы 28 сәуірде Карачи қаласында өткен бизнес-форум туралы да ақпарат беріп, оның аясында екі елдің жетекші компаниялары арасында бірқатар келісімшарттар мен меморандумдарға қол қойылғанын жеткізді.Тараптар екі елдің көлік-логистикалық компанияларын ынтымақтастыққа тарту және ортақ стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1030206?lang=kk