Қуқық
ҚР АШМ және ФАО шегірткелердің таралуына мониторинг жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізуде 15.04.2025
Стратегиялық әріптестік аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өкілдері арасында кездесу өтті.Тараптар жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, шегіртке зиянкестерінің таралуын мониторингтеу және болжау үшін геоақпараттық жүйені құрудың маңызды мәселелерін талқылады. Бұл жүйені дамыту ауылшаруашылық жерлеріне айтарлықтай зиян келтіретін шегіртке қаупімен күресудің негізгі құралы болады деп күтілуде.Кездесуге қатысушылар шегіртке зиянкестерімен күресте заманауи технологияларды қолдану бойынша пікір алмасты, осы зиянкестердің таралуын бақылау және басқару әдістерін жетілдіру жолдарын қарастырды.ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ФАО ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін инновациялық шешімдерді енгізуге бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/966098?lang=kk
Абай облысында көктемгі егіс науқанына дайындық қарқынды жүріп жатыр 15.04.2025
Өңірде көктемгі дала жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 753,1 мың га жерге орналастыру жоспарланған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 3,6 мың га артық.Егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Мәселен, бидай егілетін жер 4 мың га-ға қысқарып, 235,0 мың га құрайды.Басымдық жоғары рентабельді дақылдарға берілуде: майлы дақылдардың егістік көлемі 12,7 мың га-ға, арпа – 6,3 мың га-ға, қарақұмық – 2,3 мың га-ға ұлғаяды. Нәтижесінде майлы дақылдардың егіс алқабы 308,5 мың га-ға жетеді.Аудандық әкімдіктердің жедел мәліметтері бойынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 39,6 мың тонна тұқым дайындады. Күнбағыс, жүгері және басқа да дақылдардың 6,6 мың тонна элиталық тұқымы мен гибридтерін сатып алу бойынша келісімшарттар жасалды.Отандық тыңайтқыш өндірушілерін аванстық субсидиялау тетігін енгізу олардың фермерлер үшін қолжетімділігін айтарлықтай арттырды: өңірде тыңайтқыштарды қолдану деңгейі ғылыми негізделген қажеттіліктің 39%-на дейін өсті (бұрын бұл көрсеткіш 5,2%-дан аспаған). 2025 жылы 63,6 мың тонна тыңайтқыш пайдалану жоспарланған. Тыңайтқыш өндірушілермен және жеткізушілермен келісімшарт жасау жұмыстары жүргізілуде.Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 27,5 мың тонна дизель отыны бөлінді.Ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 90%-ды құрайды, ал жаппай егіс жұмыстары басталғанға дейін 100% дайындық қамтамасыз етіледі. Аграршылардың иелігінде 7 800-ден астам трактор, 300 жоғары өнімді егіс кешені, 1 900 сепкіш және 2 800-ге жуық топырақ өңдеу агрегаты бар.Өткен жылы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында аграршылар 513 дана заманауи ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Бұл машиналар мен тракторлар паркін 5,9%-ға жаңартуға, сондай-ақ көктемгі егіс және орақ науқаны кезінде еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді.«Кең дала» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жылдық 5% жеңілдетілген несие беру қарастырылған. 2025 жылы ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемін арттыру мақсатында жергілікті аграршылар жалпы сомасы 8,1 млрд теңгеге 157 өтінім берді.Абай облысында көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/966091?lang=kk
Қапшағай су қоймасынан 20 шақырым заңсыз орнатылған торлар алынды 15.04.2025
ҚР Балық шаруашылығы комитеті Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының үйлестіруімен Қапшағай су қоймасында «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясын бастады.Аталған акцияның мақсаты – су айдынын заңсыз орнатылған және қолдануға тыйым салынған балық аулау құралдарынан тазарту арқылы балық ресурстарының табиғи уылдырық шашуына және уылдырық шашу орындарына еркін көшуіне қолайлы жағдай жасау.Акцияға табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері, ТЖД, Алматы облысы әкімдігінің мамандары, сондай-ақ балық шаруашылығы субъектілерінің қызметкерлері мен «Алматы қайық шеберлері» тобының еріктілері – барлығы 115 адам қатысты. Іс-шараға 53 су көлігі мен 15 автокөлік тартылды.Нәтижесінде 20 шақырымнан астам заңсыз орнатылған балық аулау құралдары алынды.Балқаш-Алакөл бассейніндегі су айдындарында «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясы биылғы жылдың наурыз айынан маусым айына дейін жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/966076?lang=kk
Атырау облысында еліміздегі ең ірі интеграцияланған газ-химия кешенінің алғашқы қазығы қазылды 15.04.2025
Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркінде орналасқан Silleno зауытында жылына 1,25 млн тонна полиэтилен шығарылмақ. Кешеннің алғашқы қадасын қағу рәсімін облыс әкімі Серік Шәпкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, СИБУР-дың басқарма мүшесі – атқарушы директоры Павел Ляхович және Sinopec компаниясының аға вице-президенті Ван Тао жасады. Нысанды 2029 жылы іске қосу жоспарланған,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.Салтанатты жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы Серік Шәпкенов кешен құрылысының басталуы еліміздің мұнай-химия жылнамасындағы елеулі оқиға екенін атап өтті.- Бұл жоба тек Атырау емес, еліміз үшін де маңызды жоба. Бұрын тек мұнай-газ өндірген болсақ, енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен оны терең өңдеуге көштік. Бүгінгі газхимиялық кешен құрылысының екінші кезеңі өңіріміздің мұнай-химия саласын дамытуға бағытталып, әлеуметтік-экономикалық өсімге серпін беретіні сөзсіз. Шағын және орта бизнес кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етіп, жаңа өндірістер ашуға да ықпал етпек. Жобаны іске асыруға отандық, сондай-ақ шетелдік инвестиция тартылып отыр. Болашақ зауыттың бәсекеге қабілетті өнім шығарып, ішкі және сыртқы нарықты шикізатпен қамтуға әлеуеті де, мүмкіндігі де зор. Бірлесіп істеген іс жемісті боларына сенімім мол. Бастама оңынан болсын!-деді С.Шәпкенов.Кешенде 20-дан астам полиэтилен маркасы өндіріледі, оның 40%-ы премиум санатында. Полиэтилен өндірісіне шикізат ретінде этан қолданылады. Ол «Теңізшевройл» компаниясының кен орындарынан алынған газдан ҚМГ жүзеге асыратын газосепарациялық кешенде өңделеді. Одан әрі этан магистралды құбыр арқылы Силленоға жеткізілетін болады. Құбыр құрылысын ҚМГ жүргізеді.Өнімдер ішкі нарықты қамтып қана қоймай, Еуропа, ТМД елдері, Украина, Грузия, Түрікменстан, Қытай, Оңтүстік-шығыс Азия және Түркияға экспортталады.Бұл - Қазақстандағы ең ірі экспортқа бағытталған мұнай-газ-химия жобасы. Мұнда заманауи шетелдік технологиялар трансферті қамтамасыз етіліп, отын-химия саласының дамуына негіз болатын базалық мұнай-химия өнімі де өндіріледі.Құрылыс алаңындағы алғашқы дайындық жұмыстары пиролиз қондырғысынан басталды, қондырғы құрылысын EPC-мердігер Tecnicas Reunidas (Испания) Sinopec Engineering Incorporation (Қытай) компаниясымен бірлесіп жүргізетін болады.Кешен іске қосылған соң еліміздің жалпы ішкі өніміне қосатын жыл сайынғы үлесі 0,86%-ды құрап, мемлекеттік бюджетке 5 млрд АҚШ доллар салық төленеді.Құрылысқа 8000-нан астам адам жұмысқа тартылып, іске қосылған соң 800-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылады.«SILLENO» ЖШС «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (29,9%), «KMG PetroChem» ЖШС (10,1%), «СИБУР Холдинг» ЖАҚ (РФ) (30%) және SINOPEC компаниясының (ҚХР) (30%) акционерлік қолдауымен құрылып отыр. Жобаға 6 миллиард АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/965990?lang=kk
⚜️ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ораза айт мерекесімен құттықтауы 15.04.2025
Қадірлі отандастар!Ораза айт мейрамы құтты болсын!Татулық пен бауырмалдық, жақсылық пен игілік салтанат құратын осы қастерлі мерекенің барша мұсылман қауымы үшін мән-маңызы айрықша.Рамазан айында имандылыққа, рухани тазаруға ұмтылған жұртымыз Айт күні ақ дастархан жайып, қонақжайлық көрсетеді. Бір-біріне ізгі тілегін арнайды. Мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қамқорлық танытады. Сол арқылы адамгершілік құндылықтар қоғамымызда терең орныға түседі.Ораза айт мерекесінің тағылымы ата салтымызбен терең сабақтасып жатыр. Біздің дініміз де, дәстүріміз де азаматтарды бірлік пен ынтымаққа үндейді, өзара сыйлас болуға шақырады. Осы қасиеттеріміз барда халқымыздың Әділетті, Қауіпсіз, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құру туралы арман-мұраты орындалатынына кәміл сенімдімін.Баршаңызға бақ-береке тілеймін! Әр шаңыраққа құт-береке дарысын!Айт қабыл болсын, ағайын!t.me/aqorda_resmiАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/965883?lang=kk
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесті 15.04.2025
Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында Талғат Ластаев өңір тұрғындарымен кездесу өткізді.Тұрғындармен кездесуде көлік вице-министрі азаматтардың автомобиль жолдарын салу, теміржол тасымалы, азаматтық авиация және көлік инфрақұрылымының басқа да бағыттары бойынша сұрақтарына жауап берді.Халықпен кездесу барысында Талғат Ластаев жол инфрақұрылымын дамыту аясында 2025 жылы Ұлытау облысында бірқатар ірі жобалар жоспарланып отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, «Қызылорда – Жезқазған» автожолының 208 шақырымдық учаскесін қайта жаңарту жұмыстары. Оның ішінде жолды III техникалық санаттан II техникалық санатқа көшіру жұмыстары басталады. Бұл жол жүру уақытын 4 сағаттан 2 сағатқа дейін қысқартады.Сонымен қатар, «Қарағанды-Жезқазған» автожолын қайта жаңарту жұмыстары басталып, «Жезқазған-Петропавл» жолын орташа жөндеу жұмыстары жалғасады. 2025 жылдың соңына дейін Ұлытау облысындағы жергілікті жолдарда 3 бірлік автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату жоспарлануда.Сондай-ақ, қолданыстағы терминал ғимаратын қайта жаңарту және сағатына 300 адамды қабылдайтын жаңа терминал салу жобасы әзірленуде және Жезқазған, Жаңаарқа, Қаражал, Қызылжар станцияларының теміржол вокзалдарын жөндеу жоспарлануда.Бұл бастамалардың барлығы өңірдің көліктік-логистикалық жағдайын жақсартуға және көлік инфрақұрылымының сапасын арттыруға бағытталған.Кездесу барысында жергілікті тұрғындар «Жезқазған-Ақтау», «Жезқазған-Алматы» әуе рейстерінің ашылуы, «Жезқазған-Астана» әуе рейстері санын ұлғайту, «Жезқазған-Астана» вагондарын жаңарту, «Жезқазған-Алматы» жолаушылар поездының қозғалыс кестесіне өзгерістер енгізу мәселелерін көтерді. Сондай-ақ Сәтбаев қаласының айналма жолын салу, Шұбаркөл кенті арқылы өтетін «Ұлытау-Астана» автомобиль жолын салу, Ұлытау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының қызметіне және жүк автомобильдеріне арналған автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату және Жезқазған қаласында сауда-логистикалық хаб құру бойынша мәселелерді көтерді.Барлық өтініш білдірушілерге толық жауаптар, түсініктемелер мен ұсыныстар берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/965835?lang=kk
Көлік вице-министрі Ұлытау облысындағы бірқатар көлік инфрақұрылымы нысанына барды 15.04.2025
Әуежай инспекциясы барысында ұйым басшылығы вице-министр Талғат Ластаевқа Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде әуежайды жаңғырту және дамыту іс-шараларының іске асырылуы туралы баяндады.Әуе айлағын пайдаланушы «Жезқазған-эйр» авиакомпаниясы» акционерлік қоғамы. 1973 жылы салынған әуежай 2005-2009 жылдары жөндеуден өткен. Бүгінгі таңда кәсіпорынның алдында өткізу қабілетін арттыру және әуежай инфрақұрылымын жаңғырту сынды жаңа стратегиялық міндеттер тұр.Жоба аясында жолаушылар терминалын қайта жаңарту жоспарлануда, бұл оның өткізу қабілетін сағатына 120-дан 250 жолаушыға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ұшу-қону жолағының (2600 × 45 м) әуеайлақ жабындарын, перронды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау биылғы жылдың қазан айына жоспарланған.2024 жылдың қорытындысы бойынша әуежай 118 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетті. Қазіргі уақытта Астана, Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларына 16 тұрақты рейс орындалады. Мемлекет тарапынан субсиядияланатын Жезқазған – Қарағанды және Жезқазған – Шымкент бағыттары бойынша қатынайтын құны 10 мың және 18 мың теңгені құрайтын әуе билеттері қарастырылған.Ел тұрғындарының шағымдары мен ұсыныстарын ескере отырып, Жезқазған – Қарағанды бағыты бойынша қатынайтын әуе кемесі АН-24-тен Bombardier Q-400-ге ауыстырылды. Бүгінгі күні субсидияланатын рейстерді «Qazaq Air» әуекомпаниясы орындайды.Вице-министр инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру әуежайдың пайдалану мүмкіндіктерін жақсартады, ұшу географиясын кеңейтеді, ұшу қауіпсіздігі деңгейін және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырады деп атап өтті. Осыған байланысты ол жұмысты жеделдетуді тапсырды.Сондай-ақ, вице-министр Жезқазған қаласының теміржол вокзалының жұмысымен танысты.1941 жылы салынған Жезқазған теміржол вокзалының ауданы 524 шаршы метрді құрайды және тәулігіне 1800 жолаушыға қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта Ұлытау облысының аумағында Астана, Алматы, Павлодар, Қызылорда және Қарағандымен көлік қатынасын қамтамасыз ететін 7 жұп жолаушылар пойызы жүреді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/965816?lang=kk
Сұңғат Есімханов Риддер қаласындағы ЖЭО-ның жылыту маусымының өту барысымен танысты 15.04.2025
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында жүр. Сапардың басты мақсаты – Мемлекет басшысының энергетикалық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын бақылау.Риддер ЖЭО-ны аралау барысында Сұңғат Есімханов жылу көзін жаңғырту жұмыстарының қарқынымен танысты. 1956 жылы пайдалануға берілген станция бүгінде шамамен 50 мың тұрғынды жылумен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта жабдықтың тозу деңгейі 46%-ды құрайды. Риддер ЖЭО «қызыл аймақтағы» 19 жылу көзі тізіміне кіреді. Осындай нысандарды жедел жаңғырту міндетін Мемлекет басшысы 2024 жылдың ақпан айында өткен кеңейтілген отырыста Үкіметке жүктеген болатын.Соңғы екі жыл ішінде ЖЭО-ны реконструкциялауға және Риддер қаласының жылу желілерін жөндеуге резервтен 14,3 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен барлық жүргізілген инфрақұрылымдық жөндеу жұмыстарына 1,2 млрд теңге көлемінде қосымша қаржыландыру қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, станцияның тозу деңгейі 75%-дан 46%-ға дейін төмендеді (2023 жылы – 58%, 2024 жылы – 46%). Дегенмен, ЖЭО әлі де «қызыл аймаққа» кіретін жылу көздерінің қатарында қалып отыр.Энергетика вице-министріне жылу желілерін жөндеу жұмыстары бойынша есеп берілді. Осы кезеңде жылу желілерінің тозу деңгейі 82%-дан 67%-ға дейін төмендеді (2023 жылы – 79%, 2024 жылы – 67%).2024 жылы станцияны тиімді басқару, сондай-ақ қаржылық және кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Риддер ЖЭО-ның мүліктік кешені «Шығыс Жылу» АҚ-ның балансына беріліп, облыстық меншікке өтті.Облыс әкімдігі 2025 жылға арналған, жылыту маусымының үздіксіз өтуі үшін аса маңызды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын анықтады. Жоспарға сәйкес, №3 және №6 қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізу, №5 редукциялық-салқындатқыш қондырғысының технологиялық процестерін автоматтандыру жүйесін енгізу, электр техникалық жабдықтарды жаңарту, сондай-ақ Риддер қаласындағы 5,9 км жылу желілерін күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.Вице-министр жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын уақытында аяқтаудың маңыздылығын атап өтіп, жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін Энергетика министрлігі тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.«Жұмыс қарқынын арттыру қажет. Суық түскен кезде үйлердің жылумен қамтамасыз етілуінің төмендеуіне жол беруге болмайды. Жөндеу кестесін сақтай отырып, жұмысты мерзімінен бұрын аяқтауға ұмтылу керек. Энергетика министрлігі тарапынан жұмыстардың уақытылы аяқталуына қолдау көрсетуге дайынбыз. Жүргізілген жаңғыртудың сапасы мен әкімдіктің тиімділігінің басты көрсеткіші – жылыту маусымы болатынын ескертемін», – деп атап өтті Сұңғат Есімханов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/965787?lang=kk
Су тасқынына дайындық аясында Солтүстік Қазақстан облысында Сергеев және Петропавл су тораптары жөнделді 15.04.2025
Су тасқынына дайындық аясында Сергеев және Петропавл су тораптары жөндеуден өтті. Бұл туралы брифингте Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалының директоры Шұғайп Ибатуллин мәлімдеді.Жұмыстардың негізгі бөлігі жағалау нығайту және Сергеев және Петропавл су тораптарының беткейін орнатуға бағытталған. Сонымен қатар, осы жылдың қаңтарында Сергеев су торабы бөгетінің жанында түбін тереңдету жұмыстары жүргізіліп, 940 текше метр топырақ алынды. Сондай-ақ, Есіл өзенінің табиғи арнасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.«19 наурыздан бері Сергеев және Петропавл су тораптарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды, мүдделі органдар, сондай-ақ Ресей Федерациясының Тюмень облысындағы әріптестерімізбен су қоймаларынан су жіберу және су жинау туралы ақпарат алмасу жүргізілді. Сергеев су қоймасына су тасқыны басталғаннан бері 338,7 млн текше метр су келіп, 222,9 млн текше метр су жіберілді. Петропавл су қоймасына 45,2 млн текше метр су келіп, 46,1 млн текше метр су жіберілді», – деді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалының директоры Шұғайп Ибатуллин.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/965768?lang=kk
2025 жылғы жеке кәсіпкерлік субъектілерін және өзге коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу 15.04.2025
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін және өзге коммерциялық емес ұйымдарды Министрлік жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестің құрамына қосу үшін аккредиттеуден өткізді.Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 127 бұйрығымен бекітілген Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері мен өзге де коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеуден өткізу қағидалары, оның ішінде аккредиттеу туралы куәліктің нысаны, аккредиттеудің күшін жою негіздері мен тәртібіне сәйкес Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестің қызметі шеңберінде жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сараптама жүргізу құқығын тану үшін аккредиттеу туралы куәліктер (үш жыл мерзімге):- «ҚазАлкоТемекі» Қазақстанның алкоголь және темекі өнімдерін адал өндірушілері, импорттаушылары мен сатушыларының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігіне;- «Қазақстанның тамақ өнеркәсібінің Ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігіне берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/969221?lang=kk
Қазақстан мен Өзбекстан президенттері «Медеу» спорт кешеніне барды 15.04.2025
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев «Медеу» мұз айдынын аралап көріп, тау шатқалында орналасқан бірегей нысанның тарихынан сыр шертетін фотокөрмемен танысты.Мұз айдынының әлемдік спорт тарихындағы орны ерекше. Президенттерге 1972-1991 жылдары мұнда әйелдер мен ерлер арасында өткен жарыстарда барлық қашықтық бойынша 247 рет рекорд орнатылғаны жөнінде айтылды. «Медеу» әлі күнге Қазақстанның ең танымал туристік нысандарының санатына кіреді. 2024-2025 жылғы маусымда мұз айдынына 460 мың адам келген.Мемлекеттер басшыларына «Медеуді» орнықты туризм моделі бар әлемдік деңгейдегі орталыққа айналдыруды көздейтін жаңа даму жобасы таныстырылды.Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев алматылық спортшы Евгений Кошкинмен әңгімелесті. Ол биыл Әлем кубогінің соңғы екі кезеңінде жеңімпаз атанып, Азия ойындарында жүлделі орыннан көрінген болатын. Жуырда өткен Қазақстан спартакиадасында спортшы айқын жеңіске жетіп, 100 метр қашықтықта бейресми әлем рекордын жаңартты (9,31 секунд).Бұдан кейін мемлекеттер басшылары мәнерлеп сырғанау шеберлерінің өнерін тамашалады.t.me/aqorda_resmi Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/965508?lang=kk
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Алматы тау шаңғысы кластерімен танысты 15.04.2025
Қала әкімі Ерболат Досаев президенттерге Іле Алатауының асқаралы шыңдарын көрсетіп, Кіші Алматы шатқалындағы «Медеу» селден қорғау бөгетін салу тарихы жөнінде айтты. Сонымен қатар шетелдік және жергілікті альпинистер мен туристер арасында танымал бағыттар таныстырылды.Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев қала әкімінің еліміздегі ең ірі «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты жөніндегі есебін тыңдады. Қазіргі кезде мұнда 5 аспалы жол жұмыс істеп тұр. Ал шаңғы тебуге арналған трассаның жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайды. Былтыр Шымбұлаққа 1,4 миллион адам келген.Мемлекеттер басшылары Алматының туристік әлеуетіне жоғары баға берді. Олардың пікірінше, әсем табиғат аясында орналасқан және дамыған инфрақұрылымы, сапалы жолы бар тау шаңғысы курорты – Орталық Азиядағы қысқы және жазғы демалысқа лайық ең тартымды орындардың бірі.Президенттерге Алматы тау кластерін одан әрі дамыту перспективасы туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, «Шымбұлақтың» қазіргі тау шаңғысы трассасын 56 шақырымға дейін ұзарту және жаңадан 65 шақырым инфрақұрылым салу жоспарланып отыр.t.me/aqorda_resmi Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/965505?lang=kk
Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық наградалар мәселелері жөнінде республикалық семинар өтті 15.04.2025
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті геральдикалық жұмыс басқармасы мен «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ-нің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері» тақырыбында республикалық семинар өтті.Екі күндік семинарға еліміздің барлық өңірлерінен мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері, Мәжіліс депутаттары мен қоғам қайраткерлері қатысты.Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық наградалар геральдикасын талқылау, оларды насихаттау, ұлттық стандарттар мен заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ адал еңбек иелерін марапаттау рәсімін біріздендіру.Айта кетейік, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда геральдика мәселесіне бірнеше мәрте тоқталып өткен болатын. Мәселен, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өңірлік нышандарды жүйелеу мәселесін көтерсе, таяуда Бурабайда өткен жиында ведомстволық марапаттарды ретке келтіруді тапсырды.Жиын барысында өңірлік нышандарды заң талаптарына сәйкес бекіту және оларды біріздендіру, мемлекеттік рәміздерге қатысты құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау, мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі мен ұлттық стандарттардың сақталуы, сондай-ақ Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеу мәселелері талқыланды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/965473?lang=kk
Еңбек адамы: Цой Зинаида Владимировна – өз ісіне адал гидротехник 15.04.2025
Цой Зинаида Владимировна 26 жылын су шаруашылығына арнап, Жетісу облысындағы ирригациялық жүйелердің дамуына елеулі үлес қосып келеді.Саладағы еңбек жолын 1998 жылы «Қараталирригация» мекемесінде қойма меңгерушісі болып бастады. 2024 жылдан Жетісу облысы бойынша «Қазсушар» филиалына қарасты «Күшік-Кәлпе» магистральді каналында инженер-гидротехник қызметін атқаруда.Ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, өз ісіне деген шынайы махаббатының арқасында ол тек жоғары білікті маман ғана емес, өз саласының нағыз шебері ретінде танылды.Кәсіби тәжірибесі өзінен кейінгі жас мамандарға үлгі болып, әрдайым сапалы жұмыстың нәтижесінде 2023 жылы Жетісу облысының «Құрмет грамотасымен» және «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.Зинаида Владимировнаға үлкен жетістіктер мен мол табыс тілейміз! Әрбір күн жаңа мүмкіндіктер, қуанышты сәттер сыйлайсын!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/965471?lang=kk
Су тасқынына дайындық аясында Қостанай облысындағы ірі су қоймаларында жөндеу жұмыстары жүргізілді 15.04.2025
Су тасқынына дайындық аясында Қостанай облысының «Қазсушар» филиалы Жоғарғы-Тобыл, Қаратомар және Амангелді су қоймаларында жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында филиал директоры Дәурен Әбдіхамитов мәлімдеді.Қазіргі таңда Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Жоғарғы-Тобыл су қоймасы мен Албарбөгет бөгетін ауқымды реконструкциялау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.20 наурыздан Жоғарғы-Тобыл қоймасына тасқын суы келіп түсе бастады. Бүгінде 42 млн текше метр су жиналды. Су қоймасы 76%-ға толы.Қаратомар су қоймасына 39 млн текше метр су келіп түсті. Нысан 57%-ға толы. Суару маусымы басталар алдында шаруалардың сұранысына сай секундына 6-8 текше метр көлемінде су жіберу жоспарланып отыр.«Бүгінде Албарбөгет бөгеті маңындағы Қабырға өзенінің су деңгейінің төмендегені байқалады. Жалпы алғанда, Қостанай облысындағы «Қазсушар» филиалының нысандарындағы жағдай тұрақты және тұрақты бақылауда», – деді филиал директоры Дәурен Әбдіхамитов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/965440?lang=kk
Түркістан облысында егіс алқабы 896 мың га құрайды 15.04.2025
Өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 896 мың гектарды құрайды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 24 мың гектарға артық.Оның ішінде мақта алқабы 135,3 мың га, дәнді дақылдар - 338 мың га, майлы дақылдар - 72,7 мың га құрайды.Бүгінгі таңда облыста 14 мың га егілді. Көктемгі егіс жұмыстары кезінде 17,5 мың бірлік техника жұмылдырылады (техниканың дайындығы 98% құрайды).Егіс науқанына өңірге 55,3 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді. Литріне арзандатылған дизель отынының құны 251-253 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 15% - ға төмен (нарықта 294 тг/л). «Кең дала» бағдарламасы аясында 1141 АШТӨ 8,8 млрд.теңге сомасына қаржыландырылды.Жалпы, биылғы жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаржыландыру 900 млрд теңгеге дейін жеткізіледі, оның ішінде 200 млрд теңге ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингіне.Сондай-ақ, көктемгі егіс жұмыстарына қарыз сомасының 85% кепілдік беру жалғасады, минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға Үкімет резервінен 48,4 млрд теңге қарастырылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/965218?lang=kk
«Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының» жаңа директоры тағайындалды 15.04.2025
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қарасты «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» директоры лауазымына Пазылбек Қайрат тағайындалды. Бұған дейін ол қазақ күресі бойынша аға жаттықтырушы қызметін атқарған.Пазылбек Қайрат қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері, ұлттық санаттағы төреші, қазақ күресінен төрешілер алқасының төрағасы, сондай-ақ «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің бас төрешісі болған.Сондай-ақ ол «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен (2023 ж.) және «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен (2024 ж.) марапатталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/965012?lang=kk
Жазушы Айгүл Кемелбаеваның шығармашылығына арналған «Қазіргі заманның прозасы» атты дөңгелек үстел өтті 15.04.2025
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында жазушы, әдебиетші, кинодраматург Айгүл Кемелбаеваның шығармашылығына арналған «Қазіргі заманның прозасы» атты дөңгелек үстел өтті.Іс-шараға еліміздің белгілі әдебиеттанушылары, ақын-жазушылары, сыншылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.Кеш барысында қатысушылар жазушының шығармашылығы туралы өз ойларын бөлісіп, оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесін атап өтті.Жиында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның құттықтау хаты табыс етілді. «Айгүл Кемелбаева – қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі. Оның шығармалары ұлттық мәдениетіміз бен рухани мұрамыздың маңызды бір бөлігіне айналды. Әдебиетіміздің өркендеуіне қосқан үлесі үшін алғыс білдіремін, шығармашылық табыс тілеймін!»,-делінген құттықтау хатта.Дөңгелек үстел аясында жазушының шығармашылығы кеңінен талқыланып, оның әдебиеттегі орны мен көркемдік ерекшеліктері жан-жақты талқыланды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/965001?lang=kk
Қазақстан су спорты түрлері федерациясының президенті ауысты 15.04.2025
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың қатысуымен өткен Қазақстан су спорты түрлері федерациясы былтырғы маусымды қорытындылау және жаңа маусымға дайындық жиынында федерацияның жаңа президенті сайланды.Іс-шараға федерация басшылығы, облыстық федерация басшылары, спортшылар мен федерация өкілдері қатысты.Жиында федерацияның бас хатшысы Сергей Дроздов кейінгі бірнеше жылда атқарған жұмысы туралы баяндап, су спорты саласындағы маңызды жетістіктерді атап өтті. Кейінгі жылдары отандық спортшылар халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, елімізде су спорты түрлерін дамытуға бағытталған жаңа бастамалар айтылды.Жиында федерация президенті Андрей Крюков өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеді. Оның орнына федерация президенттігіне «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың кандидатурасы ұсынылып, жиынға қатысушылар, оның ішінде облыстық федерация басшылары мен спорт қауымдастығы өкілдері бірауыздан қолдады.Министр Ербол Мырзабосынов 2019 жылдан бері федерацияны басқарған Андрей Крюковке атқарған жұмысы үшін алғыс білдіріп, Нұрлан Жақыповтың жаңа қызметіне сәттілік тіледі.«Туризм және спорт министрлігі атынан Андрей Крюковке елдегі су спорты түрлерінің дамуына қосқан үлесі үшін ризашылығымды білдіремін. Су спорты – Қазақстандағы ең танымал спорт түрлерінің бірі. Бүгінде 120 мыңнан астам адам осы спорт түрімен айналысады. Ұлттық құраманың халықаралық аренадағы жетістіктері осы спорттың ел ішінде кеңінен танымал болуына ықпал етті. Дмитрий Баландиннің 2016 жылғы Рио Олимпиадасындағы тарихи жеңісі және былтырғы әлем чемпионатында көркем жүзуден Эдуард Ким мен Наргиза Болатованың жеңісі – су спортының еліміздегі әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеді. Федерацияның жаңа басшылығы бұл жетістіктерді одан әрі нығайтып, жаңа белестерге жетеді деп сенемін», – деді министр.Жиын соңында Ербол Мырзабосынов Нұрлан Жақыповқа еліміздегі су спорты түрлерінің халықаралық ынтымақтастығын арттыруға, спортшылардың дайындық деңгейін жақсартуға және спорттық резервті даярлауға ерекше көңіл бөлетініне сенім білдірді.Сондай-ақ федерация вице-президенті болып, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Мират Маратұлы Өтепов сайланды.Айта кетейік, Қазақстан су спорты түрлері федерациясы 1998 жылы құрылған. Оның құрамына жүзу, су добы, көркем жүзу, суға секіру және ашық суда жүзу кіреді. Осы жылдар ішінде федерация көптеген талантты спортшыларды тәрбиелеп, халықаралық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/964998?lang=kk
Ербол Мырзабосынов Халықаралық ауыр атлетика федерациясының басшысымен кездесті 15.04.2025
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари және Азия ауыр атлетика федерациясының техникалық комитеті төрайымы Ольга Соловьевамен кездесті.Кездесу барысында тараптар Қазақстанда және халықаралық деңгейде ауыр атлетиканы дамыту әлеуетін талқылады. Әсіресе, елімізде өтетін ірі турнирлерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, шілде айында ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Сондай-ақ 2028 жылы Лос-Анджелесте алауы тұтанатын Олимпия ойындарына рейтингтік ұпай беретін әлем чемпионаты да елімізде ұйымдастырылмақ.Министр Қазақстанда өтетін халықаралық жарыстардың отандық спорт үшін маңызды екенін атап өтті.«Ауыр атлетика – еліміздегі ең танымал әрі жанкүйері көп спорт түрінің бірі. Жанкүйерлердің қолдауы нәтижесінде біздің спортшыларымыз халықаралық ареналарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының басшылығына бізге сенім артып, елімізде беделді жарыстар өткізу мүмкіндігін бергені үшін алғыс білдіреміз. Өз тарапымыздан, аталған жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырып, қатысушылар мен қонақтар үшін барлық қажетті жағдайды жасаймыз», – деді Ербол Мырзабосынов.Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари Қазақстанмен ауыр атлетика спортын дамыту бағытында ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ ол Қазақстанның ауыр атлетиканы әлемдік деңгейде насихаттауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.Кездесуден кейін Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари мен Ольга Соловьева елордадағы спорттық нысандарды аралап, алдағы жарыстарға дайындық барысымен танысты. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты елдегі ең ірі спорт кешендерінің бірі – Qazaqstan жеңіл атлетика аренасында өтеді.Айта кетейік, бұл – IWF басшысының соңғы бірнеше айда Қазақстанға жасаған екінші сапары. 2025 жылдың қаңтарында Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари елімізге ресми сапармен келіп, Мемлекет басшысының қабылдауында болған еді. Сол кездесуде ауыр атлетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту және Қазақстанның осы спорт түріндегі халықаралық ықпалын арттыру мәселелері қарастырылған болатын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/964982?lang=kk