Қуқық
Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру басталды: 21 мыңнан астам жас азамат армия қатарын толықтырады 17.03.2026
Мемлекет басшысы «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2026 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» Жарлыққа қол қойды.Президент Жарлығына сәйкес, 17 наурыздан бастап қалалық және аудандық шақыру комиссиялары әкімдердің орынбасарларының төрағалығымен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды бастады.– 30 маусымға дейін 18-27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азаматты Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарына шақыру жоспарланып отыр. Оның ішінде11 мыңнан астам адам Қарулы күштерге, 7 мыңнан астам адам ІІМ Ұлттық ұланына, 2 мыңға жуық адам ҰҚК Шекара қызметіне, 400-ге жуық адам Төтенше жағдайлар министрлігіне, 300 адам Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылады, – деп атап өтті ҚР Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы генерал-майор Алмас Исабеков.Ол сондай-ақ азаматтарға шақыру SMS-хабарлама және eGov порталындағы хабарландырулар арқылы кемінде үш күн бұрын жіберілетінін еске салды. Мұндай хабарламалар ресми шақыру болып есептеледі. Шақырту алған азамат жергілікті әскери басқару органына немесе шақыру пунктіне келуге міндетті.Қорғаныс министрлігі әскери есепке алу процесін автоматтандырып, «Smart военкомат» жобасын жүзеге асыруда. Бұл жүйе шақырылушылар мен әскери міндеттілердің жеке есебін жүргізеді, азаматтар тұрғылықты жерін өзгерткен кезде автоматты түрде әскери есепке қояды, 17 жастағы жасөспірімдерді әскери есепке тіркеуді, сондай-ақ шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босатуды автоматты түрде рәсімдеуді қамтамасыз етеді.Осылайша, 2025 жылы 457 мыңнан астам адамға кейінге қалдыру берілді. Әскерге шақыру туралы бұйрықтар электрондық форматта ресімделетінін атап өту керек. Бұл әскери қызметшілерге несиелік демалыс беру үшін мәліметтерді кредиттік бюроларға автоматты түрде жіберуге мүмкіндік береді.Сонымен қатар, шақырылушыларды медициналық куәландыру кезінде қолданылатын «E-Medosмотр» медициналық жүйесіне интеграция енгізілді. Қазіргі уақытта цифрлық медициналық тексеру Астана, Шымкент қалаларында, Алматы, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында кеңінен қолданылады. Бұл ретте 2025 жылы 17 мыңнан астам шақырылушы медициналық куәландырудан цифрлық форматта өткенін атап өту керек.Мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген азаматтарға мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, оларға несиелік демалыстар беріледі, сондай-ақ ҰБТ нәтижелерін есепке алмай, жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім беру гранттарымен түсу мүмкіндігі беріледі.– 2023 жылдан бері 9 мыңнан астам сарбаз ҰБТ тапсырмай, жоғары оқу орындарына түсті. Тек 2025 жылдың өзінде бұл мүмкіндікті 3 300 әскери қызметші пайдаланды, – деп атап өтті генерал-майор Алмас Исабеков.20 мыңнан астам әскери қызметшіге негізгі қарыз бен сыйақы бойынша шамамен 8,8 млрд теңге көлемінде несиелік демалыс берілді. Сонымен қатар, қызмет барысында сарбаздар Қарулы күштердің түрлері бойынша кіші мамандар даярлайтын оқу орталықтарында жұмысшы мамандықтарын меңгере алады.Бұдан бөлек генерал-майор Алмас Исабеков дәлелсіз себептермен жергілікті әскери басқару органдарына келмеу Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған жауапкершілікке әкелетінін атап өтті. Ондай жағдайда азаматқа әкімшілік шаралар қолданылуы мүмкін. Ал шақырудан жалтарған жағдайда қылмыстық заңнама нормаларына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1182987?lang=kk
Қарулы күштердің әскери қызметшілері Шаңырақ күнін атап өтті 17.03.2026
Бүгін Наурызнама онкүндігі аясында қазақстандықтар отбасы құндылықтарын, үлкенді құрметтеуді және келер ұрпаққа қамқорлықты дәріптейтін Шаңырақ күнін атап өтуде.Қарулы күштер қатарында әскери қызметте жүрген ерлі-зайыптылар аз емес. Қызметтегі жауапкершілік пен отбасылық міндеттерді қатар алып жүруге мұндай отбасыларға бір-бірін қолдау, бәрін бірлесе жоспарлау және үй шаруасын бөлісе атқару көмектеседі.65229 әскери бөлімінің сержанты 2-сыныпты сержант Қанат Белгібаев үшін отбасы – сенімді тірегі және жігерлендіруші күш. Ол әскердегі жолын мерзімді қызметтен қатардағы жауынгер болып бастаған. Осында болашақ жары Толқын Мұсахметовамен танысқан. Көп жылғы әскери қызметтен кейін Толқын аға сержант шенінде запасқа шыққан. Ерлі-зайыптылар үш бала өсіріп тәрбиелеп отыр.– Біз Толқын екеуміз де әскери адам болғандықтан, бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Қызметтің талай қызығын бірге өткеріп, қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. Қазір біз үшін ең үлкен бақыт – шаңырағымыздың шаттығы – балаларымыз, – дейді 2-сыныпты сержант Қ. Белгібаев.Мемлекеттік қолдау мен біржолғы тұрғын үй төлемінің арқасында отбасы өздерінің берік әрі жылы шаңырағын, яғни жеке үйін алды. Мереке күні отбасы туған-туыстарымен уақыт өткізіп, бір-біріне деген бауырмалдық пен қамқорлықты сезінуі үшін бір дастархан басына жиналды.Бұл күні әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс қызметтері де барлық жерде озық дәстүрді ұлықтау, отбасылық құндылықтарды нығайту және ұрпақтар арасындағы өзара түсіністікті арттыруға бағытталған іс-шаралар өткізетінін айта кеткен жөн.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1182775?lang=kk
Астанадағы экологиялық саммитте Орталық Азияның су инфрақұрылымын қаржыландыру мәселесі талқыланады 17.03.2026
23 сәуірде Өңірлік экологиялық саммит-2026 (RES 2026) шеңберінде Астанада «Орталық Азиядағы су секторын тұрақты қаржыландыру: сын-тегеуріндер, мүмкіндіктер мен ынтымақтастық жолдары» атты тақырыптық пікірталас өткізіледі. Оның барысында сарапшылар өңірдің су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту үшін инвестиция тартудың және қаржы құралдарын дамытудың негізгі тетіктерін талқылайды.Су секторы Орталық Азия елдерінің орнықты әлеуметтік-экономикалық және экологиялық дамуын қамтамасыз етуде стратегиялық рөл атқарады. Климаттың өзгеруі, халықтың өсуі және инфрақұрылымның тозуы жағдайында су ресурсын тиімді басқару және қаржы ресурстарын жұмылдыру мәселесі ерекше өзекті болып отыр.Панельдік сессияның бастамашысы – стратегиялық жоспарлау, бюджеттік саясат және Орнықты даму мақсаттарын іске асыруды үйлестіру мәселесіне жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі. Іс-шараның ұйымдастырушылары – Экономикалық зерттеулер институты мен Халықаралық су менеджменті институты.Панельдік сессияның мақсаты – су инфрақұрылымын дамыту, су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру және аймақтық ынтымақтастықты нығайту үшін қаржы ресурсын жұмылдырудың негізгі сын-тегеуріндері мен мүмкіндіктерін талқылау.Талқылауға Орталық Азия елдерінің су ресурстары жөніндегі орталық мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ Азия Даму Банкі мен Дүниежүзілік банкті қосқанда, халықаралық қаржы институттарының өкілдері қатысады. Пікірталасқа су секторындағы жетекші сарапшылар мен зерттеушілер де қосылады.Панельдік сессияның қорытындысы бойынша аймақтың су инфрақұрылымын дамытудың қаржылық тетігін нығайту, су ресурсын басқарудың тиімділігін арттыру және су саласындағы аймақтық ынтымақтастықты кеңейтудің практикалық ұсынымы қалыптастырылады.Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) – Орталық Азия елдері мен басқа мемлекеттерді климаттың өзгеруі, су ресурстарының тозуы, табиғи ресурстарды тұрақты басқару және басқа да өзекті экологиялық мәселелерді шешу үшін біріктіруге бағытталған халықаралық іс-шара. RES 2026 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Астана қаласында (Қазақстан) өтеді. Саммитке мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, бизнес және ғылым өкілдерінен тұратын 1500 делегаттың қатысуы күтілуде.RES 2026-ны БҰҰ-мен әріптестік аясында өткізу бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында жариялаған болатын.RES 2026 туралы ақпарат https://res2026.kz/ сайтында.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1182653?lang=kk
Шарап, резидент еместерге арналған ҚҚС бойынша ЭШФ, мемлекеттік сатып алулар және электр энергиясы нарығы 17.03.2026
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 9-отырысында ЕАЭО аясында жаңа салық нормаларын қолдануға және заңнамаға енгізілетін алдағы өзгерістерге қатысты кезекті мәселелер топтамасы қаралды.Маңызды мәселелердің бірі – ЕАЭО алаңында алкоголь өнімдерінің қауіпсіздігі туралы ЕАЭО-ның жаңа техникалық регламент жобасын талқылауға қатысты, бұл құжатқа сәйкес жүзімнен емес, мысалы алма немесе алмұрттан өндірілетін жеміс шараптары шарап санатына жатқызылмайды. Регламент қабылданған жағдайда жеміс шараптары жоғары акциз салынатын өнім санатына ауысады.Техникалық регламенттің шарттарын ЕАЭО-ға қатысушы елдердің салалық сарапшылары бірнеше жылдан бері талқылап келеді. Жобалық кеңсенің отырысында қатысушылар жаңа техникалық регламент қабылданған жағдайда отандық өндірушілерді қолдау мүмкіндігін қарастырды. Акцизді шарап деңгейінде тек жүзім өнімі үшін ғана емес, сонымен қатар алкогольді қоспай табиғи ашыту арқылы елде өндірілетін басқа да жемістерден алынған шараптар үшін де орнату туралы алдын ала шешім қабылданды.Бұл ретте ықтимал сұр схемаларды болдырмау үшін бақылаушы органдар тарапынан жеміс шараптарын өндіруді бақылау күшейтіледі. Бұл шешімді іске асыру үшін Салық кодексіне өзгертулер енгізу қажет, бірақ олар тек Қазақстан техникалық регламентті бекіткеннен кейін қолданысқа енеді. Сондықтан бұл мәселе жүйелік тізімге енгізілген және болашақ түзетулер пакетінде ескеріледі.Резидент еместер үшін ҚҚС төлеген кезде ЭШФСондай-ақ Жобалық кеңсенің отырысында резидент еместер үшін ҚҚС төлеу кезінде электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) жазып беру мерзімі бойынша Салық кодексінің жаңа нормасын қолдану мәселесі қаралды.Қолданыстағы норма резидент еместер үшін ҚҚС бойынша ЭШФ ҚҚС төленгеннен кейін күнтізбелік 5 күннен кешіктірмей жазып беруді көздейді. Алайда іс жүзінде бизнесті әкімшілендіруде қиындықтарға тап болады, әсіресе резидент еместерге арналған ҚҚС есепшотында артық төлем болған жағдайда оны дұрыс есепке алу мен шот-фактура рәсімдеу қиындық тудырады.Кәсіпкерлермен және «Атамекен» ҰКП-пен талқылаудан кейін механизмді жеңілдету туралы шешім қабылданды. Резидент еместен алынған қызмет үшін ҚҚС бойынша электронды шот-фактураны қызмет алушы (ҚҚС төлеуші) қызметті алған күннен бастап 15 күн ішінде рәсімдеуі тиіс. Ал ҚҚС сомасын есепке алу резидент еместерге төленген ҚҚС төлемі жасаған күн бойынша жүргізіледі.Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов атап өткендей, бұл логика салық ақпараттық жүйелерде іске асырылуы мүмкін және бизнес өкілдері тарапынан қолдау тапқан.«Атамекен» ҰКП өкілінің 2026 жылдың I тоқсан қорытындысы бойынша резидент еместер үшін ЭШФ уақтылы жазып бермегені үшін әкімшілік жазаларды қолдану туралы сұрағына жауап ретінде салық органдары тарапынан өндіріп алу қолданылмайтыны атап өтілді. Бұдан басқа, резидент еместер үшін ЭШФ үзінді көшірмесі бойынша талап 2025 жылғы IV тоқсандағы сатып алу жөніндегі айналымға қолданылмайды.Тиісті өзгерістерді Салық кодексіне ретроспективтік түрде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолдану күнімен енгізу жоспарланған. Мемлекеттік кірістер комитеті аталған СК нормасын қолдану туралы егжей-тегжейлі түсіндірмелер ұсынатын болады.Салық кодексі және мемлекеттік сатып алуСондай-ақ Жобалық кеңсенің отырысында Мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына байланысты алдағы өзгерістер түсіндірілді. Салық кодексінің ережелері өзгеріссіз қалады. Уәкілетті органдардың сатып алуды жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізіледі. Олар оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілерден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жұмыс істейтін салық төлеушілердің шегерімдерін шектеу бөлігінде Салық кодексіне сәйкес келтіріледі.Электр энергиясы нарығында шот-фактураларды жазып беру мерзімдеріСондай-ақ Жобалық кеңсе отырысында қазақстандық электр энергиясы және қуат нарығы операторы – «КОРЭМ» АҚ-ның және «Жаңартылатын энергия көздері нарығындағы есеп айырысу-қаржы орталығы» ЖШС бірыңғай сатып алушысының шот-фактураларды жазып беру мерзімдерін қайта қарау туралы өтініші қаралды.Электр энергиясы нарығына қатысушылар қызметінің ерекшелігін және қолданыстағы техникалық регламенттерді ескере отырып, осы мәселені нарықтың барлық қатысушыларымен қосымша пысықтау және оны Жобалық кеңседе қайта талқылауға шығару туралы шешім қабылданды.Бюджетке салық түсімдерінің тәртібіБұдан бөлек, республикалық бюджетке түсімдер мен салықтарды есептеу тәртібі түсіндірілді.Республикалық бюджет кірістерінің негізгі көздері корпоративтік табыс салығы (КТС), қосылған құн салығы (ҚҚС) және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық (ҚҚС) болып табылады.КТС есепті айдың 25-күніне дейін КТС бойынша аванстық төлемдерді төлеушілер ай сайын төлейді. Бұдан басқа, 2026 жылғы наурыз-сәуірде 2025 жылғы қызмет қорытындылары бойынша КТС түсуі күтілуде. Аванстық төлемдерді төлемейтін төлеушілер 2026 жылғы қорытынды бойынша КТС-ны 2027 жылғы 10 сәуірден кешіктірмей төлейді. Сондай-ақ бейрезидент үшін КТС бойынша төлемдер ай сайын түсуі мүмкін.Қазақстан аумағында өндірілген тауарларға, орындалған жұмыстарға және көрсетілген қызметтерге ҚҚС есепті кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-күнінен кешіктірілмей төленеді. Яғни, 25 ақпанда ҚҚС өткен жылдың IV тоқсанының қорытындысы бойынша, 25 мамырда, 25 тамызда және 25 қарашада, тиісінше ағымдағы жылғы I, II, III тоқсан қорытындысы бойынша төленеді. 2026 жылғы 25 ақпан-2025 жылғы IV тоқсанның қорытындысы бойынша ҚҚС төлеу мерзімі.Резидент еместер үшін импортқа ҚҚС және ҚҚС міндеттемелердің туындауына қарай, яғни кедендік тазарту кезінде немесе резидент еместерден қызметтерді сатып алу кезінде төленеді. ПҚӨС ҚҚС төлеу мерзіміне ұқсас мерзімде төленеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1182658?lang=kk
Қостанай облысында «National Robotics Games» робототехника бойынша облыстық жарыс өтті 17.03.2026
Қостанай ауданында робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар бойынша облыстық ұлттық «National Robotics Games» жарысы өтті.Жарысқа Қостанай облысының қалалары мен аудандарынан келген 200-ден астам оқушы мен педагог қатысты.Іс-шара Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылып, оқушылардың инженерлік және алгоритмдік ойлау қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ робототехника және заманауи технологиялар саласындағы практикалық дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.Жарыс дарынды жастарды қолдауға, ғылыми-техникалық шығармашылықты дамытуға және оқушылар арасында инженерлік мамандықтарды насихаттауға арналған маңызды алаңға айналды. Турнирдің ерекшелігі – заманауи технологиялық бағыттарды ұлттық мәдениет элементтерімен ұштастыруы болды.Қатысушылар бірнеше санат бойынша бақ сынады. Олардың қатарында: «Aero Nomad» (дрондар), «Асық ату», «Мерген», «Арқан тартыс», «Садақ ату», «Lego-аударыспақ», «Теңге алу», сондай-ақ шығармашылық «StoryCraft AI» санаты бар.Осындай жарыстарды өткізу мектеп оқушыларының инженерияға, бағдарламалауға және инновациялық технологияларға қызығушылығын арттырып, жас ұрпақтың цифрлық дәуірде сұранысқа ие дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1182646?lang=kk
Гвардейск гарнизонында танк бөлімшелерінің штаттық атыстары өтті 16.03.2026
Құрлық әскерлері Оқу орталығының полигонында мерзімді әскери қызметшілер Т-72 танкісінің қару-жарағынан жоспарлы штаттық атыстарды орындады.Дайындықтың алғашқы кезеңінде сарбаздар танк қару-жарағының материалдық бөлігін зерделеп, қауіпсіздік ережелерін үйренді. Кейін олар жаттығу талаптарын қалай орындау керегін меңгеріп, жауынгерлік техниканы пайдалану негіздерін оқыды. Сондай-ақ тренажерлар мен симуляторларда экипаж мүшелерінің іс-қимылына жаттықты. Теориялық білім мен бастапқы практикалық дағдыларды бекіткеннен кейін әскери қызметшілер полигондағы жаттығуларға жіберілді. Алдымен олар оқу оқ-дәрілерімен практикалық атыстарды пысықтап алды. Дайындықтың соңғы кезеңінде танк қаруынан штаттық снарядтармен жауынгерлік жаттығуларды орындауға кірісті.– «Танкист» мамандығына оқып жатқан сарбаз алғашқы штаттық снарядпен атқанда ғана нағыз танкистке айналады. Дәл сол кезде ол танк қаруының қуатын сезініп, дайындық барысында үйренген машықтарының бәрін іс жүзінде дәлелдейді, – деп атап өтті танкистер мектебінің бастығы гвардия капитаны Бағлан Серікбай.Атыс жаттығулары жеке құрамның танк қаруын сенімді меңгергенін және жауынгерлік даярлығын одан әрі жетілдіруге дайын екенін көрсетті. Оқу орталығы Қарулы күштердің бөлімшелері үшін кіші мамандар даярлайды. Мұнда мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер алты ай бойы механик-жүргізуші, танк және жаяу әскер жауынгерлік машиналарының көздеуші операторы, сондай-ақ бронетранспортер мен КАМАЗ көлігінің жүргізушісі секілді әскери есептік мамандықтар бойынша оқытылады. Курс аяқталған соң олар өз мамандығы мен әскердің қажеттілігіне сәйкес әскери бөлімдерге жіберіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1182254?lang=kk
Көктемгі су тасқыны кезеңіне әзірлік 16.03.2026
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов көктемгі су тасқыны кезеңі қарсаңында Қостанай қаласы көшелерін қардан уақытылы әрі сапалы тазарту жұмысымен танысты.Қыс мезгілінде қаладан 313 мың тонна қар шығарылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 есе көп (95 мың тонна). Негізгі жүктеме 5 қар полигонына түсуде. Қазіргі уақытта олардың толу деңгейі 60%-дан 90%-ға дейін жетіп отыр.Қостанай-2 ауданында су басуы ықтимал 44 тұрғын үй орналасқан. Осы аумақтан 40 мың тоннадан астам қар шығарылды.«Қазіргі уақытта біздің басты міндетіміз – көшелерден, аулалардан, жол қиылыстарынан және еріген қар суы жиналу қаупі бар аумақтардан қарды шығаруды барынша жеделдету. Еріген судың еркін ағуы үшін суағарларды, арықтарды және су бұру арналарының тазалығына ерекше назар аудару қажет», – деді Құмар Ақсақалов.Еріген қар суын өткізу үшін 110 км суағар жүйесі жұмыс істейді, оның 4,9 шақырымы Қостанай-2 ауданында орналасқан. Сонымен қатар суды Тобыл өзеніне бағыттауды қамтамасыз ететін 5 гидротехникалық нысан бар.«Жұмыстар жүйелі түрде және күшейтілген режимде жүргізілуі тиіс. Барлық қажетті техниканы жұмылдыру, тәулік бойы бақылау ұйымдастыру және проблемалық учаскелерге жедел әрекет ету маңызды. Бұл жұмыстың тиімділігі тұрғындардың қауіпсіздігіне, қалалық инфрақұрылымның үздіксіз жұмысына және қаланың көктемгі кезеңге дайындығына тікелей әсер етеді. Біздің міндетіміз – қаланың көктемді дайын күйде және су басу қаупін болдырмау үшін барлық қажетті шараларды қабылдау», – деді аймақ басшысы.«КапиталГруппСоюз» ЖШС қарды күшейтілген режимде шығаруда. Жұмысқа 18 бірлік техника тартылған. Сонымен қатар облыстық ТЖД жеке құрамы, ІІМ академиясының 80 курсанты, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының 50 еріктісі жұмылдырылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1182191?lang=kk
Қорғаныс министрі Арнайы операциялар күштерінің Астанадағы әскери бөлімдерін тексерді 16.03.2026
Қорғаныс ведомствосының басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Арнайы операциялар күштері әскери нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуден өткізу бойынша жол картасының іске асырылуын тексерді.Астанадағы әскери бөлімде Қорғаныс министрі Әскери инфрақұрылым бас басқармасы өкілінің әкімшілік аймақтың құрылысы туралы баяндамасын тыңдады. Мұнда жауынгерлік бөлімшелерді, штаб пен медициналық пунктті орналастыру жоспарланған. Жұмыстың сапасын тексерген министр нысандарды пайдалануға берудің мерзімдерін қатаң сақтау қажеттігін атап көрсетті.Казармалық ғимаратта авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов кіреберістің жабдықталуын, тәуліктік кезекшілік өткізу орнының дайындығын, сондай-ақ қаруды сақтау және тазалау бөлмелерін тексерді.Бөлім қолбасшылығы министрге қолда бар қару-жарақ, құрал-жабдықтар, байланыс құралдары, РХБҚ, инженерлік және медициналық заттардың жай-күйі туралы мәлімет берді. Сонымен қатар, Арнайы операциялар күштерінің жауынгерлік дайындық деңгейін қамтамасыз ету үшін алдағы сатып алу жоспарлары да таныстырылды.Тексеру қорытындысын жасаған Қорғаныс министрі жол картасын іске асыру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, бөлімшелердің жауынгерлік дайындық деңгейін арттыру және жеке құрамның жабдықталу жүйесін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1181938?lang=kk
Алыс аудандар үлгі көрсетті 16.03.2026
Алматы облысында республикалық референдумға ерекше белсенділік танытқаны - Райымбек, Кеген және Балқаш аудандарының тұрғындары.Қазақстан Республикасындағы Республикалық референдумды өткізу жөніндегі Орталық комиссияның деректері бойынша, өңір тұрғындарының 71,46 пайызы дауыс беруге қатысты. Алматы облысында бір миллионнан астам адамға сайлау құқығы берілген, олардың 700 мыңнан астамы сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасады.Алыс аудандардағы тұрғындардың белсенділігі айтарлықтай болды. Нарынқол, Кеген және Балқаш аудандарында тұрғындардың 90 пайыздан астамы дауыс берді, бұл өңірдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.Референдум заңнамамен белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастырылып өтті. Барлық сайлау учаскелерінде қоғамдық тәртіп сақталып, комиссия жұмысы ашық жүргізілді, дауыс беру барысында ешқандай бұзушылық тіркелген жоқ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1181531?lang=kk
Алматы облысында референдум қалай өтті? 16.03.2026
Республикалық референдумда Алматы облысы тұрғындарының белсенділігі жоғары болды. Орталық сайлау комиссиясының сағат 20:00-де берген мәліметі бойынша өңір халқының саяси науқанға қатысуы 71,46%-ды құрады. Бұл облыс халқының маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдауға жоғары талпынысын көрсетеді.Алғашқылардың бірі болып Қонаев қаласындағы №949 референдум учаскесінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өз таңдауын жасады.Бұл күні өңір халқымен бірге танымал спортшылар, мәдениет қайраткерлері, депутаттар және басқа да танымал тұлғалар белсенділік танытты. Мысалы, Өтеген батыр ауылында 2024 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев, Қарғалы ауылында грек-рим күресінен Сурдлимпиада ойындарының чемпионы Андрей Самарин, ал Қонаев қаласында аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов дауыс беруге келді.Референдум әр буын өкілдерін біріктірді.Шонжы политехникалық колледжінде алғаш рет 18 жастағы студент Диана Селмахунова дауыс берді. Ұйғыр ауданында учаскеге жас жұбайлар келді, ал Еңбекшіқазақ ауданында жас отбасы өз таңдауын жасады.Аға буынның қатысуы ерекше ілтипат пен құрмет тудырды. 102 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Алым Кебиров учаскеге өз аяғымен барды, Ұзынағашта соғыс ардагері Федор Ковалев дауыс берді, ал Еңбекшіқазақ ауданында 75 жыл бірге тұрған, Түргеннен келген ерлі-зайыпты Ысқақовтар үйден дауыс берді.Референдум күні таңертеңнен бастап учаскелерде тұрғындардың белсенділігі жоғары болды. Адамдар отбасымен, достарымен және көршілерімен дауыс беруге келді.Қонаев және Алатау қалаларында, сондай-ақ бірқатар аудандарда учаскелерге алғашқы сағаттарда адамдардың көп келуінен үлкен кезек пайда болды.Референдум өткізу үшін учаскелер дауыс беруге арналған кабиналармен, стационарлық және тасымалданатын жәшіктермен, сондай-ақ байқаушылар мен комиссия мүшелеріне арналған орындармен толық жабдықталды.Аймақта 677 учаске жұмыс істеді. Процесті ұйымдастыруға арнайы оқытудан өткен 4781 комиссия мүшесі тартылды. Дауыс беру барысын бақылауды 16 өңірлік және 11 республикалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері жүзеге асырды, бұл рәсімнің ашықтығын қамтамасыз етті.Дауыс берудің қолжетімділігіне ерекше назар аударылды. Учаскелерде пандустар, ыңғайлы кабиналар орнатылды, көру және есту қабілеті нашар адамдарға арналған арнайы құрылғылар қойылды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін инватакси қызметі жұмыс істеді, ал комиссия мүшелеріне қажетті көмек көрсетілді.Көптеген елді мекенде референдум күні ауылшаруашылық жәрмеңкелері, қолөнершілер көрмелері және концерттік бағдарламалар өтті.Айта кетейік, Іле ауданында бірнеше учаскеде “Бауырсақ party”, Ақши ауылында “Шұбат Party” акциясы ұйымдастырылды.Дауыс берумен бір мезгілде өңірде экологиялық акциялар өтті. “Өз ағашыңды отырғыз және дауыс бер” бастамасы аясында тұрғындар, депутаттар, еріктілер мен жұртшылық өкілдері облыстың қалалары мен ауылдарына ағаш отырғызды.Бұл күн ерекше эпизодтармен есте қалды. Өтеген батыр ауылында учаскеге “Зверополис” мультфильмінің кейіпкерлері келді, Есік қаласында дауыс берушілер «Алтын адамды» байқады, ал Қонаевта қар барысы болып киінген адам тұрғындардың назарын аударды.Учаскелерге велосипедшілер, “Эндуро” мотоклубының қатысушылары, шаңғышы-спортшылар және драйф-жарыстардың жеңімпаздары келді.Осылайша, Алматы облысындағы референдум маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға ғана емес, сонымен қатар азаматтық белсенділікке толы өтті. Алматы облысындағы референдум осындай қайталанбас сәттерімен ерекшеленді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1181542?lang=kk
Еуразиялық интеграция институты жүргізген сауалнама бойынша Exit poll нәтижесі 16.03.2026
Қазақстандықтардың 86,7%-ы «Иә, қабылдаймын» деп жауап берген.Еуразиялық интеграция институты Қазақстанның 17 облысында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында Exit poll – референдум учаскілерінен шыға берісте азаматтарға сауалнама жүргізді. Сауалнама 200 референдум учаскісін қамтыды, оның ішінде 129 – қалаларда, 71 – ауылдық жерлерде орналасқан. Сауалнамаға барлығы 30 мың респондент қатысты, оларға арнайы даярланған интервьюерлер face-to-face әдісімен сұхбат жүргізді.Зерттеу нәтижелерінің қателігі 1%-дан аспайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1181580?lang=kk
Қонаев қаласында 31 референдум учаскесі: барлық санаттағы азаматтарға жағдай жасалған 15.03.2026
Қонаев қаласы бойынша референдум учаскелерінің жалпы саны – 31, оның 5 –уі жабық учаскелер.Рефендумға қатысуға құқығы бар азаматтар саны – 44200 адам. 144 мүгедектігі бар референдумға қатысушылар бар, оның ішінде 26- нашар көретіндер, 36- нашар естушілер, 82-арба қолданушылар. 1158 азамат- алғашқы дауыс берушілер.Барлық участоктерде мүгедектігі бар азаматтарға толық жағдай жасалған. Референдумның өту барысын бақылауға Қонаев қаласы бойынша аккредитациядан өткен қоғамдық бірлестіктер, саяси партиядан 118, БАҚ өкілдерінен 7 байқаушылар тіркеліп қатысуда.Жалпы референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың белсенділігі жақсы. Үй жайдан тыс дауыс беруге өтініштер 101 азамат өтініш білдірді.Учаскелік референдум комиссиялары заңға сәйкес жұмыстарын атқаруда.Рефендум учаскелерінде заң бұзушылықтар орын алған жоқ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1181519?lang=kk
Еңбекшіқазақ ауданында референдум қайырымдылықпен ұштасуда 15.03.2026
Еңбекшіқазақ ауданында республикалық референдум аясында дауыс беру жалғасуда. Осы ретте жергілікті тұрғындар тарихи маңызы зор оқиғаның қасиетті Рамазан айымен және «Наурызнама-2026» жалпыұлттық онкүндігінің екінші күні – Қайырымдылық күнімен тұспа-тұс келуін ерекше символдық мәнге ие деп атап өтті.Өзара көмек пен қайырымдылық күніне орай жанашыр тұрғындар мұқтаж отбасыларға барып, қолдау көрсетуде. Қайырымдылық акциясына мемлекеттік мекемелер, жеке кәсіпорындар, этномәдени бірлестіктер, депутаттар мен кәсіпкерлер белсенді қатысуда.Аудан жастары да шет қалмай, «Марафон добрых дел» акциясы аясында ауызашар уақытына бірнеше минут қалғанда референдум учаскелерінде жүрген ораза ұстаған тұрғындарға құрма мен су таратуды ұйымдастырды. Адамдарға ауыз ашуға арналған шағын жиынтықтар ұсынылып, дер кезінде қолдау көрсетілді. Қарапайым көрінгенімен, бұл игі іс әлеуметтік көмек пен рухани бірліктің маңызды көрінісіне айналды. Ораза ұстаған сайлаушылар мұндай қамқорлықты ерекше жылы қабылдап, ортақ іске деген бірлік пен жанашырлықты сезінді.Айта кету керек, бұл қайырымдылық акциясы еріктілер мен жастардың бастамашылдығы мен әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі болды. Олар өздерінің белсенді азаматтық ұстанымын айқын көрсетті. Жобаға қатысқан жастардың айтуынша, елдің дамуына қатысты маңызды үдерістерге қатысу олар үшін аса маңызды. Өздері де игі іске үлес қосқандарына қуанышты екенін жеткізді. Ал жергілікті тұрғындар олардың назар аударып, қолдау көрсеткеніне алғыс білдіріп, мұндай қамқорлықтың ораза ұстаған жандар үшін ерекше маңызды екенін атап өтті.Еңбекшіқазақ ауданында өткен Қайырымдылық күні өзара көмек пен ізгілікке негізделген нақты іс-шараға айналып, референдумды шынайы халықтық мерекеге ұластырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1181512?lang=kk
Референдум және махаббат: Ұзынағашта ерекше ұсыныс жасалды 15.03.2026
Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында референдум күні ерекше ұсыныс жасалды. Осы елдімекен тұрғыны Елжан Ерболұлы республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасағаннан кейін болашақ қалыңдығы Жанеркеге үйленуге ұсыныс жасады.Жастар бүгінгі күнді еліміздегі тарихи күндердің бірі ретінде бағалайды. Елжан Алтыбақан көшесіндегі №1 мектеп-гимназиясының ғимаратында орналасқан №262 референдум учаскесінде дауыс бергеннен кейін іле-шала сол жерде сүйіктісіне сақина ұсынып, өмірлік серігі болуға шақырды.Бұл күн өміріндегі және ел тарихындағы ерекше сәттердің бірі екенін Елжан былайша білдірді: «Бүгінгі күн мен үшін ғана емес, тұтас қазақ елі үшін ерекше мәнге ие күндердің бірі. Себебі мемлекетіміздің жаңа кезеңге қадам басуына негіз болатын маңызды шешім қабылданып жатыр деп есептеймін. Сондықтан мен бұл күнді әдейі таңдадым. Өйткені болашақ жарыма жасаған ұсынысым ешқашан ұмытылмайтын күндердің бірі болып қаларына сенемін», – деді ол.Осылайша, ел болашағына қатысты маңызды таңдау жасалған күні екі жастың өміріндегі қуанышты оқиға да қатар өріліп, бұл сәт көпшілікке ерекше әсер сыйлады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1181511?lang=kk
Мәдениеті өзгеше, тағдыры ортақ 15.03.2026
Референдум күні елдегі қоғамдық келісім мен мәдени әртүрліліктің жарқын көріністерінің бірі — түрлі этнос өкілдерінің белсенді қатысуы болды. Солардың қатарында түрік және күрд этностарының 892 референдум учаскесіне барып, ұлттық киіммен өз таңдауларын жасау арқылы ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті.Ұлттық нақыштағы киім киген азаматтардың дауыс беруі көпшіліктің назарын аударып, учаскелерде ерекше әрі көтеріңкі атмосфера қалыптастырды. Бұл қадам этносаралық татулық пен өзара құрметтің, сондай-ақ көпұлтты қоғамдағы бірлік пен келісімнің айқын белгісі ретінде бағаланды.Қатысушылардың айтуынша, ұлттық киіммен дауыс беру — ата-баба дәстүріне деген құрметтің және Қазақстандағы мәдени алуандықты сақтай отырып, ортақ құндылықтарды дәріптеудің бір жолы. Олар референдумға қатысу арқылы ел дамуына өз үлестерін қосып, ортақ болашақ үшін жауапкершілік танытатынын жеткізді.Түрік және күрд этностары өкілдерінің ұлттық киіммен келуі референдумның тек саяси шара ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністікті нығайтатын маңызды оқиға екенін көрсетті. Осындай бастамалар еліміздегі татулық пен қоғамдық келісімді одан әрі нығайтып, «бір ел — бір тағдыр» қағидатының нақты көрінісіне айналуда.Бірлік пен мәдени әртүрлілік — Қазақстанның басты құндылықтарының бірі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1181510?lang=kk
Өмірқұл Айниязов Талғарда өз таңдауын жасады 15.03.2026
Өмірқұл Айниязов халқымыздың дәстүрлі ән өнерін эстрада бағытымен шебер үйлестіріп жүрген белгілі әнші. Сонымен бірге қоғамдық-саяси өмірде де белсенді, ешқашан сайлаудан, басқа да саяси науқандардан шет қалған емес. Бүгін де ол Талғар ауданындағы №833 референдум учачкесіне келіп, дауыс берді.– "Өнер адамдары қоғамдық өмірде де белсенді болуы керек деп ойлаймын. Өйткені, көп адамдар, әсіресе жастар сондай жандарға еліктейді, соларға қарап бой түзейді. Сондықтан, конституциялық құқымызды пайдаланып, еліміздің ертеңі үшін дауыс беріп жатсақ, бұл да жастарға, айналамыздағы басқа да қоғам мүшелеріне үлгі болатыны сөзсіз", – деді ол.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1181331?lang=kk
90 жасар еңбек ардагері сайлауға қатысты 15.03.2026
Таңғы сағат тоғызда Іле ауданы, Өтеген батыр ауылындағы Нұрғиса Тлендиев атындағы Мәдениет үйінде орналасқан №1062 сайлау учаскесіне еңбек ардагері Төрткен Кененова келіп, дауыс берді. Ол учаскеге туыстарымен бірге келді, құрметті жасына қарамастан, ел үшін маңызды оқиғаға өз қолымен қатысуды шешті.Төрткен Кененованың есімі өңірде жақсы таныс. Ол халық ақыны, композитор және күйші Кенен Азербаевтың қызы. Өмір бойы еңбек етіп, қоғамның құрметіне ие болды. Іле ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Құрметті өнер қайраткері, еңбек ардагері және қоғам белсендісі.Жуырда Төрткен Кененоваға 90 жас толды. Ол 1936 жылы Жамбыл облысы, Красногор ауданындағы Отар теміржол станциясында дүниеге келген (қазіргі Қордай ауданы). Бала кезінен оның өмірінде музыка мен халық шығармашылығы ерекше орын алған. Өнерге деген сүйіспеншілікті әкесінен, танымал ақын Кенен Азербаевтан алған. Кейін Төрткен Кененова әкесінің мұрасын сақтау үшін үлкен еңбек атқарды. Ол әкесінің әндерін «Қосылған қоңыр қазға ән мен үнім» және «Әнім қалсын» атты компакт-дискілерге жазып, жарыққа шығарды. Осы жазбалар арқылы халық композиторының көптеген шығармалары жаңа өмірге ие болып, кең аудиторияға қолжетімді болды.Өмірінің елеулі бөлігін педагогикаға арнаған. Отыз жыл бойы Төрткен Кененова халық білім беру жүйесінде қызмет етті. Оның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды: 1981 жылы «КСРО Халық білімінің үздігі» төсбелгісімен, 1985 жылы Қазақстан Республикасының «Халық білімінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.Құрметті жасына қарамастан, Төрткен Кененова белсенді өмір сүруде. Учаскеге келіп, қоғамдық өмірге қатысу мен азаматтық ұстанымды көрсету әр адамның маңызды ісі екенін атап өтті. Еңбек ардагері қарт адамдарға деген құрмет пен қамқорлық үшін алғыс айтты.Дауыс бергеннен кейін Төрткен Кененова қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, бата-благословение берді. Ол тұрғындарға бірлік, келісім және амандық тіледі. Учаскеге келген азаматтар ардагердің сөздерін құрметпен қабылдады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1181336?lang=kk
Мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалған 15.03.2026
Өңіріміздегі барлық референдум учаскелерінде әрбір азаматтың өз таңдауын еркін әрі кедергісіз жасауына бар жағдай жасалған. Әсіресе учаскеге келіп, дауыс беруге мүмкіндігі болмаған жандарға ерекше көңіл бөлінуде.Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Ержан Ділдәнұлы мәлімдеді. Оның айтуынша, референдум учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, егде жастағы адамдарға және денсаулық жағдайына байланысты өздігінен дауыс бере алмайтын азаматтарға заң аясында көмек көрсетіледі. «Кейбір азаматтар денсаулығына немесе жасына байланысты бюллетеньді өздігінен толтыра алмай жатады.Мұндай жағдайда олар өздері сенім білдірген адамның көмегіне жүгіне алады. Бұл үрдіс заң талаптарына сай ашық түрде жүзеге асырылады», – дейді Ержан Ділданұлы. Басқарма өкілінің айтуынша, әрбір учаскеде дауыс беруге қолайлы жағдай жасауға ерекше мән берілген.Атап айтқанда, пандустар орнатылып, егде жастағы азаматтардың ғимаратқа кедергісіз кіріп-шығуына бар мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар комиссия мүшелері дауыс беру тәртібін түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жалпы референдум учаскелерінде әрбір азаматтың дауыс беру құқығын толық жүзеге асыруы үшін ұйымдастыру шаралары ойдағыдай жүзеге асырылып, көмекке мұқтаж адамдарға заң талаптарына сәйкес қолдау көрсетілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1181360?lang=kk
Референдумдағы қар барысы 15.03.2026
Республикалық референдум күні, жаңа Конституцияны қабылдау мәселесі бойынша, Қонаев қаласындағы бір сайлау учаскесінде тұрғындардың назарын ерекше дауыс беруші аударды. Аймақ тұрғыны қар барысының бейнесінде дауыс беруге келді. Бұл бейне түркі халықтарының мәдениетінде күш пен асылдықпен байланысты.Бұл оқиға учаске қонақтарында ерекше қызығушылық тудырды. Қалалықтар оның жанында суретке түсіп, мұндай бастама азаматтық белсенділіктің маңызын еске салғанын атап өтті.Өзі дауыс берген азаматтың айтуынша, бұл арқылы ол ел үшін маңызды оқиғаға қатысудың мерекелік атмосферасын қолдауды мақсат етті.- «Референдум - еліміз үшін шешуші қадам. Мен осы бейнеде учаскеге келдім, қатысуды еске салу және назар аударту үшін», - деді ол.Қар барысы Қазақстанның символикасында ерекше орын алады және батылдық пен тәуелсіздікпен байланысты. Сондықтан қатысушының айтуынша, таңдалған бейне халықтың құндылықтары мен бірегей мәдениетін сақтауға деген ұмтылысты бейнелейді. Алматылық облыстың табиғатын осы әдемі жыртқышсыз елестету мүмкін емес.Бақылаушылардың айтуынша, мұндай бастамалар учаскелерде ашықтық пен жақсы көңіл-күй атмосферасын қалыптастырып, дауыс беруге қатысудың ел өміріндегі маңызын еске салады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1181368?lang=kk
Көктем, драйв, дрифт-шоу: Қонаевта жарыс жеңімпаздары дауыс берді 15.03.2026
Қонаев қаласындағы ASP Arena-да көктемгі маусымның ашылуына арналған дрифт-шоу өтті. Жарысқа өңірдің және көршілес аймақтардың автоспорт әуесқойлары жиналып, көрермендерге әсерлі әрі тартысты бәсеке сыйлады. Көктемнің алғашқы жарысына 40 автокөлік қатысып, жүргізушілер кәсіби шеберліктерін, жылдамдық пен дәлдікке негізделген дрифт техникасын көрсетті. Жарыс барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша бақ сынап, ең мықты жүргізушілер анықталды.Жүлделі орындар келесідей бөлінді:1 орын –Петр Бородин,2 орын –Евгений Васькин.Жарыс жеңімпаздары азаматтық белсенділік танытып, референдумға қатысты.«Дрифт-шоу Қонаевтағы ең әсерлі көріністердің біріне айналды. АСП аренада түрлі мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырылып жүр. Оған алыс-жақын шетелдерден келетін спортсүйер қауымды қоса есептегенде, мыңдаған көрермен жиналуда. Қаламыздың спорт саласы дамып жатқанына өте қуаныштымыз. Биылғы дрифт-шоу референдумға тұспа-тұс келді. Біз өз еліміздің азаматтары ретінде дауыс беріп, таңдауымызды жасадық», − деді Петр Бородин.Аталған жарыс Қонаев қаласында автоспорт мәдениетін дамытуға, жастар арасында техникалық спорт түрлерін насихаттауға және өңірдің спорттық-туристік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1181369?lang=kk