Enbekshi QazaQ

Қуқық

Мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов 80 жаста 14.10.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Сәрсенұлы Досманбетовты 80 жасқа толу мерейтойымен құттықтады. Басқосуға зиялы қауым өкілдері, мерейтой иесімен қызметтес болған замандастары қатысты.Аймақ басшысы Бақберген Сәрсенұлының еңбек жолына тоқталып, ізгі тілегін жеткізді.«Бүгінгі ресми жиынымыз адал еңбегімен халықтың ықыласына бөленген, өнегелі істердің ұйытқысы болған ардақты ағамыздың құрметіне арналады. Өңірдің дамуына елеулі еңбек сіңірген, есімі Сыр жұртына етене таныс Бақберген Досманбетов ағамыз 80 жасқа толды.Бақберген Сәрсенұлы 1945 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Мәскеу басқару институтының құрылыс және қала шаруашылығы факультетінде білім алған.Еңбек жолын теміржолда қарапайым жұмысшы ретінде бастап, әр жылдары бұрынғы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институты, қазіргі Қорқыт ата атындағы университетте комсомол комитетінің хатшысы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, проректор, ректор, Қызылорда қаласының әкімі қызметтерін атқарған.Экономика саласын зерттеп, 9 монография, 60 ғылыми мақала жазған.Қала әкімі болған тұста өңіріміздің тіршілігіне серпіліс әкеліп, жұмыс орындарының жандануына мүмкіндік жасады.Парламент Сенатының II, III, IV шақырылымының депутаты ретінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамалар көтеріп, ел игілігін көздейтін заңдардың қабылдануына елеулі үлес қосты.Тәуелсіздіктің қалыптасу жылдарында елде жұмыссыздық белең алып, айлап-жылдап еңбекақы, зейнетақы берілмеді. Электр энергиясы жетіспей, көгілдір отын арман болып, арбалап ағаш тасығанымыз да көз алдымызда. Сондай заманда елді бірлікке үндеп, сабыр мен төзімнің үлгісін көрсеткен осындағы аға буын Сіздердің еңбектеріңіз ерен.Ерекше атап өтуіміз қажет, қаламыздың сол жағалауында орналасқан, көркі мен сәулеті келіскен «Болашақ» университетінің құрылғанына да 30 жыл толды.Бүгінде университеттен өңіріміз бен еліміздің еңбек нарығына қажетті мамандар білім алып, ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Бұл – Бақберген Сәрсенұлы ағамыздың білім мен ғылымға деген құрметінің нақты көрінісі.Сыр жұртшылығының атынан Сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Ұзақ ғұмыр, деніңізге саулық, отбасыңызға бақ-береке тілейміз!», – деді Н.Нәлібаев.Басқосуда облыс әкімі мерейтой иесіне Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, дәстүрге сай иығына шапан жапты. Ел ағалары Ибрагим Әбибуллаев, Бекмырза Еламанов, Нажмадин Мұсабаев, Сәпен Аңсат, Қылышбай Бисенов сөз сөйлеп, Бақберген Сәрсенұлының елге жасаған елеулі еңбегін атап өтті.Бақберген Сәрсенұлы Досманбетов экономика ғылымдарының докторы, «Болашақ», Қорқыт ата атындағы Қызылорда, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттерінің профессоры, Қазақстан Республикасы Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі, «Құрмет», «Парасат», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған, Қызылорда облысының құрметті азаматы.Жиын соңында мерейтой иесі көрсетілген құрметке алғаусыз алғысын білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1073599?lang=kk
Егін жинау жұмыстары мерзімінен кешікпей аяқталуы керек 14.10.2025
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен егін жинау науқанының барысы туралы Үкімет отырысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысынан кейінгі жиналыста аймақ басшысы жауапты сала басшыларына тапсырма берді.«Өздеріңізге белгілі, биыл өңірімізде вегетациялық кезең өте күрделі жағдайда өтті.Мемлекет басшымыздың, Үкіметтің қолдауының арқасында көршілес мемлекеттермен қажетті су көлемін жеткізу бойынша нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, нақты шаралар қабылданды.Өңірімізде егін жинау жоспар бойынша қазан айының 15-нен кешікпей аяқталуы тиіс. Қала, аудан әкімдіктері, жұмысты мерзімінде бітіруге күш салу керек. Ол үшін шаруашылықтарды қажетті дизель отынымен толық қамтамасыз ету маңызды.Бүгінде күзгі егін жинау жұмыстарына бөлінген 10 400 тонна арзандатылған дизель отынының 5 500 тоннасы жеткізілген. Дегенмен, шаруашылықтардың дизель сатып алу көрсеткіштері әлі де төмен. Қала, аудан әкімдіктері, мәселені қатаң бақылауға алып, қыста шаруашылықтардың толық есептесуін ұйымдастырыңыздар. Бөлінген дизель отыны игерілуі керек.Мемлекет басшымыздың тапсырмасына сәйкес күрішті кезең-кезеңімен оңтайландырып, суды аз қажет ететін өзге дақылдардың көлемін арттыруымыз қажет. Егін шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологиясын кеңінен енгізу – заман талабы.Президентіміздің тапсырмасына сәйкес 2026 жылға су үнемдеу технологияларын мемлекеттік қолдау шараларына облысымызға 9 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл – бұрын-соңды болмаған қолдау. Осының арқасында егіс құрылымын әртараптандырып, оның ішінде су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемін ұлғайтуымыз керек. Оның ішінде, күрішті тамшылатып суару әдісімен егуді қолға алуға тиіспіз», – деді Н.Нәлібаев.Жиында жылу беру маусымына дайындық барысы да қаралды.«Алдағы жылу беру маусымына қажетті көмір қорын жасақтау күн тәртібінен түскен емес. Мен бұған дейінгі мәжілістерде көмір жеткізуді шілде айынан бастауды тапсырғанмын. Бірақ тапсырма тиісті деңгейде орындалмауда. Жылу беру маусымында көмірге қатысты ешқандай мәселе туындамауы тиіс. Қызылорда қаласы мен барлық аудан әкімдеріне көмір жеткізу және қажетті көмір қорын жасақтау жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын.Облыстық білім, денсаулық сақтау, мәдениет, дене шынықтыру, жұмыспен қамту басқармалары Қызылорда қаласы, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, 25 қыркүйекке дейін шұғыл түрде дайындық паспорттарын алыңыздар. Қазандықтарды әзірлеп, отын қорын жасақтап, әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына толық дайын болуын қамтамасыз етіңіздер», – деді облыс әкімі.Сонымен қатар, барлық аудандағы вокзалдарды жөндеу жұмыстары қауіпсіздік талаптарына сай, жинақы, белгіленген тәртіппен ұйымдастырылуы қажет екені ескертілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1073378?lang=kk
Қарулы күштердің қызметшісі армрестлингтен әлем чемпионатында алтын олжалады 14.10.2025
Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің өкілі Сандуғаш Сейдіш армрестлингтен әлем чемпионы атанды. Жарыс Болгарияның Албена қаласында өтті.Қазақстандық спортшы 50 келіге дейінгі салмақта бірінші орынды иеленді.Чемпионның айтуынша, оның мұндай жетістікке жетуіне қарқынды жаттығулар мен Арнайы операциялар күштері қолбасшылығының қолдауы маңызды рөл атқарған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1073411?lang=kk
Алматы қаласында әскери институт курсанттарының салтанатты ант беру рәсімі өтті 14.10.2025
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында 160-тан астам бірінші курс курсанты Отанға адал болуға ант берді.Бір ай ішінде бірінші курс курсанттары жас жауынгер курсынан өтіп, әскери дайындықтың негіздерін меңгеріп, мінездерін шыңдап, армиялық өмір салтына бейімделді.Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков, Әуе қорғанысы күштерінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қайрат Дәуітов, институттың жеке құрамы, Қарулы Күштердің ардагерлері, курсанттардың туыстары мен жақындары қатысты.Салтанатты рәсім басталмас бұрын қонақтар үшін әскери институттың оқу орталығына экскурсия ұйымдастырылды. Жаңа тактикалық алаңда әскери дайындық элементтері мен ұрыс жағдайына барынша жақын ортада дрондардың шабуылын тойтару бойынша сабақтар көрсетілді.Институт бастығы генерал-майор Нұртас Қабақов курсанттарды құттықтап, бұл іс-шараның маңыздылығын атап өтті.— Бүгінгі салтанатты рәсімді оқу орталығында өткізуіміздің себебі ата-аналар балаларының әскери білімді қалай меңгеріп жатқанын өз көздерімен көрсін деген ой еді. Біздің оқу орнымыз заманауи сын-қатерлер мен қауіптер жағдайында тапсырмаларды орындай алатын жаңа буын офицерлерін даярлайды. Бүгін сіздер ел қауіпсіздігін күзететін қатарға қосылып отырсыздар. Қазақстан армиясының болашағы сіздердің тәртіптеріңізге, білімдеріңізге және табандылықтарыңызға байланысты, — деді ол.Іс-шара барысында алғаш рет оқу орнының гимні орындалды. Оның сөзін институт бастығы ақын әрі композитор Нұрлан Нұртазинмен бірлесіп жазған. Бұл ән бірінші курс курсанттары үшін жай ғана ән емес, әскери институттың абыройы мен даңқын сақтау жөніндегі нағыз антқа айналды.— Бүгін мен үшін ерекше күн. Әскери ант беру — зор құрмет пен үлкен жауапкершілік. Енді біз жай ғана курсант емеспіз, Отан қорғаушыларымыз, сол сенімді ақтау үшін барымды саламын, — деді курсант Арлен Жақашбаев.Биыл әскери жоғары оқу орнына Қазақстанның барлық өңірінен 200-ден астам курсант қабылданды. Олардың арасында әскери даярлығы жоғары бағаланған, «Сарбаз 2.0» бағдарламасы бойынша қабылданған 30-ға жуық мерзімді қызметтегі сарбаз бар. Сонымен қатар, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық аясында институтқа Қырғызстан мен Тәжікстаннан сегіз азамат оқуға түсті.Айта кетейік, биыл институтта екі жаңа мамандық ашылды. Олар – «әскери істегі криптология» және «аударма ісі». Бұл бағыттар қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптер жағдайында сұранысқа ие мамандарды даярлаудың негізіне айналмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1073454?lang=kk
Жолдау-2025: сарапшылар ел дамуының негізгі бағдарын талқылады 14.10.2025
Экономикалық зерттеулер институтында "Мемлекет басшысының Жолдауы: Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері" атты дөңгелек үстел өткізілді. Кездесуге қатысушы сарапшылар, экономистер мен мемлекеттік орган өкілдері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты Жолдауында белгіленген негізгі бағыттарды қарастырды.Іс-шараны ашқан Институт басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Нығметов талқылау практикалық сипатта болуы тиіс екенін атап өтті."Бүгінгі таңда біздің басты міндетіміз-талқылау ғана емес, нақты ұсыныстар дайындау. Сараптамалық талдау Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын іске асыру үшін негіз болуы тиіс", - деді ол.Талқылау барысында ғылыми және сараптамалық қоғамдастық өкілдерінің баяндамалары оқылды. Олардың қатарында ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты директорының ішкі саясат жөніндегі орынбасары Алуа Жолдыбалина, тәуелсіз сарапшы, Ұлттық корпоративтік басқару академиясының лекторы Мақсат Мұханов, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Бәтжан Ақмолдина бар.Көлік инфрақұрылымы мен инвестициялық саясат мәселесіне ерекше назар аударылды. Институттың жетекші ғылыми қызметкері Азамат Нұрсейітов жүк авиациясын дамыту және дербес технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмалар интеграцияланған іскерлік экожүйе ретінде логистика мен инновацияның бірыңғай пайымын қалыптастыратынын атап өтті."Бұл бағыт ауқымды инвестиция мен жүйелі басқаруды талап етеді. Транзиттік әлеуетті дамыту және экспорттық маршруттар географиясын кеңейту мемлекеттің экономикалық саясатының басымдығы болып қала береді. Бұл ретте барлық инфрақұрылымдық жобалардың бірыңғай желі ретінде жұмыс істеуі маңызды", – деді сарапшы.Урбанистика және жаңа Alatau Сity қаласын құру мәселесі де қызығушылық тудырды. Саяси ғылымдар докторы, Институттың Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының жетекші ғылыми қызметкері Ғабит Матаев бұл жоба барлық процестерді басқару барынша ашық және тиімді болатын "цифрлық қаланың" үлгісі болатынын атап өтті."Қазірдің өзінде цифрландыру азаматтардың өмірін жеңілдетеді: мобильді қосымшалар арқылы жол ақысын төлеуге, мемлекеттік қызмет алуға немесе дәрігерге жазылуға болады. Alatau City-де барлық қызметтер бірыңғай жүйеге біріктіріледі. Ауқымды деректерді пайдалану көлік ағынын реттеуге, энергия тұтынуды бақылауға, экологиялық көрсеткішті бақылауға және қалалық инфрақұрылымның жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді ол.Экономикалық зерттеулер институтындағы дөңгелек үстел бұл алаңның идеялар қалыптастырылып, әлеуметтік-экономикалық дамудың стратегиялық басым бағыттары талқыланатын, практикалық шешімдер әзірленетін жетекші сараптамалық орталық ретіндегі маңыздылығын тағы да растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1073462?lang=kk
ҰЭМ-де Бизнестің цифрлық картасы таныстырылды 14.10.2025
Бизнестің цифрлық картасы Ұлттық экономика министрлігінде Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген кеңесте таныстырылды."Атамекен" ҰКП әзірлеген Бизнестің цифрлық картасы—дэшбордтары, болжамды модельдері мен ашық статистикасы бар заманауи ақпараттық-талдамалық платформа. Бұл кәсіпкерліктің дамуының қазіргі ахуалы туралы ақпарат беріп, қолдау шараларының тиімділігін бағалауға, инвестициялық белсенділікті талдауға және мемлекеттік органдарды салмақты шешім қабылдауға қажетті құралмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. "Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталовтың айтуынша, жаңа жүйе мемлекеттік және ведомстволық деректер базасымен интеграцияланбақ. Бұл еліміздегі кәсіпкерліктің жай-күйіне объективті талдау жасауға мүмкіндік береді. Жоба 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары шеңберінде іске асырылуда. "Атамекен"ҰКП толық қаржыландырады. Бизнес үшін БЦК мемлекеттік қолдау шаралары, өңірлердегі басым бағыттар мен оларды мамандандыру, инвестициялық жобаларды іске асыру, қызмет түрлері бойынша міндетті талаптар, сондай-ақ өнімге сұраныс туралы деректерге қол жеткізеді. Мұндай ақпарат кәсіпкерлерге дамуды жоспарлауға, жаңа тауашаларды табуға және тиімді стратегия құруға көмектеседі.Мемлекет үшін цифрлық карта басым салаларды мониторингілеу мен инвестициялық жобаларды іске асыру құралы, сұраныс пен ұсынысты талдау жүйесі, кәсіпкерлік ахуалды объективті бағалау көзі және мемлекеттік қолдаудың нәтижелілігі, сондай-ақ бизнестің қарсы міндеттемесін бақылау құралы.Бүгінгі таңда шағын және орта бизнес ЖІӨ-нің шамамен 40%-ын және еліміздегі жұмыспен қамтудың жартысына жуығын қамтамасыз етеді. Ал БЦК мемлекет пен кәсіпкерлердің нақты аналитикасы мен жүйелі өзара іс-қимылы арқылы осы көрсеткіштердің одан әрі өсуіне ықпал етуі керек.Қазіргі уақытта "Атамекен" ҰКП мемлекеттік органдармен бірлесіп, QazTech платформасында Бизнестің цифрлық картасын енгізуді пысықтауда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1073210?lang=kk
Сауда және интеграция министрлігі сиыр еті бойынша жедел желіні іске қосты 14.10.2025
Сауда және интеграция министрлігі ет нарығындағы мәселелер бойынша жедел желінің іске қосылғанын хабарлайды. Жедел желі республика бойынша жұмыс істейді және азаматтар мен бизнес өкілдері үшін қолжетімді.Жедел желіге ет бағасының деңгейіне, сауда нүктелеріндегі сауда үстемесіне, сондай-ақ өнімді жеткізуге байланысты мәселелер бойынша жүгінуге болады.Бұл жедел желі халықпен, бизнеспен кері байланысты күшейту, азық-түлік нарығындағы ашықтықты арттыру және жергілікті жерлерден келіп түсетін сигналдарға уақтылы әрекет ету мақсатында құрылды.Байланыс деректері ҚР СИМ Тұтынушылардың құқықығын қорғау комитетінің жедел желі телефондары (Астана): +7 (7172) 74-98-32 +7 (7172) 75-06-49 +7 (7172) 74-98-36Өңірлер бойынша жедел желілер: Астана қаласы 8 (7172) 57-64-02 Алматы қаласы 8 (727) 392-21-54 Шымкент қаласы 8 (7252) 53-07-06 Абай облысы 8 (7222) 35-37-43 Ақмола облысы 8 (7162) 50-29-89 Ақтөбе облысы 8 (7132) 54-81-26 Алматы облысы  8 (7272) 72-50-083 Атырау облысы 8 (7122) 52-03-91 Батыс Қазақстан облысы  8 (7112) 50-00-44 Жамбыл облысы 8 (7262) 54-21-69 Жетісу облысы 8 (7282) 41-56-10 Қарағанды облысы  8 (7212) 21-42-08 Қостанай облысы 8 (7142) 53-46-80 Қызылорда облысы 8 (7242) 71-15-30 Маңғыстау облысы: 8 (7292) 43-14-34 8 (7292) 43-01-17 Павлодар облысы 8 (7182) 55-10-70 Солтүстік Қазақстан облысы 8 (7152) 46-81-33 Түркістан облысы: Абдусаттаров Нұрдаулет +7 707 111 6501 Әшімханов Асқар +7 771 322 82 82 Ұлытау облысы 8 (7102) 76-30-10 Шығыс Қазақстан облысы 8 (7232) 26-72-07Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1073248?lang=kk
Сабина Есимбекова – білікті мемлекеттік қызметшінің заманауи үлгісі 14.10.2025
Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесінде тек тапсырмаларды орындап қана қоймай, жаңа тәсілдерді дамытып, саланың дамуына айтарлықтай үлес қосатын мамандар ерекше бағаланады. Осындай жарқын мысалдардың бірі – Сауда және интеграция министрлігінің Экспортты ілгерілету департаментінің Экспорттық қызметті мониторингтеу және талдау басқармасының басшысы Сабина Ержановна Есимбекова.Сабина Ержановна 1990 жылдың 10 ақпанында Алматы қаласында дүниеге келген. Ол берік академиялық базаға ие – Т. Рыскулов атындағы Қазақ экономикалық университетінің «Қаржы» мамандығы бойынша бакалавриатын және магистратурасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Мемлекеттік саясат және құқық» мамандығы бойынша магистратурасын тәмамдаған. Осылайша ол экономика, мемлекеттік басқару және стратегиялық жоспарлау саласында кешенді түсінік қалыптастырды.2022 жылдың ақпанынан бастап Сауда және интеграция министрлігінде жұмыс істей отырып, Сабина Есимбекова қысқа мерзім ішінде стратегиялық ойлайтын басшы ретінде танылды. Оның жалпы еңбек өтілі – 17 жыл, ал саладағы тәжірибесі – 3,5 жылдан астам. Осы уақыт ішінде ол қазақстандық экспортты қолдауда ұзақ мерзімді тәсілдерді қалыптастыратын әрі ағымдағы міндеттерді шешетін команданы құра алды.Сабина Ержановна әлеуметтік осал топтарды қолдау бойынша ұсыныстар әзірлеуге, қазақстандық өнімді импорттаушылардың кредиттерінің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қағидаларын жасауға, сондай-ақ баға белгілеудегі делдалдық сызбаларды анықтау жұмыстарына белсенді қатысты. Ол пандемиядан кейінгі кезеңде «Қорғас» ХШҮО ашуға дайындықты үйлестіріп, бейтарап экспортты қолдау желісі бойынша бюджеттік жоспарлау мәселелерінде қаржы блогымен тиімді өзара іс-қимыл орнатты.Мемлекеттік жоспарлау құжаттарын жетілдіру бойынша оның үлесі ерекше атап өтуге тұрарлық. Сабина Есимбекова тек талдамалық материалдар әзірлеп қана қоймай, олардың практикалық қолданылуына қол жеткізетін мамандардың бірі. Оның жүйелі жұмысының арқасында Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігімен ынтымақтастық күшейіп, экспорттаушыларды қолдау тетіктері жетілдірілуде және елдің халықаралық нарықтағы позицияларын нығайтатын жаңа бастамалар қалыптасуда.Әріптестері Сабина Ержановнаның адамдарды тыңдай білу және оларды ести білу қабілетін, сондай-ақ бизнес пен мемлекеттік органдармен диалогқа ашықтығын атап өтеді. Ол бастамашылдық танытып, жанжалсыздық пен мейірімділік көрсетеді, бұл жұмыс процесінде сындарлы өзара әрекеттесуге ықпал етеді.Сабина Есимбекова – кәсібилік, стратегиялық ойлау және жеке қатысу мемлекеттік қызметтің жағымды имиджін қалыптастыра алатынының үлгісі. Оның қызметі қазіргі мемлекеттік қызметшінің тек әкімші емес, сонымен бірге саланың дамуына әсер етіп, ұлттық экономиканың өсуі үшін жағдай жасай алатын көшбасшы екенін көрсетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1073250?lang=kk
Алматы облысы әкімінің кеңесшісі тағайындалды 14.10.2025
Алматы облысы әкімі аппараты басшысының бұйрығымен Ельнар Тулегенович Калназаров 2025 жылғы  27 тамызынан бастап Алматы облысы әкімінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды.Ельнар Тулегенович 1987 жылы туылған, білімі жоғары, 2012 жылы Қытай Халық Республикасы Бейжің тілдер және мәдениет университетін «Тілдер және әдебиет» мамандығы, 2020 жылы М.В. Ломоносов атыңдағы Мәскеу мемлекеттік университетін «Іскерлік басқару шебері» мамандығы бойынша бітірген.Еңбек жолын 2015 жылы "МАКИРА" ЖШС-нің бас директорының қаржылық мәселелер жөніндегі орынбасары болып  бастаған.Әр жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Адам ресурстары департаментінің сарапшысы, талдау, статистика және тәуекелдерді басқару департаментінің талдау және статистика басқармасының сарапшысы, Шет елдердегі мекемедегі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің  Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің өкілі лауазымдарын атқарған.2025 жылдың шілде айынан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті талдау, статистика және тәуекелдерді басқару департаменті талдау және статистика басқармасының сарапшысы лауазымында қызмет етті.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1072969?lang=kk
Бас штаб бастығы «Айбалта-2025» оқу-жаттығу ауданын тексерді 14.10.2025
Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов «Айбалта-2025» жедел-стратегиялық оқу-жаттығуы өтіп жатқан ауданда болды.Жұмыс сапары барысында ол оқу процесінің ұйымдастырылуымен танысып, басқару пункттерін, тіршілікпен қамтамасыз ету нысандарын және жеке құрамның орналасу жағдайларын тексерді. Әскерлерді басқару, байланыс және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.Сондай-ақ, бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимыл тәртібі мен алдағы іс-қимыл жоспарлары туралы командирлердің баяндамалары тыңдалды.Тексеру нәтижесінде әскерлер мен әскери инфрақұрылымның тактикалық міндеттерді орындауға дайындығының жоғары деңгейде екені расталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1073052?lang=kk
Алматы облысында өртті сөндіруге қатысқан мамандар марапатталды 14.10.2025
Алматы облысында Алатау қаласының маңындағы қоқыс полигонындағы өртті сөндіруге қатысқан мамандарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің атынан Алатау қаласы маңындағы қоқыс полигонындағы өртті сөндіруге атсалысқан мамандарға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Құрметке өрт сөндірушілер, құтқарушылар, дәрігерлер, әскери қызметшілер, волонтерлер және коммуналдық қызмет мамандары ие болды. Олар бірнеше тәулік бойы күрделі әрі қауіпті жағдайда жұмыс атқарды.Өрт 34 гектар аумақты шарпыды. Оның ерекшелігі — жалынның ашық беткі қабатта ғана емес, тереңдігі он метрге дейін жеткен түнектегі тұтануларда болуы. Қоқыс массасында жиналған метан жалынды күшейтіп отырды. Сонымен қатар бос әрі тұрақсыз топырақ, опырылып кету қаупі және желдің бағытының өзгеруі жағдайды қиындатты.Алғашқы сағаттардан бастап облыстық және Алматы қаласының ТЖД күштері, МЧС-тің арнайы бөлімшелері, полиция, әскери бөлімдер, әкімдіктер мен коммуналдық қызметтер жұмылдырылды. Кейбір күндері апат аумағында 1,5 мыңға жуық адам мен 500-ден астам техника жұмыс істеді. Жәрдемге Абай, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан облыстары, Жетісу өңірі мен Шымкент қаласының бөлімшелері қосылды. Ортақ күшпен өрт полигон аумағынан тысқары кетпеуі қамтамасыз етілді.Тлінняның таралуына жол бермеу үшін аумақ бірнеше учаскеге бөлініп, жыртылды, үстіне топырақ пен қиыршық тас төселді. Тереңқара өзенінен су айдау станциялары орнатылып, ондаған өрт сөндіру құбырлары арқылы магистральді желі жүргізілді. Бұл қажетті су көлемін және қысымды қамтамасыз етті. Жұмыс тәулік бойы, ауысыммен үздіксіз атқарылды.Барлық қатысушылар жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді. Жергілікті кәсіпорындар су, азық-түлік және арнайы киім жеткізді. Құтқарушылар үшін тамақтану және тынығу шатырлары құрылып, тәулігіне төрт мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылды.Алматы облысы ТЖД бастығы Даурен Оразбеков мамандардың аса қауіпті жағдайда еңбек еткенін атап өтті:– Ерлік дегеніміз – апат жағдайында тапсырманы мүлтіксіз орындау. Жылу, түтін мен тұрақсыз топыраққа қарамастан, біздің қызметкерлер тактиканы үнемі өзгертіп, ошақтарды қабат-қабатпен сөндіріп отырды. Әрқайсысына алғыс айтамын, – деді ол.Облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Асқар Тойчубеков те мамандардың кәсібилігі мен жауапкершілігін жоғары бағалады.Алатау қаласының әкімі Аркен Утенов көрші облыстар мен аудандардың айрықша қолдау көрсеткенін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1073085?lang=kk
Әдеп алдын алу ретінде: ҚР Қаржы министрлігінің уәкілі өңірлерде мемлекеттік қызметшілерге арналған бірқатар семинарлар өткізді 14.10.2025
Мемлекеттік қызметте кәсіби әдеп нормаларын сақтау жөніндегі профилактикалық іс-шаралар қоғамның қаржы жүйесіне деген сенімін нығайтуға, сыбайлас жемқорлық көріністерінің тәуекелдерін және азайтуға және мүдделер қақтығысын төмендетуге көмектеседі. Бұл бағыттағы жұмысты Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінде Әдеп жөніндегі уәкіл Камшат Арыстанбекова өңірлерге барған кезде жүргізеді.Мәселен, ол 2025 жылғы қыркүйекте Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Абай облысында Мемлекеттік кірістер, Қазынашылық, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру, Ішкі мемлекеттік аудит комитеттерінің аумақтық департаменттері қызметкерлерімен кездесулер өткізді. Бұдан басқа, аталған өңірлердің мемлекеттік кірістер және қазынашылық басқармаларының қызметкерлерімен: Ұлан, Жарма, Қызылжар, Тайынша, Зеренді, Бұланды, Ерейментау аудандарында, сондай-ақ Екібастұз қаласында көшпелі семинарлар ұйымдастырылды.Өңірлерде Камшат Арыстанбекова мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы                     іс-қимыл туралы заңнамасын сақтау мәселелері бойынша кеңес берді. Жұмыс кездесулері барысында мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесі, қызметтік тәртіп, кәсіптік әдеп нормалары, мүдделер қақтығысының алдын алу және реттеу, сондай-ақ азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынас мәдениетін арттыру сияқты тақырыптар талқыланды.Бұл кездесулер нормативтерді талқылау ғана емес, мемлекеттік қызметтің құндылықтары: адалдық, ашықтық, азаматтарға құрметтеу туралы ашық диалог болды. Шынында да, қателіктердің алдын алу және олардың күнделікті жұмысында мамандарды қолдау сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ кәсіби ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.«Біздің міндетіміз - мәселе туындамай тұрып қызметкерлерге кеңес беру. Біз мүдделер қақтығысы немесе қызметтік тәртіпті бұзу тәуекелі болуы мүмкін жағдайдан дұрыс шығуға көмектесеміз. Бұл тек мемлекеттік қызметшілердің өзі үшін ғана емес, азаматтардың сенімін нығайту және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру үшін де маңызды», – екенін ҚР Қаржы министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Камшат Арыстанбекова атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1073141?lang=kk
«Сайлау процесін өткізудің ұйымдастырушылық аспектілері мен тәжірибесі» тақырыбындағы каскадтық оқыту 14.10.2025
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ғимаратында үстіміздегі жылдың 22 қыркүйегінде Астана қаласында 2025 жылдың                     11-12 қыркүйек күндері өткізілген «Сайлау процесін өткізудің ұйымдастырушылық аспектілері мен тәжірибесі» тақырыбындағы оқыту семинарына қатысқан Жылыой, Индер, Исатай, Мақат аудандарының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары З.Калмуханова, Б.Сапаров, Қ.Губашев Р.Мақсотов Атырау облысы бойынша аумақтық сайлау комиссияларының өкілеттіктерін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратын мүшелерін каскадтық оқыту бағытында семинар өткізілді.  Семинарды Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясыныңның төрағасы Әсия Баянқызы Қыстаубаева ашып, одан әрі Қазақстанның сайлау заңнамасындағы өзекті өзгерістер мен новеллалар, Сайлау процесі кезінде ақпараттандыру, үгіттеу, байқаудың кейбір мәселелері, Ұлттық жасанды интеллект платформасымен жұмыс істеу негіздері, Сайлау науқанын қаржыландыруды ұйымдастыру, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы сайлау процесіндегі сот дауларына шолу және тағы басқа тақырыптарында спикерлер дәріс беріп, семинарға қатысушылар арасында кеңінен талқылады.Кәсіби дағдыларды арттыру мақсатында дайындалған тәжірибелік кейстер қаралып, семинар қорытындысымен қатысушылар тестілеуден өтті. Тестілеудің нәтижесімен қатысушылардың 39%  қойылған сұрақтардың барлығына дұрыс жауап берсе, 56% «жақсы» деп бағаланды, ал тек бір тыңдаушы «қанағаттанарлық» көрсеткішке қол жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1072822?lang=kk
Қазақстан мен Ұлыбритания ынтымақтастықты жан-жақты нығайту мәселесін талқылады 14.10.2025
Астана, 2025 жылғы 22 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Салли Аксуорсимен кездесу өткізді.Тараптар қазақ-британ қатынастарының қазіргі ахуалы мен келешегін, сондай-ақ сауда-экономикалық салада жоспарланған іс-шараларды талқылады.Сұхбат барысында білім, энергетика, көлік, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар, орнықты даму және климат күн тәртібі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылдың жоғары қарқынын қолдауға өзара мүдделілік білдірді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1072856?lang=kk
Міржақып Дулатұлының ұрпақтары Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа алғысын білдірді 14.10.2025
Құрметті  Қостанай облысының әкімі Ақсақалов Құмар Іргебайұлы мырза!Ұлт тарихында ерекше орны бар, Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, қоғам қайраткері, жазушы, ақын,  қазақ әдебиетінің классигі Міржақып Дулатовтың 140 жылдық мерейтойына орай Қостанай қаласында еңселі ескерткішінің бой көтеруі – тарихи  және ұлттық рухани маңызы зор оқиға болды.Біз, Міржақып Дулатовтың ұрпақтары, осындай игілікті іске бастамашы болып, қолдау білдіріп, Міржақып Дулатов есімін ұлықтауға зор үлес қосқаныңыз үшін Сізге  шынайы ризашылығымызды білдіреміз.Бұл ескерткіш – ұлт зиялысына құрмет пен сүйіспеншіліктің белгісі, ұлттық руханиятты дәріптеудің айқын үлгісі және жас ұрпаққа жол сілтер өнегелі іс деп білеміз.Сізге зор денсаулық, қызметіңізге өрлеу, ел игілігі жолындағы еңбегіңізге табыс тілейміз.Құрметпен, М.Дулатовтың ұрпақтары 22.09.2025 ж.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1072872?lang=kk
Ұшқыштар даярлайтын жоғары оқу орнының жүзден аса түлегі офицерлік атақ алды 14.10.2025
Ақтөбе қаласында Қорғаныс министрлігіне қарасты Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлектеріне арналған салтанатты рәсім өтті. Іс-шара "Қазақ халқына мың алғыс" стеласы орналасқан алаңда ұйымдастырылды.Екі мәрте Кеңес Одағының батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің есімі берілген әскери институт жарты ғасырдан астам уақытта мыңдаған кәсіби мамандарды даярлап, нағыз патриот, әскери антқа адал офицерлердің ұстаханасына айналды.Салтанатты шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, институттың профессорлық-оқытушылар құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, құрметті қонақтар мен түлектердің жақындары қатысты.– Бүгінгі күн – тек түлектер үшін ғана емес, Қарулы күштер үшін де үлкен мереке. Институт қабырғасында сіздер шыңдалып, білім алып, тәртіпке үйрендіңіздер. Енді Отан игілігі үшін қызмет етесіздер. Әскери қызмет – үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік. Сіздер – батылдық пен ерліктің символысыздар, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары – Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы генерал-майор Қайрат Садықов.Рәсім барысында ең әсерлі сәт – дәстүрлі офицерлік вальс болды. Биылғы түлек Даниэль Дәулет өзінің сүйіктісі, медициналық ротаның 3-курс курсанты Айару есімді арумен вальс биледі.– Айарумен 2024 жылдың 21 маусымында, мен тәжірибеден оралған күні таныстым. Сол күннен бастап араласа бастадық. Бүгін мен оны ата-анама таныстырдым. Алда бізді уақытша екі жаққа кетеміз – мені Тараз қаласына қызметке жіберді. Бірақ бірге болуды, мықты әрі бақытты отбасы құруды армандаймыз, – деді Дәулет.Жас лейтенанттар үшін бұл күн тек курсанттық өмірмен қоштасу ғана емес, сонымен қатар қызметтік мансаптың бастамасы болды. Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтын тәмамдаған түлектер еліміздің әскери бөлімдеріне жіберіліп, Қазақстанның әуе шебін және бейбіт тұрғындардың тыныштығын күзететін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1072915?lang=kk
Қонаев қаласында «WORLD CLEAN UP DAY» халықаралық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті 14.10.2025
Қонаев қаласында «World Clean Up Day» халықаралық акциясы және «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында кең ауқымды жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды.Шараға қала тұрғындары, кәсіпкерлер, жастар және ардагерлер белсене қатысты. Қатысушылардың бірлескен еңбегімен ағаштар отырғызылып, аулалар мен қоғамдық аумақтар абаттандырылды, бордюрлер сырланып, көшелер мен саябақтар тазартылды.Акцияның басты мақсаты – қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, тұрғындар арасында қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру және экологиялық жауапкершілікті арттыру.Мұндай игі бастамалар қала тұрғындарын біріктіріп, туған жердің тазалығы мен жайлылығын сақтауға ортақ үлес қосуға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1072954?lang=kk
Аймақ басшысы «Оrda Glass Ltd» шыны зауытының басшылығымен кездесті 14.10.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының бірі – «Orda Glass Ltd» табақша шыны өндіру зауытының бас директоры Цай Го мырзамен кездесті. Кездесуде зауыттың ағымдағы жұмысы, өндірістік қуаты және алдағы инвестициялық жобалар талқыланды.Айта кетейік, «Orda Glass Ltd» зауыты 2022 жылы Индустрияландыру бағдарламасы және «Бір белдеу – бір жол» Қазақстан-Қытай ынтымақтастық жобасы аясында іске қосылған. Жылдық қуаттылығы 197,1 мың тонналық бұл кәсіпорын – республикадағы табақша шыны өндіруші жалғыз инновациялық зауыт. Жобаны жүзеге асыру үшін 42 млрд теңге шетелдік инвестиция тартылған.Зауыт іске қосылғаннан бері өнімінің 70%-ы ішкі нарыққа бағытталса, 30%-ы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузия елдеріне экспортталуда.2023 жылы облыс әкімінің Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарының нәтижесінде былтыр жылына 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндіретін жаңа желі іске қосылды. Жобаның инвестициялық құны 15 млн АҚШ доллары.Облыс әкімдігі зауыттың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, инфрақұрылымдық қолдау көрсетуде кешенді шаралар атқарып келеді. Өз кезегінде қытайлық инвестор құны 55 млн АҚШ доллары болатын, екі кезеңнен тұратын жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлаған.Шыны зауытының жұмысы аймақта ілеспе өндірістердің дамуына серпін берді. Алдағы уақытта айна, бөтелке және шыңдалған шыны шығаратын зауыттар ашылмақ. Бұл жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, шыны кластерін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ импортты алмастырып, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бастамалар облыстық бюджетке қосымша кіріс әкеліп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға жағдай жасайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1072736?lang=kk
Өскеменде «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме өтті 14.10.2025
Абайдың 180 жылдығына арналған «Сұлу Сырдан - шырайлы Шығысқа» атты Қызылорда облысының өнер күндері Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскеменде жалғасты. Сыр елінің сәлемін еліміздің шығысына жеткізген делегацияны облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастап барды. Делегация құрамында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Н.Байқадамов, Р.Рүстемов, М.Ергешбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, аймақ ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар, симфония оркестрлері, «Сыр самалы» вокалды-аспапты, «Томирис» би ансамбльдері, хор ұжымы, басқа да өнерпаздар бар.Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Сыр өңірі – түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көрме ашылып, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және өскемендіктерҚызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы құнды жәдігерлермен танысты. Кейінгі жылдары музей қоры ежелгі қалалар орнынан табылған жәдігерлерді негізге алып қайта жаңғыртылған «Шірік Рабат сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы», «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» археологиялық реконструкцияларымен толыққан болатын. Бүгінгі көрмеге келушілер осы жәдігерлерге ерекше назар аударды. Археологиялық экспедициялар кезінде табылған алтындар коллекциясы да осы жерден орын алған. Ежелгі өркениеттің бесігі саналатын Шірік Рабат және Бәбіш мола қалашықтарынан табылған алтын жапсырмалар сол дәуірдің көзіндей. Сондай-ақ, көрмеге орта ғасырларда сауда-саттық пен мәдениеті өркендеген Сығанақ қалашығынан табылған алтын сырғалар, тұмар, түймелер және маржан моншақтардың түпнұсқа коллекциясы қойылған. Шығыс жұртшылығы Жанкент, Асанас, Қышқала, Сығанақтан табылған терракоталар, глазурлі қаптамалар, қыш ыдыстар және Бидайықасар қалашығынан табылған қоссаз домбыра көшірмесін де қызыға тамашалады.Көрмедегі зергерлік және тұрмыстық бұйымдардың орны бөлек. Өңіржиек, жырға, алқа, ағаш жиһаздар, ыдыстар, тері бұйымдары Сыр бойында қолөнердің бай мұрасы сақталғанын көрсетеді. Қару-жарақ коллекциясындағы қылыш, айбалта, семсер, шоқпар, найза, қалқан, жебе тарихтан сыр шертеді.«Деде Қорқыт» кітабының Дрезден нұсқасы, нар қобыз, ЮНЕСКО сертификаты, кәдесыйлар, Марал ишанның көк асасы, Керей ерінің түпнұсқасы, Қалқай ишан, Сердалы Бекшорин, Ер Сейтпенбет, Бұқарбай батырдың мөрлердің көшірмелері де көрмеге келушілер қызығушылығын туғызды.Сондай-ақ, Абайдың 1922 жылы жарық көрген өлеңдер жинағы мен Қызылорданың астана болған кезеңінің фото және архив құжаттары көрме құндылығын арттыра түсті.Еске салайық, кеше «Сыр өңірі - түркі өркениетінің алтын бесігі» көрмесі Абай облысының жұртшылығына ұсынылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1072581?lang=kk
QazTrade акселерациясы нәтижесінде $189 млн экспорттық келісімшарт жасалды 14.10.2025
Қазақстанның шикізаттық емес экспорты кеңейіп келеді. 2020–2024 жылдары «Экспорттық акселерация» бағдарламасы арқылы 306 кәсіпорын шетелдік нарыққа шықса, жасалған келісімшарттардың жалпы көлемі 189 млн АҚШ долларынан асты. Биыл бағдарламаға тағы 120 өңдеуші өнеркәсіп пен қызмет көрсету компаниясы іріктелді. Бағдарламаның басты артықшылығы – кәсіпкерлерге нарықты зерттеу, өнімді сертификаттау, маркетинг пен қаптамада кәсіби көмек беру, сондай-ақ шетелдік алаңдарда оқыту мүмкіндігін ұсыну. Осы тұрғыда 2025 жылдың тамыз–қыркүйек айларында қазақстандық кәсіпкерлер Бейжің, Үрімші және Гуйян қалаларында білім алды. Оқыту агроөнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өңдеу және инновациялар салаларын қамтып, қатысушылар қытайлық стандарттар мен жетекші кәсіпорындардың тәжірибесін зерттеді және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады. «Қытай – өндіріс пен саудада әлемдік көшбасшы. Егер қазақстандық компаниялар жаһандық нарықта бәсекеге түскісі келсе, алдымен осы елдің талаптары мен тәжірибесін білуі шарт. Сол себепті біз акселераторларды дайындау алаңы ретінде Қытайды таңдадық», – деді QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров. «Оқу барысында біз негізінен өндірістегі қауіпсіздік мәселелерін талқыладық. Қытайлық әріптестердің жұмыс тәсілдері мен стандарттарын көзбен көріп, тәжірибеден өттік. Сондай-ақ ірі тоқыма фабрикаларына барып, мата үлгілері мен баға ұсыныстарын алдық. Ең қатты таңғалдырғаны – автоматтандыру деңгейі. Алып цехтарда бар болғаны елуге жуық адам жұмыс істейді, ал қалғанын толықтай роботтар атқарады. Бұл тәжірибеден Қазақстандағы тоқыма өндірісіне жаңа технология енгізудің маңызын түсіндік», – деді «UNIFORMA Systems» өндіріс жөніндегі менеджері Сандибек Далмаханов. Соның нәтижесінде Қытайдағы семинарлар қазақстандық өндірушілер үшін нағыз «экспорт мектебіне» айналды. Қатысушылар тек технология мен маркетинг бойынша білім алып қана қоймай, болашақ экспорттық келісімшарттарына қадам жасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1072652?lang=kk