Қуқық
Қызылорда облысының әкімі Әлем чемпионы мен бапкеріне пәтер және көлік кілттерін табыс етті 14.10.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев грек-рим күресінен Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалимен,жеке бапкері Ғабиден Райымбекпен кездесті.Әлем чемпионын жарқын жеңісімен құттықтау үшін басқосуға облыстың зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, спорт саласының ардагерлері, жаттықтырушылар мен жергілікті спортшылар қатысты.Аймақ басшысы бұл жеңіс Сыр өңірінің ғана емес, Қазақ елінің мәртебесін арттырғанын айтты.«Бүгін – біздің өңіріміз үшін ерекше қуанышты күн.Спорт әлеміндегі биік белесті бағындырып, Тәуелсіз Қазақстанымыздың атын төрткүл дүниеге танытқан жерлесіміз, мақтанышымыз Айдос Сұлтанғалиұлын грек-рим күресінен Әлем чемпионы атануымен құттықтау үшін арнайы бас қостық.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Спортшыларымыздың ерлігі – ел рухын көтеретін, ұлт бірлігін нығайтатын маңызды фактор», – деп ерекше атап өткен болатын.Айдос Сұлтанғалиұлы жақында Хорватия астанасы Загреб қаласында өткен ересектер арасындағы грек-рим күресінен Әлем чемпионатында араға 26 жыл салып, қазақ спорты тарихындағы теңдессіз жетістікке қол жеткізді. Осы тарихи жеңіс барша Қазақ елінің, Сыр жұртшылығының мерейін үстем етті.Грек-рим күресінен Әлем чемпионатының алтын медалін елімізге соңғы рет 1999 жылы Грекияның Афины қаласында өткен дүбірлі додада Мхитар Манукян (63 кг) алып келген болатын.Араға ширек ғасыр салып, жерлесіміз Айдос Сұлтанғали әлемдік аренада топ жарды.Чемпионымызды Мемлекет басшымыз арнайы құттықтап «Айдос – грек-рим күресінен осы ғасырдағы тұңғыш жеңімпаз»,– деп жоғары бағалады.Бұл жеңіс – жас балуандарымызға үлгі-өнеге, еліміздің спортына серпін беретін жоғары жетістік.Айдос бауырымыздың жеңісіне бапкері Ғабиден Райымбекұлының сіңірген еңбегі зор. Ол тек спортшыны емес, нағыз батыр азаматты тәрбиелеп шығарды. Шәкіртінің әрбір жеңісі бапкерінің маңдай терінің жемісі деп санаймыз. Қос батырымызға қандай құрмет көрсетсек те лайықты.Айдосқа бұған дейін де мемлекет, облыс тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Өткен жылы еліміздің, өңіріміздің жанашыр азаматы Бақдәулет Еркінбекұлының демеушілігімен автокөлік табысталған. Бұдан бөлек, ай сайын 1 млн. теңге мемлекеттік стипендия беріледі. Бұл қолдау әрі қарай жалғасады.Біз батырымызды әрдайым бабында болуы үшін қолдап, қорғауымыз керек. Алдағы Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрінуіне жан-жақты жағдай жасаймыз.Бүгінгі мерейлі сәтте барша Сыр жұртшылығының атынан Айдос бауырымызға жаңа автокөлік пен пәтер кілттерін, бапкері Ғабиденге де жаңа пәтер беру туралы шешім қабылдадық.Батырларымызға сый-сыяпаттарымызды табыстауға рұқсат етіңіздер», – деді Н.Нәлібаев.Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмағали Киікбаев сөз сөйлеп, құттықтау лебіздерін жеткізді.Басқосуда сөз алған грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Ғабиден Райымбек, грек-рим күресінен спорт шебері, Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командасының мүшесі, республикалық, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиұлы көрсетілген құрметке алғыс білдірді.Еске салайық, өңірде спорт саласын дамыту бағытында ауқымды жобалар қолға алынып, жүйелі жұмыс атқарылды. Өңірімізде соңғы 3 жылда 20 спорт кешені пайдалануға берілді, биыл тағы 6 нысан ел игілігіне табысталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1075042?lang=kk
Қазақстанның жетекші әскери жоғары оқу орны ғылым мен технология саласындағы ынтымақтастығын кеңейтуде 14.10.2025
ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков Алматы қаласына жұмыс сапары барысында еліміздегі жетекші ғылыми және білім беру мекемелерінің өкілдерімен кездесті.Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевпен өткен келіссөздердің нәтижесінде меморандумға қол қою жөнінде алдын ала келісімге қол жеткізілді. Ынтымақтастық аясында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, ғылыми-техникалық сараптамалар жасау, идеялар мен технологиялар алмасу, конференциялар, симпозиумдар мен семинарлар ұйымдастыру көзделуде.Satbayev University басшылығымен өткен кездесуде әскери жоғары оқу орнының басшысы ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлеу саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде генерал-майор Асқар Мұстабеков робототехника және ұшқышсыз авиациялық жүйелер саласындағы ынтымақтастық туралы ұсыныстарын таныстырды.– Әскери-ғылыми әлеуетті дамыту елдің алдыңғы қатарлы академиялық және техникалық орталықтарымен күш біріктіруді талап етеді. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы біз заманауи технологияларды енгізіп қана қоймай, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласында құзыретті жаңа буын офицерлерін дайындай аламыз, – деп әскери білім беруді жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті генерал-майор Асқар Мұстабеков.Тараптар ғылым мен әскери білім берудің интеграциясы елдің ұлттық қауіпсіздігі мен технологиялық дербестігін нығайту жолындағы маңызды қадам болатынына сенім білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1074845?lang=kk
Сенат электрондық сауданы реттеу туралы заңды мақұлдады 14.10.2025
Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар электрондық сауда мәселелері туралы заңды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.Отырыс барысында Палата депутаттары «2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарады. Хаттаманы ратификациялау электрондық сауданы реттеу үшін құқықтық база құруға, электрондық сауда тауарларын кедендік әкімшілендіруді жақсартуға, техникалық регламенттердің сақталуына және әкелінетін тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бақылауды күшейтуге жол ашады. Сондай-ақ кедендік төлемдер мен салықтарды жинау есебінен бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді.«Қаралған хаттама шетелдік интернет-алаңдарда сатып алынған тауарлардың кедендік шекарадан өту тәртібін айқындауды көздейді. Соған сәйкес «электрондық сауда операторы» ұғымы және кедендік декларацияның жаңа түрі – электрондық сауда декларациясы енгізіліп отыр. Құжатта кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге арналған өзге де нормалар бар. Алдағы уақытта заң Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында электрондық сауда саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.https://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/14161 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1074884?lang=kk
Атырауда білім саласының 300 маманы сыбайластыққа қарсы форумға қатысты 14.10.2025
«Сыбайластыққа қарсы мәдениет: білім ұяларынан бастау алатын игі қадам» атты форумға мектеп басшылары, есепші және материалдық базаға жауапты мамандардан құралған 300-ге жуық адам қатысты, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.- Бұл іс-шара сыбайластықтың алдын алу, бұрынғы қателіктерді қайталамау және заңға енген жаңа өзгерістерді мамандарға түсіндіру мақсатында өтуде. Парақорлыққа қарсы күрес — барлығымыздың ортақ міндетіміз. Адалдыққа тәрбие балабақша мен мектептерден басталады, - деді Атырау қалалық Білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.Форумда бірқатар спикер баяндама жасады. Олардың қатарында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің АОБ департамент басшысы Нұрлан Еркебаев, “АзияСервис” ЖШС маманы Әли Жапар, Тексеру комиссиясының мүшесі Жанат Дауылбаев, Мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Салтанат Төлепова, сондай-ақ “Білім-Инновация” қорының өкілі Самат Смақов бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1074933?lang=kk
Қазақстан мен Испания өзара ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты 14.10.2025
Астана, 2025 жылғы 23 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Луис Франсиско Мартинесті қабылдады.Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы стратегиялық серіктестікті нығайтудың қазіргі жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ алдағы іс-шаралар жоспарын талқылады.Кездесуде Қазақстан мен Испания арасындағы қарқынды сауда-экономикалық байланыстарда испандық жетекші компаниялардың қатысуымен елімізде ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылып жатқаны аталып өтті.Қазақстандағы испан тілі мен мәдениетінің танымалдылығын ескере отырып, дипломаттар өзара қызығушылық тудыратын мәдени-гуманитарлық жобаларды жан-жақты қарады. Сондай-ақ спорттық дипломатия мәселелері талқыланды.Испания Елшісі екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жандандыруға және одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1074639?lang=kk
Қостанайда «Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларының жеңімпаздары марапатталды 14.10.2025
24 қыркүйек күні IQostanay оқушылар сарайында республикалық «Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларының өңірлік кезеңі жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Қатысушыларды Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Ғизатқызы құттықтады.«Еңбекқорлық, кәсібилік пен адал еңбек – кез келген қоғамдағы прогресс пен құрметтің негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің дамуына еңбек адамының қосқан үлесін мойындаудың маңыздылығын үнемі атап өтеді. Бұған дәлел – биылғы жылдың Жұмысшы мамандықтарының жылы болып жариялануы. Бұл күн сайынғы еңбегімен, жауапкершілігімен, кәсібіне деген сүйіспеншілігімен өмірімізді жақсартып, елімізді нығайтып жүрген адамдарға көрсетілген құрмет», – деді өз сөзінде Гүлбарам Ғизатқызы. «Еңбек жолы» — сабақтастық, құрмет және мамандыққа деген мақтаныш«Еңбек жолы» байқауы еңбек әулеттері, тәлімгерлер мен жас мамандардың тарихын баяндайды. Биыл оған облыстың 26 кәсіпорын қызметкері қатысты. Жеңімпаздар үш аталым бойынша анықталды:«Үздік еңбек әулеті» — Рудный қаласынан Сазоновтар әулеті жеңімпаз атанды. Бұл әулеттің бірнеше буыны бір іске өмірін арнап, тәжірибе мен құндылықтарды, кәсібіне деген сүйіспеншілікті ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді. Әулеттің ССТӨБ жалпы еңбек өтілі – 225 жыл.«Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» — Қостанай қаласынан Фасхутдинов Ришат Изахович. Ол өз міндетін абыроймен атқарып қана қоймай, «ҚЖЭК» МКК жас әріптестерінің өсіп-дамуына көмектеседі.«Өндірістің үздік жас қызметкері» — Жітіқара қаласынан Арстамбаев Асылбек Ербулатович.. Оның табысқа деген ұмтылысы, еңбекқорлығы мен кәсібилігі қатарластарына үлгі болды.Асылбек Арстамбаевтың айтуынша: «Мен электромонтер мамандығын таңдадым, себебі бұл маған қызық. Маған қолмен жұмыс істеп, техниканы зерттеу, жабдықтарды қосу ұнайды. Бұл мамандық әрқашан қажет болады – электр қуаты барлық жерде бар: үйде, жұмыста, өндірісте. Сонымен қатар электромонтер – адамдардың қауіпсіздігіне жауапты, үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс». Жеңімпаздарға естелік мүсіншелер мен ақшалай сыйлықтар табысталды, ал барлық қатысушылар дипломдармен және өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапатталды.«Парыз» — әлеуметтік бизнес пен адамдарға қамқорлық туралы«Парыз» байқауы тек пайда табуды ғана емес, сондай-ақ маңызды әлеуметтік миссияны да мойнына алатын қамқор кәсіпорындарды атап өтеді. Биыл оған өңірдің 8 жұмыс берушісі қатысты, олардың әрқайсысы құрметке лайық.Жеңімпаздар төмендегідей аталымдар бойынша анықталды:«Әлеуметтік жауапкершілігі ең жоғары кәсіпорын» — Қостанай ауданынан «Белозерка 2030» ЖШС. Компания тек бизнес жүргізіп қана қоймай, адамдар мен жергілікті қауымдастыққа қамқорлық жасайды.«Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» — Жітіқара ауданынан «Қостанай минералдары» АҚ, мұнда қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігі әрдайым басты орында.«Үздік ұжымдық шарт» — Қостанай қаласынан «Қостанай жылуэнергетикалық компаниясы» МКК. Мұнда еңбек ұжымы тұрақтылықты, қолдауды және құрметті сезінеді.«Экологияға қосқан үлесі үшін» — Рудный қаласынан «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, кәсіпорын экологиялық жауапты тәжірибелерді белсенді енгізуде. Бұл байқаулар – өңірдің әр жетістігінің артында адамдар тұрғанын еске салатын маңызды шара. Еңбек ететін, шабыттандыратын, тәлім беретін және қамқорлық көрсететін адамдар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1074669?lang=kk
«Айбалта – 2025» оқу-жаттығуы: әскери қызметшілер Ашық есік күнін өткізді 14.10.2025
«Айбалта – 2025» жедел-стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында 99116 әскери бөлімінің басшылығы білім беру мекемелерінің оқушылары үшін әскери бөлімге экскурсия ұйымдастырды.Әскери борыш алдындағы жастармен кездесу Маңғыстау облысы Бейнеу ауылындағы 99116 әскери бөлімінің аумағында өтті.– Біз мектеп оқушыларын, студенттерді және жас жұмысшыларды әскери бөлімге шақырдық. Мақсатымыз – олардың армия өмірімен танысуына мүмкіндік беру, сарбаздардың оқу процесі қалай ұйымдастырылғанын, дене шынықтыру және демалыс жағдайлары қалай жасалғанын көрсету. Болашақта олар да әскери мамандықты таңдауы мүмкін, – деп атап өтті ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев.Қонақтар әскери нысанды аралау барысында заманауи қару-жарақ пен әскери техника үлгілерімен танысты. Сондай-ақ, оларға жауынгерлік дайындық элементтері көрсетілді.Жастар әскери қызметшілермен тілдесіп, сұрақтар қойып, Отан қорғаушы миссиясына дайындық бойынша практикалық кеңестер алды.Іс-шараның мақсаты – әскери борыш алдындағы жастардың патриоттық сезімін қалыптастыру, әскери қызметтің беделін арттыру және армия мен қоғам арасындағы байланысты нығайту.Бұл кездесу арқасында мектеп оқушылары армиядағы қызметтің мәнін, сондай-ақ Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарға берілетін жеңілдіктерді нақты түсіне алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1074696?lang=kk
Облыстағы жолдардың құрылысы мен қайта жаңғыртылуы 14.10.2025
Қостанай облысының автожол саласына 2025 жылға арналған бюджеті – 102 млрд теңге. Оның ішінде:республикалық маңызы бар жолдарға – 47 млрд теңге,жергілікті жолдарға – 20 млрд теңге,межбюджеттік трансферттерге – 35 млрд теңге. Биыл жалпы пайдаланымдағы 1 300 шақырым автожолды (104 учаске) және 103 елді мекендегі 400-ден астам көшені жөндеу жоспарланып отыр. Алғаш рет 57 ауылға кіреберіс жолдарда күрделі жөндеу жұмыстары басталды, бұрын мұнда тек ағымдағы күтім жүргізілген еді. Ауылдық жерлердегі көше-жол желісін дамыту:98 ауылдағы 293 көше учаскесіне алғаш рет асфальт төселмек.Ауылдарда жаяу жүргіншілерге арналған тротуарларды салу облыстық бюджет есебінен қаржыландырылуда. Барлық шаралар ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Соңғы үш жылда (2022–2024) облыстың автожол саласына 120 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 1 900 шақырымға жуық жергілікті маңызы бар жолдар және елді мекендердегі 923 көше учаскесі жөнделді. Жұмыстардың сапасын бақылау:«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қостанай филиалының қызметтеріне 442 млн теңге бөлініп, барлық жобалар 100% сапа сараптамасымен қамтылды.440 тексеріс жүргізіліп, 949 сынама алынды. Мердігерлер сапасыз орындалған жұмыстарды өз есебінен қайта жасап, оның құны 88,1 млн теңгені құрады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1074706?lang=kk
Ұлттық экономика министрлігі: Қазақстан экономикасы тұрақты өсім көрсетуде 14.10.2025
ҚР ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасеновтің айтуынша, ағымдағы жылдың 8 айында ЖІӨ-нің өсімі 6,5%-ды құрады, оның ішінде нақты сектор 8,8%-ға, қызмет көрсету саласы 5,1%-ға өсті. Ең жақсы көрсеткіштерді көлік қызметтері, құрылыс, сауда, сондай-ақ тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы көрсетуде. «Негізгі капиталға салынған инвестициялар 14,3%-ға өсіп, 11,5 трлн теңгеге жетті. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда НКИ өсімін қаржылық және сақтандыру қызметі – 204 %, білім беру – 193%, өңдеуші өнеркәсіп – 134%, ауыл шаруашылығы – 129%, көлік – 115%, денсаулық сақтау – 115%, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар – 111% көрсетті», - деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында. 2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанға ТШИ жалпы ағыны 6,6 млрд долларды құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,2 %-ға артық.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1074728?lang=kk
Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсарту үшін инвесторларды қолдаудың жаңа тетіктері енгізілуде 14.10.2025
ҚР ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов ОКҚ алаңында атап өткендей, Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің рөлі күшейтілді, оның өкілеттіктері инвестордың барлық қажетті рәсімдерден жедел және оңайлатылған түрде өтуіне мүмкіндік береді. Өңірлік инвестициялық штабтар құрылды. «Құны 54 млн АҚШ долларынан асатын басым салалардағы инвестициялық жобалар үшін 25 жыл ішінде ҚР заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беретін Инвестициялар туралы келісім жасасу мүмкіндігі берілді. Бұл құрал мемлекеттік қолдаудың түрлі шараларын құрылымдауға икемді және жеке тәсілді қамтамасыз етеді», - деді спикер.Сонымен қатар, инвестициялық циклды толық сүйемелдеу мақсатында инвесторларды іздеуден бастап жобалардың аяқталуына дейін «инвестордың жолын» регламенттеу бойынша жұмыс жүргізілді, ол Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада (ҰЦИП) қадағаланатын болады. Бақылаушы мемлекеттік органдар тарапынан бизнеске қысымды барынша азайту тетігі енгізілді. Енді инвесторларға қатысты барлық шешімдер мен шектеу шаралары прокуратурамен келісілуге тиіс. Экономиканың басым салаларындағы инвестициялық жобалар үшін Fast Track немесе «жасыл дәліз» жүйесі жұмыс істейді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1074766?lang=kk
Абай облысында Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы кездесулер өткізді 14.10.2025
Күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Абай облысына Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы келді.Топ құрамында – облыс әкімдігі мен қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, Құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың орталық ансамблінің әртістері, Орталық әскери оркестрдің музыканттары, сондай-ақ Әскери-тарихи музей қызметкерлері бар.Жарма ауданына қарасты Қалбатау ауылында тұрғындарға Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсу мүмкіндіктері мен әскери қызметтен өткен азаматтарға берілетін білім беру жеңілдіктері таныстырылды. Топ жетекшісі - Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің басқарма бастығы полковник Мұрат Агубаев жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтіп, ауыл тұрғындарына Қорғаныс министрінің орынбасары атынан алғыс хат табыстады.Кездесудің ерекше сәті – Қалбатау ауылының тұрғыны Әсел Садықованы туған күнімен құттықтау болды. Алдымен оның Қарулы күштер қатарында қызмет етіп жүрген ұлы қатардағы жауынгер Әлинұр Серікұлының бейнеқұттықтауы көрсетілді. Кейін сахнаға Әлинұрдың өзі шығып, анасына гүл шоғын табыстап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.Ауыл тұрғындары Әскери-тарихи музейден әкелінген жәдігерлермен танысып, Құрмет қарауыл ротасы мен шығармашылық ұжымдардың концертін тамашалады.Осындай шаралар Семейде, Курчатовта, Бесқарағай мен Бородулиха аудандарында да өтті. Олар Отанды сүю мен әскери қызметке құрмет көрсетуді ортақ құндылық ретінде дәріптеп, бірнеше ұрпақты бір арнаға тоғыстырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1074560?lang=kk
Әділет министрі азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті 14.10.2025
24 қыркүйекте, Қазақстанның 12-ші Азаматтық форумы қарсаңында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың азаматтық қоғам өкілдерімен кездесуі өтті.Министр азаматтық қоғамның маңызды рөлін атап өтті, әсіресе Әмбебап кезеңдік шолу және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт аясында ұлттық баяндамаларды дайындау мен қорғау шеңберінде. Бұл күш-жігер Қазақстанның халықаралық беделін нығайтып, елдің адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерге адалдығын растады.Әділет министрлігімен Мемлекет басшысының цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту жөніндегі Жолдауында қойылған міндеттер аясында, әділет жүйесіндегі цифрлық трансформацияның барысын, оның әкімшілік кедергілерді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудағы рөлін, сондай-ақ халық үшін көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуін таныстырылды.«Мемлекет басшысы жақында жасаған Жолдауында, сондай-ақ кеше БҰҰ-ның кезекті сессиясында Бас мінберден сөйлеген сөзінде ел дамуының негізгі бағдарларын айқындады. «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы – әділетті де қуатты мемлекеттің негізі. Тұжырымдаманың ережелері әрбір азаматқа қатысты, оны ең алдымен әркім өзінен бастап жүзеге асыруы қажет», – деп атап өтті Әділет министрі.Кездесу қорытындысы бойынша Министр азаматтық қоғам өкілдеріне сындарлы ынтымақтастық пен нәтижелі серіктестігі үшін алғыс білдіріп, бірлескен жұмысты жалғастыруға шақырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1074298?lang=kk
Алматы облысында тұқымдарды бақылаудың пилоттық цифрлық жүйесі іске қосылды 14.10.2025
24 қыркүйекте Алматы облысында Ұлттық ғылым академиясы ғалымдары аграрлық университеттермен бірлесіп әзірлеген тұқымдардың қадағалауына арналған цифрлық жүйе таныстырылып, пилоттық режимде іске қосылды.ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев тұқым сапасының өнімділікке тікелей әсер ететінін ерекше атап өтті:«Қазақстанда әлі де болса ауыл шаруашылығы өнімділігі төмен деңгейде қалып отыр. Соңғы 10 жылдағы талдау нәтижесі көрсеткендей, табиғи-климаттық жағдайы бізге ұқсас Канадада астық дақылдарының орташа өнімділігі 28 пайызға өсіп, гектарына 38 центнерге жеткен. Ал Қазақстанда өсім небәрі 6 пайызды құрап, гектарына 12 центнер деңгейінде қалды. Мұндай жағдайдың басты себептерінің бірі — сапасыз тұқымдарды пайдалану. Сондықтан цифрлық бақылау жүйесін енгізу салада тәртіп орнатып, оны жаңа деңгейге көтереді», — деді ол.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңір жоғары нәтижелер көрсетіп отырғанымен, сапалы тұқымға деген сұраныс толық қамтамасыз етілмегенін айтты:«Биыл облыста күріштің өнімділігі гектарына 52 центнерге жетті. Бұл орташа көрсеткіштен 2,5 есе жоғары. Дегенмен шаруаларға 62 мың тонна тұқым қажет, ал жергілікті өндіріс небәрі 2 мың тонна көлемінде ғана қамтамасыз етіп отыр. Сол себепті отандық селекцияны дамыту мен цифрлық бақылауды енгізу біз үшін стратегиялық басымдық болып қала береді», — деп атап өтті ол.Семинарға қатысушылардың айтуынша, жаңа жүйе барлық үдерістердің — сортты әзірлеуден бастап шаруашылықта пайдалануға дейінгі кезеңнің ашықтығын қамтамасыз етеді. Ол жалған есеп беруді болдырмай, заңсыз субсидия алуға жол бермей, сорт авторларына әділ роялти төлемдерін кепілдейді.Семинар жұмысына Академия президенті, Алматы облысының әкімі, ғалымдар, Ауыл шаруашылығы министрлігі, ФАО, агробизнес пен шаруа қожалықтарының өкілдері қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1074414?lang=kk
Қарулы Күштерде Сағадат Нұрмағамбетовты еске алу іс-шаралары өтті 14.10.2025
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған іс-шаралар өтті.Аса көрнекті қолбасшы 2013 жылғы 24 қыркүйекте, 89 жасында өмірден озды. Дегенмен оның Отанға сіңірген өлшеусіз еңбегі мен өнегелі өмір жолы ел жадында мәңгі сақталады.Алматыдағы оның есімі берілген Құрлық әскерлері әскери институтында оқу сабақтары бір минут үнсіздікпен басталды, курсанттарға армия генералының өмірі мен офицерлік жолы туралы айтылды. Астанадағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің жеке құрамы даңқты қолбасшы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.Армия генералының туған жері – Ақкөл қаласында, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы саябақта жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің және тұрғындардың қатысуымен гүл қою рәсімі өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1074417?lang=kk
Аймақ басшысы денсаулық сақтау саласының ардагері Бисенкүл Кәрібаеваны 70 жас мерейтойымен құттықтады 14.10.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев денсаулық сақтау саласының ардагері Бисенкүл Өтегенқызы Кәрібаеваны 70 жас мерейтойымен құттықтады. Басқосуға зиялы қауым өкілдері, денсаулық сақтау саласының ардагерлері, қызметкерлері қатысты.Аймақ басшысы туған жер алдындағы азаматтық парызын адал атқарған ел ағалары мен ақ жаулықты аналарымыздың ерен еңбегін құрметтеу қасиетті парыз екенін айтып, мерейтой иесіне құттықтауын жеткізді.«Өңірімізде медицина саласының өркендеуіне, халықтың денсаулығын сақтауға ерекше еңбек сіңірген ардақты аға-апаларымыз аз емес. Сол кісілердің ізін басып, ел игілігі үшін атқарған абыройлы қызметтерін жалғаған дәрігерлеріміздің қатарында бүгінде мерейлі 70 жасқа толған Бисенкүл Өтегенқызын ерекше атап өтуіміз керек.Ол 1955 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» факультетінде білім алған.Еңбек жолын 1979 жылы №2 Қызылорда қалалық емханасында дәрігер болып бастап, бас дәрігердің орынбасары, бас дәрігер қызметтерін атқарды. №5 қалалық емханада, иммунтапшылығы синдромымен күрес орталығында бас дәрігер болған кезінде білікті маман әрі ұйымдастырушы ретінде халықтың ризашылығына бөленді.Құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін медицина орталығында қызметін жалғастырып, жас мамандарға саланың қыр-сырын үйретумен айналысып келеді.Бисенкүл Өтегенқызының еңбегі бағаланып, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.Сізді Сыр жұртшылығының атынан мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!», – деді Н.Нәлібаев.Жиында облыс әкімі мерейтой иесіне Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, дәстүрге сай құрмет көрсетті. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қызылорда облысының құрметті азаматы Абдулла Шүленбаев, Денсаулық сақтау ісінің үздігі Қаракөз Балабекова сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1074217?lang=kk
Алатау – смарт қалаға айналуда 14.10.2025
Мемлекет басшысы өз Жолдауында Алатау қаласының смарт қалаға айналуы тиіс екенін атап өткен болатын. Бұл тапсырма аясында жүйелі шаралар қабылданып, өңірде ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.Алатау қаласында IT саласы бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. «Smart City» тұжырымдамасы шеңберінде жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған 300 бейнебақылау камерасы мен 6 ақпараттық-бағдарламалық кешен орнатылды. Мұндай қадамдар қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қалалық инфрақұрылымды тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұжырымдамадағы базалық бастамалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.Жалпы, IT және жасанды интеллект саласы – өңірдің болашақ дамуының негізгі драйвері. Сондықтан облыс басшылығы бұл бағыттағы жобаларды толық қолдап, жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасауда. Алатау қаласындағы арнайы экономикалық аймақ жоғары технологияларды дамытуға арналған ең қолайлы алаң болып табылады.Қазіргі басты міндет – инфрақұрылымды жедел аяқтау, білім беру жүйесін жаңа технологияларға бейімдеу және жас таланттарға мүмкіндік беру. Жасанды интеллект – болашақтың ғана емес, бүгінгі күннің шындығы.Бүгінгі таңда облыс деңгейінде «Цифрландыру және инновациялық даму» бағыты бойынша нақты жоспарлар әзірленген. Жаңа технопарктер, инкубаторлар және стартап-платформалар құру қолға алынуда. Жергілікті жоғары оқу орындары мен колледждер IT және AI мамандарын дайындауға белсене атсалысуда. Сондай-ақ, шетелдік және отандық ірі IT-компанияларды Алатау қаласындағы арнайы экономикалық аймаққа тарту бағытында келіссөздер жүргізілуде.Президент атап өткендей, жасанды интеллектті қолдану – енді жай сөз емес, экономиканың нақты драйвері. Ол өндіріс үдерістерін автоматтандырады, қызмет сапасын арттырады және құн тізбегін тиімді етеді.Бұл тұрғыда басты ұстаным – болашақты бүгіннен бастау. Егер өңір жасанды интеллектке, үлкен деректерге және автоматтандыруға дер кезінде бет бұрмаса, жаһандық бәсекеде артта қалу қаупі бар. Сондықтан мұндай бастамаларға тек дайын болу емес, алғашқылардың бірі болып қадам жасау қажет. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1073832?lang=kk
Қазақстан Қарулы күштерінің үздік сержанты анықталды 14.10.2025
ҚР Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжінің «Амандық» оқу орталығының базасында сержанттардың Бүкілармиялық XV байқауы аяқталды.Жас командирлер арасындағы турнирге бөлімдерде, құрамалар мен өңірлік қолбасшылықтарда іріктеуден өткен тоқсанға жуық сержант қатысты. Әскери қызметшілердің жауынгерлік және дене даярлығы жеке және командалық есептер бойынша бағаланды.– Биылғы жиынның ерекшелігі тактикалық медицина элементтерімен нақты ұрыс жағдайын модельдейтін сценарийлерді пысықтау, таулы немесе жоғарғы рельефті жерде бағдар табу, бөлімше құрамында ұрыс жүргізу болды, – деді ҚР ҚК Бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықов. – Бұл жарыстар сержанттардың төтенше жағдайларда жылдам әрекет етуді талап ететін сәттерде қалай жұмыс істейтіндігін анық көрсетуге мүмкіндік берді.Байқау сегіз кезеңнен тұрды. 7 жаттығуды қамтитын көпсайыс түрінде өткен «Айбын» әскери-спорттық жарысында Десанттық-шабуылдау әскерлері 48386 әскери бөлімінің әскери қызметшісі сержант Жандарбек Исабеков жеке есепте үздік деп танылды. 14776 әскери бөлімінен аға сержант Бекзат Әжіғалиев «Бағдар» номинациясында топографиялық карталарды пайдалану, шайқаста және маршта бағдарлау жөніндегі нормативтерді орындауда жеңімпаз болды. Тактикалық медицина бойынша өткен «Жәрдем» жарысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 66597 әскери бөлімінің өкілі 2-сыныпты сержант Алмат Аманбаев үздік атанды.«Қайсар» әскери-кәсіби сайысында сержанттар толық жабдықталған кедергілер жолағын еңсерді. Мұнда Десанттық-шабуылдау әскерлері 18404 әскери бөлімінен 3-сынып сержант Жандос Рақымғазы үздік нәтиже көрсетті. 15 келі жүкпен 21 шақырымға жасаған марш кезінде ол 2 сағатпен рекорд жасады. «Білімпаз» зияткерлік сайысында Әскери полиция бас басқармасының атынан қатысқан 3-сыныпты сержант Ермек Жүнісов жеңімпаз болды. «Мерген» жарысында 14776 әскери бөлімінен 3-сыныпты сержант Данияр Сапаралиев үздік атқыш атанды. Тактикалық дайындық бойынша 7 норматив пен жаттығуды қамтитын «Керуен» кезеңінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 30238 әскери бөлімінің 2-сыныпты сержанты Тілеубай Махамбетов жеңіске жетті. Ол сондай-ақ «Жекпе-жек» жарысында да үздік техникалық жекпе-жек шебері деп танылды.Жалпы командалық есепте бірінші орынды Десанттық-шабуылдау әскерлерінің командасы жеңіп алды. Екінші орынды 14776 әскери бөлімі иеленді. «Батыс» өңірлік қолбасшылығы жеңістің үшінші сатсына көтерілді. Десанттық-шабуылдау әскерлері 18404 әскери бөлімінің әскери қызметшісі 3-сыныпты сержант Жандос Рақымғазы «Әскер тұғыры» абсолютті жеңімпаз атнды. Ұйымдастырушылар атап өткендей, жарысқа қатысушылар жоғары кәсібилік, тамаша тактикалық дайындық және күш-қуат төзімділігін көрсетті. Байқау мықты сержанттарды анықтап қана қоймай, кәсіби дағдыларды жетілдіруге, тәжірибе алмасуға және жауынгерлік рухты нығайтуға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1073982?lang=kk
Қорғаныс министрлігі MyArmy.kz порталын іске қосты 14.10.2025
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі азаматтардың әскермен өзара іс-қимылы үшін бірыңғай цифрлық алаң болуға арналған жаңа MyArmy.kz. интернет-порталын іске қосты.Осы сайт арқылы бұрын жергілікті әскери басқару органдарына жеке жүгінуді талап ететін қызметтер қол жетімді. Енді азаматтар мерзімді немесе келісімшарттық қызметті өткеруге өтініш бере алады, жиі қойылатын сұрақтармен таныса алады, өзекті жаңалықтар мен материалдарға қол жеткізе алады, сондай-ақ кері байланыс нысандарын пайдалана алады. Портал құру рәсімдерді жеңілдетуге және шақыру комиссиялары жұмысының ашықтығын арттыруға бағытталған. Тіркеу және құжаттарды рәсімдеу онлайн режимде жүзеге асырылады, бұл бюрократияны азайтып, адами факторды азайтуы керек.Үміткер мерзімді қызмет өткеру шарттарымен танысып, сайтта бар нысанға сәйкес өтінім береді. Өтінім үш кезеңнен өтеді: жасалған, өңделуде, қабылданды/қабылданбады. "Жасалған" мәртебесі өтінімді жергілікті әскери басқару органы (әскери комисариат) қабылдағанын және тексеру шаралары жүргізіліп жатқанын білдіреді. "Өңделуде" мәртебесі тексеру шаралары аяқталғанын және үміткер медициналық комиссиядан өту үшін тұрғылықты жері бойынша әскери комиссариатқа келуі керек екенін білдіреді. Медициналық комиссиядан өту кезеңін жеделдету үшін үміткерге "өңделуде" мәртебесінде қажетті талдаулар мен анықтамалардың тізбесі ұсынылатын болады, олармен әскери комиссариатқа келуге тиіс. Медициналық комиссиядан өткеннен кейін, сондай-ақ барлық кандидаттардың жеке қасиеттерін зерделегеннен соң өтінімнің мәртебесі "қабылданды" не "қабылданбады" болып өзгертіледі.MyArmy.kz сайтын іске қосу SARBAZ + пилоттық жобасы шеңберінде іске асырылады және Қорғаныс министрлігінің Қарулы күштерді цифрландыру жөніндегі жүйелі жұмысының бөлігі болып табылады. Қазіргі уақытта SARBAZ + жобасы Алматы облысындағы 78460 әскери бөлімінде сыналуда. Үміткерлерді іріктеу Алматы қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде өткізіледі. Сәтті сынақтан өткеннен кейін оны Қарулы күштердің басқа әскери бөлімдеріне енгізу жоспарланып отыр.Порталдың пайда болуы қызмет жағдайларын жақсартуға, әскерге шақырылушылар үшін жаңа әлеуметтік және білім беру мүмкіндіктерін енгізуге бағытталған. Екі бастама да Қарулы күштерді жаңғыртуға және қорғаныс ведомствосы жұмысының ашықтығын арттыруға бағытталған.Алда MyArmy.kz негізгі сервистерді біріктіретін және азаматтардың әскермен өзара іс-қимылын неғұрлым қолжетімді, түсінікті және ыңғайлы ететін заманауи цифрлық құралға айналады. Сонымен қатар, әскерге шақырылушылар бұрын алған мамандығына және қызмет аяқталғаннан кейін азаматтық салада әскери дағдыларды қолдану перспективаларына назар аудара отырып, қызмет өткергісі келетін әскери бөлімді дербес таңдай алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1073765?lang=kk
Түркістандағы ет жәрмеңкесінде өнімнің келісі 2600 теңгеден сатылып жатыр 14.10.2025
Түркістандағы «Қуаныш» базарында аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері жәрмеңке өтеді. Бұл жәрмеңкеде күніне 8-14 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатылады. Бүгін өңірдегі жәрмеңкеде 1300 келі сиыр еті 2600 теңгеден қала тұрғындарына ұсынылды. Түркістан қаласында сиыр еті 50-ден астам сауда нүктесінде әлеуметтік бағада сатылып жатыр. «Айналым схемасы» тетігі аясында сауда желілерімен келісімшарттар жасалып, сиыр етінің сүйекті күрек-кеуде бөлігінің келісі 2 070 теңге деңгейінде белгіленген бағада сатылуда. Сондай-ақ өңір нарығында келісі 3700-3800 теңге болатын коммерциялық бағадағы ет өнімдері де бар. Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Жалпы облыстың барлық аудардарында аптасына 16 жәрмеңке өткізіледі. Мұнда ет және өзге де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік нарықтағы бағадан 15-20% төмен сатылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1073542?lang=kk
Мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов 80 жаста 14.10.2025
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Сәрсенұлы Досманбетовты 80 жасқа толу мерейтойымен құттықтады. Басқосуға зиялы қауым өкілдері, мерейтой иесімен қызметтес болған замандастары қатысты.Аймақ басшысы Бақберген Сәрсенұлының еңбек жолына тоқталып, ізгі тілегін жеткізді.«Бүгінгі ресми жиынымыз адал еңбегімен халықтың ықыласына бөленген, өнегелі істердің ұйытқысы болған ардақты ағамыздың құрметіне арналады. Өңірдің дамуына елеулі еңбек сіңірген, есімі Сыр жұртына етене таныс Бақберген Досманбетов ағамыз 80 жасқа толды.Бақберген Сәрсенұлы 1945 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Мәскеу басқару институтының құрылыс және қала шаруашылығы факультетінде білім алған.Еңбек жолын теміржолда қарапайым жұмысшы ретінде бастап, әр жылдары бұрынғы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институты, қазіргі Қорқыт ата атындағы университетте комсомол комитетінің хатшысы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, проректор, ректор, Қызылорда қаласының әкімі қызметтерін атқарған.Экономика саласын зерттеп, 9 монография, 60 ғылыми мақала жазған.Қала әкімі болған тұста өңіріміздің тіршілігіне серпіліс әкеліп, жұмыс орындарының жандануына мүмкіндік жасады.Парламент Сенатының II, III, IV шақырылымының депутаты ретінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамалар көтеріп, ел игілігін көздейтін заңдардың қабылдануына елеулі үлес қосты.Тәуелсіздіктің қалыптасу жылдарында елде жұмыссыздық белең алып, айлап-жылдап еңбекақы, зейнетақы берілмеді. Электр энергиясы жетіспей, көгілдір отын арман болып, арбалап ағаш тасығанымыз да көз алдымызда. Сондай заманда елді бірлікке үндеп, сабыр мен төзімнің үлгісін көрсеткен осындағы аға буын Сіздердің еңбектеріңіз ерен.Ерекше атап өтуіміз қажет, қаламыздың сол жағалауында орналасқан, көркі мен сәулеті келіскен «Болашақ» университетінің құрылғанына да 30 жыл толды.Бүгінде университеттен өңіріміз бен еліміздің еңбек нарығына қажетті мамандар білім алып, ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Бұл – Бақберген Сәрсенұлы ағамыздың білім мен ғылымға деген құрметінің нақты көрінісі.Сыр жұртшылығының атынан Сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Ұзақ ғұмыр, деніңізге саулық, отбасыңызға бақ-береке тілейміз!», – деді Н.Нәлібаев.Басқосуда облыс әкімі мерейтой иесіне Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, дәстүрге сай иығына шапан жапты. Ел ағалары Ибрагим Әбибуллаев, Бекмырза Еламанов, Нажмадин Мұсабаев, Сәпен Аңсат, Қылышбай Бисенов сөз сөйлеп, Бақберген Сәрсенұлының елге жасаған елеулі еңбегін атап өтті.Бақберген Сәрсенұлы Досманбетов экономика ғылымдарының докторы, «Болашақ», Қорқыт ата атындағы Қызылорда, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттерінің профессоры, Қазақстан Республикасы Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі, «Құрмет», «Парасат», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған, Қызылорда облысының құрметті азаматы.Жиын соңында мерейтой иесі көрсетілген құрметке алғаусыз алғысын білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1073599?lang=kk