Enbekshi QazaQ

Қоғам

Кенияда Наурыз мерекесін алғаш рет атап өтті 22.03.2026
Найроби, 2026 жылғы 21 наурыз – Қазақстан Республикасының Елшілігі Кенияда алғаш рет Наурыз мерекесін салтанатты түрде атап өтті.Іс-шараға болу еліндегі мемлекеттік органдардың өкілдері, БҰҰ жүйесіндегі халықаралық ұйымдар, дипломатиялық корпус, бизнес-қауымдастық, діни және мәдени ұйымдар қатысты.Қазақстан Елшісі Барлыбай Садықов өз сөзінде, Наурыз мейрамының тойлануы еліміздің тарихындағы маңызды оқиғамен – 2026 жылғы                                15 наурызда өткен жалпыұлттық Референдумның табысты өтуімен және жаңа Конституцияның қабылдануымен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Бұл оқиға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» құруға, парламентаризмді нығайтуға және азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуын кеңейтуге бағытталған реформаларын жүзеге асырудың маңызды кезеңіне айналды.«Бүгін, 21 наурыз «Наурызнама» күнтізбесінде Ынтамақтастық күні ретінде ерекше орын алады. Бұл – Қазақстанның халықаралық құқық нормалары пен БҰҰ Жарғысын сақтай отырып, дауларды мен жанжалдарды тек дипломатиялық жолмен шешуге бейілділігін растайтын және әлемдік аренада ілгерілетуге ұмтылатын асқақ рухы», – деп атап өтті Елші Садықов.Іс-шараның құрметті қонағы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-Хабитат Атқарушы директоры Анаклаудия Россбах өз сөзінде Наурыздың жаңару мен бірліктің символы ретінде ұлттық мереке шеңберінен әлдеқайда асып түсетінін атап өтті. Ол бұл мерекенің ғасырлар бойы достық пен тату көршілік қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал ететін терең мәдени маңыздылығына тоқталды. Россбах ханымның айтуынша, адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікке, сондай-ақ қоғам ішіндегі ынтымақтастыққа үндейтін Наурыз философиясы БҰҰ-ның тұрақты дамуды қамтамасыз ету жөніндегі миссиясымен тікелей үндес келеді.Іс-шара аясында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің видеожолдауы көрсетілді. Ол қатысушыларды Халықаралық Наурыз күнімен құттықтап, бұл мерекенің бейбітшілік пен бірлікті ілгерілетудегі маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ қонақтардың назарына Қазақстандағы және әлемнің басқа елдеріндегі Наурыз мерекесін тойлау дәстүрлері туралы бейнеролик көрсетілді.Қонақтар үшін Орталық Азия елдерінің (Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан) және Әзербайжанның Кенияда жұмыс істейтін өкілдерімен бірлесіп, мазмұнды мәдени бағдарлама дайындалды. Қонақтар қазақ салт-дәстүрлерімен танысып, ұлттық билерді тамашалады. Соның ішінде қазақтың «Қара жорға» және әзербайжанның «Яллы» билері ерекше қызығушылық тудырды.Іс-шара салтанатты кешкі аспен аяқталды. Қонақтарға палау, қуырдақ, бауырсақ және қазақ пен Орталық Азия асханасының басқа да дәстүрлі тағамдары ұсынылды. Биыл Наурыз мейрамының Ораза айтпен (Ид аль-Фитр) тұспа-тұс келуі бұл оқиғаға бірлік пен рухани келісімнің ерекше символдық мәнін берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-nairobi/press/news/details/1186835?lang=kk
ШЫМКЕНТТЕ ӨТКЕН «DAMDASTOUR» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ НАУРЫЗДЫҢ ЖАРҚЫН ОҚИҒАСЫНА АЙНАЛДЫ 22.03.2026
Шымкент қаласында Наурыз мерекесі аясында ұйымдастырылған «DamDastour» халықаралық гастрономиялық фестивалі өз мәресіне жетіп, мегаполистің мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды. Қала орталығындағы Әл-Фараби алаңы бірнеше күн бойы әлемнің түрлі елдерінің асханасы тоғысқан бірегей халықаралық гастрономиялық кеңістік қызметін атқарды.Фестивальдің басты ерекшелігі – оның халықаралық форматта өтуі. Іс-шараға әлемнің әр түкпірінен келген танымал аспаздар қатысып, өз елдерінің ұлттық тағамдарын ұсынып қана қоймай, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Бельгия, Швейцария, Франция, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген халықаралық байқаулардың жеңімпаздары көрермен назарына авторлық мәзірлерін ұсынды. Бұл фестивальдің мәртебесін арттырып, оны кәсіби гастрономиялық диалог алаңына айналдырды.Фестиваль аясында өткен байқаулар жоғары деңгейдегі бәсекемен ерекшеленді. Қатысушылар ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, заманауи аспаздық технологияларды шебер ұштастыра білді. Қазылар алқасының шешімімен «Ең жақсы палау» аталымы Grand Golden Hills мейрамханасына, «Ең дәмді самса» номинациясы Qazaq Samsa мейрамханасына берілді. Ал «Ең үздік ұлттық тағам» аталымында «Понтос» мейрамханасы жеңімпаз атанды. «Камал ата» кафесі белсенді қатысқаны үшін арнайы марапатқа ие болды.Халықаралық мазмұн жергілікті рестораторлардың белсенділігімен үйлесім тапты. Фестивальге қаладағы 50-ге жуық мейрамхана қатысып, келушілерге ұлттық және әлемдік асхананың кең таңдауын ұсынды. Қонақтар қазақтың дәстүрлі тағамдарынан бастап, еуропалық және азиялық ас мәзірлерін тамашалап, дәм тату мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, Наурыз мерекесінің басты тағамы – наурыз көженің бірнеше түрі ұсынылып, мерекелік дастарханның ажарын аша түсті.Іс-шараның халықаралық сипаты мәдени бағдарламадан да айқын көрініс тапты. Бір сахнада түрлі мәдени бағыттар мен заманауи трендтер тоғысып, street style және K-pop би сайыстары, ұлттық домбыра өнері, батырлар шоуы, цирк қойылымдары көрермендерге ұсынылды. Сонымен қатар, мотошеру мен автошоу, қолөнершілер жәрмеңкесі және арнайы тақырыптық аймақтар фестиваль мазмұнын байытып, оны көпқырлы мәдени алаңға айналдырды.Осылайша, «DamDastour» халықаралық гастрономиялық фестивалі Шымкент қаласының халықаралық деңгейдегі мәдени және гастрономиялық орталық ретіндегі әлеуетін айқын көрсетті. Түрлі халықтардың асханасы мен дәстүрін тоғыстырған бұл ауқымды шара Наурыз мейрамының рухын заманауи форматта жаңғыртып, қала өміріндегі маңызды әрі жарқын оқиғалардың бірі ретінде жоғары бағаланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-madrid/press/news/details/1186799?lang=kk
Майндағы Франкфурт төрінде Наурыз мерекесі атап өтілуде 22.03.2026
Майндағы Франкфурт, 2026 жылғы 20 наурыз – Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кеңінен аталып өтті. Биылғы мереке қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен дәстүрін дәріптейтін Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылып, оның маңызды күндерінің бірі – Ұлттық ойындар күнімен тұспа-тұс келді. Мерекелік іс-шараға отандастар және шетелдік қонақтар қатысты. Қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен танысып, ұлттық мәдениеттің көріністеріне куә болды. Іс-шара барысында ұлттық ойындар кеңінен насихатталып, қонақтарға «асық ату», «тоғызқұмалақ» сынды дәстүрлі ойындар ұсынылды. Бұл ойындар қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, қазақ халқының зияткерлік және дене мәдениетінің байлығын көрсетті. Сонымен қатар, мерекелік дастархан жайылып, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Әсіресе, Наурыз мейрамының басты тағамы – Наурыз көже көпшілікке ұсынылып, қазақ халқының қонақжайлығы мен береке-бірлігінің белгісі ретінде жоғары бағаланды. Осы айтулы мереке аясында Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы бауырлас Түркия Республикасының шақыруымен «Alte Oper» ғимаратында Мюнхен симфониялық оркестрінің концерттік бағдарламасына қатысты. Аталған мәдени іс-шара халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ықпал етті. Наурыз мейрамы – жаңару мен жаңғырудың, татулық пен келісімнің символы. Бұл күн халықтарды жақындастырып, өзара құрмет пен түсіністікті нығайта түседі. Қазақстан Республикасының Бас консулдығы барша қауымды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, әр шаңыраққа амандық, бақ-береке және молшылық тілейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-frankfurt/press/news/details/1186706?lang=kk
Наурыз мейрамы құтты болсын! 22.03.2026
Құрметті достар,Сіздерді Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтаймыз! Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-skopje/press/news/details/1186717?lang=kk
Нью-Йорктегі Таймс-скверде Наурыз мерекесі тойланды 22.03.2026
Нью-Йорк, 2026 жылғы 21 наурыз – Нью-Йорктегі әйгілі Таймс-сквер алаңында қазақстандық дипломаттардың, диаспора өкілдерінің, студенттердің және қала қонақтарының қатысуымен көктем мерекесі – Наурыз мейрамы атап өтілді.Іс-шара аясында ұлттық киімдердің жарқын көрсетілімі ұйымдастырылып, ол Нью-Йорк тұрғындары мен көптеген туристердің назарын аударды. Қатысушылар музыкалық өнері мен қазақ мәдениетінің элементтерін, соның ішінде дәстүрлі «Тұсаукесер» рәсімін ұсынып, көктемгі жаңару, достық пен бірлік рухын қалыптастырды.Бағдарламаның айрықша сәттерінің бірі – осы күндері Нью-Йорктегі Secret Arts Center ұйымдастырған New York International Competition for Performing Arts 2026 халықаралық байқауына қатысып жатқан «Әлқисса» балалар ансамблінің және “Жетіген” тобының өнер көрсетуі болды.Таймс-сквер алаңында алғаш рет Құрманғазының «Балбырауын» және «Адай» күйлері домбырамен орындалды. Ансамбль ұжымымен бірге қазақ музыкасы мен мәдениетін Нью-Йорк қаласында белсенді насихаттап жүрген америкалық гитарист әрі домбырашы Джефф Герш те өнер көрсетті.Мәдени-имидждік акция аясында Қазақстанның алманың отаны екендігі туралы ақпарат қамтылған QR-кодтары бар алмалар таратылды. Бұл дерек түрлі зерттеулермен, соның ішінде National Geographic материалдарымен расталады.Мереке жылы әрі достық ахуалда өтіп, қазақ мәдениетін шетелде насихаттауға және АҚШ пен Қазақстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-newyork/press/news/details/1186718?lang=kk
Құрметті сарбаздар мен матростар, сержанттар мен старшиналар, офицерлер мен генералдар! Қымбатты отандастар! 22.03.2026
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!Әз-Наурыз – жаңашылдық пен жасампаз рухтың жаршысы. Бұл күні күн мен түн теңеліп, Жер-ана қайта түлеп, тіршілік атаулы түгел жанданады.Наурыз – жаңа жыл мен жақсылықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы. Еліміз үшін еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, жаңару мен жасампаздықтың мерекесі.Ұлтты ұйыстырып, бауырмалдық пен татулыққа үндейтін бұл мейрам ежелден уақыт пен ұрпақ сабақтастығын айшықтап, бейбітшіліктің айқын нышанына айналды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен мемлекеттің тұрақты даму бағытындағы саясаты жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Бүгінде Қазақстан тәуелсіздігін берік бекітіп, азаматтардың тұрмыс деңгейін көтеріп, халықаралық аренада лайықты орынға ие болуда.Қазіргі таңда қоғамды бірлік пен келісім, патриотизм мен тарихи мұраға құрмет секілді негізгі қағидалар төңірегінде біріктіру ерекше маңызға ие болып отыр. Біз Тәуелсіздіктің осы құндылықтарын көздің қарашығындай сақтап, оны әрі қарай нығайтуға тиіспіз. Қарулы күштердің жеке құрамы бұл міндетті абыроймен атқарып келе жатыр. Алдағы уақытта да солай боларына сенімдімін.Жеке құрам өзінің жоғары кәсібилігімен әскери борышқа адалдық танытып, мемлекеттің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау туралы тапсырмаларды бұлжытпай орындауға дайын екенін ұдайы дәлелдеп келеді. Бүгінгі көктем мерекесінде барша Қазақстан халқын, Қарулы күштердің жеке құрамын Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтап, елімізге тыныштық, отбасыларыңызға амандық тілеймін.Әрдайым шаңырақтарыңыздан ырыс пен ынтымақ, игілік пен молшылық кетпесін!Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Құрметпен, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министріавиация генерал-лейтенанты Д. ҚосановАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186720?lang=kk
Наурызнама: Қарулы күштердің әскери қызметшілері Ынтымақ күнін атап өтті 21.03.2026
Қарулы күштердің барлық әскер бөлімдері мен құрамаларында «Наурызнама» онкүндігінің маңызды күндерінің бірі – Ынтымақ күніне арналған іс-шаралар өтті.Әрбір әскери бөлімде, мекемелер мен оқу орындарында қолбасшылық тарапынан отбасылық жылылық пен достық ахуал қалыптасты. Ұйымдастырылған акциялар мен іс-шаралар жауынгерлік бауырластықты нығайтуға, рухты шыңдауға және ұлттық дәстүрлерге құрмет көрсетуге бағытталды.Мерекелік салтанат Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы «Теріс Ащыбұлақ» полигонында жалғасты. Іс-шара достық, бірлік және туған жерге деген мақтаныш сезіміне толы болды.Үйінен жырақта, қаруластар ортасында жүрген сарбаздар ұлттық құндылықтарға тағзым етіп, ортақ тарих пен салт-дәстүрден қуат алды. Тау қорықшысы полкінің әскери қызметшілері тіпті далалық жағдайда да туған үй мен жақындарын еске түсіретін ыстық бауырсақтар пісірді.Ынтымақ – біздің күшіміз, жауынгерлік бауырластықтың негізі және қызметтегі сенімді тірегіміз. Армияның нағыз қуаты мен тұтастығы дәл осы бірлікте, өзара көмек пен дәстүрге деген құрметте жатыр, – деп атап өтті тау қорықшысы полкінің командирі подполковник Бауыржан Есалы.Мерекелік іс-шаралар еліміздің барлық әскери гарнизондарында өтіп, әскери қызметшілерді достық, ұйымшылдық және өзара қолдау сияқты ортақ құндылықтар төңірегіне біріктірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186615?lang=kk
Катар Парламенті Қазақстандағы референдум қорытындыларын жоғары бағалады 21.03.2026
Доха, 2026 жылғы 21 наурыз – Қазақстан Республикасының Катар Мемлекетіндегі Елшісі Арман Исағалиев Катар Мемлекетінің Консультативтік кеңесінің Төрағасы Хасан бен Абдулла Әл-Ғаниммен кездесу өткізді.Сұхбат барысында тараптар Қазақстан мен Катар арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйін талқылап, оны одан әрі нығайтудың басым бағыттарын айқындады. Парламентаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.Қазақстандық дипломат жаңа Конституция жобасы бойынша өткізілген референдумның қорытындылары туралы ақпарат беріп, елдің институционалдық дамуы мен мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі маңызын атап өтті.Өз кезегінде қатарлық тарап референдум нәтижелері қоғамның жүргізіліп жатқан реформаларға кең қолдауын айқын көрсететінін атап өтіп, жаңартылған конституциялық модель мемлекеттің орнықты дамуы мен институттарының тиімділігін арттыруға берік негіз болатынына сенім білдірді.Сонымен қатар, тараптар жоғары деңгейдегі өзара сапарлар қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға өзара мүдделілігін растады.Осы орайда, екі ел халықтары арасындағы өзара құрмет пен қолдауға негізделген дәстүрлі достық қатынастардың нығыйып келе жатқанын атап өтті.Кездесу соңында өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізгі алғышарты ретінде қайшылықтарды тек саяси-дипломатиялық жолмен шешудің маңыздылығы айтылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-doha/press/news/details/1186647?lang=kk
Қатарда казақстандық еріктілердің эвакуациялық шараларға қосқан үлесі атап өтілді 21.03.2026
Доха, 2026 жылғы 21 наурыз – Қазақстан Республикасының Катар Мемлекетіндегі Елшілігі өңірдегі төтенше жағдай кезінде эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыруға үлес қосқан Қатарда тұратын қазақстандық еріктілермен кездесу өткізді.Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Қатар Мемлекетіндегі Елшісі Арман Исағалиев еріктілердің жанқиярлығы, жоғары жауапкершілігі мен қиын жағдайларда үйлесімді әрекет ету қабілетін ерекше атап өтті.Елші өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ерікті болу – игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету, Отаныңа адал қызмет ету, туған жеріңе жанашыр болу» деген сөздерін келтіріп, бұл қағидаттардың аталған жағдайда толық көрініс тапқанын жеткізді.Сонымен қатар, еріктілердің қызметі шынайы патриотизм мен азаматтық бірліктің жарқын үлгісі екені айтылды. Қиын әрі қауіпті кезеңге қарамастан, қазақстандық еріктілер Елшілікпен үйлесімді түрде ұйымшылдық, батылдық пен жанашырлық танытып, Қазақстан азаматтарына, оның ішінде балаларға, әйелдерге және мүгедектігі бар тұлғаларға жан-жақты көмек көрсетті.Жалпы, Катардағы қазақстандық еріктілер эвакуацияның барлық кезеңдерінде ұйымдастыру жұмыстарында Елшілік жұмысына елеулі үлес қосты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-doha/press/news/details/1186670?lang=kk
ҚЫЗЫЛОРДАДА «БЕРЕКЕ БАСТАУЫ – ӘЗ НАУРЫЗ» АТТЫ МӘДЕНИ-КӨПШІЛІК ШАРА ӨТТІ 21.03.2026
Бүгін сол жағалаудағы «Қайсар-арена» стадионы аумағында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен  «Береке бастауы – әз Наурыз» атты мәдени-көпшілік шара өтті.Көктің тынысын тыңдаған, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін Табиғат-анамен тығыз байланыстырған ата-бабаларымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы деп есептеген. Уақытпен бірге жаңарған Қызылорда қаласының сән-салтанаты Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бұрынғыдан да арта түскендей. Қала көшелері Наурыз мерекесінің айшықты көріністерімен, ұлттық нақыштармен безендірілген.Кейінгі күндері ызғардың да беті қайтып, күн шуағын молынан төкті. Көктемнің жаңаруымен үндескен қала келбеті ерекше құлпырып, мерекелік көңіл-күйді сезіндірді. Жаңа стадион алаңына 60-қа жуық киіз үй тігіліп, береке мен бірліктің нышанындай ақ дастархан жайылды.Аймақ басшысы жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, Сыр өңірінің даму жолындағы жаңашылдықтар мен алдағы жоспарларға тоқталды.«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр бойында өткен Ұлттық құрылтайда: «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр» деп, аймағымыздың барлық саладағы қарқынын ерекше атап өтті, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.Тарихи миссиясы маңызды жиында Мемлекет басшымыз Қызылорда қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталғанын, 400, 500 орындық емханалар, 200 орындық перзентхана мен жаңа драма театр, заманауи Президенттік кітапхана құрылысы басталатынын жариялады. Республикалық, халықарлық маңызы бар жаңа автомобиль жолдарының құрылысы туралы айтты.Жақында ғана «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасының бірінші кезеңін бастадық. «Бейнеу – Сексеуіл» жолының құрылысы да биыл қолға алынады.Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған Наурыз мейрамы тәуелсіз елімізге, туған жерімізге толайым табыстармен, жаңалықтармен келсін!Жеріміздің тынысы кең, еліміздің мерейі үстем, халқымыздың болашағы баянды болсын! Егініміз бітік шығып, қамбамыз астыққа толсын! Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, құт дарысын», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.Наурыз мерекесіне орай тігілген киіз үйлер алдында көрмелер мен салт-дәстүр қойылымдары қойылды. Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай 35 баланың тұсауын, айдарын кесу рәсімдері өткізіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов құттықтау сөз сөйлеп, көпшілікке ізгі тілегін жеткізді.Мереке отандық эстрада жұлдыздарының және жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Наурыз-2026: Шымкент ұлттық дәстүр мен технологияны үйлестірді 21.03.2026
Шымкентте Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде атап өтілуде. Қаланың орталық алаңы саналатын «Астана» алаңында ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.Биыл Наурыз мерекесі жаңартылған форматта ұйымдастырылды. Қаладағы барлық іс-шаралар арнайы Digital-Наурыз платформасына енгізіліп, көпшілікке қолжетімді болды. Дәстүрлі онкүндік «Наурызнама» форматы сақталғанымен, мереке мазмұны жаңа технологиялық элементтермен толықтырылды. Мерекелік бағдарламаларда ІТ технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен қолданылып, ұлттық құндылықтар мен заманауи үрдістер үйлесім тапты.Астана алаңында өткен негізгі бағдарлама аясында жергілікті өнер шеберлері мен танымал орындаушылардың қатысуымен концерттік бағдарлама және театрландырылған қойылымдар ұсынылды. Олардың қатарында Жұбаныш Жексенұлы, Айдана Меденова, TURAR, Азия және Шаба Әденқұлова бар.Сонымен қатар, алаңда дәстүрлі мәдениет пен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған шаралар ұйымдастырылды. Мерекеде ұлттық спорт ойындары — асық ату, гір көтеру, қошқар көтеру сияқты ойындар көрсетіліп, қатысушылар мен көрермендер үшін қызықты әрі тартымды көрініс жасалды. Жабдықталған аула мен алаңдарда ұлттық салт-дәстүр, дәстүрлі тағамдар және қолөнер бұйымдары таныстырылды.Технологиялық жетістіктер көрмесі де назардан тыс қалмады. Келушілер робототехника саласындағы жобалармен танысып, ұлттық киім киген роботтарды, қазақ халқының көшпелі өркениетін танытатын интерактивті жобаларды, VR ойын алаңдарын және цифрлық киіз үйді тамашалады. Бұл дәстүрлі мәдениетті заманауи форматта дәріптеудің тиімді үлгісі ретінде ұсынылды.Жалпы, Шымкенттегі Наурыз мерекесі ұлттық дәстүрлер, спорт ойындары мен заманауи технологиялардың үйлесімді сабақтастығын көрсетті. Қалада ұйымдастырылған іс-шаралар қоғамдық бірлікті нығайтуға, мәдени мұраны дәріптеуге және тұрғындар мен қонақтарға мазмұнды, қызықты демалыс ұсынуға бағытталған.
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады 21.03.2026
 «Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!Әз-Наурыз – тазару, жаңару уақыты. Тазалық – мән-мағынасы кең ұғым. Бұл – ең алдымен, ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы деген сөз.Осыдан екі жыл бұрын елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы бастау алды. Ауқымды жоба халықтың, әсіресе, жастардың жаппай қолдауына ие болды. Азаматтарымыз тазалықты құр сөзбен емес, нақты ісімен көрсетуде. Ұқыптылық, жинақылық, тиянақтылық қасиеттері ұлтымыздың жаңа сапасына айнала бастады.Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы – жай ғана кезекті саяси науқан немесе үгіт-насихат емес, бұл – мемлекетіміздің мызғымас идеологиясы. Сондықтан осы игі іспен біз жыл бойы айналысуымыз керек, бұл ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуға тиіс. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні тазалық философиясын кеңінен дәріптеу маңызды.Ұлыстың ұлы күні Жер Ана да, еліміз де жаңарып жатқан осы тарихи сәтте айтылған тілектің мән-мағынасы айрықша деп ойлаймын.Сондықтан ең бастысы елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін.Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын!Ата заңымыз өз тұғырынан түспесін!Туымыз биікте желбіресін!Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!Еліміздің төрт құбыласы түгел болсын!»
ЖЕР-ДҮНИЕ ЖАҢАРҒАН КҮН 21.03.2026
Құрметті Алматы облысының тұрғындары!Ардақты ағайын!Баршаңызды Әз-Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Наурыз мейрамы – қазақ халқына және көптеген елге ортақ, сан ғасырлық тарихы бар қастерлі қазына әрі ұлттық құндылығымыздың бір көрінісі. Күн мен түн теңеліп, Жер-дүние қайта түлейтін шақ. Табиғаттың қайта жаңару кезеңі. Бабаларымыз Ұлыстың ұлы күнін әрдайым ізгілік пен берекенің бастауы деп ұлықтаған.Мейірімділік, жанашырлық пен жасампаздық – ұлтымыздың асыл мұрасы. Осы бір ізгі қасиеттер туған өңіріміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдырып, ел бірлігін бекемдеп отыр. Тұрақтылық пен өзара түсіністік – біздің ең басты байлығымыз.Қадірлі жерлестер!Көреген халқымыз Наурызды әрдайым жақсылықтың жаршысына балаған. Биылғы мейрам ерекше мәнге ие. Цифрландыру және жасанды интеллект жылында тарихы мыңжылдықтарға ұласқан ұлы мейрамымыз да жаңаша сипатта тойланып отыр.Баршаңызға мәлім, жуырда ғана референдум өтіп, көпшіліктің қолдауымен жаңа Ата Заң қабылданды. Мемлекет басшысы қол қойған Жаңа Конституция – еліміздің жаңғыру жолындағы басты құқықтық негізі. Түбегейлі өзгерістер мемлекетіміздің дамуына, өлкеміздің өркендеуіне тың серпін берері сөзсіз.Ынтымағы жарасқан жұртымыздың ырысы артып, игі бастамаларымыз оңынан болсын!Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1186613?lang=kk
Дәстүр мен инновация үйлесімі: Алматы облысында Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланды 21.03.2026
Алматы облысында Ұлыстың ұлы күні «Digital Nauryz» бағдарламасы аясында жаңа форматта аталып өтті. Негізгі шара Қонаев қаласында ұйымдастырылды. Жасанды интеллект пен цифрлық мүмкіндіктер кеңінен қолданылып, мейрам мазмұны жаңа деңгейге көтерілді.Орталық алаңдағы роботтар көрмесі халық қызығушылығын тудырды. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, тұсаукесер, қыз айттыру, сүйінші сұрау, бастаңғы, беташар, төс қағыстыру, сүйек жаңғырту және басқа да қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс қойылды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те ұлттық мәдениеттің жаршысы болған мерекеге қатысып, тұрғындарды құттықтады. Ал, Сенатор Жанболат Жөргенбаев енді ғана тәй-тәй басқан балақайдың тұсауын кесіп, бата берді.Мерекелік шараға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімі айтулы күннің маңызы жайлы сөз қозғады. «Наурыз мерекесі – халқымыздың бай мәдениеті мен ізгі дәстүрінің терең мәні мен ұлылығын айшықтайды. Табиғат түлеп, тіршілік жаңаратын осы кезеңде адамзат та рухани серпіліп, жан дүниесі жаңарып, үміт пен ізгілікке толы ерекше күйге бөленеді. Осы тұрғыдан алғанда, Наурыз – тек мереке ғана емес, жаңғыру мен жаңарудың символы. Игі дәстүрді жаңа мазмұнмен байыту мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мерекесі жаңаша сипатқа ие болды. Мейрамды бір күнмен шектемей, мазмұнын кеңейтіп, «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында 10 күндік мерекеге айналдыру – ұлттық құндылықты дәріптеудің жарқын көрінісі. Бүгін біз осы Наурызнама аясындағы маңызды күндердің бірі – «Ынтымақ күнін» атап өтудеміз.Айтулы күнге орай еліміздің барлық өңірінде этноауылдар бой көтеріп, жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Мәдени және спорттық іс-шаралар кеңінен өткізілуде. Наурыз – тек рухани жаңғыру ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын кезең», – деген Марат Елеусізұлы жыл басы алға қойылған мақсаттарды айқындап, тың бастамаларға серпін беретінін айтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы айтулы нәтижелерге тоқталды. Айтуынша, үш жылда өңірдің өнім көлемі 3,4 трлн. теңгеден 6,0 трлн. теңгеге дейін өсіп, республика бойынша 10-орыннан 5-орынға көтерілген. Өткен жылы негізгі капиталға 29,4% өсіммен 1 трлн. 355 млрд. теңге инвестиция тартылған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10,1% өсіммен 2 трлн. 598 млрд. теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 798,4 млрд. теңге болып, нақты көлем индексі 102,0%-ды құраған. Оның ішінде мал шаруашылығының өнімі 3,6%-ға өскен. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 18,4%-ға көбейген. 1 млн. 69 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Облыс әкімі мұның барлығы өңірімізде жүргізіліп жатқан жүйелі саясат пен нақты жоспардың нәтижесінде қол жеткізілген маңызды жетістіктер екенін айтты. Сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.Шара барысында сахнада театрландырылған қойылым көрсетіліп, Роза Рымбаева, Нұрболат Абдуллин, Өмірқұл Айниязов, Тамара Асар сынды эстрада жұлдыздары, «Қоңыр» тобы, «Құлансаз» ансамблі және басқа да өнерпаздар халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.  Саябақ аумағында қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық ойындар және тақырыптық аймақтар жұмыс істеді. «Жеті қазына» интерактивті кітабы арқылы ұлттық мұра жаңа сипатта дәріптелді. «Face of Nauryz» алаңында келушілердің бейнесі жасанды интеллект көмегімен өңделіп, заманауи стильде ұсынылды. Сондай-ақ роботтардың қатысуымен қызықты бағдарлама ұйымдастырылды. Тіпті құлтемірлер бауырсақ пісіріп, тұрғындарға ұсынды. Жалпыхалықтық мерекеге айналған Ұлыстың ұлы күні осылайшы Алматы облысында кең көлемде тойланды. Қонаев қаласындағы орталық алаңға бес мыңнан астам халық жиналып, мерекелік шара «Digital Nauryz» тұжырымдамасына сай тікелей эфирде көрсетілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1186589?lang=kk
Әскери музей кадеттерді ежелгі қару-жарақ жәдігерлерімен таныстырды 21.03.2026
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи музейінің көшпелі көрмесі өтті.Әскери оқу орнының тәрбиеленушілеріне арнап белгілі тарихшылар, эксперименттік археологтар, қару-жарақ зерттеушілері және блогерлер – Нұрқожа Бауыржанұлы мен Дастан Сәбитұлы сөз сөйледі.Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шара XV–XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы кезеңіндегі жауынгерлердің қару-жарағы жайында танымдық дәріс форматында өтті. Дәріс қазақ батырларының қару-жарағы мен әскери киім үлгілерін көрсету арқылы жалғасты.Іс-шараға қатысушылар көшпелі жауынгерлердің дәстүрлі «Бес қару» жарағымен, сол секілді алғашқы атыс қаруларының тарихы, түрлері және оларды қолдану мақсаттарымен танысты.– Әскери тарих – ұлттық жадымыздың маңызды бөлігі. Осындай кездесулердің арқасында жастар қару-жарақты өз көздерімен көріп, қазақ батырларының ұрыс жүргізу өнерін бағалай алады, – деді Нұрқожа Бауыржанұлы.Өз кезегінде Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери-тарихи құндылықтар бөлімінің бастығы майор Дәулет Қадыров та мұндай іс-шаралар елдің әскери тарихын насихаттауға және жастардың ата-баба мұрасына деген құрметін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.Шара соңы Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамбль әншілері мен шығармашылық взвод сарбаздарының концертімен аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186576?lang=kk
Наурызнама: ҚР ІІМ Ұлттық ұланында 10 тоннаға жуық наурызкөже дайындалды 21.03.2026
Наурыз мерекесіне орай Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде сарбаздарға арнап 10 тоннаға жуық наурызкөже әзірленді. Ұлттық тағам мерекелік іс-шаралар аясында ұсынылып, жеке құрамның жауынгерлік рухын көтеруге ықпал етті.Наурызкөже әскери ас мәзіріндегі құнарлы тағамдардың бірі саналады. Оның құрамындағы ет ақуызға, жарма көмірсуға, ал сүт өнімдері дәрумендер мен кальцийге бай. Сондықтан ол сарбаздардың күш-қуатын толықтырып, ағзаға жеңіл сіңеді.Астана қаласындағы 5573 әскери бөлімінің Азық-түлік қызметінің бастығы Дархан Жүнісов көктем мезгілінде ұсынылатын дәстүрлі тағамның ағзаға пайдасы мол екенін атап өтті.Береке мен бірліктің символы саналатын наурызкөже дәстүр бойынша жеті түрлі дәмнен дайындалады. Сондықтан бұл сарбаздар үшін мерекелік ас қана емес, ұлттық дәстүрдің айқын көрінісіне айналды.6636 әскери бөлімінің сарбазы Тимур Фатихов биылғы алғашқы наурызкөженің ерекше әсер қалдырғанын айтып, дәмді тағам мен мерекелік көңіл күй үшін басшылыққа алғыс білдірді.Ұлттық ұланда сарбаздарға мереке күндері ғана емес, әр аптаның жұма күндері де ет, сірне, нарын, кеспе секілді дәстүрлі тағамдар ұсынылады.Айта кетейік, бүгінде 7 мыңнан астам ұландық еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті күзетеді. Сондай-ақ сарбаздар мемлекеттік маңызы бар нысандар мен ҚАЖ мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүр. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1186565?lang=kk
Қорғаныс министрінің орынбасары Жетісу облысына жұмыс сапарымен барды 21.03.2026
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков өңірдегі әскери бөлімдердің жеке құрамымен, жас сарбаздармен, әскерге дейінгі жастармен және қоғам өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетовтің, әскерге дейінгі жастар мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы тәрбиеленушілерінің қатысуымен іс-шара өтті. Генерал-майор Асқар Мұстабеков өз сөзінде Отан қорғаушы миссиясының жауапкершілігін атап өтіп, өскелең ұрпақ арасында патриоттық сезімді қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.Іс-шара барысында жас робототехниктер әскери инженерия саласындағы жобаларын ұсынып, бағдарламалау, мобильді қосымшалар жасау және жасанды интеллектіні қолдану бағытындағы тәжірибелерін көрсетті. Қорғаныс министрінің орынбасары жастардың шығармашылығын жоғары бағалап, заманауи технологияларды меңгеруде табыс тіледі.Жетісу гарнизонының әскери бөлімдерінде генерал-майор Мұстабеков әскери қызметшілердің күнделікті өмірімен танысып, казармалардың жағдайын, әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды және асханалардағы тамақтануды ұйымдастыруды тексерді. Жеке құраммен жұмысқа ерекше көңіл бөлінді. Сарбаздармен әңгімелесіп, олардың денсаулығын, көңіл-күйін сұрап, қызмет жағдайларын жақсарту жөніндегі өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.Жауынгерлік дайындықтағы үздік көрсеткіштері үшін 18404 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Тұрлан Оразбаев 10 күндік демалыспен марапатталды. Енді сарбаз туған қаласы Оралға барып, отбасын қуантпақ.Әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс жөніндегі қызмет өкілдерімен кездесуде генерал-майор А. Мұстабеков олардың жеке құрамның моральдық рухын көтерудегі және әскери қызметтің тиімділігін арттырудағы маңызын атап өтті.Министрдңң орынбасары облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің қызметімен танысып, шақыру пунктіне барды. Онда «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі Татьяна Тропинамен кездесті. Тараптар әскерге шақыру және мерзімді әскери қызметті өткеру мәселелерін талқылады. Шақыру пунктінде генерал-майор А. Мұстабеков жұмыстың ұйымдастырылуын, шақыру комиссиясының қызметін, медициналық тексерудің сапасын және шақырылушылардың жағдайын тексерді.Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша генерал-майор Асқар Мұстабеков жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуде оң динамика бар екенін атап өтіп, жеке құрамның моральдық рухын нығайтуға бағытталған іс-шараларды жалғастыру қажеттігін қадап айтты. Көктемгі шақыру науқаны аясында ол заңнаманың қатаң сақталуына және шақырылушылар мен олардың ата-аналары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге ерекше назар аударды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186566?lang=kk
Сан-Франциско қаласында Наурыз мерекесі аталып өтті 21.03.2026
Сан-Франциско, 2026 жылғы 20 наурыз – Биыл алғаш рет Сан-Франциско қалалық әкімдігінде (City Hall) қазақ қауымдастығының қатысуымен Наурыз мерекесі атап өтілді. Қазақстанның Сан-Франциско қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен және Кремний алқабындағы Қазақ-Америкалық қауымдастығының ұйымдастыруымен бұл мереке иран, әзірбайжан, түрік және өзбек қауымдастықтарының өкілдерін біріктіріп, кең көлемде тойланды.Іс-шара барысында Сан-Франциско қаласының мэрі Дэниел Люри құттықтау сөз сөйлеп, Наурыздың көктемгі жаңару мерекесі ретінде, бейбітшілік пен келісімнің, өзара түсіністіктің символы ретіндегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар, осындай мәдени көпірлерді қалыптастырып отырған қауымдастықтарға алғысын білдірді. Атап айтқанда, Кремний алқабындағы Қазақ-Америкалық қауымдастығының президенті Жұлдыз Тримоваға іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға қосқан зор үлесі үшін құрмет грамотасын табыстады.Қазақстанның Сан-Франциско қаласындағы Бас консулы Назира Нұрбаева өз сөзінде Наурыздың халықтар арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы және ұлттың рухани дәстүрлерін сақтаудағы ерекше маңызын атап өтті. Сонымен қатар, жергілікті қазақ қауымдастығының дамуына және көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген бірқатар тұлғаларды құрмет грамоталарымен марапаттады.Сан-Франциско қалалық әкімдігінің тарихында алғаш рет оның қабырғалары ішіне қазақ халқының көшпелі өркениетінің нышаны — дәстүрлі киіз үй орнатылды. Киіз үй жергілікті тұрғындар мен америкалық қауымдастықтың қызығушылығын тудырды. Мерекелік бағдарлама аясында қатысушы елдердің ұлттық музыкасы мен би өнері, сондай-ақ  ұлттық тағамдар ұсынылды.  Қазақстан атынан Анель Мурзагулова қазақ биін, Жәнібек Рысбек «Көроғлы» және «Сарыарқа» күйлерін, ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі Азамат Жылтыркөзов әсерлі вокалдық өнерін паш етті.Іс-шараға американдық ресми, іскерлік және қоғамдық топтардың, шетелдік дипломатиялық корпустың, түркі тілдес диаспоралардың 500-ге жуық өкілі қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-san-francisko/press/news/details/1186558?lang=kk
Наурыз – ынтымақтастық пен әріптестіктің символы: Елші референдумнан кейінгі Қазақстан дамуының жаңа кезеңін таныстырды 21.03.2026
Брдо-при-Краню, 2026 жылғы 20 наурыз - Еуразия халықтарының жаңару, үйлесім және бірлік идеясын бейнелейтін ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамы қарсаңында Қазақстанның Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев Словения мен Хорватияның 74 Құрметті консулы және Балқан өңірінің іскер топтары өкілдерінің арнайы басқосуында құрметті арнайы қонақ ретінде сөз сөйледі. Іс-шара Словенияның мемлекеттік резиденциясы – Брдо Конгресс орталығында өтті.Қазақстан дипломаты республикалық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституцияның мазмұнына егжей-тегжей тоқталып, еліміздің заманауи келбетін – қарқынды дамып келе жатқан мемлекетіміз бен Еуразия көлік-логистикасының маңыздылығына назар аударды. Ол Азия мен Еуропаны жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) стратегиялық маңызын атап өтті. Сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға, өнеркәсіпті, цифрлық технологияларды дамытуға және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға бағытталған реформалар туралы айтты.Елші өз сөзінде Құрметті консулдардың заманауи дипломатияны дамытудағы, халықаралық байланыстарды нығайтудағы, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен туризмді кеңейтудегі маңызды миссиясын ерекше атап өтті. Консулдар өз кезегінде 2028 жылдың екінші жартысында Алматыда өтетін Консулдардың дүниежүзілік федерациясының (FICAC) кезекті отырысына белсенді қатысу ниетін растады.Іс-шара барысында 2024 жылы Люблянада Қазақстан Елшілігінің ашылуынан кейін айтарлықтай жандана түскен қазақстан‑словен ынтымақтастығын нығайту мәселелері де талқыланды. Елші 2025 жылы Словения Президенті Наташа Пирц Мусардың Қазақстанға жасаған ресми сапарының екіжақты қатынастар үшін ерекше маңызын атап өтті. Қатысушылар 2026 жылды Президент жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында жаңа мүмкіндіктер ашатын «AI & Digital Bridge» бизнес-форумына шақырылды.Кездесу қатысушылары Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға шынайы қызығушылық білдіріп, мұндай іс-шаралардың елдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін ілгерілету үшін маңызды екенін атап өтті. 2027 жылы Қазақстан мен Словения дипломатиялық қатынастардың 35 жылдығын атап өтеді, бұл серіктестікті тереңдетуге қосымша серпін бермек. Кездесудің сәнін келтірген қазақстандық виолончельшілердің өнер көрсетуі ерекше көңіл-күй қалыптастырып, Қазақстанның бай мәдени алуан түрлілігін айшықтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ljubljana/press/news/details/1186534?lang=kk