Саясат
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы қаласы мен Алматы облысындағы ірі жобалардың жай-күйімен танысты 09.10.2026
Алматы қаласына және Алматы облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Ұлттық қор қаржысы салынған ірі инфрақұрылымдық, әлеуметтік және коммуналдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен жобаларды іске асыруға Ұлттық қордан қомақты қаражат бөлінуде. Тек биылдың өзіне қаралған 1,5 трлн теңге қаржының шамамен 60–70%-ы денсаулық сақтау саласына бағытталған.Жұмыс сапары кезінде Премьер-министрдің бірінші орынбасарына Алматы халықаралық әуежайының инфрақұрылымын одан әрі дамыту жоспары таныстырылды. Жоспарда терминал және ұшу-қону инфрақұрылымын жаңғырту, жаңа рульдеу жолағын, жүк перронын салу және сервистік нысандарды дамыту көзделген.Мамыр айындағы сапарында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Алматы қаласының әкімімен бірге әуежайдағы жұмыс сапасын, оның талаптарға сай келмейтін кемшін тұстарын сынға алып, мердігер мекемеге нақты міндеттер жүктеген болатын. Осы жолы сол кезде берілген тапсырмалардың орындалу деңгейіне баса назар аударылды.Одан кейін 8 шақырымдық Р-17 «Алматы – Талғар – Бәйдібек би» автожолының төрт жолаққа дейін кеңейтілуі жоспарланған аумақты, «Алматы – Бішкек» автожолының 7 шақырымын қайта жаңғырту жобасын қарап шықты. Мұнда жол төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейтіліп, екі жолайрық және тоғыз жерүсті жүргінші өткелі салынады. Жоба Алматы мен қала маңындағы негізгі бағыттардың бірінің көлік қозғалысын жеңілдетіп, жол инфрақұрылымының мүмкіндігін кеңейтеді.Келесі нысан – Қалқаман шағын ауданындағы №7 қалалық клиникалық аурухана. Ол жаңартудан кейін 900 орындық болады. Жоба аурухана корпустары мен инженерлік жүйелерін жаңартуды, құрылымдарды күшейтуді және заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыруды қамтиды.Нұрлыбек Нәлібаев республикалық бюджет қаражаты мен алдағы жылға жоспарланған қаржыландыруды ескере отырып, қаланың денсаулық сақтау саласына 196 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті.«Мемлекет басшысы қаражаттың 60–70%-ын дәл осы денсаулық сақтау нысандарын салуға бөлуді тапсырды, өйткені халыққа бірінші кезекте заманауи медициналық инфрақұрылым қажет. Енді осы қаражатты игеріп, барлық жұмысты дер кезінде аяқтап, нысандарды халық игілігіне беру керек. Бұл – Премьер-министрдің де бақылауындағы аса маңызды жобалар», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.Сапар барысында Саин көшесін Алматы қаласының шекарасынан Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту жобасы да қаралды. Жаңа аумақтың ұзындығы 6,6 шақырым, жоба бойынша жол, инженерлік коммуникациялар және теміржол үстінен өтетін жол өткелі салынады. Бұл қаланың Қарасай ауданымен және ҮАААЖ арқылы көлік байланысын жақсартады.Бүкіл агломерация үшін маңызы бар тағы бір жоба – Алматының батыс кәріз коллекторы. Негізгі учаскенің ұзындығы 35 шақырым, бүгінде 17,9 шақырым құбыр тартылған. Жоба аяқталғаннан кейін Алматының Наурызбай және Алатау аудандарының, сондай-ақ Алматы облысының іргелес аумақтарының шамамен 200 мың тұрғыны орталықтандырылған су бұру жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болады.Бұдан кейінгі нысан – 3,4 шақырым Абай даңғылын ҮАААЖ-ға дейін ұзарту жобасы. Оның мақсаты – жол, Ақсай өзені арқылы көпір және ҮАААЖ үстінен жол өткелін салу. Жаңа аумақ Алматыдан шығатын қосымша бағыт қалыптастырып, Қарасай ауданымен көлік байланысын тиімді етеді.Алматының әлеуметтік нысандарымен танысу Сейфуллин көшесіндегі 155 орындық №1 қалалық перзентханаға және Әйтеке би көшесіндегі бір ауысымда 500 келуші қабылдауға есептелген емханаға барумен жалғасты.Аталған нысандарда тек қала тұрғындарына ғана емес, бүкіл агломерацияға қызмет көрсетіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1308028?lang=ru
Алматы облысында жылына 400 тонна балық өндіретін кәсіпорын ашылды 08.10.2026
Алматы облысының Іле ауданында жылына 400 тонна балық өндіретін «Бақыт» кәсіпорны іске қосылды. Инвестиция құны – 500 млн теңге. Мұхаметжан Түймебаев ауылында ашылған шаруашылықта балық өсірумен қатар, ол үшін қажетті тор қоршау мен оның бөлшектері жасалады. Кәсіпорын – аталған құрал-жабдықтарды шығаратын еліміздегі алғашқы өндіріс ошағы, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. Салтанатты рәсімге Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы қатысып, жаңа кәсіпорынның ашылуымен құттықтады. «Бұл жоба – өңіріміздегі балық шаруашылығын дамытуға, отандық өндірісті қолдауға және ауыл экономикасын нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Бүгінде кәсіпорын өнімдері Алматы облысынан бөлек, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан мен Жетісу облысының балық шаруашылықтарына жеткізіліп, пайдаланылуда. Бұл отандық жабдықтарға сұраныстың жоғары екенін және кәсіпорынның еліміздегі балық шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосып отырғанын көрсетеді. «Бақыт» шаруашылығы алдағы уақытта өндірісін кеңейтіп, халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге септігін тигізеді деп сенемін», – деді Бақытнұр Бақытұлы. Сондай-ақ ол Алматы облысында бұл саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. Айтуынша, биыл өңірде балық шаруашылығын дамытуға 1 млрд теңге субсидия бөлінді. Бүгінде облыста 53 балық өсіретін шаруашылық жұмыс істейді. Былтыр өңірде 5,8 мың тонна балық өндірілді. Биыл оның көлемін 10 мың тоннаға, ал 2030 жылға қарай 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Бүгін ашылған «Бақыт» шаруақожалығы осы мақсатты жүзеге асыруға, ауылда кәсіпкерлікті дамытып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.Кәсіпорында балықтар көлдің ортасында арнайы тор қоршауда өсіріледі. Шаруақожалық басшысы Бақыт Алдыбаевтың айтуынша, әуелі салмағы 200 грамм шабақ суға жіберіліп, 3 айдың ішінде 2,5-3 келі тартатын балыққа айналады. Балықтарға экологиялық таза жем беріледі. Кәсіпорын қазірдің өзінде 100 тоннадан астам өнім алып үлгерді. Ол үшін 12 тор қоршау қолданылды. Келесі жылы балық көлемін 400 тоннаға жеткізіп, қоршауды 30-ға көбейту жоспарланып отыр. Мұнда кәсіби мамандардан құралған 15 адам жұмыс істейді. Олар балықтың жағдайын қадағалайды. Қазіргі таңда шаруашылыққа қажет қоршау кәсіпорынның өзінде жасалады. Ал тор шетелден импортталады. Болашақта тор тоқитын цех ашып, өндіріс орнын көбейту жоспарлануда. Сол кезде жұмысшылар саны 45-50 адамға көбейеді. Кәсіпорынның ашылғанына М.Түймебаев ауылының тұрғындары дән риза. Солардың бірі – Әмзе Исаев.«Ауылымызда осындай игі жобаның іске асырылып жатқаны –құптарлық іс. Бұл елдімекен тіршілігіне жан бітіріп, жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Ауылымыздағы көлде кезінде балық шаруашылығы жақсы дамыған. Бірақ кейін қиын кезеңдерде тұралап қалды. Бұл бастаманың қайта жанданып жатқанына қуаныштымын», – деді тұрғын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1307567?lang=ru
ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Ыстанбұлда өткен Түркі мемлекеттері ұйымы Әділет министрлерінің үшінші отырысына қатысты 08.10.2026
Іс-шараға Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның әділет ведомстволарының басшылары, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы қатысты.Отырыс барысында тараптар 2024 жылғы 9 қыркүйектегі Астана декларациясының ережелерін іске асыру мәселелерін талқылап, әділет органдарының қызметін цифрландыруға ерекше назар аударды.Вице-министр өз сөзінде Қазақстанда әділетті әрі орнықты мемлекет құруға бағытталған ауқымды саяси-құқықтық реформалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, Министрліктің қызметінің негізгі бағыттары туралы ақпарат берді.Үшінші отырыстың қорытындысы бойынша тараптар Бірлескен коммюникеге қол қойып, кезекті отырысты 2027 жылы Қырғызстанда өткізу туралы уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1306988?lang=ru
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Швейцарияның Қазақстандағы Елшісі Кристина Хонеггер Золотухинмен кездесті 06.10.2026
Кездесу барысында Ерлан Сәрсембаев Әділет министрлігінің қызметі, құқықтық реформалар, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру бойынша жұмыстың негізгі нәтижелерімен бөлісті.Тараптар өзара қызығушылық тудыратын өзекті мәселелерді талқылап, құқықтық саладағы Қазақстан-Швейцария ынтымақтастығын одан әрі дамытудың бағыттары жөнінде пікір алмасты.Кездесу соңында тараптар өткен пікір алмасу үшін алғыстарын білдіріп, екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделілігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1305261?lang=ru
Туризм саласынан Алматы облысының бюджетіне 4 млрд теңгеге жуық табыс түсті 05.10.2026
Туризм саласы Алматы облысының бюджетіне қомақты кіріс әкеліп отыр. Биылғы сегіз айда саяхатшылардың есебінен қазынаға 3,9 млрд теңге түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,3 пайызға көп. Былтыр алғашқы жарты жылдықта бюджетке 2,8 млрд теңге түскен.Салық түсімінің өсуіне туристер санының артуы мен оларға көрсетілетін қызмет түрлерінің көбеюі әсер етіп отыр. Мәселен, биыл қаңтар-маусым айларында облыстағы қонақ үйлер мен демалыс орындары 263 776 туристі қабылдаған. Осы кезеңде қонақтарға көрсетілген қызмет көлемі 8,34 млрд теңгеге жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 6,39 млрд теңге болған. Яғни бір жылда қызмет көлемі 30,5 пайызға артқан.Туристер көбейген сайын оларды қабылдайтын нысандардың саны да артып келеді. Алматы облысы туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлының айтуынша, былтыр облыста туристерді қабылдайтын 285 нысан болса, биыл олардың саны 308-ге жеткен.«Әрбір турист өңір экономикасына өз үлесін қосады. Ол қонақ үйде тоқтайды, тамақтанады, көлік пайдаланады, экскурсияға барады, жергілікті жерден тауар сатып алады. Яғни турист келген сайын жергілікті кәсіпкерлердің де табысы артады. Бұл өз кезегінде бюджетке түсетін салықты көбейтеді. Биыл алғашқы сегіз айда туризмнен бюджетке 3,9 млрд теңге түсті. Туризм өңір қазынасына табыс әкеліп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік беретін маңызды сала. Сондықтан туристер санын арттырумен қатар, олардың өңірде көбірек уақыт өткізіп, сапалы қызмет алуына жағдай жасауға мән береміз», – деді Қуанышбек Мирамбекұлы.Алматы облысының көрікті жерлерін көруге шетелдік туристер де көптеп келе бастады. «eQonaq» жүйесінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірге 113 659 шетелдік саяхатшы келген. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы облысы республикада үшінші орында.Туристер ең көп келген жерлер «Іле-Алатау», «Көлсай көлдері» және «Шарын» ұлттық парктері болды. Жалпы, аталған үш ұлттық паркке биылғы сегіз айда 1,92 миллион турист келген. Оның ішінде «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне – 1 324 393, Көлсай көлдеріне – 399 063, «Шарын» шатқалына – 202 117 адам барған. Сондай-ақ, биыл Қонаев қаласындағы Қапшағай жағалауына 2 миллион демалушы келді. Бүгінде облыста туризм саласында 48 туроператор мен 24 гид жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1304659?lang=ru
Алматы облысындағы мәдениет пен ақпарат саласының қызметкерлеріне Мемлекет басшысының атынан марапаттар табысталды 03.10.2026
Алматы облысында мәдениет және ақпарат саласының қызметкерлері құрметке бөленді. Ұлттық мұраны дәріптеп, шынайы ақпарат жаршысы болып жүрген майталмандар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Құрмет» грамотасына және «Алғыс хатына» ие болды. Марапатты Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов табыстады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. Салтанатты рәсімде Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізіп, жиынға қатысушыларға жылы лебізін білдірді. «Алматы облысы – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытуға ерекше басымдық беріп отыр. Әсіресе ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу – басты назарда. Жыл басынан бері Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы, аты әлемге әйгілі кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығы және өзге де көрнекті тұлғаларымыздың мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтуде. Осындай игі шараларға өнерпаздарымыз бен ақпарат саласы қызметкерлерінің қосқан үлесі зор. Алдағы уақытта да еліміздің ынтымағы мен бірлігінің дамуына елеулі еңбек сіңіресіздер деп сенемін», – деді Мәлік Отарбаев. Жиында Шыңғыс Сайранұлы мәдениет және ақпарат саласының қоғамдағы маңызына тоқталды.«Мәдениет – халықтың рухани болмысын айқындайтын маңызды сала. Ұлттық құндылықтарды сақтау, өнер мен шығармашылықты қолдау, мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу – ортақ міндет. Ақпарат саласының да қоғамдағы орны ерекше. Жұртшылықты елдегі маңызды жаңалықтардан дер кезінде хабардар ету, атқарылып жатқан жұмыстарды ашық әрі нақты жеткізу кәсіби жауапкершілікті талап етеді. Шығармашылық ізденістеріңіз жаңа жобаларға, тың бастамаларға және жақсы нәтижелерге жол ашсын», – деді облыс әкімі. Марапатқа ие болғандардың бірі журналист, ақын, жазушы – Қуат Қайранбаев. «Журналистика саласында еңбек етіп келе жатқаныма 45 жылдай уақыт болды. Еңбегіміздің ескеріліп жатқанына қуаныштымын. Бүгінгі марапаттың жөні бөлек. Жүрегіміздің соғысы жиілеп, толқып тұрмыз. Осындай сый-құрметке бөлеген Мемлекет басшысына алғысым шексіз. Еліміздің рухани тұрғыда түлеуіне бар ынта-жігерін салып жүрген бүгінгі марапат иелерін шын жүректен құттықтаймын», – деді Қуат Қайранбаев. Осылайша, қаламның ұшымен, өнердің күшімен өңірдің өркендеуіне қажыр-қайратын арнаған жандардың мерейі тасып, еселі еңбегі лайықты бағасын алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1304137?lang=ru
Алматы облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы тағайындалды 02.10.2026
Алматы облысы әкімінің өкімімен Арман Еркінұлы Айшуақов Алматы облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.Арман Еркінұлы 1991 жылы туған. Білімі жоғары, 2013 жылы Халықаралық Білім Беру Корпорациясының «Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын» «Сәулет» мамандығы бойынша аяқтап, 2014 жылы аталған білім ордасында «Сәулет» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған. 2023 жылы ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған.Әр жылдары «ПСК Архат 2» ЖШС-ның сәулетшісі, Алматы қаласы «Алматыгипрогор» жобалау институтының сәулетшісі, Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы, Жетісу және Алмалы аудандарында “қалалық жоспарлау және аумақтарды үйлестіру” қызметінің басшысы лауазымдарын атқарған.2025 жылдың қыркүйек айынан бері Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары лауазымында қызмет еткен.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1303052?lang=ru
Қонаевта «Қазақстан – Дания» бизнес-форумы өтті 02.10.2026
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында «Қазақстан – Дания» бизнес-форумы өтті. Жиынға екі елдің мемлекеттік органдары, даму институттарының өкілдері мен кәсіпкерлер, инвесторлар, компания басшыларынан құралған 100-ден астам адам қатысты. Онда инвестициялық жобаларды нақты іске асыру жолдары талқыланды, – деп хабарлайды Алматы облысының әкімінің баспасөз қызметі. Шара барысында Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен және ҚР Сыртқы істер вице-министрі құттықтау сөз сөйлеп, форумның екі ел арасындағы байланысты жандандырудағы маңызына тоқталды. Шыңғыс Сайранұлы өз сөзінде аймақта бизнес үшін барлық қолайлы жағдай жасалғанын жеткізді. Облыс әкімінің айтуынша, соңғы сегіз айда облысқа 747 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,4%-ке көп. Сондай-ақ жалпы құны 7,1 трлн теңге болатын 293 инвестициялық жоба іске асу сатысында.«Өңірде жаңа өндіріс ошақтарын орналастыру үшін аумағы 9 мың гектар жерде жалпы инвестициялық портфелі шамамен 1 трлн теңгені құрайтын 22 индустриялық аймақ құрылуда. Агроөнеркәсіп саласы да қарқынды даму үстінде. Бүгінгі күні жалпы құны 1,3 трлн теңгеден асатын 44 инвестициялық жоба бар. Біз әсіресе ет пен сүтті, астық пен майлы дақылдарды, жеміс-жидек пен көкөністі терең өңдеуге басымдық беріп отырмыз. Сонымен қатар еліміздің өзге өңірлерінде баламасы жоқ, аумағы 98 мың гектар болатын «Alatau» арнайы экономикалық аймағы дамып келеді. Өнеркәсіп, логистика, заманауи технологиялар және іскерлік инфрақұрылым қатар дамитын Алатау қаласын жаңа экономикалық орталық ретінде қарастырамыз», – деді Шыңғыс Сайранұлы. Сондай-ақ Дания Корольдігі мен Қазақстан арасында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, инвестиция, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп, энергетика және заманауи технологиялар саласында бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік мол екенін айтты.Мәртебелі мейман Ларс Лёкке Расмуссен Дания Корольдігі үшін Орта Азия елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен ынтымақтастықты дамыту маңызды міндеттердің бірі екеніне тоқталды. «Біздің басты мақсатымыз – инвестициялық жобаларды іске асырып, жаңа жұмыс орындарын ашу, мамандардың кәсібилігін шыңдап, қос тарапқа да тиімді бизнесті дамыту. Табысты экономикалық ынтымақтастық технология мен капиталға ғана емес, өзара сенімге де байланысты. Сондықтан Қазақстан мен Дания арасында бұдан да берік байланыс орнағанын қалаймыз», – деді Ларс Лёкке Расмуссен.ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ардақ Зебешев Қазақстан мен дат компанияларының логистика, су шаруашылығы, агроөнеркәсіптік кешен, фармацевтика және энергетика саласындағы мол тәжірибесі мен қызығушылығын нақты әрі ұзақ мерзімді жобаларға ұластыруға мүдделі екенін айтты. Форум нәтижесінде «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Данияның ең ірі кәсіпкерлік ұйымдарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Айта кетейік, қос мемлекет арасындағы тауар айналымы өткен жылы 19,7 млн АҚШ долларына жетіп, 43,9%-ға артты. Бүгінде екіжақты байланыс жаңа бастамаларымен толығып келеді. Мәселен, бүгін Алматы облысының Боралдай ауылында «Carlsberg Kazakhstan» компаниясының алкогольсіз сусын шығаратын жаңа зауыты іске қосылды. Жобаға 344 млн доллар инвестиция салынды. Кәсіпорын жылына 1 млрд литр сусын өндіреді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1302916?lang=ru
Талғат Ахметов Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысы болып тағайындалды 02.10.2026
Талғат Ахметов 29 қыркүйектен бастап Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысы болып тағайындалды. Биыл сәуір айынан бастап ол осы басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарды, кейін басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.Талғат Ахметов 1990 жылы 16 шілдеде Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін және Қазақстан-Американдық еркін университетін тәмамдаған. Аспап жасау, экономика, құқықтану және құрылыс салалары бойынша білімі бар.Еңбек жолын 2011 жылы бастаған. Әр жылдары жеке секторда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, мемлекеттік мүлік және Шығыс Қазақстан облысының сәулет-құрылыс бақылауы салаларында еңбек еткен.2018-2021 жылдары Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы басқармасының бөлімін басқарды. Кейін осы басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1302851?lang=ru
Берік Солтанбаев Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы болып тағайындалды 02.10.2026
29 қыркүйектен бастап Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы қызметіне бұған дейін Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары болған Берік Солтанбаев тағайындалды.Берік Солтанбаев 1990 жылы 28 сәуірде Алматы облысында дүниеге келген. «Парасат» Қазақстан көпсалалы институтын, Халықаралық білім беру корпорациясын, Қазақ ұлттық аграрлық университетін және Нархоз университетін тәмамдаған. Құрылыс, техника және технологиялар, құқық және іскерлік әкімшілендіру салалары бойынша білімі бар.Еңбек жолын 2008 жылы бастаған. Әр жылдары жеке секторда, «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалында, «Қоғамдық келісім» КММ-де, Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің аппаратында қызмет атқарған.2017-2018 жылдары Медеу ауданы әкімі аппаратының кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бөлімін басқарды. 2018 жылы қазаннан 2022 жылы маусымға дейін Медеу ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2022 жылы маусымнан 2024 жылы маусымға дейін Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасын басқарды. Ал биыл 6 мамырдан бастап Әуезов ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1302842?lang=ru
Алматы облысында жылына 1 млрд литр сусын өндіретін ірі зауыт іске қосылды 02.10.2026
Алматы облысының Боралдай ауылында «Carlsberg Kazakhstan» компаниясының алкогольсіз сусын шығаратын жаңа кәсіпорыны ашылды. Жобаға 344 млн доллар инвестиция салынды. Зауытта жылына 1 млрд литрге дейін сусын өндіріледі. Мұнда 230-ға жуық жергілікті тұрғын жұмыс істейтін болады. Дайын өнім Қазақстан нарығынан бөлек ТМД елдеріне экспортталады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. Салтанатты рәсімге Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен, ҚР Сыртқы істер вице-министрі мен компания өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты. Өңір басшысы өз сөзінде жаңа кешеннің ашылуы аймақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын елеулі қадам екенін атап өтті.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкіметтің міндеті – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатынжақсарту», – деп алдымызға нақты міндеттер қойған болатын. Экономиканың өркендеуі ең алдымен елдің әр өңіріндегі жүзеге асып жатқан нақты жобалардан көрінеді. Сондықтан өндірісті дамыту мен инвестиция тарту біздің өңіріміз үшін де маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Осы жолдағы ірі жобалардың бірі – «Carlsberg Kazakhstan» компаниясыныңжаңа өндіріс орнын іске қосуы. Бұл өңір экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық белсенділікті арттыруға және бәсекеге қабілетті өнім көлемін көбейтуге мүмкіндік береді», – деді Шыңғыс Сайранұлы. Игі шараға арнайы келген Ларс Лёкке Расмуссен кәсіпорынның іске қосылуы екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруда үлкен маңызға ие екенін жеткізді. «Қазақстан мен Дания географиялық тұрғыдан бір-бірінен алыс орналасқан мемлекеттер болғанымен, бұл бірлесіп жұмыс істеуге кедергі емес. Бүгін ашылған жаңа кәсіпорын – соның айқын дәлелі әрі болашаққа салынған ортақ инвестиция. Сондай-ақ зауыт сауда-саттықты арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әл-ауқатын жақсартып, жаңа технологияларды өндірісте пайдалануға мүмкіндік береді», – деді мәртебелі мейман.Шара барысында қонақтар жаңа өндіріс желісін іске қосу түймесін бірлесе басып, кешеннің жұмысын бастап берді. Одан кейін зауытты аралап, оның өндірістік қуатымен танысты. Жобаның бірінші кезеңінде түрлі дәмдегі сусындар әзірлеп, оның қаптамасын дайындау үшін бес өндірістік желі жұмыс істейді. Кейін өнімді қоймаларда сақтау, тасымалдау сияқты логистикалық мүмкіндіктерді де дамыту көзделіп отыр. Кәсіпорында қажетті шикізат жергілікті өндірушілерден алынады. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, жергілікті тауарға сұранысты арттырады. Зауытта су, жарық, жылу көздерін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін озық технологиялар қолданылған.Айта кетейік, кәсіпорынның ашылуынан бөлек бүгін Қонаев қаласында екі ел арасындағы ынтымақтастықты ілгерілету мақсатында «Қазақстан – Дания» бизнес-форумы өтіп жатыр. Алқалы жиында инвестициялық жобаларды іске асыру жолдары талқылануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1302710?lang=ru
ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Әзербайжанның Қазақстандағы Елшісі Алимирзамин Аскеровпен кездесті 02.10.2026
Министр Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің қызметі туралы айтып, жүргізіліп жатқан құқықтық реформалармен және көрсетілетін қызметтердің цифрландыру саласындағы негізгі жетістіктерімен таныстырды.Кездесу барысында тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша пікір алмасып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1302711?lang=ru
Алматы облысында тұқым жинау науқаны басталды 01.10.2026
Алматы облысында шренк шыршасы, жиде және өзге де ағаш түрлерінен тұқым алынуда. Қазірдің өзінде мамандар бір жарым тоннаға жуық дәнек жинады. Бұл шара «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Қазан айының ортасынан бастап қара сексеуіл тұқымын жинау басталады. Биыл оның көлемін 10 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. Өңірде жалпы аумағы 130 гектарға жуық 2 тұрақты және 10 уақытша тәлімбақ жұмыс істейді. Ол жерден жиналған тұқым орман қорын молайтуға бағытталады. Мәселен, Балқаш ауданындағы «Күрті орман шаруашылығы» мекемесінің қызметкерлері мектеп оқушыларымен бірлесіп, бір күнде 200 келі жиде тұқымын жинады. Ол үшін 50-ге жуық адам жұмыла жұмыс істеді.«Күрті орман шаруашылығы» КММ директоры Ғабит Ақшабақовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, 2 миллиард түп ағаш отырғызу жоспары біртіндеп орындалып келеді. 2028-2035 жылдар аралығында 80 гектар жерге 266 664 түп жиде көшетін отырғызу көзделіп отыр. Қазіргі таңда жиналып жатқан жиде тұқымы осы жоспарға сәйкес көшет дайындау мақсатында уақытша орман тұқымбағына себіледі. Табиғат аясында өткен шара оқушылардың таным-түсінігін тереңдетіп, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға үйретеді. Игі іске белсене қатысқан Д.Қонаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Баукен Ерғали табиғатты қорғау әрбір азаматтың міндеті екенін айтты.«Желтораңғы ауылының жастары да, қарттары да мұндай шаралардан қалыс қалған емес. Мен – осы ауылдың тумасымын. Мұндай игі істерге қатысуды азаматтық парызым деп білемін. Себебі «Таза Қазақстанды» қалыптастыру – әрбір адамның жауапкершілігіндегі іс», – деді жас табиғат жанашыры.Тұқым жинау, оны күтіп-баптау – табиғат байлығын көбейтіп, орман қорын сақтаудың негізі. Сондықтан Алматы облысында бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сай жалғасын табады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1301724?lang=ru
Астанада дипломаттарға арналған Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) зияткерлік меншік жөніндегі тренингі басталды 29.09.2026
2026 жылғы 28 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Астана қаласында дипломаттардың зияткерлік меншік саласындағы білімдері мен практикалық дағдыларын, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша құзыреттерін арттыруға бағытталған зияткерлік меншік жөніндегі тренинг өтуде.Тренингті Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ), Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті, Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы және басқа да халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы бірлесіп ұйымдастырып отыр.Іс-шараға қазақстандық дипломаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда.Тренингті өткізу Қазақстанның ДЗМҰ-мен және дипломатиялық қоғамдастықпен өзара іс-қимылын дамытуға, сондай-ақ халықаралық экономикалық және сауда қатынастарындағы зияткерлік меншіктің рөлін практикалық тұрғыдан түсінуді қалыптастыруға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1300500?lang=ru
Алматы облысында халықаралық дрифт додасы өтті 28.09.2026
Алматы облысындағы Sokol International Circuit автодромында Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылған FIA Central Asia Drifting Cup 2026 дрифт жарысы өтті. Халықаралық додаға Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан және Ресейден келген 20 автошабандоз қатысты. Бұл жарысты Қазақстанның Автомотоспорт федерациясы мен Қырғызстанның Автомотоспорт және жол қауіпсіздігі федерациясы бірлесіп ұйымдастырды.Үш күнге созылған додада пилоттар барын салды. Жарыс ережесі бойынша автошабандоздар жоғары жылдамдықпен жүйіткіп келіп, бұрылыстарды дәл бағындыруы тиіс. Алдымен іріктеу кезеңінен өткен кіл мықтылар, кейін жұптық бәсекеде бақсынасты.Ал, жарыс алаңындағы жанкүйерлер шабандоздардың шеберлігін тамашалап, дөңгелектен шыққан көк түтін мен құлақ тұндырар көлік үнінен керемет әсер алды. Тіпті жиналған жұрт дрифт көліктерін жақыннан көріп, пилоттармен тілдесіп, қолтаңба алды. Ал автодром аспанында Қазақстан, Қырғызстан және FIA туын ұстаған парашютшілер өнер көрсетті.Халықаралық шараның ашылу салтанатына Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев қатысып, автошабандоздарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ FIA-ның алғашқы аймақтық дрифт Кубогының Қазақстанда өтуі еліміз үшін ғана емес, Орталық Азиядағы автоспорттың дамуы үшін де маңызды екенін атап өтті. “Автоспорттан халықаралық деңгейдегі жарысты Алматы облысында ұйымдастыру – біз үшін үлкен жауапкершілік әрі жаңа тәжірибе. Өңірде спорттық инфрақұрылымды дамытуға, халықаралық жарыстар өткізуге және бұқаралық спортты қолдауға ерекше мән беріледі. Бүгінгі дода – тек спорттық бәсеке ғана емес. Бұл – Орталық Азия елдерінің спортшыларын тоғыстырып, тәжірибе алмасуға, кәсіби шеберлікті шыңдауға және өңірдегі автоспорт мәдениетін дамытуға мүмкіндік беретін маңызды дода”,-деді Ғани Майлыбаев.Ал FIA Дрифт комиссиясының төрағасы, жапониялық Коичи Мурата жарысты ұйымдастыруға атсалысқан Қазақстан мен Қырғызстанның автомотоспорт федерацияларына, Sokol International Circuit командасына және мамандарға алғыс білдірді.Жарыстың ең тартысты сәті финалда болды. Дрифт кезінде қазақстандық пилот Олег Хридочкин мінген көліктің рөлінің гидравликалық күшейткіші (ГУР) істен шықты. Ереже бойынша төрешілер ақауды қалпына келтіруге бес минут қана уақыт берді. Бірақ механиктер оны жөндеп үлгерген жоқ. Соған қарамастан Хридочкин жарыс жолына шығып, халықаралық доданың бас жүлдесін жеңіп алды.Көлігімнің рөлі істен шыққан соң, жеңіске жетемін деген ой болған жоқ. Бас жүлде қарсыласым Михаилға бұйыратынына сенімді болдым, оны тіпті жеңісімен құттықтап қойдым. Бірақ төрешілер екі жарыстың қорытындысын ескере отырып, бірінші орынды маған берді. Шынымды айтсам, қара күштің арқасында ұттым», – деді Олег Хридочкин.Осылайша FIA Central Asia Drifting Cup 2026 жарысының бас жүлдесін Nissan 200SX көлігін тізгіндеген Олег Хридочкин иеленді. Екінші орынды Nissan 350Z көлігімен Михаил Пак, үшінші орынды Nissan 200SX көлігімен Александр Бочкарев алды.Үш жүлдегер де – Қазақстан пилоттары. Жеңімпазға – 6,5 млн теңге, екінші орын иегеріне – 4,5 млн теңге, үшінші орын алған пилотқа – 3,5 млн теңге ақшалай сыйақы табысталды.Бұл жарыс Орталық Азия елдерінің пилоттарына FIA Кубогы аясында бақ сынауға мүмкіндік берді. Ал, жарыс ұйымдастырушылары, төрешілер мен техникалық мамандар халықаралық деңгейдегі доданы жоғары деңгейде өткізіп, мол тәжірибе жинады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1299946?lang=ru
ЗЕЙНЕТАҚЫ АКТИВТЕРІН БАСҚАРУ БЖЗҚ ТУРАЛЫ ӨЗЕКТІ САУАЛДАР 25.09.2026
Зейнетақы активтерін кім басқарады?Зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ), сондай-ақ 2021 жылдан бастап тиісті лицензиясы бар және уәкілетті органның талаптарына сай келетін инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) жүзеге асырады. Мұндай сенімгерлік басқарудың негізгі мақсаты – зейнетақы жинақтарын түрлі қаржы құралдарына инвестициялап, табыс алу.Зейнетақы активтерін басқарушылар – ҚРҰБ пен ИПБ-лардың зейнетақы активтерін инвестициялау бойынша өзіндік стратегиясы бар және олар инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес айқындайды.Қолданыстағы ИПБ тізіліміне қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға бере алатын 6 жеке компания кіреді:«Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Tansar Capital» АҚ. (Бұл ретте «Halyk Global Markets» АҚ «БЖЗҚ» АҚ-ға 2027 жылдан бастап сенімгерлік басқару шартын бұзатыны туралы хабарлаған. Осыған байланысты, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қор зейнетақы жинақтарын осы компанияға аудару туралы өтініштерді қабылдамайды).www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.Заңнамалық өзгерістерге сәйкес міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) басқаруына беруге мүмкіндік қарастырылған. Бұл мүмкіндікті кім пайдалана алады және бұл механизм қалай жүзеге асырылады?Зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін жеке басқарушы компаниялар – ИПБ-ларға сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігін БЖЗҚ-ның барлық салымшылары пайдалана алады. Бұл нормалар 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап күшіне енді.www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.Жақында бір ИПБ салымшыларға тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілік және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық портфельдердің үш түріне дейін – консервативті, қалыпты және тәуекелді портфельдерді ұсына алады.Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфельдерін қалыптастыру тәртібін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды. Зейнетақы жинақтарын бірнеше басқарушы компания арасында бөлуге бола ма?Салымшы бір немесе бірнеше ИПБ-ны таңдай алады. Халықты кеңінен хабардар ету мақсатында БЖЗҚ invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасын іске қосты. Бұл – салымшыларға сенімгерлік басқарушылардың (ҚРҰБ пен ИПБ) басқаруындағы зейнетақы активтерінің портфельдері бойынша түрлі деректерді бір ақпараттық алаңда салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Салымшы мұнда инвестициялық портфельдерді өз бетінше бағалауға, сондай-ақ өзінің мақсаттары мен күтетін нәтижесіне сай келетін басқарушы компания мен оның инвестициялық стратегиясын таңдауға мүмкіндік беретін құралдарды пайдалана алады.Бұдан бөлек, invest.enpf.kz платформасында салымшы ИПБ-лардың инвестициялық декларацияларымен танысып, олардың қаржылық көрсеткіштерін талдай алады. Сондай-ақ ИПБ-ларға қатысты реттеуші орган – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚР ҚНРДА) тарапынан қолданылған әкімшілік шаралар, санкциялар мен ықпал ету шаралары туралы ақпаратты да (олар болған жағдайда) көре алады. Зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан басқарушы компанияға беру қалай жүзеге асырылады?Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін салымшы алдымен ИПБ-ны таңдап, содан кейін белгіленген нысан бойынша өтініш береді.Өтінішті enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе invest.enpf.kz интернет-платформасында электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, сондай-ақ БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып беруге болады.Жеке кабинетте салымшы, сондай-ақ:ИПБ-ға/ҚРҰБ-қа беруге немесе қайтаруға қолжетімді соманы тексере алады;ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ИПБ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ-тың сенімгерлік басқаруына қайтару туралы өтініш беру ережелері және талаптарымен таныса алады;ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ҚРҰБ-қа қайтару туралы өтініш беріп, оның мәртебесін қадағалай алады;басқа да қолжетімді зейнетақы қызметтерін пайдалана алады.Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға аудару туралы берілген өтініштің мәртебесін сайттағы жеке кабинеттен немесе БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасынан бақылауға болады.ИПБ-ға аударуға өтініш беру және оларды БЖЗҚ-да өңдеу рәсімдері толық автоматтандырылған. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген мерзім ішінде береді.Бұл ретте зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне аудару немесе оларды ҚРҰБ-тың басқаруына қайтару алғашқы аударылған күннен бастап кемінде бір жыл өткен соң жүзеге асырылуы мүмкін. Салымшылар зейнетақы активтерін басқару туралы толық ақпаратты қайдан алып, басқарушы компаниялардың қызмет нәтижелерін қалай бақылай алады?БЖЗҚ – барлық салымшылар үшін бірыңғай есепке алу және ақпараттық орталық, сондай-ақ активтерді кім басқаратынына қарамастан (ҚРҰБ және/немесе салымшы таңдаған ИПБ) олардың жеке зейнетақы шоттарының операторы.БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруға байланысты қолжетімді қызметтер мен сервистерді ұсынады. Азаматтардың зейнетақы жинақтары, оның ішінде инвестициялық табыс ескерілген ақпарат enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасында 24/7 режимінде берілетін үзінді көшірмелерде толық көрсетіледі.Әр басқарушының инвестициялық қызметі туралы ақпарат enpf.kz сайтындағы «Статистика және талдау» – «Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде тұрақты түрде жаңартылып отырады.Сонымен қатар, БЖЗҚ салымшылары үшін invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы жұмыс істейді. Бұл – барлық басқарушылардың (ҚРҰБ пен ИПБ) активтерді басқару нәтижелерін өзара салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Invest.enpf.kz платформасы инвестициялық табыстылық туралы ақпаратқа қол жеткізуге, белгіленген кезең аралығындағы басқарушылар мен олардың инвестициялық портфельдері бойынша деректерді салыстыруға және инвестициялық шешімдерді саналы түрде қабылдауға мүмкіндік береді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1298179?lang=ru
Алматы облысында 30 мың тонна өнім сақтайтын агрокешен іске қосылды 24.09.2026
Алматы облысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Еңбекшіқазақ ауданында бой көтерген «QazEcoDan» заманауи кешені дәнді және майлы дақылдарды қабылдау, тазарту, кептіру және сақтау процесін іске асырады. Қазірдің өзінде кешенде 30 мың тонна өнім сақтауға мүмкіндік бар.Өндірісте Германиядан жеткізілген технологиялық жабдықтар пайдаланылса, астық сақтауға арналған силостар Испаниядан әкелінген. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл астықты тиімді кептіруге және өнім сапасын ұзақ мерзім бойы сақтауға мүмкіндік береді.Заманауи кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, ауыл тұрғындары мен ақсақалдар қатысты.Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов жаңа жобаның ауыл шаруашылығы мен аймақтың экспорттық әлеуетін арттырудағы маңызын атап өтті.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласында өндіріс көлемін ұлғайтуға және инвестиция тартуға басымдық беріп келеді. Бүгін ашылған кәсіпорын осы міндеттерді жүйелі шешуге бағытталған. Ауданның аграрлық саласын дамытуға үлес қосқан инвесторлар мен жұмысшыларға ризашылығымды білдіремін. Жоба ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз», – деді Шыңғыс Сайранұлы.Кешеннің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында ұзындығы шамамен 3 шақырым болатын теміржол желісін салу жоспарланып отыр. Бұл астық тасымалын оңтайландырып, өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға жедел жеткізуге мүмкіндік береді. Болашақта кешенде өңделіп, сақталған дәнді дақылдарды Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан және өзге де елдерге экспорттау жоспарлануда.Қазір мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның жалпы құны – 21 млрд теңге.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1297505?lang=ru
АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап БЖЗҚ салымшылары зейнетақы жинақтарын басқарудың кеңейтілген мүмкіндіктеріне ие болды 23.09.2026
2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне енгізілген, салымшылардың өз зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктерін кеңейтетін өзгерістер күшіне енді. Жаңа өзгерістерге сәйкес, енді салымшы (алушы) жеке зейнетақы шотындағы (ЖЗШ) міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) және ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) сенімгерлік басқаруына бере алады.Бұл ретте МЗЖ және ЕЗЖ есебінен жинақтары бар салымшылар, сондай-ақ олар үшін МКЗЖ және ЕЗЖ аударылған жеке тұлғалар өздерінің сенімгерлік басқаруға берілетін жинақтарының көлемін дербес айқындауға, сондай-ақ қаржылық мақсаттарына сәйкес бір немесе бірнеше ИПБ-ны және бір немесе бірнеше инвестициял ық портфельді таңдауға құқылы.Заңнамаға сәйкес, ИПБ үш инвестициялық портфельге дейін қалыптастыра алады: консервативті, қалыпты және тәуекелді. Олар тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілік және инвестициялау мерзімдері бойынша ерекшеленеді. Әртүрлі инвестициялық портфельдерді таңдау мүмкіндігі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 37-1-бабында бекітілген. Оларды қалыптастыруға қойылатын талаптарды қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушылардың сенімгерлік басқаруына беру тәртібі және инвестициялық мүмкіндіктер туралы толық ақпарат БЖЗҚ сайтында және invest.enpf.kz платформасында қолжетімді.Осылайша, зейнетақы жүйесі салымшы пассивті рөл атқаратын модельден адамның өзінің ұзақмерзімді зейнетақы жинақтарын басқаруға саналы түрде қатысуын көздейтін жүйеге біртіндеп ауысуда. Инвестициялық стратегияны таңдау мүмкіндіктерінің кезең-кезеңімен кеңеюі және зейнетақы активтерін басқару туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыру салымшылардың болашақ зейнетақы табысын қалыптастыруға қатысты шешімдер қабылдауға белсендірек қатысуына жағдай жасайды. БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында). Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1297123?lang=ru
Алматы облысында отбасын қолдау орталықтарының жұмысы қайта қаралады 23.09.2026
Алматы облысында отбасын қолдау орталықтарының қызметіне кешенді талдау жүргізіліп, олардың жұмысының тиімділігі мен халыққа қолжетімділігі қайта қаралады. Бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында қаралды.Жиында отбасын қолдау орталықтарының халыққа көрсететін әлеуметтік қызметтерінің сапасы, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс, ана мен баланы қорғау, репродуктивті денсаулық және әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге қатысуын арттыру мәселелері талқыланды.Әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асыл Ваисовтың мәліметінше, жыл басынан бері отбасын қолдау орталықтары мен әлеуметтік мекемелерге 8 306 азамат жүгінген. Оның ішінде 264 отбасы өмірлік қиын жағдайға тап болып, көмек алғандар. Одан бөлек, орталықтың көмегімен 63 азамат тұрақты жұмысқа орналасса, 47 адам жеке басын куәландыратын құжаттарын қалпына келтірген. Комиссия төрағасы жұмысты тек сандық көрсеткіштермен бағалауға болмайтынын ескертті. «Әрбір отбасының мәселесі жеке қаралып, жағдайын тұрақтандыруға бағытталған нақты іс-қимыл жоспары әзірленуі тиіс. Бұл бағытта барлық мемлекеттік органдар, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және құқық қорғау салаларындағы басқармалар жұмусты күшейтуі қажет. Барлық аудан мен қалада «Бір отбасы – бір жоспар – бір жауапты маман» ведомствоаралық жұмыс алгоритмін енгізуді тапсырамын», - деп атап өтті комиссия төрағасы. Отбасын қолдау орталықтары азаматтарға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық кеңес береді. Тұрғындар бұл орталықтарға жұмыссыздық, қаржылық қиындық, отбасылық жанжал, тұрмыстық зорлық-зомбылық, құжаттарды жоғалту, бала тәрбиесі, баспана, денсаулық немесе құқықтық мәселелер туындаған жағдайда жүгіне алады. Қажет болған жағдайда орталық мамандары азаматтарды жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, ішкі істер және өзге де тиісті мемлекеттік органдарға бағыттап, қажетті қызметтерге қол жеткізуіне ықпал етеді.Комиссия отырысында орталықтардың қызметі туралы ақпараттың ашықтығы мен тұрғындарға түсінікті болу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Әрбір азамат қайда, қандай жағдайда және қандай көмек алу үшін жүгінуге болатынын білуі қажет. Осыған байланысты аудандар мен қалаларда кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу, орталықтардың байланыс деректері мен қызмет түрлері туралы ақпаратты тұрақты жариялау тапсырылды.Сонымен қатар мобильді кабинеттердің шалғай елді мекендерді қамтуын кеңейту, қызмет көрсету сапасын бағалаудың нақты көрсеткіштерін әзірлеу және орталықтардың жұмысындағы әлсіз тұстарды анықтау жөнінде міндеттер қойылды.Комиссия отырысында ана мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың репродуктивті денсаулығын нығайту және жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу мәселелері де қаралды. Жауапты мемлекеттік органдарға профилактикалық жұмысты күшейту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қою тапсырылды.Бұдан бөлек, әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге қатысуын арттыру және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағытында Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандарында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Олардың тәжірибесін зерделеп, тиімді тұстарын облыс көлемінде таратуға арналған практикалық кейстер жинағын әзірлеу тапсырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1296909?lang=ru
Астана « ДЗМҰ-ның Инновациялар қаласы » халықаралық сыйлығының финалистері қатарына енді 23.09.2026
Астана Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (ДЗМҰ) тағайындаған «ДЗМҰ-ның Инновациялар қаласы – 2026» халықаралық сыйлығының 15 финалисті қатарына енді.Премия инновациялық және креативті экожүйені дамытып отырған қалаларды қолдауға бағытталған. Іріктеуді халықаралық тәуелсіз қазылар алқасы қалалар ұсынған бастамалар мен оларды іске асыру жоспарлары негізінде жүргізді.Конкурсқа әлемнің әртүрлі елдерінен түрлі ауқымдағы қалалар өтінім берді. Конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша Астанамен қатар финалистер қатарына Бельгия, Қытай, Үндістан, Иордания, Марокко, Филиппин, Португалия, Ресей Федерациясы, Таиланд және Ұлыбритания қалалары енді.Жеңімпаздар 2026 жылғы 12 қазанда Женева қаласындағы ДЗМҰ штаб-пәтерінде өтетін салтанатты рәсімде жарияланады. Іс-шара БҰҰ-ның мэрлер форумының алтыншы отырысы аясында өтеді.Дереккөз: Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) ресми сайты https://www.wipo.int/ru/web/awards/city-of-innovationАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet/press/news/details/1296649?lang=ru