Enbekshi QazaQ

Қуқық

Қостанай облысында XII Азаматтық форум 22.08.2025
21 тамызда Қостанайда XII Азаматтық форум өтіп, азаматтық қоғам өкілдері, мемлекеттік органдар, сарапшылар, журналистер мен белсенді тұрғындар бас қосты. Форумның негізгі тақырыбы – елдің дамуына азаматтық белсенділік пен қоғамдық бақылаудың ықпалы болды. Қатысушылар бюджет ашықтығы, ұлттық жобаларды мониторингтеу, адам құқықтарын қорғау және азаматтардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысуының жаңа тетіктерін талқылады.Форум барысында өткен жылы қабылданған «Қоғамдық бақылау туралы» заңның маңызына ерекше назар аударылды. Бұл құжат азаматтарға шешім қабылдау үдерістеріне қатысуға жаңа мүмкіндік беріп, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға ықпал етеді. Алайда заңның тиімділігі өңірлік бастамалардың белсенділігіне және азаматтық сектор жұмысына тікелей байланысты екені айтылды.Форумға Қазақстан азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева арнайы келіп, қоғамды шешім қабылдау үдерістеріне тарту тәжірибесімен бөлісті. «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Чинкисбаева өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар туралы айтты. Олардың қатарында балаларға арналған оңалту орталығын жабдықтау, медициналық мекемелерді заманауи құралдармен қамтамасыз ету, Арқалықтағы «Горняк» мәдениет сарайын қайта жаңғырту және ондаған білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бар.Форумда сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың белсенді жұмысы атап өтілді. Қазіргі таңда облыста шамамен 1500-ге жуық ҮЕҰ жұмыс істейді. Соңғы үш жылда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі 34%-ға өсіп, 2025 жылы 1 млрд теңгеге жетті. «Үміт-Надежда», «Мама Про», «Перекрёсток» сияқты ұйымдар халыққа тікелей көмек көрсетсе, «Регион 10», «Барс», «Дос» еріктілер-құтқарушылар жасақтары төтенше жағдайларда қолғабыс етіп жүр.Бұдан бөлек, 14 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «ҮЕҰ үйінің» тәжірибесі де назардан тыс қалмады. Бұл орталық әлеуметтік идеялар жәрмеңкесін ұйымдастырып, шағын гранттар арқылы бастамаларды қолдап келеді. Соңғы екі жылда ондаған жоба жүзеге асты: Рудныйда жастарға арналған подкаст-студия, Жангелдин ауданында скверді абаттандыру, Қостанайда инклюзивті спорт залы, сондай-ақ түрлі әлеуметтік стартаптар.Жастар бастамалары тақырыбы да форумда кеңінен талқыланды. «Тәуелсіздік ұрпағы» байқауы аясында алты жобаға 1 млн теңгеден грант берілсе, тағы үш костанайлық жоба республикалық деңгейде жеңімпаз атанып, әрқайсысы 3 млн теңгеден қаржыландырылды. Инклюзивті эко-жылыжай құруға бағытталған «Өсіп келеміз» жобасы ел бойынша үздік 30 жобаның қатарына енді.Сонымен қатар қоғамдық кеңестердің қызметі сөз болды. Облыста 21 кеңес жұмыс істейді, олардың құрамының шамамен 17%-ын жастар құрайды. Биыл алғаш рет мәслихат депутаттары кеңестер құрамына кірмей, олардың қоғамға бағытталған сипаты күшейтілді.Форум қорытындысында сарапшылар азаматтық қоғам институттары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосып отырғанын атап өтті. Қостанайлық ҮЕҰ-дың бастамалары қоғамды нығайту мен халықтың өмір сапасын арттырудың жарқын үлгісі ретінде бағаланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1055498?lang=kk
Алматы облысында ҚР Президентінің тапсырмасы аясында 76 мыңнан астам ағаш отырғызылды 22.08.2025
Алматы облысында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында кең ауқымды экологиялық науқан жалғасуда. Бағдарлама Қазақстан Республикасының Президенті тапсырған орман қоры аумақтарына 2 миллиард, елді мекендерге 15 миллион ағаш отырғызу бастамасын жүзеге асыруға бағытталған.2024 жылғы 26 сәуірде облыста әкім Марат Сұлтанғазиевтің бастамасымен «Біз бірге болашаққа дән егеміз» атты акция басталды. Өткен жылы өңірдегі барлық мектеп ауласында ағаш тұқымдары отырғызылған болатын. Алдағы уақытта қосымша 6,79 гектар аумаққа 11 237 көшет отырғызу жоспарланып отыр. Тек мектептерде ғана бағдарлама аясында 11,2 мыңнан астам ағаш егілді.Әкімнің айтуынша, бұл акция Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудың маңызды бөлігі:«Президент орман қорына 2 миллиард, елді мекендерге 15 миллион ағаш отырғызу жөнінде нақты міндет қойды. Бүгінде Алматы облысы осы жалпыұлттық іске қомақты үлес қосуда. Мектеп аулалары мен саябақтар жасыл желекке толып келеді — бұл табиғатты қорғаудың әр азаматтың борышы екенін түсінген жас ұрпақтың бастамасының нәтижесі», — деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.Экологиялық науқанға мектеп оқушылары белсенді қатысты: оған 340 мыңнан астам бала атсалысты.«Біз сыныптастарымызбен бірге ағаш тұқымдарын отырғыздық, қазір олар көктеп өсіп келеді. Үзіліс кезінде су құйып, күтіп-баптаймыз. Шақырылған қонақтар бізге ағашты қалай дұрыс өсіру керектігін үйретті. Бірнеше жылдан кейін бұл жерде жасыл бұрыш пайда болады деген ой қуантады. Ол біз үшін естелік әрі болашақ оқушыларға сыйлық болады», — деп бөлісті Қонаев қаласының 4-сынып оқушысы Сабит Айсулу. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1055399?lang=kk
Автомобиль жолдарының сапасына қатысты мәселе талқыланды 22.08.2025
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, күн тәртібінде автомобиль жолдарының сапасы мәселесі қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.Облыс аумағындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 3545 шақырым, оның 1024,5 шақырымының республикалық, 555 шақырымының облыстық, 1965,5 шақырымының аудандық маңызы бар.Өткен жылы 44 млрд. 700 млн. теңге қаржы бөлініп, өңіріміздегі 300 шақырымнан астам жолдар мен көпір өткелдері жөнделді. Нәтижесінде облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішінің үлесі 92,5 пайызға жетті.Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен 42 млрд. 142 млн. теңге қаралып, 320 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстардың қорытындысы индикаторлық көрсеткішті 95 пайызға жеткізбек.«Жол активтері сапасы» ұлттық орталығының қызметіне биыл 123 млн. теңге бағытталып, құрылыс сапасы 100 пайыз сараптамамен қамтылды. Аспаптық және зертханалық тексеру жүргізу барысында 1201 сынама алынып тексерілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1055404?lang=kk
Бішкекте Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерейтойлық кеш өтті 22.08.2025
Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында қазақтың ұлы композиторы, әйгілі күйші және дирижер Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Әлқисса» шығармашылық кеші ұйымдастырылды. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапары аясында өтті.Мерекелік концерт Абдылас Малдыбаев атындағы Қырғыз ұлттық академиялық опера және балет театрында өтті. Шараны Алматы облысы әкімдігі ұйымдастырып, аймақтың жетекші шығармашылық ұжымдары мен белгілі өнерпаздары қырғызстандық көрермендерге өнер көрсетті.Кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Дінзухра Тілендиева құрметті қонақ ретінде қатысты. Мерекелік концертте «Сазген» және «Құлансаз» ансамбльдері, «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі, Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбеков, «Құрмет» орденінің иегері Зарина Алтынбаева, еңбек сіңірген қайраткер Нұркен Әшіров және халықаралық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті. Сонымен қатар қырғызстандық әртістер де Нұрғиса Тілендиевтің туындыларын орындады. Сүйінбай атындағы филармония директорының орынбасары Алмас Нұғманов атап өткендей, шараға екі ай көлемінде дайындық жүргізілді. Оның айтуынша, қазақтың домбырасы мен қырғыздың комузы сахнада үйлесім тауып, екі халықтың рухани жақындығын айшықтай түсті.Айта кетейік, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы даталар тізіміне енгізілген. Осыған байланысты мерейтой халықаралық деңгейде кеңінен аталып өтуде. Бұған дейін Алматы облысының ұйымдастыруымен композитордың шығармашылық кеші Бейжің қаласында өткен болатын. Бішкектегі концерт осы мәдени эстафетаның жалғасы ретінде өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1055185?lang=kk
Қазақстан СІМ-де Швецияның жаңа елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін табыстады 21.08.2025
Астана, 2025 жылғы 21 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Швеция Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған Елшісі Ларс Стефан Эрикссоннан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.Швед дипломатын қарсы алып және Қазақстандағы жаңа қызметімен құттықтай отырып, А.Исетов қазақ тарапының екіжақты өзара тиімді қатынастарды жан-жақты тереңдетуге және Астана мен Стокгольм арасындағы байланыстарды нығайтуға мүдделілігін атап өтті.Сұхбат барысында дипломаттар қазақ-швед ынтымақтастығының саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы жағдайы мен келешегін талқылады. Іскерлік байланыстарды кеңейту және сауда-инвестициялық серіктестікті тереңдету мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.Кездесу соңында тараптар қазақ-швед қатынастарының әлеуетін толық жүзеге асыру мақсатында екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды белсенді жалғастыруға уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1054978?lang=kk
Құрлық чемпионы: армия мергені Ислам Сәтбаев Азия чемпионатында алтын олжалады 21.08.2025
Шымкентте өтіп жатқан Азия-2025 чемпионатында жеке есепте әскер спортшысы Ислам Сәтбаев тұғырдың ең жоғарғы сатысына көтерілді. Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының өкілі үшінші орыннан финалға шықты. 10 метр қашықтыққа ату кезінде Ислам Сәтбаев біліктілікте 631,7 ұпай жинады.Алтын медаль үшін тартысты сында қазақстандық атқыш үшінші орын алған қытайлық Динкэ Лу мен корейлік Хаджун Пактан 0,3 ұпайға озып кетті.Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылы Ислам Сәтбаев Азия чемпионатында жеңіске жеткен болатын, сондай-ақ Париждегі 2024 жылғы Олимпиада ойындарында ел қоржынына қола жүлде салған.Спорттық ату бойынша Азия-2025 чемпионаты Шымкентте 18-29 тамыз аралығында 26 елден келген 800-ден астам спортшының қатысуымен өтіп жатыр. Оқ атуда 28 медаль сарапқа салынады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1054976?lang=kk
Астанада әскери музыкант қайғылы оқиғаның алдын алды 21.08.2025
Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Орталық ансамблі эстрадалық-симфониялық оркестрінің концертмейстері аға сержант Аббас Аппазов қайсарлық танытып, 19 жастағы қыздың өмірін сақтап қалды.Оқиға 20 тамыз күні кешкі уақытта болған. Аббасқа алаңдаған көршісі қоңырау шалып, жағдайды баяндаған. Оның пәтер жалдаушысы 18-қабаттан секірмек болған бейтаныс қызды тоқтатып, пәтеріне кіргізген. Дегенмен, әйел адам қыздың қайта әрекет етуі мүмкін деп алаңдаулы еді.Аббас үйдегі тұрғындар кеңесінің мүшесі болғандықтан, бейнебақылау камераларының жазбасына қол жеткізе алған. Жазбаларды қарап отырып, қыздың тағы да 8-қабатқа көтеріліп, балконда қоштасу хат жазып жатқанын байқаған. Ақырында оны 12-қабаттан тауып алғанда қыз балконның шетінде отырған еді.Аббас оған байқатпай жақындап, жайлап сөйлесе бастаған. Сәті келгенде, қызды құшақтап, қауіпсіз жерге алып шыққан. Кейін учаскелік инспекторды шақырған. Аббас өзінің бұл әрекетін ерлік деп есептемейді.– Әрбір адам өмірі – баға жетпес құндылық. Ол бір-ақ рет беріледі, сондықтан қадірлеу білу керек. Үлкен қайғының алдын алғаныма қуаныштымын, – деді ол.Аббас – «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінің «саксофон» мамандығы бойынша бітірген. Қазір 36 жаста. Шымкент қаласының тумасы. 2014 жылдан бері ҚР Қарулы күштерінде қызмет етеді. Жұбайымен бірге екі бала тәрбиелеп отыр.Әскери қызметшінің өмірлік ұстанымы – адал, мейірімді болу және адамдарға шын ниетпен көмек көрсету. Ол әділеттілік, жанашырлық пен бейжай қарамау – мықты қоғамның негізі деп санайды. Аббас «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен марапатталған.Қызметтестері Аббасты мақтан тұтады. Өйткені ол тек кәсіби маман ғана емес, сондай-ақ ішкі парасаттылық пен көмек көрсетуге әрдайым дайын тұратын жан.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1054966?lang=kk
«Бұл заң мен тәртіп жолы» - Сауда министрлігі Шымкент базарларындағы жаңғырту жұмыстарын бағалады 21.08.2025
Шымкент қаласында 19 сауда базары жұмыс істейді. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің базарларды жаңғырту жөніндегі Жол картасына қаладағы «Авто-Нұр», «Алаш», «Орталық Қырғы базар», «Самал», «Жабық базар», «Назым апа», «Жаңа шахар» енген. Суда базарларының жартысы былтыр жаңғырту жұмыстарын аяқтаса,  Авто-Нұр», «Орталық қырғы» базар, «Назым апа», «Жабық базары» жаңғырту жұмыстарын биылғы жылдың соңына дейін аяқтауы тиіс. Бүгін ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жаутікбаев базарларды жаңғырту жұмысын БАҚ өкілдеріне таныстырды.Бүгінгі таңда «Авто-Нұр» базарын жаңғырту жұмыстары 60% аяқталған. Ескі ғимараттарды демонтаждау жұмыстары және жаңа павильонның қаңқасы мен ішкі жұмыстары жүргізіліп жатыр. Базардағы 3 ғимарат құрылысы толығымен аяқталды, 1 ғимараттың құрылысы және  киім-кешек павильонын қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілуде.«Орталық Қырғы» базарында да құрылыс жұмысының  60% аяқталған. Ішкі әрлеу, шатыр орнату жұмыстары және заңсыз тұрған сауда орындарының орнына жаңа павильон салу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Базарда зергерлік бұйымдар, трикотаж бұйымдары павильоны және көкөніс павильонында модернизация жұмыстары аяқталған. Жаңадан жер асты көлік тұрағы құрылды. Киім павильондары толық модернизациядан өткізуі қажет.«Назым апа» базарында сауда орындарын демонтаждау жұмыстары жүргізілуде. Ал «Жабық базарының» эскиз жобасы келісіліп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.«Сауда базарларын биылғы жылдың соңына дейін толықтай жаңғыртудан өткізу Үкіметтің ерекше базарында. Бұл заң мен тәртіптің жолы. Сауда министрлігі қажетті заңнаманы толықтай әзірледі. Енді заң аясында сауда нысандары тәртіпке келуі керек. Бұл бірінші кезекте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. Келер жылдан бастап модернизациядан өтпеген базарлар жұмысын жалғастыра алмайды»,  - деді ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев.ҚР Сауда министрлігі 2029 жылға қарай заману сауда форматының үлесін 79 пайызға ұлғайтуды көздеп отыр. Қазір бұл көрсеткіш 31 пайызды құрайды. Сауда базарлары да заманауи форматқа, яғни өрт қауіпсіздік, санитарлық эпидемиологиялық талаптарға сай, салықтық түсімдердің ашықтығы үшін төлем карталарын қабылдайтын әрі тұтынушылар үшін арнайы автотұрақ алаңымен қамтылуы керек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1054740?lang=kk
Қазақстан халықаралық аккредиттеу жүйесіндегі позициясын нығайтуда 21.08.2025
Қазақстан сәйкестікті бағалау және аккредиттеу саласында халықаралық аренада тағы да атын шығарды. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің «Ұлттық аккредиттеу орталығы» РМК өкілі Гүлжан Аманжолова тамыз айының ортасында АҚШ-та өткен Азия-Тынық мұхиты аккредиттеу ынтымақтастығы (APAC) халықаралық миссиясына қатысты.Аманжолова Филиппин, Сингапур, Таиланд, АҚШ және Қазақстан сарапшылар тобының құрамында америкалық аккредиттеу органдарының бірінің жұмысын бастапқы бағалауға қатысты. Пенсильванияға бес күндік миссия қабылдаушы тарап үшін ғана емес, сонымен бірге елдің әлемдік деңгейде кәсіби беделін нығайтуды жалғастырып келе жатқан қазақстандық сарапшы үшін де маңызды қадам болды.«Бұл өте қарқынды және  өте нәтижелі жұмыс болды. Мұндай сапарлар әрқашан жүйені және жеке өзіңізді жоғары халықаралық стандарттарға сәйкестікке сынау болып табылады», - деп атап өтті Гүлжан Аманжолова.Мұндай миссияларға қатысу терең кәсіби білімді ғана емес, сонымен қатар халықаралық қоғамдастықтың мойындалуын да талап етеді. Гүлжан Аманжолова үшін бұл APAC аясындағы алтыншы шетелдік бағалау. Осы жылы ол жетекші бағалаушы мәртебесіне көтерілу үшін бірден екі ұсыныс алды. Бұл мәртебені беру туралы түпкілікті шешім APAC MRAMC Басқару комитетінің отырысында қабылданады деп күтілуде.Сонымен қатар, өткен бағалаудың негізгі нәтижелері ағымдағы жылдың қазан айында Бангкокта өтетін ILAC/IAF Бас ассамблеясында талқыланады.Қазақстан үшін оның мамандарының халықаралық сарапшылық топтардың жұмысына қатысуы аккредиттеудің жаһандық стандарттарын әзірлеуге, елдің кәсіби қоғамдастықтағы ұстанымын нығайтуға және Қазақстан Республикасының Ұлттық аккредиттеу органының беделін арттыруға маңызды үлес болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1054758?lang=kk
Қазақстан мен Гуандун провинциясы арасындағы сауда бір жылда 37% өсті 21.08.2025
Гуанчжоу қаласында Қазақстанның Сауда-экономикалық миссиясы өтті. Шараға еліміздің 20-дан астам компаниясы қатысып, Гуандун провинциясының жетекші бизнес өкілдерімен кездесті. Форумның ашылуында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті ерекше атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында екіжақты тауар айналымы 15 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,9% -ға артық . Министр Гуандун провинциясының мүмкіндіктеріне де тоқталды. ЖІӨ көлемі 1,9 трлн доллар болатын өңірдің Қазақстанмен саудасы былтыр 37,3%-ға өскен. Миссия аясында бірнеше құжатқа қол қойылды. Солардың ішінде «QazTrade» экспортты дамыту ұлттық операторы мен Guangdong Chamber of Commerce of Importers & Exporters арасындағы ынтымақтастық туралы келісім бар. Келіссөз нәтижесінде қазақстандық рапс майы, құрама жем ұны мен арпаны жалпы құны 45 млн доллар болатын көлемде жеткізу туралы нақты уағдаластық жасалды. Бұған қоса, қытайлық компаниялар қазақстандық қытырлақ нанға, табиғи шырынға және құрғақ түйе сүтіне қызығушылық білдірді. Форумда тек сауда емес, көлік-транзит саласы да талқыланды. Бүгінде Қазақстан басты транзиттік дәліз ретінде, Қытайдан Еуропаға баратын жүктердің 80%-дан астамын қабылдайды. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен Транскаспий дәлізі аясында 2030 жылға дейін Орта дәліз арқылы жүк тасымалын жылына 10 млн тоннаға дейін жеткізу көзделуде. Инвестициялық бағыт та назардан тыс қалған жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанға 26,4 млрд доллар көлемінде қытайлық инвестиция тартылған. Қазіргі таңда құны 66 млрд доллардан асатын 224 бірлескен индустриялық жоба іске асырылып жатыр, оның 67-сі толық аяқталған. Бұл өзара сенім мен ұзақмерзімді серіктестіктің айқын көрсеткіші. Арман Шаққалиев сөзін қортындылай келе гуандундық кәсіпкерлерді Қазақстанда жаңа жобаларды іске асыруға шақырды: «Біз шетелдік серіктестерге тиімді шарттар, салықтық жеңілдіктер мен заманауи инфрақұрылым ұсына аламыз. Қазақстан Орталық Азия, ТМД, Таяу Шығыс пен Еуропа нарығына шығудың алтын көпірі бола алады», – деді. Миссия нәтижесінде тараптар сауда көлемін ұлғайтуға,жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға және өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласты. Гуанчжоудағы бұл кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытудың маңызды кезеңі ретінде бағаланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1054591?lang=kk
Қазақстан Республикасының Елшісі НАТО Бас хатшысына сенім грамоталарын тапсырды 21.08.2025
Брюссель, 2025 жылғы 20 тамыз – Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі, Еуропалық Одақтағы және Солтүстік Атлантикалық Шарт Ұйымындағы (НАТО) Елшісі Роман Василенко НАТО Бас хатшысы Марк Рюттеге сенім грамоталарын тапсырды.Сенім грамоталарын тапсырудың ресми рәсімінен кейін өткен кездесуде тараптар Қазақстан мен НАТО арасындағы ынтымақтастықтың жай-күйін, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.Р. Василенко Қазақстан үшін НАТО-мен ынтымақтастықтың басты мақсаты БҰҰ қамқорлығымен өтетін бітімгершілік миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің бітімгершілік бөлімшелерін даярлау екенін атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бітімгершілік әлеуетін нығайту саласындағы ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруға уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1054574?lang=kk
Арман Шаққалиев пен Ван Вэнтао 2030 жылға қарай Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымын екі есеге арттыру жолдарын талқылады 21.08.2025
2025 жылдың 20 тамызында Бейжіңде ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қытай Халық Республикасының Сауда министрі Ван Вэнтаомен кездесті. Келіссөз кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Орталық Азия - Қытай» екінші саммитінде қол жеткізген уағдаластықтарын іске асыруға бағытталды. Министрлер мемлекет басшылары арасындағы ерекше сенім мен достыққа негізделген жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің сенімі мен жеке байланыстары «мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті» нығайтудың қозғаушы күшіне айналып, сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуге жаңа серпін беріп отыр. Ван Вэнтао екіжақты сауда айналымының оң қарқынмен өсіп келе жатқанын атап өтті. 2024 жылы тауар айналымы 43,8 млрд АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 9,2%-ға артқан. Ал 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 21,8 млрд долларды құрады. Бұл мәліметтер 2030 жылға қарай өзара сауда көлемін екі есе арттыру жөніндегі міндеттің нақты әрі қолжетімді екенін көрсетеді. Арман Шаққалиев аталған мақсатқа қол жеткізу үшін «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында шекара маңы саудасын дамыту бойынша бірлескен іс-қимыл жоспары мен жол картасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттырып, екі ел экономикасының өзара байланысын күшейтуге жол ашады. Келіссөздер барысында қазақстандық шикізаттық емес экспортты және қосылған құны жоғары өнімдерді ілгерілету мәселесіне ерекше назар аударылды. Арман Шаққалиев өңдеу өнеркәсібін дамытуға және қосылған құны жоғары өнімдерді экспортқа шығаруға бағытталған күш-жігерге дайын екенін білдіріп, ҚХР-мен «инвестициялау және сату» қағидаты бойынша ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін айтты. Тараптар кедендік рәсімдерді цифрландыру, электронды сауданы дамыту және ДСҰ аясындағы кедергілерді жою мәселелері бойынша бірлескен жұмысты талқылады. Қазақстан тарапы «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті аясында ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен ҚХР Коммерция министрлігі арасында қол қойылған электрондық сауда саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумның іске асырылу барысына оң баға берді. Сонымен қатар, ірі қытайлық онлайн-платформаларда Қазақстанның ұлттық павильондарын кеңейту ұсынылды. Аталған келісім электронды сауданы жаңа деңгейге көтеріп, екі елдің өзара тиімді әріптестігін дамытуға деген ниетін нақтылады. Логистика, инвестиция және электрондық сауда салаларында тәжірибе алмасуға қолайлы жағдайлар жасалуда. Кездесу барысында Қазақстан экономикасының нақты секторына Қытай инвестицияларын тарту перспективалары да талқыланды. Қазақстан тарапы Қытайға қазақстандық өнімдерге қатысты импорттық баж салығын төмендету мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ ҚХР капиталының қатысуымен елімізде шикізатты терең өңдеу бойынша жобалар құрудың орын екенін атап өтті. Қытай тарапы қолдаған бағыттардың бірі – өңірлік ынтымақтастықты дамыту. 2024 жылдың басынан бері Қазақстан Нанкин, Чэнду, Үрімші, Сиань, Чунцин және Гуанчжоу қалаларында орналасқан Цзянсу, Сычуань, Хунань, Шандун, Шэньси және Гуандун провинцияларының бизнес өкілдері және әкімшіліктерімен тығыз байланыс орнатып, алты сауда миссиясын ұйымдастырды. ҚХР Сауда министрі бұл тәсілді қолдап, өңірлік ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге шақырды. Министр Арман Шаққалиев Қазақстанның Қытайдың басқа да ірі өңірлерінде сауда өкілдіктерін ашу жоспары бар екенін мәлімдеді. Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі - Қазақстанның Қытайдағы халықаралық көрмелерге қатысуы болды. Атап айтқанда, Шанхайдағы CIIE, Бейжіңдегі CIFTIS және Үрімші қаласындағы «ЭКСПО Қытай – Еуразия» көрмелері қазақстандық өнімдерді ілгерілету және тікелей B2B байланыстар орнату үшін маңызды алаңдар ретінде аталды. Ван Вэнтао қытайлық компаниялардың Қазақстанда өтетін сауда-инвестициялық іс-шараларға қатысуға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Бейжіңдегі бұл кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бағытталған жаңа басымдықтарды айқындап, екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың маңызды кезеңіне айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1054549?lang=kk
Қазақстан мен Қасиетті Тақ мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ниетті 21.08.2025
Астана, 2025 жылғы 20 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Қазақстандағы Апостолдық нунций Джордж Панамтундилмен кездесу өткізді.Сұхбаттастар Қазақстан мен Ватикан арасындағы қарым-қатынастардың конструктивті сипатын және екіжақты диалогтың кең ауқымын растады.2025 жылғы 17-18 қырқүйек аралығында Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазақ тарапы Қасиетті Тақтың Съез жұмысына тұрақты әрі белсенді қатысуына ризашылық білдірді.Сұхбат барысында ғылым мен білім беру салаларындағы өзара іс-қимыл перспективалары қарастырылды. Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Ватиканның апостолдық архиві мен кітапханасы арасындағы ынтымақтастықтың дамып келе жатқаны қанағаттанушылықпен аталып өтті.Сонымен қатар тараптар «Bambino Gesú» клиникасымен серіктестік мәселелерін талқылап, педиатриялық неврология мен эпилептология саласындағы бірлескен жобаларды дамыту жоспарлары айқындалды.Кездесу соңында тараптар жан-жақты ынтымақтастық мәселелері бойынша тұрақты диалогты жалғастыруға ниеттерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1054538?lang=kk
«Спасск» оқу орталығында 1500-ге жуық әскери міндетті жауынгерлік даярлық курсынан өтуде 21.08.2025
Қарағанды гарнизонындағы «Спасск» полигонында запастағы әскери міндеттілердің оқу-әдістемелік жиыны ұйымдастырылды. Жиынға артиллериялық, мотоатқыштар, танк, зениттік, жөндеу және тыл бөлімшелерінің мамандары (сержанттары) мен байланысшылар тартылды. Запастағы офицерлер әскери басқару желісі бойынша қайта даярлаудан өтіп жатыр.– Оқу-әдістемелік жиын жұмылдыру дайындығын арттыруға және әскери міндеттілердің практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Олар атыс дағдыларын дамытып, заманауи ұрыс тактикасын үйренеді. Бөлімше құрамындағы өзара іс-қимылға, тактикалық медицина және инженерлік дайындық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді, –  деп нақтылады «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Мақсұт Гусейнов.Ол, сондай-ақ, жиындарға 40 жасқа дейінгі әскери міндеттілер тартылатынын айтты. Олар әскери бөлімде тұрып, азық-түлік рационымен және заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі. Жұмыс орындары, лауазымдары сақталады, орташа жалақы төленеді. Ал жұмыс істемейтіндер мемлекет есебінен ең төменгі жалақы алады. – Уақыт бір орында тұрмайды, жаңа техника пайда болуда. Әскерлерді қолдануда жаңа тәсілдер енгізіліп жатыр. Сабақ бізге үйреткеннің бәрін есте сақтауға, дағдыларды шыңдауға және жаңаларын алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өз тәжірибелерін ортаға салатын бөлімше командирлерінің кәсібилігін атап өткім келеді, – деді Астанадан шақырылған қатардағы жауынгер Бекболат Атанов.Оқу-әдістемелік жиын жауынгерлік атыстарды қамтитын қорытынды тактикалық сабақтар өткізумен аяқталады. Ол запастағы офицерлер мен сержанттардың дайындық деңгейін нақтылауға, бөлімшелердің үйлесімділігін тексеруге мүмкіндік береді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1054480?lang=kk
Жаңа Салық кодексінің бизнеске берер пайдасы 20.08.2025
Жаңа Салық кодексінде бизнес пен азаматтардың өміріне оң әсер ететін бірқатар маңызды өзгеріс қамтылған. Бұл ретте аталған реформадағы жаңашылдықтарды дұрыс түсіндіріп, қолдану тәртібін қоғамға тиімді жеткізудің маңызы зрр. Осы мақсатта ҚР Қаржы министрлігі маңызды құжаттың негізгі ережелерін түсіндіруге арналған ауқымды ақпарат жұмысын (1 тамыздан бастап 24 қыркүйекке дейін жалғасатын) жүргізіп келеді.Бұл жұмыс әкімдіктер мен «Атамекен» ҰКП қолдауымен өткізіліп жатқанын айта кетейік. Кезекті семинар Ақтөбе облысында болды.Аталған өңірде минералды-шикізат ресурстарының айтарлықтай қоры шоғырланған. Облыста индустриялық-өнеркәсіп саласы жолға қойылған. Мұнда хром, никель, титан, фосфорит, калий және басқа да пайдалы қазбалар көп кездеседі.Салық жеңілдіктерін қолдану өңірдегі кәсіпорындарға кен орындарын игерудің кейінгі кезеңдерінде де өндірістік қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жұмыс орындарын сақтап қалуға, халықтың тұрақты табысын қамтамасыз етуге жол ашады. Осы шаралар өндіріс орындары шоғырланған кенттердегі өмір сапасына ықпал етіп, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына және жұмыс орындарын ашуға серпін береді.ҚМ МКК төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов жаңа ұғымдар мен терминологиядағы тәсілдерді, КТС пен ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелерді енгізу жайлы, ЖТС бойынша прогрессивті шкаланы, ҚҚС реформасы мен тиісті процестердің цифрландырылуы туралы, есеп түрлерінің азаюы мен АСР өзгерістерді қамтитын тұжырымдамалық жаңашылдықтар туралы кеңінен тоқталды.Сондай-ақ ведомство өкілі салық органдарының қызметін сервистік модельге көшіру туралы айтып берді, мұнда басты назар салық төлеушілермен өзара әрекеттесудің сапасына аударылмақ. Бұған қоса хабарламалар мен ықпал ету шаралары қарыз сомасына байланысты кезең-кезеңімен қолданылатыны айтылды.Қатысушылар жаңа нормаларды іс жүзінде қолдану, жаңа мөлшерлемелер бойынша салықтарды есептеу, цифрлы сервистерді пайдалану тәртібі және бұрын өткізілген декларацияларды түзету мәселелері бойынша көкейдегі сұрақтарын қойды. Спикерлер барлық сауалға жауап беріп, жыл соңына дейін әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, МКК қосымшаларында оқыту модульдері іске қосылатынын түсіндірді. «Жаңа заңның негізгі мақсаттарының бірі — шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ салық жеңілдіктері жүйесі арқылы экономиканың басымдыққа ие салаларын ынталандыру», деді Ж.Нұржанов.Салық кодексінің нормаларын түсіндіру аясындағы келесі 10 семинар 25 тамызда Қызылорда қаласында өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1054283?lang=kk
СИМ-де семинар өтті 20.08.2025
2025 жылғы 20 тамызда Министрліктің әдеп жөніндегі уәкілі заң қызметі департаментімен бірлесіп «Қызметтік қатынастардағы және жұмыс уақытынан тыс мінез-құлық, мемлекеттік функцияларды орындауға үйлеспейтін қызмет, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында семинар өткізді.Іс-шара барысында қызметтік әдепті сақтау, ұжымда сенімді атмосфера қалыптастыру және басшылардың үлгі көрсету маңыздылығы талқыланды. Еңбек тәртібін сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды: жұмыс уақыты режимін қатаң орындау, кешікпеу, жұмыс күнін ерте аяқтамау және жұмыс уақытынан тыс тек ресми рұқсатпен ғана еңбек ету қажеттігі атап өтілді.Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында және арнайы бөлінбеген орындарда шылым шегуге тыйым салынатыны еске салынды. Бұл талап халық денсаулығын қорғауға ғана емес, мемлекеттік қызметтің беделін нығайтуға да бағытталған. Семинарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері де қаралды: мүдделер қақтығысын болдырмау, заңға құрметпен қарау және «нөлдік төзімділік» қағидасын ұстану.Қорытындысында қатысушылар адал еңбек, қызметтік әдеп пен заңдылықты сақтау – қоғамның мемлекетке деген сенімінің негізгі кепілі екенін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1054184?lang=kk
Жаңа оқу жылы – жаңаша форматта 20.08.2025
Қарасай ауданында Алматы облысының мектепке дейінгі, жалпы орта және техникалық білім беру саласы мамандарын біріктірген тамыз педагогикалық конференциясы өтті. Биылғы жиын жаңа форматта – панельдік сессиялар түрінде ұйымдастырылды. Конференцияның тақырыбы да ерекше мәнге ие болды: «Білім келешегі: адал азамат – кәсіби маман». Іс-шараны облыстық білім басқармасы ұйымдастырды.Жиын ауданның үш білім беру нысанында қатар өткізілді: Қаскелең қаласындағы жаңа заманауи мектепте, Шамалған ауылындағы көпсалалы кәсіби колледжде және Қошмамбет ауылындағы мектепте. Әрбір оқу орнында оқушылар мен студенттердің қолөнер және ғылыми жұмыстары қойылған көрмелер ұйымдастырылды.Қаскелеңде облыстың әртүрлі мектептерінің оқушылары робототехника саласындағы жобаларын ұсынды. Сонымен қатар, 2016 жылы құрылған және білім беру мекемелеріне инновациялық цифрлық шешімдерді енгізумен айналысатын Stem Solutions компаниясының мамандары қатысты. Қазіргі таңда бұл компаниямен ел бойынша 500-ден астам мектеп, соның ішінде Астана, Алматы және Алматы облысының мектептері әріптестік орнатқан.Конференция жұмысына шамамен 1700 педагог қатысты. Олардың қатарында білім бөлімдерінің басшылары мен әдіскерлері, мектеп директорлары мен орынбасарлары, психологтар, әлеуметтік педагогтар, сондай-ақ балабақша әдіскерлері мен тәрбиешілері бар.Бағдарлама 16-дан астам панельдік сессияны қамтыды. Алғашқы төртеуі қазақ және орыс тілдерін оқыту мәселелеріне арналса, бесіншісі – шетел тілдеріне, алтыншысы – ұйғыр тіліне арналды. Кейінгі сессияларда математика, физика, химия, биология, тарих, география және информатика пәндері қаралды. Сонымен қатар, бастауыш мектеп, мектепке дейінгі білім және тәрбиелеу, жаһандық құзыреттер тақырыптары талқыланды.Іле ауданы №51 орта мектептің мұғалімі Айшолпан Адаева «Білім берудегі жаһандық құндылықтар: мектеп тәжірибесі және қазіргі заманғы тәсілдер» тақырыбында баяндама жасады. Еңбекшіқазақ ауданындағы О. Жандосов атындағы орта мектептің директоры Айжан Джамешева «Жаһандық құзыреттерді оқытудың ерекшеліктері» тақырыбында сөз сөйлесе, Конаев қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы №2 мектептің педагогы Ольга Затеева «Жаһандық құзыретті қалыптастырудағы білімнің рөлі» бойынша шеберлік сабағын өткізді.Спикерлер жаһандық құзыреттердің тек дағды ғана емес, әртүрлі мәдениет өкілдерімен тиімді қарым-қатынас жасауға, көзқарастардың алуан түрлілігін түсініп, құрметтеуге және ұлттық шеңберден тыс мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін білім, құндылықтар мен ұстанымдардың үйлесімі екенін атап өтті. Сонымен бірге, инклюзивті білім беру, ерекше балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, дефектологтар, логопедтер мен психологтардың рөлі де талқыланды.«Ауыл мектебі – сапа алаңы», «943 елдің мақсатты мектептері» жобаларының жүзеге асырылуы мен арнайы білім беру ұйымдарының жұмысына айрықша көңіл бөлінді.Шамалған ауылындағы кәсіби колледж базасында 25-тен 30-ға дейінгі панельдік сессиялар өтті. Облыстық білім басқармасының ТжКБ бөлімінің басшысы Кенжегүл Дюсентаеваның айтуынша, бұл колледж кездейсоқ таңдалмаған. Мұнда түрлі зертханалар мен шеберханалар бар, оқу процесі жақсы жолға қойылған және Satbayev University мен жұмыс берушілермен әріптестік байланыс орнатылған. Бұл сессияларға облыстың 40 колледжінен шамамен 500 өкіл қатысты.Чунджин политехникалық колледжінің әдіскері Анар Раимова «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында «Қосарланған күн» өткізудің тәжірибесімен бөлісіп, оқу процесіне жасанды интеллект сияқты заманауи технологияларды енгізудің маңызын атап өтті. Арнайы пәндер оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Жанат Қуатбеков колледждегі оқу шеберханаларының жұмысын таныстырды. Мұнда мамандар төрт бағыт бойынша даярланады: автокөлікті техникалық қызмет көрсету және жөндеу, ғимараттар мен құрылыстарды салу, тамақтануды ұйымдастыру және дәнекерлеу ісі.Қошмамбет ауылындағы мектепте дене тәрбиесі, спорт пен туризм, алғашқы әскери дайындық және технология пәндері бойынша мәселелер қаралды.Жалпы, конференция жаңа оқу жылына дайындық, педагогтардың біліктілігін арттыру және білім беру процесіндегі жаңа бағыттарды дамытуға арналған маңызды алаңға айналды.Облыстық білім басқармасының басшысының міндетін атқарушы Ақмарал Атенбекованың айтуынша, 1 қыркүйекте Алматы облысында 362 мыңнан астам оқушы, оның ішінде 135 мыңнан аса бірінші сынып оқушысы мектепке барады. «Біздің басты мақсатымыз – ұстаздардың кәсіби шеберлігін жетілдіру, балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру, оларды елінің лайықты азаматтары етіп тәрбиелеу», – деді ол.Сонымен қатар, жаңа оқу жылына дайындық аясында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен тамыз педагогикалық конференциясын өткізу жоспарлануда. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1054042?lang=kk
Құрметті Қызылорда облысының тұрғындары! 20.08.2025
2025 жылғы 22 тамыз күні Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков бизнес өкілдерімен, тұрғындармен кездесу өткізеді және азаматтарды жеке қабылдайды.Негізгі іс-шаралар мына мекенжайда өтеді:  Қызылорда облысы, Қызылорда қ., Сұлтан Бейбарыс көшесі, 1, 3-қабаттар, Мәжіліс зал,                  Г блогы.Халықпен және бизнес өкілдерімен кездесу сағат 15:00 – 16:00;Азаматтарды жеке қабылдау – сағат 16:15 – 16:45.Сіз  өз сұрақтарыңыз бен ұсыныстарыңызды  Сауда және интеграция вице министрімен кездесуде қоя аласыз не WhatsApp-қа жібере аласыз: +7 701 786 3919 (СИМ).Азаматтарды қабылдауға және кездесуге жазылу үшін мына телефонға хабарласуыңызды сұраймыз: +7 701 786 3919 (Азиза Нұрпейісова).Азаматтарды белсенді қатысуға және Сауда және интеграция  вице-министрі Айдар Әбілдабековке сұрақтар қоюға шақырамыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1054005?lang=kk
Алматы облысында «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасына құжат қабылдау басталады 20.08.2025
Алматы облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы ресми мәлімдеме жасалды. Бағдарламаның негізгі бағыттары туралы облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының басшысы Димаш Қожабеков, «Отбасы банк» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Ерболат Едіге мәлімдеді.Бағдарламаның басты мақсаты — мемлекеттік қызметкерлер мен спортшыларға, сондай-ақ бюджеттік сала мамандарына қолжетімді баспана беру. Бұл — өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды қадамы.Бағдарлама аясында ипотекалық несиенің максималды сомасы 30 миллион теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлемесі 5%-ды құрайды. Ал бастапқы жарна мөлшері — 10%. Алматы облысында кемінде соңғы 24 ай ресми жұмыс өтілі талап етіледі және өтініш берген кезде меншігінде тұрғын үйдің болмауы міндетті.«Отбасы банк» акционерлік қоғамының Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Ерболат Едіге бағдарламаның тиімділігі мен әлеуметтік маңыздылығын атап өтті. Ол азаматтарды берілген мүмкіндікті пайдалануға шақырды.Бағдарлама облыстық бюджеттен 3,146 миллиард теңге, ал «Отбасы банк» тарапынан қосымша 629 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржы 120-дан астам азаматты баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Өтінім қабылдау басталуы: 2025 жылғы 25 тамыз• Қабылдау орны: Қонаев қаласы, Қонаев көшесі, 7/1, «Отбасы банк» ғимараты, 1-қабат• Жұмыс уақыты:• Дүйсенбі – жұма: 09:00 – 18:00• Сенбі: 09:00 – 13:00• Жексенбі — демалыс.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1053835?lang=kk
Ауруларды диагностикалауға арналған «цифрлық көмекшілер»: Алматы әскери госпиталіне заманауи жабдықтар келіп түсті 20.08.2025
Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің әскери-клиникалық госпиталіне инновациялық диагностикалық кешендер келіп түсті. Олардың қатарында ANATOM 128 компьютерлік томографы, «Артдиагност-8» рентгендік диагностикалық кешені және «Флюарком» 12ФК1 цифрлық флюорографиясы бар. Жаңа жабдықтардың арқасында әскери дәрігерлер жоғары дәлдіктегі тексерулер жүргізуге, патологияларды қысқа мерзімде анықтауға және алғашқы белгілер пайда болғанға дейін пациент жағдайының объективті бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік алады.Әскери-клиникалық госпиталь бастығы медицина қызметінің полковнигі Болатбек Саховтың айтуынша, жаңа жабдықты орнату материалдық базаны жетілдіруге жасалған қадам ғана емес, әскери қызметшілер мен бейбіт тұрғындардың денсаулығына стратегиялық инвестиция болмақ. – Бұл диагностикалық құрылғылар дәрігердің толыққанды сандық көмекшілері болып табылады. Біз анық суреттерді, нақты деректерді және барынша дәл диагноз қою мүмкіндігін аламыз, – деп атап өтті ол.ANATOM 128 – жүздеген нәзік суреттер негізінде дененің үш өлшемді модельдерін жасауға мүмкіндік беретін заманауи компьютерлік томограф. Бұл қауіпті ауруларды бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін ерте диагностиканың қуатты құралы.«Артдиагност-8» – сүйек құрылымдарын да, ішкі ағзаларды да жоғары дәлдікпен визуализациялауға қабілетті әмбебап рентгендік диагностикалық кешен. Барлық суреттер дереу цифрландырылып, мұрағатқа сақталады, диагноз қоюды және емдеуді тездетеді. 12ФК1 «Флюарком» – жаппай тексеруге және өкпе ауруларын ерте анықтауға арналған цифрлық флюорография. Суреттердің анықтығы мен егжей-тегжейі патологиялық өзгерістерді ерте кезеңдерде анықтауға мүмкіндік береді.Сондай-ақ, жаңа жабдықты орнатқан сәттен бастап оның қажеттілігі мен тиімділігін дәлелдейтін 2000-нан астам зерттеу жүргізілгенін атап өту керек.Жабдық Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ашық конкурс шеңберінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен сатып алынды. Бұл медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған әскери медициналық мекемелердің техникалық жарақтандырылуын жаңарту жөніндегі кешенді мемлекеттік бағдарламаның бөлігі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1053794?lang=kk