Қоғам
Польшаның Өкілімен кездесу өтті 14.10.2025
2025 жылғы 16 қыркүйек, Монреаль. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза Ұйым штаб-пәтеріндегі Қазақстанның Тұрақты өкілдігіне ізеттілік сапармен келген Польша Республикасы Азаматтық авиация басқармасының Әуе көлік мәселелері бойынша вице-президенті, ИКАО жанындағы Польша Тұрақты өкілінің орынбасары Матеуш Бачковский мырзамен кездесті.Кездесу барысында Қазақстан мен Польшаның азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастығы жөніндегі өзекті мәселелер қаралды. Атап айтқанда, Тараптар 2025 жылғы 23 қыркүйек – 3 қазан аралығында Монреаль қаласында өтетін ИКАО Ассамблеясының 42-сессиясына дайындық, Қазақстан мен Польшаның жұмыс құжаттарын өзара қолдау, сондай-ақ қос ел арасындағы тікелей әуе рейстер географиясын кеңейту мүмкіндіктері бойынша мәселелері талқылады.Польша Республикасы ИКАО Кеңесінің III тобына (географиялық қағидатпен сайланатын мемлекеттер) Орталық Еуропаның ротациялық тобынан Румынияның орнына үміткер болып отыр.Келіссөздер достық және сенімді ахуалда өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kazakhstanicao/press/news/details/1071907?lang=kk
ИКАО жанындағы Ресей Федерациясының Өкілімен кездесу өтті 14.10.2025
2025 жылғы 17 қыркүйек, Монреаль. Ресей тарапының бастамасымен Ұйым штаб-пәтеріндегі Қазақстанның Тұрақты өкілдігінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза ИКАО жанындағы Ресей Федерациясының өкілі Александр Баталов мырзамен кездесті. өтті.Кездесу барысында Тараптар 2025 жылғы 23 қыркүйек – 3 қазанда Монреальде өтетін ИКАО Ассамблеясының 42-ші сессиясына дайындық, сондай-ақ қос елдің жұмыс құжаттарын өзара қолдау сұрақтарын қосқанда Қазақстан мен Ресейдің азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелер қарастырды.Ресей Федерациясы ИКАО Кеңесінің I тобына (азаматтық авиация саласындағы жетекші мемлекеттер) кандидат болып отырғанын атап өту қажет.Келіссөздер достық және сенімді ахуалда өтті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kazakhstanicao/press/news/details/1071908?lang=kk
ИКАО жанындағы Белиздің Тұрақты өкілімен кездесу өтті 14.10.2025
2025 жылғы 17 қыркүйек, Монреаль. Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза Ұйым штаб-пәтеріндегі Қазақстанның Тұрақты өкілдігіне ізеттілік сапармен келген ИКАО жанындағы Белиздің жаңадан тағайындалған Тұрақты өкілі Кеннеди Каррильо ханыммен кездесті.Кездесу барысында Қазақстан мен Белиздің Ұйым алаңындағы ынтымақтастығының болашағы талқыланды. Атап айтқанда, Тараптар 2025 жылғы 23 қыркүйек – 3 қазан аралығында Монреаль қаласында өтетін ИКАО Ассамблеясының 42-сессиясына дайындық пен ИКАО алаңында өзара қолдау мәселелерін қарастырды.Белиз алғаш рет ИКАО Кеңесінің III тобына (географиялық қағидатпен сайланатын мемлекеттер) Орталық Америка ротациялық тобынан атынан Эль Сальвадордың орнына үміткер болып отырғанын атап өткен жөн.Кездесу достық және сенімді ахуалда өттіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kazakhstanicao/press/news/details/1071909?lang=kk
«Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов Rwanda Mines, Petroleum and Gas Board (RMB) бас директоры Алис Уваcе және Ngali Holdings бас директоры Джозеф Бутерамен кездесті 14.10.2025
«Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов Rwanda Mines, Petroleum and Gas Board (RMB) бас директоры Алис Уваcе және Ngali Holdings бас директоры Джозеф Бутерамен кездесті.Тараптар ықтимал серіктестіктің перспективаларын талқылады.«Біз Руандадағы жаңа мүмкіндіктерді жоғары бағалаймыз және бұл серіктестікті дамытуға деген ұмтылысыңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз», – деді кездесуде Жақыпов.2025 жылы мамырда «Самұрық-Қазына» қоры мен RMB ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. Құжат Руанда аумағында өндірілетін бериллий шикізатын «Қазатомөнеркәсіп» АҚ қажеттіліктеріне пайдалану мүмкіндіктерін қарастырады.RMB – пайдалы қазбаларды, мұнай мен газ өндіру саласын реттеу және басқаруға жауап беретін мемлекеттік орган.Ngali Holdings – Африкадағы ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыратын мемлекеттік инвестициялық компания.https://sk.kz/press-center/news/78492/?lang=kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-nairobi/press/news/details/1071912?lang=kk
Қазақстан және Украина сыртқы істер министрлері Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында кездесті 14.10.2025
Нью-Йорк, 2025 жылғы 20 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибигамен кездесу өткізді.Сұхбат барысында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер және қазақ-украин ынтымақтастығының қазіргі даму ахуалы бойынша пікір алмасу орын алды.М.Нұртілеу Қазақстанның Украинадағы жағдайды тез арада реттеуге және елде тұрақты бейбітшіліктің орнауына мүдделі екенін растады.Атап айтқанда, Астана қақтығысты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарына сәйкес саяси-дипломатиялық жолмен реттеуді қолдап келгенін және бұл ұстанымда екені аталып өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1071933?lang=kk
Қазақстан халықаралық гуманитарлық құқықты сақтау бойынша үндеу жасады 14.10.2025
Нью-Йорк, 2025 жылғы 21 қыркүйек – Қазақстан, Бразилия, Иордания, Қытай, Франция және Оңтүстік Африка Республикасының басшылары Халықаралық Қызыл Крест Комитетімен (ХҚКК) бірлесіп, соғыс кезінде ізгілікті сақтауға шақыратын мәлімдеме жасады.Өз мәлімдемесінде мемлекет басшылары бүкіл әлемдегі қақтығыстарда халықаралық гуманитарлық құқықтың (ХГҚ) кең ауқымда бұзылуына және оның салдарынан болып жатқан адамзаттық қасіретке алаңдаушылық білдірді. Олар барлық мемлекеттер мен қарулы қақтығыстардың тараптарын ХГҚ-ны, атап айтқанда, бейбіт тұрғындарды, азаматтық нысандарды, сондай-ақ медицина және гуманитарлық сала қызметкерлерін қорғауға қатысты нормаларды сақтауға шақырды. Сондай-ақ мемлекет басшылары 2026 жылы соғыс кезінде ізгілікті сақтауға арналған жоғары деңгейдегі жаһандық кездесу ұйымдастырылатынын жариялады.Бұл мәлімдеме халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті күшейту жөніндегі Жаһандық бастаманы ілгерілету аясында жасалды. Бастама ХГҚ-ның неғұрлым қатаң сақталуын қамтамасыз ету бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеуге бағытталған және 2024 жылғы 27 қыркүйекте Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы аясында бастамашы алты елдің СІМ басшылығы мен ХҚКК кездесуі барысында жарияланды. Қазіргі уақытта бастамаға 89 мемлекет ресми түрде қосылды, ал 130-дан астамы жеті тақырыптық бағыт бойынша жаһандық және өңірлік консультацияларға қатысты.Бірлескен мәлімдеме әлем жұртшылығын кеңінен хабардар ету мақсатында БҰҰ-ның алты ресми тілінде, сондай-ақ қазақ және португал тілдерінде жарияланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-pretoria/press/news/details/1077073?lang=kk
Әлемдегі ең үлкен түйе керуені Рекорд Гиннесса жобасы аясында Алматы облысында өткізілді 14.10.2025
2025 жылдың 20 қыркүйегінде Алматы облысы Іле ауданының Күрті ауылдық округіндегі Ақши ауылында ел тарихына алтын әріптермен жазылатын тарихи оқиға орын алды. Ұлттық рухты жаңғырту, көшпелі мәдениетті дәріптеу, сондай-ақ туризм мен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені – 2025» атты ауқымды мәдени шара әлемдік деңгейде рекорд орнатты.Бұл бастама Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен және өңірдің ірі шаруашылықтарының бірі – «Даулет-Бекет» компаниясының жетекшілігімен жүзеге асты. Керуен құрамына 1000 түйе енгізіліп, олар арнайы дайындалған 1 шақырымдық жолды жүріп өтті. Бұған дейінгі әлемдік рекорд 2022 жылы Қытайда тіркелген болатын. Ол кезде тек 365 түйе қатысқан еді. Осылайша, Қазақстан бұл жетістікті үш еседен астам арттырып, әлем назарын өзіне аударды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы Жолдауында: «Ұлттық мәдениетімізді сақтау мен дамыту – әрбір азаматтың парызы. Біз өз дәстүрімізді құрметтеп, жастарға жеткізуіміз керек»,– деген болатын.Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытұлы Бақытнұр бұл шараның ел үшін маңызын ерекше атап өтті: «Бұл – тек мәдени іс-шара ғана емес. Бүгінгі мың түйеден құралған керуен халқымыздың көшпелі өмір салтының айшықты мұрасын әлемге паш етіп, жаңа заманға үн қатқан тарихи оқиға. Бұл арқылы біз жастарға ата-бабамыздың ұлы мұрасын танытып, туризмді дамытамыз, аймақ экономикасына серпін береміз», – деді ол.Шара барысында ұлттық нақыштағы бес киіз үй тігіліп, қонақтарға дәстүрлі тағамдар ұсынылды. Арнайы фудкорт аймағы жұмыс істеп, шұбаттың дәмін тату мүмкіндігі жасалды. Сонымен қатар белгілі эстрада жұлдыздары мен өңір өнерпаздары қатысқан концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.Керуеннің қауіпсіз әрі ұйымдасқан түрде өтуіне ерекше мән берілді. Патрульдік полиция қызметкерлері, өрт сөндіру техникасы, медициналық қызмет және ветеринарлық бақылау толық қамтамасыз етілді. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін турникеттер орнатылып, көрермендердің керуенге жақындауына шектеу қойылды.Ауқымды шараны республикалық БАҚ пен телеарналар тікелей эфир арқылы көрсетті. Туристік агенттіктермен бірлесе отырып, отандық және шетелдік туристердің қатысуы қамтамасыз етілді. Мыңдаған көрермен тарихи сәттің куәсі болды.Бұл рекордқа бастамашы болған «Даулет-Бекет» шаруа қожалығы түйе шаруашылығы саласында аймақтық қана емес, халықаралық деңгейде де көш бастап келеді. Кәсіпорын 2011 жылы «Асыл тұқымды мал өсіру шаруашылығы» мәртебесін иеленген.2012 жылы Қарөткел жәрмеңкесінде «Алтын белгіге»,2013 жылы «Лидер отрасли» атағына ие болып, «Слава Казахстана» орденімен марапатталған.2015 жылы Сочиде өткен аймақаралық форумда «Даулет-Бекет» шұбаты үздік өнім деп танылған.2021 жылы кәсіпорын жеке инвестиция есебінен 1 миллиард теңге көлемінде жаңа сүт өңдеу зауытын іске қосып, Қытай мен Ресейге кептірілген түйе сүтін экспорттауды бастады. Бүгінде бұл шаруашылық ТМД елдері арасында шұбат өндіру бойынша көшбасшы болып саналады.Шаруашылық басшысы Сыдық Даулетов өз сөзінде:«Біздің мақсатымыз – түйе шаруашылығын дамыту арқылы ұлттық өнімдерді әлемдік нарыққа шығару. Бұл шара – Қазақстанның тек рекорд жаңартып қана қоймай, өз бренді мен мәдениетін танытудың үлкен қадамы», – деді.Іс-шараға Англиядан арнайы келген Гиннестің рекордтар кітабының өкілі Ричард Стэннинг қатысып, керуеннің әр қимылын қатаң бақылап отырды. Тарихи сәттен кейін ол былай деп пікір білдірді:«Мен мұндай көлемдегі түйе керуенін бірінші рет көріп отырмын. Қазақстанның бұл жетістігі тек ұлттық мәдени мұра ғана емес, бүкіл әлемдік қазына ретінде бағалануы тиіс», – деді ол.Осылайша, Қазақстан ресми түрде «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені» атағын иеленуге ат салысты деуге болады. Бұл – ел тарихында ғана емес, бүкіл түркі әлемінде тұңғыш рет тіркелген жетістік болады.Бұл шара Алматы облысының туризм саласына жаңа дем бермек. Аймақтың табиғи байлығы мен мәдени мұрасын насихаттау арқылы ішкі және сыртқы туризмнің әлеуетін арттыру көзделіп отыр.Әкім орынбасары Бақытұлы Бақытнұр бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті: «Іле Алатауы мен Балқаш көлінің аралығында орналасқан біздің өңірде туризмді дамыту үшін зор мүмкіндік бар. Біз мәдени шараларды жиі өткізу арқылы туристерді тартуды көздейміз», – деді ол.«Әлемдегі ең үлкен түйе керуені – 2025» іс-шарасы Қазақстанның ұлттық құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, еліміздің мәдени және туристік брендіне айналуға жол ашты.Бұл шара көшпелі өркениеттің ұлы мұрасын жаңғыртып, ел тарихындағы жаңа парақты ашты. Алматы облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның абыройын асқақтатқан бұл рекорд келешек ұрпаққа мақтаныш ретінде қалатыны сөзсіз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1071948?lang=kk
Семейдегі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері: 19,5 тонна сиыр еті мен мыңдаған килограмм көкөніс төмен бағамен сатылды 14.10.2025
Абай облысының орталығы Семей қаласында әр сенбі сайын «Северный» сауда-логистикалық орталығында (СЛО) ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты түрде өтеді. Жәрмеңкелердің басты мақсаты - қала тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету.Қаланың оң жағалауында орналасқан «Северный» СЛО (мекенжайы: Северный өндірістік торабы, 2) – заманауи үлгідегі тұрақты сауда алаңы. Аталған орталықпен жасалған меморандум аясында 24 сауда орны тегін беріліп отыр, бұл өз кезегінде өнім бағасының төмен болуына ықпал етеді.Жәрмеңкеде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері, яғни ет, сүт өнімдері, көкөністер, наубайхана бұйымдары мен жармалар ұсынылды. Бағалар нарықтағы бағадан төмен:сиыр еті - 3500 тг/кгтауық еті - 1500 тг/кгбірінші сортты ұн - 180 тг/кгнан - 150 тгкүнбағыс майы («Заречное») — 850 тг/лсары май («Бородулиха ауданы») - 2800 тг/кгкартоп - 180 тг/кгсәбіз - 200 тг/кгпияз - 170 тг/кгорамжапырақ - 190 тг/кгқант - 490 тг/кгжұмыртқа - 580 тг/ондыққарақұмық - 250 тг/кгБүгінгі жәрмеңкеде 19,5 тонна сиыр еті, 1000 кг картоп, 1000 кг пияз, 250 кг сәбіз, 250 кг орамжапырақ сатылып, халыққа ұсынылды.Бұл көлем тұрғындардың жәрмеңкеге деген сұранысының жоғары екенін көрсетеді. Семейліктер қолжетімді баға мен өнім сапасын оң бағалауда.Қазіргі таңда Абай облысы әкімдігі қыркүйек-желтоқсан айларына арналған қосымша ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің кестесін әзірлеуде. Бұл күз-қыс мезгілінде де тұрғындарды үздіксіз әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Семейдегі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері - бұл жай ғана сауда емес, халықтың әлеуметтік қолдау тетігі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1071955?lang=kk
Қарағандыда «Ауыл береке – 2025» күзгі жәрмеңкесі басталды: 50 тоннадан астам сиыр еті төмендетілген бағамен ұсынылды 14.10.2025
2025 жылғы 20 қыркүйекте Қарағанды қаласындағы «Global City» сауда-ойын-сауық орталығы аумағында дәстүрлі «Ауыл береке – 2025» атты күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің ашылуы өтті. Маусым сайын ұйымдастырылатын бұл шара биыл да қала тұрғындарының қызығушылығын тудырып, сапалы әрі қолжетімді өнімдерді сатып алуға тамаша мүмкіндік ұсынды.Жәрмеңкеде халықтың ерекше назарын аударған өнім — сиыр еті болды. Сауда алаңына 50 тоннадан астам сиыр еті жеткізіліп, ол нарықтық бағадан 10–15%-ға төмен бағамен сатылды. Бұл баға саясаты қазіргі экономикалық жағдайда тұрғындар үшін өте тиімді. Сонымен қатар, жәрмеңкеде қой еті, жылқы еті, құс еті, сүт және сүт өнімдері, балық пен балық өнімдері, көкөністер, жұмыртқа, жарма және басқа да тауарлар ұсынылды.Жәрмеңкеге облыстың жеті ауданынан және қаладағы өңдеу кәсіпорындарынан келген 90-нан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қатысты. Барлығы 120 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі сатылымға шығарылды. Оның ішінде: 52,2 тонна ет, 25 тонна картоп, 7 тонна көкөніс, 16 тонна сүт өнімдері, 4 тонна балық және балық өнімдері, 175 мың дана жұмыртқа және 10 тоннадан астам өзге де өнімдер бар.Жәрмеңке жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ұйымдастырылып, қала тұрғындарын қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге және отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған. Шаруалар мен тұтынушылар арасында тікелей сауда жасау мүмкіндігі бағаны тұрақты ұстап тұруға септігін тигізіп, өнімдердің кең аудиторияға қолжетімді болуына жағдай жасады.«Ауыл береке – 2025» жәрмеңкесі алдағы демалыс күндері де өз жұмысын жалғастырады. Қарағандылықтар ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз, тікелей өндірушіден тиімді бағада сатып ала алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1071958?lang=kk
ТАУАРЛАРДЫ УАҚЫТША САҚТАУ 14.10.2025
Тауарларды уақытша сақтау дегеніміз, ол шетелдік тауарларды уақытша сақтау орындарында кеден органы оларды шығарғанға дейін, немесе егер шетелдік тауарлар кедендік шекарасы арқылы тауарлардың орын ауыстыратын жерлерінде сақталған болса, тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кетуіне кеден органының рұқсатын алғанға дейін сақтау.Тауарларды уақытша сақтау құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері арқылы өткізілетін тауарларға қатысты қолданылмайды. Тауарларды уақытша сақтауды жүзеге асыруға болатын уақытша сақтау қоймалары мен өзге де уақытша сақтау орындары болып табылады. Уақытша сақтау орындары кедендік бақылау аймағы болып табылады.Тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін тасымалдаушы немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлға кеден органына тауарлар, тауарларды жөнелтуші және алушы, оларды жөнелтуші ел және межелі ел туралы мәліметтерді қамтитын көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) кедендік құжаттарды не электрондық құжат түрінде ұсынылған алдын ала ақпараттың тіркеу нөмірі туралы мәліметтерді қамтитын құжатты ұсынады.Құжаттарды кеден органына беру электрондық нысанда жүзеге асырылуы мүмкін. Кеден органы тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды осындай құжаттар кеден органына берілген кезден бастап бір сағаттан кешіктірмей тіркейді және тұлғаға құжаттардың тіркелгені туралы растаманы береді.Тауарларды уақытша сақтау мерзімі кеден органы тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды тіркеген күннен кейінгі күннен бастап есептеледі және төрт айды құрайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1071966?lang=kk
Сиыр еті мен әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы қалай өзгерді? 14.10.2025
Тамыз айының басынан бері Қазақстанда азық-түлік бағасының өсу қарқыны айтарлықтай баяулады. Егер екінші тоқсанда азық-түлік инфляциясы мен азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер инфляциясының айырмасы 4,6 пайыздық пунктті құраса, бүгінде бұл алшақтық 2,9 пунктке дейін қысқарды. Тек шілде-тамыз айларында азық-түлік бағасының өсуі 1,2 пайыздық пунктке жетті, ал тамызда азық-түлік инфляциясы бар болғаны 0,5% болды . Бұл азық-түлікке жатпайтын тауарлармен салыстырғанда екі есе, ал қызметтермен салыстырғанда үш есе төмен.Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына ерекше көңіл бөлінуде. Азық-түлік қоржынына 160 атау кіреді, оның ішінде тек 19-ы мемлекеттік реттеуге жатады. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) баға индексі 108%-ды құрады, алайда тамыз айында өзгеріссіз қалды, ал қыркүйектің үш аптасында бар болғаны 0,2%-ға өсті.Әсіресе көкөністе оң динамика байқалады. Тамыз айының басынан бері бағаның өсу қарқынын орта есеппен 2,5 есеге төмендету мүмкін болды. Мәселен, шілдеде картоптың келісі 300 теңге болса, бүгінде 184 теңгеден сатылып жатыр. Бұл былтырғы деңгейден де төмен. Сәбіз 295 теңгеден 193 теңгеге, пияз 222 теңгеден 137 теңгеге арзандады. Басқа да негізгі өнімдерге баға тұрақты. Жыл басынан бері сүт өнімдерінің бағасы небәрі 5,3%-ға өсті, бұл қалыпты көрсеткіш болып саналады. Қарақұмық 8,9%-ға қымбаттады, бірақ оның қоржындағы үлесі аз болғандықтан, жалпы индексіне әсері мардымсыз. Бұдан бөлек, рожки, ұн және күріш секілді тауарлар былтырғыдан арзан.Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар өнімдер ішінде баға динамикасына сиыр еті ең көп әсер етіп отыр.Бұл өнім дәстүрлі түрде тұтыну қоржынында маңызды үлеске ие және бағаның ауытқуы халық бюджетіне айтарлықтай ықпал етеді. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кіретін жауырын-кеуде бөлігі ерекше сұранысқа ие. Ол азық-түлік тауарлары арасынан жалпы тұтыну инфляциясына әсері бойынша бірінші орында тұр – шамамен 2 пайыздық пункт. Жалпы ет бағасының индексі жыл басынан бері 25%-ға жуық болса, сиыр етінің жауырын-кеуде бөлігі 23,6%-ды құрады.Салыстырмалы талдау: Қазақстандағы және жақын шетелдегі сиыр еті бағасы2023 жылдың желтоқсанында сиыр етінің жауырын-кеуде бөлігінің біо келісі орта есеппен 2 506 теңге тұрса, 2024 жылдың қыркүйегінде 2 549 теңге, ал желтоқсанда 2 572 теңге болды. Яғни, жыл бойы баға жанар-жағармай мен электр энергиясы тарифтерінің өсуіне байланысты өзіндік құн артқанына қарамастан, іс жүзінде тұрақты сақталды. Кейбір кезеңдерде өнім өзіндік құнынан да төмен сатылды, бұл азық-түліктің маңызды санаттары бойынша бағаны ұстап тұру шараларының қабылданып жатқанын көрсетеді.Өзге елдермен салыстыру үшін мына деректер ұсынамыз. Бүгінде Қазақстанда сиыр етінің жауырын-кеуде бөлігінің бір килограмының орташа бағасы 4 715 теңгенң құрайды. Салыстыру үшін: Ресейде 10 180 теңге, Өзбекстанда 5 227 теңге, Арменияда 5 112 теңге, Тәжікстанда 6 070 теңге, Беларусьте 4 480 теңге. Осылайша, өңір елдерінің басым бөлігімен салыстырғанда, Қазақстандағы баға ең қолжетімді деңгейде қалып отыр.Бағаны тежеу үшін қандай шаралар қабылдануда?Бағаны тежеу мақсатында 15 -і мамырдан бастап тірі малды әкетуге тыйым салынды. Бұл баға өсімін баяулатуға мүмкіндік берді. Егер ақпан–сәуірде өсім айына 3%-ды құраса, мамыр–шілдеде 1,4%-ға дейін түсті. Алайда қазақстандық етке көрші елдере, әсіресе Өзбекстанда сұраныстың өсуі , сондай-ақ қайта өңделген етті экспорттау мүмкіндігі әкету көлемінің айтарлықтай өсуіне алып келді. Бүгінде сиыр еті экспорты 27 мың тоннаны құрап, өткен жылғы көрсеткіштен 3,2 есе жоғары болды.Осыған байланысты Үкімет ішкі нарықты толықтыру шараларын қолдады. Жыл соңына дейін сиыр етін экспорттауға квота енгізу туралы шешім қабылданып, тек ет өңдеу кәсіпорындарына ғана сыртқа шығаруға рұқсат берілмек. Бұған қоса, үш елден ірі қара мал етін импорттауға кедендік бажды нөлге теңестіру бастамасы қарастырылуда, сондай-ақ Ресей Федерациясынан да осындай ұсыныс түсті. Бұл ішкі қажеттілік пен саланың экспорттық әлеуеті арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.Өңірлерде азық-түлікке қолжетімділікті арттыру үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жалғасуда. Жыл басынан бері 3,7 мыңнан астам жәрмеңке өткізіліп, фермерлерге тегін сауда орындары берілді. Бұл артық делдалдарды айналып өтуге және бағаны қолжетімді деңгейде ұстауға көмектеседі. Бұдан бөлек, күнделікті режимде сауда желілерінде және базарларда баға мониторингі жүргізіледі. Соңғы тексерістер нәтижесінде «Анвар», «Смолл» және «Магнум» желілерінде сауда үстемелері нормадан (5–14%) аспайтыны анықталды. Сиыр етінің килограмы 2 650-ден 3 890 теңгеге дейінгі аралықта, сатып алу бағасына байланысты сатылуда. Ал ӘМАТ тізіміне кірмейтін басқа бөліктерінің бағасы сорпа жиынтығына 500 теңгеден антрекотқа 5,5 мың теңгеге дейін құбылады. Бұл позицияларға мемлекеттік реттеу қолданылмайды.Негізсіз үстемелер мен артық делдалдарға қарсы күрес жұмысы жүріп жатыр. Жыл басынан бері ел бойынша өңірлік комиссиялар 747 отырыс өткізіп, нәтижесінде 345 өнімсіз делдал жойылды. 2 мыңнан астам әкімшілік қаулы шығарылды. Сауда үстемелерін бақылау аясында министрліктің аумақтық департаменттері 2,6 мыңнан астам қаулы қабылдады, оның ішінде 1,5 мыңы – жалпы сомасы 56,5 млн теңгені құрайтын айыппұл, 1,2 мыңы – ескерту. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін асыру деректері бойынша ғана 2,2 мың қаулы рәсімделді, оның ішінде 1 мыңы – 39,6 млн теңге айыппұл, 1,2 мыңы – ескерту.Бұған қоса белсенді аналитикалық жұмыс жүргізілуде. 2025 жылдың басынан бері шамамен 9 мың баға қалыптастыру тізбегі талданып, 823-ке жуық бұзушылық қаупі анықталды.Осылайша, жекелеген қиындықтарға қарамастан, жалпы азық-түлік инфляциясы баяулап, негізгі әлеуметтік өнімдердің бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік болып отыр. Қазақстан ЕАЭО елдері арасында ең қолжетімді азық-түлік қоржындарының бірін сақтап отыр және бұл жұмыс азаматтардың игілігі үшін жалғастырылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1071967?lang=kk
Ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін магистральдық су құбыры салынып жатыр 14.10.2025
Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында ұзындығы 63,1 шақырым болатын магистральдық су жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.Бұл жобаның іске асуы нәтижесінде бүгінде ауыз суға қол жеткізе алмай отырған Төлен және Сәуле ауылдары орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Сонымен қатар Қарақамыс ауылындағы су сапасы жақсарады.Нысанды пайдалануға беру осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарының 50%-ы аяқталды.«Мемлекет басшысы еліміздің батыс өңіріндегі елді мекендерді тұрақты сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан бөлек, министрлік 1,3 млн адамды ауыз сумен қамту үшін ұзындығы 2,5 мың шақырымнан астам су құбырларын салу және реконструкциялау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жалпы алғанда, еліміздің 9 өңірінде – Ақмола, Атырау, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында 31 жоба жүзеге асырылып жатыр», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-vod-irrigation/press/news/details/1071977?lang=kk
«Десант-2025» оқу-жаттығуы: 3000-нан астам әскери қызметші жоғары жауынгерлік дайындық жағдайындағы іс-қимылды пысықтады 14.10.2025
Сарыөзек гарнизонында орналасқан «Көктал» оқу-жаттығу полигонында «Десант-2025» екі жақты, екі кезеңді командалық-штабтық оқу-жаттығуының белсенді фазасы өтті. Бұл маневрлерге Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 3000-нан астам әскери қызметшісі қатысты.Оқу-жаттығу бөлімшелердің жоғары жауынгерлік дайындық жағдайындағы іс-қимылын жетілдіруге бағытталған біртұтас стратегиялық міндет аясында ұйымдастырылды. Әсіресе, бөлімшелердің белгіленген ауданға марш жасауын, рейдтік жасақ пен жалпыәскери резерв құрамында ұрыс жүргізуге дайындығын үйлестіруге баса назар аударылды.Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов өз сөзінде мұндай оқу-жаттығулардың Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік қабілетін арттырудағы маңызын атап өтіп, жеке құрамды даярлауда жаңа әдістер мен технологияларды енгізудің өзектілігіне ерекше тоқталды.– Мұндай жаттығулар – жай ғана тексеру емес, бұл бөлімшелердің үйлесімділігін көрсетуге, олардың шынайы жауынгерлік қуатын сынауға және өз күшіне деген сенімді нығайтуға берілген маңызды мүмкіндік, – деді Қорғаныс министрі.«Десант-2025» оқу-жаттығуының ерекше тұсы шынайы ұрыс жағдайына барынша жақындатылған жаңа, серпінді форматта өтуі болды. Алғаш рет барлық деңгейдегі басқару органдары мен десанттық-шабуылдау бригадаларының 800-ден астам әскери қызметшісі жауынгерлік құжаттарды әзірлеп, оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап, төрт тәулік бойы қорғалған командалық пункттерде жұмыс жүргізді. Бұл жаттығудың шынайылығы мен жеделдігін едәуір арттырды.Оқу барысында заманауи ұрыс жүргізу технологиялары, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары кеңінен қолданылды. Олар әуеден барлау жүргізу, авиация мен артиллерияның оқ атуын түзету, қарсы тарапқа соққы беру және бөлімшелерді нақты уақыт режимінде басқару сияқты міндеттерді тиімді атқаруға мүмкіндік берді. Бұл шешім қабылдауды жеделдетіп, ұрыс даласындағы іс-қимылдардың тиімділігін арттырды.Қарулы күштер түрлерінің өзара іс-қимылын пысықтау үшін жаттығуға армиялық тікұшақтар мен майдандық авиация ұшақтары тартылды.Логистикалық қамтамасыз ету мақсатында С-295 ұшақтары қолданылып, оқ-дәрі, дәрі-дәрмек, азық-түлік пен өзге де материалдық құралдар жеткізілді. Сонымен қатар ПГС-500 парашюттік-жүк жүйесі мен болашағы зор АПСДГ-500 автоматтандырылған жүк жеткізу жүйесі де пайдаланылды.«Десант-2025» оқу-жаттығуы барысында жалпы саны 50-ден астам артиллериялық қару-жарақ, 30-ға жуық сауытты техника және 250-ден астам автокөлік тартылды.Оқу-жаттығу Десанттық-шабуылдау әскерлерінің тактикалық шеберлігін жетілдіру мен жауынгерлік даярлығын арттырудағы маңызды кезеңге айналды. Бұл – еліміздің қауіпсіздігі мен ұлттық мүдделерін қорғаудың берік кепілі. Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін авиация генерал-лейтенанты Даурен Қосанов Алматы гарнизонының әскери бөлімдеріне барды. Командирлердің баяндамаларын тыңдап, әскери нысандарды аралаған соң, Қорғаныс министрі оқу-жауынгерлік міндеттердің сапалы орындалуын, әскери инфрақұрылым нысандарының, әскери техника мен авиацияның жұмыс жағдайында болуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1071978?lang=kk
Астанадағы жәрмеңкеде фермерлер 400 тоннадан астам өнім ұсынды 14.10.2025
20-21 қыркүйек күндері Астанада Абай және Атырау облыстарының тауар өндірушілерінің кезекті өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр.Жәрмеңкеде Абай және Атырау облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері ет, балық, сүт өнімдері, бакалея, көкөніс пен жеміс-жидектер сынды әртүрлі өнімдерді тікелей фермерлерден ұсынады. Бұл өз кезегінде азық-түліктің қолжетімділігін арттырып, отандық өндірушілерді қолдауға септігін тигізеді. Атап айтқанда, өңірлік тауар өндірушілер шамамен 400 тонна өнім әкелген. Оның ішінде 140 тонна ет және ет өнімдері, 80 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 70 тонна бал, 50 тонна бақша өнімдері, 25 тонна балық, 15 тонна сүт өнімдері және шамамен 20 тонна өзге де азық-түлік өнімдері бар.Сонымен қатар, елорда тұрғындары мен қонақтары өнімдерді фермерлерден тікелей сатып алып қана қоймай, өңірлік шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өтетін концерттік бағдарламаны тамашалай алады. Жәрмеңке сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.Айта кетейік, биылғы жылы жәрмеңке Қарқаралы тас жолы, 1 мекенжайы бойынша орналасқан «Қазанат» ипподромының автотұрағында өтуде. Сондай-ақ, жәрмеңке күндері елорда тұрғындары мен қонақтарының ыңғайлылығы үшін №18, 37 және 303 бағытындағы автобустар қатынауда, бұл іс-шара өтетін орынға қолайлы жетуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1071987?lang=kk
Ақтөбеде үйлестіру кеңесінде кәмелетке толмағандар қылмысының, суицидтердің және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланды 14.10.2025
Ақтөбе қаласында облыс прокуратурасының Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.Басты тақырып – кәмелетке толмағандар қылмысының, суицидтердің және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда заманауи цифрлық шешімдерді қолдану.Отырысқа Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, облыс әкімі Асхат Шахаров, Ішкі істер министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Білім министрлігінің басшылық құрамы, Әйелдер мен балаларды қорғау орталығының директоры, сондай-ақ кеңес мүшелері мен сарапшылар қатысты.Жиынды аша отырып, Бас прокурордың орынбасары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, балалар арасындағы суицидтер және буллинг – ел үшін ерекше өзекті мәселесі екенін атап өтті.Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту және әлеуметтік осал топтарды қорғау үшін Қылмыстық кодекске бірқатар өзгерістер енгізілді.Біз бұл мәселеге уақыт талабына сәйкес, цифрлық шешімдер қолдану арқылы қарсы тұруымыз қажет.Алдын алу жұмыстарына цифрлық шешімдерді енгізу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылатын Бала мен әйелдің құқықтарын қорғауда қабылданатын шаралардың ашықтығын, объективтілігін және тиімділігін арттырудың маңызды шарты болып табылады.Облыс прокурорының орынбасары Айбек Тағыберген өз баяндамасында прокуратура тарапынан отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен кәмелетке толмағандар қылмысының алдын алу бағытында кешенді шаралар іске асырылғанын хабарлап өтті.Атап айтқанда, 1331 қолайсыз отбасыға бару ұйымдастырылды, 763 баланың құқығы қорғалды, полиция тарапынан 3490 қорғау нұсқамасы енгізіліп, 78 млн теңге алимент өндіруге қол жеткізілді, қадағалау актілері негізінде 45 жетім бала тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, тағы 24 бала кезекке қойылды.Сонымен қатар, балалармен, ата-аналармен және педагогтармен кең ауқымды профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, 51 мыңнан астам студенттерді қамтыған ВКБ арқылы кездесулер өткізіліп, 11 мың педагогтың қатысуымен жиын, 16 мың ата-ананың қатысуымен облыстық ата-аналар жиналысы ұйымдастырылып, өңірдің барлық мектептері мен колледждерінде «Заң мен Тәртіп» сабағы енгізілді.Өз кезегінде облыс прокуроры Марат Әбішев барлық мемлекеттік органдардың жұмысының жеткілікті деңгейде үйлестірілмей отырғанына назар аударды.Қылмыстың жалпы төмендеуіне қарамастан, жасөспірімдер арасындағы және тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар саны әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.Сондықтан, ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап облыс әкімдігімен, ПД, ҚСжАЕКД және ҚАЖД-мен бірлесіп, өңірде республикалық «FSM Social» цифрлық бағдарламасы белсенді түрде енгізіліп, онда 3 мыңға жуық учаскелік полиция қызметкерлері, пробация қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер мен мұғалімдер жұмыс істеуде.Бүгінде мобильді қосымшаға күн сайын шамамен 200-ге жуық құқық бұзушылық пен оқиға туралы сигналдар түсуде. Алынған ақпарат қиын өмірлік жағдайға тап болған қолайсыз отбасыларды, әйелдер мен балаларды анықтауға көмектеседі.Жүйе мемлекеттік органдардың іс-қимылдарын үйлестіреді және «Отбасының цифрлық картасы» деректері негізінде әр отбасының цифрлық бейнесін жасайды. Содан кейін жеке көмек жоспары әзірленіп, тиісті органдарға жолданады. Барлық процесс «FSM Social» мобильді қосымшасында бақыланады.Отбасын қолдау орталығының директоры Жақсылық Танатаров осы қосымшаны жиынға қатысушыларға таныстырып, қатысушылардың жүйенің функционалы мен мүмкіндіктеріне қатысты қойған сұрақтарына толық жауап алды.Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша отбасын қолдау орталықтарының жұмысын күшейту, полиция, пробация, білім беру және денсаулық сақтау органдарының қызметін «FSM Social» қосымшасы аясында үйлестіру, тәуекел тобындағы тұлғалардың деректерін қосымшаға енгізу арқылы құқық бұзушылықтарды ерте анықтау бойынша нақты міндеттер айқындалды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-aktobe/press/news/details/1071996?lang=kk
Көксу ауданында жаңа Салық кодексі бойынша "Ашық есік күні" өтті 14.10.2025
06.11.2025 жылғы Көксу ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында азаматтар мен кәсіпкерлерді салық заңнамасындағы алдағы өзгерістер туралы хабардар ету мақсатында "Ашық есік күні" ұйымдастырылды.Іс-шараның негізгі мақсаты — қатысушыларды 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің негізгі ережелерімен егжей-тегжейлі таныстыру.Өткізілген "Ашық есік күні" салық төлеушілерге алдағы салық реформасына уақытында дайындалуға көмектесуге бағытталған ақпараттық науқанның бір бөлігі болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1100231?lang=kk
Әлеуметтік салық 14.10.2025
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік салықты есептеу тәртібі өзгерді.Жаңа ережелер:Әлеуметтік салық пен әлеуметтік аударымдардың өзара байланысы алынып тасталды.Бірыңғай мөлшерлеме – 6% (қазіргі 11%-дың орнына).Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен қайта өңдеушілер үшін төмендетілген мөлшерлеме – 1,8%.ЖК және жеке практикамен айналысатын тұлғалар үшін:Өзі үшін – 2 АЕК,Әр қызметкер үшін – 1 АЕК.Шаруа қожалықтары үшін:Өзі үшін – 0,6 АЕК,Әр қызметкер үшін – 0,3 АЕК.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1071660?lang=kk
Алакөл ауданында жаңа Салық кодексі бойынша "Ашық есік күні" өтті 14.10.2025
2026 жылғы 19 қыркүйекте Алакөл ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін "Ашық есік күнін" өткізді. Іс-шараның мақсаты — 2026 жылдан бастап күшіне енетін салық заңнамасындағы негізгі өзгерістерді толық түсіндіру болды.Кездесу барысында МКБ мамандары жаңа Салық кодексі туралы егжей-тегжейлі айтып, ҚҚС, КТС және ЖТС-ты есептеу мен төлеуге қатысты өзгерістерге ерекше назар аударды.Қатысушылар мына жаңалықтар туралы толық ақпарат алды: шағын және орта бизнес үшін рәсімдерді жеңілдету; бюрократиялық жүктемені азайту; анағұрлым ашық және әділ салық жүйесін құру.Бұл "Ашық есік күні" салық төлеушілерге алдағы реформаға алдын ала дайындалуға көмектесуге бағытталған ауқымды ақпараттық науқанның бір бөлігі болды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-zhetysu/press/news/details/1071662?lang=kk
Астанада азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмысы қалай жүріп жатыр 14.10.2025
Астанада әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және олардың негізсіз өсуін болдырмау үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.Айналым механизмі аясында шамамен 35 мың тонна азық-түлік тауарлары шартқа алынған. Арнайы назар көкөніс өнімдеріне аударылған. Атап айтқанда, Павлодар, Қарағанды және Түркістан облыстарының тікелей өндірушілерімен «бақшадан сөреге» қағидаты бойынша форвардтық келісімшарттар жасалып, шамамен 20 мың тонна өнім жеткізу көзделген.Сонымен қатар, Ақмола, Қызылорда, Қостанай және Ақтөбе облыстарының бакалея, сүт және ет өнімдері өндірушілерімен шамамен 15 мың тонна тауарға келісімге қол жеткізілген. Өнімді сату үшін елордадағы 120-дан астам сауда нүктесі тартылған.Азық-түлік бағаларының делдалдық схемелерін зерттейтін өңірлік комиссия белсенді жұмыс істейді. Биыл 69 отырыс өткізілген, оның барысында Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті 115 жағдайды анықтап, оның ішінде 19 ескерту берілді, сол сияқты 2,2 млн теңге көлемінде 96 әкімшілік айыппұл салынған.Республиканың өңірлік тауар өндірушілерінің қатысуымен жыл сайын өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері дәстүрлі түрде елордалық нарықты жаңа және қолжетімді өнімдермен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Жәрмеңкелердің ерекшелігі – тауарларды тікелей фермерлерден сату.Биылғы жәрмеңкелер 30 тамыздан 26 қазана дейін демалыс күндері өтеді, оған республиканың 17 облысы қатысады.Жәрмеңкелер Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайында («Қазанат» ипподромының қарама-қарсы жағында) ұйымдастырылған. Қала тұрғындары мен қонақтарының ыңғайлылығы үшін жәрмеңке орнына №18, 37 және 303 автобустары қатынайды.Аталған бастамаларды жүзеге асыру Астана тұрғындары үшін азық-түлік бағасының қолжетімділігін қамтамасыз етіп, қалалық азық-түлік нарығының тұрақтылығын сақтауға елеулі үлес қосады. Дереккөз: https://www.instagram.com/p/DOvKpOgjfMF/ Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-uir/press/news/details/1071669?lang=kk
Талғардағы дәстүрлі «Бақ күні»: әйгілі апорт қайта жанданады 14.10.2025
Алдағы үш жыл ішінде Алматы облысында 110 гектар жерге алма ағашы отырғызылып, әйгілі апорт сорты қайта жаңғыртылмақ. Бұл бастама Мемлекет басшысының апорт алмасын жандандыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асуда. Аталған жоспар Талғар ауданында өткен дәстүрлі «Бақ күні» шарасында жария етілді.Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен өткен форумда бағбандар мен ғалымдар жеміс ағаштарын көбейту, жаңа сұрыптарды енгізу, сондай-ақ заманауи агротехнологияларды пайдалану бағытында пікір алмасты. Шара ғылым, мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді диалог алаңына айналды.Тыныбай Шынтасов, шаруа қожалығының жетекшісі:«Қазақстандағы селекцияның жағдайы, инновацияның жағдайы сәл де болса өзгеріс бар. Оған шүкіршілік айтамыз. Бірақ мына подвой деген дүниеде біз өңкей ескі подвойларды пайдаланып жатырмыз».Форумның басты тақырыбы – әйгілі апортты жандандыру. Осы мақсатта облыста 110 гектар жерге алма көшеттері отырғызылмақ. Ғалымдар сапалы әрі мол өнім алуға ниетті.Теміржан Айтбаев, Қазақстан жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:«Біздің институтымыз Президент басқармасының қолдауымен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының қолдауымен осы биылдан бастап апортты жандандыру үлкен жобасын жүзеге асырып жатыр».Қазіргі таңда Алматы облысы елімізде жеміс-жидек пен көкөніс өндірісі бойынша екінші орында. Өңір ішкі нарықтың 16 пайызын қамтамасыз етеді.Бақытнұр Бақытұлы, облыс әкімінің орынбасары:«Алматы облысы бойынша 12 мың гектардан астам жер осы бақ бағытында жұмыс атқарылып жатыр. Жаңа технологияларды қосу аясында 1 гектардан 15 тоннадан 45 тоннаға дейін өнімділікті көтеруге мүмкіндік қарастырылып жатыр».Конференция соңында елдегі селекциялық геноқорды дамытуға қатысты нақты ұсыныстар қамтылған қарар қабылданды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1071713?lang=kk