Қуқық
«Әскерге жолдама» ұтып алған жаркенттік азамат Алматыда Отанға адал болуға ант берді 03.07.2026
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқу-жаттығу орталығында әскер сапын толықтырған сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті. Бұл күні Жетісу облысынан, сонымен қоса Астана және Шымкент қалаларынан шақырылған жүзден аса әскерге жаңа келгендер Отанға адал қызмет етуге ант берді.Олардың қатарында Жаркент қаласынан шақырылған 18 жастағы Рахат Қабылжан да бар. Өткен жылы ол достарымен бірге әскерге баруға ниет білдіріп, жергілікті әскери басқару органына барған. Алайда кәмелет жасына толмағандықтан әскерге алынбаған. Отан қорғаушы күні қарсаңында Жаркент қаласының әкімдігі тұрғындар арасында бағалы сыйлықтар ұтысын ұйымдастырып, лоттардың бірі ретінде әскери қызметке мотивация ретінде «әскерге жолдаманы» қосқан болатын. Мұндай ерекше сыйлықты Рахат Қабылжан ұтып алды. Әскерге баратын жасқа толған жас жігіт бірден Қазақстан Қарулы күштері қатарында қызмет етуге аттанды.– Бұл тосын сый мені қатты қуантты. Жас жауынгер курсынан өткен уақыт ішінде өмірге деген көзқарасым өзгерді. Мінез шыңдалып, жауапкершілігім мен тәртібімнің артқанын байқадым, – деді қатардағы жауынгер Рахат Қабылжан.Ант берер алдында әскер қатарына қосылғандар жас жауынгер курсын сәтті аяқтап, саптық, тактикалық және атыс даярлығының негіздерін меңгерді, оған қоса әскери қызмет жағдайына бейімделді.Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін жас сарбаздар қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетіп, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты маршпен жүріп өтті.Алда жауынгерлерді кіші мамандарды даярлау бағдарламасы бойынша үш айлық қарқынды оқу күтіп тұр. Осы уақыт ішінде олар күрделі әрі сұранысқа ие әскери мамандықтарды меңгеріп шығады. Олардың қатарында арнайы байланыс және радиотехникалық әскерлер мамандары, радиолокациялық станциялар мен радиобиіктік барлау құралдарының операторлары, зениттік-зымыран кешендерін сүйемелдеу операторлары, сондай-ақ дизельші-электриктер бар.Биылғы жылдың жаңалығы – ұшқышсыз ұшатын құрылғыларды басқару курсының енгізілуі. Бұл бағыт бойынша әскерге жаңа келгендердің барлығы дайындықтан өтеді.Оқу аяқталғаннан кейін күзет ротасының әскери қызметшілері әскери институтта қызметін жалғастырады. Ал қалған мерзімді қызмет сарбаздары Әуе қорғанысы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің құрамындағы әскери бөлімдерге жіберіліп, елдің әуе шебін қорғауға жауынгерлік кезекшілікке түседі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1240781?lang=ru
Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды 03.07.2026
Алматыда Ауғанстан мәселелері бойынша Еуропалық Одағы мен Орталық Азия мемлекеттерінің Арнайы өкілдері мен уәкілдерінің 8-інші кездесуі өтті.Кездесу барысында қатысушылар Ауғанстандағы ахуалдың қазіргі жай-күйіне, оның өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылыққа әсеріне, сондай-ақ Ауғанстанның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатындағы халықаралық ынтымақтастықтың келешегіне қатысты жан-жақты пікір алмасты. Тараптар өңірлік өзара байланыстарды нығайту мәселелерін, оның ішінде Ауғанстан аумағы арқылы өтетін көлік-логистикалық және транзиттік дәліздерді дамыту перспективаларын талқылады. Мұндай бастамалар Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік-коммуникациялық, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ Еуропалық кеңістігіндегі байланыстарды нығайтуға ықпал ететініне назар аударылды. Кездесу барысында Қазақстан Республикасының өңірлік сын-қатерлерді шешуде саяси-дипломатиялық тетіктерді нығайтуға, тату көршілік, сенім және ынтымақтастық қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған дәйекті ұстанымы ерекше аталып өтті.Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған сыртқы саяси бағдарға сәйкес, еліміз Орталық Азиядағы өңірлік кооперацияны дамытуға, тепе-теңдік қағидаттарын ілгерілету және халықаралық қатынастардағы Біріккен Ұлттар Ұйымының үйлестіруші рөлін күшейтуге айрықша мән береді. Қатысушылар Қазақстанның Ауғанстан мәселесі бойынша өзара халықаралық диалогты дамытудағы, ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетудегі, білім беру бағдарламаларын жүзеге асырудағы және өңірлік экономикалық ықпалдастықты ілгерілетудегі үлесін жоғары бағалады. БҰҰ-ның Ауғанстанды қолдауға бағытталған халықаралық күш-жігерді үйлестірудегі маңызды рөліне ерекше назар аударылды. Алматы қаласында орналасқан Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығының қызметі жоғары бағаланып, оның құрылуы Қазақстан Президентінің БҰҰ алаңдарында көтерген халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және өңірдің орнықты дамуына бағытталған бастамаларының нақты нәтижесі екендігі аталып өтті. Пікірталас барысында Алматы қаласының көпжақты дипломатияның, өңіраралық өзара іс-қимылдың және қауіпсіздік, орнықты даму мен гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері бойынша келісілген ұстанымдарды қалыптастырудың маңызды халықаралық орталығы ретіндегі рөлінің артып келе жатқаны айтылды.Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Орталық Азия мемлекеттері, Еуропалық Одақ және Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, орнықты дамуды қолдауға, сондай-ақ бүкіл өңірдің қауіпсіздігі мен өркендеуіне жәрдемдесуге бейілділігін растады. Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен халықаралық өзара іс-қимыл тетіктерін нығайтуға, өңірлік ынтымақтастықты дамытуға және сындарлы дипломатияны ілгерілетуге бағытталған күш-жігерін алдағы уақытта да жалғастыра береді. Бұл қызмет бейбітшілік, өзара құрмет және ортақ жауапкершілік қағидаттарына негізделеді. Іс-шараға Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасының Еуропалық Одақтың және Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1240612?lang=ru
Тыл қызметтерін цифрландыру: Қарулы күштерде цифрлық трансформация сыныбы ашылды 03.07.2026
Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Тылы бастығының басқармасында цифрлық трансформация сыныбы пайдалануға берілді.Жаңа алаң әскери логистика, жабдықтау және материалдық құралдарды есепке алу үдерістерінің тиімділігін арттыруға бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді әзірлеу, талқылау және сынақтан өткізу орталығы ретінде қызмет атқарады.Салтанатты ашылу рәсіміне Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Алмаз Жұмакеев қатысты. Өз сөзінде ол елімізде жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында әскерді қамтамасыз ету жүйесіне заманауи технологияларды кеңінен енгізу ерекше маңызға ие екенін атап өтті.Оның айтуынша, интеллектуалды шешімдерді қолдану материалдық құралдарды есепке алу мен мониторинг жүргізу үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, әскери бөлімдердің қажеттіліктеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде басқару тиімділігін арттырып, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесінің сапасын жаңа деңгейге көтереді.Қарулы күштер Тылының бастығы полковник Арман Мансұров жаңа сынып материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласындағы озық бастамаларды әзірлеу мен енгізудің маңызды орталығына айналатынын атап өтті. Оның пікірінше, бұл алаң мамандардың тәжірибе алмасуына, инновациялық тәсілдерді сынақтан өткізуіне және ресурстарды басқаруға арналған заманауи цифрлық құралдарды әзірлеуіне қолайлы жағдай жасайды.Іс-шара барысында қатысушылар қазіргі кезеңдегі әскерді қамтамасыз етуді ұйымдастырудың өзекті мәселелерін жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, ұшқышсыз авиациялық жүйелер мен роботтандырылған кешендерді дамыту, материалдық қамтамасыз ету базаларының инфрақұрылымын жетілдіру, әскери тасымалдарды ұйымдастыру, әскери қызметшілерді киім-кешекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ тамақтандыру нысандары қызметкерлерінің арнайы киім үлгілерін біріздендіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.Кездесу қорытындысы бойынша генерал-майор Алмаз Жұмакеев жазғы оқу кезеңіне арналған басым міндеттерді айқындады. Ол басқару үдерістерін одан әрі цифрландыру, қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыру және жеке құрамды сапалы даярлау бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтіп, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер мен даму бағыттарын белгіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1240574?lang=ru
Жергілікті команда жеңіске жетті 03.07.2026
Сол жағалаудағы «Қайсар Арена» стадионында жергілікті «Қайсар» мен Ақтау қаласының «Каспий» футбол командалары арасында Қазақстан Премьер-лигасының 13-ші туры аясында кезекті матч өтті.Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов барып, жергілікті командаға қолдау білдірді.Тартысты кездесудің алғашқы таймында «Қайсар» сапындағы Нұрдаулет Ағзамбаев пен Имо Эзикель қарсылас қақпасына гол соғып, команданы алға шығарды. Осылайша жергілікті команда 2:1 есебінде жеңіске жетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1240520?lang=ru
15 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Жаңақорған ауданының тұрғындарымен кездеседі 03.07.2026
15 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Жаңақорған ауданының тұрғындарымен кездеседі.Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауылдық елді мекендерге барады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1240508?lang=ru
Қаланың шет аймақтарына әлеуметтік нысандар салу мәселесі қаралды 03.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «BI Group» компаниясының акционері, директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаевпен кездесті. Кездесуде өңірде инвестициялық жобаларды іске асыру, инфрақұрылымды дамыту, көшелерді абаттандыру және қаланың шет аймақтарына әлеуметтік нысандар салу мәселелері талқыланды.Кейінгі жылдары «BI Group» компаниясының ауқымды инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалары өңір келбетін жаңғыртқаны белгілі. Атап айтқанда, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы – бір мезетте 500 оқушыны, тәулігіне 3 мыңға дейін баланы қабылдайтын көпфункционалды орталық. Мұнда спорттық және шығармашылық үйірмелермен қатар, робототехника, жасанды интеллект, 3D модельдеу және түрлі оқу-зертханалық кабинеттер жұмыс істейді.Ботаникалық бақ – экологиялық мәдениетті дамытуға және жаңа қоғамдық кеңістіктер құруға бағытталған жоба. Бақта әлемнің түрлі аймақтарынан әкелінген 92 түрлі 3300-ден астам өсімдік өсіріледі, нысан заманауи микроклиматтық және суару жүйелерімен жабдықталған.Жақында пайдалануға берілген «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы халықаралық стандарттарға сай, 300 орынға арналған көпфункционалды кешен ретінде қызмет атқарады. Құрамында әкімшілік блок, event-аймақ, жатақхана бар.Бұдан бөлек, қалалық мәдени-демалыс паркі мен Президент саябағы қайта жаңғыртылып, заманауи демалыс аймағына айналды. Мұнда субұрқақтар, амфитеатр, спорт және ойын алаңдары, жүгіру, велосипед жолақтары салынып, 31 гектар аумаққа жасыл желек егілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1240503?lang=ru
Қарауылтөбе ауылдық округінде өрт сөндіру бекеті ашылды 03.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары және зиялы қауым өкілдері Қарауылтөбе ауылдық округіндегі «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасы аясында салынған кезекті өрт сөндіру бекетінің ашылу рәсіміне қатысты. Шарада облыс әкімі төтенше жағдайлар қызметінің техникалық әлеуетін арттыру және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Облыс, аудан орталықтарынан шалғайда орналасқан елді мекендердегі халықтың қауіпсіздігі аса маңызды. Осыған орай күні кеше Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Сайранұлы Аралдағы Қамыстыбас және Қазалыдағы Жанқожа батыр ауылдық округтерінде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында салынған өрт сөндіру пункттерін табыстады.Бүгін аталған бағдарламамен Қарауылтөбеде салынған өрт сөндіру бекетін ресми түрде іске қосамыз. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласы мен Қазалы, Шиелі аудандарындағы сала қызметкерлерінің пайдалануына 11 заманауи өрт сөндіретін және арнайы жабдықталған жеңіл автокөлік бердік. Облыста 2023-2025 жылдары 2 млрд. теңгеден астам қаржыға 17 өрт сөндіру техникасы, 4 арнайы жабдықталған жеңіл автокөлік, 90 цифрлық радиобайланыс жүйесі, 50-ден астам арнайы құрал-жабдық алынды. Осы жылы 2,8 млрд теңгеге 20 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынады деп жоспарлануда. Жаңа техникалар алдағы уақытта табысталады. Бұл – өңіріміздің төтенше жағдайлар саласы қызметкерлеріне үлкен қолдау», – деді Мұрат Нәлқожаұлы. Ашылу рәсімінде Шыңғыс Әрінов, ел ағасы Аманкелді Досмаханұлы сөз сөйлеп, өрт сөндіру бекетін ашуға атсалысқандар мен азаматтық қорғау саласында қажырлы еңбек еткен сала қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен және Төтенше жағдайлар министрлігінің наградаларымен марапатталды. Бұдан кейін Шыңғыс Сайранұлы төтенше жағдайлар қызметінің жеке құрамымен кездесті. Жасөспірімдерге арналған «Batyr Kids Team» спорт залына, үнемделген қаржы есебінен жөндеуден өткен департамент ғимаратына барды. Жедел-құтқару жасағының бөлімшесімен танысып, олардың материалдық-техникалық жағдайын көрді.Айта кетейік, «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасының мақсаты – өртке қарсы қызметі жоқ шалғай елді мекендерде жедел және тиімді көмек жүйесін құру. Бүгінде осы бағдарлама шеңберінде аймақта 35 бекет салынған. Бекеттер 25 өрт сөндіру автокөлігімен, 12 тіркеме, 8 тасымал, 2 стационарлық радиостанциямен, өрт құрал- жабдықтары және жауынгерлік киімдермен жабдықталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1240483?lang=ru
Маңызды жобалар мен құрылыс нысандары бақылауда 03.07.2026
Аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев қала аумағындағы бірқатар нысанды аралап, алдымен Тасбөгеттегі бас су жинау қоймасына барды. Нысанның тәуліктік қуаты 56 500 текше метр, «Степь», «Арай» және «Бас тоғаннан» алынған таза су арнайы су сақтау қоймаларына жиналады. Кейін насос станциясы арқылы төрт су құбыры желісімен қала тұрғындарына жеткізіледі. Сырдария өзенінен алынатын су механикалық тазартудың бес кезеңінен өткізіледі. Зертхана мамандары ауызсудың сапалық құрамын тәулік бойы тұрақты бақылауда ұстап, тиісті сараптамалар жүргізеді.Облыс әкімі жауапты басшыларға жұмысты жүйелі үйлестіріп, тұрақты бақылауды тапсырды.Бүгінде «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің 300 қоғамдық көлігі қала аумағына 32 бағыт бойынша қатынайды. Серіктестікте 700-ге жуық адам еңбек етеді.Мұрат Нәлқожаұлы жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруды тапсырды.Келесі нысан - Абай даңғылы бойындағы тұрғын үйлер аулаларына салынып жатқан спорт және балалар ойын алаңдарының құрылысы. 1,9 млрд теңгенің жобасы аясында 29 тұрғын үйдің ауласына ойын, шағын футбол және воркаут алаңдары салынады. Бас мердігер – «Еңбек» РМК.Өңір басшысы балалар қауіпсіздігін басты назарда ұстап, құрылысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.Бұдан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанынан бой көтеріп жатқан Инжинирингтік парктің құрылыс алаңына барды. Парк құрамында археология және физика-химиялық талдау әдістері зертханалары, жасанды интеллект және академиялық басымдық орталықтары, робототехника, жерді қашықтан зондтау және ІТ зертханалары жұмыс істейді.Сонымен қатар 90 орындық дәрісхана, 140 орындық конференц-зал және заманауи компьютерлік аудиториялар қарастырылған. Нысанды осы жылы пайдалануға беру жоспарланған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1240494?lang=ru
Қамыстыбас және Жанқожа батыр ауылдарында өрт сөндіру бекеттері ашылды 03.07.2026
Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасы аясында Арал ауданының Қамыстыбас және Қазалы ауданының Жанқожа батыр ауылдық округтерінде салынған өрт сөндіру пункттерінің ашылу рәсіміне қатысты.«Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасының мақсаты – өртке қарсы қызметі жоқ шалғай елді мекендерде жедел және тиімді көмек жүйесін құру. Табиғи жағдайлар мен қашықтықты ескере отырып, тұрғындардың қауіпсіздігіне уақытылы ден қою өте маңызды. Бүгінде осы бағдарлама шеңберінде аймақта 35 бекет салынған.Рәсімде Шыңғыс Әрінов сөз сөйледі. Әрі қарай облыс әкімінің орынбасары төтенше жағдайлардың алдын алудағы, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өрт сөндіру бекеттерінің маңыздылығына тоқталды.«Сыр өңірінде Президентіміздің, Үкіметтің тапсырмасымен азаматтық қорғау саласын жетілдіруге, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтуге, материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуетін арттыруға айрықша басымдық берілуде. Бүгін міне, Арал мен Қазалының Қамыстыбас, Жанқожа батыр ауылдарында өрт сөндіру пункттерін ашамыз.Жалпы төтенше жағдайдың алдын алып, адам өмірін құтқару – жоғары әрі жауапты миссия. Елдің амандығы, қоғамның тыныштығы үшін өз өмірін қатерге тігу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Осы салада аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлерге барша Сыр жұртшылығының атынан зор алғысымды білдіремін! Бүгінгі жаңадан табыстағалы тұрған заманауи техникалар ел игілігіне қызмет ете берсін», – деді Бахыт Дүйсенұлы.Салтанатты рәсімде өрт сөндіру бекетін ашуға атсалысқандар мен азаматтық қорғау саласында қажырлы еңбек еткен қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен және Төтенше жағдайлар министрлігінің наградаларымен марапатталды.Ауылдық жерде төтенше жағдай болғанда алғашқы минуттар шешуші рөл атқарады. Бүгінде елімізде арнайы дайындықтан өткен еріктілерді біріктіретін «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт сөндіру пункттері жұмыс істейді. Бұл – ТЖМ-нің кәсіби күштері келгенге дейін әрекет етіп, алғашқы шараларды қабылдайтын ауыл тұрғындары.Еріктілерді іріктеу және дайындау белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіледі. Ведомстволық бағдарлама аясында теориялық және практикалық дайындықтан өтеді, өрт сөндіру құралдарымен жұмыс істеуді, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуді үйренеді.Төтенше жағдай кезінде олар бірінші болып әрекет етеді, жағдайды бағалайды, өз мүмкіндіктері шегінде өртті оқшаулау шараларын жүргізеді, радиобайланыс арқылы ақпарат беріп, кәсіби өрт сөндірушілерді шақырады.Өңірде 2023-2025 жылдары 2 млрд. теңгеден астам қаржыға 17 өрт сөндіру техникасы, 4 арнайы жабдықталған жеңіл автокөлік, 90 цифрлық радиобайланыс жүйесі, 50-ден астам арнайы құрал-жабдық алынды.Биыл 2,8 млрд теңгеге 20 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынады деп жоспарлануда. Жаңа техникалар алдағы уақытта ел игілігіне табысталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1240474?lang=ru
Жаңа техникалар мен жеңіл көліктердің кілті табысталды 03.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары және ел ағаларының қатысуымен азаматтық қорғау саласының қызметкерлеріне 11 заманауи өрт сөндіру және арнайы жабдықталған жеңіл автокөлік кілтін табыстау рәсімі өтті. Рәсімде облыс әкімі саланы қолдау мемлекеттің маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Табиғи және техногендік апаттар туындаған кезде құтқарушылардың еңбегі ерекше мемлекеттік мәнге ие болады. Мемлекет сіздердің қажырлы еңбектеріңізді бағалайды», - деген болатын.Азаматтық қорғау органдары - төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюға бағытталған жұмысты атқаратын еліміздегі маңызды құрылымдардың бірі. Олардың басты міндеті – өз өмірлерін қауіп-қатерге тіге отырып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бүгінде Президентіміздің, Үкіметтің тапсырмасымен қолдау шаралары жүйелі жүргізілуде. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Бүгінгі жаңадан табыстағалы тұрған өрт сөндіру техникалары игіліктеріңізге қызмет етсін! Еліміз тыныш, халқымыз аман, Тәуелсіздігіміз баянды болғай!», - деді Мұрат Нәлқожаұлы. Салтанатты шарада Шыңғыс Әрінов сөз сөйлеп, төтенше жағдайлар саласында аянбай еңбек етіп жүрген қызметкерлер мен сала ардагерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен және Төтенше жағдайлар министрлігінің наградаларымен марапатталды.Шара соңында аймақ басшысы және Төтенше жағдайлар министрі жаңа техникалар мен жеңіл көліктердің кілтін салтанатты түрде табыстап, №6 өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысты. Айта кетейік, күні кеше Аралдың Қамыстыбас және Қазалының Жанқожа батыр ауылдық округтерінде «Ауыл құтқарушылары» республикалық бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылған болатын.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1240475?lang=ru
Атырау облысында Инвестициялық штабтың отырысы өтті 02.07.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Аймақтық инвестициялық штабтың отырысына қатысты.Отырыс барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды бірнеше инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысты мәселелер талқыланды. Қаржыландыруды тартуға, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге, инфрақұрылымды дамытуға және инвесторларды мемлекеттік қолдауға ерекше назар аударылды.Министрдің орынбасары Атырау облысы елдің негізгі экономикалық орталықтарының бірі болып табылатынын, Қазақстандағы мұнай өндірісінің 60%-дан астамын және газ өндірісінің шамамен 80%-ын құрайтынын айтты. Ол аймақ экономикасын одан әрі әртараптандырудың, мұнай-химия кешенін, энергетиканы, логистиканы және жоғары қосылған құн өндірісін дамытудың маңыздылығын атап өтті.Сондай-ақ, Үкіметтің 2029 жылға қарай Қазақстан экономикасын 450 млрд долларға дейін жеткізу және кем дегенде 150 млрд доллар тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мақсатын қойғанын атап өтті. Осыған байланысты аймақтық инвестициялық штабтардың тиімді жұмыс істеуі және жоғары сапалы аймақтық инвестициялық портфельдерді әзірлеу ерекше маңызға ие екендігіне назар аударылды.Отырыс шеңберінде «Силлено», «KMG PetroChem», «Атырау вагон зауыты», «Фибратекс» және «Бутадиен» компанияларының стратегиялық жобаларын іске асыру мәселелері, сондай-ақ Атырау облысында мердігерлер мен қосалқы мердігерлерді тіркеу арқылы аймақтың салық базасын кеңейту бастамалары қарастырылды.Атырау арнайы экономикалық аймағын дамытуға, соның ішінде коммуналдық инфрақұрылым құрылысына және АЭА ішкі ережелерін жеделдетіп бекітуге арналған бөлек талқылау болды.Жұмыс сапары аясында Әлібек Қуантыров аймақтағы бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорындарға да барды. «Талшықтекс» ЖШС-не бару барысында тоқыма өндірісін дамыту және шикізатты терең өңдеу жобаларын жүзеге асыру мәселелері қарастырылды. «Фибратекс» ЖШС-ның өндірістік қуатын кеңейту перспективалары және инвестициялық бастамаларды мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.Қазіргі уақытта облыста жалпы сомасы 7 трлн теңгеден асатын және 6000-нан астам тұрақты жұмыс орнын құратын 60 инвестициялық жоба пулы құрылды. Бұл жобаларды іске асыру аймақ экономикасын одан әрі әртараптандыруға, оның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға және инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1240358?lang=ru
Талдықорғанда 400-ден астам десантшы алғаш рет парашютпен секірді 02.07.2026
Талдықорған гарнизонында 37-десанттық-шабуылдау бригадасының 400-ден астам әскери қызметшісі алғаш рет парашютпен секіруді орындады. Жас сарбаздар үшін бұл әуе-десанттық даярлықтың маңызды кезеңі әрі мінез-құлық пен ерік-жігерді сынайтын нағыз сынақ болды.Секірулер 800 метр биіктіктен, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып және тәжірибелі нұсқаушылардың тұрақты бақылауымен орындалды. Дайындықтың барлық кезеңі алдын ала мұқият пысықталды.18404 әскери бөлімі командирнің әуе-десанты даярлығы жөніндегі орынбасары подполковник Бекдәулет Оспанов секірулер алдында барлық десантшылар толықтай жерүсті даярлық курсынан өткенін атап өтті.– Сарбаздар парашют жүйесінің құрылысын оқып, әуедегі және жердегі әрекет ету тәртібін пысықтады. Қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударылды. Секіруге тек дайындықтың барлық элементтерін жетік меңгерген әскери қызметшілер ғана жіберілді. Біз үшін әрбір жауынгердің әуеге толық дайындықпен, сабырлы әрі сенімді түрде көтерілгені маңызды, – деді ол.Қарқынды оқу-жаттығу шамамен алты айға созылды. Осы уақыт ішінде жас десантшылар теориялық және психологиялық дайындықтан өтті. 18404 әскери бөлімі базасында жүргізілген бұл оқу кезеңі олардың жан-жақты даярлығын қамтамасыз етті.Тәжірибелі нұсқаушылардың айтуынша, дәл осы кезеңде әскери қызметшілерде дене дайындығы, тәртіптілік, өзіне сенімділік және күйзеліс жағдайына төзімділік секілді қажетті қасиеттер қалыптасады.– Әрине, қобалжу болды, сонымен бірге өзімді жеңуге деген үлкен ынтаны да сезіндім. Парашют ашылғаннан кейін сөзбен айтып жеткізу қиын сезім пайда болады екен. Бұл менің өмірімдегі ұмытылмайтын сәт, – деді мерзімді қызметтің сарбазы қатардағы жауынгер Біржан Абай.Осылайша алғашқы парашюттік секірулерді сәтті орындаған әскери қызметшілер нағыз десантшы қатарына қосылып, жаңа сынақтарға дайын екендерін дәлелдеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1240334?lang=ru
Астанада Қорғаныс министрінің орынбасары әскери бөлімдерді тексерді 02.07.2026
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков Қарулы күштердің Арнайы операциялар күштеріне қарайтын әскери бөлімдерде болды.Генерал-майор Асқар Мұстабеков әскери бөлім командирлерінің инфрақұрылымды одан әрі дамыту, материалдық-техникалық базаны жетілдіру, жауынгерлік және арнайы даярлық нәтижелері туралы баяндамаларын тыңдады.Арнайы операциялар күштерінің нұсқаушылары оған әскери қызметшілер қару-жарақ пен әскери техниканы меңгеру машықтарын жетілдіретін оқу-жаттығу кешенінің қалай жабдықталғанын көрсетті.Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы Қорғаныс министрінің орынбасарына Қарулы күштерді цифрлық трансформациялау және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстары жайлы мәлімдеді. Цифрлық офицерлер басқару мен әскери қызметшілерді даярлау үдерістерін жетілдіруге арналған Centrum бағдарламасы мен «Арнайы операциялар күштері жауынгерінің жеке профилі» жобасын таныстырды.Генерал-майор Асқар Мұстабеков әскерге жуырда келген сарбаздармен кездесіп, олардың қызметі мен тұрмыс жағдайына, әскери ортаға бейімделу барысына, моральдық-психологиялық күйіне және қойылған міндеттерді орындауға дайындығына мән берді.Сапар соңында Қорғаныс министрінің орынбасары тәрбие және идеологиялық жұмысты барынша жетілдіру, әскери тәртіпті нығайту және бөлімдердегі қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1240325?lang=ru
Қазақстан СІМ басшысы Таиланд Елшісін қабылдады 02.07.2026
Астана, 2026 ж. 12 маусым – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстан Республикасындағы Таиланд Корольдігінің Елшісі Пияпин Нийомрерксті қабылдады. Кездесу барысында тараптар қазақ-тай ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады, сондай-ақ сауда, инвестиция, тасымалдау және логистика, цифрландыру, маңызды минералдар мен энергетика, электроника және озық өндіріс, сондай-ақ туризм салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты.Алдағы екіжақты іс-шаралардың кестесіне, оның ішінде Таиланд Корольдігі Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі С.Пуангкеткеоның ү.ж. 24-26 маусымда Қазақстан Республикасына ресми сапарына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1240289?lang=ru
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Франция Елшісін қабылдады 02.07.2026
Астана, 2026 жылғы 12 маусым – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Сильван Гиогені қабылдады.Кездесу барысында тараптар қазақ-француз стратегиялық әріптестігінің өзекті бағыттарын талқылады. Саяси диалогты одан әрі ілгерілету, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, мәдени-гуманитарлық және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ көпжақты алаңдар аясындағы өзара іс-қимылдың перспективалары қарастырылды.Екіжақты сауда көлемін ұлғайтуға және іскерлік байланыстарды нығайтуға ықпал ететін бірлескен инвестициялық және экономикалық жобаларды жүзеге асыру мәселелері кездесу күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі болды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Астана мен Париж арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге өзара бейілділігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1240263?lang=ru
Қостанайда еліміздегі ең үлкен жабық аквапарк салынып жатыр 02.07.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов «Осьминог» аквапаркінің құрылыс жұмысымен танысуға барды. Аймақ басшысымен бірге өңіріміздің белсенді жастары да бой көтеріп жатқан еліміздегі ең үлкен жабық аквапаркте болды.«Облыс экономикасы барлық бағыттар бойынша дамып келеді. Бұл – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, шағын және орта бизнес. Өңдеу өнеркәсібі бойынша кәсіпорындар, фабрикалар, зауыттар салынуда. Биыл өңірімізде жеңіл автокөліктерге арналған автокомпоненттер шығаратын зауыт іске қосылады. 800 жаңа жұмыс орны құрылады. Дәл осындай жеңіл автокөліктерге арналған автокомпоненттер шығаратын тағы бір зауыт салу туралы шешім қабылданды, онда да 800 жаңа жұмыс орны ашылады», – деді аймақ басшысы.Алдағы уақытта сондай-ақ, «Кондитерлік астана» фабрикасы іске қосылады, онда да 260 жаңа жұмыс орны құрылады. Қостанай қаласында «Кайзен» зауытының базасында қуаттылығы 40 мың тонна ірі макарон фабрикасы салынады. Лисаков қаласында май экстракциялау зауыты салынып жатыр.Ауыл шаруашылығында тауарлы-сүт фермалар, бордақылау алаңдары, қайта өңдеу цехтары бар. Құрылыс өз қарқынымен жүріп жатыр. Биыл 520 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда.Үш жыл ішінде Қостанай қаласы халқының саны 13,2 мың адамға көбейді. Мұның бәрі экономиканың даму нәтижесі. Қалада жаңа қоғамдық орындар, жаңа демалыс аймақтары пайда болуда. Marriott, Novotel және Holiday Inn қонақ үйлері салынады. Жақын күндері әуежай-отель ашылады.«Экономиканың дамуымен және фабрикалар мен зауыттардың ашылуымен қатар, тұрғындар отбасыларымен бірге демалатын орындар да қатар ашылуы тиіс. Қонақтар үшін Қостанай облысының өзіндік ерекшеліктері болуы керек. Сондай ерекшеліктердің бірі – еліміздегі ең үлкен «Осьминог» жабық аквапаркі болмақ», – деді Құмар Ақсақалов.Мемлекет Басшысының бұқаралық спортты дамыту және ұлт денсаулығын нығайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аймағымызда спорт инфрақұрылымының саны артып келеді.Соңғы үш жылда өңірде 30-дан астам спорт нысаны пайдалануға берілді. 18 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 8 спорт залы, 4 жабық хоккей корты, 2 стадион, ат манежі және бассейн ашылды. Былтыр «Трудовые резервы» спорт кешені жаңғыртылды.Қазіргі уақытта «Осьминог» аквапаркін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Нысанның қасбетін әрлеу, инженерлік желілер тарту, еден төсеу және бассейндерді безендіру жұмыстары жүргізілуде.Құрылыс жұмысы аяқталғаннан кейін аквапарктің жалпы аумағы екі есеге кеңейіп, 9 мың шаршы метрден асады. Су айдынының көлемі үш есе өсіп, 1 мың шаршы метрден астам ұлғаяды. Демалыс нысаны 500 келушіні қабылдайды.Бірінші қабатта толқынды бассейн, ересектерге арналған джакузи бассейні, сырғанақтары бар бассейн және балалар бассейні бар аквааймақ, 100 адамға арналған фуд-корт орналасады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1240251?lang=ru
Кальцийленген сода өндіру зауыты құрылысына қатысты мәселелер талқыланды 02.07.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Аралтұз» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқашевпен кездесті. Кездесуде Арал ауданында кальцийленген сода өндіру зауыты құрылысын салу мәселелері талқыланды.Аймақ басшысы «Аралтұз» отандық тұз өндіру саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі екенін атап өтіп, жобаның өңір экономикасы үшін маңыздылығына тоқталды.Мемлекет басшысы 2019 жылы Қызылорда облысына жұмыс сапарында Арал қаласында кальцийленген сода өндіру зауытын салу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Бүгінде аталған жобаны Индустрияландырудың бірыңғай картасы шеңберінде «Арал сода» серіктестігі жүзеге асыруда.Өндіріс орнында жылына 330 мың тонна кальцийленген сода өндіріледі, іске қосылған кезде 699 жаңа жұмыс орны ашылады. Қазір «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қаржыландыру рәсімінен өтуде. Биылғы 20 наурызда қаржыландырудың бірінші кезеңіне қажетті құжаттар тапсырылып, жоба мақұлданған. Қаңтар айында зауыт құрылысын салатын мердігерді анықтау үшін өткізілген тендердің қорытындысымен қытайлық China Tianchen Engineering Corporation компаниясы жеңімпаз болып танылған. Бүгінде тараптар келісімшарт жасап жатыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1239972?lang=ru
Корея Республикасының Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды 02.07.2026
Астана, 2026 жылғы 12 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев жаңадан тағайындалған Корея Республикасының Елшісі Чжон Кихоннан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен оны одан әрі нығайту перспективаларын талқылап, биылға жоспарланған биік және жоғары деңгейдегі өзара сапарлар мен іс-шаралардың кестесіне ерекше назар аударды.Екіжақты сауда айналымының және Кореяның Қазақстанға тікелей инвестицияларының елеулі көлемін ескере отырып, тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету қажеттілігіне ерекше мән берді.Сонымен қатар дипломаттар көпжақты форматтардағы, ең алдымен БҰҰ және басқа да халықаралық алаңдар шеңберіндегі тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.Кездесу соңында Корея Республикасының Елшісі жылы қабылдау үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мақсатында бар күш-жігерін салуға дайын екенін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1239961?lang=ru
Қазақстан мен Еуропалық Одақ визалық мәселелер мен реадмиссия бойынша келіссөздердің жаңа кезеңіне өтті 02.07.2026
Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ делегациялары Визалық талаптарды жеңілдету және реадмиссия туралы келісім жобалары бойынша келіссөздердің кезекті кезеңін табысты өткізді.Келіссөздер барысында тараптар болашақ келісімдердің негізгі ережелері бойынша ұстанымдарды одан әрі жақындату мәселелерін мазмұнды түрде талқылауды жалғастырды.Қазақстан Республикасы азаматтары үшін визалық рәсімдерді жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өтініштерді қарау мерзімдері, көп мәртелік визаларды беру тәртібі, растайтын құжаттар тізбесін оңтайландыру және адамдар арасындағы байланыстарды дамытуға бағытталған өзге де практикалық аспектілер қарастырылды.Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екі келісімнің де көптеген ережелері бойынша елеулі ілгерілеуге қол жеткізілгенін атап өтіп, жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.Қол жеткізілген нәтижелер өзара түсіністіктің жоғары деңгейін көрсетеді және азаматтардың ұтқырлығын одан әрі дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы іскерлік, білім беру, ғылыми және гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге берік негіз қалайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1239841?lang=ru
Арқалық қаласының 70 жылдығы: жаңа даму кезеңіне бастайтын ауқымды жобалар жүзеге асырылуда 02.07.2026
Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өңірде әлеуметтік, инфрақұрылымдық, мәдени және экономикалық бағыттар бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапары барысында бірқатар маңызды нысандарды аралап, қолға алынған жобалардың орындалу барысымен танысты.Мерейтойды жоғары деңгейде ұйымдастыру мен өткізу – қаланың қалыптасуы мен даму жолындағы маңызды белес. Бұл мерейтой тек мерекелік дата ғана емес, өткенімізді саралап, атқарылған жұмыстарды қорытындылап, болашақ даму бағыттарын айқындайтын маңызды кезең.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Торғай өңірінің дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы қажеттігін атап өткен болатын. Бүгінде осы тапсырманы орындау аясында Арқалық қаласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.«Соңғы жылдары қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетуде. Егер 2022 жылы Арқалық қаласының бюджеті 20,1 млрд теңгені құраса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 36,6 млрд теңгеге жетіп, 1,8 есеге артты. Қаржы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік инфрақұрылым, жол құрылысы және абаттандыру салаларына бағытталып жатыр», – деді аймақ басшысы.Денсаулық сақтау саласында маңызды жобалар жүзеге асырылды. 2024 жылы Восточный және Фурманов ауылдарында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер пайдалануға берілді. Арқалық өңірлік ауруханасы көпбейінді өңіраралық аурухана ретінде қайта жаңғыртылып, қазіргі таңда перзентхана ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.Білім беру саласында да оң өзгерістер бар. 2024 жылы облыстағы алғашқы «Келешек мектебі» Арқалық қаласында ашылды. Ал 2025 жылы Арқалық педагогикалық институты университет мәртебесіне ие болып, оның материалдық-техникалық базасын кеңейту мақсатында бұрынғы ауыл шаруашылығы басқармасының ғимараты оқу корпусына қайта бейімделді.«Соңғы үш жыл ішінде қалада 30-дан астам әлеуметтік нысан жөндеуден өтті. Тұрғын үй құрылысы да қарқын алды. Осы кезеңде 20,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде өткен жылы 9,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,3 есе жоғары көрсеткіш», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.Спорт саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы күрес залы, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат және «Қазақстан» спорт кешені пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта «Жігер» стадионында жөндеу жұмыстары жүргізілуде, жабық хоккей кортының құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қорының қаржыландыруымен дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр.Халықтың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау мақсатында аулаларда 43 спорт алаңы салынды.Мәдениет саласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ашутасты ауылындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында соңғы жылдары жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын жолдар жөнделді. Нәтижесінде 40 көше жаңартылып, 29 жаңа автобус аялдамасы орнатылды.Қаланың экономикалық әлеуетін арттыруда көлік инфрақұрылымының маңызы зор. Осыған байланысты Арқалықтан Ұлытау облысына дейінгі жол учаскесі жөнделді. Сонымен қатар Арқалық – Торғай – Ырғыз бағыты бойынша жаңа автожол құрылысы жүргізілуде.Өңірдің көлік қолжетімділігін жақсарту мақсатында Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен бірге теміржол вокзалын қайта жаңғырту жобасы аяқталуға жақын.Қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін индустриялық аймақ құру туралы шешім қабылданды. Бұл жаңа өндірістерді орналастыруға, инвестициялар тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Арқалық қаласы мен Северный кентінде су желілері жаңартылып, Молодежный және Үштөбе ауылдарында жаңа су жүйелері салынды. 2025 жылы 1,6 шақырым жылу желісі қалпына келтірілді. Алдағы уақытта 39 шақырым кәріз желісін жөндеу жоспарланған.Қаланы абаттандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында бірнеше көше жарықтандырылып, 100 жарық шамы орнатылған тіректер қойылды. Соңғы үш жыл ішінде 65 тұрғын үйдің сыртқы келбеті жақсартылды. Биыл тағы 25 көпқабатты үйдің қасбеті жаңартылады. Егер 2022 жылы 10 тұрғын үй жөнделсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 67 үйге жетті.Цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында Жаңақала, Екідің, Молодежный, Аңғар, Ашутасты, Жалғызтал, Родина және Целинный ауылдарында жаңа базалық станциялар іске қосылып, тұрғындардың сапалы интернетке қолжетімділігі қамтамасыз етілді.Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында мемлекет тарапынан өңірді дамытуға барлық жағдай жасалып отыр. Сонымен қатар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де ерекше маңызға ие. Осыған байланысты кәсіпкерлер мен меценаттарды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға белсенді қатысуға шақыру маңызды.Бұл қоғамдық орындарды абаттандыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу және жаңарту, білім беру, мәдениет және спорт ұйымдарын қолдау, көгалдандыру, балалар және спорт алаңдарын салу секілді халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды қамтиды.«Арқалықтың 70 жылдығы аясында өткізілетін іс-шаралар тұрғындар мен қала қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қаланың жетістіктері мен әлеуетін кеңінен насихаттауға, оның инвестициялық және туристік мүмкіндіктерін танытуға бағытталуы тиіс. Таза көшелер, көрікті аулалар, жаңартылған ғимараттар мен жайлы қоғамдық кеңістіктер Арқалықтың жаңа келбетін қалыптастырып, оның жарқын болашағына негіз болады», – деп атап өтті облыс басшысы.Өңір жетекшісі мерейтойды ұйымдастыруға жауапты барлық мекемелер мен ұйымдар өздеріне жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындап, қала қонақтарын жоғары деңгейде қарсы алуға толық дайын болуы тиіс екендігін тапсырды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1239820?lang=ru